• Ел мұраты
  • 29 Маусым, 2022

ДӘСТҮРЛІ ҚОҒАМ  ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,

Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады

Су түбінде жатқан тас – жел толқытса  шығады,

Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса  шығады. 

                                                              Асан Қайғы.

Дәстүрлі қоғамның құндылықтары... Оларды қайтсек айырмақпыз? Олар мен дәстүрсіздік арасындағы принциптік өзгешелік неде? Дәстүрлі қоғамды қалпына келтірудің шарттары қайсы? Төменде осы айтылған философиялық-дүниетанымдық  сауалдардың жауабын іздестіріп көрмекпіз. 

«Дүниені танып-білудің екі түрлі жолы бар, – дейді Шәкәрім «Үш анық» атты еңбегінде. – Біріншісі, Құдай бар, жан жоғалмайды дейтін идеалистік, екіншісі, Құдай жоқ, жан да жоқ, барлық тіршілік иелері өздігінен өсіп-өніп жатыр дейтін материалистік көзқарас». Қоғамды дәстүрлі және дәстүрсіз деуіміздің кілті осы арада. Кез келген әдет-ғұрып, салт-сана төркінін осы екі танымнан іздеңіз. Дәстүрлі қоғам руханиятты төрге шығармақ. Жан қалауы ескеріліп, тұрмысты сана билемек. Осыменен ерекшеленеді. Қай ұлттың болмасын ғасырлар бойы  тірнектеп жинақтаған құндылықтары тамырын осы идеалистік танымнан тартады. Мысалға қазақ халқының сәлем беру, үлкенді сыйлау, уәдеде тұру, Құдайды тану, анттан қорқу, аруақты сыйлау, мейірімділік, қанағат, рақым сияқты адамгершілік қасиеттерін көздің қарашығындай сақтау, ең бастысы, өмірде тастай ғып ұстану парыз. Дәстүрлі қоғамды құру, қалпына келтіру деген осы. Әр адам жүрегімен сезеді – Жаратушы Ие бар және Ол материя емес (өзінің де материя ғана емес жан иесі екенін біледі). Бірақ пенде болғандықтан қым-қуыт тіршілікте өзінде бар руханилықты көміп, ұмыт қалдырады. Өйткені, әлеуметтік орта мен үстем идеологияға бағынып өмір сүру, әрине, оңай.  Дәстүрлі қоғамды құру мәселесінен бұрын дәстүрсіз қоғамды сөз етейік. Егер қоғамда  қанағатсыздық, тұтынушылық, мақтаншақтық, мал шашпақ, сәнқойлық, кербездік, еліктеушілік, менмендік, көреалмаушылық, арсыздық сияқты адамшылыққа жат әдет-қылықтар – «ит мінездер» (Абай) қаулап тұрса, бұл қоғам дәстүрсіз делінеді. Бұл иманы әлсіз, сананы тұрмыс билеген, материалдық әлем жарқылына табынған қоғам. Осы айтылған дәстүрсіз, яғни жасанды қоғамға ұлтты ұлт қылу керексіз, тек қана тобырлық сана салтанат құрмақ. Қалың бұқара тұтастай теріс идеология құрбанына шалынбақ. Француз ойшылы Пьер Буаст (1765-1824): «Білімділік пен отансүйгіштік ұлтты, ал надандық пен  өзімшілдік тоғышар қалың бұқараны жасайды» деп осыны айтқан. Ұлт пен тобырдың арасы жер мен көктей алшақ. Ғалымның сөзінен осыны да аңғаруға болады.

Тән құмары билеген заман қашан, қалай пайда болды? Бұл сауалдың жауабы даяр – Құдай жоқ дейтін дәстүрсіз қоғамды орта ғасырлық Еуропа ренессансы, дәлдісінде, оның материалистік танымы дүниеге әкелді. Оған Америка мен Азия елдерін отарлау жүйесі шырмап алғаны айқын дәлел.

Колониалдық режимнің қозғаушы күші – ұлыдержавалық шовинизм. Ең жаманы, әлемді шырмауықша ораған отаршылдық ежелгі әдет-ғұрып, салт-сананы тұралатты. Оның езгісінен халық «жақсы менен жаманды айыра алмайтын» дүбәрә хәлге ұрынды. Дәстүрлі қоғам шаңырағы шайқалып, оған қоса, кісілік қасиеттер күйреді. Абайдың:

Бай сейілді,

Бір пейілді

Елде жақсы қалмады.

...Танымадық,

Жарымадық

Жақсыға бір іргелі.

Қолына алып,

Пәле салып

Аңдығаны өз елі, -

деп қамыққаны сол. Жан әлемі тапталған, ескерілмеген жерде, ескі салт-сананың орнын жасанды   «жаңасы» басады. «Сабырсыз, арсыз, еріншек» (1886) деген өлеңінде Абай: «Бір сөз үшін жау болып, бір күн  үшін дос болып, Жүз құбылған салт шықты» дейді.  

Қалыпты тұрмыс-тіршілікті жүз  құбылған дәстүрсіз салт-сана жеңіп,  билеп кететіні несі? Абайға тағы бір жүгінейік, ұлы ақын «Жүректе қайрат болмаса» (1898) өлеңінде былайша ұқтырады:

Тән сүйгенін бермесе,

Жан шыдамас жаны ашып.

Бере берсең бер десе,

Үміт етер таласып.

Абайдың білуінше, мейірімділік, әділеттілік, жылылық пен жанашырлық – тек қана жүректің (жанның) ісі. Өзімшілдік, қатігездік, алдап-арбау, сараңдық – тәннің ісі. Соңғының «бер, бер, бере бер» деген дәмесі зор. Сондықтан жан мен тәннің таласы толастамақ емес. Адам өле-өлгенше жүрегінде «махаббат пен ғадауат майданы» жалғаса бермек. Мықты ұлттық идеология жоқ жерде, ой-санамызды өткінші, дәстүрсіз құндылықтар оп-оңай жаулап алмақ.  Жүгенсіз кеткен материалдық пиғылдың руханиятты гүлдей солдырары анық. Күрделі тақырыпты тереңірек ашуға осы айтылған дүниетанымдық-философиялық пайымдар жеткілікті сияқты. Енді мәселеге өмірлік, тәжірибелік қырынан келейін. Сөз етілген дәстүрсіз қоғамның нақты мысалы – көршіміз Ресей Федерациясы. Әлем тарихында ұлттар арасында жер үшін соғыс баршылық. Бірақ Украина мен РФ арасындағы этносаралық соғыс жер үшін ғана емес, екі түрлі көзқарастың, түптеп келгенде, екі өркениеттің арасындағы соғыс болып табылады. Қостанайлық ақын Ақылбек Шаяхмет «Украин бауырым» деген өлеңінде өз қолдауын былайша жеткізіпті:

Көтерген тағдырдың ауырын

Не күйде украин бауырым?!

Тастүйін бекінген шығар-ау

Пиғылын білген соң жауының.

Тап берсе қалың жау сауытты,

Төндірсе зұлматты қауіпті.

Жол жауып үлкен де, кіші де,

Құр қолмен тоқтатты танкті.

Ақындар жазатын дастан қып,

Бар елдің тілегі – бостандық!

Еркіндік кеңейтсін өрісін,

Қаскөйден келмесін қастандық.

Шүбәсіз, қастандық пен зұлымдықты ай асты әлем бірауыздан айыптап отыр. Өйткені, тап қазір Украина еркіндік, бостандық пен даму бағытын өзі таңдау үшін күресуде. Өзінің шынайы азаттығын қорғауда. Ал, Ресей Федерациясы өзінің өктемдігін жүргізуші агрессор, көздеген мақсаты – кешегі алып империяны қалпына келтіру. Оның халқының санасын ұлыдержавалық шовинизм улап отырғаны құпия емес. Өйткені, агрессияны халықтың 70-80 пайызы қолдап отыр. «Бұл неғылған ел, өзі?!» деп бүкіл әлемнің жағасын ұстатқан жәйт міне осы. Сөз жоқ, Ресей қалыпты елдерге еш ұқсамайтын озбырлық ұясы, зұлымдық империясы. Айта берсек, бұлай саналуының себептері көп.

Біздің Қазақстан халқы ше? Таяуда жүргізілген сауалнама барысында (1100 адам сұралған) орыстілді респонденттердің 60 пайызы, қазақтілді респонденттердің 40 пайызы «Ресейдікі жөн, жақтаймыз» деп жауап беріпті. Ал, керек болса? Ақты қара, қараны ақ деп шатасуымыздың сыры неде? Бұл ұлыдержавалық идеяны күні-түні насихаттаған ақпараттық құралдардың «жеңісі» екендігі талассыз. Қазақстан халқы осы ақпарат кеңістігінің тұтқыны екендігі айпарадай анықталып отыр. Себебі, әрбір империя, кез келген автократиялық-тотаритарлық билік қоғамдық сананы құрықтауға, бұқараны құлдық сана-сезімде ұстауға мүдделі. Кешегі кеңестік идеология әлі де санамызда, бүгінгі зұлымдықты жақтаушылардың көптігі осымен де өз түсінігін табады. Айтылған ахуалдан қандай сабақтар алуға тиістіміз? Осыған ойысайық.  Мемлекет дамуының екі ғана бағыты бар: бірі – демократиялық, екіншісі – авторитарлық. Соңғысы ұлыдержавалық шовинизмді ту еткен, сондай-ақ,  өзімшіл пенденің шексіз билікке ие болуы арқылы пайда болған олигархтар мүддесін қорғайтын, әлеуметтік бөліністер шыңырау, сайлау әділ өтпейтін мемлекеттер. Оларға керегі – тобырлық сана, «ақылы жоқ» (Абай) тоғышар бұқара (қазіргі лексикада «зомби» дейді). Теріс бағытты таңдаған мемлекетте адам өмірі арзан, заттар қымбат болады. Халқы қайырымсыз әрі рухани соқыр болады. Демократияны таңдаған елдерде бәрі басқаша. Халықтың пейілі ақ, ниеті түзу, қайырымды, яғни «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» идеясын мойындап ғұмыр кешеді. Мұндай «қайырымды қала тұрғындары» (әл-Фараби) бірі біріне құрметпен қарап, сыйластықта сүріп,  ақыр соңы, діні, нәсіліне қарамастан бір ұлт болып ұйысады. Демократиялық мемлекет болуға ұмтылудың маңыздылығы осы арада.  Сонымен, алғашқы сабағымыз – демократия деңгейі жоғары болуы керек. Сонда сыни ойлай білетін, әр мәселеге өзіндік көзқарасы бар, сырттан келіп түскен ақпарат ағынына («анау да, мынау, үйт, бүйт деген» дейтін) күмәнмен қарауға қабілетті азаматтар қалыптасады. Мысалға Солтүстік Корея азаматында өзіндік ұстаным болу мүмкіндігі жоқ, ол толық мағынасында авторитарлық, милитаристік мемлекеттің тұрғыны. Екінші мысал, Ұлыбритания азаматы. Оны өзіндік пікірі жоқ, кім айтса, соған көне салатын жан ретінде көзге елестетудің өзі қиын. Ұлттық намысы биік, дәстүріне берік бұл елде әрбір азамат дерлік бірбеткей мінез иесі. «Тобырлық сана» дерті жұқпаған халық үшін өзге мемлекеттің немесе одақтың жетегінде жүру масқара есепті. Сондықтан міне сан ғасыр болды, Англия – әлемдегі ең озық елдің бірі. Демократия деңгейі неліктен жоғары болу керек дегенге айтпағым осылар.   Келесі сабақ – ұлттық мүддені ту ету, алдыға шығару. Дәстүрлі құндылықтарды (тіл, салт-сана, ұлттық тәрбие, мәдениет) тірілту, заңға бағынышты елге айналу мақсаты ұлттық мүдде делінеді. «...Қазақ жерінде ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құрылуы тиіс», - деп өсиеттейді ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан. Оның дұрыстығына самурайлық дәстүрге негізделген жапон ұлтының бар-жоғы 20 жылдың ішінде біртұтас империяға айналып шыға келуі дәлел болса керек.

Сыни ойлайтын азаматтарының қатары селдірген, ұлттық мүддесін ұмытқан елдің болашағы бар ма? Бұл жайында халық жазушысы Мұхтар Мағауин ағамыз былай дейді: «Қазақ ұлттық сыпатынан айырылса, көп ұзамай қазақ атымен атанатын ел де жер бетінен көшеді. Қалған қарапайым жұрт дәл бүгінгіше итшілеп тағы да біраз тіршілік кешер». Бұл сөздің жаны барына күмәнің қалмайды. Өйткені, бүгінгі қазақ қауымының басым бөлігі ана тілін ұмытып, өзара бөтен тілде шүлдірлесіп жүр. Сондықтан қазақ мемлекет құрушы ұлт екендігіне мән берілетін, сол үшін ұлттық идеологияны қолға алатын кез жетті. Украина соғысынан алатын сабақтардың бастысы да осы болса керек.

Ноғайлы дәуірінің ірі өкілі Қазтуған жырау не дейді? Оның айтқаны:

Кейінгі өскен жас бала,

Ақ балтырын түрініп,

Басарына ерініп,

Көкірегі күйініп,

Тек тірлікке сүйініп,

Аузы түкті кәпірдің

Етпегей еді жұмысын!

Ескірмеген пайым! Кейінгі өскіннің жүрегі жапон, ағылшындікі секілді «өз елім, өз жерім» деп соғуы керек! Бұл – мемлекеттік мәселе.

Қорыта айтқанда, Қазақстан – бұқаралық ақпарат құралдары дербес, демократия деңгейі жоғары, азаматтары сыни ойлауға қабілетті, билігі ұлттық мүддені көздейтін мемлекет болуға ұмтылуы қажет. Сонда ғана жаңа Қазақстан құру мүмкін болады. Әйтпесе жоқ.   

Асан Омаров,

 зерттеуші

2477 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз