• Ел мұраты
  • 29 Маусым, 2022

ЖАҢА СИПАТТАҒЫ КОНСТИТУЦИЯ БІЗДІ ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу туралы референдум өтті. Президент «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан  Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізілді. 

«Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс» деді Қ.-Ж.Тоқаев. Осыған орай референдумда көтерілетін мәселе бойынша ел Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен жаңа нормаларға толығырақ тоқталуды жөн көрдік.    

Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мәселен, президенттің жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. «Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет» деп атап өтті Қ.-Ж.Тоқаев. Ата Заңға енгізілетін негізгі өзгерістер мынадай:

– Қазақстан басқарудың супер-президенттік формасынан мықты парламентке ие президенттік формаға көшеді;

– президенттің туыстарына жоғары мемлекеттік қызметтерді атқаруға тыйым салынады;

– жер мен жер астындағы байлық халыққа тиесілі болады;

– қазақстандықтар өз бетінше Конститу-циялық сотқа жүгіне алады;

– Қазақстанда өлім жазасы болмайды;

– мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша қалыптасады;

– сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;

– мажоритарлық жүйе сайлаушылардың қалауы бойынша депутаттың өкілеттігін тоқтатуға мүмкіндік береді.

Ең алдымен 5 маусым күні өткен референдумда  «2022 жылғы 6 мамырда БАҚ-та жарияланған ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ болды. Жауап нұсқалары: «иә» немесе «жоқ» деген нұсқада болғанын айта кету орынды. Енді өзгертулер енгізілетін баптарға тоқталып өтейік. 

Қазіргі қолданыстағы Конституцияда 98 бап болса, жаңасына 99-бап қосылады. Ең  алғашқы 1993 жылғы ҚР Конституциясында 131 бап болған. Алғашқы өзгеретін норма-4 -ші баптың 1-ші тармағы. Ол тармақтағы «Кеңесінің» деген сөз «Сотының» деген сөзбен алмастырылады. 1995-жылға дейін елімізде Конституциялық Сот болды. 1995 жылғы өзгерістерден соң, Сот Кеңеске айналды. Атының өзінен белгілі болғандай, соттың өкілеттігі ауқымды. Соттың билігі бар, шешім шығарады. Ал қандай ұйым болмасын, кеңес деп аталса, тек кеңес берумен шектеледі. 

 4-ші баптың 2-ші, 3-ші, 4-ші тармақтары өзгеріссіз қалады. 4 бап, 2-ші тармақ:  «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады». Яғни барлық Заңдардан Конституция биік тұрады. Егер басқа Заңдардың нормасы Конституциямен сәйкеспей тұрса, Конституцияға басымдық берілу керек. Бұл еліміздің әр азаматы білуі тиіс маңызды заң нормасы.

Келесі өзгеріс  6-баптың 3-ші тармағына енгізіледі. Алдымен 6-шы баптың қолда-ныстағы өзгеріссіз қалатын нормаларын айта кетейік:

1-ші тармақ: «ҚР-да мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қолданылады».

2-ші тармақ: «Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар, қоғам игілігіне де қызмет етуі тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді».

Енді өзгергелі жатқан 3-ші тармақ қолданыстағы Ата Заңда былай жазылған:

«Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар МЕМЛЕКЕТ меншігінде болады». Осы тармақтағы «мемлекет меншігінде болады» деген сөз «халыққа тиесілі» деген сөзбен алмастырылады. Қалған тармақтар сол күйі қалады.  Халық атынан меншік құқығын МЕМЛЕКЕТ жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін. 

Жер де, су да, ауа да, барлық табиғи ресурстар – халықтыкі. Бұған дейін мемлекеттің меншігінде деп саналған. Бұл әрине айтарлықтай жағымды өзгеріс. Бірақ, мемлекет атынан қалай жүзеге асады? Қоғамда осы мәселе қызу пікірталас тудырып жатыр. Тәртібі, реті, процедурасы анықталуы тиіс.  

Келесі өзгеріс өлім жазасына байланысты. Қазақстанда енді өлім жазасы қолданылмайды.  Ол жайлы 15-ші баптың 2-ші тармағында айтылған. Өзгеріс осы тармаққа енгізіледі.  Өзгеріске ұшыраған 2-ші тармақтың қазіргі Конституциядағы мәтіні:

«Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді. Ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар».

Жобаға енгізілгелі тұрған нұсқасы, 2-ші тармақ:

«Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тиым салынады». 

Жалпы озық елдердің көбінде өлім жазасы жоқ, алынып тасталған.  Бұл қылмыстық заңнамадағы ізгілендіру, яғни гуманизация шарттарының бірі.

Келесі өзгеріс 23 баптың 2-ші тармағына енгізіледі. 1-ші тармағы өзгеріссіз қалады. Қолданыстағы мәтіні:

1-ші тармақ:

«ҚР азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестіктердің қызметі заңмен реттеледі». Яғни адамдар түрлі формадағы бірлестіктер (партия, ЖШС, АҚ) құруға құқылы.  Өзгергелі жатқан 2-ші тармағына мына сөздер ғана қосылған:

«Республика Конституция Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғарғы аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауы тиіс, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс».

Келесі өзгеріс-24-ші баптың 1-ші тарма-ғына енгізіледі. Жоба бойынша өзгеретін 1-ші тармақ:

«Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі». 

Қолданыстағы қазіргі ереже бойынша тек қылмыстық іс (үкім қылмыстық істер бойынша шығады. Әкімшілік істер бойынша сот шешімі қаулы деп аталады, ал азаматтық істер бойынша сот шешімі деп аталады) бойынша жаза тағайындалған сотталушылар ғана еріксіз еңбекке тартылса, қазіргі ереже бойынша бұл қатарға әкімшілік жаза алғандар да кіреді. Қалған тармақтар өзгеріссіз қалады.

Ендігі өзгеріс-42-ші баптың 2-ші тар-мағына және 5-ші тармақтың соңғы абзацына   қатысты. Өзгерген тармақтың мәтіні:

2-ші тармақ:

«Ант беру қаңтардың екінші сәрсен-бісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың экс-Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді».

5-ші тармақтың  екінші  бөлігі   алынып тасталады. 

Келесі өзгерісті  толықтыру деуге болады. 43-бапта дәл қазіргі Конституцияда бір ғана 1-тармақ бар. 2-тармағы 2007 жылғы өзгерісте алынып тасталған. Ол тармақтың мәтіні мынадай болған:

«2. Республика Президентi өз өкiлеттiгiн жүзеге асыру кезеңiнде саяси партиядағы  қызметiн тоқтата тұрады». 

Енді қазіргі Ата Заңдағы өзгеріссіз қалатын 1-ші тармақтың мәтінін көрелік. 

1-ші тармақ:

«Қазақстан Республикасы Президентінің өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы жоқ».

Әзірге 43-ші бапта осы бір ғана тармақ қолданыста. Енді осы бапқа тағы 3-ші (2-шісі 2007 жылы алынып тасталғанын айтып өттік) және 4-ші тармақ қосылады. Олар төмендегідей:

3-ші тармақ:

«ҚР Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмау керек».

4-ші тармақ:

«ҚР Президентінің жақын тустары мем-лекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ».

Келесі өзгерістерге келейік. 44-бап Президенттің өкілеттігіне қатысты маңызды баптың бірі ғана емес, бірегейі десе болады.  44-бапқа енгізілетін өзгерістерге тоқталайық. 

Қолданыстағы Конституциядағы 44-бап мынандай еді:

Қазақстан Республикасының Президенті:

1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;

2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;

3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; Республиканың Премьер-Министрін қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;

4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;

5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

6)Республика дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;

7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;

алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI;

9) алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI;

10) республикалық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдайды;

10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды;

11) келіссөздер жүргізеді және Респу-бликаның халықаралық шарттарына қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; өзінің жанында тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де өкілдерінің сенім грамоталары мен кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;

12) Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;

13) Республиканың мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;

14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерін шешеді;

15) азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады;

16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнген, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейін Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететін шараларды қолданады;

17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген ретте Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды;

18) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;

19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесі мен өкілеттігін анықтайды; Республика Президентінің Әкімшілігін құрады;

20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;

21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Енді осы 44-баптың 6 тармақшасы бірдей өзгеріске ұшырайды. Атап айтқанда, 2, 3, 4, 7, 10-1, 19 тармақшалары.  

Біріншісі:

2-тармақшадағы «Парламент Сенаты» деген сөздер «Парламент» деген сөзбен ауыстырылады;

Екіншісі:

3-тармақшадағы «облыстар, респу-бликалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;» деген сөздер алып тасталады;

Үшіншісі:

4- тармақша мынадай редакцияда жазылады:

«Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады».

Төртіншісі:

7-тармақшадағы «Республикалық бюд-жеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылады.

10-1- тармақшадағы «Кеңеске» деген сөз «Сотқа» деген сөзбен, 19- тармақшадағы «Хатшысын» деген сөз «кеңесшісін» деген сөзбен ауыстырылады.

44-баптың 19-тармақшасына қатысты айта кететін болсақ, өзгеріске ұшырайтын 5 тармақша түсінікті, алайда өзгеретін соңғы 19-тармақшаға назар аударсақ, жаңа Конституция ережелері бойынша елімізде МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ деген лауазымның орнына МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІ деген лауазым болады.

Биылғы қаңтар айында Президент өз Жарлығымен Мемлекеттік хатшының өкілеттігінің ауқымын кеңейтті. Одан өзге Мемлекеттік хатшыға қатысты бірқатар заңдық күші бар құжаттар бар. Осы ретте референдумнан соң олардың күші жойыла ма,  әлде жай атауы өзгере ме деген сұрақтар туындауы заңды. Мемлекеттік хатшының  атқаратын функциясы қандай болады деген пікір де бар. 

Ендігі өзгерістер 46-бапқа қатысты. 46-баптың 4-тармағы түгел алынып тасталады. Қалған үш тармағы өзгеріссіз қалады.

46-бап.

1-тармақ.

«Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды» (өзгеріссіз қалады).

2-тармақ.

«Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады» (өзгеріссіз қалады).

3-тармақ.

«Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады» (өзгеріссіз қалады).

4-тармақ.

«Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» (алынып тасталады).  

Қоғамда қазіргі таңда пікірталас тудырып жатқан алдыңғы үш тармағы. Яғни экс-Президент пен оның отбасына мемлекет есебінен қызмет көрсетілетіні жөнінде. Озық елдердің бәрінде осындай норматив қабылданған.

Ендігі өзгеріс 50-баптың 2 және 3-тармағына енгізіледі. 

50-бап.

2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды .

3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.

Жоба бойынша нұсқасы:

2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылады:

«Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды».

3-тармақ мынадай:

«Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады». 

Ескі, яғни қазіргі ережелерге сай, Сенаттың 15 депутатын Президенттің өзі сайлауға құқығы болса, енді ол 10-ға қысқарады. Оның ішінде бесеуін, яғни жартысын Ассамблея, жартысын Президенттің өзі ұсынады.  Ал Мәжілісте қазіргідей 107 емес, 98 депутат болады. Оның 30% -н халық сайлайды.  Ассамблея ұсынатын (Мәжіліске) 9 депутаттық квота жойылады.

Ендігі өзгеріс 51-баптың 1-тармағына енгізіледі. 

Қалған 5 тармағы өзгеріссіз қалады. 1-тармақтың өзгеретін нұсқасы:

1.Мәжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Алдында айтып кеткен Ассамблеяның 9 депуттаттық мандатқа квотасы 1- тармақта жойылған.

52-бапқа қатысты өзгерістер. Бұл бапта Парламент депутаттарының міндеттері мен құқықтары, өкілеттіктері сөз етілген. 52-бапта 6 тармақ бар, 2-тармақтан басталады, себебі 1-тармағы 2007 жылғы өзгерістер мен толықтыруларда алынып тасталған.

Жаңа жоба бойынша тағы бір тармақша қосылады:

3) 3) бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалатын тәртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады.

53-бапқа енгізілетін өзгерістер. Жоба бойынша 1-тармаққа 1-1 және 1-2 тармақшалар қосылады. Олар төмендегідей:

1-1) конституциялық заңдарды қабылдайды;

1-2) Республика Президентінің қарсы-лығын туғыз¬ған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді.    

Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент әрбір Палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсы-лықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.

2.Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді.

Жоба бойынша осы тармақтағы «Респу-бликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылады.

54-бап. Жоба бойынша нұсқасы: 

 «2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әрбір Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі».

55-баптың 2-тармағы бойынша  Сенат Республика Президентінің Республика Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім береді.

3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айырады.

 3-тармақшадағы «судьяларын» деген сөзден кейін «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді» деген сөздермен толықтырылады.

Сондай-ақ 57, 58, 61 және 62-баптардың кейбір тармақтарына өзгертулер енеді. 82-бап мынадай мазмұндағы 1-баппен толықтырылады:

«Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.

Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады».

Жаңа жоба бойынша Конституция мына мазмұндағы соңғы 99-баппен толықтырылады:

«99-бап.

1.Конституциялық Сот және Жоғары аудиторлық палата құрылғанға дейін Конституциялық Кеңестің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағалары мен мүшелері өз өкілеттіктерін сақтайды.

Конституциялық Сот құрылғанға дейін Конституцияның 72-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген Конституциялық Соттың функцияларын Конституциялық Кеңес жүзеге асырады.

Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары Конституцияға қайшы келмейтін бөлігінде оларды Конституциялық Сот қайта қарағанға дейін қолданылады.

Қазақстан Республикасы Конститу-циясының Парламент Палаталарын қалыптастыру туралы ережелері сегізінші сайланған Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады».

2.Қазақстан Республикасы Конститу-циясының конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдау тәртібін, сондай-ақ Конституциялық Соттың қызметін айқындайтын ережелері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

2023 жылдың 1 қаңтарына Мәжіліс мақұлдаған және Парламенттің қарауындағы заң жобалары заңдар болып есептеледі және Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабында белгіленген тәртіппен қаралады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының лауазымды адамдарға өкілеттіктер берудің жаңа тәртібін белгілейтін нормалары, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында өзгеше көзделмесе, осы лауазымды адамдардың өкілеттік мерзімінің өтуіне немесе өкілеттігінің тоқтатылуына қарай қолданысқа енгізіледі.

Жоғарғы аудиторлық палатаның құрамы қалыптастырылғанға дейін Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функциялар мен өкілеттіктерді жүзеге асыруды жалғастырады.

3. Осы Заң референдумның қорытындылары туралы хабарлама ресми жарияланған күнінен бастап, осы Заңның 2-бабының ережелері ескеріле отырып қолданысқа енгізіледі». 

Осылайша, қолданыстағы Конституцияға 50-ден астам өзгертулер енгізілмек. Яғни бұл жай референдум емес. Сондықтан референдумға көптеп қатысу,  әрбір азамат өзінің конституциялық құқығына сәйкес дауыс беруі маңызды.  Президент атап өткендей, бұл өзгерістер Әділетті Қазақстан құруға септігін тигізеді деп сенеміз.

Ләззат АХАТОВА,

Ақмола облыстық адвокаттар

алқасының адвокаты

2472 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз