• Заманхат
  • 02 Маусым, 2022

ШЕНЕУНІК ЕМЕС, АЗАМАТПЫН

Павлодар облысы Железин ауданының

 әкімі Айтуған Шайхимов:

ШЕНЕУНІК ЕМЕС, АЗАМАТПЫН

Железин ауданы әлеуметтік экономикалық тұрғыдан облыстағы ең перспективті аудандардың қатарында.  Ауасы таза, жері құнарлы, тұрғындары толерантты, жергілікті халықтың өмір сүру деңгейі жоғары. Аудан орталығының бет- бейнесі де көз жауын алады. Атап айтқанда, заманауи стильде бой көтерген ғимараттар, балаларға арналған алаңдар мен спорттық кешендердің пайда болуына жете көңіл бөлінгені байқалады. Мұқтаж жандарды тұрғын үймен қамтуға, жұмыссыздық мәселесін шешуге басты назар аударылып келеді.  Жеке кәсібін дөңгелентіп отырғандар да аз емес. Бұл біздің өз көзімізбен көріп, қанық болған жайттар. Жергілікті жұрттың да ой-пікірін білдік. Осы орайда аудан жетекшісінің тарапына айтылған жылы рәуішті сөздерді көп естідік десек болады. Тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз – Айтуған Шайхимов. Железин ауданының бүгінгі басшысы. Өткен өмір жолына зер салсақ, ұстаз, депутат, спортшы болған екен. Яғни, жауапкершілігі мол әкімдік қызметке дейін жинаған тәжірибесі мол. Бір сөзбен айтқанда, халықпен жұмыс істей алатын жан.

 

– Айтуған Абылайұлы, ұлтжандылығыңыз мен қазақилығыңызға сырттан қанықпыз. Дегенмен, диалогымызды бастамас бұрын, сұхбатымызды қай тілде жүргіземіз? - деген саяси мәні бар сұрақ туындап тұр. Қайткенмен, Железин жері бірнеше ұлт пен ұлысты бауырына басып отырған көпұлтты аудан. Одан бөлек, ресми тіл мемлекеттік тілдің деңгейінде қолданылатыны бар. Қайтпек керек? Әлде қос тілде қатар жүргіземіз бе?

Екі қазақтың қарама-қарсы отырып алып, өзге тілде сөйлегені жараспас. Жалпы, қос тілді араластырып әңгіме жүргізіп, ақпарат беруді өз басым құптай қоймаймын. Тұтас бір тілде сөйлеу керек. Әрине, қажеттілік туындағанда мен де екі тілде сөйлеймін, бірақ бүгінгі жағдай басқаша. Сол себепті таза қазақ тілінде әңгімелесейік.

Бәрекелді! Сұхбатымыздың реті тілден бастау алып отырған соң, өзіңіз басқарып отырған Железин ауданындағы мемлекеттік тілдің саясаты қалай жүріп жатқанын айта кетсеңіз...

– Ауданда орыс тілінің қолданысы басым, оны жасырмаймын. Өзге ұлт өкілдерінен бұрын, өз қара көздеріміз де аса сөйлей қоймайды (білместіктен емес...). Сондықтан батыл түрде болмаса да, байыппен тіл саясатын қолға алдық. Ұлттың маңызы бар шараларға басымдық берілуде. Сондай-ақ, ресми жиындардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізуге бел будық.

Оңтүстік өңірден қоныс аударған қауым мен елге оралған қандастардың жайы қалай?

Бұл тұрғыда да сәл қиындықтар бар. Кей мектептерде қазақ сыныптарының жоқтығына байланысты қандастарды ол жерлерге көшіріп апара алмаймыз... Бірақ біздің ауданға мүлдем қоныс аудара алмайды деген сөз емес.

– «Қаңтар қасіретінен» кейін әрбіріміздің санамызда сілкініс болды. Қорықтық, ой топшыладық, алды-артымызға қарайлайтын болдық. Дегенмен, бүгінгі күні ел арасында оң динамика байқалып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа форматқа көшірілді. Нәтижесі бар ма?

Халықпен жаңа форматта жүздесу һәм жиі кездесу табылған ақыл екен. Әрине, бұрын да кездесуші едік қой, десек те, онда қатып қалған қағидалар көп болды, оның несін жасырамыз. Ал бүгінгі кездесулердің стилі еркін, баяндамалар жоқ, есеп-қисаппен елдің есін шығармаймыз, керісінше халықтың үніне көбірек құлақ асуға, бірде-бір шағымды ескерусіз қалдырмауға тырысамыз. Мәселен, қаңтар айында аудандағы ауылдарды араладым, сол кезде көтерілген мәселелер легі сәуір айында барғанымда болған жоқ, мүлдем басқа мәселелер көтерілді. Көп сұрақтар тікелей айтылған жерде шешілетін болды. Бұны да заманның талабынан туындаған жеделдік деуге болатын шығар. Жалпы, бұрынғыдан гөрі, бүгінгінің нәтижесі көбірек.

- Өз басқару жүйеңізді қайтіп өзгертпек ойыңыз бар?

Халықпен тұрақты кездесулердің берері мол. Бір аңғарғаным, тұрғындардың көзінде ұшқын пайда болды, кездесуге шынайы ниетпен келетін сияқты, жаңа жүйеден олар да үміт күтетін болуы керек. Ауданымды бір аралап өткенімде 250 жуық сұрақ түсті және кей мәселе назарымнан тыс қалып қойыпты. Сондықтан ондай олқылық қайталанбас үшін бір-екі ауылды аралап, онда талқыланған мәселелерді реттеп аламын да, басқа ауылдардағы сұрақтарға көшемін. Халық тарапынан жолданған сұрақтарды ұзаққа апармай, жедел шешкен дұрыс. Біздің әдістеме осы.

– Осы жерде туып-өскен азаматсыз. Мектепте ұстаздық еттіңіз.  Аудандық мәслихатта депутат болдыңыз. Демек, туған өлкеңіздің тыныс-тіршілігі мен кемшін тұстарын сізден артық білетін адам жоқ. Бүгінгі күннің проблемаларына тоқталайықшы...

Қазіргі таңдағы ең күрделі мәселеміздің бірі – шағын ауылдардың кей жерлеріне ұялы байланыс орнату. Мәселен, аудан орталығында билайн, алтел, актив ұялы байланыстары толыққанды ұстайды, ал Железиннен 8 шақырым жерде орналасқан Береговое ауылының кей жерлерінде байланыс болмай қалады, бұл мен үшін түсініксіз жағдай. Байланыстың төмен сапасы интернет желісінің төмендеуіне әсер етеді. Ал ақпараттың қарыштаған заманында адам өмірін интернетсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан бұл бағытта белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Моисеевка ауылын ұялы байланыспен қамтысақ, байланыс толыққанды болады деп сенеміз. Қондырғылар құрылып, мұнарасы қойылды, енді іске қосу мәселесі қалды. Береговое ауылының орталығы Башмачное, қондырғыны сол маңға қойсақ, маңайдағы ауылдардың байланысы түзеледі деп білемін. Екі шоқ және Есқара атты шағын ауылдар да осы мәселені бастан кешіріп отыр.

Екінші түйткілді сауалымыз - Қазпоштаның қызмет көрсету сапасының төмендігі. Қай ауылға бармасақ та, осы мекемеге шағым айтылады. Бірақ мен бұл тұрғыда бір маңызды ақпаратпен бөлісе кетейін. Қазпошта қызметкерлерінің бекітілген нормативтері бар. Мәселен, 2000 тұрғын болса, онда қызметкерге бір ставка беріледі,  тұрғындардың саны бұдан аз болса, 0.5 немесе 0.25 ставкада жұмыс жасау ғана қалады. Ал ақшамен және халықпен жұмыс жасау оңай шаруа емес екенін білесіздер. Сондықтан осы мәселе бізге де, тұрғындарға да қиындық тудырып тұр. Бірақ қол қусырып отырған жоқпыз, қоғамдық қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілер бірлесіп көмек қолын созғанымен, бір жауапты әрі тұрақты адамның болғаны дұрыс қой. Себебі, халық поштаға тек қана газет-журнал алу үшін емес, коммуналдық қызметтердің төлемін енгізу үшін және басқа да мақсаттарда барады. Сол себепті, бұл бағытта жолға қоюға тиісті жұмыстарымыз жетерлік. Өз тарапымыздан облыстық филиалдың басшылығымен кездесіп аталмыш мәселелерді талқыладық, алдағы күнде қызметкерлердің еңбекақысы көтеріледі деп күтілуде. Одан бөлек, жоғарғы жаққа жеткізсін деп халық қалаулыларына да құлаққағыс қылдық. Әзірге бұл шешілмеген мәселе күрделі күйінде тұр...

–  Бұдан басқа мәселе жоқ дей аламыз ба?

Жол мәселесін де айтуым керек шығар... Жолдарды күрделі жөндеу мен тас жол төсеу барлық бағытта орындалды. Аудан көлемінде 39 шақырымдық жол қалды, ол жерге қиыршық тас төселгенімен, толыққанды таспен қапталғаны жақсы болар еді, жергілікті тұрғындар да соны талап етіп отыр. Бірақ жолдарды күрделі жөндеу әр 5 жыл сайын жүзеге асырылуы керек, сондықтан әлі 1 жыл уақытымыз бар. Ал ауылішілік жолдарды жөндеуде «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы керемет қолдау боп тұр, аталмыш жоба аясында өткен жылдары кешенді түрде Береговое, Церковное ауылдарының жолдарын жүз пайыз жөндеп алдық. Биыл Алакөл деген жерде 5 көшеміз жөнделді. Бірақ шағын ауылдардың жолдары тысқары қалып жатқанын да жасыра алмаймын. Өзім бұл қызметке келгеннен соң барлап қарасам, көп қаражат аудан орталығының келбетін көркейтуге жұмсалады екен. Аудан әкімінің жұмыс деңгейі аудан орталығының бет-бейнесімен бағаланатын шығар бәлкім, бірақ бұдан былай басқа да ауылдарға бет бұруды көздеп жатырмын, бұл тұрғыда Железинканың тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргіздім.

Өзім осы жердің тумасы болғандықтан, бұл аймақтың ерекшелігін жақсы білемін. Мәселен, Железинкадан (аудан орталығы) 30-40 шақырымға дейін құмды жер, жауын жауса тез арада жерге сіңіп кетеді, ал ары қарай қара топырақ. Ол жерлерден қатты жауын өтсе, бір апта батпаққа батып жатады. Алдымен осы ауылдарға тас жол төсеуге ұмтылатыным да сондықтан. Одан бөлек, аудан орталығынан 20 шақырым жердегі Захаровка ауылының бір көшесінде асфальт қалмаған, осы орайда аудан бюджетінен 57 миллион теңге қаржы бөліп, ауыл ішілік және кіре беріс жолдарды ретке келтіреміз. Жалпы, әр ауылда тым құрығанда бір жұмыс атқаруға бел будық. Биылғы жылы Моисеевка ауылында су құбыры жасалып, ұялы байланыс орнатылады. Береговое ауылының мектебі жөндеуден өтіп, кіре беріс жолдар жаңартылады. Осы жылы аудан бойынша 5 футбол алаңын салып жатырмыз. Мысалы, жасыл алаңда жаттықпаған футболшыларымыз бірден барып ондай жерде жақсы ойын көрсете алмайды екен. Сол себепті, аудандағы спортты дамытудың да жан-жақты тәсілдерін қарастырып жатқан жайымыз бар.

– Спорт демекші, сіздің де волейболдан біршама жетістікке жеткеніңізді білеміз. Ауданыңыздағы шаңғышылар мектебінің де әлеуеті зор екенінен хабардармыз. Сізбен кездесуге дейін аудан жұртшылығымен жүздескен едік. Бірнеше адамнан ауданда балалар спортын дамытуға қатысты ұсыныс түсті...  

Өзім спортқа жақын болғандықтан, аудан спортын дамытуға бейжай қарай алмаймын. Бұл мақсатта жергілікті спортшылар жиынын өткізіп, аудандық спорт кеңесін құрдық. Кезінде ауданның атын республикаға әйгілі еткен «Арман» атты спорт клубымыз бар еді, сайдың тасындай іріктелген кілең мықтылардан жасақталған клуб болатын, сол ұйымның жұмысын жаңғыртсам деген жоспарым бар. Жалпы, ауданның спортшыларының киімдерін жаңартып, үнемі қолдау көрсетемін деп уәде бердім. Есесіне олар да жоғары көрсеткіштер көрсетуі керек (жымиып). Мақсатым бұрынғы деңгейден асып кетпесе де, де бұрынғы көрсеткіштерге қол жеткізу.  

– Бүгінгі ашық диалогымызға оңай келістіңіз. Бірақ сіз туралы пікірлер екіге жарылды айрылады. Бірі ашық десе, бірі принципшіл дейді, бірі жақсы десе, бірі тұйықтау деседі. Шындығы қайсы? Тарқатып берсеңіз... Жалпы, сіз ұстазсыз ба? Әлде шенеуніксіз бе?

Мен азаматпын. Шенеунік деген сөзге өз басым қарсымын, жағымсыздау естіледі. Бәлкім бұрынғының чиновниктері көзге елестей ме екен, ол да бір стереотип қой негізі. Бұған дейін кімнің бетін қайтарғанымды білмеймін, бірақ әркімге тәулік бойы қызмет қылуға бармын (халықты айтам). Дәл қазір тікелей эфир жүріп жатыр, әлдекімге жауап бермесем, көңілін қалдырған болсам, осы жерге жазсын, бірақ ондай жағдай болған жоқ деп зор жауапкершілікпен айта аламын. Одан бөлек, халықтың хатына уақытпен санаспай жауап жаза беремін. Көп мәселелерді тікелей шешуге тырысамын. Мысалы, өткенде Михайловка ауылының тұрғынынан «ауыл әкімі мал бағу жұмысын ұйымдастыра алмай жатыр» деген шағым түсті, таңертең барып жергілікті халықпен кездесіп ақылдастық, екі күннен соң бұл мәселе шешімін тапты. Бұл бір ғана мысал. Жексенбі күні де хаттар легі толастамайды. Әрине, барлық мәселелерді шешіп тастадым дей алмаймын, бірақ шағым айтқан жандармен кездесіп, мәселелерін көзбе-көз талқылауға тырысамын, кейде көмек бере алмасақ та, шешу жолдарын көрсетеміз...Азаматтарды қабылдау кестесі нақты бір күнге бекітілсе де, уақытым болған кезде ешкімнің бетін қайтармауға тырысамын.

– Оның бәрі орынды ғой. Десек те, аудан әкімінің тұрғындардың тұрмыстық деңгейдегі тым жеке мәселелеріне араласуы қалай? Біздің қоғам жауапсыз болып бара жатқан жоқ па?

Өте дұрыс айтасыз. Халықты сәл еркелетіп жібергеніміз рас енді. Жоғарыда айтып өткенімдей, көмір болмаса да, автобустан қалып қойса да бізге кеп шағымданады. Әйтеуір үнемі кінәліміз.

– Бұл тығырықтан қайтіп шығамыз, айтыңызшы? Қоғамдық сананы өзгертпесек болмайды ғой, өз өміріміз үшін жауап бере алмасақ, кінәліні сырттан іздесек, «Жаңа Қазақстан» құруымыз екі талай ғой...

Оныңыз рас. Көп кезде түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Әсіресе, ер азаматтардың намысын қамшылайтынымыз бар. «Балық берме, қармақ бер» демекші, сұрағанын бере бермей, жол сілтеп, жөн айтқанымыз дұрыс болар ма?! Жақында ғана бір жігіт келіп, грант беруімізді талап еткен болатын, барлай келе, өткен жылы жұбайына дәл сондай грант үлестіріліп, нәтижесінде еш іс өндірмегеніне куә болдық. Сұрап келгендердің бәріне бере салатын мемлекеттің қаржысы да құнсыз емес шығар. Қолынан іс келетіндерге беріп, игілігін көргеніміз де дұрысыр-ақ. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Халықтың барлығын қол қусырып отыр деуге де болмайды. Арамызда әкімдіктің қайда екенін білмейтіндер, өз тірлігін өздігінен жасап жүрген жандар бар. Көп кезде сондай азаматтарды үлгі қылып айтып отырамыз.

– Әкімдерді әмбебап қып қойғанымыз рас. Басқару жұмысынан бөлек, сіздерге блогерлік міндетті артып қойдық (сонымыз бекер шығар...) Өзгелерін қайдам, ал Айтуған Шайхимовтың әлеуметтік желілерге ақпаратты өзі жазатынын білемін. Әрине, сіз филологсіз, журналистік жолды да еңсердіңіз, қиын емес шығар, бірақ стиліңіз өте ұстамды. Мүмкіндігіңіз бар ғой, ақпаратты асыра сілтеп, рейтинг жинауыңызға болмас па еді...

Болар еді, білімім де, мүмкіндігім де, біліктілігім де жетер еді. Тек соның қажеті шамалы. Түймедейді түйедей қылып көрсетіп, менмұндалап тұрған ел басқаратын азаматқа ерсі болар, қалай ойлайсыз?! Асыра сілтеп, өзімді көкке көтеріп жатсам, қандай абырой жинаймын? Жалпы, қарапайым халықтың көңілінен шықсам болғаны. Асқағы да, асқары да сол мен үшін!

– Көзіңізде от, жүзіңізде жалын бар, жұмысыңыздың ұнайтынын көріп отырмын. Десек те, шаршайтын кездеріңіз болатын шығар. Өзге әкімдер сияқты «мүлдем шаршамаймын» дей көрмеңізші...

Ет пен сүйектен жаратылған соң, шаршайсың да, шалдығасың. Мүлдем шаршамауға болмайды ғой, робот емеспіз! Таңертеңнен кешке дейін әртүрлі адамдармен кездесеміз, әркімнің көңілін табуымыз керек, көңілдерінен шығу шарт болмаса да, айтқан уәждерін түсінуге тиіспіз. Әр адамның энергетикасы әртүрлі болады, бірі мотивация берсе, бірі энергияңды жұтып алады. Алыс-жақын ауылдарды аралаймыз, жол да қажытады. Бірақ ел жүгін арқалаймын деп ант берген соң, халыққа қызмет етпекке бел буғандықтан «шаршадым, ауырдым, әлсіредім» десем, жігіттігіме сын!

– Заманауи әкімнің портретін салып көрейікші, сіз бен біз болып...

Заманауи болсын, болмасын, бірақ әкімге тәкәппар болуға жол берілмейді, тіпті ондай болуға құқығы жоқ! Бала кезімізде әкімдерді (бастықтарды) алып болуы керек, гүрілдеген дауысы болу шарт деп ойлайтынбыз, әттең сонымыз бекер-ау (күліп). Ал бүгінгі күні бәрі оңай, барлығы түсінікті сияқты. Әкім болсам да, кім болсам да мен де осы қоғамның бөлінбес һәм қайталанбас бір мүшесімін, басқа артықшылығым да, кемшілігім де жоқ.

– Ауылдағы қауыммен кездесу барысында көңіліңізге қаяу салып, кірбің түсіретін сәттер бола ма?

Көп кезде ауыл әкімдерінің деңгейінде шешілетін мәселелерді аудан деңгейіне шығарып жатады. Азаматтарды жеке қабылдауға да көп адам жиналады. Бұл ауыл әкімінің жұмысына сын. Қарапайым сұрақтарды өзі шешіп, ауданға жеткізбеуіне де болады ғой, бірақ... Көңілге кірбің ұялатын нәрсе осы.

– Ресей Федерациясымен шекаралас жатырсыздар. Әлеуметтік-экономикалық немесе мәдени-рухани қарым-қатынас қалыптастыра алдыңыздар ма?

Пандемия көп жоспарға тосқауыл болғанын білесіздер. Бұрын ауданымыз Черлак ауданымен тығыз экономикалық әрі мәдени қарым-қатынаста болған екен, сол байланысты қайта жаңғыртсақ деген жоспарымыз бар. Алдымен мәдени байланыс орнатып, кейіннен экономикалық қатынасты жетілдіреміз.

  • Қаншалықты шынайы, қаншалықты шыншылсыз?
  • Қызық сұрақ... Барынша шыншыл әрі шынайы болуға бармын (деп ойлаймын).
  • Дегенмен, ел арасында мемлекеттік қызметшілерге қатысты қатып қалған стереотиптер әлі жойылар емес...

Соған ашынамын. Жазықсыз жала жабатындар көп. Әйтсе де, ащы болса да ақиқатты айтамын, жалған сөйлеп абырой тапқым келмейді, таппайтыным да анық.

– Тамыр-таныссыз таққа отырған жансыз. Бұл қызметтің жүгі ауыр ғой. Неден қорқасыз?

Иә, жоғарыда отырған ешкімім жоқ. Адал еңбектің арқасында көзге түскен болармын. Маған сенім артқан облыс басшылығына да алғыс. Қорықпайтын адам болмайды ғой негізі, кез-келген жауапкершіліктің алдында қорыққанымыз қалыпты шығар. Менің бір қорқатыным, сырт көз сын. Бұл аймаққа атамның аты мәлім, соның абыройына кір келтірмесем деймін. Әкемнің де орны бір бөлек, оны да сөзге қалдырғым келмейді. Сондай-ақ, басқарып отырғаным өз жұртым, өз туғандарым, өз жақсыларым. Олардың пайдасына жарамасам, несіне келдім?! Солай...  

– Айтуған Абылайұлы!  Әсерлі әңгімеңізге алғыстан басқа айтарым жоқ! Шынымен де шынайысыз.

***

Түйін. Әкіммен кездескенге дейін ел арасына шығып, пікір алмастық. «Аудан әкіміне қандай баға бересіз?» - деген сауалға басым көпшілігі жарыса жауап берді. «Сіздердің қандай мақсатпен жүргендеріңіз белгісіз, біздің әкім сертіне берік адам. Жағымсыз кейіпкерді басқа жерден іздеңіз» деп шорт кескендері де бар. Жергілікті тұрғындар жақтаса, бір адамдай мақтаса, бізге баға берудің қажеті қанша?! Халық айтты. Қалт айтпайды!

 

Эльмира АБЕТЖАНОВА,

Павлодар облысы

6135 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз