• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

ТАРИХТЫҢ СОҢҒЫ САБАҒЫ немесе тағы да империя туралы   

Көзқарас

Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

АДАМЗАТТЫҢ ЕЛЕҢ-АЛАҢЫ

 Бүгінде әлемді аузына қаратып отырған америкалық Сэмуэль Хантингтон мен Фрэнсис Фукуяма сияқты ойшылдардың қисындарына сүйенсек, адамзат қазір өркениеттер қақтығысы дәуіріне қадам басқан. Бірақ, қараша, желтоқсан мен соңғы үш-төрт айдағы оқиғалардың өрбуін ескергенде бұл дәуірді қақтығыстан гөрі айқас кезеңі, тіпті тайталасушы жақтардың не бүк, не шік болуымен тәмамдалатын соңғы айқас дәуірі деп атауға болатындай. Бұл айқасты енді өркен жайып келе жатқан жаңа тұрпатты қоғамдық-адамгершілік қатынастар мен сонау адамзат баласы жаралғалы мұрты бұзылмай келе жатқан қаныпезер, қатыгез жүйе арасындағы шешуші күрес деп атасақ, қателеспейміз.

Уақыт, Замана жайлы әңгіме қозғағанда, Иса Байзақовша айтсақ, әр сөзіне «миллион сомдық» мағына-мән мен сезім сиятын өлең жолдарына жүгінген жөн көрінеді. Қазақ поэзиясында Дәуір тоғысын  дауылпаз Қасымдай терең тебіреніспен бейнелеген ақын кемде-кем. «Арпалыс ала құйын заманалар арбасып тұрып алды, мен не етемін» деп, ішкі сырын ақтарған лирикалық кейіпкердің тарих үкіміне, күштінің дегеніне көнуге мәжбүр шарасыз күйі елдің еліне, ердің еріне ортақ ахуал еді. Бірақ, кезінде жарты әлемге иелік етіп, дәурені жүріп, дәуірлеген Рим, Ғұн, Византия, Алтын Орда империяларының бүкіл болмысы, сән-салтанаты мен күш-қуаты энциклопедияларда бес-алты сөйлеммен тұйықталады, гүлге оранған астаналары мен шаһарлары құмға сіңіп, археологиялық зерттеу нысандарына айналады деген күпір пікір бағынышты жұрттардың ойына кірді ме екен?  Күні кеше ғана «күндей күркіреп» өткен жиырмасыншы ғасырға саясаттанушылардың «империялар қабірстаны» деп ат қойып, айдар таққаны бекер еместей. Ай астындағы әлемде боданы көп мемлекеттердің бүкіл ғұмыры, өсуі мен өшуі  «өзінен зор шыққанға» дейін ғана жалғасатынын  Осман түркілері, Британия, Франция мен Нидерланд құрған отарлық империялар айғақтаған жоқ па? «Халықтар түрмесі» атанған Кеңестер одағы мен Варшава шарты  да кіріптар ұлыстардың екпіні мен тепкінінен «мың күн сынбай, бір күн сынған шөлмектей» ыдырады емес пе?

Сөйтсе де қазақ әдебиеті классиктерінің бірі Сәбит Дөнентаев кезінде «Заман кімдікі» атты өлеңінде «Бұл заман байқағанға күштінікі//Азулы, тырнақты мен тістінікі//» деп жазғанындай, әлі күнге жуанның момынға, қалталының жарлыға тізе батыруы тиылмай тұр. Алайда қазіргі ахуал таң алдындағы қараңғылықтың қоюлануынан, елең-алаңнан белгі беретіндей. Адамзат таңының атуына, шынайы теңдік пен бостандық, бауырластық шапағының шашырауына көп қалмаған сияқты.

ЕКІ ДҮНИЕНІҢ

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ  ТЕКЕТІРЕСІ

Гитлерлік Германиямен арадағы соғысты жеңіспен аяқтаған Кеңестер одағы майдан алаңындағы қимылды идеялар тайталасына ауыстырды. Халықаралық саясатта «биполярлық әлем» ұғымы пайда болып, ол Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) мен Америка Құрама Штаттары (АҚШ) арасындағы идеологиялық күресті білдірді.  Ал, 1991 жылдың соңында Кеңестер одағы келмеске кеткеннен кейін  Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін іле-шала ұлы державалар арасында тұтанған идеологиялық текетірес оты өшкендей, екі қошқардың басы бір қазанға сыйғандай болды. Батыс пен Шығысты бөлген «темір қорған» құлаған соң көңіл демдеген қаймана жұрт Ресейдің импершіл райдан қайтатынына сенімді еді.

Бірақ, Герман империясының бірінші канцлері Отта фон Бисмарктің «Ресеймен жасалған шарттың құны ол басылған қағаздан да төмен» дегенін жадынан шығармаған Батыс саясаттанушыларының пікірі басқаша болды. Бұл кезеңде әсіресе Америка мен Англия университеттерінде Ресей империясы мен Кеңестер одағын зерттеу жолға қойылып, советология және кремленология деген ғылыми бағыттар бойынша іргелі зерттеулер жарық көрген-ді. Осы жолдардың авторына білмекке құмар студенттік шақта және кейінгі қызмет бабында солардың Мәскеу кітапханаларындағы кейбіреулерімен танысудың сәті түскен-ді. Әлемнің әр түпкірінде өрмекшінің ұясындай астыртын ұйымдар құрып, мемлекеттік және бизнестік құрылымдарға жансыздарын жымын білдірмей енгізе білген Кеңес билігінің түбінде өзі құрған торға өзі шырмалатыны жөніндегі дуалы ауыздардың пікірлерін сәуегейлікке балаған тұстарым болды. Алайда, Еуропа мен мұхиттың арғы бетіндегі сарапшылардың КСРО-ның күйрейтінін алдын ала болжаған еңбектері қолыма кеш тиді. Солардың бірі Элен Каррер д’Анкосстың (французша Hélène Carrère d’Encausse, қыз кезіндегі тегі Зурабишвили) «L’Empire éclaté» – «Ыдырағалы тұрған   империя» деген 1978 жылы Париждегі «Фламмарион» баспасында жарық көрген 320 беттік зерттеуі. Бірер аптада жүз мыңнан астам данасы сөре үстінен сатылып кеткен бұл кітаппен кейін орыс тіліне аударылып басылған соң танысып шығуға мүмкіндік алдым. 

Орта Азия мен Қазақстанды зерттеген  бұл ғалымның шығу тегі кім кімді де қызықтырары сөзсіз. Азамат соғысы кезінде әлемге тарыдай шашылған Ресей эмигранттарының, атап айтқанда грузин экономисі әрі философы Георгий Зурабишвили мен орыс ақсүйектері-граф Орловтардың тұқымы Натали фон Пелькеннің отбасында 1929 жылы Париж қаласында өмірге келген Элен Сорбонна университетін бітіріп, Саяси зерттеулер институтына жұмысқа тұрады. 1950-ші жылдары белгілі зерттеуші Александр Беннигсеннің жетекшілігімен советологияға ден қояды, Орта Азия республикаларындағы ұлтаралық қатынастарды, орыс патшаларының тарихын зерттей бастайды. Профессор Э.К. д’Анкосстың орыс тіліндегі «Евразийская империя. История Российской империи с 1552 г. до наших дней» атты толымды туындысы Мәскеуде 2010 жылы жарық көрген. Француз академиясының тұрақты (өмір бойына сайланған) хатшысы  Э.К. д’Анкосс 1992 жылы Еуропа қайта құру және даму банкінің кеңесшісі, 1994-1999 жылдары Еуропарламенттің депутаты болады. Элен Каррер д’Анкосс француз композиторы Николай Зурабишвилидің туған әпкесі,  Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвилидің немере әпкесі. Профессордың ұлы Эммануэль Каррер-Францияның белгілі жазушысы. 

Тоталитарлық кеңес империясының күйреуіне көп үлес қосқан профессор  Элен Каррер д’Анкоссты ғылым әлеміне жетелеген француз шығыстанушысы Александр Адамович Беннигсен  де осал емес. Әкесі - орыс офицері Адам Павлович Беннигсен. Балалар жазушысы Анна Борисовна Хвольсонның немересі, шығыстанушы Даниил Аврамович Хвольсонның шөбересі Александр 1913 жылы Санкт-Петербургта өмірге келіп, 1988 жылы Парижде қайтыс болады. Төңкерістен кейін Беннигсендер әулеті алдымен Эстонияға, кейіннен, 1924 жылы  Парижге қоныс аударады.  А.А.Беннигсен шығыс тілдерінің жоғары мектебін тәмамдайды. Немістер Францияны жаулап алғанда қарсыласу қозғалысының құрамында шайқасады. Оның қаламынан «The Evolution of the Muslim Nationalities in the USSR and their Linguistic Problems» ((КСРО-дағы мұсылман ұлттарының эволюциясы және олардың лингвистикалық мәселелері»), Лондон,  1961; «Islam in the Soviet Union» («Кеңестер Одағындағы Ислам»), Лондон-Нью-Йорк, 1967; «Muslim National Communism in the Soviet Union: a revolutionary strategy for the colonial world, coedited with S. Enders Wimbush» («Кеңестер Одағындағы мұсылман ұлттық коммунизмі: отаршыл әлемге арналған революциялық стратегия», редакциясы С.Эндерс Уимбушпен бірге), Чикаго, 1970; «The Islamic Threat to the Soviet State», with Marie Broxup» («Кеңес мемлекетіне исламдық қауіп», Мари Броксоппен бірге), Лондон, 1983»  атты кеңестік ислам тарихы мен тәжірибесіне арналған тамаша зерттеулер өмірге жолдама алған. Беннигсеннің еңбектері бұрынғы кеңес халықтарының тілдеріне әзірге аударылған жоқ. 

Біз өмірге араласқан 1970-1980 жылдары кеңес зерттеушілері Батыстағы әріптестерінің еңбектерінен бейхабар болды. Кітапханалардың арнайы қорындағы санаулы даналармен жеке рұқсаты бар зерттеушілер мен маманданған мекемелердің қызметкерлері ғана таныса алды. Уильям Черчильдің Фултонда 1946 жылы сөйлеген сөзінен кейін өріс алған қырғи-қабақ соғыс Батыс әлемін КСРО-ның экспансионистік саясатына жіті қарауға мәжбүрледі. Жекелеген ғалымдар Кеңестер одағының жаңа империалистік саясатын зерделеу нысанына айналдырды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары КСРО-ны зерттеу ауқымы кеңейе түсті. Heritage Foundation (Мұра қоры), Америка кәсіпкерлік институты, Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңес, Брукингс институты, Карнеги қоры, Ұлттық мүдделер орталығы, Американдық прогресс орталығы, Вашингтон стратегиялық және халықаралық орталығы, Корольдік халықаралық қатынастар институты (Chatham House) сынды американдық және британдық талдау орталықтары өндірте жұмыс істеді. Бірнеше  ғылыми және оқу орындары, атап айтқанда, Колумбия университеті, Оксфорд университеті, Лондон университеттік колледжі жоғары білікті мамандар даярласа, RAND корпорациясы, Statfor агенттігі сияқты құрылымдар билік орындары үшін аналитикалық материалдар әзірледі. «Америка дауысы», «Азаттық», «Неміс толқыны», ВВС радиолары осы мекемелердің талдама ақпараты негізінде насихаттық хабарлар жүргізіп отырды.  

КСРО идеологиясы Батыс ықпалына қарсы «мылтықсыз майдан» ашып, аяусыз күрес жүргізді, бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен пайдаланылған бұл шараларға журналистер, жоғары оқу орындарының қоғамдық пәндер оқытушылары, «Білім» қоғамының мүшелері жаппай тартылды. М.В.Ломоносов   атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Патрис Лумумба атындағы Халықтар достығы университетінде «кеңес шындығын буржуазиялық бұрмалауға қарсы күрес» деп ат қойып айдар тағылған ғылыми бағыт бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау қолға алынды. Бұл сала бойынша ағылшын және басқа тілдердегі әдебиетті талдай отырып, зерттеу жүргізген қазақ ғалымдары саусақпен санарлық еді, мен солардың үшеуінің көзін көрдім, үшеуі де өмірден өтті. Олар философтар Марат Сужиков, Маратқали Төлебеков, тарихшы Көшім Есмағамбетов еді. Қаймана қазаққа беймәлім ақиқатты ашып айта алмай, іштен тынып өткен ағаларымыздың жатқан жерлері жаннатта, имандары жолдас болсын, деймін.

 

  «Сәуір самалы»

Биполярлық жүйе көбесінің сөгілуін аузы дуалы көп жұрт КСРО-ның алғашқы әрі соңғы бірден-бір президенті Михаил Сергеевич Горбачевтің билік тұтқасын қолына алуымен байланыстырады. 1985 жылы Кеңестер одағы коммунистік партиясының наурыз пленумында партия орталық комитетінің бас хатшысы болып сайланған Горбачев бір айдан кейін, сәуірдің 23 жұлдызында алқалы басқосу өткізіп, өзінің саяси бағдарламасын жария етті. Тарихта «тағдырлы  пленум» аталған бұл жиынды журналистер қауымы «қайта құру қарлығашы», «сәуір самалы» деп атағаны есімізде. Бас хатшы ретіндегі алғашқы сөзінде Горбачев дәстүрлі түрде өзінен бұрынғы басшының бағытын жалғастыруға уәде берді. Бірақ бұған дейін Брежнев, Андропов, Черненко сияқты көсемдерді 2-3 жыл ішінде жер қойнына аттандырып үлгірген кеңес қоғамы жас та жігерлі Горбачевтан түбегейлі өзгеріс күтті. Сондықтан да Михаил Горбачев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған реформалар жоспарын жариялап, «қайта құру» бағдарламасын алға тартты. Пленумда жасаған баяндамасында өткен кезеңді «тоқырау» деп сипаттады. Жаңа бағыт кеңестік жүйені жаңғыртуды, экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық тетіктерге құрылымдық және ұйымдастырушылық өзгерістер енгізуді көздеді. Кеңестер одағының ТАСС-ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің қызметкері ретінде бұл пленум материалдарымен бастан-аяқ танысуыма тура келді. Горбачев баяндамасында «адам құқықтары» деген тіркесті кездестіргенім есімде. Осы ұғымның өзі-ақ алдағы өзгерістер ауқымын аңғартып тұр еді. Халықаралық сахнадағы осындай ұлы өзгерістердің бірі «Берлин қабырғасының» құлатылуы болатын.

Осы ретте Кеңестер одағының бодандығындағы қолжаулық Герман Демократиялық Республикасының (ГДР) билігі 1961 тұрғызған Берлин қабырғасы Еуропа мен бүкіл әлемнің екіге бөлінуінің, Шығыс пен Батыс текетіресінің, капитализм мен кеңестік үлгідегі социализм арасындағы күрестің бейнесі болды. Қабырға «социалистік жұмақтағы» немістердің Батысқа қашып кетпеуі үшін салынған. Батыс Берлинмен арадағы 155 шақырымдық шекара бетон қабырғамен, тікенек сымдармен, мина алаңдарымен, бақылау-өткізу пунктімен және қарулы ГДР сарбаздары бар бақылау мұнараларымен қоршалды. Бірақ, бәрі де Горбачевтің «үнсіз келісімі» арқасында 1989 жылдың 9 қарашасынан 10 қарашаға қараған бір түн ішінде өзгеріп шыға келді. Сол түні екі неміс мемлекетін бөліп тұрған қабырға құлады. ГДР басшылығының өкілі Гюнтер Шабовскийдің 9 қараша күні кешке Шығыс Берлинде теледидардан көрсетілген баспасөз мәслихатында ГДР тұрғындары енді дәл осы сәттен бастап Батысқа еркін кіре алатыны айтылды.  Отыз жылға таяу уақыт Шығыс пен Батыс Берлинді бөліп тұрған бақылау-өткізу пунктіне тек бір бағытта – Батыстан Шығысқа қарай мыңдаған адам ағылды. Қабырғаның құлауы екі Германияның  бірігуінің басы болды.

Бірақ бұл өзгерістердің бәрі қайта құрудың 3-4 жылының нәтижесі десек, артық айтқандық болар еді. Горбачевке дейін де «социалистік лагерь – Шығыс блогында» наразылықтар, азаттық қозғалыстары, тіпті көтерілістер болғаны белгілі. 1953 жылы ГДР-де, 1956 жылы Венгрияда, 1968 жылы Чехословакияда болған бас көтерулерді орыс танкілері аяусыз басып-жаншыды. 2013 жылғы ақпан айында «Қазақ газеттері» бірлестігінің сол кезеңдегі басшысы, марқұм Жұмабек Кенжалин, «Дала мен Қала» газетінің бас редакторы Сапарбай Парманқұлов және осы жолдардың авторы Польшадағы қазақ Елшілігінң кеңесшісі Асқар Абдрахмановтың бастауымен Германияның Одердегі Франкфурт қаласының «егізі» (Одер өзені ғана бөліп тұрған) Польшаның Слубицесіндегі халықаралық ғылыми конференцияға   қатысқан едік. Слубице мен Берлин арасы 100 шақырым  болған соң таңертең ерте жолға шығып, өз көлігімізбен Берлинді асықпай араладық. Тілге тиек етіліп отырған «қабырғаны», анықтап айтқанда оның ізін көзімізбен көрдік.

1721 жылы Петр Бірінші құрған Ресей империясының мұрагері, АҚШ-тың 40-шы президенті Рональд Рейган «зұлымдық ордасы» деп атаған КСРО 1991 жылы тарады. Жалпы, Горбачев билігі тұсында империяның бодан өлкелерінде 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан көтерілісі бастап берген отарлық билікке қарсылық күшейе түсті. Кеңес әскері Тбилиси, Баку мен Вильнюсте ойран салды. Атап айтқанда, 1991 жылы 13 қаңтарда кеңес армиясының десантшылары мен «Альфа» арнайы жасағының сарбаздары Вильнюстегі телеорталық ғимаратына басып кірді. Қарулы қақтығыс болып, бірнеше кісі қаза тапты. Литвадағы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндіріп, Кеңестер одағының көптеген қалаларында билікті тығырыққа тіреген митингілер мен шерулер өтті. Тағдыры қыл үстінде тұрған КСРО-ны Одақтық шарт қана сақтап қалатыны туралы көп айтылғанымен, іс ілгері жылжымады.  Көктем шыға, 1991 жылдың 5 сәуірінде сол кездегі либералдық «Известия» газетінде Германияның Эбенхаузеніндегі Ғылым және саясат қорының директоры, профессор Майкл Штрумердің шарт туралы мақаласы жарияланды. Бұл тақырып төңірегіндегі ойларымды іле-шала қағазға түсірдім, «Көн қатса қалыбына немесе империяның бүгіні мен ертеңі» атты мақала жазып, материалымды азат ойлы «Халық кеңесі» газетіне апардым. Бұл мақала біраз сүрленіп барып, 1991 жылы 11 тамызда, яғни Мәскеуде Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) 18 тамызда жасаған мемлекеттік төңкерістен бір апта бұрын «Көңіл қатса қалыбына: империялық озбырлық пен бодандық хақындағы түйткілдер» деген атпен жарық көрді. Мақалада Кеңес өкіметінің қас жауы деп есептелген англо-американдық және еуропалық  советология мен кремленологияның әйгілі өкілдерінің пікірлерін  бердім. Ал, төңкерісшілердің жолы болып кеткенде жағдайымның оншалықты жақсы болмайтыны түсінікті еді.      

Құрметті оқырман, қазіргі қалыптасып отырған ахуалдың мәніне бойлауға мүмкіндік бере ме деген оймен сол мақаланы сәл ықшамдап, назарларыңызға ұсынып отырмын.   

«Көн қатса қалыбына»

немесе империялық

озбырлық пен бодандық хақындағы түйткілдер»

«Cөйтіп, газет тілімен сөйлесек, «сәуірдің соны самалына« кеудемізді биыл осымен алтыншы рет тосып тұр екенбіз. Әңгіме кеудемізді билеген бір өкініш, бір үмітте емес, арты «құралайдың салқынына» ұласқалы тұрған «самалда». Хош, үйреншікті әдетке басып, тоталитаризм көбесі сөгілгелі бергі жеткен «жетістіктерімізді» таразылайықшы. Ең бастысы: таптық көзқарасқа негізделетін мемлекеттік идеологияны мансұқ еттік, жалпы адамзатқа тән құндылықтардың басымдығын мойындадық.

Жалпыхалықтық ортақ меншік те мүлде кеміп, нарыққа қарай өзгелермен бірге жеке меншік те қадам  басқалы тұр. Сонымен қатар, Орталық баспасөзге сенсек, «халықтар достығы», «интернационализм» сияқты сиқырлы сөздерден де әр кете бастаған. Ал «даңқты тарихымыз» ылғи ақтаңдардан тұрады екен. Сонда, Абай айтпақшы, «бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?».

Хош, кезінде біз, журналистер, қоғамтанушылар партия сарбазы саналдық, екі елі аузымызға төрт елі қақпақ қойып, «мықтылардың« айтқанына көніп, айдағанына жүріп, қызмет қылып-ақ бақтық. Көпшілігіміз әлі де осынау ләппай-тақсырлықтан арыла қойғанымыз жоқ. «Ұлттар абақтысында» біз жақсы мен жаманды айыра алмасақ, заман кінәлі шығар, ал ақиқат мәліметтер мен қоспасыз деректер қолдарына молынан тиіп тұрған шетелдік әріптестер біздің қоғам туралы не ойлайды екен деп, осы жолдардың авторы жетпісінші жылдардың  орта тұсынан ағылшын-американ советологиялық  әдебиетімен таныса бастаған-ды. Постиндустриялық (индустриядан соңғы) қоғам, конвергенция (кірігу), идеологиясыздандыру теориялары қаншалық қисынды болғанымен, бертіндегі Рум, Алтын Орда, Осман империяларының тағдырында тарихи заңдылық жатқанымен, әлемнің алтыдан бір бөлігін астына басып, төңірегіне ашқарақтана көз тастаған ұлы держава мәңгілік мызғымайтындай көрінетін.

Мәселен, саясатшыларымызға мәшһүр Збигнев Бзежинскийдің Советтер Одағында ұлт мәселесі 80-90 жылдары «Америка Құрама Штаттарындағы нәсілдік дағдарыстан да өткір сипат алады» деген пікірін өз басым құрғақ сәуегейлік санағанмын. Сондай-ақ  А.Беннигсен  мен Э.Уимбуштың «Совет Одағындағы ұлттық мұсылман коммунизмі, отар дүниеге арналған төңкерісті стратегия» кітаптарында келтірілетін мәліметтердің ақиқаты болғанымен, Б.Хаит еңбектері, Дж.Уилердің, М.Рывкиннің, Т.Раковска-Хармстоунның, Р.Пайпстың пікірлері көңілге  қонымды көрінетін. Осы авторлардың бәрі Орта Азия мен Қазақстанда мұсылманшылық коммунистік қысымға қарамастан өркендеп келе жатқанын, ұлтжандылық дамып отырғанын ашық жазды, совет аналитиктері, саясатшылары бұдан хабардар-тын. Меніңше, Колбиннің Қазақстанға келуіне осы шетелдік ғалымдардың «ескертпелерінің» әсері тиген сияқты. Ал егер социализм икемді әлеуметтік жүйе болып, жоғарыдағы пікірлерге сәйкес әрекет жасаса, қазақ халқының басым көпшілігі өз тілінен, дінінен мүлдем мақұрым болып, орыстанып кетуі мүмкін еді. (Аталған ғалымдардың біразы өткен жылдары Совет Одағында мейман болып, университеттерде дәріс оқығанын кейбір қырағы жандарға ескертіп қойғымыз келеді).

Қазір, міне, бүгіннің биігінен өткенді шола отырып, Батыс ғалымдарының бұдан он шақты жыл бұрын айтқан ой-пікірлері ішінара жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Ал, олардың қазіргі аумалы-төкпелі ахуалымызға көзқарасы қандай! Эбенхаузендегі ғылым және саясат қорының директоры профессор М.Штрюмердің «Известия» газетінде жария етілген пікірлерін (5 сәуірдегі нөмірі) келтіре отырып, осы мәселеге тоқтала кетейік. Профессордың ойынша, Ресей империясы 1917, 1941 жылдары тоз-тоз болып, ыдыраудың сәл-ақ алдында болған. Иілген, бірақ сынбаған. Совет Одағы қазір де дәл осындай күй кешуде. «Бірақ, - дейді Штрюмер – Россия ядролы ұлы держава қалпында қала бермек. ГДР-дегі сталинизмнің күйреуі, герман мемлекеттерінің бірігуі  империяның Шығыс Европадағы шаңырағын ортасына түсірді».  Бар назар, Штрюмердің пікірінше, қазір Балтық жағалауына ауған. Онда ірі  әскер күштері, авиация мен ракеталар шоғырландырылған. Мәселе орыс жерінің осынау пұшпағын уыстан шығармауда. Мұның бір амалы Одақтық шартты бекіту еді, бірақ Орталық кешігіп қалды,-деп түйеді ойын профессор. – Империяны сақтаудың кілті – Одақтық шартта».

Қазіргі ахуалдың 1917 жылмен тым ұқсастығы таң қалдырады. Төңкерістің нәтижесінде Финляндия мен Польша тәуелсіздік алды, ал А.Байтұрсынов пен Ә.Бөкейханов өз бағдарламасында «Ресейде демократиялық  республика құрылса, түбінде жеке бөлініп шығуды» мақсат тұтты. Осындай пікірді өзге ұлттардың  өкілдері де ұстанды. Ал егер ұсақ ұлыстар бет-бетімен тарап кетсе, байтақ Ресейде Мәскеу мен Тверь княздігінен басқа не қалмақшы? Империяны сақтап қалу үшін тоталитарлық билік, әлеуетті білек керек екені түсінікті.

«Қазір, - дейді батысгерманиялық профессор, - дәл сол әлеуетті білектің кезеңі басталды». Бұған, біздің ойымызша, Тбилисидегі, Вильнюстегі жазалаушы әскерлердің сойқаны дәлел. Ал халықты танктың күшімен біріктіру мүмкін емес, ел еретін мықты идеология қажет. Жетпіс жыл бойы табынған таптық көзқарастан айныдық, дедік жоғарыда. Ал мұның орнына не ұсынылмақшы? Империяның сақталуына мүдделі саясатшылар, ғалымдар бұл орайда түрлі құйтұрқыға баруда.

Мәселен, Одаққа мәшһүр депутат Александр Крайко «Неделя» апталығында жарияланған «Мы не можем жить друг без друга...» (!) деген мақаласында (түсінікті болу үшін орысша келтіріп отырмыз. – Ж.Б.): «...Советский Союз – это наследник царской империи и поэтому заслуживает участи всех колониальных империй старой Европы… На первый взгляд, вроде бы так» - деп мәймөңкелетіп алады да  – «Но была ли трижды проклятая нами царская Россия классической колониальной империей в том смысле, который мы вкладываем в это слово сегодня? То есть «высасывала» ли она все соки из своих окраин и развивалась ли она за их счет» - деп монтансиды. Халық қалаулысы қазақ жерінің ең шұрайлы бөлігінің келімсектерге берілуінен, Риддер мен Спасскінің байлығын орыс алпауыттарының аяусыз соруынан бейхабар болса керек. Қазақ халқы сол байлықтан бір тиын пайда көрді ме? «Ну а о том, что было в советское время, и говорить не приходится. Большую тяжесть все годы несло население России...» - дейді депутат ұялмай-қызармай. 1931-1932 жылдары қолдан жасалған аштықта Қазақстандағы орыс халқының тышқақ лағының тұмсығы қанап па? Қанаса, естір, оқыр едік қой. А.Крайконың айтқысы келетіні: Ресей империясы да, сталиндік Одақ та халықтарды аса қанамаған, ұлыстың бәрін тең көрген. Олай болса, миллиондаған келімсектерді Қазақстанға кім әкеліп төккен? Олай болса, қазақ мәдениетінің бесігі Арқа жерін кім орыстандырған, ұлт мектептерін кім жаптырған? Қазақтардың үлесі басым болып кетпесін деп, орталық мекемелердің мүдделерін желеу етіп жыл сайын мыңдаған славян ұлыстарын кім көшіріп әкелген? Біз бәріміз де жарлы болдық, кисек киімге, ішсек асқа жарымадық, - деп налиды А.Крайко. Ал Қазақстанның астығы, қойнауының байлығы қайда кетіп жатты? Сөйтсек, соңғы деректер бойынша, Совет  Одағының Варшава Шарты әскерлерін ұстауға қосып келген үлесі 90 проценттен асады екен. (АҚШ-тікі НАТО-да 50 процент -авт.). Яғни, біз әлемді қызыл империяға айналдыру үшін бар тапқан-таянғанымызды миллиондаған сарбазы бар Армияның, коммунистік режимдердің аузына тосып келдік.

А.Крайко өз пиғылын фактіні бұрмалау арқылы жасырғысы келіп, түлкібұлаңға салса, Мәскеудегі «Память», Алматыдағы «Единство» ұйымдарының өкілдері өз ойларын күлбілтелемей-ақ ашық айтуда. Отаршылдық  саясаттың күні бітуге тақау екенін білсе де білгісі келмейтін ұлы державашыл А.Мешков   «Собеседник» апталығында (1990 ж. № 48, «Беспомощная демократия») Орталықтағы оңшыл топ қазір басшылыққа алып отырған идеяны   «жайып салады». Өмірге Ресей өкілінің көзімен қарағансып, автор былай дейді: «Этот идущий по улице гражданин России с трудом понимает, почему повсеместное обретение экономического суверенитета должно привести к распаду единого российского государства(!), земли которого с таким трудом собирали наши предки. Он имеет природную смекалку, немного знает историю, чтобы судить о вещах здраво. Читает в газетах, как англичане и французы из кожи лезут вон, чтобы сохранить за собой Северную Ирландию и Новую Каледонию, и ему очень не хочется рукоплескать, когда он слышит о планах некоторых татарских неформалов чуть ли не восстановить Сибирское ханство и объявить Ермака разбойником(!). Человек с улицы начинает вспоминать, что и предки нынешних граждан США, и еврейские кочевые племена, ведомые Моисеем, тоже ведь изначально не заселяли свою нынешнюю Родину. Но не слышно, чтобы их потомки собирались уходить с этих земель». КСРО – орыс жері екенін, өзге халықтардың оны иеленуге, бөлінуге хұқы жоқтығын ескерте келіп, автор мынадай керағар пікір айтады: «Не оставаться равнодушным наблюдателем, когда душат право на самоопределение русскоязычного Приднестровья». Империяны сақтап қалу үшін, -дейді автор, – орыс қоғамдық ойының қос тармағы бірігуге тиіс. «Честные приверженцы гуманистических ценностей должны объединиться с честными русскими националистами». Біз ұлтшыл деген сөзден қорқамыз, ал А.Мешков болса, «орыстың адал ұлтшылы» деп мақтанышпен айтады. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» деген міне, осы.

Сөйтіп, империяға арқау болып келген, халықты екіге жарған таптық идеологияның   орнын патша самодержавиесінің мемлекеттік идеологиясының  сырт белгілері – казак әскерлерін құру, шіркеудің қызметін жандандыру, шовинизмді қоздыру, шет аймақтарды орыс жері-отечество санау  басатын тәрізді. Орыстың ірі мемлекет қайраткерлері, публицистері ұлы державалық шовинизмге бағдар ұстана бастағандай.

Қазір Орталық бар күш-жігерін Одақты сақтап қалуға жұмсауда. Казак әскерлері де, ұлтты қорғау комитеттері де, «Единство» да «жоғары жақтың» келісімімен, бәлкім, бұйрығымен де құрылып жатуы ғажап емес. Атамандардың  күшіне ене бастағаны туралы хабарлар республикалық баспасөзде де жарияланып жатыр. Яғни, баяғы патшалық самодержавиенің белгілері қайта түлеуде. Бұл аттап өтуге болмайтын факт. Сондай-ақ «Единство» өкілдерінің ұлт араздығын қасақана қоздыруға тырысатынына куә болудамыз. Осылай жалғаса берсе, мұның өзі ірі ұлтаралық жанжалға апарып соғары сөзсіз. Сондықтан, меніңше, келімсектердің жолына тосқауыл қойып, миграция туралы нақты заң қабылдау, сырттағы қазақтарды  молынан көшіріп әкелу жөн сияқты. Сондай-ақ республика орыс тілінің аясын бірте-бірте шектеген де дұрыс.

Дүниені үрей құшағында ұстап отырған империяның бүгін-ертең ыдырай қоюы екіталай. Әлі ондаған жыл бір өзеннің суын ішіп, бір қаланың шаңын жұтуымызға тура келер. Тек бүгінгі өзгерістердің куәгерлері- замандастарымыз Абайдың мына бір сауалына жауап бере алар ма: «...Өзі ер жетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Осындай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен? (Оныншы сөз). Осыны білгім келеді...». 

Бірақ, сәтін салғанда менің жорамалым жүзеге аспай, 5 айдан кейін КСРО тарап, әлем картасында жаңадан 15 тәуелсіз мемлекет пайда болды.                                      

Мақала жарық көргеннен бері 31 жылға жуық уақыт өтіпті. Былтыр қаңтар айында Ресейдің «сайында саяқ құрлы сая таппай», шетел асқан оппозиционер Алексей Навальный елге оралып, түрмеге тоғытылғанда империя тақырыбына қайта оралып, орыс тілінде жазған «На круги своя» атты мақалам «Мысль» журналының өткен 2021 жылғы №2 санында жарық көрді. «На круги своя» деген тіркес Інжілден алынған қанатты сөз, мағынасы «Көн қатса қалыбына» ұғымына барабар келеді. Енді соның қорытынды бөлігін алдарыңызға тартқым келіп отыр. «Завершающей мыслью той давней моей статьи в «Халық кеңесі» было утверждение о том, что «навряд ли можно ждать сегодня-завтра распада империи, держащей в страхе всю планету» («Дүниені үрей құшағында ұстап отырған империяның бүгін-ертең ыдырай қоюы екіталай»). И сегодня, тридцать лет спустя, остаюсь при том же мнении». Бұл жолғы әңгіме КСРО туралы емес, соның мұрагері – Ресей Федерациясы,  яғни бүгінгі Ресей империясы туралы болып отырғанын естеріңізге сала кетейін.

Өздеріңіз көріп отырғандай, Ресей империясы шайқалады деген ой былтыр көп жұрттың үш ұйықтаса түсіне кіріп-шықпағанына куә кісілердің бірі менмін.

 

Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз...

     

Тек жүрмейтін тентектің кебін сотқар жасөпірімдер ғана емес, тұтас бір мемлекеттер де киетініне ақпанның соңғы аптасынан бері куә боп келе жатырмыз. Бірақ, Сирияның елді мекендерін аяусыз бомбалап, дәнігіп алған басқыншы бұл жолы «мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылған тоқал ешкінің»  күйін кешетін тәрізді. Жарты ғасырдан астам бейбіт өмір кешкен Еуропа құрлығын танк тағы да таптап жатыр. Зымыран заманда жер қашық емес, агрессормен мыңдаған шақырым шекарамыз бар. Қасым ақын айтқандай, «Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.//Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,//Тулады толқын, шайқалды шың-құз…//Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз//». Ұрыс қимылдары демократия үстемдігі үшін қолынан кеген көмекті аямай жатқан  өркениетті әлемнің жіті назарында. Кезінде Ресейде жұмыс істеп, кейіннен түрлі себептермен Америкаға қоныс аударған Дэвид Саттер, Эрик Ширяев, Андрей Пионтковский, Юрий Швец және басқа аналитиктер күн сайын эфирге шығып, майдан даласындағы ахуалға қатысты әлем елдері ұстанған саясаттың ұңғыл-шұңғылдарын түсіндіруде.

Осы мамыр айының орта тұсында американың беделді «New York Times» газетінде  жарияланған Йель университетінің тарих профессоры, фашизм, тоталитаризм және Еуропа тарихы туралы көптеген кітаптардың авторы доктор Тимоти Снайдердің «Біз мұны айтуымыз керек. Ресей фашист» («We Should Say It. Russia Is Fascist») атты мақаласы көзіқарақты жұртшылықтың назарын аударды. Енді соның түйінді тұстарына назар салайық. «Фашизм ешқашан идея ретінде жеңілген емес... Екінші дүниежүзілік соғыстың ұрыс далаларында ғана фашизм жеңіліске ұшырады... Бұл жолы фашистік қырып-жою соғысын жүргізіп жатқан ел – Ресей. Ресей жеңсе, дүние жүзіндегі фашистер бөркін аспанға атады...  1930 жылдардағыдай, бүкіл әлемде демократия кері шегінуде және фашистер көршілерімен соғысуға көшті. Егер Ресей Украинада жеңіске жетсе, бұл демократияны күшпен жоюды ғана білдірмейді... Кремль Украинаны жасанды мемлекет ретінде анықтап отыр...».

Ресей басшылары мен қосшылары тарихтың соңғы сабағынан тағылым алмағандай.  Дума депутаттары жел берген Жириновскийден бастап, Соловьев, Киселев, Симонян мен Кеосаян қоштаған  ресейлік саясаткерлер Қазақстан мемлекеті 1991 жылдан кейін құрылғанын, дербес ел болмағанын, қазақтың жері жоқтығын жарыса жазып, ендігі әскери операция кезегі Қазақстандікі деп даурығуда. Бірақ, қазіргі ахуал бұл көріпкелдер үшін «байтал түгіл бас қайғы болатынын» көрсетіп отыр. 

Ғаламдық экономика мен саясат тамырын ұстаған дуалы ауыздар келесі жылдың алғашқы жартысында-ақ әлемде ұлы өзгерістер болатынын жария етуде.

 

Мәшһүр Жүсіптің  көрегендігі       

  Баспасөз деректеріне сүйенсек, сопылардың соңғы ұрпағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев 1931 жылы жер қойнына тапсырылады. Өзінің өліміне 10 жыл қалғанда, 1921 жылы бар туыс-тумасын жинап, бір жерді анықтап көрсетіп: «менің мазарымды осы жерден қазыңдар. Мені жатқызып емес, отырғызып жерлеңдер. Әлсін-әлсін хабар алып тұрыңдар, менің денем 40 жыл бойы бұзылмай сақталады» деген екен. Мазар дайын болған соң алыс-жақын ағайын-ауылын жинап, көзі тірісінде өзінің жаназасын шығарып, құрбан шалып, ас бергізеді. Мұның себебін сұраған ауылдастарына: «жетпіс үшке шыққанша балталасаң да өлмеймін. Жетпіс үшке шыққан соң сұрасаң да тұрмаймын. Мен өлген соң қатты әлсірейсіңдер. Ас беріп, жаназа намазымды оқытпақ түгілі, бақа-шаян теріп кетесіңдер», - деп 1931 жылғы ашаршылықты күні бұрын болжаған екен. Расында сопы жан тапсырған соң әлсіреген туыстары әулиенің мәйітін дайын мазаратқа әрең апарып жерлейді. Мәшекең туралы деректерді жинастырып жүрген мен 2000-ші жылдардың басында әулиенің жатқан жеріне тәу етіп, түнеген едім.

Мәшһүр Жүсіптің заманымызға қатысты болжамдары расталып келеді.  Әулие былай депті: «Жұт келеді. Қалың қазақ қырылады. Жұттан аман шыққан ел 70 жыл құдайсыз қоғамда өмір сүреді. Одан кейін елді 30 жыл ұры-қарылар басқарып, былықтырады. Осының бәрінен өткен соң ғана қазаққа қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туады».

 Сол заман жақындап қалғандай. Бүгінде әлем жұртшылығы мансұқтап жатқан орыс әдебиетінің көрнекті өкілі  Федор Тютчев аласапыран сәттер туралы «Блажен, кто посетил сей мир,//В его минуты роковые» деген екен. Қазақшаласақ «Әлемнің тағдырлы сәтін көрген жан бақытты». Біз қазір нақ осындай кезеңде өмір сүріп жатырмыз.

Қасым ақынның «Адамзат сапарының мейманымыз,//Бір мезет жер бетіне кетер соғып» деген өлмес өлең жолдары бар. Айтқандай-ақ адамзат сапары мәңгілікке жалғасуы үшін ядролық қаруын оңды-соңды кезенген агрессорлар ауыздықталуы керек. Әлемнің адал ниетті жұртшылығының тілейтіні де сол.

2685 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз