• Еркін ой мінбері
  • 30 Тамыз, 2022

ШЕШЕНДІКТІҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Ақылбек  ШАЯХМЕТ,

жазушы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Қостанай өңірлік университетінің профессоры

Біз ұзақ жылдар бойы Ақаң ақталғанға дейін Қажым Жұмалиевтың «Әдебиет теориясын» және Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздерін» оқып келдік. Әрине, бұл оқулықтардың да пайдасы аз болған жоқ. Алайда әдебиет теориясының негізін қалаған Ахмет Батйұрсынұлы, оның «Әдебиет танытқышы» болатын.  Ахмет Байтұрсынұлы шешендік өнердің түп-тамырын, оның жіктелуін, шешендік сөздердің мүшелері мен түрлерін жан-жақты талдап берді.

Журналистік шеберліктің қайнар көзі де, тарихи бастаулары да халқымыздың шешендік өнерінде жатқанына ешкім де таласа алмайды. Шешендік өнер, айтқыштық қабілет осы заманда қалай жүзеге асырылып жатыр дегенге келсек, ол туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ, қалай болған күнде де, сөз халық игілігіне жұмсалып, сол сөзді қару қылған журналистер сөз мәйегін қызмет бабында орнымен пайдалануға тырысуда. Яғни, жазылған сөз бен айтылған сөз қоғамға қызмет етеді.

Ғасырлар бойы қалыптасқан шешендік өнер – тек тарихи құбылыс қана емес, ерекше қоғамдық құбылыс. Түрлі тарихи қиын кезеңдерде шешендік өнер cол дәуірдің жаршысы, жаңалықтың хабаршысы, халықтың жоқшысы болды, қоғамға шама-шарқына қарай белсене қызмет етті.

Шешендік өнердің өткен тарихына көз жіберсек, шешендік өнер әу баста қазақ еліндегі жер дауы, жесір дауы секілді талас-тартыста, айтыс-дауларда, екі ел арасындағы мәміледе, кейінірек, әсіресе, тәуелсіздік жолындағы күрестегі пікірталастарда өте-мөте белсенді қызмет атқарды.  

Шешендер  жер дауы мен жесір дауын қозғаса да, тіл мен дінге, салт пен дәстүрге байланысты тіл безесе де, сөз түбі ел тұтастығына, ауызбірлікке, теңдікке барып тірелді. Есімдері елге әйгілі шешендер Төле, Қазыбек, Әйтеке жүз немесе ру  көсемдері ғана емес, ханға сөзін өткізе алатын кеңесші болды. Қол бастаған батырлар, сөз саптаған ақындар да шешендік өнерді меңгерген кісілер еді. Кейін қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың өзгеруіне байланысты идеология да өзгерді. Шешендер әр таптың, әр топтың, белгілі бір партияның сойылын соқты, шашбауын көтерді, жыртысын жыртты.

Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Өзбекәлі Жәнібеков: «Өз билігін нығайту жолындағы күресте хандар жүздердің аға билеріне арқа сүйеген. Жергілікті билеп-төстеушілерді әлсіретуге тырысқан Абылай ханның тұсында ішкі, сондай-ақ сыртқы саясатқа да ханның аймақтық басқарушыларының – аға билерінің ықпалы зор болған. Ұлы жүздің аға биі Төле Әлібекұлы (1663-1756), Орта жүзден шыққан Қазыбек Келдібекұлы  (1665-1765), Кіші жүзден танылған Әйтеке (Айтық) Байбекұлы (ХVІІ ғасырдың аяғы – ХVІІІ ғасырдың ортасы)  сол кездегі Қазақстанның аса дарынды мемлекет қайраткерлері болған. Қазыбек Келдібекұлын алсақ, ол тек ханның Орта жүзді басқарушы аға биі болып қана қоймай, өз заманының асқан ірі дипломаты болған адам» – деп атап көрсетеді.

Билер және шешендердің қатысуымен Тәуке хан тұсында (1680-1718) жасалған «Жеті жарғы» құқықтық және конституциялық мәнге ие болса, Қасым ханның (1511-1523) қасқа жолы мен Есім ханның (1598-1645) ескі жолы   ережелер мен билер кесімдерінің жолын ашты.

Әлкей Марғұлан «Жеті жарғыға» кірген жеті ережені былайша жіктейді:

1.Мүлік заңы

2.Қылмыс заңы

3.Әскери ережелер

4.Елшілік жоралары

5.Ел заңы

6.Жесір дауы

7.Құн төлеу

Көрнекті қоғам қайраткері Елдес Омарұлы Орынборда 1922 жылы «Қазақ календарында» (күнтізбесінде) жарық көрген «Қазақ тарихынан» деген мақаласында («Қазақ тарихы» №1, 2008 ж) Қасым хан, Ақназар, Тәуекел, Жәңгір, Тәуке секілді хандарды халық жақсы көргенін айта келіп: «Әбілқайыр, Сәмеке секілді елді жау шауып жатқанда өзара таққа таласқан хандардың  ел ішінде ешбір қадірі қалатын жөні жоқ еді. Сондықтан Әбілқайыр секілді хандар  өздерінің елге жексұрын екенін білген соң бақты (хандықты) елден іздемей, сырттан, орыс үкіметінен іздеген, елді сыртынан сатып, елде биліксіз хан болған. Бұрын өз еркі өзінде, күні кеше Әз Тәукенің заманында  билері жыл сайын бас қосып, Күлтөбенің басында күнде кеңес жасап, өз тағдырын өздері шешіп үйренген ел хандардың сыртынан орыcқа сатып жіберуіне көніп, орыс үкіметі сайлаған хандарға бағынуы мүмкін емес еді.  Сондықтан ол уақытта қазақтың хандары орысқа бағынғанымен, ел орысқа бағынған жоқ. Хандарға, орысқа қарсы көтерілді. Кіші жүзден Сырым батыр, Есет батыр секілді елге  патшалық қылған азаматтар шықты. Орта жүзден Кенесары-Наурызбай шықты. Бірақ, шенге, шекпенге сатылған  хандар түрлі айла-сұмдықпен елдің берекесін алып, бұқара түгел басын қосып, қайрат қыла алмай тоз-тоз болды және бұрын қазақпен жауласып жүрген қазақтың күншығыс жағындағы көршісі – жоңғарлар  Қытайға бағынатын болған соң, қазақ күнбатыс орыс, күншығыс қытай – екі жағында үлкен екі патшалықтың қамауында, барар жері, басар тауы болмай қалды» – деп жазған еді.

Осы пікірдің өзінен сол кездегі халық сөзін хандар мен сұлтандар емес, билер сөйлегенін, «орысқа барсаң – кең тұсау, қытайға барсаң – қыл бұрау» тұсында да, ел басына күн туғанда да Сырым шешен секілді ел бастар азаматтар ел ішінен шыққанын көреміз.

Өнер алды қызыл тіл деп есептеген халқымыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан қас шешендер өнерін ерекше бағалаған. Ежелгі ауыз әдебиетін жалғастырған және көркем әдебиеттің бір саласының негізін салған билер мен шешендер өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.

«ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары»  кітабында  әдебиетші ғалым Ә.Дербісалин жазған алғы сөзде: «Халқымыздың көркем сөз өнерінің даму жолы ұзақ та күрделі. Бірде жырау, бірде ақын аталып келген жеке өнер иесінің ауыз әдебиетінен бөлініп шығу процесі бірнеше ғасырға созылды. Алғашқы ақын-жыраулар ХІV-ХV ғасырлардан бастап көрінсе де, олар ұзақ уақыт бойы ауыз әдебиеті аясында еңбектеніп, өз туындыларын сол арнада жасады, көбінесе үлкен бір оқиғалар мен тарихи адамдар төңірегінде толғанудан әрі бара алмады. Соның нәтижесінде көркемдік қуаты өзгеше күшті, ескірмес, өшпес сөз туғызған немесе сөз өнерімен бірге ірі қимыл-әрекетімен халық жадында сақталған бірен-саранынан басқасы сол алыс заманның өзінде ұмыт болып, азды-көпті шығармалары ауыз әдебиеті сияқты телегей теңіз коллективтік (ұжымдық) көркемдік дүниесіне сіңіп кетіп отырды. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың алғашқы тұсынан бастап қазақ поэзиясында қоғамдық тұрмысты, оның көзге ашық көрініп тұрған кемшіліктері мен қайшылықтарын, адам мінезіндегі артық-кем сипаттар мен олардың арасындағы теңсіздік, әділетсіздік жайларын  суреттеуге нақты бетбұрыс жасалды. 

Поэзияның бұл дәуірде шарықтап өскені соншалық, Атырау, Орал, Ойыл, Сыр, Тобыл, Есіл, Нұра, Ертіс, Жетісу бойы, Қаратау, Ұлытау, Алатау, Көкшетау, Тарбағатай, Шыңғыс баурайынан және тағы басқа жерлерден көрінген белгілі ақындардың өзі ондап саналады. Олар әралуан ақындық өнер, шеберлік мектебін жасады. Осы таланты мен дүниетанымы әр дәрежедегі ақындардың тұтас еңбегі поэзияны өнер биігіне қарай  көтере, есейте түсті. Оның көркемдік сапасын жаңа сатыға жеткізді, шын мәніндегі жазба әдебиет туып, дамыды. Осының бәрі әдебиеттің қоғамдық орны мен ролін, салмағы мен қуатын әрдайым арттырып отырды» – деген ой айтылады.

Би деген ұғымның этимологиясы билік айту деген сөзден шықса, билер мен шешендердің әлеуметтік-қоғамдық мәні, олардың мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілуі  Эллада мен Римдегі Демосфен, Цицерон секілді  шешендер өнерімен сабақтас екені белгілі. Көне римдіктер шешендерді  шешендер, философтар, ақындар, тарихшылар деп жүйелеген болса, қазақ даласындағы би-шешендер мен ақындар  осы ұғымдардың барлығының да басын біріктірген, яғни, бір арнаға салған деуге болады.

Белгілі ғалым И.Бехер: «Көптеген поэтикалық концепциялар бар, сонымен бірге барлық мезгіл мен халықтар шығармашылығы сан қилы концепциялардың және принциптердің қарама-қайшылығы дамып келе жатқанын және нақты формаға айналатынын көрсетеді. Бірақ, поэзия монополия мен диктатураны көтере алмайды, сонымен бірге біреудің билік жасауын бірде-бір ақын мойындамайды. Поэзияның гегемониясы – өзінің артықшылығын ерікті түрде мойындату... Поэзияда бір ғана принцип жұмыс жасайды – ол нәтижеге жету принципі»  – дейді.

 Қазақтың сайын даласы қашаннан от ауызды, орақ тілді ақындар мен шешендерге кенде болмаған. «Ылдидан шапса, төске озған, ертемен шапса, кешке озған» таңдайынан бал тамған шешендер қазақта қара сөзге дес бермесе, қара қылды қақ жарған билер жесір дауын, жер дауын, ерегескен ер дауын бір-ақ ауыз сөзбен бітіріп отырған.

Шешендік өнерді зерттеп, оқулық жазған Г.Апресян қазіргі шешендікті мазмұнына қарай былайша бөледі:

1. әлеуметтік-саяси мәндегі шешендік;

2.академиялық шешендік;

3. сотта айтылатын шешендік;

4.әлеуметтік тұрмыста қолданылатын шешендік;

5. діни қызметте қолданылатын шешендік.

Ғалым бұлардың әрқайсысын қолданылатын орнына қарай төмендегідей жіктейді:

1)  Әлеуметтік-саяси мәндегі шешендік сөздер:

–әлеуметтік-саяси және саяси-экономикалық тақырыптарға жасалатын баяндамалар;

–конференция, съездердегі есеп-баяндамалар;

– саяси сөздер мен саяси шолулар;

– дипломатиялық сөздер;

– әскери-патриоттық сөздер;

– митингіде сөйлейтін сөздер;

– үгітші сөздері.

2)  Академиялық шешендік:

– жоғары оқу орындарындағы лекциялар;

– ғылыми баяндамалар;

– ғылыми шолулар;

– ғылыми хабарламалар.

3)  Сотта айтылатын шешендік:

– айыптаушының айыптау сөзі;

– әлеуметтік айыптау сөздер;

– қорғаушының сөзі;

– әлеуметтік қорғану сөзі;

– айыпкердің қорғану сөзі.

4)  Әлеуметтік тұрмыста қолданылатын шешендік:

– мерейтойларда (юбилейлерде) айтылатын мақтау сөздер;

– дастарқан басында айтылатын тостар;

– қабір басында айтылатын азалы сөздер.

5)  Діни қызметте қолданылатын шешендік:

– діни уағыздар;     

– мешітте немесе шіркеуде айтылатын сөздер.

Орыс шешендік өнерінің белгілі зерттеушісі Г.Апресянның осы пікірін бұдан 40 жылдай бұрын қазақтың ғұлама ғалымы Ахмет  Байтұрсынұлы айтқан еді. Ол шешендік сөздерді шешендіктің тақырыбы мен мазмұнына, айтылу орнына қарай бес түрге бөледі:

а) шешендер жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатпен сөйлегенде саясат шешен сөзі деп аталады;

ә) шешендер сотта айыпкерді ақтау я қаралау мақсатпен сөйлеп, сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздері – билік шешен сөзі деп аталады;

б) біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошаметтеп сөйлеген шешеннің сөзі – қошемет шешен сөз деп аталады;

в) білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені – білімір шешен сөз деп аталады;

д) дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі – уағыз деп аталады.

Ахмет атап көрсеткен шешендік сөздің зор мүшелері де бесеу:

а) бастамасы;

ә) ұсынбасы;

б) мазмұндамасы;

в) қыздырмасы;

г) қорытпасы.

«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, содан соң аяқтамай тастау қиын» деп халық әнінде айтылғандай:

Бірінші іргетас – бастау.     

Екінші – айтар ойыңды жинақтап, көпшілікке ұсыну.

Үшінші – мазмұнын жан-жақты түсіндіріп айтып беру.

Төртінші – сөзге екпін беріп, сай-сүйектен өткізіп, тыңдаушыға жеткізу.

Бесінші – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, яғни қорытындысын айту.

Ахмет пікіріне қарағанда, сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі:

1) ақылға

2) қиялға

3) көңілге

Ақылмен аңдаған, қиялмен барлаған, көңілімен түйсінген кісі ғана сөз өнерін меңгеруге қабілетті.

Қазақ даласындағы жөн-жоралғыны, қағазға жазылмаған дала заңдарын өмірге енгізіп, толып жатқан дау-дамайды ата дәстүріне сай шешуде өзіндік роль атқарған шешендер мен билер өнеріне тәнті болған ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов: «Мұсылман, қытай және орыстың ақиқат заңына қарағанда қазақтың әдетті правосының адамгершілік жағы басымдау. Қазақ заңында европалық жаңа кодексте сіресіп түрған: ескертетін, сескендіретін шаралар жоқ. Қазақта тән жазасы ешқашан болған емес. Ру заңы бойынша, туыстардың бірінің ісіне бірі жауап беретін руластық жағдайы ру қатынасында іс жүзінде көп пайда келтіріп отыр... Өзіне етене таныс, сонымен тәрбиеленіп, өсіп-өнген заң ғана халық үшін жайлы болмақ...» – деп жазды.

 Шешендік өнер бастаулары сонау көне замандардан басталатыны да шындық. Мәселен, түркі халқының біртұтастығы мен елдігіне қатер төнгенде Күлтегін жазуында осы көңіл күйі тиген жерін ойып түсетіндей ұтымды да өткір сөздермен бейнеленеді:

Бектерінің, халқының ымырасыздығынан,

Табғаш халқының тепкісіне көнгендігінен,

Арбауына сенгендігінен,

Інілі-ағалының дауласқандығынан,

Бектері, халқының жауласқандығынан,

Түркі халқы елдігін жойды,

Қағандығынан айырылды;

Табғаш халқына бек ұлдары құл болды,

Пәк қыздары күң болды.

Түркі бектері түркі атын жоғалтып,

Табғаш бектердің табғаш атын тұтынып,

Табғаш қағанына бағынды,

Елу жыл ісін-күшін берді.

Иә, «таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дейтін қазаққа ауыр сөзден артық жаза да болмаған шығар. Сондықтан да шынжыр балақ, шұбар төс байдан да, қаймықпай жауға шапқан батырдан да қазақ сөз қадірін түсінген би мен шешенді, арқалы ақынды артық бағалаған.

Заң ғылымының докторы Мұхтар Құл-Мұхаммед «Мөңке би: аңыз бен ақиқат» деген мақаласында: «Би қашанда көшпелі қоғамда билік басынан ажырамаған тұлға, хан кеңесшісі қызметін атқарады. Бұл «түгел сөздің түбі бір, түп нұсқасы – Майқы би» деп аталатын есте жоқ ескі замандарда (біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр шамасы) өмір сүрген Майқы биден бері үзілмей келе жатқан көшпелі қоғамның көп өзгеріске ұшырамаған құқықтық дәстүрлі институты. Бұған қазақтың ұлы ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Билер соты, 50 жыл бойғы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім, мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды», – деген сөздері дәлел»  – деп жазды.

Серік Негимов: «Осы уақытқа дейін шешен-билердің мейлінше дәл, ұтымды сөздері көркем сөз ретінде қарастырылып келгені белгілі. Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар.  Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы нағыз шешен-билердің тегеуірінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас. Ол – тәртіптің тұтқасын ұстаушы, ұлтының салт-дәстүрін, рухани болмысының қасиеттерін, ерекшеліктерін бойына дарытқан текті тұлға, ереже-қағидаларына жүйрік әрі жетілдіруші дархан дарын, әлеуметті ілгері сүйрейтін, қызғыштай қорғайтын, жақсылыққа үндейтін үлгілі ұйымдастырушы», – дейді.

Жәрдем Кейкин «Ұлттық сана мәйегі» деген мақаласында қазақтың тіл өнеріне таңдай қаққан В.Радлов сөзін мысалға келтіре отырып: «Қазақтың арнау (әзіл, сықақ, сын, мадақ, бата, алғыс, көңіл айту, жұбату, толғау (ниет, мәжіліс), дау (жер, жесір, мал, ар-намыс), термелі (өлең, жыр), пернелі (көркемсөз) шешендік сөздері көне тарихымыздан өрбіген дүниетанымдық халық даналығы. Ұлттық әдет-ғүрып, салт-дәстүр бірлігі мен сыйластығы ұйытып, тұрмыс-тіршілігіне сән, мән, мазмұн берсе, шешендік сөздер ой-толғамын кеңітіп, парасатына нәр құяды. Шешендік өнер өзге халықтарда кездесе бермейтін, қазақтың заңгерлік, билік, бірлік, бітімдік, ақыл-ой, ұстаздық үлгісі, өсиетнама» – дей келіп, шешендік сөздердің құрылымдық жүйесі туралы былай деп жазады:

«Шешендік сөздердің авторы халық және от ауызды, орақ тілді билері. Олардың құрылымдық жүйесі қалыптасқан.

а)Төбе би – елдің не өңірлік аймақта сайланып қойылатын, бүкіл халықтың қалаулы билері.

ә)       Қатар би – төбе биден кейінгі сатыдағы, бір-біріне теңдес, қатар құқылы билер.

б) Жеке би – шешендік қабілетімен, әділдік өнегесімен елге танылған, қазылығын халық мойындаған билер.

в) Төтен (төтенше) би – екі топ, екі тайпа арасындағы даулы мәселелерді шешуде халықтан біржолғы өкілеттік алған билер.

д) Бала би – билік дәрежесін әлі иемденбеген, билік айтуға талапты, өзін ел арасында шешендігімен таныта бастаған жеткіншек».

Әрине, билерді дана би, дара би, бала би деп те бөлуге болады. Бірақ, олардың қай-қайсысы да билікті кейде монолог түрінде айтса, көбінесе дауласып барып, бітімге келеді, яғни, билер шешендігі негізінен диалогта – сөз қағысуда көрінеді. Мәселен, Шоқай, Наурызбай билер мен Асаубай, Шәңкі секілді шешендер қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген адамдар.

«Қазақ әдебиетінің тарихында» берілген: «Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір аяулы, ең бір ардақты өнердің  бірі – шешендік өнер. Осынау қасиетті өнердің туын асқақтата желбіреткен  көсем ойлы, тапқыр тілді, сұңқар үнді  ділмар шешен-билер қазақ сахарасындағы  демократияның жандануына, темірдей берік тәртіптің, имандылықтың, ізгіліктің  қанат жаюына жойқын әсер етті. Толқынды топтың алдында аса еркін, асқан мәнерлі, құйқылжыта айтылған парасатты, кесімді, шешен сөз халық санасында өшпес өнеге, қасиетті кие ретінде қабылданып, ұлттық сөз өнерінің айдынына құйылған нағыз кәусар бұлақ еді» – деген анықтама шешендер еңбегіне  лайықты баға.

Жалпы алғанда, қазіргі тілшілеріміздің сөйлеу мәнерінде шешендер үлгісі кеңінен пайдаланылады. Өйткені, журналистің қазіргі қоғамдағы орны ерте замандардағы билер мен шешендер роліне өте ұқсас.      

1.Біріншіден журналистік жауапкершілік жүгін арқалау. Осындай жауапкершілік билерде де болған.

2.Екіншіден, алған тақырыпты жан-жақты меңгеру. «Өлерін білмейтін жігіт өнбейтін дауды қуады» деген халық сөзі осындайда еске түседі. Журналист тақырыпты меңгере алмаса, көздеген мақсатына жете алмайды.

3.Үшіншіден, көпсөзділікке ұрынбай, қанатты сөздерді тиімді пайдалану, яғни тіл мәдениетін толық меңгеру. Журналист тілі шолақ болса киімді піше алмаған немесе тіге алмаған олақпен бірдей.

Мұның бәрі де шешендерде бар қасиеттер. Осы қасиеттерге ие болған журналист те айтар ойын анық айтып, жазған мақаласы болса әсерлі, теледидардан сөйлеген сөзі болса нанымды болып шығады.

Шешендік өнердегі ең басты ұстаным, тірек-ұстын – шешендердің адамгершілік ар-ожданы, туғанына бұрмайтын туралығы болса, журналистік шеберлік те дәл осы қағидаға сай болуы керек. Нағыз журналист шындықты бұрмаламайды, көргенін тура айтады және жәбірленушіге жанашыр, жақсылыққа жақтас болады.

Ахмет Байтұрсынұлы атап көрсеткен шешендік сөздің түрлері мен мүшелері қазіргі журналистер шығармаларында көрініс тапса ғана оларды журналистік шеберлік үлгілеріне жатқызуға болады.

Қара қылды қақ жарған тура билердің, ақпа шешендердің ақылға, санаға әсер ететін, жүректі толқытатын, көңілді тербейтін, жанды елжірететін сөздері қалың бұқара арасында – белгілі бір аудиторияда айтылады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық сөзінің әу бастағы алғашқы авторы да халық арасынан шыққан би-шешендердің бірі болса керек. Өйткені, сөз өнері дертпен тең. Басқа пәле де тілден. Бірақ, сол тіл жуанды жіңішкертеді, арықты семіртеді, семізді арытады, тәкаппардың басын еңкейтеді.

Қазақтың алғашқы заңгерлерінің бірі болған Д.Сұлтанғазин «Бұрынғы замандағы қазақтардың билік қылуы» атты зерттеуінде: «...бағзы билер болыпты, бек білімді, атақты һәм ақылды, әділетті, көпті көрген және іс бітіргенде әдет рәсімдерін тегіс біліп, әр жұмысты қара қылды қақ жарып орнына келтіреді екен..., һәм солардың бітірген жұмыстарын ұлы хандары да әрқашан бұзбайды екен...

Сондай билер турасында қазақтың мақалы да бар. Батыр мен биді салыстырғанда, биді қатты артық көретінін білдіретін сол мақалы мынау: «Батыр деген бір барақ ит, екі қатынның бірі табатын, би деген бір ақсарағат, бүтін елден біреуі ғана табатын» («Дала уәлаятының газеті», № 51, 1888 ж.)  – деп жазады.

Билер ханға да сөзін өткізген, айтар ойын салмақтап, мақсатына жеткізген, қара қылды қақ жарған, артына үлгілі сөз қалдырған, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген адамдар болса, қазіргі уақытта төртінші билік атанып отырған журналистер көтерілген мәселеге ел назарын аударатын, сөз шеберлігін тақырыпты толық ашуға қолдана білетін мамандық иелері қатарына жатады.

Осы орайда Ахмет Байтұрсынұлының білімір деген анықтамасы ойға оралады. Қазақ «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» десе, Ақаң білімір сөзіне үлкен мағына береді. Білімір – білімді ғана емес, білімін жан-жақты жетілдірген, елге сөзі өтімді кемел кісі. Білімнің де, білімірдің де төркіні біреу – білу болса да, білімір болу – сөз бастаған шешен ғана емес, елдің көңілін табатын мәселені қозғайтын қайраткер деп түсінген лазым.

2160 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз