• Ел мұраты
  • 30 Мамыр, 2022

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындық кітапханасы

Сұлтанмахмұт Торайғыров – тағдыры өлшеп берген қысқа ғана ғұмырында ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасатын мол мұра қалдырған үлкен жүректі, терең ойшыл, дарынды ақын. Ол заманының түрлі жағымсыз, әділетсіз қылықтарын көңілі хош көрмей, сол дәуірдің барлық олқылықтарын ой санасынан өткізіп, көрген-білгенін наркескен өткір тілімен жырлады.

Сұлтанмахмұт шығармашылығы – ақындық шеберліктің, ұлтжандылықтың, азаматтықтың мектебі. Ақын кітапханасы, оқып-тоқыған әлемі көпке үлгі болар ұлы дүние, әрі ұзақ зерттеуді қажет ететін қомақты қазына. Ақынның бүкіл шығармашылығы кейбіреулерден үйреніп тындырған іс емес, машықтанған үрдіс емес, дербес дүние, рухани жиһаз ғып жаратқан тұтас болмыс, өнер деуге болады.

«Жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров творчествосының бастауы, нәр алған бұлағы өз алдына зерттеуді, тексеруді тілейтіні жеке мәселе», - дейді әдебиет зерттеушісі, сұлтанмахмұттанушы Арап Еспенбетов [1]. Расында да қысқа ғана ғұмырында өшпес із қалдырған тұлғаның білім алған, көзқарасын қалыптастырған, танымын кеңейткен әдебиет әлемі көп-ақ. Бастауы халқымыздың ауыз әдебиетінен нәр алатыны да айқын дүние.

Халықтың бай ауыз әдебиетінен қана сусындамаған бірде-бір қалам иесі жоқ шығар, сірә. «Қазақ әдебиеті, ең алдымен, ұшан-теңіз бай ауыз әдебиеті негізінде туып, дамыды. Қазақтың ауыз әдебиетінің сан алуан түрлерінен, жанрларынан бастап осы күнге дейін сақталып, дамып отырған ақындар айтысына дейін барлығы да біздің рухани шығармашылығымыздың тамаша байлығы, барлық елдердің ақын-жазушылары мен ғалымдарын қайран қалдырған көркемдік ерекшеліктерін танытады» [2, 198-б.], – деп жазған еді Есмағамбет Исмаилов.

Әдебиет зерттеушісі Б. Кенжебаев Сұлтанмахмұт дүниетанымын танып білуде, оның дүниетанымын құрастыратын рухани құбылыстардың табиғатын терең тануға күш салды. Ол көбіне көп Сұлтанмахмұттың дүниетанымына әсер еткен деп социалистердің, диалектикалық материалистердің ұстанымынан бастау алатын еңбектерді, олардың көзқарастарын айтады. Бұл арада ғалым М.Мырзахметовтің Абай дүниетанымы мен ақындық кітапханасына қатысты айтқан мына пікірін еске түсіруге болады: «...оның дүниетанымының калыптасуында айтарлықтай зор мәні бар қазақ халқының рухани қазынасы... Өз халқының рухани топырағынсыз дара шыққан данышпанды тарих білмейді» [3, 2-б.]. С.Торайғыров шығармашылығында да еуропашылдықтан гөрі қазақтың танымы әлдеқайда басым. Яғни, ең алдымен, оның қазақы менталитеті мен қазақы қоғамнан шыққандығына назар аудармау қателік болары анық.

ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен ағартушы-демократ, аса көрнекті ақын, жазушы, публицист Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қалдырған әдеби мұрасы қомақты да құнды. Ол қазақ классикалық әдебиетінде ұлы Абай қалыптастырған көркемдік дәстүрлерді байытып, жалғастырушы суреткер. Оның шығармаларында өз заманының ең мәнді, көкейкесті мәселелерін көтеріп, өзінің көркемдік қолтаңбасын, қоғам мен адам өміріндегі алуан шындықтар көрінісін көркем шығармаларына арқау етті. Ақын туындыларының танымдық, тәрбиелік, эстетикалық мәні қазақ әдебиетінің рухани қазынасына айналды.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындық кітапханасында қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті маңызды орын алады. О баста нәр алған бастау бұлағы десек те қателеспейміз. Өз шығармаларында мақал-мәтел, шешендік сөздер мен салт-дәстүр үлгілерін шебер қолдана білген. Ақын шығармашылығын зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаев Сұлтанмахмұтты «қазақтың бұрын-соңды ақын-жазушылары ішіндегі өз шығармаларында мақал-мәтелдерді ең көп қолданған жазушы» деп қараған.

Сұлтанмахмұт ауыз әдебиеті үлгілерін, соның ішінде мақал-мәтелдер мен сөз тіркестерін беталды ала бермей, іріктеп, таңдап алған. Өзінің негізгі тақырыбына, ой-пікіріне сай келетін, саяси-әлеуметтік мәні бар мақал-мәтелдерді өзі айтқандай терең ойлы, халықтың, шығарған ортаның дүниеге көзқарасын, тұрмысын, көзқарасын, ойын көрсетіп беретін дәрежеге жеткізген. Сонымен қатар оларды орынды, келісті етіп қолданған. Кей ретте заңды етіп, қазақ тілінің грамматикасына дәл етіп өзінше жөндеген.

Сұлтанмахмұттың сөз қолданысында Абай тілінің әсері бар. Мысалы, «Дүние бос махаббатсыз мал секілді», – деген Сұлтанмахмұт сөзі Абайдың «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар», – дегеніне дәлме-дәл, яғни Абайдың лексикасында кездесетін сөздер Сұлтанмахмұтта да бар. Абай сияқты аз сөзге көп мән, нәзік сезім, жинақылық береді.

«Сұлтанмахмұт әдебиеттегі Абай дәстүрін жалғастырушы, онан әрі дамытушы дегенде, біз оның қазақ поэзиясында өзіндік өрнегі, өзгелік тағылымы бар ірі ақын екенін ұмытпауымыз шарт. Торайғыров ақынның ғажаптығы сонда, ол ұлы Абайдың көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Замана ұсынған көкейкесті, кезек күттірмейтін саяси-әлеуметтік тақырыптарды жырлауды жаңа дәуір бейнесін жинақтау ниетінде Абай ұстанған бағытты ілгері жалғастыра отырып, өз дәуірінің озық тұлғасы болды», - дейді әдебиет зерттеушісі, профессор Арап Еспенбетов [4, 24-26 бб.].

Ғылым-білімге шақыру және әлеуметтік ортаға сын айтуда да Сұлтанмахмұт озықтығымен көрінді. Ол өзінен бұрынғы әдебиеттегі дәстүрлі формалармен қанағаттанбай, жиырмасыншы ғасырдағы әдеби процеске реалистік поэма, роман, рецензия, сын мақала, тағы басқа жанрларды батыл енгізді.

Сұлтанмахмұт және татар әдебиеті

ХХ ғасырдың басында түркі халықтары арасындағы білім, ғылым, мәдениет, экономикалық жетістіктер т.б. тұрғысында татарлар көшбасшылық орында болды. Ресей империясы құрамындағы қазақ және басқа да түркі, мұсылман халықтары үшін Қазан қаласы руханияттың ірі орталығы еді. Орта Азия мен Қазақстанға Кавказ бен Қырымдағы түркі, мұсылман жұртын көркем әдеби өнімдермен қамтамасыз етуді негізінен татар баспагерлері жүзеге асырып отырды. Қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы негізін қалаған жәдидшілдік те Еділ бойындағы татар интеллигенциясы ортасында айқын көрініс тауып, өзге өңірлерге таралып жатты. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында орыс және еуропалық әдебиеттерінің даму тенденциясынан белгілі дәрежеде қуат алған татар әдебиеті де жаңа белеске шығып, мықты қаламгерлер ортасы қалыптасты. Бұл сол кездегі қазақ әдебиеті мен қаламгерлеріне де әсерін тигізді. Олардың арасында Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығынан да көрініс табады.

Ақын шығармашылығында, әсіресе алғашқы кезеңінде, татар әдебиетінен, оның классик ақыны Ғабдулла Тоқайдан үйренгендігі байқалады. Мұның өзіндік себептері де бар. Ол себептерді ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Сұлтанмахмұт шығармашылығын зерттеуші Арап Еспенбетов үшке жіктеп қарастырады: «Біріншіден, ХХ ғасыр басындағы татар әдебиеті сол кездегі Азия, Қазақстан халықтары әдебиетінен идеялық эстетикалық деңгейі жоғары еді. Өйткені олар орыс әдебиетіндегі сыншыл реализм бағытын аз да болса бұрынырақ қабылдады. Екіншіден бала Сұлтанмахмұттың оқыған молдаларының дені татарша білім алған адамдар еді. Үшіншіден, сол кезде жарық көрген кітаптар, сондай-ақ мерзімді баспасөз тілінде татар мәдениетінің ықпалы сезілетін. Қазақ кітаптарының көпшілігі Қазан баспаханаларынан шыққандықтан, кейде татар тілі аралас келетін. Торайғыровтың татар әдебиетінің көрнекті ақыны Ғ.Тоқай творчествосына зейін қоюына жоғарыдағы жайлардың ықпалы болғаны анық» – деп жазады. [5, 236-241 б.].

Сұлтанмахмұт Торайғыров Ғабдулла Тоқай поэзиясынан азаматтық асқақ әуенді көрді, туған халқына деген шексіз сүйіспеншілікті таныды. Татар ақынының жырларынан қоғамдық ой-пікірді халықтық тұрғыдан бағалауды, әлеуметтік теңсіздікті жер жебіріне жете сынау дәстүрін, рухани, мәдени мешеулікке барынша қарсылықты аңғарды. Ақынның татар әдебиетінің ұлы ақыны Ғ.Тоқай творчествосына зейін қоюына жоғарыдағы жәйттердің түрткі болуы анық.

Қазақ ақыны мен  татар қаламгері арасында әдеби байланыс, рухани үндестік бары айқын байқалады. Екеуі де өз заманындағы ортақ әлеуметтік тақырыптарды қозғады, жазды, көзқарастары да ұштасты. Әлеуметтік тақырыпты шығармаларына арқау етіп, оны шешуде озықтығымен көрінген Ғ. Тоқай татар қыздарының ауып жағдайы мен тағдырына немқұрайлы қарай алмайды. Зорлық пен қорлықтың икемінде кетпе, жігерлі бол, бостандыққа ұмтыл деп үндейді:

Құтыл сен, бұл қорлықтан, енді жетер,

Тезірек талпынып бақ, уақыт өтер, - дейді Тоқай «Татар қыздарына» атты өлеңінде.

Ал Сұлтанмахмұттың көптеген шығармаларында қазақ қыздарын теңдікке шақыру, оқу-білімге үндеу идеясы бар. Ұсақ лирикалық өлеңдерінен бастап «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдарына дейін жүйелі қазақ әйелінің еркіндікке талпынуын, саяси, адамгершілік және азаматтық правосы жолындағы күреске кірісуін қолдайды.

Мен ғашықпын көруге әділдікті,

Тегіс қылып, көркейткен өмір түсін, - деп түйіндейді. Ақынның ойынша, әділдік орнағанда ғана қазақ әйелі теңдікке жетеді.

Ғ.Тоқай да татар тілінің шұбарлануына қарсы болды. «Толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы» реуішті әдебиет жасау қажет деп білді. Сұлтанмахмұт Торайғыров та шата сөздерді көп қолданбауға үндеді.

Ақынның мұндай араб, парсы, татар сөздері Сұлтанмахмұттың Троицкіде болған кезінде, 1912-1914 жылдарда жазған шығармаларында көбірек ұшырайды. Троицкідегі медреседе оқуы, «Айқап» журналында қызмет істеуі С.Торайғыровтың көзқарасына және шығармашылығына едәуір әсер етеді. Өйткені, бұл жылдары ол татар әдебиетімен молырақ танысады, татар баспасөзінде жарияланған шығармаларды көбірек оқиды.

Сұлтанмахмұт татар баспасөзі көтерген ұлттық ұранмен бірге оның Ғ.Тоқай, Ғ.Ғафури, Ғ.Камал, Ғ.Ибраһимов көтерген ағартушылық-демократиялық идеясының да жаршысы болады. Бұған оның сол Троицкіде жүріп жазған «Оқып жүрген жастарға», «Талибтерге», «Оқудағы мақсат не?», «Түсімде көрген аянышты хал», «Анау-мынау», «Арыстан мен тышқан», «Мағынасыз мешіт», «Екі тышқан», «Көк өгіз», «Зарлану», «Бір баланың тілек-батасы», «Алғыс», «Шығамын тірі болсам адам болып» деген өлеңдері мен мысалдары, «Қазақ оқуын оқыту жолы қалай?», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең мен айтушылары» деген мақалалары толық дәлел бола алады.

Сұлтанмахмұт және орыс әдебиеті

Сұлтанмахмұт шәкірттік шағынан орыс тілін меңгеріп, сол арқылы ғылым құпияларын қапысыз ақтаруды армандаған:

Оллаһи! Ант етемін алла атымен,

Орыс тілін білемін һәм хатымен.

История, география пәнді білмей,

Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.

Балаң ақынның белді бекем буып, өмірлік серт етіп құштарлықпен орыс мәдениетіне ден қоюы шүбәсіз.

Сұлтанмахмұт Томскіге келгенде екі түрлі мақсатты көздеген: біріншіден, сырқатын емдету, екіншіден, орысша оқу.

1916 жылы Томск қаласында гимназияға түсуге дайындайтын курста оқып жүргенінде кешкілікте Әлімхан Ермековтен (мемлекет және қоғам қайраткері, математикадан тұңғыш қазақ профессоры) орысша оқыған. Бірінші кездесу сабағында Сұлтанмахмұт Әлімханға: « Орыс тілі... бізге тіпті қажет қой, мен «нан сұрап аларлық болса жетеді» дейтін орыс тілі үшін емес, үлкен кітаптарды оқи, түсіне алатын, реті келген жерде орысша жазып жіберетін орыс тілін үйренгім келеді» деген арманына жетеді. Орыс классиктерінің шығармаларын оқып, терең түсіне білім алады. Тіпті «Кедей» поэмасына орыс тілінде былай деп эпиграф жазады: «Все, что существует в мире, есть результат известных действий, условий. Человек может творить эти условия, что отличает его от животных. На этом основано все, что изобретено человеческим умом. Отсюда цель моего произведения может быть, пожалуй, ясна. 1919 год».

Міне, Сұлтанмахмұттың орыс тіліне құштарлығы – өзі айтқандай, «нан сұрап жерлік үшін» емес немесе сән үшін емес, үлкен мән-мақсат үшін екенін көреміз.

С. Торайғыров орыс тілін жетік білуге барынша талаптанып, кейінде сол тілде жазылған ақыл-ойшы, ақын-жазушылардың шығармаларын құныға оқыған. Асқан ойшыл, қоғам қайраткерлерінің, әдебиет алыптары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, С.Я.Надсон, И.А.Крылов, М.Е.Салтыков-Щедрин, А.В.Кольцов, Н.А.Некрасов, Л.Н.Толстой, А.А.Блок туындыларын зерттеп оқығандығын естеліктер бойынша еске түсіреміз.

Ж. Аймауытұлы айтқандай: «Орысша оқуы аз болса да, жаратылысына біткен зейіні, қайраты, талабымен орыс әдебиетін әбден түсініп оқитын болады. Герцен, Кропоткин, Бакунин, Толстой, Каутский, Плеханов тәрізді социалшыл, анархияшыл білімдандардың кітаптарын көп оқиды» [6]. Аш-жалаңаш халде, ашпа-жалап күндер кешіп жүріп те, қолындағы соңғы ақшасын кітапқа жұмсаған Сұлтанмахмұт қыруар білім алған. Ғылым-білім қазынасын татар және орыс тілдерінде де игерген және сол тілдерді жетік меңгергені сондай, әдеби мұрасында да екі тілдің лексикалық байлығын мол қолданады.

Ш. Сәтбаева XX ғасырдың алғашқы жылдары демократияшыл ақын С.Торайғыров орыс тілінде Байрон шығармаларын оқығандығы жөнінде дерек келтіреді [7, 123 б.]. Пушкиннін «Гүл» шығармасының ізімен өлең жазуы, М.Әуезовтің Н.Некрасовтың «Русьте кім жақсы тұрады?» поэмасындағы шаруалар бейнесі мен С.Торайғыровтың «Кедей» поэмасындағы лирикалық кейіпкер кедей арасындағы ұқсастыққа назар аударуы, М.Қаратаевтың Сұлтанмахмұттың «Жан қалқам» лирикасы М.Лермонтовтың «Алғашқы махаббат» өлеңін еске салатындығын байқауы қалай десеңіз де кездейсоқтық емес.

С. Торайғыров та аспаннан түсіп, Кеңес үкіметі тұсында білімге иек артып күрескер болса, ешқандай еңбексіз құдай бергеннен дарыннан деуге де келмес. Ақын да оқыған, тоқыған. Тіпті кітап көп оқыған. Ол турасында тағы М.Әуезов: «Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітап көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л.Толстойдың, С.Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды» [8, 127 б.], - дейді жазушы.

Дәл осы естелікке қарап, жас ақын, жас өреннің көп оқығанын көруге болады. Оқып қана қоймай соны қорытып, қазақ халқына бергенін, беруге тырысқанын байқаймыз. Ақындық кітапханасын азулы ақын-жазушылардың адуынды туындыларымен толықтырып отырған.

«Ақын, жазушы С.Торайғыров қазақтың бұрын-соңды сөз өнерін бойына сіңіргені, іргелес, ағайындас елдердің, орыстың, жер жүзінің әдебиетін терең білгені, пайдаланғаны, солардың асыл нәрімен ауызданып, қалыптасқаны сөзсіз. Орыстың классикалық әдебиеті мен жаңа әдебиетінен үйрене өскен ақын түрлі мазмұнның құралы етіп, өлеңнің ұйқас, ырғақ, шумақ, екпін (интонация), лексика, сөз тізбегі секілді элементтеріне елеулі жаңалық енгізді» - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Нұртазин [9].

Сұлтанмахмұт өлеңдерінде орыс сөздерін қолданбады емес, қолданды. Бірақ оны шебер пайдаланды. Ақын орыс сөздерін орысша оқыған адамдар бейнесін нақтылай түсу, ондағы кейіпкерлерге сыни көзқарасты білдіру үшін қолданған.

 

Сұлтанмахмұт және  батыс ойшылдары

Ақын шығармаларының интеллектуалдық тереңдігінен, азаматтық ой-мұратының асқақтығынан анық көрінетін бір басты белгі – ол адам баласы ақыл-ой дамуына үлкен үлес қосқан тарихи адамдардың іс-әрекетін қастерлеу, өз отандастарына үлгі ету. Бұл жолда ақын аянбай тер төгіп, ілім-білім іздеді. Шығармаларында аталған Сократ, Платон, Жан-Жак Руссо, Колумб,  Эдисон, Луи Пастер есімдері адамзат тарихындағы философиялық, тарихи, ғылыми, мәдени жаңалықтарға жол бастайды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров утопист социалистер Жан-Жак Руссо, Шарль Фурьенің, сондай-ақ К. Маркстің, Ф. Энгельстің, Г.В. Плехановтың, Н.Г. Чернышевскийдің шығармаларын оқыған деген деректерді Б. Кенжебаев дәйек етеді. «Сұлтанмахмұт Францияның атақты ағартушысы Руссоны аса сүйген, соның идеясын өзіне жақын тұтқан. Сондықтан Сұлтанмахмұт цивилизацияның өсуін халыққа келген «індет» деп қарайды деген қорытынды шығарды. Алайда бұл қате айтылған пікір. Сұлтанмахмұттың көріне жала. Өйткені Сұлтанмахмұт Толстойшыл, Руссошыл болған жоқ, олардай аты цивилизацияға, жалпы мәднеиетке, техникаға қарсы шыққан жоқ. Қайта керісінше, ол адам баласы үшін, өте-мөте қазақ халқы үшін мәдениеттің, өнер, ғылымның, техниканың зор маңызы бар екенін, тіпті қажет екенін жақсы түсінді, үнемі соларды мейлінше дәріптеді. Қазақ халқын соларды үйренуге, мәдениетті елдер қатарына қосылуға шақырды» - деп жазады профессор Б. Кенжебаев [10, 28-б.].

Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармаларында не теңеу, не өлең шумақ ретінде арагідік кездесетін әлемдік тарихта белгілі адамдардың есімдері, олардың іс-әрекеттері немесе бүкіл дүниежүзілік сипаты бар кейбір тарихи оқиғалар мен құбылыстар туралы тұжырымдар ақынның алыстағы көкжиекке көз тіккенде де ойлы, кең толғайтын, білімді, мәдениетті қалып-келбетін айқындай түседі де қазақ сөз өнерінің мол мүмкіндіктерінің тағы бір қырын танытады.

«Сұлтанмахмұт өлең жазардың алдында көп ойланып, көп толғанатын, маңайындағының бәрін ұмытатын, жақын адамдармен де сөйлеспей қоятын. Ол сол ойлану кезінде есінен танған адамға ұқсап кетуші еді. Басын төбесінен саусағымен айналдыра беретін, далаға жеке шығып кететін. Ал жаза бастаса-ақ, өте тез бітіретін, басқа нәрсемен еш айналыспайтын. Ол «Кедей» дастанын да, «Адасқан өмір» дастанын да бір-бір жұманың ішінде бітірген еді. Бұл екеуін жазарда кітапты көп оқып жүрді. Мен Герценнің кітаптарын да оқып жүргенін көрдім», – деп жазады ақынмен бірге өскен Шайбай Айманов. Бұл естеліктен Сұлтанмахмұттың өлеңге қандай мән беріп, қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын және ізденіп, батыстық қаламгерлерді де қарап, көп еңбектенгенін көреміз. 

Абзал Жаңабаев 

Шәкәрім атындағы

 Семей мемлекеттік

университетінің

  магистранты

 

    Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Еспенбетов А. Ғабдулла Тоқай және Сұлтанмахмұт // Семей таңы, №74. - 17 сәуір, 1973.

2.Исмаилов Е. Жаңа белеске. – Алматы: «Ғылым», 1962. – 198 б.

3.Мырзахметов М. Абай жүрген ізбенен. - Алматы: «Қазақстан», 1985 . - 168 б.

4.Еспенбетов А. Абай және Сұлтанмахмұт // Абай. – 1993. - №7. – 24-26 бб.

5.Еспенбетов А. Асау жүрек. – Павлодар, 2010. - 236-241 бб.

6.Асау жүрек. Алты томдық шығармалар, VI том. - Павлодар, 2010.

7.Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. – Алматы: «Жазушы», 1974. – 186 б.

8.Әуезов М. Торайғыров туралы естеліктерінен. Романдар, поэмалар, өлеңдер. – Алматы: «Атамұра», 2002. - 240 б.

9.Нұртазин Т. «Асау жүрек», ІІІ том. - Павлодар, 2010.

10.Кенжебаев Б. «Сұлтанмахмұт Торайғыров». – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1957 ж. - 111 б.

1741 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз