• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

ҚАЗАҚТЫҢ АТАҚТЫ АЙБЫНДЫ БАЙЫ МЕДЕУ ҚАЖЫ ПҰСЫРМАНҰЛЫ

Атамекен ардақтылары

Бүгінде атағы дүние жүзіне мәлім «Медеу» мұз айдынын әлем мойындағалы қашан. Мұнда жолы түскендер табиғат ғажайыбына таңқалып, саф ауасын жұтып, сан алуан суретіне жанарларын суарғандар «тағы бір оралсақ» деген арманда аттанады. Содан да бірінен- бірі естіп, «Медеуге» жеткенше асығатын отандастарымыз ғана емес, шетелдіктердің де қарасы жылдан жылға көбейе түсіп отырғанының куәсіміз. Әйткенмен, есімін спортттық рекордтар мекені еншілеген қайраткердің кім екенін, мұз айдынының неге «Медеу» аталғанын, сыртқы жұртты былай қойғанда, өз елімізде де көпшіліктің тап басып айта алмайтыны шындық. Тіпті, білетіндерінің өздері де Медеу есімді адамның өткенінен ғана хабардар, бірақ оның қаншалықты рас екеніне көздері жете қоймайды.

Биыл туғанына 172 жыл толатын,  өз  заманының  маңдайалды ағартушысы, майталман кәсіпкер, әрі меценат Медеу қажы Пұсырманұлы туралы бұрмаланған тарихи деректер мен ұшқары пікірлердің шындықты білетін қауымның жанына бататыны түсінікті болса керек. Мәселен, осы шатқалға «Медео» деген қисық-қыңыр атау 1920  жылы  әскери  қызыл  комиссар Д.А.Фурмановтың бұйрығы бойынша беріліпті. Ал, замана қайраткерінің ұйымдастыруымен және тікелей араласуымен өсірілген еменді тоғай келмеске кеткелі қашан. Бұл аздай, Алматының символына айналған «Медеу» сияқты әлемдік деңгейдегі спорт кешеніне аты берілген азамат туралы Кеңес заманында аққұла бұрмалаушылықтар орын алды. Айталық, сол тұста М.Лермонтов атындағы театрда «Мятеж» пьесасы қойылады. Жаңағы сахналық қойылымда оның авторының Д. Фурманов екенінің ауызға алынбағаны былай тұрсын, Қазан төңкерісінен 10 жыл бұрын қайтыс болған Медеуді тұтқындаудан В. И. Лениннің телеграммасы құтқарып қалғандай бөстіртпе, көрерменнің көзін байлайтын.

Осыларды айта отырып біз, әлбетте, бұл жайында бұған дейін жазылмады деген пікірден аулақпыз. Медеу қажы атаның ұрпақтарының және зерттеуші қаламгерлер мен тарихшылардың елжанды азаматтың өміріне қатысты әділеттілікті қалпына келтіру жолында бірқатар іс тындырғаны жақсы мәлім. Дегенмен, ұлттың біртуар тұлғасының айтулы мерейтойы жылында «Медеу» атауына байланысты әңгіменің анық-қанығын жұртшылыққа тағы бір жеткізудің қажет екеніне де күмән жоқ. Сондықтан қолымызға қалам алғанда, Медеу қажы Пұсырманұлын білетіндердің пікірлерін тыңдаумен қатар, бұған шейін жазылған құжаттық материалдарды ақтарып, нақты деректерге арқа сүйеуге тырыстық. Бұл орайда Медеудің туыстық айналасының ол жайында газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде жарияланған естеліктерінің және зерттеуші қаламгерлердің мақала- лары мен эсселерінің құндылығы ерекше. Әсіресе, есімі жаһанға жария азаматтың туған інісі Батырбектің ұлы Мүштай ағаның, немересі Қазима Айдарбекқызының естеліктері мен журналистерге берген сұхбаттары мол мағлұмат береді.

Сондай-ақ, белгілі қаламгерлер Нағашыбек Қапалбекұлы («Атадан қасиет, бабадан өсиет»), Бейбіт Сапаралы («Адалбақан») мен Мұхаметжан Етекбаевтың («Қызыл ала жолбарыс») шығармалары және «Алматы тарихы», «История Алматы в документах» энциклопедиялық кітаптары біздің кейіпкерімізге қатысты бірқатар маңызды жайлардың бетін ашып, Медеудей тұлғаның қоғамдағы орны мен рөлін жете пайымдауға көмектеседі. Бұған қоса кезіндегі белгілі қоғам қайраткерлері мен зерттеушілер А.П.Зеньков, В.Е.Недзвецкий,  А.А.Горячева және басқалардың еңбектері де айтар сөзіміздің бағыт-бағдарын сілтейтін өзіндік бір құбылнама іспетті. Демек, біз сүйенетін дерек көздері мен архивтік құжаттарда ер азамат Медеу қажы Пұсырманұлының елге сіңірген ерен еңбегінің жарқын айғақтары деуге әбден лайық.

 «Сұрасаң арғы атамды ер Пұсырман...»

Асылы, қай адам туралы әңгіме бола қалса да, алдымен сөз тиегі оның туған ұясы мен өскен ортасы туралы ағытылар еді. Қолда бар құжаттар мен материалдар Медеудің Шапыраштының бір бұтағы Есқожадан тарайтынын көрсетеді. Ал, Есқожаның Алысай, Алтынай, Шуаш атты үш ұлы болған. Олардың бәрі де адал еңбегімен өз ортасында сыйлы, айтқан сөздеріне ел тоқтаған азаматтар екен. Дегенмен, осы үш ағайындының ортаншысы Алтынай өз қатарынан оқ бойы озық, алқалы топта сөз бастайтын абыз ретінде өзгеше ардақталады. Медеудің бесінші атасы Болайды ел осы Алтынайдың бәйбішесінен туған алты ұлдың кенжесі деп таниды. Ол да жасынан пысық болып, замандастарының сол тұстағы нашар әдет  –  ел қыдырып, бостан-босқа салпақтау- дан арылып, тіршілік үшін қам-қарекет жасауына мұрындық болады. Өз басы диқаншылыққа кірісіп, осы кәсіптің қыр-сырына ауылдастарын да баулиды. Оның аузынан шыққан сөзінің айтылған жерде қалмай, игілікке асатынын көрген жұрт Болайға сенім артып, «соңынан алаңсыз ерген» деп сыр ашады ескіден жеткен аңыз.

Тегіне тартып туған Болайдың бес ұлының ауыз бірлігін төңірегі сүйсіне тағлым етіп, олар қарындас қазағы ғана емес, қоңсылас қырғыз елінің арасында да қонақжайлығымен, жомарт та жайсаң мінездерімен құрметке бөленеді. Ал, енді шежіренің Медеуге қатысты тармағынан сыр тартып көрсек, Болай атаның кенжесі – Шақадан Жайықбай, ал одан Құл атаның туатынына қанығамыз. Медеудің әкесі Пұсырман – осы Құлдың баласы. Ел аузындағы аталы әңгімеде Пұсырманның батыл да қайсар болмысы жайында ерекше айтылады. Бұл әңгімелердің ұрпақтан ұрпаққа жетуінің тағы бір кілті, оның өзімен түйдей құрдас, атақты Сұраншы батырға сенімді серіктес, қарулас дос болғанында жатса керек. Сөз орайында Сұраншы батыр мен оның серіктерін ізерлей зерттеген М. Етекбаевтың пікіріне құлақ салған жөн: «1851 жылы орыс әскері Іледен бері өтіп, Қоқандар жайлап алған Таушелек бекінісіне шабуыл жасайды. Сұраншы батыр да өзінің сенімді серіктері Сарыбай, Жолашар, Жантүгел, Диқанбай, Сүттібай, Тәкім сияқты батыр сарбаздарын ертіп осы ұрысқа аттанады. Орыс әскерлерімен тізе қосқан батырлар Қоқан басқыншыларына ойсырата соққы береді. Жеңіспен елге қайтқан жолда олар жараланып жатқан Пұсырман Құлұлының үстінен түсіп, білетін ем-домдарын жасап, бірге ала жүреді. Жорық жолындағы осы таныстықтан соң, Пұсырман мен Сұраншы батыр айнымас досқа айналады».

Мұндай өзара сеніскен адал достық сол бір мазасыз, жаугершілік заманда өмір сүрудің қажетті бір шарты десе болғандай. Көрші елдер біріне-бірі найза кезеп, тоқтаусыз ұрыс-талас тұрмыс салтына айнал- ған кез еді ол. Қоқандықтар қолтығына дым бүріккен Орманханның жасақтары да қазақ ауылдарына оқтын-оқтын ат қойып, тыным бермей тұрса керек. Тарихтан мәлім Қарғалы, Карақыстақ төңірегіндегі қиян-кескі ұрысқа батыр сарбаздарымен бірге Сұраншы да қатысады. Ол бұл жолы орыс әскерінің капитаны С. Ряблевтің жасақтарымен қатар тізе қосып, аянбай шайқасады. Ұрыстарда Сұраншы мен Пұсырманның жанпида ерлігі, дұшпаннан амалын асырған айлакерлігі, жүрек жұтқан батылдығы елдің көзіне ерекше түсіп, аттары ауыздан ауызға көшіп, өнегелі аңызға айналады. Ел аузындағы «Есіл ойжелке Пұсырман ер» секілді талай аңыз-әңгімелер сол ескіден жеткен ерліктің бір ғана естелігі. Сұраншы екеуінің бір-бірін ажалдан қалай аман алып қалғаны, өжеттігі мен жарасымды әзіл-қалжыңдары жеткізетін зерделі сөз ұрпақтан ұрпаққа асыл аманаттай жалғасуда. Қос батырдың ерлігі мен достығы туралы Пұсырманның шөбересі Қауар (Гаухар) Шағатаеваның төмендегідей шумақпен ширатылатын өлеңін бұл өңірде білмейтін адам кемде-кем:

Сұрасаң арғы атамды ер Пұсырман, Жақсы болмағы адамның пиғылынан. Ойна, күл жас күніңде деп айтамын, Пайда жоқ өлгеннен соң жиған малдан...

Пұсырман ер өмір сүрген дәуірдің аумалы-төкпелі, қантөгісті болып, жырмен толғаған ақындардың мұңға толы мұрасына қарай, оның зарзаман атанған кезең екені мәлім. Алты алаштың аспанын- дағы Күнді қызғанып, оны қызылала шапанымен көлегейлемекке жанталасып, батыста қоқандықтар отырды. Халықтың сақтығының«қалғыған» кезін қалт жібермей баққан күнгейдегі қырғыздар да есесін жібермей, елдің еңсесін басуға жанын салады. Мұндай басқыншылыққа дер шағында қарсы айбат көрсетпесе, егескен жаудың әбден басқа шығып, «төр менікі» деуден дәмесі зор болатын. Бұл да аз де- сеңіз, қару-жарағымен қоқаңдаған қара шекпенділер, орыс казактары оңды-солды жөңкіле жортып, елді де, жерді де тонауын тоқтатпады. Осындай қилы кезеңде Пұсырман ер қанша жараланса да қоқандар- мен де, қырғыздармен де, орыстармен де ашық майданда арыстандай айқасады. Сөйтіп, аңдысқан жау бес қаруын сақадай сайланып, қауіп-қатерге бас тігіп келсе де Пұсырман бастаған қазақ қолын бетпе-бет майданда жеңе алмаған. Бірақ, адам баласына тән іштарлық пен қызғаншақтық ұлы Абайдың «қайран қазағына» да жат емес болатын. Іштен қитыға шалып, сырттан қарауылға алған ағайынның жаптым жала, жалған арызымен абақтыға қамалып, Сібірге жер аударылады. Ақ патша билігінің қазақты біріне-бірін айдап салу саясаты бұл жерде де көздеген нысанасына жеткізді. Әйтеуір, ел-жұртқа ықпалы күшті Сұраншы батыр Алатау округының басшысы генерал Г. А. Колпаковскийге қайта-қайта хат жазып, кісі салып жүріп екі жылдан соң ғана қарулас досын айдаудан босаттырып алады.

Отаршылдар үкіметі қанша шалқайғанымен, қазақ батырының өтінішімен санасуға мәжбүр болатын. Бұған қоса олар қарауындағы жұртқа осылайша жақсы көрініп, алдаусыратып ұстауға тырысты. Амал қайсы, патша билігі үшін кешегі жасаған жақсылығыңды ұмыта салудың түкке тұрмайтынын халқымыздың бас көтерер азаматтарының біле тұра төзімділік танытуларына тура келген. Сол қитұрқы саясат кеңес үкіметі тұсында да, оның көсемдерінің ант ішіп, сендіргеніне қарамастан, бұрынғыдан асқынбаса, азаймады. Алаш арыстарының жан түршіктірер тағдырлары мұның нақты дәлелі. Пұсырман ер де отаршыл үкіметпен қарым-қатынаста басқыншы үкіметтің барған сайын күшейген қыспағына қанша қаны қайнаса да, ертеңгі бостан күнге деген үмітін үзбей, шыдамдылық көрсетуіне тура келеді. Олар елдің де, жердің де иесі түптің-түбінде қазақ екенін әрдайым есте ұстап, ақжарылқап арманға жетудің бір жолы – халықтың жаппай сауатын ашып, оны алдағы бітіспес күреске дайындау деп білді.

Сол кезеңде Кіші Алматы өзенінің бойындағы қазіргі Республика сарайының төңірегінде қазақ қыстауы өркен жая бастайды. Орыс әскерилері 1854 жылы аталған елді-мекеннің жанынан бекініс салмақ ойда болады. Ұлы жүз қазақтарының приставы, майор М.Д.Перемышльский жаңағы бекіністің орнын белгілемес бұрын қазақтың ел арасында беделді үш батыры Сұраншы, Пұсырман және Диқанбайды қонаққа шақырып, жомарттық танытады. Онда да өз ойын ашып айтпай, әккілігіне басып, «ауыл болуға лайықты жер қараймыз» деп алдаусыратады. Үй иесінің түпкі, арам ниетін аңдамаған батырлар қазақ ауылына лайықты деген ең бір нулы да, сулы жерді көрсетеді. Сөйткен «ауылдың» орыс әскеріне арнап салынатынын кеш естіп, есіл ерлер ауыр қапаға батады. Кейін олардың «ата-бабаларымыздың бейіті бар, әруақтарға обал болады» деген сөздерін патша офицері елей қоймайды. Керісінше, болашақ бекіністің жергілікті жұрт үшін пайдалы болатынын, құрылыстың бейіттен аулақ жерден салынатынын айтып, алған бетінен қайтпайды. Шындығында, соңғы жылдардағы археологиялық қазбалар бейіт бар жерде міндетті түрде елді-мекен болатынын, ал жаңағы орында, тіпті шет жұртқа бағзы замандардан мәлім Алматы деген шаһардың ірге тепкенін дәлелдеп отыр.

Сонымен, 1854 жылдың жазында кейіннен Верный аталатын Іле бекінісін салу жұмысы басталып, оған Кіші Алматы өзенінің жоғарғы шатқалынан есепсіз қарағай қырқылып, тасылады. Болар іс болған соң, кекті ызадан іштен тынған қазақ азаматтары енді орыстың зиялы қауым өкілдерімен танысып, осы сыйластықты білім мен мәдениетті дамытуға пайдалануға тырысады. Пұсырман сегіз жасар баласы Медеуді орысша оқуға береді. Тумысынан зерек ұл орысша және мұсылманша оқуды қатар меңгеріп, жап-жақсы білім алады.

 Қала келбетінде қолтаңбасын қалдырған

Пұсырмандай қайраткер әке тағлымының Медеудің ерте есейіп, от басы, ошақ қасында тұсалмай, ел қамын ойлаған азамат болып қалыптасуындағы орны ерекше. «Басында әке айтпаса, ақыл жарлық, Ағайын табылмаса, ой саларлық», – деп ұлы Абай жазғандай, тағдыр оған жомарт екен. Медеу көзі ашық, көргені көп ортада, Жетісу губерниясы Верный уезінің Кіші Алматы болысының №3 ауылында (қазіргі Іле ауданы М. Түймебаев атындағы ауыл) 1850 жылы 10 тамызда дүниеге келеді. Әкесі Пұсырманның ықпалымен жоғарыда айтқанымыздай, орысша да, мұсылманша да сауатты, озық ойлы адам болып ержетеді. Ал, оның туған елі мен жеріне сіңірген еңбегінің замандастарының ризашылығына бөленіп, ауыздан-ауызға таралатын кезі, әрине әлі алда болатын.

Медеу өзінің ерекше еңбекқорлығы мен іс тетігін танығыш біліктілігінің және бір ғана бүгінгі күнмен шектелмей, нендей шаруаны бастаса да оның ертең баянды болатынын болжап біле алуының арқасында мол дәулетке ие болады. Осыған байланысты мынадай да аңыз айтылады: «Жүйрік атына мініп, қаладан шыққан бабамыз Мыңжылқыдағы ауылына келе жатады. Жолай аппақ сақалы белуарына түскен қария кездеседі де мінгестіре кетуін өтінеді. Медеу қарияны мінгестіріп алып, Тастұмсыққа жете бергенде жаңағы ақсақал: «Мал мен басың аман болсын, балам! Ел бірлігін сақтасаң, тілегіңе жетесің, дәулет бітіп, басыңа бақ қонады», – деп ғайып болады. Ауылға жете қой сойып, құрбандық шалған атамыздың содан бастап-ақ дәулеті мен берекесі артады. Өсірген асыл тұқымды жылқысы мен сиырлары сонау Қапшағайдан Мыңжылқыға дейін қаптай өріп жүреді екен.

Медеу қажы Пұсырманұлының қала құрылысына атсалысуы 1887 жылғы зілзаладан кейін басталады десек қателесе қоймаспыз. Қаланың көптеген тұрғындары таңғы шырт ұйқыда жатқан қалыптарын да орасан зор апатты бастан кешеді. Тарих деректеріне қарағанда, қарағайдан салынған үйлерден басқасы толықтай дерлік қирайды. Сондықтан әскери губернатор келешекте үйлерді ағаштан ғана салуға бұйрық шығарады. Мұндай шешімнің дұрыс болғанын 1889 жылғы төрт күнге созылған жер сілкінісі көрсетеді. Осындай зілзала кездерінде зардап шеккендерге көмек қолын алғаш созғандардың алдыңғы қатарында Медеу қажы атамыз да болған.

Он тоғызыншы ғасырдың 90-шы жылдары Верный уезіндегі Кіші Алматы болысын Медеу бабамыз басқарған тұста іргелі құрылыстардың басым бөлігі осы аймақта бой көтеріп, кісі қызығарлықтай қанат жаяды. Қазіргі дүние жүзіне әйгілі мұз айдынының орнында Медеу қажы Пұсырманұлы әулетінің жайлауы көсілген. Қала құрылысына белсене араласқан Медеу атамыз Жетісу губернаторының атына хат жазып, Кімасар аңғарынан бірнеше ағаш үй салуға және құрылысқа қажетті ағаш алуға рұқсат сұрайды. «Алматы қаласы- ның архивтік құжаттарының арасында Кіші Алматы болыстығының Верный уезіне қарасты 3-ші ауылдың ауылнайы Медеу қажы Пұсырманұлының Жетісу губернаторына жазған өтініші сақталған, – деп жазады өз естелігінде ғалым аға, профессор Мүштай Батырбекұлы («Түркі әлемі» №1 (84) 2009 ж. ) Әңгіме былай болған еді: 1887 жылғы 28 мамырдағы жер сілкінісі тастан тұрғызылған Верныйды қатты бүліншілікке ұшыратқаны мәлім. Осы апат кезінде Қалыңтөбе (Мохнатая сопка) маңында таудан тас құлап, Үлкен және Кіші Алматы, Есентай (Весновка) өзендері қатты тасиды: 322 адам көз жұмып,1793 үй үйіндіге айналады. Тасқын генерал Г.А.Колпаковскийдің «Медеудегі» саяжайын да тас-талқан қиратады. Қаланың жер сіл- кінісінен қираған бөлігін қайта қалпына келтіру мақсатымен архитекторлар ендігі үй-жайды ағаштан, ішінара кірпіштен көтеру керек деген ұйғарымға келеді. Міне, осындай дүрбелең сәттерде Алматы төңірегіндегі орманды жаппай қырқып алу басталады. Оған қарсы қарулы күзет қойылатын уақыт та осы кезең».

Белгілі қаламгер Б.Сапаралы өзінің зерттеу еңбегінде Медеу қажы Пұсырманұлының аталмыш өтінішін сол қалпында келтіреді: «№3 ауыл қоғамының осы жылғы 3 январьдағы үкімінде айтылғандай, Кімасар аңғарының бойындағы генерал Г.А.Колпаковскийдің құлап қалған саяжайының қасына ағаш үй тұрғызсам ба деймін. Жоғарыда айтылған орында ағаш үй салуға рұқсат беруді, мәртебелі тақсыр, өзіңізден өтіне отырып, сол үшін де 1897 жылы 20 түп ағаш сатып алғанымды, олардың құрылыс қажетіне дайын тұрғанын және ескерткім келеді...». Осы өтінішке орай, губернатор Верный уезінің басқармасына төмендегідей ұйғарымын жолдаған: «Кіші Алматы болысы, №3 ауылдың, яғни сіздің қарамағыңыздағы уездің қырғызы (қазағы – Б. С. ) Медеу Пұсырманов менің атыма жазған өтінішінде генерал Г.А.Колпаковскийдің саяжайы тұрғызылған орынға таяу маңда, Кімасар аңғарына маңдай тірер тұстағы кордондық панада (шекара күзетінде, я тосқауылда тұратын отряд тоқтаған жерде) ағаш үй салу үшін жер бөлуді өтініпті. Барша жайларды айта отырып оған, яғни, М.Пұсырмановқа хабарлауыңызды өтінетінім: әр көшпелі өзіне тиесілі жерді, қыстаулық орынды еркінше қажетіне жаратып, бау егуге, баспана тұрғызуға, шаруаға қажетті үй салуға жалпы әкімшіліктің қысымынан қорықпай әрекет етуге толық мүмкіншілігі бар».

Губернатордың рұқсатымен аталмыш «Кімасар» шатқалында үй салған Медеу қажы кейін ол жерді жайлау ретінде пайдаланады. Медеу шатқалы Іле Алатауы жотасындағы теңіз деңгейінен 1520-1750 метр биіктіктегі Кіші Алматы өзенінің тау сілемінде және Алматының орталығынан оңтүстік шығысына қарай 14 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның табиғи шекаралары солтүстік шығысында – Кіші Алматы мен Бутаковка өзендерінің арасын бөліп жатқан Кімасар тау аңғары, шығысында – Кімасар және Сарысай өзендерін ажыратып тұрған Қабырғатау аңғары, ал оңтүстік батысында – Құмбел шыңы, батысында Қалыңтөбе болып табылады.

Осындай жанға жайлы, малға сайлы жерде мыңғыртып қой мен жылқы өсірген Медеу сол малдың төңірегінде тұсалып қалмайды. Ол үзбей оқып, үнемі ізденудің арқасында табиғи алғырлығы мен қарым-қабілеті  шыңдала  береді.  Өтірігі  жоқ,  өз  ортасында  сыйлы азамат генерал Г.А.Колпаковский, архитектор А.П.Зеньков, Н.А.Моисеев және Э.О.Баум сияқты қаланың танымал тұлғаларымен аралас-құралас болады. Ұрпақтарының  естелігіне  қарағанда, И. Гавдулвалиев М. Жұмабайұлы, А.Жиенқұлов, У.Дәулетбақов, Н.Пугасов Н.Колпаков, Т.Молдыбаев, ағайынды Қуанышовтар, И.Пестов. К.Сүлейменов және ағайынды Шахворостовтар да ата- мыздың сөзімен санасып, құрмет тұтқан.Бұлай болуы да әбден заңды еді: Медеу қажы Пұсырманұлы қаланың бау-бақша, жібек, мақта-мата және қаракөл елтірісі өндірісінің, омарташылық сияқты көптеген игі бастамалардың ұйтқысы болған Герасим Алексеевич Колпаковскиймен жақсы сыйласқан. Орыс әкімі қытаймен тығыз байланыс орнатып, халыққа қажетті жібек мата мен басқа да бұйымдар алдыртып, жан-жақты сауда жүргізген. Қаладан әлденеше сауда орнын ашқан. Соның бірі – «Қызыл таң» мақта-мата дүкені күні бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келеді. Бір қызығы, Г. А. Колпаковский өзін біреу қонаққа шақырса, Медеудің баратынын нақтылап алып қана жауабын береді екен. Алаш азаматының губернатормен жақын аралас, жақсы пікірлес болғандығын архив деректері де діттей түседі. Г. А. Колпаковский есімі тарихта 1867 жылдан бастап Жетісу губернаторы әмбе казак әскерінің бірінші атаманы болғандығымен ғана емес, қайта әскери қызметте жүріп те қазақ өкілдеріне болысып, септескендігімен белгілі. Халқымыздың ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов өмірінің соңына дейін онымен хат-хабар алысып тұрған. Шоқанның көптеген қолжазбаларын, жарық көрмеген еңбектерін, хаттарын жинастырып, Г. Потанин мен Н. Веселовскийлерге табыстап, қабіріне ескерткіш орнатуға да ол барынша қамқорлық көрсеткен. Жетісу өлкесінде жүргізілген Г. А. Колпаковскийдің өмірбаяндық, әскери қызметі және жеке өміріне қатысты деректерді жинастыру науқанына қатысушылардың жуан ортасында Медеудің есімі айтылатыны сол жақсылықтың қарымтасы десе болады.

Сонымен, қазіргі «Медеу» қонақ үйі тұрған жерде Медеу қажы Пұсырманұлының мекен-жайы салынады. Бұл сәулетті ғимарат жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін қаз-қалпында сақталады. Ағаш үйдің жобасын сызуға екі адам қатысады: оның алғашқысы – орыс азаматтығын қабылдаған ұлты француз П. Гурдэ. Медеудің таудағы үйін тұрғызуға қатысқан екінші адам – талантты архитектор П. М. Зенков болатын. Оның баласы Андрей Зенковтың да Медеу қажымен достық қарым-қатынасының дәлелдері аз емес. Аталған архитектордың қазіргі «Целинный» кинотеатры орын тепкен жерде бой көтерген Медеу үйінің жобасын сызып беруі де сол жақын білістікті көрсетеді. Қабанбай батыр мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы Медеудің осы төрт ағаш үйіне (біреуі бес бөлмелі) қосымша монша салынып, оның барлығының төбесі қаңылтырмен жабылады. Медеу қажы Пұсырманұлының 1900-1907 жылдары діни-ағарту саласында жұмыс жасағаны мәлім. Ол Верный уезінің №3-ауылына 1906 жылы болыс болып сайланады, көптен ойында жүрген мұсыл- мандық парызын өтеу мақсатында Меккеге барады. Қажылық сапарынан қайтар жолында Петербургке соғып, өзі түскен фотосуреттің бірін А. П. Зенковқа сыйға тапсырады. Сол тұста қаладағы тұрғындардың арасында қазақтардың жалпы үлес салмағы 5 пайызға әрең жететін. Қажы атанып келген Медеудің қалаға қоныстанушы қандас бауырларына мейірімі артып, 1900-1907 жылдар аралығында жұмыс істеген Ағарту қамқоршыларының Верный қоғамына жәрдемдескен қазақтарды көшіріп әкеліп, үй соғып беріп, оларды түпкілікті қоныстандыруға айрықша ден қояды. Бұл да атадан балаға мұра боп келе жатқан қайырымдылық үрдісінің жалғасы болатын.

Осы жайында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «биология-химия» пәнінен бізге дәріс берген ұстазымыз (тақырыптық оқулықтың авторы), Ұлы Отан соғысының ардагері, биология ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Сейітұлы Сейітов айтқан әңгімесі жаңағы сөзімізге нақты дәлел:

«Біздің бабаларымыз Жарасбай ұрпақтары: Мырқыайдар, Мінайдар, Аппаз, Ыдырыстар өз замандарында сахы атанған, халық арасында айрықша құрметке бөленген, қарапайым жұртқа жанашыр бай адамдар болған. Мыңғырған мал өсірген, дәулетіне ақылы сай іргелі әулеттің баласы Жарасбайдың ұрпағы Мырқыайдар атақты болыс Өскенбайұлы Құнанбаймен бірге Меккеге қажылыққа барған». Осы сапарында ол Абайдың әкесі Құнанбай салғызған «Тақияның» (қонақ үй) едәуір шығынын төлеген көрінеді. Биыл жасы 98 жасқа қадам басқан қадірлі ұстазымыз, «қазақ бальзамы» мен «алтын су» шипалы сусындардың авторы, халқына еткен қызметі ұлан-ғайыр, ұлағатты текті әулеттің ұрпағы Сейіт Мінайдарұлының баласы Зұлқарнай Сейітұлы 100-ден астам шәкірт тәрбиелеп, оларды «инемен құдық қазғандай» ғылым жолына әкелді. Зұлқарнай Сейітұлы көкеміз Медеу қажы Пұсырманұлын Жарасбай ұрпақтарымен атақты Құнанбай болыстың өнегесін ұрпақ сабақтастығын жалғастырған азамат ретінде таниды. Сондықтан соңына ерген ізбасарлары жақсының көзі Зұлқарнай ағамыз бен Айткүл апамызды әрқашан разы көңілмен еске алып, олардың ғасырлық тойында қуанышпен қауышуға асығулары да әбден түсінікті деп ойлаймын.

Зиялы қауым құрмет

тұтқан азамат

Медеу қажы Пұсырманұлы зиялы қауымның ерекше құрметіне өзінің мінезімен де, нақты ісімен де шын мәнінде лайық болатын. Ол, айталық, Жетісудың ағайынды Кузнецовтар, И.Ғабдулуәлиев, Н.Пугасов, А.Юсупов сынды көпестерімен өзара іскерлік қарым-қатынаста жұмыс жасады. Қазіргі «Пугасов» мейрамханасы тұрған жерде бірінші дәрежелі көпес Н.Я.Пугасовтың 1887 жылы ағаштан салдырған әсем үйі бой көтереді. Отар елдің отбасынан шықса да, Жетісудағы орыстың ірі буржуазия өкілдерімен бәсекелесіп, қаланың гүлденуіне үлес қосқан Медеудің біртуар тұлға болғанын қазіргі күні екінің бірі біле бермейді.

Ол заманымыздың заңғар ұлы Дінмұхамед Қонаевтың атасы Қонайұлы Жұмабаймен құда-құдандалы болып, қажылыққа бірге барады. Сонымен қатар Димаш ағаның әкесі Ахмет (Меңліахмед) ақсақалмен де жақсы сыйласқан. Адал еңбектерімен ел қатарына қосылып, ауқатты адамдар қатарында саналған Медеу мен Ахметтің тығыз байланыста болатын да жөні бар. Текті адамның тегінде төңірегіне өзінің ұстанымына лайық жандарды жинап, өзара тілектес жүретіні заңдылық қой. Елін сүйген Дінмұхамед Ахметұлының әкесі аталмыш «Қызыл таң» дүкенінде іс басқарушысы болып еңбек еткен. Ол кісінің балаларымен Шаяхмет, Ахметбек, Нүсіпбек бастаған Медеудің перзенттері де жақсы араласыпты. Медеудің есімі ауданға, мұз айдынына беріліп, баба атын ұлықтауға өлшеусіз еңбек сіңірген де Димекең ағамыз болатын.

Медеу қажы Пұсырманұлы бағбан ғалым Э. Бауммен де жақсы қарым-қатынаста болғаны мәлім. Бұған өзінің де бағбандыққа бейімделіп, осы кәсіппен тұрақты түрде шұғылданғаны себеп болса керек. Мәселен, ол Ұлы Жібек жолындағы керуенші-саудагерлермен, саяхатшылармен туыс-жекжат болып, солар арқылы асыл тұқымды мал мен неше түрлі жеміс-жидек ағаштарының көшеттерін алғызып, оны жергілікті ағаштармен будандастыру жұмыстарын жүргізген. Оңтүстік астанамыздың жасыл желекке бөленуіне үлкен еңбек сіңірген Эдуард Оттонович Баум (1850-1921) «Қазына бағын» (бүгінгі Баум тоғайы) 1892 жылы асқан ұқыптылықпен отырғыза бастайды. Ұзындығы үш жарым шақырымға созылатын бұл тоғай қазір де ал- матылықтардың демалатын орындарының бірі. Қала көшелерін қуалай ағатын арық сулары мен су тоғандары да, Абай көшесін бойлай жүргенде еріксіз көз арбайтын бас арық та Э. Баумның ұсынысы бойынша тартылған көрінеді. Бірақ, ағаш отырғызуға байланысты1894 жылы Верныйдың қалалық думасы қабылдаған жобаны жүзеге асырудың сәті тек бес жылдан кейін 1899 жылы түседі. Оның маңызын төмендегі жазбадан көруге болады: «Қаладағы барша үй иелері өздерінің тұрғын-жайларының маңына екі қатардан белгілі бір ағаш тұқымдарын отырғызуы тиіс (мәселен, емен, жөке, қайың, итальян қарағашы, пирамида тәрізді терек, ақ терек, т.б.). Алайда, қандай жағдай болсын, қара теректі отырғызуға қатаң тыйым салынады. Себебі, қара теректен ұшқан ұлпалар көшені әрдайым былғаныш етеді».

Жалпы, Медеу бабамыз Эдуард Оттонович Бауммен қоян-қолтық бірігіп, талай игілікті істерге ұйтқы болады. Бұған бір дәлел – Эдуард Оттонович пен Медеу қажы Пұсырманұлының ұсынысымен осы өлкедегі өсіп тұрған ағашты, жемісті, ормантоғайды бүлдірген, кескен, қиратқан адам қатаң жазаланатын болған. Керісінше, өз үйінің жанына ағаш отырғызған тұрғындар лайықты марапатқа, сыйлықтарға ие болып отырған. Медеу қажы Пұсырманұлы Алматыны көркейту мен көгалдандыруға осылайша ауқымды көмек жасаған. Ол заманда да көпестер, түрлі байлар көп болған, бірақ Медеу бабамыз қаланың қажетіне басқаларға қарағанда тұрақты түрде қаражат бөліп отырған.

Шаһардың ең басты көшесі – қазіргі Достық даңғылының бойындағы бақтар мен Тянь-Шань шыршалары және қаланың біршама бөлігі тікелей Медеу қажы Пұсырманұлының иелігінде екен. Медеуге барар жолдағы қайыңды тоғай, Терісбұтақ, Беделбай өзені және Бағанашыл аумағындағы бақтар, бұрынғы «Түрксіб» санаторийінің аяқ жағындағы емен тоғайларын өсірген де Медеу қажы атамыз. Оның шанши салған шыбығының ну орманға айналып сала беретініне ел еріксіз таңданады екен. Медеу жолдың екі жағына өсірген ағаштарын – ұлдарым, оның қатарындағыларын – қыздарым, тағы бір шетіндегісін – келіндерім деп отырғызыпты. Мұны көрген жұрт ағаштарды неге бөліп отырғыздың дегенде: «Келіндерім менің ұрпағымды жалғастырады ғой, ұзақ болып өз жолымен кете берсін», – дейтін көрінеді. Яғни, қасиеті мол ардагер өз ұрпағының кең жайылып, өсіп-өнгенін армандаған. Бұдан шығатын қорытынды, Медеу – көшпелі өмір салтымен бірге бау-бақша егуді, құрылыс салуды, оқу-білім мен кәсіпкерлікті ұштастыра білген халқымыздың айшықты тұлғасы.Әңгіме орайында тағы айта кететін бір жай, Медеудің әл-ауқаты қандай болды деген сауалға жауап ретінде кейбір зерттеушілер оны І-ші гильдиялы бай-шонжарлардың қатарына қосқысы келеді. Бірақ, мұның еш қисыны жоқ, архивтердегі Медеуге қатысты құжаттар оны тек Кіші Алматы болысының қырғызы (қазағы) деп қана көрсетеді. Егер, Медеудің гильдиялық дәрежесі болса, мұны ешкім де қағыс қалдырмас еді. Ал, абырой мен беделге ол өзінің еңбекқорлығы арқасында жеткен. Медеудің отаршылдар бұғауында отырып-ақ асқар шыңы бұлт шалған Алатаудың шұрайлы шатқалына қоныстанып, сол араны тұрғылықты мекен етуі ерік-жігерінің жемісі болатын. Шежіре беттері Медеу Пұсырманұлының қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келіп, кедейшіліктің ауыртпашылығын аз көрмегенін көрсетеді. Сондықтан ол өзіне ғана сеніп, отбасында алған тәлім-тәрбиесінің арқасында ата-баба аманатына сай болуға барынша тырысып бағады. Ал, Медеудің өнегелі істері оның текті ұрпақтың жалғасы екенін әрқашан есінде ұстап, ерте есейгенін және ел-жұртының жағдайын жақсартуға аянбай жұмыс жасағанының айғағы.

Медеу қажы Пұсырманұлының тұсындағы Верныйға келсек, бұл қала ол кезде 27 мың адам мекен еткен кішігірім бекініс екен. Басты көшесі Г.А.Колпаковский көшесі (қазіргі Достық даңғылы) қос беткейінде Тянь-Шань шыршалары жайқалған жол арқылы «Медеу» шатқалына жалғасып жатады. 1890 жылы шаһарда 1935 үй болса, оның 276-сы негізінен сауда және кәсіпкерлікпен айналысатын қазақтар мен ұйғырлардың отбасына тиесілі болған. Медеу де шаһардан сол дәуірдің маңдайалды үйлерін қазіргі Орталық мешіт, «Қызыл таң» дүкені аумақтары мен Қабанбай батыр – Масаншы көшелерінің қиылысынан салғызады. Кейін олардың орындарын басқа құрылыстар басады. Осы арада, бір назар аударатын жайт, сол кездің тұрғындары өз қалаларының көркеюіне, яғни құрылыс салу мен ағаш отырғызу жұмыстарына белсене араласады. Медеу де балалары мен туған-туыстарын үнемі отырықшылыққа, мәдениетті тұрмысқа бағдарлап отыратын болған.

Қазіргі «Медеу» мұз айдыны бағытындағы кезінде қайраткердің тікелей бастамасымен сыңсып, желек жайған «Қайыңды» тоғайы, «Терісбұтақ» маңындағы бақтар («Каменское плато»), Беделбай мен Бағанашыл, «Түрксіб» демалыс орны төңірегіндегі тоғайлар күні-бүгінге шейін шаһардың сәнін келтіріп, тынысын ашып тұрғаны да әрқашан кешегі өткен ерлер еңбегіне деген ризашылық сезімін туғызады.

Алматының апортын

 өсірген бағбан

Медеудің бүгінгі Алматыдағы қолтаңбасы дегенде, сондай-ақ оның балалары мен бауырларының бағбандық еңбегі де еріксіз тәнті етеді. Айталық, қазіргі Ащыбұлақ (кезіндегі Верный уезінің 3-ші ауылы) аумағында Медеудің немере інісі Беделбай өсірген алма ағаштары кезінде 15 гектар алқапта жайқалған көрінеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» еңбегінде біздің жеріміздің ғажайып Алматы апортының мекені екені мақтанышпен айты- лады. Ал, сол әйгілі апортты өсіруге Медеу қажы Пұсырманұлы да атсалысқанын екінің бірі біле қоймайды. Ол орыс биологтарымен бірге апорт алмасының әйгілі түрін өсіргендердің бірі боп табылады.Медеудің ұлы Айдарбектің де ағаштың сан түрінен атшаптырым аумақта үлкен тоғай өсіргенін оның қазіргі М.Түймебаев ауылындағы мардымсыз бөлігі естелік белгісіндей. Әсем табиғат сәні мен қала ажары, амал қайсы, 30-шы жылдардың ауыртпашылығында отынға кесіліп, қазір көзден бұл-бұл ұшты. Осы айтылғаннан-ақ Медеу қажы Пұсырманұлы мен оның туыстарының қазаққа үйреншікті емес сауда-саттық және кәсіпкерлікпен шұғылданып, шаруаларын дөңгелете жүргізумен қатар, қала мәдениетін дамытуға да айтарлықтай атсалысқандарын көрсетсе керек. Тарих беттері, археология ғылымының табыстары кезінде ұлы даланың білім мен ғылым жағынан өзге жұрттардың ешқайсысынан қалыс болмағанын, керісінше адамзат өмірінде қазір қалыпты жағдайға айналған бірқатар өркениет жетістіктері кіндігінің біздің жерімізде кесілгенін көрсетіп отыр. Адамзаттың Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің киелі Отырардың тумасы екені ұрпаққа әрқашан мәртебе. Ғұлама Мұхтар Әуезов 1960 жылы Отырар (Шәуілдір) қаласына барған сапарында «Отырарға барсаң ұлымын деме, Шаянға барсаң әншімін деме, Созаққа барсаң күйшімін деме» деп, аталы сөз айтқанын жергілікті жұрт ризашылықпен еске алып отырады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи-танымдық еңбегінде барша түркі жұртының ата-мекені, біздің қазақ жерінің адамзат дамуындағы мәдениетпен қатар өнеркәсіп өрісіндегі орны мен рөлі жан-жақты көрсетілгені мәлім. Жүздеген жылдардың тәжірибесі, ғұлама Мұхтар Әуезов айтқандай, халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе білім екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, алдымен патшалық Ресейдің, кейін қызыл империяның қыспағындағы отар еліміз тарихынан, салт-дәстүрінен ажырап қалып, басқыншы жұрт құлдық қамытын мықтап тұрып кигізді. Бұдан соң, қазақтың өркениет үрдісіндегі дамуы кенжеледі. Ұлы далада отаршылдық азабының шегіне жетіп, хандық биліктің жойылуы, дін мен тілге жасалған қысым, болыс сайлауы секілді айлакерлік қоздатқан алауыздық еліміздің дара тұлғаларының жанын аяздай қарыды. Ұлы Абайдың «көктұман – алдыңдағы нелер заман», «өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп іші толған у мен өрт, сырты дүрдей қамығатын тұсы да осы.

Қазақ зиялылары ұлтты сақтап қалу жолында, ағартушылық жұмысқа баса көңіл бөліп, қазақ балаларының оқып, білім алуына қамқор болды. Мәселен, 1896 жылы ер балаларға арналған Верный гимназиясындағы 226 оқушының 22-сі қазақ жеткіншектері екен. Осы орайда ұлт өкілдеріне арналған пансионаттың ашылуына, бақ дарып, қызыр шалған Медеу қажы Пұсырманұлы зор көмек көрсетеді. Санкт-Петербург арқылы құдасы Жұмабай Қонайұлы қажымен бірге Меккеге барған Медеудің өз қаражаты есебінен мектептер, су тоғандарын, бау-бақшалар мен демалыс орындарын салғызғанына ұрпақтары мен замандастарының естеліктері жақсы дәлел. Медеудің қомақты материалдық көмегінің арқасында қазіргі 1-ші Май (бұрынғы Приютское) көлінен бөгет салудың нәтижесінде ондағы су деңгейі жоғары көтеріліп, жанынан Г.А. Колпаковскийдің көмегімен тұрғызылған «Приютский дом» жоқ-жітікке пана болады. Жыр атасы Жамбыл ақын Медеудің елге деген мейірімділігі мен қайырымдылығын, байлығы мен беделін өлеңдеріне арқау етіп, айтыстарда үкілей жырға қосады.

Меккеге 3 рет барып қажы атанған, қаланы көркейту мен көгалдандыруға және қайырымдылық істерге белсене үлес қосқан Медеу қажы Пұсырманұлы 1908 жылы 21 наурызда 58 жасында қайтыс болады, қабірі Алматы маңындағы «1 май» тоғанының ірге тұсында. Медеу қажы Пұсырманұлы Құл немересінің бұ дүниеден қайтқанына 110 жыл, әке дәстүрін жалғастырған тұңғыш баласы Жайшыбектің бақиға озғанына 100 жыл өткенде ұлыларды ұлықтап, қабірлерінің бастарына белгі құлпытастар орнату туралы ой келіп, осы сауапты істі өз қаражатым есебінен жүзеге асырдым. Сөз орайында аталмыш іс-шараның басы-қасында болып ақыл-кеңес берген Медеу қажының шөбересі белгілі геолог Шарбану Жақыпбекқызы Жайшыбекова мен ол кісінің жұбайы электр маманы Төремұрат Сарыұлы Авдыкеевке ризашылығым ерекше.

Ғани СМАХАНҰЛЫ,

дәрігер-терапевт, мәшһүр меценат

3267 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз