• Тарих толқынында
  • 29 Маусым, 2022

ҒҰМАР ҚАРАШТЫҢ   ҰЛТТЫҚ РУХТЫ  ЖАҢҒЫРТУ ИДЕЯСЫ

Атамекен ардақтылары

Бақтылы  Боранбаева

М.Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

ХХ ғасыр басындағы  ұлттық рухты жаңғырту мәселесін көтерген Алаш қайраткері Ғұмар Қараш ағартушы ақын, ойшыл-философ. Ғұмардың өмір жолдарын барлап, байыптап қарағанда көз жеткізетін бір шындық оның сол кезеңдегі әлеуметтік маңызды мәселелерді көтере білгендігі. Ол қазақ елін өркениетті елдердің қатарына қосып, мәдениетін көтеру, рухын ояту үшін халық ағарту жұмысынан басқа жол жоқ екенін түсініп, бар ғұмырын надандықпен, жалқаулықпен  күресу жолына арнаған тұлға. Ағартушы ақын: «Қаның таза, сен олардан кем емес, Сен артықсын, олар саған тең емес»,- деп халқына рух бере отырып, «Қай елдің ұлы, қызы болса надан. Сол елдің ырысы қайтып бағы сөнген. Қаруы бұл заманның ғылым, өнер. Еш құрал екеуіне қарсы келмес»,- деп халқына ғылым мен өнердің мәнін тереңірек ұғындыруды мақсат етті.

«Бұ күнде елдің тұрмысы өзгерді. Сол себепті ол заманда лайықты болған заттардың көбі бұ заманға жарай бермейді», - деп ХХ ғасыр басындағы жаңа заманға лайықты  өзгеріс қажет екенін айтты. Айтып қана қоймады өзінің «Ойға келген пікірлерім», «Тумыш», «Өрнек», «Қарлығаш», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Тұрымтай» атты  шығармалары, өлеңдері немесе шағын жазған  мақалалары арқылы қазақ қоғамында орын алған надандық, жалқаулық, мақтаншақтық, даңғазалық  сияқты қазақ ұлтының бойындағы теріс мінез-қылықтарын сынап жазған ой-пікірлері  бүгінгі күні де өзекті. Мәселен, «Қарлығаш» атты еңбегіндегі  «Жомарттық», «Батырлық», «Жігер», «Әдеп», «Надандық», «Өтірік», «Ұят», «Тәкаббарлық» сияқты  өлеңдерінің мазмұнына байыппен қарасақ,   ұлт тәрбиесін қалыптастыруды ойлаған  ақынның ішкі  жан тебіренісі анық аңғарылады. Демек,  біз қазақ халқының рухани мәдениетін көтеріп, ұлттың рухын жаңғыртуды ойлаған Ғұмар Қараштың артына қалдырған мол  әдеби, пәлсапалық, педагогикалық  шығармалары  бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамында ұлттық рухты жаңғырту  үдерісіндегі  құндылығын жоймаған  өзекті ой-пікірлер  екеніне  көз жеткіземіз.

Кеңестік тоталитарлық жүйе өзінің «қанды шеңгеліне» түсіріп, есімдерін халық жадынан шығарып, тарих бетінен біржола өшіруге тырысқанына қарамастан, алаш көсемдерінің ұлттық мүдде тұрғысында  айтылған негізгі ой-пікірлерінің бүгінгі таңда қайта жаңғыруының тарихи маңызы айырықша. Демек, қазақ елінің азаттығы жолында жанкешті қызмет еткен ұлт зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси және шығармашылық қызметін архив деректері негізінде зерттеу табиғи түрде күн тәртібіне қойылған-ды. Сөйтіп тәуелсіздікпен бірге келген тарихи мүмкіндіктің нәтижесінде алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі және бірегейі Ғұмар Қараштың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметін, шығармаларын ғылыми   зерттеуге арналған іргелі еңбектер жарық көрді. Мәселен, әдебиеттанушы Қ.Сыдиықов «Замана» деген атпен Ғұмар Қараштың шығармалары мен өлеңдері топтастырылған жеке кітабын, өлке тарихын зерттеуге үлес қосқан ғалымдар И.Кенжалиев «Ғұмар Қараш», М.Тәжмұрат «Ғұмар Қараш», сондай-ақ осы жолдардың авторы    Б.Боранбаеваның «Ғұмар Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі» атты    монографиялық зерттеу еңбектері  жарыққа шықты.  Бұл әрине,  кейінгі  ғұмартанушылар үшін игілікті іс болды. 

ХХ ғасыр басында көшпелі қазақ халқының ауыр халін көрген ойшыл ақын: «Көшпе халінде жүріп қазақ жұрты ешбір уақытта, өнерлі, білімді ел болмайды, білімсіз ел теңдік таппайды. Неге десең, ол ел надан болған соң пайдалы мен зиянды айырмайды. Өз халқын өзі сақтай алмайды – оған итте жау, құста жау, оның еншісіне душар өзара бөлінгендік, бәсеке, аралас отырған білімді жұртқа қол болу – жұтылу, ақыры діні, күнінен бірдей айырылып, сымпиып, құру, жоқ болудан басқа нәрсе тимейді», - деп  күйінді. Ұлтының келешегі үшін халық ағартудан басқа жол жоқ екенін, надандықпен, қараңғылықпен  күресу керектігін түсініп, қысқа ғұмырын осы жолға арнады. Осылайша ұлттық сананы оятып,  рухты жаңғыртуға  күш салған, надандық, жалқаулық, тоғышарлық сияқты  қазақ ұлтының бойындағы теріс мінез-құлықтарды өткір  сынаған ойшыл ақын Ғ.Қараштың өлеңдері, шығармалары бүгінгі күні де  рухты жаңғыртудың биік парадигмасы ретінде танылып, ғылыми  зерттеу жұмысының арқауына айналдырылып отыр. Зерттеу мақалада Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив, Батыс Қазақстан  облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы тарихи деректер, жоғарыда айтылған монографиялық зерттеулер  сондай-ақ  Ғұмар  Қараштың  артына қалдырған «Ойға келген пікірлерім», «Тумыш», «Өрнек», «Қарлығаш», «Бала тұлпар» атты  әдеби, пәлсапалық шығармалары мен «Қазақстан», «Ұран», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен 1919 жылы «Мұғалім» журналында басылған   «Педагогика» еңбегі құндылығы жоғары дерек ретінде тартылды.

Зерттеу жұмысында тарихи жүйелілік, тарихи-салыстырмалы, жазба деректерді зерттеу, талдау, тарихи құжаттарды саралау сияқты тарихи зерттеулердің дәстүрлі әдістері қолданылды.

ХХ ғасыр басында қазақ халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер ағартушы Ғұмар Қараш: «Қазіргі уақытта кітаптардың аздығынан білім ала алмай, істеріміз дамымай, ұлттық тәлім-тәрбиеміз тығырыққа тірелуде. ...Демек, қазіргі заманның байлары мен мырзалары мешіт, медресе имамдары ғылым мен ағартуды дамыту үшін өздерінің қаражаттарын аямай жұмсайтын болсын. Әсіресе, мұғалімдер бұл іске қатты кірісіп, ғылым кітаптарын ана тілімізге аудару және кітаптар сатып алып бастыру, баспаларды көбейту, газет, журнал шығару істеріне атсалысуы керек. Ал қазір бұдан артық маңызды іс жоқ» [1, 171 б.], - деп өткен ғасыр басындағы күрделі кезеңде жазылған «Алашқа», «Алаш азаматтарына», «Қазақтың атқа мінген азаматтарына», «Мұғалімдерге» деген өлеңдерінде  ақын замандастарын ұлт мүддесі үшін қызмет етуге үндейді.

«Адамдар жақсылықты сауап үшін, атақ үшін яки басқа мақсат үшін істеуі керек емес» деген қайраткер ұлт мүддесі  үшін қызмет етудің биік феноменіне айналды.  1919 жылғы 3-17 қаңтар аралығында Ғұмар Қараш Бөкей Ордасында өткізілген мұғалімдердің Екінші толық сиезін ұйымдастырып, өткізуге  белсене араласады. Сиезде қазақ мектептері үшін оқу құралдарын шығарып, кітап жазу мәселесі айтылып  «Кітап жазу комиссиясы қазақ емлесін бастан аяқ меңгеріп, тиіс тапқан жерлерін өзгертуге ерікті болсын» деген қаулы қабылдайды. Ал «Оқу құралдарын жетілдіріп, кітаптар тәржіме ету һәм ұсыл тағылым журналын шығару үшін» арнайы комиссия құрылып, құрамына 7 адам Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Ғали Бегалиев, Халиолла Есенбаев, Ғабдол Бөкейханов және Ғабдолла Мұқашев кіргізілді. Комиссия мүшелерінің алаңсыз кітап жазуына жағдай жасау үшін, «Осы кісілердің қызметте тұрғандары шығып, тек қана кітап жазу қызметімен шұғылдансын», - деп олардың жауапкершілігін айқындап береді. Сондай-ақ сиезге қатысушылар  бірауыздан «Мұғалім» атты тағылым журналын  шығаруды ұйғарды [2. 18-п.].

Алаш қайраткері Ғ.Қараш  ХХ ғасыр басында алғашқылардың бірі болып, «Педагогика» еңбегін жазғаны белгілі. Ғұмар Қараштың педагогикалық көзқарастары өз алдына жеке зерттеуді күтіп тұрған тың тақырыптардың бірі. Бүгінгі күнге шейін Ғұмардың педагогикалық ойлары көбінесе тұңғыш әдістемелік «Мұғалім» журналына байланысты айтылып келеді. Осы журнал туралы М.Ысмағұлов: «Бұл журналдың редакциялық коллегиясын Ғұмар Қарашев басқарған. Журналдың 10-нан аса сандары жарық көрген. Солардың қазіргі табылғаны 2 және 7- сандары» [3], - деген құнды мәлімет бере отырып,  автор «Демек, 1919 жылғы Қарашта ағартушылық ыңғай қай кездегіден де күшті, пәрмендірек. Бұл сөзге «Мұғалімнің» бірнеше нөмірінде шыққан, ал қолда бар екі санда ортасынан соңына дейін  жарияланған күйінде жеткен «Педагогика» атты еңбегі бір дәлел. Шын мәнісінде педагогика теориясын (қағидасын) ана тілімізде жазған тұңғыш автор Ғұмар Қарашев» [10, 19 п.], - деген ой түйеді.

«Педагогика» Ғұмардың халқын білім мен ғылымға, мектеп ашып балаларды оқытуға, адамгершілікке шақырудағы көп жылдық ұстаздық қызметінің, жан-жақты ізденісінің жемісі деуге толық негіз бар. Сонымен қатар аталмыш туындыны педагогика ғылымы бойынша қазақ тілінде тұңғыш жазылған еңбек деп пайымдаймыз.

«Бұл күнде бар халықтар өнер білген,

Өнердің арқасында өрге жүзген.

Ол елдің әйелі де надан емес» [1,71 б.], – деп ХХ ғасыр басында ғылым, білімді  меңгерудің арқасында   озық  өмір сүріп отырған елдерді өнеге  тұтқан ағартушы Ғ.Қараштың «Педагогика» еңбегіндегі бала тәрбиесіне қатысты айтылған тұжырымдары бүгінгі күнге дейін өзінің тәрбиелік мәнін жоғалтпаған құнды пікірлер. Мәселен  ол «Балаларға тәрбие берушілер мүмкін болғанша жастардан болу керек, осылай болғанда тәрбие беруші өзінің шәкіртіне ең жақсы жолдас, ең сенімді сырлас болып, оның түрлі жұбаныш халдерін ортақтасар, бөлісер еді. Бойға жеткен кісі мен баланың арасында ортақтық, бірлік шын аз, мұндай аралары шалғай жатқан екі жанның байланысы берік бола алмақ емес. Балалар әр уақыт үлкендерге қызмет етіп, қызмет көрсетуі мүмкін. Бірақ жаны сәйкесіп, шын көңілден сүю – ол бір уақытта да болмайтын жұмыс» [4, 12 б], - деп тәрбиешінің бала жанына жақын болғанын қалайды. Ғұмар Қараш бұл жерде тәрбиешінің бүкіл саналы өмірін бала тәрбиесіне арнауы керектігін меңзейді.

Ғұмардың педагогикалық ой-пікірлеріне зерделеп қарайтын болсақ, ол тәрбиенің кешенді (комплексті) жүргізілуіне ерекше мән береді. Тәрбие берудегі үш принципті яғни ақыл тәрбиесі, ой тәрбиесі, дене тәрбиесін бір-бірімен ажыратпай байланыстыра қарастыру қажет екендігін атап көрсетеді.

Сонымен бірге Ғұмар Қараш баланың ақыл-ой тәрбиесіндегі еңбектің рөліне аса мән береді. Ол «Кімде-кім өзінің мінезі мен атқаратын қызметі туралы ойланбай тұра алмайды, адам іс-әрекет үстінде өсіп жетіледі» [5, 21 б.], - деп дәйекті ой айтады. Ғұмар педагогикасында баланың мінез-құлқын қалыптастырудағы ата-ананың рөлінің маңыздылығына аса мән береді. Ол «Ата-ана бала мінезін жақсы жолға салуда, кей нәрсенің себебін түсіндіріп, ерте бастан мынау жақсы, мынау жаман, мынаны істеуге болмайды деп үйретуі тиіс. Баланың ақылы бірте-бірте өспекші», - дейді. Міне, осы мезгілде оған жолбасшылық ету тәрбиенің басты шарты екенін әрдайым ескертіп отырады.

Балаға орынсыз жекіру, жазалау опа бермейтіндігін ескертіп «Оларды еште жазаламаңыз, олар айыпты болудың не екенін білмейді. Оларды еш уақытта кешірім сұрарлық қалге түсірмеңіз. Олар сізді жәбірлей алмайды…», - дейді. Бұл ретте Ғұмар француз ағартушысы Руссоның: «Бала өзіне жаза күтіп тұрған кезінде, болмаса жаза тартып болысымен үгіттеуден сақтану керек» [6], - деген қағидасын алға тартады.

«Педагогика» еңбегінің бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесі үшін де маңызын жоймаған әдістемелік құрал екенін ағартушы қайраткердің мына тұжырымды ойлары дәлелдей түседі. Мәселен, «Балалардың істемеуі тиіс болған нәрселерді күн ілгері  мынаны былай етпе  деп тыймай, тек істеулеріне жол бермеу керек. Істеуге болатын нәрселерді сұраусыз, шартсыз алдарына бос қою керек. Бір нәрсеге рұқсат ету яки тыю шарасыз болғанда рұқсатсыз ашық жүзбен, тыйымыңыз көңілсіздікпен болсын. Бірақ қалай болғанда да тыйымыңыз өзгермейтін, айнымайтын болуы жол. «Жоқ, болмайды» деген сөз берік салынған стена болса, оны аударуға бала 5-6 кіре ұмтылып тауы шағылған соң, ондай жолдан тізгінін тарта бастайды» [6].

Зерделеп қарасақ, Ғұмар Қараштың «Педагогикасы» 12 жасқа дейінгі жас жеткіншек тәрбиесіне ыждағаттылықпен аса мән береді. Ал бұл мән беруінің себебін ол  былайша түсіндіреді «Егер сіз тәрбиеңіздегі балаларға сапалы ешбір нәрсе бермей, оларды ақыл жұмсалатын жұмыстар турасында оң менен солды да айыра алмастық етіп, дені сау, мүшелері күшті күйінше 12 жасына жеткізе алмасаңыз, ол уақытта сіздің басқы берген сабақтарыңыздан-ақ олардың көңіл көздері ақыл жолына қарай ашылар еді, жаңылыс жаман әдеттен таза тұрған олардың зейіндері, жүректері сіз беретін адамшылық жобаларын қарсылықсыз қабылдар еді. Сөйтіп, сіздің қолдарыңызда олар ақылды жосық кісілерден болып жетер еді», - деген кеңес береді де  одан әрі: «Баланың мінез-құлқы түрліше болады, ұялшақ, жуас, қыз мінезді балалар болады. Оларды қауіп-қатерсіз-ақ көп уақыт міндетсіздікте сақтауға болады. Кейбір балалар жастан-ақ сойқан, ұрыншақ келеді, һәм бұл мінездері тез өседі, мұндайларды ертерек ахлықи қағидалармен таныстырылмаса, ұядан ұзап шықпай-ақ шынжырға байланады» [7, 77 б.], - деп ескертеді.

Оқу-білім, тәлім-тәрбиенің түп қазығы үлгі берер ұстазда дейміз. Ғұмардың «Педагогика» еңбегінде жас ұрпаққа тәрбие беретін мұғалім тұлға ретінде танылады. Мұғалімге оқыту, үйрету, тәрбиелеу ісіне жеңіл-желпі қарамай жауаптылық пен тиянақтылық керек екенін ескертеді. «Жансыз түсіндіру, - дейді ол, тыңдауға тартымсыз және де естуге ауыр болудың үстіне тез ұмытылатын болады», - деп сабақтағы көрнекіліктің маңыздылығын атап көрсетеді. Мұғалім болған адамның шәкірттері риза боларлықтай мінезі, оларды толық қанағаттанарлықтай білімі болу керек. Ондай білімі жоқ ұстаздан шәкірт тәлім көре алмайды. Мұны мықтап есте ұстау керек. Шәкірт өзі жан-тәнімен сүйген мұғалімінен ғана тиянақты білім ала алады», - деді. «Мұғалімдерге» деген өлеңінде:

«...Жарық таң атты

Жарғанат жатты.

Енді бауырым қарышта.

Аяқ бас ілгері,

Адымда жүр бері,

Қатарыңнан қалыспа.

Күшті құрал қолыңда

Кеселдер жоқ қолыңда!» [1,147 б],- деп халықты жарқын өмірге бастар жолда мұғалімдерге үлкен үміт артты.

Ғұмар Қараштың «Педагогикасы» ұлттық тәрбиені жүзеге асыруға бағытталған, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мақсатында мектеп мұғалімдері, тәрбиешілер мен ата-аналарға арналып жазылған тұңғыш этнопедагогикалық еңбек деп толық айтуға болады. Өйткені Ғұмардың «Педагогикасының» басты ерекшелігі – оның қазақ топырағымен, салт-дәстүрлерімен және мінез-құлқымен тығыз байланыстылығында, өзі айтқандай қабысып жатқанында. Еңбектің басынан аяғына дейін ұлттық тәрбие беру басшылыққа алынып, соған сүйеніп, оқу, тәрбие беру ісіне мұғалімдерді даярлау туралы ой-пікірлері айтылған. Бұл қазіргі  қазақ мектептерінде оқу-тәрбие процесіне ұлттық мазмұн беру қажеттігімен үндесіп, сабақтасып жатыр. Міне  бұл тұжырымдар – қазіргі  ұлттық педагогика үшін де, жалпы қоғам үшін де маңыздылығын жоймаған бағалы пікірлер.

Бала тәрбиесіне мектеп мұғалімі мен бірге   ата-ананың  да  жауаптылығын:

«Баланы жаста үйрету – жақсы үйрету

Әркімнің өз басына міндет шырақ» [1, 68 б.], - деп  ескерте отырып:

«Ел өсер, халық құралар ұл мен қыздан,

Оқытсаң үлес алар ғылымдықтан.

Оқытпай ұлың, қызың бос қалдырсаң

Болуы халықтың надан сол себептен» [1, 71 б.], - деп  ұғындырды. 

Қазақ даласындағы қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси жағдайда  «Ұлтымызды болашаққа бастау үшін қолдан келген барлық жақсылығымызды  аямайық», - деп жар салған  ұлт қайраткерінің «Игілік және жақсылық» деген мақаласында: «Жақсылық адамның өзіне байланысты. Мұны өзгермейтін қағида десе де болады. Тереңірек ой жүгіртіп қарасақ, әлемде болып жатқан оқиғалардың бәрі осыны дәлелдейді. Жақсылық екі түрлі болады. Бірі – рухани, бірі – материалдық.  Материалдық жақсылық әркімге мәлім. Мәселен, біреудің мұқтажына қарай (мал, киім кешек, тамақ т.б.) қажеттерінің өтелуі. Рухани жағынан бірін-бірі қолдап отыру – адамның ең жақсы қасиеті. Адам абыройының артуы, сөзінің өтімді болуы оның істеген жақсылық істеріне байланыс-ты. Жақсылық адамдардың өз қолында дейтініміз осыдан», - дей отырып:

«Бақ, дәреже тап болса,

Ел не керек демеңіз.

Халық деген қауымың,

Қаны бірге бауырың,

Бір туып, бір кететін

Жаны бірге денеңіз.

Жаны бірге денеңді

Сүйенер күндер туғанда

Сүйеу беріп демеңіз» [8], - деп  жаңа буын жастарды  да  ұлт үшін  қызмет етуге,  жақсылық жасауға шақырды.  Бұл «Жаңа шыққан жастарға» атты өлеңі   бүгінгі   біздің тәуелсіз  Қазақ елінің жас-тарына да   айтылғандай.  Ұлы бабамыз  қазақ елін өркениетке жеткізер  жолда жастарға үмітпен қарап, оларға  сенім арта отырып, жастар үшін пайдалы ақыл кеңестерін де ұсынады.  Мәселен, ойшыл ақын «Әр істің мезгілі мен мақсаты бар» деген шағын мақаласында: «Адам денесіне хал-қуат, денсаулығы үшін азық-түлік қандай қажет болса, рухани байлық үшін де тиісті мағұлұматтар керек. Ақылдың дұрыстығына негіз болатын пайдалы мағұлматтар еңбекпен келеді. Сондай-ақ мағлұматтарды өз мезгілінде, өз уақытында, кезінде алса ғана пайдалы болмақ. Тамақты өз уақытында қабылдағанымыз сияқты, рухани қажетті мағұлұматтарды да өз уақытында ғана алып үлгеру қажет», - деп  бүгінгі жастар үшін құндылығын жоймаған  кеңес береді. Әрине, бұл  келешегіне жауапкершілікпен қарайтын бүгінгі жастар үшін де өзекті кеңес. Демек, адам өмірінің кезеңдері, әр мезгілі болатынын, әр кезеңде әрекет қылмасаң  кешігіп қалатыныңды,  яғни,  Абай атамыздың «Мезгілінен қолымды кеш сермедім...»,- деп  өкінуі   текке айтылмағанын ұғындырады.

Ғұмар Қараштың пікірінше, жас ұрпақ бойына ар, ұят сезімін қалыптастыру – алдымен ата-аналар мен мұғалімдердің мәртебелі міндеті екенін айтып, былайша тұжырым жасайды  «Ата-аналар бәрінен бұрын балалардың ахлақ мінездерін жақсы жолға салуға бейім келеді. Олар балалардың кішкене уағынан-ақ бұл жолда керегінен артық тәрбие беруге кіріседі. Балаға неғұрлым өзінің балалық намысына тиместен орынды тексерілсе соғұрлым жұғымдырақ келеді. Үйретудің екі түрлі жолында да бірі көрсетіп, бірі жаттай түсіндіріп, ақыл шегінің өсу шамасына қарай тұрмыстың мінез туралы жарыққа шыққан әсерін де түптен тексертуді қосу керек» [4], - деп кеңес береді.

Міне, жоғарыда келтірілген деректер алаш қайраткерінің ұрпақ тәрбиесіне аса маңыз бергенін аңғартады. Ал біз, еліміз тәуелсіздігінің арқасында дербестік, еркіндік орнаған бүгінгі қазақ қоғамында еркін ойлы жастарымыздың өсіп келе жатқанына қуанып, ұлттық тәрбиені босаңсытып алғанымыз  жасырын емес. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ұлттық мүдде тұрғысынан жауапкершілік таныта алмағанымыз, ұлттың маңдайына таяқ болып тиіп жатқаны соңғы кезде  ашық айтыла бастады.

Жалпы Орта Азия халықтарының ішінде  қазақ халқы қыз баланың бетін тұмшалап ұстамаған. Қыз баланы «Өмірдің гүлі»,  қонақ, өріс деп  еркелетіп,  төріне  шығарып, аялап өсірген. Алайда «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Қызға қырық үйден тию» деп қарап,  қыз бала тәрбиесіне бүкіл ел, жұрт, ру болып жауапкершілікпен қараған.  Демек, ибалы  қыз тәрбиесіне алдымен әйел, ананың   жауаптылығын Ғұмар Қараш: 

«Ажары, тазалығы, құлық әдебі

Әйелдер бұл үш затты әдеттенсін

Қолданып бұл үш затты әйел адам,

Әуелі өз бастары әдеттенсін.

Қыз бала анасынан үлгі алады.

 Әйелдің көркі ұят, зейнеті қылық,

Қыз бала ұяттыдан үлгі көрсін

... Ұл өсер ата көріп,  ананы қыз

Бұл сөзді әйел адам жақсы білсін» [4],- деп  ашық айтып береді. 

Жалпы ұрпақ тәрбиесін «үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы негізінде жүргізген  қазақ халқы  өз орталарындағы қандай да бір тәртіп бұзған тентектерін  «Ата-Анаңды жерге қаратпа»,  «Көргенсіздің баласы атандырма»,  «Ұят болады», «Ұят қайда?», деген ұлық сөздерімен-ақ тиып, ақылға тоқтам жасайтын еді. Осы тұста ойшыл ақын: «Заманымыздың бір оқымыстысы: «кісіні әрбір осалдығынан ұяты ғана тияды. Кісі өлтірмек, шіркеу бұзбақ, ойнас қылмақ және басқа әртүрлі жаман істерді істеу жеңіл, ол әркімнің қолынан келеді. Егер бұл істерге ұяты ара тұрмаса» деген еді. Бұл өте бір дұрыс сөз. ...Ислам халқы Россиядағы түркі халықтары өзінің қатын, қыздарын мықты ұстайды. Бірақ мықты ұстаған сайын бұзықтық өсіп бара жатыр. Оларды ақыл-ұят арқылы ғана ұстауға болар» деп ұялу, қымсынып қысылу сезімінің   маңызына мән береді.  Ал «Ұят» атты өлеңінде   адам бойындағы адамгершілік, ар-ұят, имандылық қасиеттерді  біртұтас гармония ретінде қарастырады. Мәселен:

«Тұрады ұят тұрған жерде, тұрады иман.

Әртүрлі бұзықтықтан адамзатты

Тек жалғыз бұ дүниеде ұят тиған.

Ұрлық, кісі өлтіру, мәтке басу

 Ұятсыз деп біліңіз бәрін қылған

 Дүниеден ұятсыздық көтерілсе

Тазарар еді сонда бүтін жиһан» [9, 3 б.], - деп   адами қасиеттердің ұят, имандылық  категориялары  өзара үндестік тапса,  бүкіл әлемді  жамандық  атаулыдан құтқарушы   күш ретінде көрсетеді. Міне, бұл  бүгінгі нарықтық қоғамда материалдық ақша құндылығы алға шығып,  адамзат баласының ар ұят, адамгершілік, имандылық  қасиеттері сынға түскен заманда  өзекті пікір.   

Ел Президентінің жарлығымен 175 жылдығы аталып  өткен ағартушы ұлы  ақын Абай, оның шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы, алаш  қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов т.б. ұлт зиялылары сияқты Ғұмар Қараш та надандық, жалқаулық құрсауында  отырған қазақ халқын:     

Жалқау жұрт кейін қалған қазақ халқы,

Өнер жоқ, білігі жоқ қазақ жарты

Қолданған өнерлері осы күнгі

Ойын ойнап, ішкі ішіп жасы қарты

Білмейді әдеп-әркін, дінін, күнін

Жоқ шығар хайуаннан ешбір парқы.

Қор қазақ, жалқау қазақ, надан қазақ», - деп  өткір сынады.  Немесе:

«Кәсіп жоқ, харекет жоқ, көзін сүзіп,

Келемеж қарлығашқа болған заман.

Кідіріп біздің қазақ қалып соңға

Басқалар асқан оң мен солдан заман» [10, 25 б.], - деп күйінді.  Солай десек те, ұлт жанашыры халқының келешегіне зор үмтпен қарайды. Оны «Келешегіміз және үміт» атты қолжазбасынан   анық көреміз: «Келешек дегеніміз үміт, сенім екенінде дау жоқ. Әр адам, әр ұлт, әр халық өз келешегіне қожа болу үшін ең алдымен өздеріне сену керек. Бір ұлттың адамдарында үміт, қайрат жігер сияқты ерекшеліктер мықты болса, ол ұлт ғажайып сенімділіктен тез дамып кетер еді. Керісінше ұлт адамдарында қорқақтық, үмітсіздік қасиеттер жол алса, дамымақ былай тұрсын, өмір сүре алмау қаупіне душар болады. ...Біздің ұлтымыздың болашағына сенімі мол. ...Рас, біз Руссия түріктері сияқты мәдениетіміздің даму деңгейіне қарағанда үш-төрт жастағы бала сияқтымыз. Бірақ, біз кемшіліктерімізді біліп,  алға ұмтылып, талпыныс жасасақ  сәбилік деңгейінен бір адым ілгері аттаған болар едік... оқыған адамдарымыз халықты дұрыс жолға бастаса, ұлт басшылығы үшін жақсы іс болары сөзсіз... Қайталап айтамын, келешекке үмітпен қарауымыз керек» [1, 177 б. ], - деп ел ішіндегі көзі ашық сауатты адамдарға сенім артады.

Жоғарыда айтылғандай, ойшыл ақынның 1911 жылы шыққан «Қарлығаш» атты жинағында  өнер-білімге ұмтылмай енжар жүрген халықтың қырсыздық жалқаулығына ашына тіл қатады. Жомарттық, әділдік, батырлық, жігер, әдеп, надандық, өтірік, ұят, тәкәббарлық жайлы  айтып толғанады.

Патша өкіметінің отарланған халықтың мәдениеті, тілі, ділі мен дінін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жоғалтуға бағытталған озбырлық саясатының мәнін түсінген  ағартушы ақынды ұлтының туған тілі де ерекше толғандырды. «Қазіргі басты міндет қазақ балаларын бастауыш мектептерде ана тілінде оқыту, соған оқулық, жабдық жасау қажет. Өнер-білім ана тілінде болу керек. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді» [11,76], - деді. Бұдан біз Ғұмардың бала, алдымен, ана тілінде білім алып, ана тілінің ықпалымен  азамат болып қалыптасуы қажеттілігін көрсеткенін, ғылыми-педагогикалық, психологиялық тұрғыдан дұрыс деп тапқан ойлы тұжырымын ұғамыз. Сондай-ақ ол: «Бір халықтың өз тілінде білім-өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгереді, һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп, соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттардың жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады. Мұның мысалын тарих бетінде көп ұшыратамыз, бұрын да бірнеше халықтар болған, қазір біз олардың бірін де көре алмаймыз, һәм олар жоқ. Міне, бұлар – сол тілдері жойылып кеткендер. Тіл болмаса, ұлт та болмайды. Яғни ол ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады» [12], - деп кесіп айтады. Осылайша қоғам қайраткері қазақтың ұлттық болмысын ана тілімен байланыстырады.  Тіл – ұлт болудың бірінші белгісі, әрі оны тіршілік құралы, білім, өнер мен мәдениеттің тұтқасы деп түсіндірді.

Ғұмар Қараш мұсылман дініне құрметпен қараған терең білімді діни ағартушы. Ол ислам дінінің тәрбиелік және әлеуметтік маңызын: «Біздің халқымыз ахирет дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Жоғарыда айтылғандай жаман мінез-құлықтардан аулақ болған болар едік. Ақиқат дін жолымен жүріп тапқан  киім-кешек, тамақ, үй-жай сияқты игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады. Қайталап айтамын, ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайды деп дәлелденген шындық. Құранда осылай айтылған», - деп бағалайды. Сондай-ақ ол  «...надандық, қараңғылық жалқаулық кесірінен дініміз де құлдырап кетті. Дінімізді де дұрыс ұстай алмай, дүниеде діннен айырылып қалу қауіпіне жеттік.  ...Қорыта айтқанда, ежелгі ислам діні жолын дұрыс ұстай білуіміз керек» [7, 56 б.], - деп пайымдады.

Ғ.Қараштың  бүгінгі қазақ жастары үшін де өзектілігін жоғалтпаған құнды пікірлерін саралап келтірсек: «Біздің қырғыз, қазақ халқында орта және жоғары медреселерде оқып шыққан жігіттер көп. Бұл жағына қарағанда келешегімізден біраз үміт күтуге болады. Осы жігіттердің халқына қызмет ету жағына келсек, әкімдік дәрежесіне тағайындалып, еңбек ақысын алу, арақ ішіп есіру, күн түні карта ойнап  өмір өткізу – осы жолда өз байлықтарын ысырап етуден басқа еш нәрсесін көрмейсіз», - деп қынжылады.  Керісінше, зиялылар неғұрлым көбейе түссе, халықтың көзі ашылып, пайдалы мектептер салынып, газет-журналдар шығарылып, дау-дамайлар азайып, жалпы жұрт жақсы күн кешірген болар еді.Ал, қазір бұл істердің бірі жоқ. Күн санап  сауық-сайран батпағына батып, күн сайын  надандықтан шыға алмай жатыр. Зиялыларымыз бұл жағдайға қайғырар емес. Халықтың ықыласын өздеріне тартып, сауатын ашып, өнер жолында бастай алмай келеді. Мұның соңы қайда барып тірелері әркімге белгілі болса керек. Бұл да бір қасіретіміз. Міне бұл дүниеде ішіп жеу үшін өмір сүру деген көзқарастың кесірі» [13, 28 б.], - деп түйеді. бүгінгі  қоғамның сырқатын  көріп отырып жазғандай әсерлі ой түйеді.

Ғұмар Қараш қысқа ғана ғұмырында барлық білімін, ақыл-ой, күш жігерін ұлтының жарқын болашағы үшін сарп еткен күрделі тұлға. Алаш қайраткері қазақ халқын ел үшін, ұлт мүддесі үшін қызмет етуге шақырып қана қоймай, «Отан  және ұлт реформасы» деген мақаласында: «Бірқатар адамдар  Отан, ұлт мәселесімен тек жоғары лауазымды адамдар айналысса болар деседі. Отан, ұлт мәселесі баршаға ортақ. Әркім үлкен де, кіші де бұл жайлы ойласа керек. Отанға ұлтқа қызмет ету жоғары мансапты яки бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жәй, орташа адамдар да отанға қызмет ете алады» [14], - деп одан әрі елге, ұлтқа қызмет етудің маңызын:  «Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады.  Жәй адамдар өз міндеттерін адал атқарса, ол күрделі, ұлы істердің бітуіне үлкен септігін тигізген болар еді. ...Әрбір кісі қоғамның мүшесі екенін сезіне отырып, өзіне жүктелген қызметті атқаруға міндетті. Әрбір  адам өзінің халқы үшін қызмет етсе, оның үй-ішіне  де, ағайын- туысына да,  халқына да пайдалы болады. Демек, отанды, ұлтты жаңғырту үшін әр адам өзіне тиісті сеніммен атқаруы керек. Сонда ғана бұл іс жүзеге аспақ» [14], - деп егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Демек, бұл тәуелсіз Қазақ елін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу  міндеті  қойылып отырған күрделі  кезеңде жастарымызды бойына  Отаншылдық, елжандылық қасиеттерін қалыптастыруда өзектілігі жойылмаған құнды пікір.  

Ұлттың  рухани жанашыры замана өзгерісі жайлы айта келіп:

«Айналды осылайғы замандарың

Өнерлі білген жанға құл болатын

Мезгілі келді жаңа надандардың

Өнерлі өрен жүйрік өрге жүзер,

Адымы ұзамайды шабандардың» [15,16 б], - деп  бүгінгі заманның тезіне ілесе алмасаңыз сізді ешкім күтпей  жүре беретіндігін меңзейді. Сондай-ақ ол келешекте  жер жаһанның біртұтастануы  туралы пікірін былайша түсіндіріп береді: «Надандықтың басты зарарларының бірі замандас халықтардан кейін қалу болады, бүтін дүние жүзі бір базар хүкіміне кірді. Дүниенің бір шетіндегі бір адам бұ шетіндегі екінші бір адамға бір дастархан басында бірге отырғандай сөйлесіп, алыс-беріс қарым-қатынасын жасайды. Алыс жолға аз уақыт ішінде барып келеді... Бұ себепті, бүтін дүнижүзіндегі адамдарды бір базардағы деп айтсақ қателеспейміз. Бір майданда қарым-қатынас еткендер білім өнері бір дәрежеде болмаса, білгендерге білімсіздер пар келе алмайды. Екінші түрлі етіп айтқанда қатарға ере алмайды, кейін қалады... Сондай-ақ бұл дүние майданында да өнерлі біліктілер білімсіздерді басып жаншып озады, пайдалы нәрселерді күн ілгері өз қолдарына жиып алады. Кейін қалған шабандар әр нәрседен құр қалады. Қазіргі заманда білікті халықтар ілгері озып кеткенде надан халықтар ере алмай кейін қалады...кейін қалу жалқаулықтан, өнерсіздіктен, білімсіздіктен, надандықтан келеді. Бұл себебті надандықтың көп зарарларының бірі  деп бұл майданда кейін қалуды санаймыз... Надан адамдардың еншісіне тиген бір қасиеті сол болады. Себебін білмеген нәрселердің бәрін керемет әулиеліктен деп санайды... Біздің қазақ халқы бек надан, аурулардан сақтану амалдарын білмейді. Жұқпалы ауру адамның хал-қадірін сұрайды. Өлсе сүйегіне кіреді, сөйтіп бір кісі ауырса жүз кісіге жұғады... Қайтпек керек, бұның бәріне надандық себеп, надандық болмаса себепсіз бұл дүниеде еш нәрсе болмайды» [16, 128 б.], - деп қынжылады.

«Талас-тартыс –  дүние заңдылығы. Күштінің күштілігі де заңдылық. Осыған қарап адамдар күштілер ғана өмір сүреді деп ойлауы мүмкін. Шындығында нағыз күштілік шындық пен әділдікте екенін ұмытпау керек. Бұ да пәлсапалық заңдылық. Егер өз ісіңіз әділ болса, онда сөзіңіздің дұрыстығына сене беріңіз»,- деп адалдық, әділеттілік адамның өмірлік биік ұстанымы болуын меңзеп көрсетеді.  Бұл пікірін одан әрі «Әркімнің өз тұрғысы бар. Хайуандық халіндегілер. Қырғыз зиялылары» деген шағын мақаласында былайша жалғастырады: «Дүниеде көзқарастары адамдық дәрежеден  төмен де кісілер бар. Олар хайуандық халден шыға алмай қалған. Олар ішіп жеу үшін ғана өмір сүрмек. Мұны олардың істері дәлелдейді. Пікірлі, парасатты адамдар мұны айқын аңғара алады. Хайуандық халдегі адамдар қолдарына мансап қағаздары тисе, тек өз құлқы үшін ғана, жақсы өмір сүру үшін ғана қызмет етпек. ...Адамшылық көзқарасты қысқаша қорытсақ, ішу, жеу  үшін емес, мағыналы өмір сүру үшін ішіп жеу керек. Осыдан барып бақыт деген жақсы, мағыналы өмір мұраты туады»  [16, 128 б.], - деп алып, өмірдің мәнін айырып түсіндіріп береді. 

Қорыта айтқанда,  Ғұмар Қараш – Қазақстанның ХХ ғасыр басындағы демократ зиялыларының қоғамдық-саяси ой-пікірінің көрнекті өкілі, ұлттық сананы жаңғырту мен демократиялық дамуды ұран етіп көтерген ірі қайраткер, гуманист, ағартушы тұлға.

ХХ ғасыр басында қазақ қоғамындағы қалыптасқан әлеуметтік, саяси, рухани, мәдени мәселелерін  шешу жолында Ғұмар Қараш зор еңбек етті. Қазақ елінің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күресте ұлт қамқоршысы ретінде таныла білді. Ғұмардың ар-ождан, моральдық қасиеттерді санаға сіңіріп, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, өркениетті деңгейге көтеру, идеяларының мазмұны мен мағынасы бүгінгі күні де өзінің мәнін жойған емес. қазақ  халқының ұлттық рухын жаңғырту, сананы  серпілту  Ғұмар Қараш шығармаларынан бастау алады.Демек, ХХІ ғасырдағы бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Ғұмар Қараш шығармаларын терең зерттеу, жас ұрпақты  ойшыл ақынның  қазыналы ойлары негізінде  тәрбиелеу  кезек күттірмес міндет болып табылады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Ғұмар Қараш. Замана. (Өлең, толғаулар, пәлсапалық ой-толғамдар, мақалалар). Құрастырған Қ.Сыдиықов. – Алматы: Ғылым, 1998.  – 240 б.

2.Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архив  (БҚОМА.) 312 -  қор, 1- тізбе,  8 - іс.

3.Ысмағұлов М. Ғұмар Қарашев. Қолжазба. Батыс Қазақстан облыстық тарихи - өлкетану музейі (БҚОТӨМ), М.Ш. Ысмағұлов қоры. 12 -  қор, 3- бума.

4.Ғұмар Қараш  Пидагогика  //  Мұғалім. –  1919. –  № 2. Б. 10-19.

5.Ғұмар Қараш   Пидагогика  //  Мұғалім. – 1919. –  № 7. Б. 12-17.

6.Ысмағұлов М.  Ғұмар Қараштың тәлім - тәрбиелік ой - пікірлері // Қазақстан мұғалімі. –1959. – №21/ 34. 21 - май.

7. Боранбаева Б.С. Ғұмар Қараш. Қоғамдық саяси қызметі. Монография. . – Алматы: Арыс.  – 1998.  –  232 б.

8.Ғұмар Қараш Жаңа шыққан жастарға // Социалистік Қазақстан. 1989. 15 желтоқсан.

9.Ғабдолла Мұштақ  Қарлығаш. – Қазан: 1911. – 28 б.

10. Кенжеалиев И. Ғұмар Қараш. – Орал. Оқу құралы. – Орал: БҚМУ баспаханасы, 2004.  – 136 б.

11. Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш. (Өмірі мен шығармашылығы.)  – Ақтөбе: А-Полиграфия ЖШС, 2004. – 384 б.

12. Ордалық баласы Ұлт һәм туған тіл  // Дұрыстық жолы, 1919. № 5. 1 сәуір.

13. Ғұмар Қараш  Ойға келген пікірлерім. –  Орынбор.  Вакт. 1910.  –  48 б.

14.  Қараш баласы Ғұмар  Бұ қай заман  // Қазақстан, 1911. № 1. 15 ноябр.

15.  Ғ.Қ. Бала тұлпар. – Уфа, Шарқ. – 1911. – 59 б.

16 Өзбекұлы С. Исмайлов А. Ғұмар Қараш (өмірі мен қызметі). –  Алматы: 2000. – 34 б.

3063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз