• Ұлттану
  • 29 Маусым, 2022

КЕМЕҢГЕР ӘУЕЗОВ ТАҒЫЛЫМЫ

Мұхтар Омарханұлы – 125

 

Мақсат әдебиетке жақын қазақ зиялыларының басын қосып, өтпелі кезеңнің аласапыранында жойылып кетпеудің амалы. «Алқа» ұйымының бағдарламасын талқылауда Ленинградта оқитын Мұхтар Әуезов белсенділік көрсетті. Өз пікірін білдіріп қана қойған жоқ, нақты ұсыныстармен толықтырды.Ұйым аз уақытта кең етек жайып, білімпаздардың басын біріктіріп, 1924 жылдан  1927 жылға дейін жартылай құпия түрде жұмыс істеді. Мақсат қазақ ұлтының өмір тынысына, ой-қиялына, рухани дамуына жағдай жасау. «Алқа» ұйымы бағдарламасында әдебиеттің әлемдегі алатын орны жөнінде айта келіп, ұлттық ерекшелік жөнінде: «...Жаңа дүниеге бет алған жолымызда өзіміздің шоқтығымыз, қазақ иісіміз шықпауға мүмкін емес.

Ойымызда, қиялымызда, әдебиетімізде Азия иісі аңқымауы мүмкін емес», - деп өрнектеп айқын көрсетті.

Уақыт зымырап өте берді. Коммунистік идеологияның уытына уланып бара жатқан көпшілік жан-жағына қарар емес. Таптық тәрбие қазақтың санасынан ұлттық рухты жоя бастады. Ұлттың жұмылып бара жатқан көзін ашып, тәубесіне келтіру ауадай қажет болды.Осы мақсатта Ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов Ленинградтан Мұхтар Әуезовты Қызылордаға шақыртып алды. Мақсат тез арада 1916 жылғы Қарқарадағы ұлт-азаттық көтерілісін әдеби тілмен халыққа жеткізіп, шындықты айту. Кімнің жау, кімнің дос екенін көкірегінде тесігі барларға көркем тіл, суреттеумен шынайы жеткізу. Өткен күндердің өксігін естеріне түсіріп, оң мен солды айыруларына көмектесу міндеті тұрды. Смағұл Сәдуақасов көтеріліс жөнінде жинақталған құжаттардың көшірмесі Алматыдағы Фатима Ғабитованың қолында екенін айтты. Мұхтар Әуезов Біләл Сүлеевтің дастарханына зиялы қауым жиі жиналып, бүгінгі күн, ел болашағы жөнінде әңгіме- дүкен құрылады деп естіген. Ахмет  Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы Әлімхан Ермеков тәрізді білімділердің пікір алысатын дастархандарының сәні Алаш айдынының аққуына айналған ақын Фатима Ғабитова жөнінде де алып-қашпа сөз көп еді. Міржақып Дулатұлының «Мен көрген ең сұлу әйел – Біләлдің әйелі» деген сөзі де кімді болсын немқұрайлы қалдырмай, құмарлығын туғызған.Мұхтар Әуезов көтеріліс жөнінде құжаттар жинау үшін 1927 жылы шілденің басында қасына «Тілші» газетінің Рақым деген тілшісін алып Алматыға жол тартты. Олар Біләл Сүлеевтің үйіне тоқтады. Ол жылдары қонақ үйі деген некен-саяқ, жолаушылар ат басын туған-туыс, таныстарының үйіне бұрады. Үй тар болса да, көңіл кең. Мұхтар Әуезовпен алғашқы кездесуі туралы  Фатима Ғабитованың күнделігінен үзінді:1927 жылы июльдің бас кезі еді... түс ауа бергенде қалаға оралғанымызда қақпа алдында екі адам бізді тосып тұрғандай еді. Ол күнде біздің пәтеріміз Ленин-Комсомол  көшелерінің бұрышындағы Пушкин библиотекасына қарсы өте жайлы жекеше бір үй болатын. Тосып тұрғандардың біреуі – өзіміздің Рақым. Екіншісі – орта бойлы, бұйра шашты, ат жақты, қара торы 30 жастар шамасындағы, мен бұрын көрмеген кісі. Мен жақындағасын Рахым бұл «Мұхтар Әуезов» деп таныстырды. Мұхтарды бұрын көрмесем де, атына көптен қанық едім. Әсіресе 1925 жылы ағарту комиссариатының пьесаларға жариялаған бірінші бәйгесін алған «Қарагөзді» көргелі, Мұхтардың талантын құрметтеп, қадір тұтатын едім. ...Мұхтар өзінің  Алматыға бүгін келгенін, мүмкін болса біздікіне тоқтағысы келетінін білдірді. Ол күндерде «Түркістан-Сібір» жолы Алматыға жетпеген уақ. Фрунзеден Алматыға шейін ат-арбамен келіп, төменгі базардағы шайханаға тоқтапты. Рахымға «Извозчик жалда да, мына кісінің жүгін әкел» дегенде дауысым қаттырақ шығып кетті. Мен үйге кірдім. Өзімнен-өзім қатты ұялдым. Өзімнің қылығыма қынжылдым. Бірнеше жылдар көңілімде қадір тұтқан жанмен алғашқы кездесуде, мінезімнің жайсыздығын көрсетуіме өкіндім... Біләл (Сүлеев) келгенде Мұхтар соңғы Мәскеу газеттерін қарастырып кабинетте отыр еді. Біләл мен Мұхтар бұрын жүз көріскен таныстар емес екен. Мұхтар Смағұл Садуақасовтың сәлемін айтты. Кешкісін олар моншаның алдындағы отырғышта темекі тартып отырып, ұзақ әңгімелесті...Елең-алаңнан тұрып, ертеңгі шайға жұмыртқа самсасын дайындадым. Шай ішіліп, Біләл қызметке кеткен соң Мұхтар менімен әңгімеге кірісті: «Түнде Жетісуға келу жайымды Біләлға айтып ем, енді сізге де айтайын. Өйткені бұл жайдың бір түйіні сізде көрінеді,-деп жымиып, өзінің 1916 жыл оқиғасынан тарихи роман жазуды ойлағанын, көтеріліс болған жерлерде болып, көтеріліске қатысқан ерлермен әңгімелесуді тілегенін айтты. Және «естуімше, сіздің қолыңызда да 16-жыл туралы қымбатты материалдар сақталған көрінеді. Мүмкін болса соларды көруге болар ма екен?»- деді. 1925 жылы жаз айларында Ағарту Комиссарымыз Смағұл Сәдуақасов Алматыға келіп, біздің үйге түсіп еді. Ілияс (Жансүгіров) Мәскеуге оқуға кетерде өзінің кітаптарын, қолжазбаларын біздікіне қалдырған болатын. Бұл көп жазбалардың ішінде 16-жылдың көтерілісі жайлы көп дәптерлер бар еді.

1921 жылы «Средазбюро» 16-жылы көтеріліс болған Жетісудың жер-жеріне комиссия шығарып, көтеріліс жайлы материал жинатқан. Сол комиссияның хатшысы Ілиястың 16-жыл жайлы жинағандарын тауып алып, қолы бос уағында, әсіресе түнде ұзақ қарастырып отыратын. Бір күні Смағұл маған: «Бұл бай материалдар әттең бір жақсы жазушының қолына түссе, соншама құнды тарихи роман жазылар еді», - деген. Мұхтардың Ағарту Комиссариатынан ғылыми командировка алып Жетісуға келуі Смағұлдың екі жыл бұрын айтқан сөздерін есіме түсірді. Мен қолымдағы дәптерлерді Мұхтарға бердім. Ілияс ол жылы Жаркент уезіндегі Қарқара жайлауында демалыста еді.  Мұхтар да он алтыншы жыл көтерілісінің Жетісудағы қанды ордасы болған Қарқара жайлауына Ілиястың жанына аттанды. Мен бірінші рет Мұхтармен осылай кездескен едім. Ол Жетісу сапарынан Ленинградқа оралған соң, маған хат жазды. Хатта мынадай сөз жолдары бар: «…Көз көргенде ұмытпастай болып, көз тайған соң қайда көрдім дейтін кісілердей көрініп қалсам, маған содан ауыр жаза жоқ... Бұдан былай құр ғана үйлеріңізде жатып кеткен бір соқпа қонақ ретінде емес, сізді әрқашан ұдайы құрметпен есіне алатын досыңыз, тілеулес жолдасыңыз есебінде болып, үнемі хат жазысып, жай-күй білісіп тұрмақ ниеттемін. 7/IX-27 Мұхтар».

Олар хат алысудың 30 жылға созылатынын білген жоқ. Бұл хат оянған, сөнбес сезімнің басы болды. Мұхтар Әуезовке осылай «Қазақ зиялыларының  дастарханының сәні » Фатима Ғабитовамен танысудың жолы түсті. Бір көргенде сырттайғы қарапайым сұлулық, әңгіме барысында біртіндеп құлпырып, жадырап сала берді. От боп жанған көз жанары, күле қарағандағы жылы жүзі тұла бойын толқындырып үйіріп әкетті. Жәй ишарат қимыл, сөз саптаудың арғы жағында үлкен даналық, кең пейіл мен шексіз білімділік айқындалып көріне берді...Енді міне естіп еді, көрді. Көзі тойды...Ол іштей ерекше бір күйге түсті. «Қилы заман» романы тек көтеріліс жөнінде ғана емес, қазақ халқының басындағы трагедиясының тарихы. Қайғысы мен қасіретінің тұңғиық нүктесі. Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтқанда «сорына қарай көтеріліске шығып, сонысы үшін қан жоса қырғынға ұшырап, туып-өскен жерінен қуылған қарапайым халықтың қасірет-қайғысын ет жүрегі езіле отырып айтып берген мұндай шығарманы Шығыс әдебиетінен ғана емес, батыс әдебиетінен де кездестіре алмайсыз».

Бұл ойды ғалым Тұрсын Жұртбай былай жалғастырады: «Қилы заманда» суреттелген Алаш идеясы және оның басты бес идеясы – жер; жер байлығын игеру, су, тілімен иман, рухани бостандық қазір де өмірлік күшін сақтап, шешуін күтіп отыр. Қазақтың жерін жоқтап, елін түгендеп, құтын құттаған, тілін тұшытып, иманын үйірген, салауат пен ғадауатқа шақырған «Қилы заман» сияқты шығарма қазақтың көркем ой әлемінде жоқ. Тарихи шындық ретінде, оның қайталанбауын Алладан тілейміз, бірақ оны өткен өмірдің ақиқатымен салыстыра қабылдауға міндеттіміз». Мұхтар Әуезов «Қилы заман» романын «Алдында белгісіздікке толған тұманды күндері құшағын жайды», - деп аяқтады. Бұл Албан елінің ғана емес, бар қазақтың алдында қазіргіден де зұлмат заман тұрғанын, қайғы мен қасыреттің  сорақысының алды екенін көрсетуі еді. Қазақты тапқа бөліп, араларына бай-кедей деп жік салып отырған Кеңес өкіметінің ұлт тағдырының тамырына әлі де балта шабатынын айтты. Басты  кейіпкердің аузына өз ойын салып, бірлікке, табандылыққа шақырды. Алаш зиялыларының азаматтық идеясының түп-тамырына бұқара жұрттың көзін жеткізгісі келді... Мұхтар Әуезов 30 жасында «Қилы заман» тәрізді соншалықты ауыр да терең, күрделі де қиын тақырыпқа заманның сұрқилығына қарамай баруында оның ұлтшылдығы жатыр. Оның әдебиетті азаттық үшін күрес қаруына айналдыруы, әдеби-көркемдік талантын ашты.Көшпелі мәдениеттің  керуенін тоқтатпауға  ат салысты. Адам жалған дүниеге пенде ретінде өсу,өну үшін келіп сызығы жеткенде пешенесіне жазылғанды көріп  жаратқанына қайтады. Бірақ туғанындай таза болып өмір сүру, арманына сай артына өшпес із қалдыру жұрттың бәрінің қолынан келе бермейді. Мұхтар Әуезовтің  бар  саналы өмірі – ұлт бостандығы мен тәуелсіздігі үшін   күресте өтті.Қиындықтан қорқып, пендешілікке салынып  арманына опасыздық жасамады.

Мұхтар Әуезов «Қилы заман» романы арқылы азаматтық мойынсынбауды жалпы біртұтас ұлттық деңгейге көтергісі келді. Ұлтты бөле-жармау ең басты мақсаты болды.Романның сәтті шығуына Мұхтар Әуезовтың ғұмырлық мақсаты Алаш идеясының іске асуы болды және жазушының жеке басындағы сезім толғанысы да әсерін тигізді. Фатима Ғабитовадан алған хаттар оның ойын шындап, сезімін тербеп, қаламын ұштай берді... Фатима Ғабитова Мұхтар Әуезовтың өмірінде ерекше орын алған, әйел затынан өзін толық түсініп, творчестволық шабыт берген бірден-бір адам болды. Ақылы мен білімі, сезімі мен тәрбиесі көркіне сай Фатима Ғабитова Алаш айдынының аққуы ғана болып қойған жоқ, ол жаңа замандағы қазақ әйелінің бар мінезін бойына жинақтаған жаңа өмір салтының символы еді. «Қилы заман» қолдан түспей оқылатын, тарихқа тағлым жасап,  болмысты тербеп, сананы серпілтетін шығарма болды. Мұхтар Әуезов бұқара халықтың сүйіп оқитын жазушысына айналды. Бірақ елдегі коммунистік идеология таптық күресті күшейтіп, шындықты айтқызғысы келмеді. Коммунистер қырықпышақ қырқысқа кіріскен заман тудырды. Аңғал қазақ алдау мен арбауға еліктеп, қара тобырға айналды. Санасы божыраған, халқы қожыраған Қазақ елі большевиктердің алдағанына сеніп, айдағанына көнді. Бауырмал қазақ, жүрегін қан басып, тасбауырланды. Өздеріне жаны ашыған Алаш зиялыларынан алшақтап, ат тондарын ала қашты. Алауыздықты кеңес өкіметі ұтымды пайдаланды. Алаш партиясы басшылары түгелдей дерлік қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың тарихы бұрын Ресей Империясының қажеттілігімен жазылса, енді Отаршыл коммунистердің мүддесі тұрғысында жаттың көзімен жазыла бастады. Мұхтар Әуезовтың аяғына оралып, істеген ісіне кедергі жасаған жауларының бәрі өз ортасынан шыққан қазақтың оқыған пысықайлары болды. Оған жазу, кітап шығару оңайға соқпады. Тіпті оның жазылып, баспадан шығайын деп тұрған «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабын таратылуға жібермеді.Шала білімді «пысықайлар» ұлтшылдық бағытта жазылған кітап деп ОГПУ-дің шешімімен баспадан алдырып тастады.

Әуезов жасы отызға жетер жетпес-те сөз өнерінің інжу-маржанындай шындыққа толы, классикалық тарихи көркем шығармаларды дүниеге әкелді. Бірақ сол еңбектері үшін қызғаныштың отын шашқан әріптестерінің талқысына түсті. «Еңлік-Кебектен» кейін ескішіл, «Қарагөзден» кейін ұлтшыл, «Қилы заманнан» кейін алашордашыл аталып, сыннан сынға ұшырады. Ақыры «халық жауы» деп айып тағып, түрмеге жапты...Мұхтар Әуезов Кеңес өкіметінің қауіпті жауларының тізіміне ілікті.Көп уақыт өтпей, қазақ зиялыларына қарсы репрессияның екінші толқыны да басталды. Бұған Мұхтар Әуезов те ілікті. Мұхтар Әуезов 1930 жылдың 17 қыркүйек күні Ташкент қаласында «Кеңес өкіметін құлатпақшы мақсатта «Алқа» атты ұлтшыл буржуазиялық астыртын ұйым   құрды»  деген айыппен тұтқынға алынып, Алматыға жеткізілді. Мұхтар Әуезов тергеу барысында «Алқа» әдеби ұйымының платформасын қолдайтынын және жазушыларды жинап тіркеу керек деп айтқанын мойындады. Әдеби үйірмеде жұмысшы табына қарсы ештеңе айтылмаған деп дәлелдеуге тырысты. Ең бастысы «Ұлтшылдылық» көзқарас менде болды және ол менің шығармаларымда да орын алды, мен оны жасырмаймын», - деп ашық айтты. Түрмеде отырған екі жылдың ішінде күрестігі өмір жолы сынағына жауап іздеді. Жауапқа тартылып, соттың болуын тосып түрмеде жатқан Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермеков  және басқа да Алаш зиялыларының ой-санасымен өз көзқарасын пысықтап тиянақтады. Олардың ақыл-кеңестеріне сусынын қандырып, болашақтың қамы үшін іс-әрекеттеріне түбегейлі өзгерістер жасауына тура келді. Дәл осы кезде жастайынан бірге оқып өскен жан досы Жүсіпбек Аймаутов Москвада Бутырка түрмесінде атылу жазасына кесілді. Ал Смағұл Садуакасов Қазақстаннан қуылды. 

1930 жылдың қаңтарында екінші толқындағы ұсталып, түрмеге жабылған «халық жауларының» 42-сі қайта қарала бастады. Түрмедегі қазақ зиялыларына қылмысты істерін дәлелдеп мойындата алмаған тергеушілер өздері тығырыққа тірелді.Міне осы оңтайлы сәтті Алаш зиялылары пайдаланып қалғысы келді. Бұл жерде Әлихан Бөкейхановпен астыртын байланысы бар Әлімхан Ермековпен Ахмет Байтұрсынов ерекше көрегендік жасады. Ахмет Байтұрсынов қайткен күнде қылшылдаған жас Мұхтар Әуезовты құтқарып қалғысы келді. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезовтың сырлас досы Қайым Мұхамедхановқа естелік етіп айтқаны дәлел: «Мен айтайын, сен тыңда; абақтының айбары күшті, азабы ауыр, аз күннің ішінде дозақтың қыл көпірінен өткендей болдық. Кезекті тергеуден келгенімде жасы үлкен жанашыр кісі Ахмет Байтұрсыновтың оңашалап сөйлескені әлі күні көз алдымда». «Мұхтар, кейінгі өмірге тарихты, шындықты білетін адам керек. Мына тажал қармағынан құтылуымыз екі талай. Қателік жібердім, өткен ізімді айыптаймын деп үкімет басшыларына ашық хат жаз» деді. Бірақ Мұхтар Әуезов ашық хат жазуға бірден көне қоймапты. Оған Жайық Бектұровтың естеліктеріндегі  Әлімхан Ермековтың: «Мен Мұхтарға бұндай оңтайлы сәт енді келмейді, ашық хат жазып, қанша бас сауғала десем де көндіре алмадым» деген сөздері дәлел. Не керек, қалай болғанда да ұлтының болашағы жолында, сезімді ақыл жеңіп, Мұхтар Әуезов пен Әлімхан Ермеков 1932 жылдың қаңтарында түрмеде отырып, ашық хат жазды... Өмір мен өлім көпірінің ортасына түскен жас талант алға қойған арман мақсаттарына жету үшін ақыры машайық қашқандықтың керін көрсетіп большевиктік өкімет орындарына Ашық хат жазды. Ашық ұлтшылдық бағыттағы шығармаларынан бас тартуы аман қалудың қамы емес, Азаттық күресін нәтижелі жалғастырудын жаңа айла-тәсілі еді.Хатта өзінің «Еңлік-Кебек», «Хан Кене», «Бәйбіше тоқал», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Көксерек»,«Қилы заман» тәрізді шығармаларынан бас тартты. Әрине бұндай шешім оған оңайға түспегені белгілі. Өкімет те тасталған қармаққа жабыса түсіп, хатты «Социалды Қазақстан» газетінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жариялап, жеңіске жеткендіктерін паш етіп, масаттанды. Ол үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шыққаннан кейін ғана босатылды.

Әдебиет арқылы қилы кезеңдерді көрсетіп, Азаттық күресіне шақырудың да уақытының өткеніне көзі жетті. Кезінде Алаш қозғалысы идеялары мен өзінің шығармалары егіз қозыдай ұқсап, замана талабына сай келіп көпшілік қолдап еді. Қазір бәрі басқаша... Кеңес өкіметі дегеніне жетіп, халықтың санасынан ұлттық ерекшеліктерді жоюға айналды. Ендігі жерде, тағы да күрестің түпкілікті мақсаттарын қалдырып, түрін, жолын өзгерту қажет болды... Мұхтар Әуезов түрмеден босасымен еліне де соқпай Ленинградқа кетуіне тура келді. Бұл өлім тырнағынан құтылудың бірден-бір жолы еді. Бұл жылдары елді қайғы-қасіреттің қара бұлты басқан еді. Коммунистердің колхоздастыруы Қазақ жеріне айтып болмас қайғы-қасірет әкелді. 1921-1922 жылдардағыдан қатты ашаршылық елді жайлады. Ашаршылық жалмамаған аймақ қалмады. Халық қойша қырылды. Алаш зиялылары түгелдей сотталып, атылып қуғындалғаннан кейін, елде бас көтеріп, халқын қорғар азамат қалмады. Қазақ коммунистер бас сауғалап, өздерінің амандығын ойлап, отаршыл-коммунистерге берілген үстіне беріле түсті.

Ұлтының қырылғанына жаны ашымақ тұрсын, шаш ал десе, бас алып көз жасын ағызып, сорлатты... Кеңес өкіметі жергілікті халықтың қалыптасқан шаруашылық ерекшеліктерін, ауа-райының қолайсыздығын еске алмады. Олардың бар мақсаты Ресей өкіметінің билігін күшейту, құлаған империяның байырғы беделін қалпына келтіру болды. Кеңестер Одағы 24 экономикалық ауданға бөлінді. Ортаазиялық ауданға Қырғыз,  Өзбек, Түрікмен, Тәжік автономиялары біріктіріліп, Қазақ автономиясы жерінің кеңдігіне  байланысты оқшауланып жеке қалды. Қазақ халқының жеке дара экономикалық аудан болуы көптеген қиыншылық әкелді. Орталық билік Қазақстанды азық-түлікпен қамтамасыз ету ауданына айналдырды.1930 жылдан бастап колхоздастырудың шығынына қарамастан Ресейдің ірі қалаларын азық-түлікпен қамтамасыз етті. 1931 жылы Москва мен Ленинград қалалары ет өнімнің 80 пайызын Қазақстаннан алды. 1930-1931 жылдардағы қуаңшылдықтан мал ауруға шалдығып қырыла бастады. Елдегі тамақтың тапшылығынан ашаршылық дендеп жатқанда жергілікті коммунистер ет пен балықты вагондап Ресейге жіберіп жатты. Халықтың    малын тартып алып Ресейге жіберу 1932 жылдың жазына дейін жалғасты...       

Жалпы 1918-1933 жылдар арасында Қазақстанда миллиондаған қазақтарға ашаршылық әкелген үш кезең болды. Бірінші ашаршылық 1918-1919 жылдары Азамат соғысы кезінде болды. Тұрар Рысқұлов Түркістан кеңестері сьезінде бұл жылдары қырылған қазақтардың саны 1 млн.214 мың деп көрсетті. Екінші ашаршылық 1921-22 жылдарды қамтыды. Оған себепші болған «азық-түлік салғырттығы» саясаты еді. Ашаршылықпен күрес коммиссиясы мүшесі болған Мұхтар Әуезовтың есебінде 1 млн.700 мыңдай адам қырылды. Үшінші ашаршылық 1931-1933 жылдарды қамтып, 1992 жылғы Парламенттік комиссия қорытындысы бойынша 2 млн.300 мыңнан аса адам қырылды деп көрсетілді. Бұл сол жылдардағы Революциядан кейін елде аман қалған қазақтардың 49%-ы еді.  Жығылғанға жұдырық. Мәскеу билігі елді жаппай ашаршылықпен қырғынға ұшыратқанымен қоймай, саяси террор жасап, ұлттың бар зиялысын құртуға кірісті. Биліктің қанды қармағына Алаш зиялылары ғана емес, Кеңес өкіметінің қызметіндегі бетке ұстар бар қазақ оқығандары ілікті. Оған 1937 жылдың шілде айында Сталин мақұлдап, Ежов пен Вышинский қол қойған НКВД мен прокуратура мекемелерінің  «тап жауларымен күресудің жаңа тәртібі» жөнінде нұсқаудың қабылдануы болды. Осы нұсқау негізінде халық комиссары Ежов 1937 жылдың 5 авгусінде №00447-ші нөмірлі бұйрық шығарды. Бұл бұйрық бойынша барлық қылмысты істер НКВД-ның қолына шоғырланып, оларға шексіз мүмкіншіліктер жасалды. «Халық жау-ларын» тұтқындау үшін ешбір рұқсат қажет еместігі баса айтылды. Ал тұтқынға алынғандар екі категорияға бөлінді. Бірінші категориядағы тізімге іліккендер атылуға, екінші категориялардағылар он жылға бас бостандығынан айырылатын болды. Кінәсіз деп ақтау жөнінде мүлде сөз жоқ. Ең басты сорақылық қанша «халық жауларын» бірінші, екінші категориялармен соттаудың керектігі Компартияның Орталық Комитеті бекіткен санға (лимитке) байланысты болды. Әр район, облыс, республикада қанша адам атылуы, айдалуы керектігі нақтылы көрсетілді. Коммунистер иісшіл иттердей «халық жауларын» тыным таппай іздеуге кірісті. Адам өлтіру жоспарлы науқанға айналды. Жабық «үштік соттар» күндіз-түні тоқтаусыз жұмыс істеді. Тұтқынға алынған кез келген адам бірден қылмыскер, «Халық жауы» болып есептелді. Қазақстан Компартиясы 1-ші хатшысы Мирзоянның қазақ «халық жауларын» ату үшін қосымша «лимит» сұрап Мәскеуге хат жазуы осының дәлелі. Халық комиссарлары – министр болған қазақ азаматының бірде-біреуі саяси репрессиядан аман қалмады. Олардың арасында өкімет басшылары Мұхамед-Канапия  Мырзағалиев, Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов және Санжар Асфендияров , Темірбек Жүргенов тәрізді министрлер болды. Мұхтар Әуезов Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Садуақасовтардай жастайғы достарынан айырылды. Жақын қарым-қатынаста жүрген Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиндей ақын-жазушылардың «халық жаулары» ретінде із-түзсіз жоғалғаны да жанына қатты батты.

 Коммунистер бар зиялының көзін жойды.  Отызыншы жылдар қазақ халқы үшін от пен судың, жоқтық пен аштықтың арасын ашқан рухани күйреу жылдары болды. Ыдырады. Алауыз болды. Басқаға жем болып, азып-тозды... Ұлы Дала тағы да қансырады.Кеңес өкіметі халықты тобырландыру үшін, ұлттың қайнар көзі ана тіліне де шабуыл жасады. Он жылдың ішінде жазу графикасын үш рет ауыстырып, бұқара халықтың миын ашытып сауатсыз етті. Коммунистік партия Қазақтың бар зиялы қауымын қырып жойған соң, ел билеу саясатында еш кедергісіз ойына келгенін істеді. 1940 жылы қазақты дүбәрәләндіріп, мәңгүрттендіру үшін халықпен санаспай кирилица әліпбиін қабылдатты. Бұқара халық бірден сауатсыздар қатарына қосылды. Өткен білім мен ғылым ескіліктің көрінісі ретінде діншілдікке, жат пиғылдыққа теңелді. Қазақ жүздеген жылдар жинақталып, дәстүрлі жалғасын тапқан рухани азығынан  айырылды. Көне тарихты жоққа шығарып, материалистік бағыттағы қоғамды дәріптеуді кеңінен қолға алды. Осындай қауіп-қатері көп кезеңнің өзінде Мұхтар Әуезов Абай эпопеясын жазуын тоқтатпады. Ол уақытта болыс, би болған адам жөнінде емес, сөйлеген сөзің пролетарлық тұрғыда болмаса жауапқа тартылып, түрмеден бірақ шығасың. «Халық жауы» болып қалғаныңды өзің де білмей қаласың. Мұхтар Әуезов өлім мен өмірдің арасындағы қыл көпірдің үстінде жүрсе де алған бағытынан қайтпады.  Азаттық үшін күрестің ұлт санасын серпітер жаңа түріне жол ашты.

Мұхтар Әуезов түрмеде отырғанда амалсыздықтан ашық ұлтшылдық бағытындағы шығармаларынан бас тартса да, Алаш идеясына қызмет істеуін тоқтату ойында да болған жоқ. Өлімнен аман қалған соң Азаттық үшін күрестің ауқымын кеңейтіп, қазағын әлемге танытуға кірісті. Қазақтай көне тарихты, ерекше мәдениетті ұлттың бар екенін көрсетіп, оның тарихтан  жоғалып кетпеуіне бар күшін салды. Көшпенділер мәдениетінің адамзат тарихындағы алатын орнын көрсетті. Абайдың бейнесімен қазақ ұлтының ешкімнен кем еместігін, ұлттық психологиясындағы адами қасиеттердің молшылдығын жазу арқылы халқына әлемнің бетін бұруды өзіне мақсат тұтты. Алаш зиялыларының ішінде Абайға ең жақын Мұхтар Әуезов болды. Бір елдің тумалары, ата-бабаларының қоныстас болуы, тектіліктері мен туыстықтары Мұхтар Әуезовты абайтанушы етті. Абай ілімдерінің  халыққа түсіндіріп, таралуына дәнекер болмасқа амалы жоқ еді. Бар өмірін қазақ халқының  азаттығына арнаған жазушы Абай ілімін күрес қаруына айналдырды. Ұлттық идея бұлағының кәусәр көзінің бітелмеуі үшін аянбай еңбек етті. Абайды қатыгез  заман қаһарынан қорғай отырып, ілім отының шоқтанып жануына қолынан келгеннің бәрін істеді. Оның ұлылығы заманауи өзгерістердің ертеңін күні бұрын көре біліп, соған қарсы әрекет жасауға дайындығында еді.Енді оның алдында ұлттық рухтың біржолата күйреуіне жол бермеу парызы тұрды.Қазақтың тарихын, өмір жолын Абай арқылы көрсету үшін жанаяспас майданға кірді. Абай шығармашылығының көшпенділер мәдениетінің айқын көрінісі екенін дәлелдегісі келді...

Мұхтар Әуезовтың өмірінде әсіресе творчествосында әйелдің алатын орны ерекше. Көркем, тарихи туындылардың дүниеге келуінде Кәмилә, Райхан, Валентина және Фатималардың да еңбектері бар. Кәмиләдан «Қарагөз», Райхан мен Валентинадан «Үйлену» мен «Сөніп жану» және басқа әңгімелері қалды. Ал «Қилы заманнан» бастап жазушыға дем беріп, шабыттандырған Фатима Ғабитова болды.

Мұхтар Әуезовтың жазылған барлық шығармалары тарихи нақты оқиғалар негізінде жазылды. Ұлттық бірлікке, азаттық үшін күрес жолындағы рух пен намысты көркем шығармамен көпшілікке жеткізді. Кейіпкерлердің аузына саяси мәселелерді салып, оқырмандарына ой салды. Бостандық, еркіндік үшін күреспейінше мақсатыңа жетпейтінін көрсетті. Үгіт-насихат, күрескерлікке тәрбие көркем бейнемен сипатталынып берілді. Бірақ, Мұхтар Әуезовты кейбір қаламдастарының көре алмаушылықтары қазақ әдебиетінің дамуына көп кедергі болды. Олар тіпті «Абай жолы» романының соңғы төртінші томын шығармауға тырысып, жан-жақты әрекеттер жасады. Әрине, бұған биліктің де астыртын нұсқаулары әсер етті. Зиялылар арасына от жағу коммунистік идеологияның ең сенімді, үйреншікті әдісі екені белгілі. Осының салдарынан болу керек, өкімет үйінің мәжіліс залында үш күн бойы «Абай жолының» төртінші томы ашық талқыланғанда бір қаламгер де Мұхтар Әуезовке «жә» деуге жарамады... Сөз сөйлеп, пікірлерін айтқан жазушылар романды сынаумен болды. Сын айту барысында өткен феодалдық, керітартпа күндерді көксеген, коммунистік тәлім-тәрбиеге қарсы, бұндай кітап халық арасына таралмауы керек деген үрдіс етек алды. Жиын коммунистік қоғамға бет алған көштің керуеніне «Абай жолы» романы кедергіден басқа еш пайда әкелмейді деген сарында өтті...Ол сенімсіздер қатарында жүріп-ақ қазақ әдебиетін аспанға шарықтатып, әлемге танытты. Өкімет өз басына жасай алмаған қиянатты ағайын туыстары жасады. Ағасы Разақты «Саяси сенімсіз» деп он жылға соттады. Бақылаудың шектен шыққаны сонша Әуезовтың аяғын қия бастырмай аңдыды. Кейбір санасыз әріптестерін пайдаланып сөз тигізді. Оның Бауыржан Момышұлынан браунинг тапаншасын сыйға алып, үйінде сақтауында үлкен сыр бар... Ол бүгінгі күннің қаншалықты неғайбыл болғанына қарамастан ертеңінен үмітін үзбеді. Ізгілікті құрмет тұтып, зұлымдыққа лағнет айтудан шаршамады. Мақсат пен мүдде, мұрат жолынан таймады. Ойымен, қаламымен азаттық үшін айқасын жалғастыра берді. Алаш идеясынан айныған жоқ. Елең-алаң, аласапыран, тұманы мен күмәні қалың өтпелі жылдары әділетсіздік пен озбырлықтың бет-пердесін ашып, ұлтын азаттыққа, парасаттылыққа тәрбиеледі.

М.Әуезов ұлтының тағдырына қатысты үлкенді-кішілі мәселелердің бәріне де белсенді араласты. Оны Семей ядролық жарылыс сынағы мәселелері де қатты қинады.  Ядролық жарылыстардың қазақ халқына зардабы жөнінде елде толығымен айта алмаған сөздерін 1957 жылы Жапонияда еркін айтты. Ядролық қаруға деген қарғысын дүние жүзіне естіртті. Жапонияның Хиросимо, Нагасаки қалаларында өткен ғылыми конференцияларда негізгі баяндамашылардың бірі болды. Қырық бес күнге созылған бұл жолсапар нәтижелі болды.Мұхтар Әуезовтың көп жылдық еңбегі жанып, 1949 жылы Кеңес Одағы Мемлекеттік (Сталиндік) сыйлығын, 1959 жылы Лениндік сыйлықты иеленді. Бұл атақ оған беделмен бірге жан-жақты мүмкіншіліктерге қол жеткізді. Ол енді жазушылар Одағының хатшысы ретінде Орталық Азия, Қап тауы халықтарының рухани дамуына шешіліп ат салысты. Түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын қорғады. Манас эпосының жойылып кетуіне жол бермеді. Татар ақыны Мұса Жәлелдің «Моабит дәптерінің» жарық көруіне өз үлесін қосты. Жас әдебиетші таланттарға қамқоршы бола білді. Шыңғыс Айтматовтың әлемдік деңгейге көтерілуіне жағдай жасап, көмектесті... Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевқа хат жазып, облыс орталықтарында қазақ театрларын ашқызды. Елдегі халық тұрмысына, оның ішінде өзінің жерлестеріне көңіл бөліп, шама-шарқынша жағдай жасады. Мағауия қызы Уәсилә мен Архам Кәкітай ұлына Абайдың тікелей ұрпағы ретінде мемлекеттік стипендия тағайындатқызды. Әрине күн көрістің шылауына еріп, нақты бағыт-бағдарын анықтай алмай, есі кеткен еліне қалай қол ұшын берерін білмей қиналған күндері де аз болмады...Мұхтар Әуезов шаршамай, шалдықпай үш жерде, үш түрлі ақыл-ой ошағында қызмет етті. Қазақ университетінде ұстаз болып, дәріс оқыды. Ғылым академиясында ғылыми жұмыспен, ал Жазушылар Одағында творчестволық қызметпен айналысты. Академик-жазушы Әуезов Халық депутаты ретінде елдегі өзекті-өзекті мәселелердің бәріне де белсене араласты.Алаш туы астында ұлт идеясын қалыптастырған Мұхтар Әуезовтың шығармаларының бірде-бірі тарих сахнасынан түсіп қалып, көмескіленген емес. Мұхтар Әуезовтың бар саналы өмірі – ұлт бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте өтті. Қиындықтан қорқып, пендешілікке салынып арманына опасыздық жасамады. Оның дәлелі жазған шығармалары. «Абай жолы» эпопеясы көшпенділер қоғамы жөніндегі шығарма ғана емес, адамзат тарихының үлкен бір белесі жөніндегі көркем туынды, қазақ өмірінің энциклопедиясы.  Ол Абай арқылы ой бұғауы мен таным құрсауында жүрген қазақ халқына өзінің рухани негізін, шынайы тарихын білгізді. Өлеңінен ой, дүниетанымынан өмірлеріне рухани азық іздеуге тәрбиеледі. Абайдың аузымен өз ойындағы сөздерді айтты. Ой-өрісін Абайдың көзқарасы, адами қасиеттерімен өрнектеді. Бес асыл ісін: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» өзіне өмірлік кредо қылып ұстады. Мұхтар Әуезов жазушылық творчествосыменен өзінен кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, ұмытылмас өсиет қалдырды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін Әлемдік классикалық деңгейге көтерді. Оның Ұлылығы өмірге жастайынан Абайша қарағандығында, Абаймен тұтасып, халқының болашағына саралы жол салуында! Мұхтар Әуезовтың әдеби мұралары ұлттық әдебиеттің ғана емес, бүкіл адамзаттың рух шыңдайтын асыл дүниелеріне айналды.Мұхтар Әуезов Алаш қозғалысының рухани аманатын көркем әдебиет арқылы келер ұрпаққа жеткізуші алтын көпір болып, Тәуелсіздік рухын бар қазақтың қанына сіңдірді.

                         Әміржан ӘлпейІсов,

                          Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия университетінің

профессоры

3043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз