• Ел мұраты
  • 30 Мамыр, 2022

ФАНТАСТИКА –ҒЫЛЫМИ РУХТЫҢ АСЫЛ ЖАУҺАРЫ

Ғылыми фантастикалық әдебиет – арнайы зерттеуді қажет ететін пәндік құрылым. Оның қыры мен сыры, қалыптасу кезеңдері жайында сөз қозғау қашанда маңызды. Өйткені ғылым – үздіксіз дами беретін үдеріс. Ал әдебиеттегі ғылыми фантастика жанры арқылы небір ғылыми болжамдар дүниеге келіп, нақты өмірде іске асып жататынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Олай болса, ұлт әдебиетінде кенжелеу дамып келе жатқан аталған жанр жайында осы саланың бүгінгі таңдағы өкілі, жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаевпен жолығып, аталған тақырып жөніндегі келелі ойларын тыңдаған едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Бұл сұхбат ғылыми фантастика жанрына бет бұруды жоспарлап жүрген немесе осы салаға қызығатын болашақ қаламгерлерге ой азығын беріп, жаңа көкжиектерге бастайды деген сеніміміз мол. 

– Нұрлан аға, сіз этнография, салт-дәстүр, шежіре, тарихи тақырыптардан бөлек көркем әдебиеттегі «ғылыми фантастика» деп аталатын жанр бағыты бойынша да туындылар жазумен айналысып келесіз. Әңгімеміздің әлқиссасын осы «ғылыми фантастика» ұғымынан бастасақ.

– Ғылыми фантастикалық әдебиет жалпы әдебиеттің құрамдас бір бөлігі. Ұлттық көркемсөз өнерінің көтерген биігін, шыққан шыңдарын өлшейтін өлшемдердің бірі – ғылыми фантастикалық әдебиетінің көркейіп, гүлденіп, өркендеуіне байланысты екені сөзсіз. Мысалы, кезінде Қытай елінде ауқымды реформа жүргізіліп, есік ашылған 40 жылдан бері аз санды ұлттар әдебиетінің дамуы алтын дәуірге қадам басты деуімізге болады. Сол себепті, көркем әдебиетіміздің әр жанры өз дәрежесінде гүлденіп, көркейіп, кемелденді. Қытай қазақтарында 200-ден астам кесек романдардың дүниеге келуі төл әдебиетіміз жөнінен алғанда үлкен табыс болып есептеледі.

Ғылыми фантастикалық әдебиет жөнінде, әдебиетші ғалымдар ғылым-техниканың дамуы барысында туылуы мүмкін болған құпия сырларды ұшқыр қиял, батыл жорамал арқылы суреттейтін көркем әдебиеттің бір саласы деген анықтаманы жиі айтып жүр. Ғылыми фантастикалық әдебиет көркемсөз, фантастика, ғылым-техника сынды үш бөлектің органикалық біріккен тұлғасы. Ол озық ғылым-техникаға сүйеніп, ұшқыр қиялға алтын қанат бітіру арқылы ғылым саласында әлі де байқала қоймаған таңғажайып оқиғаларды өзіне бейнелеу мазмұны ететін ерекшелікке ие әдеби форма.

Ғылыми фантастикалық  шығар-маларда кәдімгі көркем шығармадай кейіпкер, оқиға және өзіндік орта суреттеледі, қиял ғажайып сипат алады, алайда ғылыми фантастикалық шығарма қиял-ғажайып ертегілерге тіптен ұқсамайды. Қазіргі ғылыми фантастикалық әдебиет ежелгі мифтік аңыз-әңгімелердің кейбір факторларын қабылдап, озық ғылым-техника жетістіктерімен ұштастырып, ұшқыр қиял, батыл жорамал жасайтын жаңа суреткерлік деңгейге көтерді. Ғылыми фантастикалық әдебиет адамзаттың болашақ дамуы жөніндегі өскелең арман-тілегін бейнелеумен бірге олардың ғылым-техника өресін жоғарылатып, ақыл-парасатын жетілдіреді.

– Сіздің ойыңызша, ғылыми фантастика жанрының түп бастауы қайда жатыр?

– Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасқан ұшан-теңіз ауыз әдебиетіне зер салар болсақ, фантастикалық шығармалардың ертеден қалыптасқанын байқай аламыз. Халық ауыз әдебиетінің негізгі бір саласы болған қиял-ғажайып ертегілер біздің ертедегі төл фантастикалық әдебиетіміз болып есептеледі. «Ағаш ат», «Ұшқыш кілем», «Ұр тоқпақ», «Алтын сақа» секілді ертегілер мен кейбір батырлар жырлары, ғашықтық жырлары т.б. ертегілер фантастикалық әдебиетіміздің мол табысы. Халық ауызында айтылып жүрген «Ұшқыш кілем», «Айыртөс батыр» қатарлы ертегілер бұдан бірнеше ғасыр бұрын туса да, халықтың ұшуды аңсаған, әр түрлі амал-тәсіл арқылы табиғатты өзгертсек деген қиялынан туған. «Ысты тас» деген ертегіде ханның қойшысы, жалғыз атты кедейдің баласы кәсіп іздеп алыс сапарға жол алады, елінен ұзап шыққан соң арқардың мүйізіне қақалып, жұта алмай жатқан айдаһарға кездеседі, оны өлімнен құтқарады. Айдаһар жігітке сыйлық деп кішкене тас береді. Атын «Ысты тас» дейді. Осы кішкене киелі тастың қойшы жігітке көп көмегі тиеді, осыдан былайғы оқиғалардың бәрінде «Ұшқыш кілем» тәрізді фантастикалық оқиғалар араласып отырады. Қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкерлері көбінесе хан, оның уәзірлері, шал, кемпір, мерген, тазша, алып дию-перілер, мыстан, жез тырнақ, жалмауыз кемпір, айдаһар, самұрық құс, тағы басқалар болып келеді.

Қытайдың ертедегі әдеби шығармаларының ішінен «Үш патшалық қиссасы», «Су бойында», «Батысқа сапар», «Қызыл сарай түсі» сынды төрт романның атағы әлемге тараған, олар Қытай әдебиетінің асыл жауһары. Әйгілі жазушы У Шыңынды жазған «Батысқа саяхат» атты классикалық романы әдеттегі романдарға ұқсамайды, ол қою фантастикалық түс алумен бірге қызықты оқиғалар арқылы оқырмандарын қазірге дейін баурап келеді. Автор бұл романды ел ішінде 700 жылдан астам уақыттан бері тарап келген аңыз-әңгімелерді жинап, дәуірлік рухқа бай аңыз романға өзгертіп жазып шығып, халық тілегін бейнелейтін Сун Укүңның типтік образын жасап, ерекше көркемдік стиль қалыптастырады. Романда Сун Укүңның, Жубажие қатарлылардың будда кітаптарын алып келу үшін Таңсыңды қорғап, батысқа жорық жасағандығы және жорық барысында жын-албастыларды жойып, 81 бөгетті бұзып, қатерден өткен оқиғасы фантастикалық суреттеу тәсілімен жазылады. Осылайша «Батысқа саяхат» атты кесек шығарма дүниеге келіп, аты әлемге әйгілі болады.

Дүниеге танылған «Мың бір түн», «Манас» сықылды шоқтығы биік шығармаларда таңғажайып оқиғалар баян етіліп, тамаша фантастикалық бояу беріп, шеберлікпен суреттеп жазылған.

Қырғыз халқының мәңгілік ескерткіші болған, дүние мәдениетінің алтын жауһары аталған теңдессіз кесек шығарма «Манас» эпосы қазірге дейін 1000 жылдан астам уақыт өтсе де күллі әлем халықтарының назарын өзіне ерекше аударып келеді. «Манас» эпосы талай-талай ғасырдың белін аттаған, қырғыз халқының баға жетпес тарлан тарихының шежіресі.

«Манас» эпосында жалпы Манас батырдың сегіз ұрпағын арқау етіп жырлаған. Эпоста «Манастан» тартып «Семетей», «Сейтек», «Кененім», «Сейтім», «Асылмача-Бекмача», «Сүмбелек», «Чыңтайға» дейінгі барлық бөлімдері түгел қамтылып жатады. Атақты «Манас» эпосында қиялға бай фантастикалық оқиғалар молдап кездеседі. Эпостағы қиял-ғажайыптардың негізгі желісі шындықпен тамырласып, халықтың арман-тілегімен үндесіп жатады.

Кез келген ұлттың ауыз әдебиетінен халық парасатының ұлы кемеңгерлігін байқауға болады. Қытайдың әйгілі әдебиетшісі Лушүн мырза «Көне әдебиет азып-тозған кезде, ауыз әдебиетінен немесе шетел әдебиетінен нәр қабылдап бір жаңа бұрылысқа ие болды» деген болатын.

– Біздің халық ауыз әдебиетімізде «Ертөстік», «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы күнікей қыз», «Алтын айдарлы бала», «Жеті өнерпаз» сияқты толып жатқан қиял-ғажайып ертегілеріміз бар екені белгілі. Бұл ертегілерде ғылыми фантастикалық идеялар, ойлар бар деп айта аламыз ба?

– Иә, айтуымызға болады. Мысалы, өзіңіз тілге тиек етіп отырған «Ер төстік» атты ертегіде жалпы ертегілердің қаһарманға тән қасиеті толық сақталған. Бұл ертегіде Ертөстік бас кейіпкер ретінде суреттеледі. Шығармада Бекторы, Темірхан, Шойынқұлақ, пері, жын, мыстан кемпір тәрізді жағымсыз кейіпкерлер мен Ертөстікке көмектесетін шаң жұқпас жүйрік, саққұлақ, көріпкел, алып күш иесі, көлжұтар секілді жағымды кейіпкерлер ортасындағы күрестер оқиғаға арқау болып баяндалады. Ертөстік ақыры сенімді серіктерінің қолдауымен адамзат баласына қастандық жасайтын жауыз күштерді жеңіп шығады. Міне бұдан халқымыздың жақсылықты алдан күтетін, болашаққа сенетін арман-тілегін аңғара аламыз.

Біз сан ғасыр өтсе де халық жадында мәңгі сақталып қалған «Ертөстік» секілді дәстүрлі фантастикалық ертегілерімізден пайдаланып, жаңа дәуір рухына сәйкестендіріп, мазмұнын толықтырып, жасампаздық тәсілімен неліктен «Батысқа саяхат» секілді кесек роман жазуға құлшынбаймыз? Міне, бұл әрбір қаламгерді ойландыратын толғақты мәселелердің бірі.

Ұзақ тарихқа ие, мәдениетке бай халқымыздың ауыз әдебиетке тән таңдаулы шығармалары баршылық. Бірақ бізде оған мұрагерлік етіп, қайталай жасампаздық жарататын рухымыз әлі кемшін болып отыр. Қайталай жасампаздық туралы ойласақ, жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың мына бір шумақ өлеңі ойымызға оралады:

«Ақынмын деп мен қалай айта                                                                          аламын,

Халқымның өз айтқанын                                                                         қайталадым.

...Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын...»

– Ғылыми фантастика дамуының оң тәжірибелері қандай? Осы жөнінде кеңірек тарқатып өтсеңіз.

– Қытай қаламгерлерін алатын болсақ, олардағы қазіргі заман ғылыми фантастикалық әдебиетінің қалыптасуы мен дамуында батыс елдерінің ғылыми фантастикалық әдебиеті белсенді рөл атқарды. Сонау XX ғасырдың алғашқы жылдарында Ляңчичау, Лушүн қатарлы әдебиетшілер Жюль Верн өкілдік еткен жазушылардың шығармаларын Қытай тіліне аударып, Қытай оқырмандарына кеңінен таныстырды. Лушүн 1903 жылы Жюль Верннің «Ай шарына саяхат» атты ғылыми фантастикалық шығармасын аударып, Қытай оқырмандары арасында күшті аңыс қозғады. Осылайша Лушүннің бастауымен Қытай әдебиетінде ғылыми фантастикалық әдебиет қалыптасып дами бастады. Әсіресе реформа жасалып, есік ашылғаннан кейін Қытай әдебиетінде Гаушичи, Иейұңлие қатарлы көрнекті ғылыми фантастикалық жазушылар дүниеге келді.

Бұл күндері ғылыми фантастикалық әдебиет шетел мен Қытай әдебиеті мінбесінде көркейіп, гүлденген өнер саласы болып отыр. «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» дегендей, ғылыми фантастикалық әдебиет қазақ әдебиетіне ең алғаш көркем аударма арқылы кіргені мәлім. Мәселен, «Ғылым дүниесінің ұлы жорамалшысы» аталған француздың атақты жазушысы Жюл Верннің(1828-1905) «Сырлы арал» қатарлы кесек романдары ана тілімізде аударылып, ұлттық ғылыми фантастикалық әдебиетіміздің барлыққа келуіне түрткілік рөл ойнады. Жюль Верн өз өмірінде жиыны 104 ғылыми фантастикалық әңгіме және роман жазған. Оның алғашқы «Ауа шарындағы бес апта» атты шығармасынан тартып, «Ай шарына саяхат», «Ай шарын айналу», «Капитан Гранттың балалары», «Сырлы арал», «Су астындағы 80 мың километрлік сапар» қатарлы шығармалары дүние оқырмандарының жүрегінен терең орын алған таңдаулы туындылар есептеледі. Ол бұл шығармаларды жазу үшін 25 мың дана капян, неше жүздеген естелік жазған. Білгір әдебиет танушылар Жюль Верн туралы «Оның шығармалары оқырмандарын өзіне баурап ғана қалмай, әр дәуірдегі ғалымдардың ғылымның әр саласында батылдықпен кереметтер жаратуына шабыт береді» деген болатын.

Әлемге әйгілі ғылыми фантастика алыбы америкалық Исак Асимовтың өресі биік тамаша ғылыми фантастикалық шығармаларымен таныстық. Бұл да ұлттық әдебиетіміздің маңызды бір саласы болған ғылыми әдебиетіміздің дамуына үлгі, өнеге болды.

Исак Асимов өз өмірінде 200-ден астам ғылыми фантастикалық шығарма және роман жазып, жиыны 160 томдық шығарма жариялаған дүниеге аса ықпал көрсеткен даңқы бар ғылыми фантаст жазушы. Оның «Мен машина адам» атты романы бір төбе.

 – Ғылыми фантастика ғылыми тың жетістіктерге бастай ала ма?

– Ғылыми фантастика әдебиеті осы күнгі ғылыми тың жетістіктерге сүйене отырып, келешекте болатын әрі болу мүмкіншілігі болған болашақ өмірді көркемсөз өнерімен суреттеу арқылы образ жасауынан байқалады. Дәл осы мағынада Ленин фантастикаға «Төтенше бағалы сапа» деп ерекше баға берген болатын. Мысалы, ғылыми фантастиканың атасы атанған Жюль Верннің «Капитан Гранттың балалары», «Су астындағы 80 километрлік сапар», «Сырлы арал» атты әйгілі шығармалары болашақ дүние жөнінде ұшқыр қиял, батыл жорамалды бірлестіру арқылы әлемдік әдебиеттен өшпес орын алды. Жюль Верн шығармаларында су астындағы шалғындарға, планетаға саяхат жасау, бейтаныс елдермен танысу, ай, аспан аржағындағы ғажап мекендер мен басқа әлемдер туралы тың зерттеу пікірін ортаға қойды. Оның ғылыми фантастикалық жорамалдары бүгінгі күнгі өнер жетістіктеріне байланысты ғалымдар мен зерттеушілер жағынан қарастырылып, шындыққа айналып, тарих сахнасына ұлы жорамалшы ретінде танылды. Біздің ендігі жазатын ғылыми фантастикалық әдебиетіміз айды, Марсты саяхаттау, теңіз астында жүзу болмайды. Бұл бүгінгі даму тұрғысынан алғанда әлдеқашан шындыққа айналған нәрсе болып, ол ешқашан фантастикаға жатпайды.

– Қазіргі заман қазақ ғылыми фантастикалық әдебиетімізге жүректілікпен жол ашқан, алғашқы ту ұстаушыларымыздың бірі деп кімді айта аламыз? Және бұл жолды жалғастырған қаламгерлер бар ма?

– Бұл орайда ғалым, жазушы, тілгер, қоғам қайраткері деп Сұлтан Жанболатовты тілге тиек етер едім. Сұлтан ағамыз 1970 жылдардың соңында күрделі өнер саласына қалам тербеп, туған әдебиетімізде кенже қалған осы бос кеңістікті толтырып, өз оқырмандарына «Аруақтар арасында», «Аршылдар ауылында», «Ұрпақтар арасында», «Бастама» сияқты шоқтығы биік әңгіме жазып, ғылыми фантастикалық әдебиетіміздің ірге тасын қалады. Оның «Хассақтар» (1985 жыл) атты ғылыми фантастикалық жинағы, «Үйсін хикаяттары» атты трилогиясы Қытай қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастикалық әдебиет жанры дамуын бір тарихи белеске көтерді.

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, ғалым, жазушы Сұлтан Жанболатовтың ізін басып, ғылыми фантастикалық әдебиетке бел шеше кірісіп жүрген Болат Кәрібаев, Күндәулет Әлімәжыұлы, Разия Биболқызы, Ризабек Садуақасұлы, Тұрсынқан Әлқанұлы, Балапан Омарұлы қатарлы қаламгерлер шағын ғылыми фантастика жазудан бастап повесть, романдар жариялады. Фантаст жазушы Болат Кәрібаевтің «Жас іркілген жанар» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1991 жыл) атты әңгіме-повестері, «Қыраулы қырқалар» (Шыңжаң жастар-өрендер баспасы, 1999 жыл), «Ерентау сағымдары» (Шыңжаң халық баспасы, 2000 жыл) атты екі романы, «Қыз күткен», «Өзіміз қайта сөйлесейікші» қатарлы әңгіме-повестері оқырман қауымның жақсы бағасын алса, Күндәулет Әлімажыұлының «Аласталған алапат» атты әңгіме-повестер, «Шамдану», «Емтихан машинасы» атты әңгімелері, Разия Биболқызының «Бұлтқа түсірілген бұйрық» (1989 жыл) атты ғылыми әңгімелер жинағы, Ризабек Садуақас ұлының «Ояну» атты повестері Қытай қазақ ғылыми фантастикалық әдебиетіміздің қорына қосылған құнды дүниелер.

– Өзіңіз бұл жанрға қай кезден бастап ден қойдыңыз?

– Өз басым 1990 жылдан бастап ғылыми фантастикалық әдебиетпен беріле шұғылдандым. «Алтыншы ұрпақтың аманаты», «Аққу жұлдызынан қайта оралғанда», «27-планетаға барғанда», «888-сырлы ұшпа тарелке», «ғарыштан келген есепші әулие», «Көбелектер қаласына саяхат», «Күмәнданғыш ген», «Зейін-зерде вакцинасы», «Өлім жазасына бұйырылған ақ кептер», «Үшінші қол», «Кедейлік генге операция жасау» секілді ғылыми әңгімелер және «Ақиқат алдында», «Мүсілімнің тас қаласы» қатарлы ғылыми фантастикалық повестер жарияладым. 2007 жылы қазан айында ұлттар баспасы жағынан «Жұмбақ тас» атты әңгіме-повестер жинағым жарық көрді.

Жазушы шығармаларының сапасын оқырман бағалайды ғой. Әдебиет алыптарының бірі Маяковский «Бір грамм радий қазып алу үшін жылдап еңбек етуге тура келсе, бір сөзді орнына тауып қолдану үшін де неше тонна сөз рудасын қажет етесің» деп тектен-текке айтпаған. Жақсы әдебиетші болу үшін үздіксіз үйренуге, өмірді терең зерттеуге тура келеді. Әр қаламгер өзіне берген замандастарының бағасын лайықты қабылдау керек. Десе де, әдебиетке алғаш қалам тартып жүрген кездің әсері бөлек болады екен.

«Жаңа талапта қан қалмайды» дегендей, газет-журналдарға жолдаған туындыларыңның жарық көруін төрт көзбен сарыла күтіп, оның тездетіп оқырманмен жүздесуін қаншалықты армандайтының айтпаса да түсінікті. Дәл сондай көңіл-күй арпалысында жүргенде ақын Сәли ағадан хат келді. Хатты асығыс ашып оқи бастадым, ондай былай делініпті:

«...Мен «Алтыншы ұрпақтың аманаты», «Венерадан теңізге», «Өлім жазасына бұйырылған ақ кептер», «Аққу жұлдызынан қайта оралғанда» деген төрт әңгімені ұнаттым, осы бетіңмен осылай іздене берсең Шыңжаң қазақ ғылыми фантастикалық әдебиетінде Сұлтан Жанболатов ағаңнан кейінгі жазушы болып шығуыңа әйтеуір мен анық, кәміл сенемін.

Таныспайтын қаламдасың:

Сәли Садуақасұлы

23 қаңтардың 1995 жыл».

Хатты оқып отырып төбем көкке жеткендей болдым, менің сапарыма ақ жол тілеген аяулы ұстазыма іштей мың мәрте алғыс жаудырдым. Сәли ағадан келген хат маған үлкен медет, әдебиет жолына мықтап түсуіме зор түрткі болды. Менің шығармаларым туралы алғаш үлкен баға осы болса керек.

–Сіздің ғылыми фантастика бағытында жазған шығармаларыңыз жайында пікір, мақала жазғандар болды ма?

– Менің ғылыми фантастикалық шығармаларым туралы кезінде белгілі ақын, ағартушы Науан Шаймарданұлының «Қос тұмар» («Іле газеті», 29 желтоқсан 1997 жылы), Нұрлыбек Мәуленбекұлының «Ғылыми рухтың жарқын сәулесі» («Іле газеті» 22 наурыз, 2003 жылы), Дауыл Қадылбекұлының «Әдебиеттің парызы – адам жанын зерттеу» (сұхбат, «Тарбағатай газеті» 22 шілде, 2017 жылы) қатарлы мақалалар жарияланып, қаламгерлер менің жасампаздық табыстарым туралы өз бағаларын берді.

Әйгілі жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатов ағамыз «Шыңжаң газетінің» 2004 жылы 13 ақпан күнгі санында жарияланған «Ғылыми фантастика туралы» атты мақаласында «Қытай қазақ ғылыми фантастикалық көркем әдебиеті тез де сапалы қалана бастаған жылдар өткен ғасырдың соңғы он жылында дер едім, бұл еңбек бір шағын топқа әрі жас, әрі дарынды, әрі ғылым-техниканың соны жетістіктерінен білімі бар әрі қазақ көркем әдебиетіне әр бере түсерлік шеберлікке ие қаламгерлер қосынына тән болды дедім. Осы қосынның серкесі ретінде Нұрлан Сәрсенбаевті атар едік...

Жақсы баға мен сыйлық қаламгердің жалпы жасампаздығының биігін көрсетіп бере алмайды, кей жөнсалдау шығармалардың жақсы баға алуы да, сыйлануы да ғажап емес. Шынайы ақын-жазушы боламын деген адам сыйлыққа да, жақсы бағаға да байсалды позиция ұстағаны жөн. Жазған шығармалары тарих сынағынан сүрінбей өткен, ұлт рухының шынайы жыршысына айналған қаламгер ғана нағыз бақытты қаламгер бола алады.

Жазушылық – адам жанын зерттейтін ең қиын кәсіп. Сол үшін жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев «Қиын не бар?» атты жырында:

Мың құбылған қуаныштан,  дерттерден, Қиын не бар адам жанын зерттеуден? Мен келемін өз жанымды зерттеумен, Бірде жалын, бірде аяз өрт кеудем, – деп тектен-тек айтпаған.

Сұлтан Жанболатов бастаған қаламгерлер қырық жылдан бері құлшыныс жасау арқылы жоқтан барлыққа келген, аласадан биікке, таяздан тереңге, саннан сапаға қарай бет алған Қытай жерінде қазақ ғылыми фантастикалық әдебиетін қалыптастырды. Міне, бұл табысымызға ұлтжанды азаматтарымыздың қуанатыны даусыз. Ұлтымыздың ғылыми фантастикалық әдебиетін дамытамыз дейді екенбіз, қаламгерлеріміздің осы салаға күшті ғылыми негіз, батыл болжам, ысылған суреткерлік қабілетімізбен араласуымыз керек.

– Олай болса, ғылыми фантастикалық әдебиеттің жазылу ерекшелігіне қарай бұл салада қалам тербеп жүрген суреткерлерге қойылатын талаптар бар ма?

– Біріншіден, ғылыми фантастикалық әдебиет көркем әдебиетке тән қасиетпен жазылу керек. Мұнда, ең алдымен көркем әдебиет туындыларына тән ерекшеліктері бойынша әдеби образ, кейіпкер, типтік характер болу шарт. Бұл үшін жазушы адам өмірін беріле зерттеп, ғылым-техниканың дамуына байланысты ғылыми фантастикалық шығармалардың өзіне бейнелеу мазмұны ететін негізгі объектісі болған жаратылыстың тылсым құпия сырын ашу, болашаққа батыл болжам жасау арқылы оқиға желісін құрау, сол арқылы әдеби шығармаға жататын қалыпқа салу, келешекте іске асатын немесе іске асу мүмкіншілігі болған болашақ дүниені суреттеген шынайы ғылыми фантастикалық туынды жаратуы керек.

Екіншіден, ғылыми фантастикалық әдебиетте ұшқыр қиял, батыл жорамал болу керек. Жазушы өмір шындығын жай ғана суреттей салмайды, қоғамдағы озық ғылым жетістіктерін өз қалпында көшіре салмай, қиял қанатын кеңге жайып, адамзат қоғамындағы, әлемдегі таңғажайып істер мен болуы мүмкін, болған істер жөнінде адамзаттың арман-тілегін бейнелейтін өрелі тың пікір жүргізу арқылы, оқырмандарын болашаққа үмітті көзбен қарайтын тамаша өмір картасын сызып, жаратылыстың құпия сырларын ашуға қарай жетелейді.

Қиялсыз ешқашан фантастика тумайды. Фантастика туралы Гете «Жорамал – ғылымның баспалдағы» дейді. Жазушы Сұлтан Жанболатовтың «Ұрпақтар арасында» деген әңгімесі ұшқыр қиял, батыл жорамалдан туған шоқтығы биік ғылыми фантастикалық әңгіме жазудың мысалы. Мұнда, жазушы оқырмандарын болашақта туылатын білімпаз, ғалым ұрпақтармен кездестіріп, халық басына орнайтын бай тұрмыс пен бақытты өмірді суреттеп, бүгінгі тұрмысқа негізделе отырып, болашақта болады деген істерді батыл жорамал арқылы ортаға қояды.

Үшінші, күшті ғылыми негізбен жазылу керек. Қазақтың ертедегі қиял-ғажайып ертегілері ғылыми фантастикалық әңгімеге тіптен ұқсамайды. Олар тек фантастикаға жатады. Ғылыми негізсіз ғылыми фантастика тумайды. Онда ғылым-техника жетістіктерінен күшті ғылыми негізде пайдалана отырып өмірде болады немесе болуы ықтимал болған нәрселерді жазады. К. Федин «Ғылыми фантастика – ғалымдарға берілетін тың ғылыми тапсырма», – дейді. Бұл пікірімізге дәлел, 1964 жылы Англияның әйгілі фантастика жазушысы Артур Кларктың «Күн желкенді кеме» атты әңгімесінде «Күн желінен» пайдалану мүмкіндігі болған күшті ғылыми көзқарасты ортаға қойған. Көп өтпей бұл көзқарас Американың авиация және әлемге саяхат кемесі «Күн желінен» пайдалануды зерттеуге кіріскен. Ақыры бұл ғылыми фантастикалық әңгіме ғалымдар жағынан зерттеліп шындыққа айналды. Сол себепті күшті ғылыми негіз ғылыми фантастиканың жан тамыры дейміз.

Ғылыми фантастикалық әңгіме жазуда осы үш фактор бір-бірімен біте қайнасқан, бір-бірінен айырылмайды, қайта бірін-бірі толықтап отырады. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілерінен фантастиканы жиі кездестіре аламыз. Мысалы «Ағаш ат», «Ұшпа кілем», «Көреген көз», «Көл жұтар», «Тау соғар», тағы басқа халықтың арман-тілегіне байланысты ертедегі фантастикалық әдебиетіміз мұның айқын дәлелдері. «Жүрдек етік» – қазіргі автомобилге, пойызға, «Саққұлақ» – сымсыз радио қабылдағышқа, «Ағаш ат», «Ұшпа кілем» ұшаққа теңеуге болатын шындыққа айналып отыр.

Қазір орталау, орта мектептерге арналған қазақ әдебиет оқулығында «Қиял-ғажайып ертегілері» енгізіліп, ата-бабалардың арман-тілегіне байланысты туған фантастикалармен оқушылар кеңінен танысып, мол білім алды. Ал, болашақ дарын иелерін әрі қарай жетілдіруді негізге алып отырған қазақ әдебиеті оқулығында бірде-бір ғылыми фантастикалық әңгіменің көзге шалынбауы ғылым сүйер, көңілі ояу азаматтарды ойға салатыны даусыз. Сол үшінде жастар мен жасөспірімдеріміз ғылыми фантастикалық әдебиетке шұғыл зәру болып отыр. Қытай қазіргі заман қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастикалық әңгіме жазудың көшбасшысы, әйгілі жазушы, ғалым Сұлтан Жанболатовтың «Ұрпақтар арасында», «Аруақтар арасында», «Аршылдар ауылы» сияқты өресі биік ғылыми фантастикалық әңгімелерін қазақ әдебиеті оқулығына кіргізсе екен деген өз көзқарасымды айта кетуді жөн көріп отырмын.

1997 жылы Бейжіңде өткізілген халықаралық ғылыми-конференциясына әр қайсы елдердің атақты ғалымдары, Америка, Ресейдің әлем ұшқыштары қатынасып, өте күшті аңыс қозғаған еді. Қытай ұлтының әдебиетінде ғылыми фантастикалық әдебиет үздіксіз даму үстінде.

Қытай қазақ әдебиетінің маңызды саласы болған ғылыми фантастикалық әдебиетімізді зерттеу, ғылыми конференция өткізудің орайы келіп, мезгілі жеткендей. Буыны бекімеген, бұғанасы қатпаған бұл жас салаға аялау, қамқорлық жасау, тәрбиелеп, жетекшілік ету керек болып отыр. Сондықтан Шынжаң жазушылар қоғамы, Іле қазақ автономиялы облыстық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі қатарлы орындардың Қытай қазақ ғылыми фантастикалық әдебиетінің дамуы үшін қолдау, қуаттау көрсетуін үміт етемін.

Ірі сөз зергері Сұлтан Жанболатов кезінде ғылыми фантастикалық әдебиет туралы «Қазір бізде бір топ жастар ғылыми фантастикалық көркем әдебиет өңірінде қалам тербеп жүр. Бірақ амал не, бізде бұл тұсқа назар салатын Омарқан Асылұлы сықылды ойы ұшқыр, көзі жіті сыншыларымыз аз. Кеңестіретін орай да, ұйыстыратын қамқор да әлі бола қойған жоқ», - деп кейістік білдірген екен. Қытайдың қазіргі заман, ғылыми фантастикалық әдебиеті – тамырын тереңге жайып, іргесін қалай алмаған жас, кенже жанр екенін мойындауымыз керек.

Ұлттық әдебиетіміздің шыққан шыңын өлшейтін өлшемдердің бірі – оның ғылыми фантастикалық әдебиетінің дамуымен байланысты. Біз төл әдебиетіміздің дамуын ойласақ, ең алдымен ғылыми фантастикалық әдебиетіміздің дамуына терең мән беруіміз керек.  Өйткені ғылыми фантастикалық әдебиет – ұлт рухының алтын діңгегі іспетті.

– Әңгімеңізге рахмет! Ғылыми фантастика жанрын дамыту жолындағы еңбегіңіз жана берсін!

Әңгімелескен

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

6565 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз