• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

ҚЫЗАЙ ҰРПАҚТАРЫНА БЕРІЛГЕН АЙТУЛЫ АСТАР

Андас ОМАРАҚЫН – 1944 жылы 19 қыркүйекте ҚХР Күнес ауданында туды. Қытай қазақтарының айтыс өнерінің дамуына зор үлесі сіңді. Үш жыр жинағы, Қазақстан мен Қытайдағы түрлі басылымда 400-ден астам өлең, 20-дан астам поэма-дастаны жарық көрді. Қытай қазақтарының фольклорынан төрт кітап, арғы беттегі қазақтар тарихынан он кітап жазды. Еңбектері ағылшын, қытай, түркітілдес ұлттар тіліне аударылды. Осы еңбектері үшін 2010 жылы ҚХР мемлекет дәрежелі сыйлығы берілді. 2015 жылы қайтыс болып, Талдықорған топырағын мәңгілік мекен етті. Елімізде шығатын газет-журналдарда өмірі мен шығармашылығы насихатталып келеді. 

Ежелгі ғұндар мен сақтар дәуірінен тамыр тартып келе жатқан сайын даладағы бір игі дәстүр – дүниеден өткендерді еске алып, ас беру болған. Түркі жұртында бұл үрдіс әруақтарға арнап ас беріп қана қоймай, Құран оқып, сауабын өлілерге бағыштаумен толықты. Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебі де ұлттық дәстүрдің үндестігінің көрінісі. Қазақ дәстүрінде өліге Құран бағыштауға ерекше мән берілетіні белгілі. Бұл бір жағынан дін мен дәстүрдің өзара ортақ ой-ниетке тоғысқанын көрсетеді. Қазақы ортада қалыптасқан дәстүр бойынша қыршын кеткен жасқа және пайғамбар жасына толмай дүниеден озғандарға ас беру болмаған, тек жылын ғана өткізген. Қарапайым адамдар кішкене ас беру өткізеді және ол бір-ақ күннің ішінде атқарылады.Қазақтың жора-жоралғысы бойынша ас беру рәсіміне елдің әр аумағынан есімі белгілі ақсақалдар, батырлар, ақындар, палуандар, әнші-жыршылар, көкпаршылар, мергендер арнаулы жіберген адамдар арқылы шақыртылған. Ас беру дәулетті адамдардың, ұйымшыл елдің ғана қолынан келген. Абылай ханның асы, Құнанбайдың әкесі Өскенбайдың асы, Қанжығалы Шауыпкел батырдың асы, Керей Сағынайдың асы, Дулат Сыпатай батырдың асы бүкіл елге мәлім болып, аңызға айналған той болды. Дегенмен, ас беру көпшілікпен бірге атқарылар шара болғандықтан, тек бір әулетке немесе бір руға ғана салмақ түсірілмеген. Шақырылғандар да әруаққа арнаған сойыс малдарын және қымыз толы сабаларын өздерімен бірге ала келген. Сонысымен де ас беру үрдісі ел бірлігінің нығаюында айрықша рөл атқарған институттардың бірі болды.     

Бұл жерде мына нәрсені де ескерген жөн. Әруақ алдындағы қарызын өтеп, жан-дүниесі тыныштық табуы, ар алдында таза болуы – тірілер үшін үлкен сабақ. Өліге бағыштап Құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен, кем-кетісін өкінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым-көмек жасаудың астарында үлкен мағына жатыр. Сондықтан бүгінгі күні де топырақты өлімде бас қосу қазақы болмысқа тән құндылықтарды көбірек жаңғыртып отырғанын атап айту ләзім.

Қызайлар мекендеген өңірде сонау эрамыздан бұрынғы жылдардағы Үйсін партшалығы дәуірінің өзінде өлген адамды ақымдап жерлеу салты болған. Іле өңірінен табылған үйсін обаларына жасалған археологиялық зерттеу барысында, обалардың ағаштан тұрғызылатыны анықталған. Яғни, жерді қазғаннан кейін оның төрт қабырғасына бөрене ағаштарды тізіп, оның түйіскен жерін қашап, қиюластырып, мүрдемі жерлегеннен кейін ақымның төбесін екі-үш қабат қарағаймен жауып, одан кейін биіктетіп топырақпен жауып қою салтқа айналған. Бұл тірінің өліге салған жер асты баспанасы. Бала күнімізде біз өскен өлкедегі адамдар ағаш үйлер салып, соны баспана ететін. Өзіміз де сондай ағаш үйде туып, сол ағаш үйлерде ержеттік. Археологиялық қазба жұмыстарында табылған заттар сол кездің өзінде ас беру дәстүрінің болғандығын айғақтап отыр. Қызайлар жоңғар шапқыншылығына ұшырап, көшіп-қонып жүргенде де, Ілеге қайта келіп, орныққаннан кейін де өткенін еске түсіріп, болашағына жол ашатын ұлағатты істер атқарды. Осы ретте Қызай елінде өткен үлкен астар туралы айта кеткенді жөн көрдім.

                                                  

ТАСТЕМІРДІҢ АСЫ

Тастемір төрт қызайдың ішіндегі дербістен тарайды. Дербістен Есенберді, одан Құттыбай, Құттыбайдан Тастемір туады. Құттыбай қызай ішінде ел қамын ойлаған батыр әрі би болған адам. Тастемірдің асы Аягөз өзенінің бойында беріледі.

Құттыбай бидің ауылына қаз дауысты Қазыбек би қонаққа келген күні бәйбішесі Нарша бике босанып, ұл туады. Ырымдап оның атын Қазыбек биге қоюын өтінеді. Сонда би тастай берік болсын деген ырыммен Тастемір деп ат қояды. Құттыбай батыр жортуылда жүргенде суық тиіп, қайтыс болады. Осыдан бастап Құттыбайдың төрт ұлы Баян, Бөгенбай, Сады, Тастемір Нарша шешесінің тәрбиесінде өседі. 1730-шы жылдары найман тайпасын билеп отырған Күшік хан жасақ ұйымдастырып, жауға қарсы жорыққа аттанады. Нарша шешеміз бұл жорыққа үшінші ұлы Тастемірді аттандырады. «Құттыбай шаңырағынан Матайдың қызыл шашақты найзасын алып, «Қаптағайлап!» жауға шабатын ұлым» деп Керей тауының бөктерінде Тастемірдің атқамінер тойын жасайды. Осы тойға жалайыр нағашылары Дон жылқысымен жалайыр жылқысының қаны араласқан тұрқы бөлек ақ жал, жирен бестіні Тастемірге мінгізеді. Кейін мұны ел «Тастемірдің шабдары» атап кетеді. Сол шайқаста Есенгелді батыр мен Тастемір бастаған қызай қолының шағын тобы қалмақтардың оншақты ауылын шауып, алғашқы жеңіске қол жеткізеді. «Күшік хан жоңғарды шауып, жеңіске жетіпті» деген жылы хабар қазақ руларының жүрегіне сенім ұялатады. Бұған кектенген жоңғарлар күшін топтап Күшік хан билеп отырған елге қырғидай тиеді. Бірақ Күшік ханның ұтымды тәсілдерінің арқасында қазақ ауылдары көп шығынға ұшырамайды.

Күшік ханның қарамағындағы қосынның көбі наймандар болғандықтан тұтас қосын «Қаптағайлап!» шапқанда жоңғардың десі қайтып, жеңілістен көз ашпайды. Бір жолы Күшік хан жоңғардың қат-қабат қоршауында қалады. Осы тұста Тастемір бастаған қызайдың жаужүрек жасауылдары қоршауды бұзып, Күшік ханды құтқарып әкетеді. Осыдан бастап Күшік хан қызай жасақтарын іріктеп, ат-көлігін толықтап, шеп бұзып сайыс салу мен қоршауда қалғандарды құтқару сияқты жауапты міндеттерді жүктейді. Тастемірге ағасы Қосмұхамбеттің қызы Әдисманды атастырады. Оның ұзын қара шашы жерге тиіп жүретіндіктер қайындары «Сұлу шаш» атап кетеді. Сол жылдары жоңғар шапқыншыларынан қысым көрген қырғыздың биі Қоқымшор қазақ хандарынан көмек сұрайды. Найман, уақты билеп отырған Күшік хан, Орта жүз ханы Сәмеке жан, Барақ сұлтандар бірнеше мың жасақ жиып, Күшік ханды қолбасшы етіп бекітіп, Ыстықкөлге аттандырады. Қазақ қосынын күтіп отырған Қоқымшордың жасақтары мен қазақ батырлары Шу өзеніңің бойында кездесіп, қолын біріктіріп, жоңғарларға қарсы аттанады. Осы жолғы ұрыста Тастемір ерекше көзге түседі. Жоңғарға қолды болып, ұрыстан кейін қазақ қосындарынан пана тілеген қырғыз қызын Тастемірге табыстайды. Тастемір ол қызды ауылына әкеліп ағасы Бөгенбайға атастырады. Күшік хан, Барақ сұлтан, Кіші жүздің батырларының шақыуымен Арал теңізінің маңына жиналып, қазаққа соқтығып, тыныштық бермеген Еділ қалмақтарына қарсы жорыққа дайындалады. Екі жақтың қосыны Арал теңізінің батыс жағында кездеседі. Бұл ұрысқа қызай қосыны Есенгелді батырдың бастауымен қатысады. Көшпенділердің салты бойынша алдымен батырлардың жекпе-жегіне кезек беріледі. Алғашқы кезекте қалмақтың батыры Байыншүкір мен арғынның батыры Құсболат жекпе-жекке шығады. Бірақ Құсболат сайыста жараланып, шепке келгенде қалмақтардың айбыны асып, айғай-сүренге басады. Бұл мазаққа шыдамаған Тастемір «Қызырлы Қызай анамның аруағы қолдай гөр» деп сыйынып алып, «Қаптағайлап!» жау батырына қарсы шапқанда осыған дейін кесек тұлғалы қазақ жылқысын, алып денелі қазақ батырын кездестірмеген Байыншүкірдің десі қайта бастайды. Қаруы мен айласын тең қолданған Тастемір қалмақ батырын бір сайыста-ақ найзалап аттан құлатады. Осы жолы Еділ қалмақтарын ойсырата жеңген қазақтар елге жеңіспен оралады. Сонда Сәмеке хан: «Қаптағай әлі тірі екен» деп тәңіріне сыйынған деседі.

1730 жылы Сәмеке хан мен Күшік хан Аягөз   бойында қолын біріктіріп, жоңғарларға қарсы жорыққа аттанады. Бұл жорықта да көп олжаға кенелген қазақ батырлары ауылына абыроймен оралады. Сол күні Адисман босанып, ұл табады. Арғын Құсболат батыр: «Біз үркін-қорқында жүріп, еліміз азып тозды. Ендігілер бейбіт күннің қызығын көріп, бай-бақытты өтсін» деген ниетпен сәбидің атын Байқазақ деп қояды. 1735 жылы жоңғарлар Балқаш көлінің оңтүстің шығысын басып алып, сол маңдағы қазақ ауылдарына қырғидай тиеді. Осыған орай Күшік хан мен Кіші жүздің ханы Әбілхайыр жіберген жасақтар бірігіп, жоңғарға қарсы аттанады. Осы жолғы ұрыста Тастамір жоңғардың әйгілі Еренжап батырымен жекпе-жекке шығып, оны жер жастандырады.

1738 жылы  Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Орта жүз ханы Сәмеке Ресеймен елдеседі де Күшік хан бас тартады. Осыдан кейін Күшік хан Аягөз маңына келіп, жасақтарын толықтырып үйсін, қаңлы, қыпшақ жерлерін қайтарып алу жорығына аттанады. Күшік хан жасағы Жоңғар Алатауынан асып, Сайрам көлінің маңындағы Ортақсары деген жерге жеткенде жоңғар қосындарымен бетпе-бет келеді. Күшік хан Ортақсарының бір беткейіне Тастемір қосынын, енді бір бетіне Мамай басқарған қосынды орналастырып, қоршай шабуыл жасайды. Жоңғар жасақтары қазақтардың қосынын садақшылармен қарсы алады. Біраз шығынға ұшыраған Күшік жасағы Ортақсары сайын орлей қашады. Жоңғар жасақтары қазақтар қашты деп ойлап, қуа соққылайды. Жоңғар жасақтары сай ішіне толық кіріп болған кезде Күшік қосыны қайта қайырылып, табандап соғыс салады. Осы кезде Тастемір мен Мамай қосындары екі бүйірден тиісіп, жауды сай ішіне дым шықпастай қоршап алады. Жасағының үштен екісінен айырылған жоңғарлар аз жасақпен қоршауды әзер бұзып шығады. Осы жеңісте қазақтар мол олжаға кенеледі. Күшік хан қолға түскен тұтқындар мен мал-мүлікті ауылға жеткізуді Тастемірге жүктейді. Шілденің шіліңгір ыстығында жау жойылды деген оймен сауыттарын шешіп, олжаларын артынып-тартынып келе жатқан көптің бейғамдығынан пайдаланған, кезінде Тастемірдің қолынан қаза болған Еренжаптың інісі Аранжап баспалап келіп, заһармен уланған жебемен Тастемірді атып кетеді. Аттан құлап бара жатқан Тастемір батырды Ырысбай батыр сүйеп қалады да Ізбасар, Жалаңтөс, Таймас батырлар Аранжапты қолға түсіріп, шуасау бес байталдың құйрығына байлап, парша-паршасын шығарады.

Тастемірдің жараланғаны Күшік ханға жеткен де қатты қайғырған хан қол астындағы барлық емшілерін Тастемірді емдеуге аттандырады. Бірақ жебенің уы денеге жайылып кеткендіктен ем қонбай, Тастемір 28 жасында қапыда қайтыс болады. Күн ыстық болғандықтан сүйекті алып жүруге мүмкін болмай, Сайрам көлінің Іле жағындағы биік кезеңіне жерлейді. Бұл қаралы хабар тұтас Орта жүзді күңірентіп жіберді. Батырдың туыстары қызай жігіттері тұтас таяқ ұстап, қыздары мен келіндері жоқтау айтып, Аягөз маңын күйзелтеді. Қызайдың атқа мінерлері қатар-қатар үй тігіп, көңіл айта келгендерді қарсы алады. Қаралы жиынға Түркістан қаласынан Қазақтың ханы Әбілмәмбет, хан мұрагері Абылай сұлтан, Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Төле би, Сарайшық қаласынан Кіші жүз ханы Әбілхайыр, Нұралы, Ерәлі сұлтандар, Арал, Кәспи жағалауынан Батыр сұлтан, Башқұрт жерінен Орта жүз ханы Сәмеке, Сібірдегі Күшік хан төңірегіндегі сұлтандар тегіс келеді. Батырдың қанаты атанған шұбар атқа қара жауып, сауыт-сайманын бөктеріп, тұлдап, үйінің оң босағасына қара ту іліп, қаранарға қара кілем жауып шөктіріп тастайды. Қырық күн батырдың үйінен адам аяғы үзілмейді. Келесі жылы, Тастемірдің асына үш жүздің хан-сұлтандары, игі-жақсылары мен батыр-бағландары тегіс келеді. Ас Аягөз өзенінің бойында өтеді.

 

ЖАНМЫРЗАНЫҢ АСЫ

Жанмырза Тілеуқабыл тұқымы Оразайдың баласы. Қызайдың 90-нан, енді бірде 100-ден асқан ақсақалы делінеді 1793 жылы қайтыс болып, сол жылы ат шаптырып, ас береді.

Тоқмұхамет Базарбаев ақсақалдық айтуынша, Жанмырза Оразайұлы XVIIІ ғасырдың басында Ақмола облысының Қараөткен деген жерінде туып, Тарбағтай аймағы, Шағантоғай ауданында қайтыс болып, сол ауданның Алтын-Еміл өзені аңғарында жерленеді. Жанмырза Есенгелді батырмен немере туыс болып, Есенгелді Жанмырзаны аға деп құрметтеп, екеуі ерекше сыйласымды болған. Жанмырза Үш жүзге танымал асқан бай, дана  ел басы, әулие адам болып өмірі бақытты өтіпті. Бес әйелінен 12 ұл сүйіп, оларды жақсы тәрбиелеп өсірген. Солардың қатарында  Еспенбет  Өмір, Жолдыбай, Сеңкібай, Ақкісі қатарлы бес ұлын сайыскер батыр етіп  тәрбиелеп, ел қорғау жолындағы күрестерге қатыстырған. Олардың үшеуі  1770 жылғы қазақ-қарғыз соғысында қырғыздың үш батырын жекпе-жекте жеңіп, соғыс алаңында жасырын атылған улы жебеден қайтыс болады.

Жанмырзаның байлығы тұралы ел арасында. «Оның қалың жылқысы өзеннен су ішкенде өзен суы тоқтап қалады екен» деген әңгіме бар. Әулиелігі жайлы да көп деректер аңыз болып жеткен.  Қаракөз, Ұлан атты екі әйелін батырлық беделімен алыпты» деген әңгіме де бүгінге жеткен. «Жанмырзаның өзі және бес баласы да батыр болғандықтан ауылына жау жоламай, төрт түлігі тез өсіпті» деп те айтылады.  1757 жылғы «Мамыр су (Қандыжап)» келісіміне келген қазақ, жоңғар, қытай бітімгерлерін күтіп алу, қонақ ету міндеті Аягөз бойындағы қызай елінің азаматтарына тапсырылғаны тарихтан мәлім. Сол бітімнің ұйымдастыру жұмысына Есенгелді би жауапты болса, қонақтарды күтуге жұмсалған шығынның денін Жанмырза көтеріп, қонақтардың қауіпсіздігін қадалаған қызай жасақтарының қатарында Жанмырзаның Еспенбет батыры бастаған бес ұлы да болған. ҚХР-да шығатын «Іле айдыны» журналының 2011жылғы №5 санындағы: «Аруақтар басына 4 рет зиярат» атты мақалада: «Жанмырза кісі аты.1784 жылдары Қызай елінің Тілеуберді руын Тарбағатай тауының терістігіне  «Құзғынтас» асуы арқылы күнгей бетіне бастап келген елбасылардың бірі» деп жазады. Жанмырзаның кезінде қоныстанған мекендерін ел құрметтеп өзінің және балалары,  әйелі мен келдіндерінің атымен атап кеткен. Мысалы, Қазақстандағы Жанмырза қорығы, ҚХР Тарбағатай аймағындағы Жанмырза қыстақ комитеті, Жанмырза сайы, Жанмырза өзені, Жанмырза тасқорасы, Жанмырза жайлауы, Жанмырза бейіті, Жолдыбай сайы (Жанмырзаның 6-шы ұлы), Бәйбіше қыстақ комитеті (бәйбішесі Нәзікеннің құрмет аты), Жанкісі ауылы (6-шы ұлы Сеңгібайдан туған немересі), Бәкей қашқан (Жанмырзаның Шөпшегі), Нұрбала бәйбішенің өзені (келіні, 8-ші ұлы Ақкісінің әйелі) қатарлы жер-су атауларын тарихшы Жақып Жұнісұлы «Аруақтар басына төрт рет зиярат» атты ғылыми мақаласында жазған. 1793 жылы қайтыс болып, жыл уағы толғанда төрт қызай, абақ-керей, қаракерей елдері шақырылып, ас берілген. Астың қалай өткені немесе онда қандай жол-жосынның орындалғаны туралы ел арасында жиі айтылғанымен, нақтылы ақпарат жоқ.

                                                        

САСАННЫҢ  АСЫ

Сасан Киікбай ұлы 1818 жылы Зайсанда туған, 1893 жылы Күнесте қайтыс болып, сүйегі қазіргі Құлжа ауданындағы «Сұлтан Уәйіс мазарына» жерленді. Сасан болыстың Қасеке, Нүптеке, Әлімжан, Тергеусіз, Нүптебек, Жайырбек, Еркінбек сияқты балаларымен қатар, бірталай жетім-жесір балаларды да бауырына басып, өсіріп, ержеткізіп, ел қатарына қосқаны да ел ішінде көп айтылады.  Сол қатарда Аткелтір, Есенбай, Құдайберген, Бектұрған, Туғанбай сияқты тонды балалары да болған екен. Атақты «Біржан сал мен Сараның айтысында» Біржан сал арғынның атқа мінер мықтыларымен мақтанғанда Сара найманның игі-жақсыларын өлеңге қосып:

Ботабай, Сабырбек пен құт Баянбай,

Сасан би шапты кеше жауға аянбай.

Шынымен құлаш ұрып, самғай берсем,

Қаласың жетпек түгіл жер таянбай, – десе, Мыңбосын мен Мәуен айтысында:

Құтырған Қоңтайжымен сайысқанда,

Болады арғын, торғай Алаш ұқты.

Қанғажар, ер Ботабай батырлармен,

Сасан би, Құрбанғали және шықты, – делінеді.

Таңжырақы Жолды ұлының бір өлеңінде де:

Қазағым екі жүз жыл ар жағында,

Тоздырған бірден-бірі жауша шауып.

Жосыған үріккен қойдай тау мен тасқа,

Жан бағып, балдырған жеп, қайың сауып.

Қазақтың сол сергелдең дәуірінде,

Жоңғарға келген үркіп, қызай ауып.

Байеке, Сасан, Бұқаш бастап келіп,

Іледен орын алған мекен тауып, – делінеді.

Ақындар өлеңіне осылай арқау болған Сасан Киікбай ұлы бала кезінен ел көзіне түсіп, жас кезінен зейін-зерделілігімен болашағынан үміт күттіре бастаған. Ол 16 жасында би, 18 жасында бегімбет, дербіске төбе би болған.

Сасан 16 жасқа шыққан жылы Қызай еліндегі бегімбет атасынан шыққан қарт би Томпы Шаншарұлының орнына би сайланады. Осыдан бастап 60 жыл бойы қоғам қайраткерлерінің тобына қосылып, ел мүддесі үшін егей еңбектер жасайды.

Сасан ат жалын тартып мінгеннен бастап, жүйелі сөз арқылы басқаларды мойынсал еткен шешен болумен қатар, әділ төрелігімен де, жақынына тартпайтын көпшілдігімен де таныла бастайды.

Өзінің кіші әкесі Жаманбай болыстың ауыл арасындағы билікте артық-кем айтқан жеріне дұрыс шешім жасап:

Жақыныңа жау болсаң, жауыздықтың белгісі,

Қатыныңа жау болсаң, жалғыздықтың белгісі.

Арамдықты асырсаң, әділетсіздіктің белгісі.

Әділ билік айтпасаң, дұшпанның таба күлкісі, – деген екен.

Осыдан былай Жаманбай болыс Сасанның шалымдылығын аңғарып:

– Болды, Сасан балам, «Ат тұяғын тай басады» деген. Бұдан былайғы билігімді саған бердім, – деген екен.

Сол жолы бегімбет, дербістің үлкен биі әбікен руынан шыққан Монтей би де болған екен. Монтей биде Сасанның тартымды, өткір, әділдігін көріп:

– Мен де, қартайдым, адам танысам Сасаның болғалы тұр екен. Мен де билігімді Сасанға бердім. Қызайдың ендігі биі Сасан болсын, – дейді. Осыдан бастап Сасан Ресей патшасының генерал губернаторының бекітуімен 1836 жылы 18 жасында би әрі болыстық шен алады.

Сасан Киікбай ұлы өз кезінде  Цин империясы мен Ресейдің арасындағы жер дауы, құн дауы, жесір дауы, тағы да басқа дау-шарларға талай рет қатысып, билік айтқан. Тіпті, соның көбінде төбе би болып, төрелік жасаған. Оның осындай еңбектерін ескерген Цин өкіметі оған «Дың дәй хуа лиң» деген мәнсап беріп, арнаулы Ұтыға (тоты құстың қауырсыны шаншылған бас ким) тарту еткен. Осы ұтыға мен өмір бойы істеткен күміс мөрлі жүзігі кейінгі кезге дейін сақталды.

1882 жылы Байеке, Бұқаш, Сасан бастаған қызайдың атқа мінерлері Іле генералы Жин шүнге жолығып, 3 мыңнан астам қазақ отбасын Ілеге көшіріп, қоныстандыруды талап етеді. Олардың бұл талабы сол жылы 7 айда бекітіліп, қызайлар үш бағыт бойынша ежелгі қонысы Ілеге қарай қоныс аударады. Сол тұстағы Іле генерал үкіметінің нұсқауы бойынша Күнесте тұңғыш рет ақалақшылық түзім атқарылып, Сасан бегімбет дербістің, Байеке Тәйірбердінің, Бұқаш Тәңірбердінің ақалақшысы болып сайланады. Ол тұстағы ақалақшылардың еңбекақысы 200 тұяқ қой деп белгіленіп, өздеріне қарасты елден жиып алынатын. Қызайдың үш биі өздеріне қарасты елге жер шекарасын бөліп беруге міндеттеледі. Осы тұста бегімбет, дербіс елі Сасанның бастауымен Шақпы өзенінің аңғарындағы бір беткейге жиылып, жер, шекара бөліскен. Бұл жер кейін Бөлгенсай аталып кетеді. Осы бөлісте Күнестің Оңтүстік жағасы, шығыста жаутоғайдан, батысы Текес өзеніне дейін бегімбет, дербіске тән болады.

Ол тұста бегімбет, дербіс руы қоныстанған Күнес жазығы қалың шилі болады екен де оны Ақши деп атап кетеді. 1885 жылы Сасан Ажыбай қатарлы ұйғыр шеберлерін Құлжадан шақыртып, мешіт салдырады. Күнеске келген ең бірінші ұйғыр ұлтының өкілі осы Ажыбай болатын. Сасан оларға Талды ауылынан жер бөліп беріп, қоныстандырады.

Сасан би үш некелі болған. Бәйбішесі Мәликеден (Қаракерейдің қызы) Қасеке, Нүптеке, Әлімжан, Тергеусіз, Ұлықан (қыз), екінші әйелі Адастан (Құттымбет ауылының қызы) Нүптебек, Жайірбек, Еркінбек, Зинат пен Изат (қыз), кіші әйелі Делгірден (моңғол қызы) бір ұлды болып, ол ертерек қайтыс болып кетеді де, кейін құрсақ көтермей, абысыны Адастан туған Жайырбекті бауырына салып, ержеткізеді. Сасанның жеті ұлы да өз дәуірінің егейлері, қолынан билік, өрісінен мал кетпеген адамдар болған. Айталық, Қасеке Сасанұлы Қызай бегімбет руының зәңгісі, биі, ақалақшысы болған. 1840 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болып, «Сұлтан Уәйіс мазарына» жерленеді. Нүптеке Сасан ұлы ержүрек батыр, құралайды көзге атқан мерген болған адам. Қажылыққа барып, дін жолын ұстанған, діни қайраткер. 1850 жылы Барлық тауының баурайында туып, 1906 жылы Күнесте қайтыс болды. Әлімжан Сасанұлы заманындағы беделді ақсақалдардың бірі 1843 жылы туып, 1910 жылы Күнесте қайтыс болған. Тергеусіз Сасанұлы 1854 жылы туып, 1914 жылы қайтыс болған. Бегімбет, дербіс руының ақалақшысы, тәйжісі болды. Нүптебек Сасанұлы бегімбет руының мампаңы болған. Күнес өңірінде алғашқылардың бірі болып тың игеріп, егін егіп, диірмен салып, дүкен ашып, тері зауытын жүргізіп, елді кәсіпкерлікке баулыған адам. 1876 жылы туып, 1923 жылы Күнесте қайтыс болған. Жайырбек Сасанұлы бегімбет руының мампаңы, дербіс руының ақалақшысы болған. Күнес ауданының алғашқы әкімі 1885 жылы туып, 1946 жылы қайтыс болған. Еркінбек Сасанұлы бегімбет, дербіс руының ақалақшысы, Нылқы ауданының орынбасар әкімі болған. 1889 жылы туып, 1950 жылы қайтыс болған.

1894 жылы Бегімбет руының болысы Сасан Киікбайұлының асы Күнестің Ақөзен жайлауында таратылған. Асқа бүкіл Қызай елін түгел шақырып 100-ден астам үй тігіп, аста-төк қонақ күтіп, ат шаптырып тарқатқан. Атты Айдарбек деген адамға айдатқан екен. Атты Аралтөбенің Сағаөткелінен қайтарып, Нараттың Бәйге төбесінен тоқтатпақшы болады. Алайда Айдарбек атты Қарағайлысудың құйғанынан қайтарыпты.

 Жер өте ұзақ болғандықтан жолда 4-5 бәйге ат түтігіп, өліп кетіпті. Қызайдағы «Айдарбек айдас» деген сөз осыдан қалыпты. Бұл ат жарыста 1 болып Байтоғайдың торы аты,  2 болып Тоқпанбектің шұбар аты,  3 болып Отыштың ақбестісі келіпті.

 

БҰҚАШТЫҢ АСЫ

Туған жері мен елін таразылап, терең зерттеген Мұхаметжан Тынышбайұлының «Материалы к истории киргиз-казакского народа» деген еңбегінде «Қыдырәлі бидің немересі Тәнеке Дөсетұлы 1838-1840 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған азаттық көтеріліске қатысты» деп жазады. Тағы бір деректерге сүйенсек: «Кене ханның қайғылы қазасы жөніндегі хабар қазақ даласына жетісімен, найман тайпасындағы Дөсеттің Тәнеке деген батыры матай, қызай руларынан 2 мың қол жинап, Кенесарыны өлтіргендерді қатты жазалап қайтады» делінеді. Ал Е. Бекмахановтың «Казакстан в 20-40 годах ХІХ века» деген монографиясында: «Кенесары қазасы оның серіктері мен қарулас достарына, қазақ даласына үлкен соққы, орны толмас қайғы болды. Олар оның кегін қайтрау үшін атқа қонды» деп жазады. Тәнеке Кенесары көтерілісіне тікелей қатыспаған, олар қырғыз халқына да қарсы келген жоқ. Алайда, Кенесарыны сатып кеткен Төрегелді манаптың ауылын шапқаны ақиқат. Өйткені, Тәнеке қырғыздың Жанай манабымен дос болды. Шоқан Уәлихановтың Қашқар сапарында Тәнеке мен Жанай манап үлкен көмек көрсетті. Осы тұста «Тәнке батырмен бірге қырғыз Төрегелдінің ауылын шабуға көмектескен қызайлар кімдер?» деген сұрақ назар аудартады. Осы жерде айтылатын қызай батырларын бастап, Тәнекемен бірге қызғыздарды жазалау жорығына қатысқан батырларды Қосет Тіленшіұлы бастап барғаны анық. Бұл жерде бізден бұрынғылар жазғандай, Қосет бастаған қызай батырлары Кенесары көтерілісіне қатыспаған. Алайда, Тәнеке батырмен бірге Кенесарыны сатып кеткен қырғыз манаптарын жазалау жорығында болған.

Ал Қосет Тіленшіұлының баласы Бұқаш Қосетұлы 1832 жылы туған. 1882 жылы Тәңірберді руына ақалақшы болады. Сама төренің ауылы да Тәңірберді руына қарайтын. Бұқаш қызайларды Іле өңіріне бастап келіп, қоныстандырған үш болыстың бірі. Сонымен қатар, қызайлар Ілеге қоныстанған тұста Тәңірберді руының жер бөлісін жасаған тұлға. Оның араласуымен Тәңірберді атасы Кұнес өзенінің батыс басы Нараттан тартып, аяғы Қас, Шұбартүбекке дейін, орта бөлігі бүкіл Нылқы ауданы мен Көкқамыр, Шағырай нылқы, Бозайғырдан тартып, Мыңмарал, Көрсайға дейін, Құлжа ауданындағы Борбосыннан Батпақ бұлаққа дейін, терістігі Жыңдағы Бұратала өңіріне өтетін Үрімжі-Құлжа тас жолына дейінгі кең байтақ жерді алады. Осы өңірлерді рулардың орналасуына қарай Нылқы ауданына қарасты Мыс, Темірліктен Ұты, Төтеге дейін Құттымбет руына, Қаратөбені Жолымбет руына, Күнестің Аралтөбесінен Желдікезеңге дейін Солтангелді руына, Байназар, Сексенді Қас, Шұбартүбекке, Қасаболат, Тоқсанды Қарасу, Сүпітай, Ластай, Жалынқол, Жартоғандарға орналастырған. Есенгелді руын негізінен Құлжа ауданының Ашы, Құлысты, Бөлекей қатарлы жерге қоныстандырған. Жайлауын Қайшы, Көгершінге орналастырған. Мейлі қалай болса да, Бұқаш болыс жасаған сол жер бөлісі әлі күнге дейін сол бойынша сақталып келеді. Бұқаш болыс 1906 жылы қайтыс болып, жыл уағы толғанда Қызай-Сама, көршілес Албан, Суан елдерін шақырып, Борбосын жазығында 100 шақты үй тігіліп, дабыралы ас берген. Астың бар шығынын Тәңірберді елі көтеріп, байге, көкпар, қыз қуу, теңге ілу сияқты ұлттық сайыстар, ақындар айтысы өткен.  Өкінішке қарай, астың қалай өткені жайлы дерек толық сақталмаған.

(Жалғасы бар)

*Баспаға дайындап  ұсынған

 белгілі журналист

Қажет АНДАС

2343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз