• Ел мұраты
  • 29 Маусым, 2022

Астарлы сөздің айтары бар (тұлғатануға талпыныс)

Еркін ой мінбері

Қойшығара САЛҒАРАҰЛЫ

Жан болып жаралып, мынау Жарық Дүниенің дидарын көрген адамзат баласының қай-қайсысы да, егер жаратылысында табиғи кемістігі болмаса, ес біліп, етек жапқан кезінен бастап көргенінен, естігенінен білгенін  сана сүзгісінен өткізіп,  соның ішінен өзінің таным-түсінігі деңгейінде алдағы тірлігінің «кәдесіне жарар» деп қабылдап, қажетсінгенін   жад қоймасында сақтайды да, қалғанына  мән бермей,  ескерусіз қалдырып отырады.  Әр адамның  осылайша өзінше сараптап, жадында жинақталған таным қоры - «білік» деп аталады. «Біл» деген бұйрық райлы сөзге жинақтаушы «ік» жұрнағы жалғану арқылы жасалынған бұл сөз («білік»): «білгенінің, ұққанының, танығанының жиынтығы» деген ұғымды білдіреді. Осындай жинағаны мол зерделі кісіні «білікті адам» деп атайды. Басқаша айтқанда, «білік» дегеніміз әр адамның өз ғұмырында естігені мен көргенінен өзіндік ой түйіп, санасында  сақтаған рухани қазынасы. Оның  мөлшерінің қаншалықты болмағы көп жағдайда әр адамның саналылық деңгейінің  ерекшелігімен бірге   көпті көріп, өмірлік тәжірибе жинауына мүмкіндік берер ғұмыржасының   ұзақтығы мен қысқалығына да  байланысты  болып  келеді.

 

Бірақ, соған қарамастан,   кейде жаратылыс тегі мықты,  ойлау өрісі кең тума талантты  жастардың  көк әлеміне көрік беріп, ағып өткен құйрықты жұлдыздай қысқа ғұмырында-ақ  өмірлік тәжірибесі мол қазыналы қарттармен тең деңгейде біліктілік биігіне көтеріліп, есімдерін ел есінде  қалдырғандарының  да болғандығы баршаға белгілі шындық.  Мұндай жағдайда талпынған таланты жастардың білігінің кемшінін білімі толтырып, зерделік зергерлікте кемістік байқала бермейді. Білім дегеніміз оқумен, сол оқудан тапқанын көңілге тоқумен жиналатын қазына болғандықтан, жүз жасаған қарияның есту мен көруде жиған байлығына алғыр жас оқу, тоқу арқылы қысқа мерзімде ертерек қол жеткізіп жатады. Қалай болғанда да, жастың да, кәрінің де өз тіршілігінде жинаған білігі мен білімін  сан алуан  саз әуенін шығаратын домбыраның қос ішегіндей үйлесімге келтіріп, айтар сөзінің, атқарар ісінің  мәйегіне айналдыра білуі – олардың қай-қайсысының да  адамдық  сапасына өзіндік ажар беріп, кісіліктік бағасын көтере  түспек. Сөйтіп білік пен білімнің өзара үйлесім тауып, кіріге бірігуі адамды айтулы ақыл иесіне айналдырады. Нәтижесінде ақылмен істелген істің қай-қайсысы да адамға, сол адам өмір сүріп жатқан қоғамға кесірлі кеселін тигізбейді;  дамуға,  ілгерлеуге жол ашады.

Тек, өкініштісі, адамзат баласының бәріне бірдей тән осынау табиғи қарапайым ортақ заңдылық кешегі үш ғасырға жуық уақытқа созылған  бодандықта кәдеге аспай, жайына қалды. Оның орнына бодан елдің адамдары үшін  отарлаушылар тарапынан берілетін қандай да бір  тапсырма болсын, соны ойсыз орындау міндетке  айналды. Білім мен білік тек осы міндетті орындауға қажетті машықтыққа қызмет етті. Берілген тапсырма неғұрлым тез және асыра орындалса, ол – отансүйгіштіктің, адамгершіліктің, іскерліктің, түпнәтижесінде:  тапсырма берушіге деген адалдықтың айғағы болып танылды. Бұған керісінше,   мұндай тапсырмалардың өзі үшін, елі үшін қаншалықты тиімді немесе зиянды екені орындаушылар тарапынан ақыл таразысына тартылып, соған сай өзіндік пікір айтылса, онысы – қылмысқа теңелді. Ондайлар советтік құрылыстың  өркендеуін қаламайтын, заман ағымын түсінбейтін, ескілікті көксейтін керітартпа зиянкестер деп танылып, айыпталды. Осыдан келіп  бұларды  мейлінше өлтіре жамандап, қоғамға жексұрын етіп көрсету, бұған керісінше, ойсыз орындаушыларды жер-көкке сыйғызбай көтере мақтап, өзгелерге үлгі ету – науқаншылдық екпінмен қарқын алып, жаппай кең етек жайды. Даттаудың да, мақтаудың да өзегі өтірікпен өріліп,  өмірлік шындықпен қабыспауының күнделікті тірлікте әдетке айналуы – уақыт өте келе жұртшылықтың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-талғамын бұзып, оларды жақсы мен жаманды,  асыл мен жасықты өздері танып, ажырату қабылетінен айырып тынды. Отарлаушылар тарапынан қандай бір бастама көтерілсе, оның мән-мазмұнын, ертеңгі нәтижесінің не боларын танып, білмей жатып,  жабыла қолдап, жедел жүзеге асырудың  айқайшысы болғандар  елдің көш бастар  зиялысына айналды, осылар өмірге енді араласа бастаған жастарға  үлгі етілді. Өз  өмірінде тірнектеп жиған білімі мен білігіне сүйеніп, өз ақылымен халқына пайдалы өзіндік бір іс тындыра алмай, үнемі өзгенің  айтқанын орындаумен күн өткізген орындаушы уақыт өте келе еркіндікте жүріп-ақ, өзінің  қалай құлға айналып кеткенін   сезбей, айтаққа еріп,  елім деген естілерге қарсы күресер күйге жетті.  Осылардың көмегімен  отарлаушылар ойлаған мақсатына жетіп, бас-аяғы жетпіс жылдың ішінде  халықты халықтық қасиетінен айырып, тобырға айналдырып  үлгірді. Тобырға айналғандар бүгінін ғана емес,  ертеңін ойлап,  келер ұрпақтың қамын жеп, ел егемендігі, халық бостандығы үшін күресіп, басын бәйгеге тіккен дара тұлғаларын өз халқының жауы етіп көрсетіп, жаппай қырып-жоюға мүмкіндік туғызды. Қожайынға жағынып, бір-біріне жала жауып, ұстап беру науқанға айналды. Соның салдарынан ел естілерінен айырылып, үміт артар ұрпағы мәңгүрттік жолға түсті. Осы мәңгүрттенген ұрпақтан шыққан «ғалым» деп танылған кейбір оқымыстылар басқаны  былай қойып, тіпті,  өткен заманның есімдері елге танылып, ғасырлар бойы ел жадында сақталып, ұлықталып келген баршаға танымал ақыл-ой алыптарының  үлгі-өнегесін жан-жақты талдап, олардың ұлағатты тағылымын  табиғи болмысында өскелең жастарға таныту орнына, оны  көпірме сөздің көбігіне көміп, асыра сілтеп, асыра мақтаудың жарысына қосылды. Осының  салтқа айналып, бойға сіңгенін,  алысқа бармай-ақ, күні кеше ғана 175 жылдық мерейтойын бүкіл ел болып дүркіретіп атап өткен Абай атамыз жайында жыл бойы республикалық баспасөз беттерінде жарияланған ұлы ақынды дәріптеген  түрлі мақалалардан да, арнайы өткізілген жиындарда айтылған сан алуан пікірлерден де толық аңғаруға болады.

Дана халқымыз «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген ғой. Еліміздің бодандық бұғауынан босап, тәуелсіз еркін ел болғанына табаны күректей отыз жыл өткеніне қарамастан,  сол баяғы отарлаушылар бойға сіңірген жасанды әдетпен  қызыл сөздің көрігін қыздыра басып,  жасанды мақтаудың жарысына қосылғандар өзіміздің атамызды өзімізге бұйыртпай, оны  бейне бүкіл адамзаттың бағына Құдайдың құдіретімен ХІХ ғасырда адам бейнесінде  пайда бола қалған тәңіртекті киелі бір әулиеге  айналдырып жіберді. Олардың танымында  қазақтың арғы-бергі тарихында мұндай тұлға болмаған, ерекше бір дара жаратылым. Қазақтың қазақ болып аман қалып, бүгінге жетуі – оның осы даралығының нәтижесі көрінеді... Бірінен бірі асып түсетін дәйексіз мадақ осы сарында жалғаса береді. Бұл арада  айтылғанға айғақ ретінде олардың бәрін тізіп, санамалап жатпай-ақ, «теңіз суының дәмі тамшысынан да танылар» деген қағидамен, солардың  біреуінен қысқа ғана үзіндіні алға тартсақ та,  ортақ сарынның әуенін аңғару қиындық туғызбаса керек. Зерделеп көріңіз:

 «Абай халқын рухани ездік пен надандықтан арылтып, өлімнің масыл ұйқысынан оятып, көкірегіне мәңгі сөнбес сенім шырағын жақты. ХІХ ғасырда Абай тарих сахнасына көтерілмегенде қазақ халқы мәңгілік құлдықта ғұмыр кешіп, тобырға айналып, жер бетінен әлдеқашан жойылып кеткен болар еді де, жоғалған  халықтар қатарында гиннестің рекорттар  кітабына енер еді, ал қазақ тілі өлі тілге айналар еді. Халқын аман сақтап қалу үшін ақын ел ісіне араласып, билік тізгінін ұстады» (Үзінді «Абай жартасы» деген мақаладан алынды. «Абай.кз. ақпарат порталы. 06.01. 2021). Бұл – кейбіреулер ойлағандай, жұртты өз айтқанымызға сендіру үшін мақаланың әр жерінен  сөз теріп, жоқтан бар жасап,   сөйлем құрастырған  тәсілгерлік емес, автордың ой ағынының  мазмұнын айғақтайтын   тұтас бір абзацты  құрайтын түйінді тұжырымы. Бір әрпіне қиянат жасамай тұтас ұсынып отырмыз.  Енді  осы тұжырымды ойды тұтас жеткізген  бас-аяғы үш құрмалас сөйлемнің әрқайсысысына арнайы ой тоқтатып, бірлесе зерделеп көрелік. Тарихи деректерді алға тартып, терең талдау жасасақ, ұзаққа кетерміз, оны абайтанушы білікті мамандардың үлесіне қалдырып,  бұл арада мейлінше қысқа қайырып, тек жалпы  жұрттың  ойласуына тамызық болар сауал тастаумен ғана шектелуді жөн көрдік. Үш сөйлемге үш сұрақ...

Бірінші сұрақ. Егер автордың алғашқы сөйлеміндегі: «Абай халқын рухани ездік пен надандықтан арылтып, өлімнің масыл ұйқысынан оятып, көкірегіне мәңгі сөнбес сенім шырағын жақты»  дегені шындық болса, онда сол Абайдың өмір сүрген заманын көздерімен көрген Алаш Арыстарының бодандық бұғауында булыққан халқын азаттыққа жеткізу жолында бастарын бәйгеге тігіп,  отарлаушылар ойранына қарсы ашық күресуі, атап айтқанда, қалың ұйқыдағы халқын  оятамын деп Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» деп ұрандатуы, ұлт ұстазы деп танылған Ахмет Байтұрсыновтың сол халықты,  тіпті, болмағанда масадай ызыңдап,  мазасын алып, ұйқыдан оятуды мақсат етуі неліктен?!. Болмаса, жалпы қазақты былай қойып, осы Абайды бала кезінде өзі көзімен көрген,  ауылымен ауылы аралас өскен, Абайтанудың негізін қалаған  Мұхтар Әуезовтың Абай өлгеннен кейін 9 жыл өткен соң жарық көрген «Қазақ» газетінің дүниеге келуі – «шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты оятты» деп жазуы  білместіктен айтылған сөз бе?!. Кезінде өзі «рухани ездік пен надандықтан арылтып, ұйқыдан оятып, көкірегіне мәңгі сөнбес сенім шырағын жаққан» халықтың ұрпағы Абайдан кейінгі өткен 30-40 жылдың ішінде қазақ қазақ болғалы көрмеген небір сұмдықтарды бастан өткеріп, жартылай қырылып, жартылай атамекенінен безіп, қуғын-сүргін көруіне не себеп?!.

Екінші сұрақ. Автордың келесі сөйлеміндегі айтылған ойлардың ақиқаттығына айғақ болар қандай негіз бар?!. Ойласып көріңіз. Абай  1904 жылы қайтыс болды. Содан бес жыл өткенде тұңғыш кітабы жарық көрді. Оған дейін Абайды қазіргі Қазақстанның шығыс өңірінің (арғын, найман, керей тайпаларының) жұртшылығы болмаса, жалпы қазақ затын былай қойғанда, атын да білген жоқ.   Қазақтың Абаймен танысуы – кітабы шыққаннан кейін басталды. Онда да жаппай емес, қазақтың оқыған сауаттылары ғана білді.  Соның салдарынан кешегі советтік идеологияның бір халықты бай-кедей деп тапқа бөліп, бірін біріне айдап салып, өзара қырқыстырып қойған саясатының  ықпалымен  «Қара қасқа атты Қамбардан» басқа қазақтың рухани мұрасының бәрін  зиянды деп ұрандатқан науқанды жұмыс барысында  Абайды да қанаушы таптың өкілі, феодализмнің шонжары деп, оның шығармаларының басына бұлт үйірген кезеңнің болғаны да мәлім. Қазақ халқының Абайдай асылын шын мәнінде  танып, біле бастауы өткен ғасырдың екінші жартысынан, Мұхтар Әуезовтың  Абай жөніндегі  тамаша танымдық  еңбектерінен кейін  өріс алды емес пе?!.  Қазіргі сауатты жұрттың бәрі білетін осындай шындықтан кейін автордың «ХІХ ғасырда Абай тарих сахнасына көтерілмегенде қазақ халқы мәңгілік құлдықта ғұмыр кешіп, тобырға айналып, жер бетінен әлдеқашан жойылып кеткен болар еді де, жоғалған  халықтар қатарында гиннестің рекорттар  кітабына енер еді, ал қазақ тілі өлі тілге айналар еді» дегеніне қалай сенуге болады?!. Қазақ елі екі жарым ғасырдан астам уақыт бодандықта болғанымен,  рухани езгінің де, қолдан жасалған аштықтың да, қуғын-сүргіннің де адам баласы бұрын-соңды көрмеген сұмдықтарын Абай өлгеннен кейінгі 30-40 жылдың ішінде бастан кешірген жоқ па?!.

Үшінші сұрақ.  Соңғы сөйлемін автор: «Халқын аман сақтап қалу үшін ақын ел ісіне араласып, билік тізгінін ұстады», – деп түйіндейді. Алдыңғы екі сөйлемнің әсеріне еліккен оқырманның автордың «билік тізгінін ұстады» дегеніне қарап, «хан» не «аға сұлтан» болған екен» деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ Абай мұның бірі де болған жоқ. Бары – бір аз уақыт Қоңыркөкше еліне болыс болған. Бірақ халыққа қызмет етудің үлгісін өз ісімен көрсетпек болып, бұрынғы қазақ атқа мінерлерінің тарапынан жасалып келген қиянаттың жолын кесіп,  пара алып, пара беруге  тиым салып, әділеттік орната бастағаны елге жаққанымен,  бұрынғы болыс, билерге жақпай, бәрі жабылып, ардан безген  Үзікбай Бөрібаев деген біреуді   жалдап, соның атынан Абайдың үстінен  оязға арыз жаздырып, жалған куәгерлерді тауып, біраз  жыл әуреге салады. Әйтеуір өзінің орыс тілін білетіндігінің арқасында Семей уездік судьясы П.В. Маковецкийге бар жағдайды  түсіндіріп,  ақталып шыққанан кейін өз еркімен болыстықтан бас тартады. Бары осы!..

Осындай жағдайлардан толық хабары бар  бүгінгі сауатты оқырман мақала авторы айтқан: «ХІХ ғасырда тарих сахнасына көтеріліп,  қазақ халқын мәңгілік құлдықта ғұмыр кешіп, тобырға айналып, жер бетінен әлдеқашан жойылып кетуден, қазақ тілін өлі тілге айналудан сақтап қалған» Абай мен заманында «өз ортасынан етекбастылық көп көріп», «мыңмен жалғыз алысып», «зорлық-зомбылықты тыя алмай», «құлағын салмас, тіліңді алмас, көп наданнан түңіліп», «моласындай бақсының жалғыз қалып», «жақсы менен жаманды айыра алмай қалған» жұртының ес жиып, еңсе көтеруіне септігі тие ме деген үмітпен бар мұң-шерін тек қаламымен бөлісіп, ұрпағына  өлмес өсиет сөзін қалдыруды мұрат тұтқан  Абайдың қайсысына сенбек?!. Күпілі қазақтың қойнынан шыққан кәдімгі қазақ Абайды, өз атамызды дәйексіз сөзді қарша боратып, әсіре дәріптеп, ойсыз тәу етуді талап етер пұтқа (идолға) айналдырғаннан не мұратқа жетпекпіз?!. Шын мәнінде ұрпағына үлгі-өнеге алар  қазақтың тағылымды дана қартын әлі күнге жете танып, оның жанашырлықпен айтқан ақылын тыңдап, істе дегенін істей алмай келе жатқанымыз осының  салдары емес пе?!. Ең болмаса, аталықпен айтқан қарапайым талабы: «асық бол» деген бес нәрсесін жедел игеріп, еліміз ілгеріледі ме, «қашық бол» деген бес пәлесінен ат құйрығын кесісіп, кемшілігіміз жойылды ма?!   Еркімізден тыс, уақыттың өзі енгізген жақсы-жаманды өзгерістерден басқа не жаңарды, не өзгерді?!. Абай көрсеткен қазақ бойындағы кемшіліктердің қаймағы бұзылмай  осы заманға жеткені неліктен?!. Түзелу, жетілу орнына, керісінше, өзгелерде жоқ, ерекше қасиет – адами қазақы құндылықтарымыздың  құлдырап,   қазақы  мейірімділік пен қазақы бауырмалдығымыздың қуаңшылыққа ұрынған құрақтай бірте-бірте семіп құрып бара жатқаны қалай?!.  Осының бәрін Абайды бүкіл жандүниемізбен түсініп, оның  кемеңгер даналығын танығанымыздың, соны шынайы мойындағынымыздың нәтижесі дей аламыз ба?  Егер дей алмасақ, басқаша айтқанда, халқының қамын жеген Абайымыздың тілін алмасақ, айтқанын орындамасақ,  нұсқаған бағытымен жүріп, еліміздің еңсесін көтеруге ұмтылмасақ, сонда оны «ұлы»  деп ұлықтағанымызда,  «дана» деп дәріптегенімізде қандай қасиет, нендей мән бар?  Мұнымыз, керісінше, өз Абайымызды өзіміз әлі күнге жете танып,  бағалай алмай, әйтеуір  жұрт айтады  ғой деген дақпыртпен, «бізде де осындай дана бар» деу үшін айтылар  қыртмақтан жайдақ даңғазалықты танытпай ма?!.   Ал осыған көзі тірісінде «қазағым» деп қабырғасы қайысып, елім деп еміреніп, пенделік  қызықтан бас тартып, «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың әруағы риза дей аласыз ба?!.  

ІІ.

Жоқтан бар болмайды. Бар болса, ол негізсіз болмайды. Мысалы,  бәріңіз  білетін «Алма» деген жеміс бар. Жерден биікте, ағаштың басында өседі. Түрі – көрікті, дәмі – нәрлі. Халық аңызында «жұмақтың жемісі» деп дәріптелінеді. Көрсең көзді қуантар, жесең жеңсігіңді басар осы  алмаңыздың негізі – Алма ағашы. Алманы алма қылып құлпыртып тұрған құдірет – осы Алма ағашы. Алма ағашы болмаса, сол еңбектеніп тамырын тереңге жіберіп нәр тартпаса, алма да жоқ, оның көз тартар әрлілігі де,  құнарлы нәрлілігі де, тіл үйірер дәмділігі де жоқ. Ұғынықтылық үшін қарапайым теңеумен айтсақ, міне, біздің Абай атамыз да осы Алма сияқты.

Абай да кемелденген дана ғұлама болып көктен түспеген. Оның да Абай болып айрықшалануының өзіндік негізі бар. Ол негіз – халық, Абайдың өзінің туған халқы – қазағы! Абай – өз халқының «жемісі», қазағының төл перзенті; әрісі – «түгел сөздің түбі – бір, түп атасы – Майқы би» атанған  ғұламадан басталып, берісі – Абайдың өз әкесі Құнанбайға дейін  арасын үзбей бір-бірімен сабақтаса  жалғасқан қазақтық ақыл-ойдың  алыптарының дәстүрін жалғаған қабылеті ерен, зерделі мұрагері. Елдіктің, естіліктің тағылымды дәстүрін қалыптастырып, оның желісін үзбей ғасырдан ғасырға жалғаған, уақыт сүзгісінен сұрыпталып шығып танылған осындай кемеңгерлердің ой-құнарынан тектілікпен нәр тарта білген Абай  замандастарынан затын арттырып, саясы  мол көрікті Байтерекке айналған. Сондықтан да абайтанушылыққа талпынып  жүрген кейбір талапкер жастардың алып Байтеректің бүгінгі танылған бітіміне қарап: «қазақта бұрын-соңды мұндай тұлға болған жоқ» деп, кесіп-пішіп тұжырым жасау-лары – ағаттық, өмірдің даму  заңдылығын ескермегендік болмақ. Мұны бардың байыбына жетіп, әділ бағасын бере алмаған үстірт түсініктің салдары деп қабылдаған жөн болмақ. Өйткені «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды, Ер туып жоқ елді бар қыла алмайды. Тұсында әр заманның бір сұрқылтай, ұқсаңдар ата сөзі жәй қалмайды» деп  Монтай би айтқандай, әр дәуірдің өз заманының талабына лайық бір сұрқылтайы, басқаша айтқанда, қай заманда  да қазақтың кең байтақ даласының әр өңірінде аймағын аузына қаратқан өз абайлары болғаны анық. Мұның солай екеніне көз жеткізу үшін қазақтың үш жүзінен кезең-кезеңімен тізбектеле шығып,  есімдері еліне кеңінен  танылып, өз замандарының көшін бастаған даңғыл  тарланбоздарымыздың  бәрінің атын атап, түсін түстеп жатпай-ақ мына бір жайға назар аударып көрелікші.

Айталық, ғайыптан тайып, Мүрсейт молланың көшірме-қолжазбасы кезінде жоғалып кетіп, Абайдың бүгінгі баршамызға таныс өлеңдері мен қара сөздері толық күйінде осы заманға жетпесе, біз оны кім деп таныр едік?!. Аз-мұз артық-кемін есепке алмағанда, бар таным деңгейіміз: «Семей өңірінде, ХІХ ғасырда Құнанбайдың  Абайы деген бір атақты адам болыпты. Сөзге шешен, ойға кемел, тапқыр кісі екен. Заманында болыс та болыпты, би деп те аталыпты. Өз тұсындағы елінің жемқор, парақор, қиянатшыл  атқа мінерлерін қатты сынға алып,  әділеттілік үшін аяусыз алысып, талапты  жастарын ғылым-білім үйренуге үндеп, өлеңдер шығарыпты» дегеннің төңірегінен аспас еді; ел есінде сақталған кейбір шешендік сөздері мен бірер өлеңін ғана білер едік.

Енді ойлаңыз, қазақтың  арғы-бергі тарихында осындай адамдар аз болды ма?!. Әрісін қойып, қазақ қазақ болып аталғаннан бергі заманнан кешегі сөз киесін кетірген бәтуасыз кеңестік заманға дейінгі аралықтың  қай кезеңінде де сөйлесе сөздің шешені, бастаса елдің көсемі болған талай даналар шықпады ма әр өңірден  топ жарып?!. Олардың кезінде  айтқан аталы сөздері мен ұлағатты ойларының бәрі бірдей қағазға түсіріліп хатталып, халыққа толық жетпегеніне  қарамастан, тек әлгі  ел жадында жатталып бірден бірге жеткен бірен-сараң үзінді үзігінің өзі олардың есімін бізге танытып,  тапқырлықтары мен даналығына әлі күнге дейін тамсантып жүрген жоқ па?!. Солардың бәрі Абайдан бұрын өмір сүріп, әр қайсысы айтулы ақындығымен, төкпе жыраулығымен, қара қылды қақ жарған әділетті билігімен, сөз бастаған  шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен халқының жадында сақталып,  ғасырдан ғасырға өтіп, бүгінгі ұрпаққа  үлгі-өнегелік қызмет атқарып отырған жоқ па?!.  Абайды бұлардан  қара үздіріп, ерекшелеп тұрған артықшылықтың бар сыры – оның жазған-сызғандарының жоғалмай бүгінге толық жетуімен бірге,   көзін көрген, кезінде бірге жүріп, қым-қуыт арпалысты тірліктің ащы-тұщысын бірге бөліскен зерделі замандастары қалдырған құнды естеліктер беретін деректің молдығында  екенін пайымдау қай зерттеуші үшін де міндетті шаруа емес пе?!. Мысалға айтсақ, Абайдың төңірегінде болған көп жастардың бірі,  «семіз кедейім» деп өзі еркелеткен бір Мүсірәлі мен баласы Тұрағұлдың естеліктерінің өзі не тұрады?!. Ал мұндай естеліктер қаншама?!.

Шығармаларының толық жетуі – Абайдың тума талант, табиғи ерен дарын иесі екенін тануымызбен бірге  қазақтың өлең әлеміне жаңа түр, жаңа ырғақ, жаңа қалып, жаңа мазмұн енгізіп, өз  өмірін мәңгілікке ұштастырған тұтас  бір құбылыс  болғанын талассыз мойындатса; естеліктердің молдығы әрі олардың шынайылығы – Абайдың адами болмысын және өсіп-өнген ортасын ешқандай қиял қоспасыз табиғи қалпында тануымызға,  халқын халықтық қасиетінен айырып, тобырға айналдыруға бет алған орыс отарлаушыларының бағытының кеселді  салдарын көріп, жаңа басталған ғасырға «жапырағы қураған ескі үмітпен» үңілгенімен,  жақсылықтың сәулесін көре алмай, өз қатарынан оза шауып, ғылым-білімге ұмтылып, бірнеше тілді меңгеріп,  өзге озық елдердің ойлы азаматтарының еңбегімен танысып, өз халқының солардың халқындай  заманауи жетістіктерге жетуін армандап алысқанымен, өз бауырларынан «етекбастылық көп көріп», «өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп күңірене күрсінген, «жарлы емес, зарлы» қарттың жан дүниесін  терең сезінумізге мүмкіндік берді емес пе?!.  Осының негізінде Мұхтар Әуезов әдебиетте Абайдың шығармашылық, азаматтық дара тұлғасын жасап, есімін әлемге танытты ғой. Абайға дейінгі қазақтың ақыл-ой алыптарында мұндай мүмкіндіктердің бірі де болған жоқ. Айтқан сөздері, атқарған істері бізге толық жеткен жоқ. Естеліктері түгіл, олардың замандастарының қандай адамдар болғанынан да мүлде хабарсызбыз.

Сондықтан мәселенің байыбына жетіп, бәрін жан-жақты зерттеп, ақиқатын анықтамай тұрып, Абайдан культ жасап, адамзаттың дара Абайына айналдырамақ  ниетпен,   оны туған халқынан жоғары қойып, әсіре мақтап, аяқ-қолын жерге тигізбей, аспандата беруден ешкімге ешқандай пайда болмаса керек. Халыққа кемшіліктен ада, ойласа ойы, созса қолы жетпейтін әулие Абай емес, пендешілік тірлігіндегі тауқыметті тағдырымен тайталаста адамдық қалыптан айнымай, атаның ұлынан адамның баласына айналуды мұрат тұтқан Абай тағылымы қымбат. Арамыздан ана дүниеге аттанып кеткеніне 118 жылдан астам уақыт өтсе де, өз Абайымызды өзіміз «әлі күнге толық тани алмай жатсақ» (мұны басқаны қойып, абайтанушылардың өздері де мойындайды), оның себебін, жоғарыда айтқан, танымдық дәйегі жоқ  жарыса  жалаң мадақтаудың зардабы деп білгеніміз жөн болар.

ІІІ.

«Пайғамбар», «данышпан», «ғұлама», «хакім», «кемеңгер», «әулие», «ұлы» деген тәріздес киелі сөздерді Абай есімінің алды-артына тіркеп,  ойсыз жасты еліктірер жалтырақ сөзді жонглерлік шеберлікпен ойнатып, сапыра селдеткенмен Абайдың тұлғалық тағылымы, адами ерекшелігі табиғи болмысында танылмасы анық. Сол секілді Абайды қалайда керемет етіп көрсету ниетімен кезінде жарияланып кеткен, айтылып жүрген  естеліктердегі кейбір пікірлерді қысқартып, түзету енгізіп мінсіздендіруге бағытталған әрекет те абырой әпермейтін тірлік. Қанша жерден жақсы ниетпен жасалынғанымен, кез келген жасандылық Абайды бүгінгі сауатты ұрпағына жақындатудың орнына елеусіз түрде біртіндеп алыстата, қашықтата береді. Өйткені қазір қазақта Абайды білмейтін адам жоқ. Түсінуі, қабылдауы әртүрлі болғанымен, олардың бәрі оның шығармаларын оқыған, соған орай әркімнің өзі таныған, өзінше бағалаған өз Абайы бар. Осы тақырып төңірегінде ізденіп жүрген  кейінгі буын өкілдерінің кейбірінің Абайды өзінше талдап, оны теңдесі жоқ ерекше керемет жан етіп көрсету ниетімен, әрқайсысы өз мамандықтарына қатысты бүгінгі  өзі білетін жетістіктер нәтижесін оған теліп,  мысалы, сазгерлер музыканың, ақындар поэзияның, экономистер экономиканың,  философтар философияның, тарихшылар тарихтың, заңгерлер заңның, ұстаздар тәлімгерліктің сұңғыла білгірі – әмбебап данышпан етіп,  бірінен бірі асып түсуге ұмтылып, іштей жарысқа түсіп жүргендері соның дәлелі.  Зерделей үңілсеңіз, олардың ой ағынынан Абайды танып-білуге деген іңкәрліктен гөрі өздерін танытуға, білімділігін,  айтқыштығын көрсетуге ұмтылған пендешілік лебі еседі.  Осыдан келіп,  ХІХ ғасырдың Абайы бүгінгі ХХІ ғасырдың таным-түсінігінің биігінен ой толғап жатқандай күй кештіреді, шынайылық жапсарынан «мен мұндалап», сығалап тұрған жасандылық байқалады, сенімге селкеу түседі. Сондықтан халықтық құндылықтардың қасиетін танып, ұлттық дәстүрдің құнарынан қуат алып, елдік тәрбиенің бесігінде  тербеліп, ана сүтін адалынан емген қазақтың өзіне дейінгі ақыл-ой алыптарының  заңды мұрагері Абайды төл болмысында танытар ортақ таным-түсінікті қалыптастыру – қазіргі абайтанушылардың басты міндеті болуы керек. Сонда әсіре әспеттеудің әсерімен көкке көтеріп, аспандатып жіберген Абайымыздың  қазақ топырағына қайта оралып, өскелең жастардың жанашыр  жақынына,  сырласар  ақылшы атасына айналып,  үмітті жылдардың биік асуларынан өз ұрпақтарымен үндесе үйлесіп, бірге аса берер еді-ау деген арманды ой мазалайды.  Бұл ретте, асылы, Абайды тануды  әр зерттеуші оның өмір сүрген ортасының, бастан өткерген заманының хал-ахуалын зерделеуден бастап, сол кезеңнің шындығын  тануға септігі тиер Абай шығармаларындағы әр сөздің мәнін, осы сөздер арқылы ұрпағына айтпақ болған орнықты ойларының дәнін өз болмысында танып-білумен негіздеу қажет-ақ. 

Қазақ – сөзді кие тұтып,  аталы сөзге аттан түсіп, бас иген халық.  Абай – осы халықтың перзенті.  Абай қолданған әр сөзге  белгілі бір  ұғымның  мәнін ашар  дереккөзі ретінде қараудың қажеттілігі де осыдан өріс тартады. Бұл ретте жалпы адамзаттық дүниетанымның сөзтанымнан бастау алатынын да ескергеннің еш артықтығы жоқ.  Сөзтаным – адамтанудың әліппесі екенін үнемі есте ұстаған жөн. Әрине, бұл кім-кімнен болсын   мол танымды, аса зор білім мен білікті талап етеді. Өйткені Абай екінің бірі игере беретін биіктік емес. Ол – адамын таңдар асқар Шың! Әркімнің өз танымындағы Абайымен оқшауланбай,  баршаға бірдей тағылым танытар  шынайы Абайды танып, білуге көмектесер ортақ танымда  болуының қажеттілігі де осында.

Былай қарағанда, Абай шығармаларында  қазіргі қазақ үшін түсінбейтін сөз жоқ деуге болады. Шығармалар жинағында түсінігі қиындық туғызады-ау деген ескі сөздер мен басқа тілдерден енген сөздерге мамандар тарапынан әрқайсысына нақты түсініктемелер берілген. Осыған қарап, кейбіреулердің «Абайдың қолданысындағы әр сөзді жете танып, мағынасына мән беру керек» деген пікірімізді оғаш көріп, мұнымызды басыартық  тірлікке балауы да мүмкін. Бірақ бұл – сөз құдіретін толық түсінбеушіліктен туған жаңсақ пайым.  Кейде зерттеушілердің  Абайдың өзі айтқан кейбір сөзге «оның  айтқысы  келгені ол емес, мынау еді» деп,  сөз мағынасын өзі толық түсінбей тұрып, оны  өзінше талдап, өз түсінігін Абайға теліп, абайлық танымға қиянат жасап жататындары – осы түсінбеушіліктің салдары. Айтқанға айғақ ретінде Абай қолданысындағы көп сөздердің бәріне талдау жасау мүмкін болмағандықтан, солардың ішінен баршаға түсінікті   қарапайым  жәй бір сөзді ғана алып, соны талдап көрелік.

Абайдың  «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп басталатын өлеңінде: «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол – ақынның білімсіз бишарасы» деген жолдар бар. Осында сөз арасын былғайтын сөзді Абай «бөтен» деп атаған. Кейбір зерттеушілер осы бөтенді  Абай «қазақ тіліне басқа тілден енген сөз» деген   мағынада қолданып отыр деп түсініп,  оны ұлы ақынның тіл тазалығы үшін сол заманда-ақ күрес жүргізгенінің айғағы етіп көрсетеді. Бірақ бұл – Абай қолданысындағы бөтен сөзінің шыққан тегін, төл мағынасын танып, білмей үстірт айтылған тұжырым. Бұлай дейтініміз, біріншіден, Абай өмір сүрген заманда жалпы қазақтардың арасында  басқа ұлттың өкілі болған жоқ. Араларында басқа ұлттың өкілдерімен бүгінгідей аралас-құралас өмір сүрмегеннен кейін, қазақтар барлық жерде  бір-бірімен тек  өз тілдерінде ғана сөйлескен. Сондықтан  бұл ретте  «тіл шұбарланды», «былғанды» деп дабыл қағарлықтай  негіз  жоқ.

Екіншіден, сол кездегі санаулы  қазақ оқығандары мен дін өкілдерінің пендешілікпен өздерін  өзге жұрттан ерекшелеп көрсету мақсатында әдейі мақтаныш үшін  араластырған  бірлі-жарым шетелдік сөздерінің  қазақ тілінің тазалығына әсер етерлік ешқандай ықпалы болмаған. Өйткені жалпы қазақ халқы ол тілдердің сөзін тіпті түсінбейтін, түсінбеген соң  оларды пайдаланбайтын. Пайдаланбаған соң, қазақ тілінің тазалығына зиянын тигізер қауіп те жоқ-тын.

Үшіншіден,  қолдану мақсатында өзгелерден өзіндік ерекшелігі болғанымен, бірлі-жарым ондай шетелдік сөздерді Абайдың өзі де қолданған. Егер сол кезде тіл шұбарланып, тіл тазалығына нұқсан келіп жатқан жағдай  туса, соны Абай сезіп күрескен болса, сөз жоқ, онда ол өз шығармаларында  ондай шетелдік сөздерді қолданбаған болар еді.

Осыдан кейін сөз арасын бүлдіретін «бөтен» сөзінің Абай қолданысындағы мағынасының, жаңағы зерттеушінің түсіндіруіндегідей,  «тіл тазалығын сақтауға», яғни қазақ сөзіне басқа тілдің сөзін араластырып, шұбарлап былғауға түк қатысы  жоқтығы кім-кімге болсын түсінікті болса керек. Осы айтылғандардың сыртында, мұның солай екеніне сөздің шыққан тегінен, сөзжасалым тарихынан хабарсыз, тіл танымы тұрмыстық сөздермен ғана шектелетін қазіргі жастардың көзін одан әрі жеткізе түсу үшін (басқалардан алдын ала кешірім сұрай отырып. Қ.С.) және әр сөзге мән берудің қажеттілігін сезінуі үшін осы «бөтен» сөзінің шыққан тегін,  жеке сөз ретіндегі ұғымдық мәнін одан әрі ежіктей талдап, түсіндіре кетуді жөн көрдік.

Қазақта айтылуы, дыбысталуы әр түрлі болғанымен, мағынасы ағайындас бір ұғымды білдіретін сөздер баршылық. Ғылымда оларды «синоним» сөздер дейді.  Мысалы, «бөгде», «өзге», «басқа», «жат» – бәрі осы бөтенмен бауырлас, синоним сөздер.  Ауызекі сөзде жұртшылық осының бәрін мағыналас сөздер ретінде бірінің орнына бірін қолданып, оны өз танымдарына қарай түсіне береді.  Ал тілді жетік білетін, сөздің тегін танитын адамдар бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігін аңғарып, бірінің орнына бірін сапырылыстырып қолданбайды, әрқайсысын сол ерекшеліктеріне қарай  таңдап, талғап пайдаланады. Сонда айтылар ойда  екіұштылық болмайды, тыңдаушысына ұғым нақты мағынасында жетеді. Бұл ретте  Абайдың осы сөз танитындар тобынан екеніне ешқандай күдік болмаса керек. Сондықтан да Абайдың  өзіне мәлім осы төрт-бес синоним сөздің ішінен бөтен сөзін  әдейі таңдап алып отырғаны да даусыз. Өйткені бұлардың бәрі, жалпылама алғанда, бір  ұғымдас сөздер болғанымен, айтпақ ойын нақты жеткізуге бөтен мен бөгде сөздерінен басқаларының екіұшты мағына тудыратынын, сондай-ақ  бөтен мен бөгде-нің жаратылыс тегінде ортақтық барын Абай жақсы білген. Қазіргі «бүгін» сөзінің «бұл» және «күн» деген екі сөздің өзара кіріге бірігуінен пайда болғаны сияқты, бөтен  де кезінде «бөгде» және «ен» деген екі сөздің кіріге бірігуінен (бөгде+ен) пайда болған. Осыған қарағанда,  бөтен сөзі бастау жаратылысында тек малға ғана қатысты айтылып (ен тек малға ғана салынады ғой), кейін ауыспалы мағынада «менікі емес», «біздікі емес» деген ұғымда басқа заттарға да, сөзге де  қатысты айтылып кеткен сияқты.  «Бөтен сөзбен  былғанса, сөз арасы»  осының бір дәлелі. Мұнда бөтен малға емес, сөзге қатысты айтылып тұр. Абайдың аталған бірнеше сөздің ішінен неге «бөтен»-ді  таңдағанында қандай  мән барын дұрыс түсініп,  әркімнің салыстыра қарап,   өзіндік ой түюіне мүмкіндік беру үшін енді әлгі бір ұғымды білдіреді делінген синоним сөздердің әрқайсысына жаңағы мал сөзін  қосып, жеке сөйлем құрап, соларды талдап көрелік:

«Қораға бөтен мал кіріп кетті». Мұнда бөтен сөзі қораға кірген малдың қора иесінің өздерінікі емес, басқа көршілердің біреуінің малы екенін білдіріп тұр. Түсінікте екіұштылық жоқ, ұғым нақты.

«Қораға  басқа мал кіріп кетті».  Мұнда басқа сөзі қораға кірген малдың өздерінікі емес екенін білдірумен бірге,  мысалы,  қораға жылқы қамалған болса,  сонымен бірге жылқы емес басқа  малдың, яғни түйе, сиыр секілді малдың  біреуінің кіріп кеткенін де танытады. Түсінікте нақтылық жоқ, жағдайға қарай әркім әрқалай түсіне алады.  

 «Қораға жат мал кіріп кетті». Мұнда да жат сөзі қораға кірген малдың өздерінікі, тіпті, ауылдастарыныкі емес екенін білдірумен бірге, қора иесінің мұндай малды  бұрын көрмегенін, басқа жақтан  келген тұқымы бөлек  мал екенін  білдіреді. Мұнда да нақтылық жоқ, ұғым екіұшті. Әркімнің өзінше түсінуіне мүмкіндік бар.

Міне, осыған қарап сөз арасын былғайтын сөзді  Абайдың неге «бөтен сөз» деп алғанын және оның, жоғарыдағы зерттеуші түсіндіргендей, «басқа тілдің сөзі» деген ұғымды білдірмейтінін кім-кім де анық тани алады. Біздің де  «Абай «бөтен» деп шет тілден кірген сөзді айтып отырған жоқ» деп сеніммен айтуымыз осыдан. Мұнда бұл сөздің  «бөтен» деп танылуы – оның  осы тілдің төл тумасы бола тұрып, қазақша  айтылған ойды толықтыра байытып, жетілдіре жеткізуге түк қатысы болмай, қосақ арасында бос жүрген өгей сөзге айналуынан. Оның нақты солай екенін мына деректен анық көруге болады. 

Заманында Абай қатысып отырған бір мәжілісте  Жылтыр есімді бір ақын сондағы  Әлхан деген төреден    насыбай сұрап:

«Әркімнің бір жары бар басыбайлы,

Қызылсу Шарға құймай тасымайды.

Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,

Әлханжан, бері таста насыбайды», – дейді. Сонда Абай ана ақынның өлеңіне риза болмай: «бұл жерде үйде қалған әйел мен қызылсу құймаса тасымайтын Шар өзенінің Әлхан мен насыбайға қандай қатысы бар? Бөтен сөзбен сөздің қадірін кетірмей, онан да:

«Ханым сен, қарашаң мен басыбайлы,

Ханы жақсы болса, қарашасы жасымайды.

Жаманға жақсы қолы ұжымақтай,

Әлханжан, бері таста насыбайды», (Абай. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. А. 1961.434-б) – демейсіз   бе деп, ескерту жасайды.  Осыдан кейін  Абайдың қандай сөзді  «бөтен сөз» деп танитынын дәлелдеп жатудың еш қажеті болмаса керек. Абай  түсінігінде Жылтыр айтқан шумақтың: «Әркімнің бір жары бар басыбайлы, Қызылсу Шарға құймай тасымайды» деген алғашқы екі жолындағы сөздердің бәрі – осы өлең  үшін бөтен сөздер!..  Абайдың сөз қолданудағы өзіне дейінгі ақындардан басты ерекшелігінің  бірі де осы  Жылтыр сияқтыларға ұқсамай,  айтар сөзінің қай-қайсысының да түп төркінін танып, солардың әрқайсысын берер нақты ұғымына қарай өз орнына қолдану заңдылығын қатаң сақтайтынында болса керек. Ол осыған қоса айтарының ұғымдылығын, өткірлігін, тиімділігін артыра түсу үшін қолданар әр сөзіне оның (сөздің) берер  ұғымының (әр сөз бір ұғым ғой) сыртында оған өз тарапынан қосымша салмақ артып, сол арқылы жалаң сөзді астарлап, күрмеуі берік күрделі ой толғаудың хас шебері. Осы  ретте абайтанушылар қазақы құндылықтардан ажырап қалған бүгінгі жастарымызға Абайды танытуды    оның осы күрделі ой толғауларының құнарын құрайтын кез келген астарлы сөздерінің тегін тектеп, мән-мазмұнын саралап түсіндіруден   бастаса,  оқырманын ойландырмайтын жайдақ мақтаудан гөрі әлдеқайда тиімді болар еді-ау деген ой келеді.   Айтылғанға демеу ретінде Абайдың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» деген өлеңінің бір жолындағы: «Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық» деген  үш сөзді талдап көрелік.

Тоқтаулылық! Бұл сөздің түбірі – тоқ. (Аш бала тоқ баламен ойнамайды, Тоқ бала аш болам деп ойламайды). Осы тоқтан: тоқта, тоқтау, тоқтам, тоқтаулы тәріздес бірнеше туынды сөздер өрбиді.  Әдетте қазақ тілінің сөзжасалым заңдылығы бойынша мұндай туынды сөздер  белгілі бір атау сөзге  жұрнақ не жалғау  жалғануы арқылы пайда болып, әлгі  атау сөздің негізгі ұғымдық мәнін түрлендіре дамытып,  тармақтанып кете барады. Ал тоқ түбірі арқылы жасалынған мына туынды сөздерде ондай ұғымдық бірлік, мағыналық жалғастық жоқ.

Тоқ сөзі тура мағынасында: кез келген тіршілік иесінің күндік  корегін толық тауып, қарынын тойдырғанын білдірсе; ауыспалы мағынасында: адам баласының  істелген іске, айтылған сөзге, біреудің көрсеткен ізет-құрметіне көңілі толуын, риза болуын танытады. (Жақсы сөз – жарым ырыс, көңілім тоқ). Ал осы тоқты негіз еткен туынды сөздердің бәрі, көріп отырғаныңыздардай,  тек адамның қимыл-қарекетінің аяқталғанын, кідіріс табуын, аялдауын білдіреді. Тоқ сөзінің түп мағынасына ешқайсысының түк қатысы жоқ. Неге бұлай? Мұнда қандай мән бар? Ойласуға тура келеді. 

Сонда қазақ тілінің сөздік қорын жасауға үлес қосқан ежелгі ата-бабаларымыздың (терімшілердің) өздері жаңадан таныған  бір ұғымға соның өзіне тән  жаңа ат бергенде, әдеттегідей оған  жаңадан сөз  ойлап   тауып жатпай-ақ, кейде бұрынғы бар бір сөздің мазмұндық нәтижесінің әлгі ат берілер жаңа ұғыммен үйлесетініне қарай,  сол сөзге өз тараптарынан жұрнақ не жалғау жалғап, жаңа туынды сөз жасауды сөзжасалымның бір тәсілі еткенін және оның сонау есте жоқ ескі замандардан бар екенін пайымдауға  болады. Зерделеп көріңіз:  тіршіліктің бастау кезеңінде  адамзат баласының да  өзге жан иелері секілді  әр күнгі бүкіл қаракетінің мазмұны тек қоректік азық тауып, қарынын тойдырумен шектелгені белгілі. Олар қарыны тойса, келесі күнге, яғни ашыққанға  дейін бір паналы жерге топ-топ болып жиналып, дем алған. Осы көріністің үнемі қайталануы және оның  тек адамдардың қарыны тойуына байланысты  болуы – ежелгі терімшілерге   тоқ сөзіне «та» жұрнағын жалғау арқылы тоқта сөзін өмірге әкелуге негіз болған (Адам тоқта – таңдап сүйгенін жейді, ашта – қолына тигенін жейді).  Келе-келе  тамақ табу үшін жасалынатын қимыл әрекеттің бәрі тек қарын тоқта (тойғанда) ғана болатындықтан, тоқта  енді адамдардың қозғалмауын,  аялдауын, кідіруін  білдіретін  қосымша мағына  иеленіп, жаңа басқа ұғымды таныта бастаған (Тоқта, одан әрі жүрсең құлайсың!). Осы тоқта-дан кейін жаңа жұрнақ, жалғау жалғану арқылы бірнеше туынды сөздер жасалған. Солардың бірі – тоқтаулы сөзі   іс-әрекеттің біраздан бері кідіріп тұрғандығын білдіреді.  Міне, осы тоқтаулыға Абай өз тарапынан «лық» жалғауын жалғау арқылы («тоқтаулылық» сөзін Абайдан басқа ешкімнен кездестірмегендіктен осылай деп отырмыз. Қ.С.) оның мағыналық мәнін  қанағаттылық  ұғымының  деңгейіне  көтеріп, өлең жолындағы одан кейін келетін «талапты шыдамдылық»   тіркесінің танытар ұғымының  негізін мақсаткерлікпен ұштастырып жібереді.

Жалпы, былай, жеке алғанда, осындағы  шыдамдылық сөзі жұрттың бәріне түсінікті. Кездескен қиындыққа, шеккен азапқа, көрген қорлыққа, көрсетілген зорлыққа, ауыр бейнетке, қайғы-қасіретке, не керек, осылар сияқтының  бәріне төзіп, мұқалмауды, шыдау-ды, сабырлық сақтауды білдіретін осы  сөзге (шыдамдылыққа) Абай анықтаушылық мәні бар «талапты» сөзін қосарлау арқылы айтпақ ойының мазмұнын байытып, тыңдаушысын неге болсын  албаты төзе бермей, не нәрсенің де байыбына  жетіп қарекет жасауға жетелейді. Өзінің  шығармаларында халқының бойындағы жаман мінез-құлықты, ғылым-білімнен мақұрымдықты сынаумен бірге, одан құтылудың  жолын да көрсетіп, өмірдегі игілік атаулының  бәрі тек адал  еңбекпен келетінін алға тартып, жас ұрпақты ерінбей еңбек етуге үндейді.  Бірақ, сөйте отырып,  кешегі советтік идеологияның ұранына айналған «адамды адам еткен – еңбек» деген секілді  жалаң үгіттеп, аты еңбекті дәріптемейді. Ұрпағына «адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» аталық тілек айтқан Абай сол бауырларды бір-біріне  тәуелді қылар құлдық еңбекті қаламайды.  Ұзақты күн дамыл таппай еңбектенген құл еңбегінің нәтижесі – күндік қорегін табу, қожайынына жағу. Абай бұған барынша қарсы.  Оның жастарға үлгі тұтар еңбегі – адамды қатарынан қалдырмайтын мақсатты еңбек, игілікті нәтижесі бар еңбек. Сондықтан да ол толық адамды қалыптастыратын  үш тетіктің бірі – қайратты танытатын шыдамдылықтың алдына «талапты»   сөзін қосу арқылы бұрынғы неге болсын төзе беруге үндейтін ездік шыдамдылықты ерлік шыдамдылыққа  айналдырады (Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық, ол қайраттан шығады білсек керек. Абай). Сөйтіп    осы талапты шыдамдылық тіркесі арқылы Абай жас ұрпаққа «еңбектену керек екен» деп босқа тер төгіп, берер нәтижесі жоқ іспен айналыспай, алдыңа биік мақсат қойып,  тек соған жету жолында кездескен қандай қиындыққа болсын төзе білер шыдамдылық  қажеттілігін  зерделетеді.  Сонда ғана  қоғамға пайдалы толық адам болуға жол ашылмақ. Абайдың жастарға «жеке бастың қамын күйттеп кетпей,  халқыңның болашағы, еліңнің ертеңі үшін еңбек ет» дей отырып, «Өзің үшін еңбек қылсаң,  өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп, еңбектің парқын саралай түсетіні де осыдан  болса керек.

Жеке алғанда жалпыға бірдей түсінікті осындай қарапайым жалаң сөздердің өзіне  қабаттап астар салып, берер мағынасын  күрделендіру арқылы санаға салмақ түсірер ой өрбіту – Абай шығармасындағы әр сөйлемге тән. Бұл  –  халықтық даналықтан нәр тартқан Абайдың өзіне тән шығармашылдық  ерекшелік пе, әлде советтік дәуірге дейінгі қазақтық қалыптан шыққан, сөзді кие тұтқан  ақыл-ой иелерінің айтар ойларын өрнектеп жеткізуде қалыптасқан ортақ машығы ма?!. Бұл, әрине, арнаулы зерттеуді қажет етеді.

Қалай болғанда да, Абай шығармасындағы  астарлы сөздердің астарына үңіліп, солардан өніп шыққан  ой сілемдерінен құралған  даналық биігінің төл болмысын тану оңай шаруа емес. Өз басым өз Абайымызды өзіміздің әлі күнге толық тани алмай жүргеніміздің бір себебі осыдан ба деп ойлаймын. Абайтануды  салғаннан Абай қолданған сөздерді таным таразысынан өткізіп, әрқайсысының не айтпағын  өз мәнінде сөйлете алғанда, бұл күнде қалың оқырман оның өзін неге «Мен бір жұмбақ адаммын» дегенінің жұмбағын шешіп,  «Екі күймек бір жанға әділет пе, Қаны қара бір жанмын, жаны жара» деуінің сырын, «Ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей» деуінің  себебін, «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім  жоқ» дей тұрып, «моласындай бақсының жалғыз қалдым – тап шыным» деуінің мәнісін жете түсініп, білген болар еді.  Ал білген, жете түсінген кез келген жан өзгенің өзінен қандай қасиетімен артық екенін танып, соны  мойындау арқылы, өзі сол қасиеттерді игеруге  ұмтылады, тіпті, сондай бола алмаған күнде де соған ұқсауға тырысады. «Жақсыдан – шарапат» дейтініміздің мәні де осында. Осының бәрі текті сөздің  тегін танығанға  шешіле айтар  шындығы арқылы мәлім болмақ.

Бірақ біз бұған мән  бермедік. Ізденіп, шындыққа жету орнына, Абайымызды әлемге танытып, солардың даналарының алдына шығару ниетімен, аспандата мақтау жарысына қосылып, ешқандай пенделік міні жоқ ерекше жаратылған дара тұлға жасауға тырыстық. Абайды танудан гөрі Абай туралы өзімізге дейінгі жазғандардан қалайда асып түсіп, өз  жазғыштығымызды көрсетуге тырысқандықтан, «мінсіз пенде болмайды, тек Құдай ғана мінсіз» деген әлемге аян қағиданы да қаперге алмадық,  тіпті, «Қарайлап қарап байқасам, ат шаба алмас мінім бар»; «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес» деп Абайдың өзі әйгілеп  отырғанына да  назар аудармадық. Соның салдарынан қалың оқырман әлі күнге біз жазған мінсіз данышпан Абай мен «тал бойымда осыншама көп мінім бар» деп өзі айтып, өзі мойындап отырған пенде Абайдың арасында қалып,  қай Абайға қол беріп, тәу етерін білмей, дүбара күй кешіп, ақырында «жартас жаңғырығына» селт етіп барып, қайта қалпына түсер төңіректің  төл перзенті екенін танытып, әркім өз танымынан асып, ортақ бір мәмілеге келе алмай жүргені байқалады.

Бұл мәселенің де түйінді шешімі, біздің пайымдауымызша,  сөзтанымға, яғни мін сөзінің тегін тектеп, берер ұғымдық мағынасын  төл болмысында танып, ажырата білуге келіп тіреледі. Өйткені қазақ тіліндегі бір сөздің айтушының  ойын жеткізудегі шеберлігіне қарай бірнеше ауыспалы мағына иеленіп, әр қыры өзіндік ұғымымен сан қырлы гауһар тастай құлпырып, түрленетіні белгілі. Сондықтан түрленген сөздің  түп тегін анықтап, оның ауыспалы мағына иеленуіне негіз болған төл тума түбірін тану қажет. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде мін сөзі әу баста адамдардың ат арқасына шығуына байланысты пайда болғанын пайымдау онша қиындық тудырмайды (Атқа мін).  Кейін атқа мінгендердің жаяуларды менсінбей, оларға астамшылық  танытып,  үстемдік жүргізуге ұмтылғандықтарын жаратпаған жаяу жұрт  олардың бұл қылығын «кемшілігі» деп таныған. Осыдан келіп мін айтылуы бір болғанымен,  ұғымдық мағынасы әр түрлі:  кемшілік (Жақан ақылды жігіт, бар міні – жалқаулығы), кемістік (жалғыз міні көзінің қылилығы, әйтпесе қыз біткеннің сұлуы)  тәріздес сөздермен ағайындас (синоним) сөзге айналған.  Абайдың қолданысында бұл сөздің қыры тіпті көп, өзі айтқандай «тау тасынан аз емес».  Абай үшін «жасында ғылым бар деп ескермегені» де – мін. «Қолын мезгілінен кеш сермегені де – мін», «Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп» жүрген де – мін. «Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ» та – мін. «Шыға ойламай, шығандап қылық қылмау да»  – мін. Қажет жерде қажет сөзді айта алмау да – мін... Осылай жалғасып кете береді. Бұл ретте «Ойға түстім, толғандым» деген өлеңінде Абайдың өзі:

Осынша ақымақ болғаным

Көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің

Әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен,

Әбден үміт үзіппін.

Айла менен амалды,

Меруеттей тізіппін.

Жалмауыздай жалаңдап,

Ар, ұяттан күсіппін.

Қулық пенен сұмдыққа,

Құладындай ұшыппын.

«Сіз білесіз» дегенге,

Күнге күйіп, пісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып,

Деп жүріппін пысықпын, – дейді.

Абай үшін осылардың бәрі – мін. Осылардың бәрін өз тіршілігінде жіберген ағаттығым, қателігім, ақмақтығым деп біледі. Соны дер кезінде танып, түзете алмағанына  өкініш білдіреді. Осыдан Абай қолданысындағы мін сөзінің,  жалпы көпшіліктің түсінігіндегідей, адам баласының бойындағы табиғи кемістік, іс-әрекетінде жіберілген кемшіліктермен бірге,  өз ғұмырында әр түрлі жағдайларға байланысты көңіл-күй әуенімен (тәжірибесіздіктен, білместіктен) жасалған ағаттықты, жіберілген  қателікті де білдіретін сөзге айналғанын білеміз.  Дана халқымыз өз мінін өзі біліп, соны өзі түзей білген жанды қашанда ақылды адамдар санатына жатқызған. «Өз мінін өзі білген жан, бір кісіге төрелікке жарайды» деген мақалдың өмірге келуі де, өткір сөздің ұстасы – Ақтамберді жыраудың «Өз мінін білген жігіттің тәлімінде не мін бар» деп баға беруі де осыны дәлелдейді. Демек Абайдың өз бойынан «тау тасынан аз емес» мін табуы – оның кемшілігі емес, керісінше, пенделік кірден арылып, періштелік тазалыққа бет бұрған абыздықтың зерделілік  даналығы деп танығанымыз жөн.

IV.

Абайды сырт елдерге таныстыру мақсатында оның шығармаларын басқа тілдерге аударып, аудартып келеміз. Орыс тілінен басқа шет елдің тілін  жете білмегендіктен, ол тілдерге  аударылу сапасының қандай дәрежеде екені мен үшін беймәлім. Ал орыс тіліне аударылған өлеңдерінен  сөз баққан елдің шешендік өнерінің қайнарынан мейір қандырған, небір дүлдүл  жүйріктердің арасынан қара үзіп, дара шығып,  «қазақтың Бас Ақыны» деп танылған Абайымыздың  ақындық қуатын айғақтар  абайлық тереңдікті, абайлық көркемдікті, алыс-тан орай тартар толғамды көре алмай,  іштей қынжылғаным әлі есте. Жалпы бір Абай ғана емес,  кез келген таланты ақындарымыздың өлеңі өзге тілге аударылғанда уытынан айы-рылып, тым жүдеп, тек мазмұндық мәні қалатындай, қазақ поэзиясының тылсым сырын игеруге өзге тілдің қуаты жетпейтіндей көрінеді маған. Сондықтан Абайдың өлеңдерін аудартамыз десек, қаржылық шығынынан қашпай, мемлекетаралық шарт жасасып,  кез келген ақынына емес,  сол елдің тек  Абайдай ақынына ғана аударту керек-ау. Солай болғанда ғана белгілі бір дәрежеде нәтиже болатынын кезінде ағылшынның Байронының, немістің Гётесінің, орыстың Пушкині мен Лермонтовының өлеңдерін  поэзиялық қуатына қылдай қиянат түсірмей, кей тұста, тіпті, түпнұсқаның өзінен де асыра қазақ тіліне аударып, Абайдың өзі үлгі-өнеге көрсетіп  кетті емес пе!..

Бұл – сөз орайына қарай Абай өлеңдеріне қатысты айтылған бір ой. Ал «Қара сөздеріне» келгенде мәселе, тіпті, басқаша. Өз басым бұларды аудартуға әуелден іштей қарсы едім, қазір де сол пікірдемін. Өйткені Абайдың бұл еңбегі  барша адамзат баласына  арналып жазылмаған. Қай заманда да  қазақтың кез келген  есті қарты өз баласының көңілге қонбайтын жағымсыз қылығын көрсе, от басы оңашаланған сәтте  алдына отырғызып қойып, «адам болмайсың, жұрт болмайсың, пәленшенің өзіңдей баласын көрмейсің бе» деп бастап, жанына батыра таусыла, төндіре айтып, біраз тықсырып алып, соңын «сөйт, айналайын» деп, ақыл-кеңесін айтумен тынбаушы ма  еді. Бірақ ащы айтылсын, тұщы айтылсын, ол  сөздердің біреуі де сыртқа шықпай, отбасында қалмаушы ма еді. Міне, бұл да, яғни Абайдың «Қара сөздері» де  сол сияқты, өз тағдырын өзі шешуден  айырылып, тізгіні отарлаушылардың қолына түскен еліне ес болар атқамінерлерінің  ертеңін ойламай, қара бастың қамымен бірер күндік мансап үшін биліктінің құлы болып,  өз жұртына өзі қырғидай тиіп жүргенін көріп, білген Абайдың қаулап өсіп келе жатқан үміт  артар жастарды ең болмаса осылардың ықпалында қалдырмай, жағымпаздық, жалақорлық, жалқаулық, надандық, мансапқорлық, өсекшілдік секілді «жұқпалы   дерттен» сақтандыру мақсатында соларға арнап, аталық жанашырлықпен жандарына батыра, ашына төндіре айтқан сөзі ғой. Оны сыртқа шығарудың, басқа жұртқа жариялаудың  қандай қажеттілігі бар. Атамыздың айтқанын өзіміз ұқсақ, қадіріне жетіп, содан өзіміз сабақ алып,  нәтиже шығарсақ,   Абай толғанысының мақсаты да сол емес пе?!. 

Рас, «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен, Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен» деп  өзі айтқандай, бәрін біліп, көріп отырып, соны түзеуге мүмкіндігі болмай күйінген ақыл-ой иесінің естілер естіп, ес жисын  деген зары елді алатайдай бүлдіріп жүрген жәдігөй сұмырайларға бағытталғанда зәр болып төгіліп,  ашынып айтылған ащы сөздің шашырандысы кейде «қайран елі  қазағына» да тиіп кетіп жататыны бар. Осыны алға тартып, «Қара сөздердің» құнарына бойламай, естігенінің  сырт жаңғырығына алданған кейбір ағайындардың «Абай қалай дегенде де шынжыр балақ шұбар төстің тұқымы ғой, өзін  халықтан жоғары қояды, қазақты іске алғысыз қылып жамандайды» дегенін де естіп қаламыз. Бұл, әрине, баршаға ортақ пікір емес. Бірақ, қалай болғанда да, қазақтардың өздеріне осындай кері пікір туғызуға себепкер болған «Қара сөздер» жат жұрттықтардың тіліне аударылғанда олардың Абай туралы таным-түсінігін өз мәнінде дұрыс  қалыптастыруына ықпал жасайтынына сену қиын.  «Қара сөздердің» аудармасын оқыған қазіргі  кейбір әсіреұлтшыл орыстар секілді олардың да ертең  осыны қазақты  жамандауға тілге тиек етіп,  «бұлардың сондай халық екенін  ұлы ақыны Абайларының өзі айтқан» деп жүрмесіне   кім кепілдік бере алады?!. Жоқ, олар дұрыс түсінбеген, Абайдың айтпағы ол емес, «былай» деп бұлардың қайсысына ұғындыра алғандаймыз. Асылы, елінің ертеңін ойлаған атамыздың өз ұрпағына  арнап, жанашырлықпен айтқан сөздерін  өзгелерге тықпаламай,  өзіміз оқып, айтқанының мән-мағынасын қапысыз түсініп, өзіміз тағылым алып, кәдемізге жаратып жатсақ,  перзенттік парызды өтеу деген сол емес пе?!.

Бұл ретте «Қара сөздердің» қадіріне жете түсу үшін   ұлы ақынның мұны неге жазғанын,  оған не себеп болғанын, алдымен, өзіміз зерделеп алудан бастағанымыз жөн-ау. Мұны білмей тұрып, «Қара сөздерді»  әдеттегі шығармашылықтың бір «жемісі» ретінде талдап түсіндіру – абайтануға қызмет етпейтін тірлік деп білем.

Зерделеп қарасаңыз, Абайдың «Қара сөздерді» жазған кезі – толған, болған кезі; әр нәрсенің болу себебін танып, алдағы күндердің алға тартар «сыйының» қандай боларын жанымен сезініп,  «қайран елі, қазағы, қайран жұртының» надандық шырмауында қалмауы үшін «мыңмен жалғыз алысып»,  еш нәтиже шығара алмай, торығу тоғанына тірелген кезі.

Білмегенге дауа жоқ, бәрін біліп тұрып, сол білгеніңді іске асыра алмау, көріп тұрып, көмектесе алмау – қандай қорлық, қандай азап?!.  Бұл – тән азабы емес, жан азабы, сана азабы. Абайдың «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деуінің астарында  осындай азаптың еңсе басқан  ауыр салмағын  жеке көтеруге душар еткен мәжбүрліктің зардабы  жатыр. Ойлап қараңызшы, бір басына жетерлік байлығы да бар, қиындықтың қандайын да жеңіп кетерлік білім мен білігі де бір басына жетіп жатыр. Басқа да кенде емес, өзгесін айтпағанда, «атадан алтау», өзінен өнген ұрпақ және бар.  Осылай бола тұрып, білгенін жүзеге асырмай, «моласындай бақсының жалғыз қалып», көптің бірі болып, көз жұму – қандай қорлық.   «Қара сөздердің» беташар сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір біраз өмірді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», – деп ақтарыла сыр ашуы да  тығырыққа тірелген ойлы жанның осы қорлыққа қарсылығынан хабар бергендей. Бұдан өткерген ғұмырынан алда көрерінің аз қалғанын мойындаған кез келген есті жанды ойға батырып, жауабын талап ететін мәңгі сұрақ – «не істеу керек» Абайдың да алдынан шығып, одан өзіне лайық мазмұнды жауап күткені анық аңғарылады. Бірінен де қағажу қалыс қалмай, қазақы тірліктің қайнаған ортасында болып, өзі айтқандай,  азулымен алысып, жемқорымен жұлысып, айтқышымен айтысып, тентегімен тартысып өткізген тірлігінен көңіл көншітер нәтижеге қол жеткізе алмай,  «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей» деп торыққан күйі көп наданның біріндей «басқа түсті көндім» деп тек жату – Абай мүддесіне жат.

Не істеу керек?!. Ақыры ойласа келіп, қаламына жүгінеді. Қалам арқылы қағазға түскен Сөздің  өлмейтініне,  оның өзінің арман-аңсарын өз қатарларына  ғана емес, келер замандардың адамдарына да  бар болмысымен  сол күйі жеткізетініне,  ол дүниелік болғандарына ғасырдан астам уақыт өтсе де,  өзімен тірі адамдай мұңдасып, сыр бөліскен ағылшын Байронның, неміс  Гётенің, орыс Лермонтовтың  өлеңдерін  аудару барысында өзі де талай көз жеткізген. Асылы, «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген тұжырымға да сонда келген болар. Көкбайға берген өлеңдерін өзіне қайтарып алып, өлеңді «ермек үшін емес, көкірегі сезімді, тілі орамды жастарға өнеге бермек үшін» жазуы да осындай ойға жетелейді.  Қалай болғанда да, өлең өрнегіне ілікпеген ойларын  халқына  «Қара сөздер» арқылы жеткізуді  қолға алып, оны  қазақы әңгімешілдікпен  сатылай баяндап, өз кезеңінің өзекті мәселелерін толық қамтуды  көздегені  анық байқалады.  Сондықтан да «Қара сөздерді»  көркем шығармадан гөрі кемеңгердің ұрпағына жолдаған аманат-хаты  деп қабылдаған жөн-ау деген ой келеді.Нөмірлеп берілген «Қара сөздердің» ұзын саны – 45.  Осының «Қара сөздерді» жазуға баруының мәнісін өзі түсіндірген алғашқы беташар сөзден басқасының  бәрі ұрпақ санасын жетілдіруге қызмет ететін өмірлік мәні бар  мәселеге арналған. Абайдың шығармашылық қызметінің негізгі мұратты мақсаты – адам тәрбиесі болғандықтан,  мұндағы әр Сөз сол адамның адамдық қалыптан шықпай, өзін өзі жетілдіруіне кедергі келтіретін пенделік кемшіліктерді сынаудан басталып, содан арылудың жолы көрсетілумен аяқталып отырылады.  Осыған қарап,  Абайға қатысты қалам тербеген  кейбіреулердің  ой сарынынан оны  өзін халықтан жоғары ұстап, қазақты менсінбейтін, үнемі сынап, мінеп отыратын қазымыр біреу ретінде қабылдайтыны да байқалып қалады, тіпті, осылай деп ойын ашық айтып жүргендер де бар. Осының бәрі Абайды  басқа жұртқа танытамыз деп  аудартып жүрген «Қара сөздерді»  әлі күнге өзіміздің жете танып, өз мәнінде толық түсінбей жүргенімізді айғақтайды. Сонда, өзіңіз пайымдап көріңізші, өзіміз түсінбегенді өзгелер жете түсініп, өздеріне үлгі етеді деп аудартамыз ба?!.

«Қара сөздердегі» айтылған Абай  ойларын  өз болмысында  түсіну үшін  абайлық таным деңгейіне  көтерілу, ең болмағанда соның маңайынан табылу – басты шарт. Алыс қалып тұрып,  ол айтқан айшықты ойдың, ол қолданған астарлы сөздің құнарын танып, түсіну қиын.  Содан да болар, түсінуден алыс тұрғандар, бүгінгі ұрпақты былай қойғанда,  Абайдың  өз замандастарының арасында да аз болмаған сыңайлы. Мұны Абайдың өзінің: «Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Ауызбен орақ орған өңкей қыртың» деп ызалана күйінуі де, «қайран сөзім қор болды» деп өкінішті өксуі де айғақтай түседі.  Мұндағы қазақтың қазақша айтылғанды ұқпаушылығы да, сөздің қор болуының да,   олардың қазіргі біз сияқты өз тілін  білмеуден, түсінбеуден болып тұрмағаны, керісінше білімі терең, білігі мол есті жанның айтқанын өз мәнінде танып, ұғарлық өренің қысқалығынан, танымның аздығынан екені  кім-кімге де түсінікті болса керек.  ХVII ғасырда өмір сүрген Мөңке би бабамыздың «Естіге айтқан асыл сөз, Шыңға тіккен тумен тең. Ессізге айтқан асыл сөз, Құмға төккен  сумен тең» деуі де осыны аңғартады.  Сондықтан «Қара сөздерде» айтылған ойдың қазіргі жастарға ұғынықты болуы – Абай қолданысындағы әр сөздің астарын ашып, берер ұғымының мән-мағынасын талдап түсіндіруге тікелей байланысты екенін ескермеске болмайды. Сонда ғана қазіргі оқырман Абай тарапынан сыналған кемшіліктер мен кесірлі қылықтардың жалпы қазаққа арналмағанын, осындай келеңсіздіктердің  қазақ қоғамында орын алуына үлес қосып жүрген жекелеген жағымсыз жандардың кімдер екенін нақты танып, өздерінің арасында жүрген бүгінгі сондайлардан безінетін болады.   Айтылғанды өз мәнінде түсіну үшін мысал ретінде қазақ қоғамына айтылған  сынның «Қара сөздердегі»   алғашқысы – «Екінші сөзді»  талдап көрелік (Бәрін талдау арнайы зерттеудің шаруасы). Абай былай дейді:

«Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын кең колтық, шүлдірлеген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде әке-үке десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт»  деген осы» деп. Ноғайды көрсе оны да боқтап күлуші еді: «Түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, бакалшік ноғай» деп. Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе, шапқан, жаман сасық бас орыс» деп. «Орыс ойына келгенін қылады» деп. Не айтса соған нанады» деп. «Ұзын құлақты тауып бер» деп.

Сонда мен ойлаушы едім: «е, құдай-ай,  бізден басқа халықтың бәрі антұрған екен, ең тәуір халық  біз екенбіз» деп.  Әлгі айтылған сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім» («Екінші сөз»), – деп бастап, кейін есейіп елдік тірлікке араласқанда әлгі халықтардың өкілдерінің бәрінің белгілі бір кәсіппен айналысып, өз елдерінің өзгелерден кем болмай, ілгерлеуіне үлес қосып жүргенін, қазақтың бұлардай бола алмай,  көп кейін қалып қойғанын  айтып, «бағанағы  мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда? – деп ойын аяқтайды.    

Былай қарағанда, расында да, Абай қазақты әлгі аталған халықтардың қай-қайсысынан да кем санап, жамандап отырған сияқты. Бірақ шындығында солай ма? Мұны ажырату үшін, алдымен, Абай бұл сөзін кімге арнап отыр: жалпы   қазаққа ма, жоқ, әлде «қазақ» атымен жекелеген нақты біреулерді айтып отыр ма, осының басын ашу керек. Осыны білмей тұрып, Абай сөзіне баға беру – кімнің тарапынан айтылса да, сипай айтсақ – үстірттік, қадай айтсақ – білместік болмақ. Бұл ретте, мысалы,  Сөздің «Мен бала күнімде» деп басталуына назар аударып, соның  себебін білуге ден қойса, сонда біздің, жоғарыда,  «Абай қолданған әр сөзге мән беріп, астарына үңілу қажет» деуіміздің босқа айтылмағанын бірден сезіне алары даусыз. Өйткені  мәселенің түйінін шешер кілт – осы «бала күнімде» деген тіркесте жатыр.

Ойласып көріңіз.  Абайдың  «Қара сөздерді»  алпыстың ауылына бет алып, «қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»  деуге мәжбүр болған  шағында жазғаны бәріңізге мәлім. Олай болса, ұрпағына естелік емес, қартайып, қайраты кемігенін сезініп, келер заман жастарына аманат-хат жазып отырған дана қарттың айтпағының  әлқиссасын «бала күнімде» деп бастауы неліктен?!. Егер осы Сөздегі аталған сындарды жалпы қазаққа арнап айтқысы келсе, онда қисындық (логикалық) үйлесім заңдылығы бойынша Абай әңгімені «бала күнімде» демей, «біздің  қазақ өзге жұрт туралы «олай дейді», «бұлай дейді»  деп бастауға тиіс қой. Бірақ Абай олай демейді, «бала күнімде» деп бастайды. Өйткені ол бұл кезде бала күніндегідей емес, өмір көріп, ненің не, кімнің кім екенін ажырата танып, кемеліне келген шағында өз халқының өзге жұртты жат тұтпай, кемісітпей, «бәрі бір адамның баласы ғой» деп алаламай бәріне құрметпен қарайтын кеңпейілділік қасиетін жанымен түсінген ақыл-ой иесі. Халқының: «Өзін зор тұту, өзгені қор тұту – өспес ердің тірлігі, жүрегінің кірлігі» деген тәріздес аталы сөздеріне  ден қойып,  өзі де  «адамзаттың бәрін сүй «бауырым» деп» өсиет қалдырғаны және бар. Осындай жағдайда киелі халқына кір жұқтырар жағымсыз қылықтардың өрісін тарылтып,  қалайда солардың жолын кесуді, болдырмауды  мұрат тұтып отырған Абайдың  жалпыға бірдей тән емес кемшіліктерді өз жұртына теліп: «біздің  қазақ өзге жұрт туралы «олай дейді», «бұлай дейді»  деп қалай айтпақ!?. Айта алмайды. Сондықтан да ол айтылған  сынның нақты кімдерге арналғанын аңғарту  үшін әңгімені «бала күнімде» деп отыр. Ол замандағы есейіп, ел тірлігіне араласпаған, өзге жұрттың тірлігінен хабарсыз баланың көрген-білгені мен естігені от басы, ошақ қасының, сондай-ақ үйіне келіп, кеткен кісілердің әңгімесі екені  мәлім. Онда да келелі кеңес, келісті әңгімелер айтылатын ұлағатты жиындарға баланың қатыстырылмайтыны тағы аян. Бұлардың (балалардың) етене білетіндері – айналысатын белгілі бір кәсібі жоқ, қолы бос, бар бітіретіндері  ауыл аралап, үй жағалап, түтін аңдып, тамақ тауып, күн көруге машықтанған «әзір асқа тік қасықтар»; еститіндері – осылардың   кірген үйінің адамдарының көңілін аулап, олардың жақсы көретін жандарын мақтап, жек көретіндерін жамандайтын сөздері мен  мән-мағынасы жоқ жылтыр сөз, күлдіргі  әзіл-қалжыңдары.  Зерделеп қарасаңыз,  Абайдың сынап, мінеп отырған қазағы да, міне, осылар. Мұның солай екенін Абай жалпы көпке әңгімені «бала күнімде» деп бастауымен бір аңғартса, осылардың мазақтап күліп отырған  сартының да, ноғайының да, орысының да  белгілі бір кәсіппен айналысып,  шаруасын шалқытып,  қарын тойдыруды ойлаудан басқа қаракеті жоқ мыналар сияқтыларды өздеріне тәуелді  құл ретінде пайдалынып отырғанын қадай айтып, мәселенің мәнін ашып береді.  Жалпы бір бұл ғана емес, оның бар шығармасындағы қазақ атына айтылған сындардың бәрі  бүкіл халыққа бағытталмай, сол сыналып отырған кемшіліктің иесіне ғана арналатынын Абай өзі әдейі таңдап қолданған жекелеген сөздері арқылы басын ашып көрсетіп отырады. Тек сол сөздерді танып, арнайы мән беріп, зерделей білу керек. Айтылғанға айғақ ретінде, мысалы, Абайдың «Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» деген өлеңіндегі: «Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса, кеттің ғой мал баға алмай» дегенін алайықшы. Осыны Абай кімге айтып отыр? Ойсыз оқыған жан, сөз жоқ, еш қиналмай-ақ   жалпы қазақты айтып отыр деп біледі, қазір де кейбіреулер солай деп түсіндіріп те жүр.  Онысын және «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген халықтың мақалымен тұздықтап, «Абай өз халқын ерекше жақсы көрген, сондықтан ащы болса да, анығын айтып,  қазағын қатты  сынға алады» деп дәйектеп қояды. 

Бірақ бұл арада  мәселе, тіпті, басқаша. Абай «ең болмаса, кеттің ғой мал баға алмайдыны» жалпы қазағына емес, жоғарыда  айтқан, өнер-білімнен мақұрым, ауыл аралап, үй жағалап күндік ішер асын тауып жүрген, ешқандай кәсіппен айналыспайтын, өмір толқыны салындыдай сыртқа шығарған қазақ қоғамындағы арамтамақ, азғын топқа арнап айтып отыр ғой. Мұны осылай түсіну керектігін Абайдың өзі де алдын ала ескертіп, жаңағы  «Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса, кеттің ғой мал баға алмай» деудің алдында: «Жұртым-ай,  шалқақтамай сөзге түсін, Ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін»  деп талап қойып отыр ғой. Расында, сөздің сыртына қарап, «қазақты сынайды» деп шалқақтамай, ішіне үңілген жан  болса, Абайдың «кеттің ғой мал баға алмай»  демей, оның алдында  «ең болмаса» деген өксікті сөзді  неге қолданғанына  назар аударар еді. Ал назар аударып, оған мән берсе, бұл сөзді Абайдың кімдерге айтып отырғаны бірден аңғарылар еді. Өйткені осындағы «ең болмаса» сөзі – Абайдың бұл арада айтпағы: «өзгелердей ғылым-білімге ие болып, пайдалы кәсіппен айналысуды былай қойып,  өз халқының негізгі ата кәсібі – мал бағу да қолыңнан келмеді-ау» екенін   кім-кімге болсын соқырға таяқ ұстатқандай етіп нақтылап тұр. Сонда Абайдың «Ең болмаса,  кеттің ғой мал баға  алмай» деп жалпы қазақты кінәлап отырмағанының да  басы бірден ашылады. Себебі, басқаны былай қойғанда, тек өз әулетінің иелігінде ғана   қаншама  мал барын бала кезінен көріп, біліп өскен Абайдай дана  жалпы   қазақты «мал баға алмадың» деп қалай кінәлай алмақ.  Мұның сыртында малының санымен де, байлығымен де Құнанбай әулетін  бірнеше орап алатын қазақтың шіріген байлары қаншама!?.  Айтылғанның анықтығына айғақ ретінде  бұл арада қазақ байларының  бәрінің атын тізбелеп, байлығын санамалап жатпай-ақ,   осы Абай өмір сүрген өңірдің  бір қазағы, әкесі Құнанбаймен замандас, дәмдес болған  Сапақ бай мен оның құдасы жөнінде  есімі бүкіл қазақ қоғамына әйгілі  әулие Мәшһүр Жүсіп  атамыз қалдырған  жазбадан бір қысқа  үзіндіні алға тартсақ та, қазақтың басқасы басқа, дәл осы мал  бағудан әлемнің бір де бір халқынан кенже қалмағанын білу ешқандай қиындық туғызбайды. Зерделеп көріңіз:

«Орта жүз Қуандықта Қарпықтың үш баласының бірі – Көзейден туған  Тоқа еді.  Заманында осы Тоқадан шыққан түйелі, жылқылы байлар көп болған.  Соған орай оларды «Тоқаның  жылқысын берсін» деп батаға қосқан. Сондай жылқылы байлардың бірі Тоқадан шыққан  Сапақ бай еді.  Сапақ бай бес ағайынды болған. Байлықта бір-бірінен өтеді екен. Әкелерінің аты – Тәңірберген.

Сол Сапақ Үш Жүзден бай таңдады құда болуға. Кіші жүзде Байсақал деген бай бар деп, байлығын өзіне тең көріп, Кенесары мен Наурызбайдың ағасы  Саржан төрені алып,  соған елу кісімен құда түсе барады. 

 Сонда Байсақал құдалардың ортасына бір сәукеле жібереді. – Қызымның қарақан басы, мінген аты, артқан түйесі, тігілген отау, берілер жасау – бәрі сатусыз, тегін. Тек осы бір сәукеленің құнын-пұлын  берсе болады, – депті.

Сол арада басы Саржан төре болып, құдалар сәукелені малға шамалап, өздері есептеп, өздері кесіп-пішіп: «Бес жүз байталға тұрады екен» - десіп, –  Мұның қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын, – деп шешеді. Үш жүз жылқы – қара малы, жүз жылқы – үйге енгізері, жүз жылқы – сүтақы, той малы.

Байсақал барған құдаларға: «өздерің жүз болып келмей, елу болып келген екенсіңдер. Жүз болып келсеңдер, жүз-жүзден қылар едім. Менен көрмеңдер, өздеріңнен көріңдер,  – деп, ер басына елуге санын  жеткізіп киіт қылды.  Түйеден – елу, аттан – елу, тай тұяқ жамбыдан – елу, қой тұяқ жамбыдан – елу, не болса, ол болсын, бәрін елу түрлі қылды. Сиырдан – елу, қойдан – елу, ешкіден – елу, аң терілерінен де – елу...

Сапақ та бес жүз жылқыны бір-ақ айдатты. Мұнан бұрын қазақта қырық жетіден басқа қалың мал аталмаған.

Байсақалдың қызы Сапақтың ордасына келін болып түскенде: бес отау, бір алтын шатыр, жеті жетіммен түсті. Сонда қыздың өзіне арнаған отаудың уығын атпен жүріп байлаған екен. Керегенің басында тұтам күміс, аяғында тұтам күміс. Уық қанша болса, соның бау өткізер жерінде тұтам күміс, қылманында тұтам күміс, шаңырақтың өзінде, күлдіреуішінде тұтам күміс. Түйе ауғанда (керек) түйе басына екі бұрау, ұзындығы оқтаудай ағаш, оның екі басында тұтамнан күміс» (Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары. 9-том. 2006 ж. 297-б.) қапсырмасы болған (Уығын атпен жүріп байлаған, бәрін күміспен безендірілген  қыздың өзіне арналған  осы отауды кейін қазақтың соңғы ханы Кенесары қалап алып, өзінің Ордасы еткен).

Енді есептеп көріңіз. Тек құдаларға киіт есебінде берілген түйе – 2500; жылқы – 2 500;  сиыр – 2  500; қой – 2 500;  ешкі – 2 500;  тайтұяқ жамбы – 2  500; қой тұяқ жамбы – 2 500;  аң терісі – 2 500. (Әрқайсысының бір-екіден атқосшы, күтушісі күтушісі бар сыйлы елу құданың келгенінен кеткеніне дейінгі қонақасына сойылған  мал мұның сыртында).

Ұзатылған қыздың жасауы:  киім-кешегі (бір сәукелесінің құны – 500 жылқы), дүние-мүлкінен  басқа: мінген аты, жүк артқан түйесі, бес отау, бір алтын шатыр...

Бұған алтын-күміс өндірер заводы, киім тіккізер фабрикасы, зергерлік бұйым шығарар шеберханасы, сатып алар ақшасы жоқ  дала қазағы Байсақалдың қыз жасауын жасатуға Бұхара, Самарқант, Ташкенттен келген саудагерлерге жұмсаған  малын, алыс-жақыннан тойға арнайы шақырылған ағайын-туыс, сыйлы қонақтарға жасалған сый-сияпат шығынын қосыңыз. Осыларға қарамастан тақыр кедей болып қалған Байсақал және жоқ. Мұның сыртында Байсақалдың құдасы Сапақ бай анау: қалың малға төленетін шартты бұзып, 47 жылқының орнына  бірден 500 байталды  айдатып отырған. Бұған Мәшһүр Жүсіптің «...заманында осы Тоқадан шыққан түйелі, жылқылы байлар көп болған. Сондай  байлардың бірі – Сапақ бай еді.  Сапақ бай бес ағайынды болған. Байлықта бір-бірінен өтеді екен» деген дерегін сана сүзгісінен қайыра бір өткізіңіз. Сонда қазақтың кең байтақ даласының бірі – батысында, бірі –  шығысында өмір сүрген екі байының ғана өсірген малының санын ойша шамалап,  қазақтың  мал баға білгеніне, тіпті, ол заманды көрмесеңіз де көргендей сенесіз, көңілде ешқандай күдік қалмайды. (Бұл арада Мәшһүр Жүсіптің білгенін Абайдың да білгеніне және күмән жоқ. МәшҺүр Жүсіп Абайдан он жеті жас кіші, Абайды арнайы іздеп барып, сәлем беріп, бірнеше күн қонағы болып, әңгімелескен кісі).

Міне, бір сөздің, яғни  бір «ең болмаса» тіркесінің астарында үңіліп, зер салған жанға  шешіліп сыр шертер осындай ұғымдық деректер бар. Ал Абай шығармаларында айтары мол мұндай  астарлы сөздер жетіп артылады.    Бұл өз тарапынан Абай шығармалары мәтінінің түсіндірме сөздігін жасаудың  қажеттілігін көрсетсе керек.

                                    V.

Абай  29-шы «Қара сөзінде» қазақтың мақалдарына қатысты: «Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар» деп бастап, айтылғанға айғақ ретінде бірнеше көне мақалды мысалға келтіреді. Ақын мұнда да   «еңбек етіп, мал тап» деген негізгі  айтпақ ойының ықпалымен  кетіп, мақалдың нақылдық мәнін өз уәжінің пайдасына қарай бейімдеп, өзінше түсіндіреді. Мұның бәріне бірдей келісе беру қиын. Өйткені, біріншіден, мақал атаулының «іске татымайтыны» болмайды.  Іске татымайтын болса, онда ол «мақал» деп аталмайды. Кез келген мақалда ұтымды ой бар, келісімді мән бар. Сондықтан да дана халық оны: «мақал – сөздің мәйегі» деп әспеттейді. (Мәйек деген ірімшік алу үшін сүтті тез ұйытуға арнап қозының ұлтабарынан  арнайы қолдан жасайтын ұйытқы.  Бұл арада мәйек айтылар ойдың ұтқырлық, әсерлілік қуатын арттыратын қажетті сөздерді біріктіруші ұйытқы ретінде қолданылған.Қ.С.).

Екіншіден, қазақ мақалының құндылығы, ұтымдылығы, әсерлілігі, Абайша айтсақ, іске татырлығы – қандай жағдайда, қалай қолданылуына тәуелді. Өйткені мақалдың  өзі белгілі бір нақты жағдайға (ситуацияға) байланысты өмірге келеді. Осылайша өмірге келген мақал кейін өзін тудырған жағдаймен орайлас, мағыналас жағдайда кімнің аузымен айтылса да, соның сөзінің құнарын одан әрі қоюландырып, асқа дәм кіргізген татымды тұздықтай  ойды нәрлендіре түседі. Бұған керісінше болса, яғни орынымен қолданбаса, кез келген мақал нақылдық қасиетінен айырылып, мәнсіз сылдыр сөзге айналады.

Үшіншіден, қазақ мақалдарын мазмұн, мағынасына қарай екіге бөлуге болады. Оның бірі – қазақ халқының ғұмыр бойғы өмірлік тәжірибесінен қорытылып, мыңжылдықтар сүзгісінен өткізіліп бүгінге жеткен, философиялық ғылыми трактаттарға арқау болатын    мақалдар. Бұларда  айтылатын түйінді ойларда екіұштылық болмайды. Сондықтан мұндай мақал айтушының жағдайға қарай өз пайдасына орайластырып  бұрмалауына көнбейді. Екіншісі – әр кезде әр түрлі жағдайға байланысты  айтушының мүддесі тұрғысынан туған кезеңдік мақалдар. Бұларды әр адам белгілі бір жағдайға байланысты уәжін ұтымды шығару үшін сәтіне  қарай бейімдеп пайдалана береді.  Мұның солай екенін  Абай сынаған мақалдардан да аңғаруға болады.  Сөз дәлелі үшін сыналған мақалдардың бәрін талдап жатпай-ақ, солардың  ішінен Абайдың өзі: «ең барып тұрған құдай ұрған сөз – осы!» деп ерекшелеп көрсеткен:  «Қалауын тапса, қар жанады», «сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген  мақалдың байыбына барып, бірлесе зерделеп көрелік.

Абай осы мақалдың айтқанын құптамайды, «Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не  жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой» деген ой айтады. Былай, сырт қарағанда, Абай дұрыс айтып отыр.  «Қалауын табамын» деп жағынудың да, «сұрауын табамын» деп сұраншақ болудың да  адамды қор қылатын тірлік екені даусыз. 

Бірақ, солай екен деп,   Абай ойының  ықпалымен кетпей, өз тарапыңыздан мақалдың шығу тегіне, жаратылыс болмысына, айтылу мақсатына тереңірек үңіліп, сараптай зерделеп көріңізші, тіпті, басқа жағдайға тап боласыз. Аталған  мақалдың Абай айтып отырған жағымпаздыққа да, сұраншақтыққа да түк қатысы жоғын, қайта керісінше, батылдықты, тапқырлықты, ептілікті, шешімділікті, мүдделілікті, айтқыштықты талап ететін,  соны дәріптейтін мақал екенін көресіз.  Мұндағы «Қалауын тапса, қар жанадыдағы» қалау – әлдекімнің көңіл қалауын табуға машықтанған  жәдігөй жағымпаздықты емес, «тезек  қалау», «кірпіш қалау» секілді сөз тіркестеріндегідей адамның іс-қимылын білдіретін қалау. (Қазақтар от жаққанда  құрғақ тезекті қалап,  оның сыртынан су тезекті қалайды. Сонда  құрғақ тезек жанып біткенше соның қызуымен су тезек тез құрғап, бықсымай лаулап жана  береді.Қ.С.). Бұл арада мақал: «Қарды жандыру үшін соның қалауын тап» деп тұр ғой. Басқаша айтқанда, бұл «болмайтынды болдыр» деген сөз. Осы секілді  мақалдың келесі тармағындағы «сұрауын табу» да, әлдекімге көз сатып, тілемсек ететін  сұмпайы сұраншақтықты емес, керісінше, мәселенің көзін тауып, қиыннан қиыстырып, біреудің бермейтінін беруге мәжбүр қылатын батылдықты, тапқырлықты, шешімділікті, жөн-жобаға жүйріктікті  әйгілейтін сұрауды білдіреді. Сонда мақалдың: «Қалауын тапса, қар жанады» дегені «болмайтын істі болдыртатын» (қар жанбайды ғой);  «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» дегені  «біреудің ешкімге бермейтін қимасын  беруге мәжбүр ететін» аса қабылетті адамның ақыл-ойының жеңісті тірлігі болып шығады. Олай болса, осылай істеу, яғни болмайтын істі болдырту, біреудің бермесін  беруге мәжбүр ету –  жәдігөй жарамсақ пен  тілемсек сұраншақтың  қолынан келетін, солардың тағдырына тән шаруа ма?!.  Шындығында, Абай айтқандай:  «адамды қорлықпен өмір өткізуге бейімдейтін»  тірлік болса, ол халықтың «Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деп ой түюіне негіз бола ала ма?!. Әрі-беріден соң бұл мақалдың «мал табуға» қандай қатысы бар?!. Құнын сатқан сұраншақтық пен жағымпаздықтың  бар  жетер биігі – бір сәттік мүмкіндікті  пайдаланып, жеңіл пайда тауып қалу ғана емес пе? Ойласып көріңізші!..

Бұл – малшысынан басқасының қолы бос, сөз баққан елдің адамдарының сөзді киелендіріп, ерекше өнерге айналдырып,   ердің құнының өзін екі-ақ ауыз сөзбен өтеген заманда өмірге келген мақал. Сөзге тоқтап, сөз құдыретін мойындаған ол заманда мұндай мақалдардың айтылуын қажетсінген жағдайлар жиі қайталанып тұрған. Жер дауы, жесір дауы, құн төлеу тәріздес тағдыр шешті мәселелер осындай мақалдардың талайын тудырған.  Айтылғанның шындығына көз жеткізе түсу үшін  сол бұрынғы заманның бірінде болған, кейін қағазға түсіріліп хатталған, бұл күнде барша жұртқа белгілі, мына бір оқиғаны куәлікке тартсақ,  айтпағымыздың ақиқаты бір шама айқындала түседі ғой дейміз.

...Абылай хандық құрып тұрған заманда,  бірде қалмақтар қазақ ауылдарына тосыннан шабуыл жасап,  бірнеше адамын тұтқындап, қыруар мал-мүлкін алып кетіпті.  Абылай осы барымта шабуылдың себебін анықтап, тұтқындағы адамдар мен мал-мүлікті елге қайтару үшін арнайы елшілер тобын жасақтап, бәріне Тайкелтір биді басшы етіп, қалмақ еліне аттандырады. Осы елшілер тобына Абылайдың рұқсатын алып, тайға мінген 15 жасар бала - Қазыбек те қосылады.  Елшілерін ел шетінен қозыкөш жерге дейін шығарып салған Абылай қоштасар сәтте оларға сапар сәттілігін тілеп:

–Естеріңде болсын, батыр болып қол бастау, көсем болып ел бастау оңай жұмыс емес.  Осының бәрінен де ел тағдырын шешетін сөз қиынырақ. «Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» деген. Ел тағдырын қылыштың жүзімен де, шешеннің сөзімен де шешетін кез болады. Айтылған сөз атылған оқпен тең. Оны қайтып ала алмайтын уақыттар болады, байқап сөйлеңдер. Қонтажыға (Қонтайшыға) құлақ кесті құл емес екенімізді естен шығармаңдар. Жау алдында жасық елдің адамына ұқсамаңдар. Бірліктерің берік болсын, үлкендеріңді сыйлаңдар, орынды жерінде кішінің де сөзін тыңдаңдар. Басшыларың  мына Тайкелтір би, атшыларың мына тайлы бала. Атшыдан бастап басшыңа дейін ел намысы есте болсын! Қоңтажы икемге келетін болса, асықпаңдар. Егер  икемге келмесе, қар суы кеппей келетін болыңдар. Ал жолдарың босын! – деп Абылай дөң басында қалыпты.

(Осы орайда қалмақ еліне бара жатқан елшілеріне халықтың атынан хан ауызымен айтылған аманат-тапсырманың мәнін қайта бір зерделеп көріңізші.  Елшіліктің негізгі мақсаты – қалмақтың қолына түскен тұтқындарды босату, мал-мүлікті елге қайтару. Былай қарасаңыз, бұл да сұрау. Түп мәні – қалай болғанда да  (жалынып, жағынып болса да) қалмақ ханының тілін тауып, елге құр қол қайтпай, олжалы оралу.  Бірақ, көріп отырсыз,  Абылайдың  сұрауға негізделген аманат-тапсырмасында сұраншақтық ниет атымен жоқ. Ол да тұтқындардың азат етілуін, мал-мүліктің елге қайтуын жан-тәнімен қалап тұрғанына қарамастан: «Қонтайшыға құлақ кесті құл емес екенімізді естен шығармаңдар. Жау алдында жасық елдің адамына ұқсамаңдар... Атшыдан бастап басшыңа дейін ел намысы есте болсын!» – дейді.Қ.С.).

Елшілер бірнеше күн жүріп, қалмақтың еліне жетеді. Ертесіне хан ордасына келеді. Хан елшілерді менсінбей, тәкаппарлық танытып:

– Уа, неге келдіңдер? – деп сұрапты.

Тайкелтір би майдалап сөйлейтін бақпа адам екен. «Ә дегеннен ақтарылмай, ханның көкейін байқайын деп: «Өгізді өлеңге байлап, өрлікті төменге байлап,  алдыңызға келіп отырмыз, алдияр хан» деп  ханды сөзге тартады. Ондағысы «ханның мерейін өсіре кішірейе сөйлеп, ханды шамдандырмай  тілге келтірейін» дегені екен. Бірақ хан мұны елшілердің деңгейі деп түсініп, әлсізді езіп-жаншып үйренген әдетімен:

– Онда, кешке дейін бір жауабын берермін.  Жауап бермесем,  ат-көліктерің аманда елдеріңе қайта беріңдер, – деп, сөз осымен бітті дегенді танытып, қолымен есік жақты нұсқайды.

Шорт кесілген сөзді іле әрі жалғай алмай,  Тайкелтір би тосылып қалғандай болады. Сол кезде елшілердің босаға жағында төмен отырған бала Қазыбек орынынан атып тұрып:

– Ел ебелек емес, ер көбелек емес, дат, тақсыр! – депті.

 Хан жақтырмай көз астымен сүзіле қарап: «кім едің» дегенде, бала кідірместен:

– Халқым – қазақ, руым – қаракесек,  әкем аты – Келдібек,  өз атым – Қазыбек. Елде жүргенде балалардың басшысы едім, қазір ағаларымның атшысымын. Тай бәйгесінен шығып, ат бәйгесіне алғаш рет қосылып тұрмын, - депті.

– Уа, датыңды айт, – деп хан сұқ саусағымен өзінің алдын нұсқапты.

Бала адымдай басып, хан алдына барады да, ханның көзінен көзін айырмай  тура қарап:

– Қазақ деген мал баққан елміз. Сарыарқада қаздай қалқып, үйректей жүзіп, теңіздей көлдерді, ұзын аққан өзенді көкорай шалғында, сахара салқында ен жайлап жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жерімді жау шаппасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Жау аяғына басылмаған елміз. Досымызды сақтай білген, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Атадан ұл туса: «құл боламын» деп тумайды, анадан қыз туса: «күң болам» деп тумайды. Сол ұл мен қыз сенің тұтқыныңда отырса, оларды азат етпей тынбайды. 

Қатты  болсаң, темір шығарсың,                          

Сен темір болсаң, мен көмір,

Еріткелі келгенмін.

Екі елдің арасын

теліткелі келгенмін.

Сен көктегі құс болсаң,

Мен іліп түсер сұңқармын.

Сен жердегі аңның жүйрігі құлан болсаң,

Мен қуып жетіп соғар тұлпармын.

Сен қабылан болсаң, мен – жолбарыс,

Алысқалы келгенмін.

«Жау тілегенге – жасыл» деген,

Ел болып табысқалы келгенмін.

Елімнің шетіне ойран салған өзің,

Бітім беретін болсаң,

Айыбыңды мойындап  бітім бер,

Болмаса тұрысатын жеріңді айт,

шабысқалы келгенмін, - депті.

Хан таңдана қарап, отырып қалыпты. Баланың сөзі біткеннен кейін есін жиғандай болып:

– Япырай, даусың қаздың даусындай екен. Қазақ деген елдің дауысы осындай болады екен-ау. Сенің атың енді «Қаз дауысты Қазыбек» болсын. Кел, менің қасыма келіп отыршы, – деп хан ығыса түсіп, орын беріпті. Сонда Қазыбек:

– Біздің елімізде кіші үлкенін сыйлайды. Ағаларым төрде отырса, менікінің уақасы жоқ, – деп, жалт бұрылып орынына қайта келіп отырыпты.

Абжыланмен арбасқандай болып отырған елшілердің көңілі көтеріліп, дұшпан алдында мерейлері үстем бола бастапты. Жаңа ғана айбарланып отырған хан орынынан ұшып тұріп, уәзірлеріне: «Мына елшілерді қонақ үйге апарыңдаршы. Жол жүріп, ат соғып, шаршап келді ғой, тынықсын, – депті.

Өрлікті, батырлықты сүйетін бойлауық хан бала сөзінен өз мінезінің қалауына сай мінезді танып, қамсыз елді қапыда шауып олжалаған мал мен жанды қазақ елінің оңай сіңіртпейтінін іштей мойындап, тұтқындағыларды босатып, барымталап әкелген мал-мүліктерді түгендеп, елшілер талабын қанағаттандырады. Елшілерді құрметтеп шығарып салуға қалмақтар көп жиналады. Екі елдің адамдары қош айтысып,  елшілер аттанбаққа бет алғанда, қазақтың тұтқынға түскен бір жігіті тобынан бөлініп, жұрт алдына шығып, көпке арыз айтады.

– Мен елімнің жылқышысы едім. Жылқы бағып жүргенімде Қоңтайжының жігіттері мені тұтқын етіп алып кетті. Осында келген соң бір уәзірі үстімдегі тонымды тартып алды. Еркіммен бермеп едім, ұрып тісімді сындырды. Жаныма балаған жақсы атымды да тартып алды. Мына қайтып бара жатқан жылқының ішінде ол көрінбейді. Күрек тісім сынып, көңілім бұзылды. Киімімнен айырылып, көркім бұзылды. Атымнан айырылып, ұйқым бұзылды. Жиналған хан-қара, көпшілік осыған не айтасыздар? – дегенде, хан бастаған топ пен елшілер бетпе-бет қарсы тұр еді. Ойда жоқта екі жақты да таразыға тартқандай сындарлы жағдай орнайды. Сол кезде хан:

– Ат дегенің сырты түк, іші боқ бір тай шығар. Тон дегенің бір қойдың терісі емес пе?!. Оны несін сөз  қылып айтып тұрсың? Ел біріктірер есті сөз айтылып, іс біткеннен кейін: «қол сынса, жең ішінде, тіс сынса, ауыз ішінде» кете бермек. Қоздатып қайта сөз қозғаудың не қажеті бар», – деп теріс айналыпты. Осы сәт: «ханның сөзі жөн ғой», – деп қалмақтар да хандарын қолдап, дүр ете қалыпты. Елшілер де қарсы уәж айта алмай,  келген шаруалары ойдағыдай шешіліп тұрғанда қайта бұзылардай көрініп, арыз айтқан жігітке жақтырмай қарап,  аңтарылып тұрып қалады. Сонда Қазыбек бала тайын тебініп алға шығып:

– Қалайша тіс сынса, ауыз ішінде, қол сынса, жең ішінде кете бермек?!. Біз жаманымызды жасырмайтын,  жақсымызды жасытпайтын елміз.  Астындағы мінген аты – қанат емей немене? Үстіндегі киген тоны – жанат емей немене?  Аузындағы отыз тіс болат емей немене? Қанатының қайрылуы, болатының майырылуы, жанатынан айырылуы – оңай шаруа дейсің бе?!. Хан, табысқаның рас болса,  еліміздің адамын қанатын қайырмай табыс, болатын майырмай табыс, жанатынан айырмай табыс! Жаяу, жалаңаш жүре берер ол енді сенің құлың емес. Еліміздің ұлы көрікті болуға тиіс, – дегенде, хан Қазыбекке жауап қайтара алмай, жеңілгенін амалсыз мойындап: «Жанатыңа жанатым», – деп үстіндегі жанат ішігін шешеді де, жігіттің алдына тастайды. «Қанатыңа қанатым», – деп мінейін деп тұрған қара тұлпарын жігіттің алдына тартады. «Болатыңа болатым», – деп беліндегі семсерін береді. «Не болар екен»,– деп тұрған жігіт жалма-жан жанатын үстіне киіп, болатын беліне тағып, тұлпарға қарғып мініп, «шу» деп жүріп кеткенде,   хан орнында сілейіп тұрып қалыпты. (Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары.  9-т. 2006. 16-20 беттер). Сөйтіп Қазыбек аталы сөзбен қалауын табу арқылы  халықтың намысын қорғап, болмайтынды болдырыпты, сұрауын тауып, қалмақ ханының бермесін бергізіпті.

Бұдан шығатын қорытынды: адам тағдыры, ел абыройы таразыға  тартылған сынақты шақта намысқа шауып, қиыннан қиыстырып жол тауып, елінің есесін жатқа жібермей, екі елді жауластырмай, табыстыра білген Қазыбек секілді қайсар ұлдарының талайының осындай тапқырлығына, өжет өрлігіне, шешімді шеберлігіне, таймас табандылығына, тіліп түсер турашылдығына куә болған  қазақтың  «қалауын тапса, қар жанады», «сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ», – деп ой түюі – «құдай ұрған сөзді» емес, керісінше, «болмайтынды болдыртатын, бермейтінді бергізетін» киелі сөздің қасиетін таныта білген айтқыш абыздарымыздың ақыл-ойының көркем ескерткіші екенін танытса керек.

          VI.

«Қара сөздердің» құрамына енген  екі сөз, атап айтқанда, «Он жетінші сөз» және «Жиырма жетінші сөз» – Абайдың төл сөзі емес. Алдыңғысы – аты белгісіз бір кітаптан (діни кітап болуы керек.Қ.С) алынған тәмсіл де, кейінгісі – Сократтың шәкірті Аристодиммен сұхбаты. Бұлардың екеуіндегі айтылған ойлардың Абайдың таным талғамын қанағаттандырып,  оның өзінің ұрпағына айтсам деген ойларымен  үндесіп жатқандығы себепті  45 сөздің құрамына  еніп тұрғаны анық.  Сондықтан бұларды Абайдың өз сөзі ретінде қабылдаудың еш артықтығы жоқ.  Мақсат айқын, ниет дұрыс. 

Алайда  осылай деп қабылдай отырып, бұларда айтылған ойлардың кейбір түйінді тұжырымдарының өзімнің қазақы таным-түсінігіммен үйлеспейтінін де жасырғым келмейді. Бәлкім бұл мендік танымның таяздығынан  ой өрелестіре алмай жатуымнан шығар. Қалай болғанда да, Абайды тануда  ақаулық болмас үшін, ең болмаса оқырманның назар аударуына септігі тиер деген үмітпен,   сөз  соңында осы екі сөздің біреуіне,  нақты айтқанда, алғашқысына талдау жасау арқылы  ой бөлісуді жөн көрдім.

«Он жетінші сөз»  Қайрат, Ақыл, Жүрек үшеуінің өнерлерін айтысып, таласып келіп, Ғылымға жүгінуімен басталады.

«Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің білесің,  дүниеде еш нәрсе менсіз мәдмалатқа жетпейді.  Әуелі, ғылым, өзіңді білуге ерінбей, жалықпай ізденіп, үйреніп, орнына келтірмек – менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей, жалықпай орнына келтірмек те – менің ісім.  Дүниеге лайықты өнер, мал   тауып, абұйыр мансапты еңбексіз  табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкерліктен, көрсеқызар жеңілтектіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі  маған (менімен) қалай таласады?» - депті.

Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді  ұғатын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен,  ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

Онан соң Жүрек айтыпты: «Мен – адам денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қалай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып,  ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетін – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рахым қылдыратын – мен, бірақ мені таза сақтай алмайды,  ақырында қор болады. Мен таза болсам,  адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын – мен, жаманшылықтан жиіреніп тулап кететұғын – мен,  әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.

Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты: «Ей, Қайрат, сенің айтқаныңның бәрі рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз еш нәрсенің болмайтұғыны да рас,  бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол,  кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман» - депті.

«Ей, Ақыл, сенің айтқандарыңның бәрі рас. Сенсіз еш нәрсе табылмайтыны да рас.  Жаратқан Тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да – сенен шығады. Жақсының, жаманның – екеуінің де сүйеніші – сен, екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің,  соның – жаман», депті.

Сенің үшеуінің  басыңды қоспақ – менің ісім, бірақ сонда билеуші, әмірші Жүрек болса жарайды», - депті. – Ақыл сенің қырың көп, Жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны, діні құмар болады.  Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығады.

Қайрат сенің қаруың көп, күшің мол, сенің еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүреккке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. – Осы үшеуің бір кісіден менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң,  Жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдайтағала қалпыңа әрдайым  қарайды деп кітаптың айтқаны осы», - депті.

Міне, «Он жетінші сөздің» бары - осы. Оқырманның алда айтылар ойымызды салыстыра сараптап, өзіндік тұжырым жасауына мүмкіндік беру үшін осылай, бір сөзіне де қиянат жасамай, тұтас қамтуды қажеттілік деп білдік. Бұдан аты белгісіз кітаптың белгісіз авторының адам баласының кемеліне келіп, бақытты өмір сүруі – Ақыл, Қайрат, Жүректің өзара үйлесімді бірлікте болуына байланысты деп түсінетіні анық аңғарылады. Осы түсінігін оқырманына өз мәнінде жеткізу үшін Ақыл, Қайрат, Жүректі өзара айтыстырып, әр қайсысына өздерінің қасиетін айтқызып, ғылымға жүгіндіртеді. Ғылым болса, өз тарапынан олардың айтқандарын мақұлдай отырып, Ақыл мен Қайраттың өздері айтқан жақсылықтарымен қатар жаманшылыққа да жол беретін тұстарының барын көрсетіп, екеуінің  Жүрекке бағынуын қалайды.  Ғылымның берген бұл төрелігін Абай да қолдайды. Оның өзі тарапынан: «Осы үшеуің бір кісіден менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң,  Жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдайтағала қалпыңа әрдайым  қарайды деп кітаптың айтқаны осы»,- деп  түсіндіруі  соның айғағы. Бүгінгі күннің абайтанушылары да осы пікірде.  Бұл ретте олар айтылған ойдың дұрыстығына Абайдың  осы тақырыпқа арналған өлеңіндегі: «Ақыл, Қайрат, Жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген жолдарын дәлел етіп алға тартады. Оқырман көпшіліктің тарапынан да бұған келіспеушілік болғанын кездестірмеппін. Бәрі орынды, бәрі дұрыс секілді.

Алайда, осындай  қалыптасқан жағдайға  қарамастан,  адам баласының толық бақытты болуын осы үшеуінің, яғни Ақыл, Қайрат, Жүректің  бірлігіне негіздеуде көңілге күдік ұялатар бір жаңсақтық бардай көрінеді маған. Нандырар нақтылық жоқ.  Белгісіз автордың Ақыл, Қайрат, Жүрекке қатысты таным-түсінігі   бүгінгі таным-түсінік  талабының талғамына сай келе бермейді. Біздің пайымдауымызша,  жұрт айтты дүрмегімен кете бермей, санаға салмақ салып, үңіле зерделеген кез келген адам мұның солай екенін,  яғни автордың  Ақыл, Қайрат, Жүрек үшеуін тектік теңдікке келтіріп, бірін бірімен өзара салыстыруының да, соның нәтижесі бойынша оларға баға беруінің де дұрыс еместігіне көз жеткізе алады. Өйткені болмыс  бітімінде де, пайдаға жаратылуында да табиғи ортақтығы жоқ затты да, ұғымды да бір-бірімен салыстырып, олардың сапасын: жақсы-жаман, әлді-әлсіз, артық-кем, тиімді-тиімсіз тәріздес қасиеттерін анықтауға болмайды. Мысалға, біздің жағдайымызда жүректі алсақ, ол – адам организмінің бір мүшесі, ал ақыл мен қайрат болса, дене мүшелері емес, керісінше, бұлар – сол дене мүшелерінің  бірінің қызметі нәтижесінде пайда болатын ұғымдық дүниелер. Сонда бұларды қалай  ой таразысына тартып, өзара салыстыруға болады?!.

Адам ақылды болып тумайды, жүре келе көргені мен естігенінен білгенін  санасында сақтап,  соның  өзіне пайдалысын  тірлігінің  кәдесіне жарату сапасына қарай ақылды болады. Бұл ретте Абайдың өзі: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан  білгені, көргені көп болған адам білімді болады» (19-шы сөз), – дейді. Міне, осы білімнен ақыл туындайды. Сонда қарапайым қазақы түсінікпен айтқанда: ақыл дегеніңіз – білімнен, білім дегеніңіз оқығаның мен тоқығанды  қорытып,  жүзеге асырар мидан шығады.

Қайрат та осы сияқты. Бұл ретте Абай: «Жас бала анадан туғанда ... – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды Һәм өзі өспейді, қуат тапайды» (7-ші сөз), – дейді. Бұдан  адам тіршілігі  үшін ішіп, жеудің, ұйықтаудың  маңыздылығын,  бұлардың жан иесіне күш-қуат беретіндігін   көреміз. Ал күш-қуаттан қайрат, жігер деген ұғымдар өрбиді.

Осындай заңдылықтардан кейін, енді ойланыңыз, аты белгісіз кітаптың белгісіз авторының адамның дене мүшелерінің қызметі нәтижесінде пайда болған Ақыл мен Қайратты осыларды шығарған дене мүшелерінің бірі секілді Жүрекпен теңестіріп, бір қалыпқа салып бағалауында қандай мән бар?!. Шындығына келгенде, адамның жан иесі ретінде тіршілік етуі – дене мүшелері қызметі барысында пайда болатын ұғымдардан бұрын  осыларды  шығаратын Миға, Жүрекке, Бауырға тәуелді ғой.  Бұларсыз адам  өмір сүре алмайды,  біреуінен айырылса, бітті -  адам өледі. Бауыр Жүрекке қан береді, Жүрек оны тәнге таратып, Мидың жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Ал  Абайдың ұғымындағы «толық адам» болуға не керегін айтқысы келсе, онда оны Ақылдың, Қайраттың, Сезімнің – үшеуінің үйлесімді бірлігінен іздеген жөн емес пе?!. Себебі, адамды басқа жан иелерінен ерекшелеп, адам ететін – осы үшеуі, осылардың өзара үйлесімді бірлігі ғой!..  Міне, осыларды  өзара айтыстырып, әр қайсысының өз қызметін шынайы  көрсете білуіне қарай  бағалап, жетістігін де, кемшілігін де көрсетіп, ешқайсысын алаламай  төрелік жасау – әлдеқайда табиғи, оқырманды ойласуға бейімдейтін  тағылымы мол шешім болып шығар ма еді, қайтер еді?!.

Осы орайда «төрелік жасау» дегеннен  шығады, кітап авторының  Ақыл, Қайрат, Жүректі таластырып, оған Ғылымды төрелікке (қазылыққа) алуы да біліктілікке жатпаса керек. Ғылым қай тұрғыдан алғанда да бұларға  әділ төреші бола алмайды. Өйткені, ол – адамның ақыл-ойының жемісі, басқаша айтқанда, Ғылым мына жарық дүниеге Ақылдан да, Қайраттан да кейін келген. Сондықтан да  ол адамның адам кейпінде жаратылуына қызмет еткен адам организмінің бір мүшесі – Жүрекке қалайша баға беріп, билік айтады. Бұл – салыс-тырмалы түрде айтсақ,   атасына шөбересі баға беріп, билік айтқан секілді оғаш тірлік болмақ. Мұның сыртында төреші – қара қылды қақ жарар қасиеті бар адал да әділетті болуы керек. Ғылым бұл талапқа сай келмейді. Өйткені өзі сынап, атап көрсеткен Ақыл мен Қайратта бар жетістік пен кемшілік мұнда да, яғни  Ғылымда да бар. Адамзат баласының дүниетанымын кеңейтіп, тұрмыс-тіршілігін жақсартып, аз ғұмырын мағыналы да мәнді етіп өмір сүруіне жағдай жасаумен бірге басқасын айтпағанда, пенденің ашкөздік тойымсыздығына қуат беріп, солардың арамза мақсатын іске асыруына  көмектесер   қырып-жоятын сан түрлі  сұрапыл қаруларды жасау да – осы Ғылымның ісі.  Зерттеуші ғалымдар адамзат баласы жер бетінде жаралғаннан бері  төрт дамыған өркениетті бастан өткеріп,  қазір бесінші өркениетте өмір сүріп жатыр дегенді айтады. Осының өткен төрт өркениеті  жетіле дамып,  кемеліне келіп, әбден  шарықтау шегіне жетіп барып, өзін өзі құртқан көрінеді.  Осындай жан түршігерлік  дүниежүзілік сұмдық апаттардың болуының  қуат көзі  де – осы  Ғылым екені қазір баршаға мәлім. Адамзат баласы «Екінші Ұстаз» деп танып, мойындаған әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз ғылым – адамзаттың қас жауы» деп ескертуі – осыларды білгендіктен айтылған болар. Мұның солай екенін қазіргі кезде жарыса шығарылып жатқан  жаппай қырып-жоятын қарулардың сыртында миллиондардың  өмірін жалмап,  бар әлемді  бірнеше жыл бойы үрейде ұстап отырған бүгінгі жетілген ғылымның жаңа өнімі – короновирус COVID-19-дың сойқанды салдарын  өзіміз де көріп отымыз ғой.

Рас, бұлардың бәрі бүгінгі жетілген ғылымның пайдасы мен зиянын    нақты көріп, біліп отырған қазіргі біздің  түсінігімізге негізделген талдау. Мұндай мүмкіндік аты белгісіз кітаптың белгісіз авторында болмағаны да аян. Сондықтан, әділдік үшін, оның жоғарыда айтылған өз ойларын қағазға түсірген кезде ғылымның адамзат баласының дүние танымын кеңейтіп, тұрмыс-тірлігін жақсартуға жол ашқан игілікті қызметінен басқа зиянды жағы көрінбеген, ғылымға  зәрулік жаппай өріс алған  орта ғасырлық таным-түсініктің талабынан  болғанын да еске сала кеткеннің артықтығы болмас. Бұған автордың Жүректен мін таппай, асыра әспеттеп, адамзат баласы тарапынан жасалар қаракеттің ізгіленуі үшін тек Жүректің қалауын қанағаттандыру керек дегенді Ғылымның аузына салуы да айғақ.  Бұл да – түп бастауы адамзат баласының Құдайды жандүниесімен сезініп, беріле сүюі  Жүректің   ісі деп таныған дін ғұламаларынан өріс алып, Жүрек тазалығының ұлы жемісі – махаббатты асқақтата жырлаған ақындардың сөз құдыретімен санаға сіңірген ортағасырлық таным-түсініктің бір көрінісі. Абай атамыздың «махаббатсыз – дүние бос» деуі де осы таным-түсініктің  кейінгі заманға бейімделген нұсқасы. Шындыққа жүгініп, Абай атамыз мақұлдап «Қара сөздеріне» енгізіп отырған осы аты белгісіз кітаптың белгісіз авторының Ақыл мен Қайратты бағалау тәсілімен Жүрекке баға берсек, оның да кемшілігі аналардан бір мысқал кем емес екенін көруге болады. Жақсылықты да, жамандықты да алдымен сезетін Жүрек десек, оның аса қуанышты немесе қорқынышты жағдайда аласұра алқына соғып,  үрей шақырып, адамның Ақылын алжастырып, буын-буынын босатып, Қайратын кемітіп,  дәрменсіз күйге түсіретіні баршаға  мәлім. Мұның сыртында Жүректің Ізгілікті де, Зұлымдықты да бірдей қолдайтынын ешкім теріске шығара алмаса керек. Оның солай екеніне дана халқымыздың «тас жүрек» (жақсылыққа да, жамандыққа селт етпейтін), «сұм жүрек» (зұлымдықты, арамдықты қолдайтын), «су жүрек» (үрей шақыратын) тәріздес ұғымдарды өмірге әкелуі толық айғақ. Сондай-ақ «Жүрек – жанның ұясы», «Жан – Жүректе», «Жүрексіз тірлік жоқ» деген ұғымдарда да нақтылығы жоқ, салыстырмалы теңеулік сөздер. Мұның нақты дәлелі – халықтың «Тән – жанның қабы»,  «қай жерің ауырса – жан сол жерде» деген даналық сөздері. Ал «Жүрексіз тірлік жоқ» дегенге келсек,   тек жүрек қана емес, ми, бауыр, бүйрек, өкпе, асқазан  болмаса да тірлік жоғын білетін жұртқа мұны дәлелдеудің өзі басы артық шаруа.  Демек, адамзат баласының тірлігі, яғни жан сақтауы – тәннің мүшелерінің біреуіне  бас иіп, бағынуында емес, бәрінің бір мақсатта, әр қайсысы жаратылыста еншіленген   міндетін мінсіз атқарып, өзара үйлесімді  бірлікте жұмыс істеуіне  тікелей байланысты.  Ал мұның бәріне ұлы мәртебелі Сананың қарауыл болғаны абзал. Саналы тірлікте кемшілік кем. Өйткені сана – ақыл қазынасының иесі.

P.S.Бұл айтылғандар  арнайы зерттеудің нәтижесі  емес,  кешегі кеңінен аталып өткен Абай атамыздың 175 жылдық мерейтойы кезінде өткізілген шараларға байланысты сөйлеген сөздерде, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларда айтылған кейбір негізсіз тұжырымдар мен дәйексіз мадақтауларды оқығаннан кейін пайда болған, бұрыннан ойда жүрген жекелеген кейбір пайымдауымызды жалпы көппен бөлісу ғана. Мақсат – пайымдауларым қате болса, өзгелердің түзетуін көріп, өзімді-өзім жетілдіру; дұрыс болса, өзгелердің ойласуына, өзіндік таным-түсінігін дұрыс қалыптастыруына септігі тиер деген үміт.

1963 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз