• Ұлттану
  • 29 Маусым, 2022

БЕЙІМБЕТШЕ ЖАЗАТЫН ЖАЗУШЫ

Әдебиет көкжиегі

Бұған дейінгі мақалаларымда жазушы Әлібек Асқаров әлемінің Жүсіпбек Аймауытов қаламының қасиетімен сарын-дастығын саралаған едім. Ұлылар ізін үзбей, дара жал-ғастырып келе жатқан кемеңгер жазушы Әлібек Асқаров мұрасынан ұлы жазушы Бейімбет Майлиннің дәстүрін көремін. Қазақ сөз өнерінің зергері, қай-таланбас жазушы Бейімбет Майлиннің әдеби әлемі мен Әлібек Асқаровтың прозасын белгілі бір қырларынан  сарындастығын айқындайтын боламын. Зерттеу нысаны етіп Ә.Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романы мен Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» хикаяты алынып отыр.

Жалпы, қазақ әдебиеттану ғылы-мында Бейімбет Майлиннің шығар-машылық қарымын Әлібек Асқаров  әле-мімен тұтастыра, салыстыра зерттеу үрдісі  даңғыл жолға түспеген. Біздің зерттеу тәжірибеміз көрсеткендей, Майлин мен Асқаров прозасын үндестіре талдаған бүтін  ғылыми еңбек ұшыраспады. Тек жекелеген әдебиеттанушы ғалымдардың Әлібек прозасынан Майлиннің қарымын байқаған  азды-көпті пікірлері ғана кездесті. Енді сол ғалымдардың  аз пікірлерін тереңнен жалғау осы мақала аясындағы менің басты мақсатым.Зерттеуімнің  ір-гетасы академик Серік Қирабаевтың мына пікірінен өзек алады: «Бейімбетше жазады. Сол бір ұлы жазушының дәстүрін жалғастырады. Дәс-түр деген де көктен түскен үлгі емес қой. Өмірдің қарапайым шындығын жұпыны әңгімелеуден, адамды танып, оның сырын ашып суреттей білуден туады. Әлібек те осы  үлгіні әдемі дамыта білген».  Ғалым  пікірінен аңдаған ақиқатымыз – Әлібек Асқаров «Бейімбетше жазуды» қарапайым өмір шындығынан алады. Бірақ, ол өмір шындығын жұтаң баяндамай, бай ті-лімен құлпырта, түр-лендіре ұсынады. Енді «Бейімбетше жазудың» «сиқырын» әдебиеттану ғылы-мында қалыптасқан ғалымдар пікірлеріне сүйене отырып талдайтын боламыз. Бейімбет қазақта Би-аға атанған майлы сөздің, жілікті сөздің зергері. Бейімбет есімін естігенде, ойымызға сап етіп қазақ ауылының  шынайы тұрмысы, оны суреттеген жазушының жатық тілі  ойға оралады. Ал ғалымдар  не дейді?

 

С.Байменше өзінің «Зергердің зертханасы» әдеби-тарихи эсселер жинағында Бейімбеттің тілдік кестесінің көркемдігі туралы былай дейді: «Қаламгердің алтын құндақты қазынасы сөз екені мәлім. «Көкірегі көркем сөз зауытындай» деп Дихан-Баба Әбілев бағалаған белгілі жазушы, журналист, драматург, редактор, баспагер, аудармашы Бейімбет Майлыұлының  да қаламгерлік зертханасының сыр ұшығын осы сөздері таратады».  Иә, қазақы сөздің қадірін, парқын барынша бағалаған Бейімбеттей ұлы жазушының тіл байлығы турасында сөз қозғағанда тереңнен, тұңғиықтан қарауды талап етеді. «Көкірегі көркем сөз зауытындай» деп асқақ пікір туғызған жазушының тіл байлығы, шығарма сюжетін ашу ғажабы, пейзаж, портрет, оқиғалар қақтығысы – осының барлығы «Бейімбетше жазудың» қасиетті негізі болып саналады. Яғни, ойымызды ашып айтсақ, Бейімбетше жазу дегеніміз – төгілген көркем тілмен жазу. Бейімбетше жазу-оқиғаны шынайы өмірден алып, көркем шындықпен астарлау.Енді осы өмір шындығымен көмкерілген, қазақы бай тілмен ажарланған «Бейімбетше жазудың» сырына үңілейік. Және ең бастысы – бұл үңілуіміз Бейімбет пен Әлібек арасындағы мығым әдеби сабақтастықты дәлелдеуге жұмсалады.

Зерттеу нысаны етіп алынған Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» хикаятынан пейзаж сәттерін үзіндіге келтірейік.  Аталған хикаят дәл осы пейзаждан басталады: «Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды тіркесіп оңтүстікке қарай жылжып ұшып, күннің көзі біртіндеп ашыққа шығып, жылы шырай нұрын шаша бас-тады». Күннің мезгілі мен табиғаттың барлық көріністерін қамти, қазақы нақышта  суреттеген толыққанды пейзаждың бояу қанықтығына қайран қаласыз. Бұлтты көшкен керуенге өте сәтті теңеген жазушы оқырманның көз алдына тірі сурет әкеледі. Бұл – Бейімбет қаламының біз анықтаған ғажайып сиқыры. Ал, мұндай пейзажды қазақы бояулармен түрлендіре беру қасиетін Әлібек шығармасынан да таптық. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романындағы пейзажға назар аударайық: «Ақшоқының алқымынан құлап аққан Талдыбұлақ ауылға жете арынын басып, жуаси жылжығанымен, төменірек  тұста үңірейген терең шатқалға өкіре құлап, құлақ тұндыра гүрілдеп жатыр. Бүйірінде кемпірқосақ ойнаған осы сарқыраманың терістік тұсында, сонау қалампыр аңқыған майсалы машақтың төсінде суы шәрбат Құндызды көлінің айнасы жарқырайды». Тау өзенінің ауылды жарып өтіп, шатқалға құйған көрінісін жазушы осылайша жанды  суреттерге толтыра, түрлі-түсті бояуға малындыра, құбылта береді. Бұл – Әлібек Асқаров қаламының Бейімбеттің жазу мәнерімен астасқан тұғырлы тұсы.Екі жазушыда да пейзаж жай ғана табиғат суреті емес, бүкіл тақырып пен тұтас идеяны ашудағы бір тәсілдей оңтайлы қолданылған, зор мән берілген.

Бейімбет – жазудың өзіндік дәстүрін қалыптастырған дара жазушы.Оның әдеби дәстүрі шындықтан жаралған. Реалистік әдебиеттің көрнекті өкілі ретінде көзі тірісінде-ақ мойындалған Майлиннің бұл қасиеті жайлы  жазушы Ғабит Мүсіреповтың мына бір пікірі  ойымның темірқазығына айналды: «Біздің прозамыздағы реализм мен  шыңына шыққан шеберлік  өзгелердің бәрінен де бұрын Майлин есімімен берік байланысты. Біздің қай-қайсымыз болсақ та, Бейімбет Майлиннің  осыдан тұп-тура алпыс жыл бұрын жазылған «Шұғаның белгісі»  повесінің құрсағынан шығып, етегіне оралып өскендейміз».  Ұлыны ұлы танитын үрдіске сай Ғабит Мүсірепов Бейімбет Майлиннің қалам қарымының ерекшелігін дөп басып таныған. Ғабит Мүсірепов ашып бергендей, Бейімбет – шеберліктің шыңына шыққан жазушы. Ол – шығармаларын өмір шындығын азық ете отырып көсіле жазады. Бейімбеттің дәл осы дәстүрі Әлібек прозасында да бар. Ойымызды әдебиеттанушы-ғалым, жазушы Шерияздан Елеукеновтың пікірімен сабақтайық: «Сөз өнері – өлі айна, өмірдің солғын сүлдесі емес.Көрген-білгенді айнытпай сол күйінде түсіретін көшіріндіге жатпайды. Әлібек шығармасындағы жігін ашып жайып салған жайттар бүгінгі құрып кетуге тақаған қай ауылға барсаң да, алдыңнан табылатыны хақ. Автор ауыл өмірін бүге-шігесіне дейін біледі. Бірақ көрген-білгенін іріктеп суреттеп, уақыттың өзі күн тәртібіне қойған, арнайы сөз етуге ділгір проблемалардың ұшығына шығады, көркемдік жинақтау дәрежесіне көтеріледі». Марғасқа жазушы Шерияздан Елеукенов пікірінің салмағы қорғасындай. Бұл пікірден аңдағанымыз – Әлібек жазушы өзі «бүге-шігесіне дейін білетін» шындықты қазып жазады. Нағыз толғағы жеткен ақиқатты қопарып, сүзіп жазады. Өмір шындығын биік көркемдік дәрежеге көтеріп жазады. Міне, бұл Бейімбет пен Әлібектің шығармашылық әлемдерінің өзара қабысқан қасиетті тұсы. Екі жазушы да реалист, әрі көркемдіктің кемеліне жеткен кемеңгерлер. Көркем туындының оқиғасын баяндаудан бастайтын қос қаламгердің көркемдік табиғатының үндестігін бағамдап көрейік. Бейімбеттің баяндауы мынадай: «Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы жыпырлаған ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген «Қамысақты» дейтін көліміз.Осының маңайы жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады». Бір ғана баяндаудан қазақ аулының бар тұрмыс-тіршілігі, сән-салтанаты мен мұндалап тұрады. Бұл баяндаудан Бейімбет жазушының оқиғаның дайындығын, яғни, экспозициясын берудегі шеберлігі тыңнан төгіледі. Ал, Әлібек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді...» романында да оқиға дайындығы, экспозиция  Бейімбеттегідей баяндаудан басталады. Үзінді келтірейік: «Өр Алтайдың төріндегі Төртінші ауыл қазақтың құт дарыған қасиетті қонысының бірі еді. Бағы таймаған баяғы базарлы шағында бұл ауылда үш көше бар болатын, үш көшенің үш түрлі аты бар болатын.Бүгінде жасыл желегі жайқалған сол көшелерден жұрнақ та қалмапты». Бұл баяндаудан жазушының өзіндік көркемдік әлемі көрініс береді. Қаламгер «бар болатын» деген тіркесті қайталау арқылы өлең шумақтарында кездесетін соңғы қайталауды – эпифораны проза тіліне салып отыр. «Бағы таймаған базарлы шағында» деп сөйлемдегі сөздерді біркелкі «б» дыбысынан бастап, өлең құрылысына тән аллитерация-біркелкі дауыссыз дыбыстардың әр сөз басында қайталанып келу көркемдегіш құралын проза тіліне тиімді қолданып отыр. Қысқа ғана баяндаумен Әлібек оқырманын бірден баурап, ары қарай еліктіріп әкетеді. Мұндай еліктірер күш Бейімбет қаламынан маздап келіп, бүгінде Әлібек қаламына дарығаны-таңғажайып құбылыс. Екі қаламгер де шығарманың өн-бойында қандай көркемдік тәсіл қолданса да, оны туындының тақырыбы мен идеясын ашуға мейлінше ұтымды  жұмсайды.

Бейімбет дәстүрі туралы мына бір пікір дәлеліміздің салмағын арттыра түсті. Зерттеуші Б.Наурызбаев өз еңбегінде Бейімбет дәстүрі туралы былай дейді: «Қай суреткердің де қоғамдық ортада, әдеби атмосферада өмір кешіп, өзінен бұрынғы мен өз замандастары творчествосынан белгілі дәрежеде әсер алуы, болмаса оларға қайыра өз ықпалын тигізуі әдебиет әлемінде жиі ұшырасатын шындық. Майлиннің идеялық-көркемдік дәстүрінің, алдымен, оның замандастарына игі ықпалы болғанын байқаймыз. Қазіргі әдебиетіміздің ірі тұлғалары, аға буын жазушыларымыз Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафин Б.Майлин ықпалын алушылар ғана емес, сонымен бірге оның дәстүрін ілгері дамытушылар қатарында  атай аламыз». Майлин қаламының құдіреті, оның өзі қалыптастырған көркемдік-идеялық дәстүрі өз замандастарына игі әсер еткенінен де молынан байқалады. Ғалым Б. Наурызбаев Майлин дәстүрін жалғастырушылар есебінде Ғ.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафинді атаған. Сонымен қатар, осы мақала негізінде  жүргізген зерттеулеріме сүйене отырып, Майлин дәстүрінің қазіргі қазақ әдебиетінде Әлібек Асқаров тарапынан жалғасын тапқанын алға тартамын. Бұл Майлин жаққан қасиетті әдеби алаудың бүгінгі ұлт әдебиетінде қайтадан жаңғыруы биік әрі құнды үдеріс екені даусыз. Майлиннен берілген сыбағалы сөздің сәнін келтіру қасиеті Асқаров қаламы арқылы қайта тұтанды.      Ос ы ретте Асқаров прозасы жайында толғанысты пікір білдірген жазушы, профессор Нұрдәулет Ақыштың  ойына құлақ асалық: «Тіршілік бағытына, шығармашылықтағы көркемдік ұстанымдарына қарап, Әлібек Асқаровқа «Могиканның соңғы тұяғы» деген қалыптасқан тіркесті қолдансақ та, артықтық етпес. Өйткені, ол өзінен бұрынғы буынның дарынды өкілдері Әбіш Кекілбаевтың, Қалихан Ысқақтың, Оралхан Бөкейдің, Төлен Әбдіковтың және басқа да қазақтың бетке ұстар қаламгерлерінің қаламының ізіне құмартып,  шығармашылық уызынан қанып ішкен талантты інілерінің бірі». Профессор Н.Ақыш өз пікірінде Асқаровтың әдеби қарымын біз зерттеп отырған Аймауытов пен Майлин мұрасымен сабақтастырмаса да,  менің зерттеуіме мазмұндас мәйек бар. Ол-Әлібек Асқаровтың қасиетті әдеби үдерісті, әдеби дәстүрді өз тарапынан жасампаздықпен жалғап, ұлылардың салған ізін кең даңғылға айналдара алатын ғажап қасиеті. Сондықтан да профессор Н.Ақыш Әлібектің әдеби болмысына «Могиканның соңғы тұяғы» деген ұғыммен қарап отыр.  Майлин дәстүрін жанды сипатта жаңғыртып әкетуінде де осындай  тылсым қасиеті жатыр.

Майлин хикаяты мен Асқаров романының тақырыптық арнасын аңдап байқайық. Талдап қарасақ, екі туынды да қазақ аулының тұрмыс-тіршілігін, нағыз қазақы ұғымдарды суреттейді. Бір тақырып  астарлы идеяны туғызып отыр. Майлин  бір хикаят аясында әлеуметтік, саяси, махаббат лирикасын термелеп өтсе, дәл осындай лириканың түрлері Асқаров романында да бар. Енді солардың бәрін кезекпен сөйлетейін.

Екі туындыда да көтерілген басты идея-махаббатты қастерлеу ұғымы. Бір ғажабы сол-қос қаламгер де ғашықтарды бүкіл қоғамымен тұтастыра суреттейді. Қоғамдық қатынастар олардың қосылуына, бақытына кедергі жасайды. Майлинде Әбдірахман мен Шұғаның бақытына олардың әлеуметтік теңсіздігі кесірін тигізеді. Ал Асқаровта Тұрғанбек пен Меңсұлудың өмірлік махаббаттарын Ұлы Отан соғысы күйретеді. Міне, қос туындыда ғашықтар күйкі тірліктің кінәсінен емес,  қоғамдық, тіпті саяси ахуалдардың салдарынан зардап шегеді. Бұл-қос жазушының ортақ идеясы. Ал ғашықтардың портретін қандай көркемдікпен берген? Мысал келтірейік. Майлин Шұғаның сұлулығын былай деп суреттейді: «Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді. Ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді». Басты кейіпкер Шұғаның портретінде жазушы көркем тілінің кестесін аямаған. Ал Әлібек романында баяндалған ғашық жұптардың бірі Жанғали мен Дәметкеннің бақытты жұбайлық өмірін ауған соғысына қатысқан ұлдарының өлімі бұзады. Дәметкен ұлының өлімінен соң, дертті болып, қойшы қосында қайтыс болады. Бұдан Әлібектің адамдар тағдырларын тұтас қоғамымен бірлікте суреттеудің шебері екені  даусыз ақиқатқа айналады. Ал Жанғалиды ғашық еткен Дәметкеннің портретін автор тұтастырып алып келмей, кейіпкерлер аузына салады.Үзінді келтірейік. Дәметкеннің абысыны Бибіштің айтатын сөзі: «Сен, Дәмеш, Алланың нұры түскен ерекше әйелсің!»  Сөзімді дәлелдей түсу үшін романнан тағы бір дәлел келтірейін. Соғысқа кеткен Тұрғанбекті өмір бойы күткен Меңсұлу мұздың ойығына түсіп қайтыс болады. Соңындағы ұлы мен келініне тілдей хат жазып қалдырады: «...Тұрғанбегімді, сендердің әкелеріңді күтумен өмірім өтті, оны өлердей сағындым. ...Ақыры Тұрғанбегімсіз мына өмір тұл екенін ұқтым. Енді әкелеріңе өзім барайын деп бекіндім...». Ешбір өлшемге сыймайтын сезім патшасы – махаббат қонған Меңсұлудың өлімге бару әрекеті оқырманын сан тарау ойға жетелейді. Бұл тұста романдағы Меңсұлудың өлім құшқан әрекеті Шұғаның сүйіктісі түрмеге түскенде, өмірден баз кешіп, ажал құшқан  оқиғасымен астасып кеткен. Екі жазушы да ғашық кейіпкерлерін махаббат үшін өздерін өлімге  байлаған ессіз ғашық етіп бейнелейді.

  Сондай-ақ, қос туындыда да көрініс тапқан ұлы идея – Тәуелсіздік идеясы. Бұл идеяны Бейімбет астарлап, жекелеген сөйлемдеріне «жасырып тастаған.» Іздеп таптық: «Ол кезде заман қандай, жер кең, мал көп, орыстың иісі де жоқ.» Автор бір ғана сөйлемде бүркемелеп қана берген ұлы идеяны аңдамау мүмкін емес. «Орыстың исі де жоқ» деп жазушы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған қамсыз, мамыражай күндерді меңзеп отырғаны бесенеден белгілі. Ал, бұған сәйкесінше Ә.Асқаров романында Тәуелсіздік идеясы романның соңғы бетінде сыр болып төгіледі: «Қалай болғанда да, бұғанға дейінгі бейқам дәурендері тұйыққа тірелгенін, қоғамдасқан қамсыз тірліктері кезеңді бір белеске жеткенін бәрі де мойындап бара жатты. Туып-өскен ауылдарын алдағы уақта орасан өзгерістер, зор жаңалықтар күтіп тұрғанын жүректері сезіп бара жатты». Романның жазылу уақыты 1994-1997 жылдармен сәйкес келеді. Бұл тәуелсіздік алып, аяғын апыл-тапыл басқан жас Қазақ елінің еңсе тіктей бастаған уыз шағы еді. Ел өмірінде автор тұспалдаған «орасан өзгерістер, зор жаңалықтар» орын алғаны тарихи шындық. Ал Бейімбет «Шұғаның белгісі» хикаятын 1914-1915 жылдары жазғаны белгілі. Қазақ елінің егемендігін аңсаған ұлт перзенті ұлы идеяны хикаятына «сыр» қып бүккен. Бұл – Майлин мен Асқаров туындыларының идеялық тұстан сырлы сарындастыққа ие болған шағы десе артық емес.

Майлиннің көркемдік-идеялық дәстүрі ХХІ ғасырда Ә.Асқаров қаламынан қайта туды. Дәстүр жалғастығын екі жазушының туындысындағы тілдік бояулар, көркемдік тәсілдер, тақырыптық, идеялық сарындастық тұрғысынан дәлелдеп бақтым. Қорыта келе айтарым – Әлібек Асқаров – классиктер көшін жасампаздықпен жалғастырған жаратылысы бөлек қаламгер.

Айзат Рақыш,

жазушы

2560 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз