• Ел мұраты
  • 30 Тамыз, 2022

ТЕКТІЛІГІ ТЕРЕҢНЕН ТАМЫР ТАРТҚАН

1984 жылы  Еңбек Қызыл Ту орденді Алматы ауылшаруашылық институтының жеміс-жидек факультетін аяқтап, «Ғалым агроном» дипломын алғасын Алматы облысында жұмыста қалдым да қызу жұмысқа араласып, туған ауылыма баруым сиреді. Қызықты жылдар, тоқтаусыз уақыт сынаптай сырғып өтіп жатты. Кейде ауылға барғанда бірге өскен азаматтарды іздеп, түгендейтін кездер болады емес пе.

Сол уақыттарда ауылдан шыққан азаматтардың амандығын біліп, сырттай тілектес болып, кейбірін мақтан тұтып жүретінбіз. Ауыл шаруашылығында он бес жылдай қызмет жасап, көппен бірге өмірдің түрлі сынақтарынан да өттік. 1999 жылы ғылым докторлары филология факультетінің деканы Жанғара Дәдебаев, журналистика факультетінің деканы Намазалы Омашев ағаларымның септігі тиіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне шақырылып, парасатты да білімді ғалым, ҚР ҒА-ның академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор  Көпжасар Нәрібаев ағамыз  қызметке қабылдады. Сонда он жылдай қызмет жасап, журналистика факультетін бітіріп алдым. 2000 жылдардың басында Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасының шығуына  байланысты ғылыми деректі, тарихи танымдық хабар жасау мақсатында Қазақ радиосының бас директоры Жүрсін Ерманның шақыруымен  қазақ радиосына қызметке келдім. Міне, енді менің жолым күрт өзгеріп, замана тауқыметтерін басынан өткерген омыртқасын зіл басып, кәтіпті қара нардай күңіренген бабалар аманатын арқалап, үлкен дүниелерді мойныма жүктеуіме  тура келді. Қазақтың хандары, би, шешен, батыр жырауларының тарихи дүниелерін насихаттау мақсатында «Інжу-маржан»,  жастарға өсиет, өнеге беретін бағдарламама «Терме» деген айдар тағып, жұмысқа кірістім. Радионың 100 жылдық тарихында құбылмалы, қилы замандардан бермен қарай шешендіктің шыңына жетіп, азуын айға білеген журналист мамандығын шебер меңгеріп, шешендіктің шегіне жеткен қаншама ағаларымыз қызмет жасады десеңізші. Солар сөйлеген микрофонға отырған сайын жүрегің дүрсілдеп, сөзімнен қате кетпесе, айтқан ақпаратым нақты да, елге дұрыс жетсе екен деген ойда боласың. Ал менің міндетімнің салмағы ауыр. Елдің  күрделі тарихы. «Қараша өтірік айтса қасындағылар зардап шегеді, Ал хан өтірік айтса бүкіл халқы зардап шегеді» деген тәмсілді ескеріп, бабалар мұрасын қозғауға  бел буып отырған жағдайым бар. Мақсатым сонау ІІ-ІІІ ғасырлардан бастау алатын Майқы би, Елсау би, Нәнді билерден тартып, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қызметін  бүгінгі күннің билерімен байланыстыра  отырып хабар жасау еді. Әрине, бұл үшін жоғары дәрежелі лауазымдағы азаматтарға өтініш жасадым. Көбі радиоға келуге жүрексінді ме, жоқ қызмет дәрежесінің буы жібермеді  ме, түлкі бұлғаңға сала берді. Осылай жүргенімде арада екі-жыл сырғып өте шықты. 2019 жыл. Шешінген судан тайынбас демекші, көкейге кірбің ұялатқан дүниенің шешімін табу үшін  білікті де білімді мамандар іздеуіме тура келді. Осы уақытта мені қолдап, шақыруыма келісім берген алдында үш облыста басшылық жасаған, бүгінде Ақмола облыстық сотының төрағасы, сегіз қырлы бір сырлы, адуынды да шешен азамат Әміров Досжан Сарманқұлұлы болды. Жоғары лауазымдағы тұлғамен жерлестік, таныстық қатынаста  емес, арнайы кәсіби журналист ретінде қазақ радиосының үлкен студиясында  кездестік. Міндетіміз «Даланың Дара Ділмарлары» тақырыбында өткен би шешендер турасынан  мәселе қозғау. Әңгімеміз өте тартысты басталды.

Қошан: Досжан мырза, өткен тарихымызға көз салсақ, Би-шешендер құбылысы – мемлекет тарихындағы, халық, ұлт, ел тағдырындағы алтын таудай айқындалған, әлем мойындаған бастамашыл табаны таймас тарланбоз, көркем мінез дарабоз, өркендеуіміздің құбыланамасы тәрізді, күншырағындай шамшырақ тұлғалар екені белгілі. Мысалы, Лұқпан хәкім: «Жамиғатпен дерттес бол, жақсылыққа серттес бол» деп ұрпағына аманат айтады. Бабаларымыздан қалған «Төле тауып айтады, Қазыбек қазып айтады, Әйтеке жарып айтады» деген тәмсіл де бар. «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық», - депті Қазыбек би. 

Досжан: Қошеке, мысалы ғұлама Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыз өзінің «Тарихи-и  Рашиди еңбегінде» патшалықты басқарудың он шартының біріне сөйлеу мәдениетін, тыңдау өнерін жатқызады. Айталық, «әңгіме барысында сыпайы сөйлеу, себепсіз қатал тіл қатпау, әлсіздермен, пақырлармен сөйлесуге арланбау» - деп түйіндейді. Меніңше, кешегі өткен билеріміздің бойынан осы қасиеттер байқалады.  

Қошан: Досжан мырза, әрине, өткен би, бабаларымыздың еңбектері ерен. ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі әлеуметтік жағдайы, басқару жүйесінде билер институтының қызметі жоғары болғаны белгілі.

Досжан: Біздің би, шешендеріміз сияқты ешбір елдің тарихында дәл біздегі би, шешендердей елді аузына қаратқан, қиыннан қиыстырып сөз құрастырған, небір шиеленіскен дауларды екі ауыз сөзбен шешкен, елдің шетіне жау келгенде  қолына найза алып елін жаудан қорғаған, тарихи тұлғалар, азаматтар болмаған. Шығыс халықтарының арасында біздің билерімізге ұқсас бірлі-жарым болуы мүмкін, бірақ ол кісілер дәл қазақ тарихындай емес. Демек, би, шешендер тек қазаққа ғана тән құбылыс. Сондықтан біз бүгінгі күні осы би, шешендерімізді мақтан тұта отырып, бүгінгі олардың ізбасарлары, соттарға осы кісілерден үлгі-өнеге алуға, сол кісілердің шешендігін үйренуге, бүгінгі күні Жоғарғы Соттың Төрағасының бастамасымен көптеген іс-шаралар атқарылып жатыр.

Қошан: Абылай,  хандық пен билікке қатар ие бола тұра, билерге арқа сүйегені белгілі. «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары, білімі бар», «Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ» деген әпсана қалыптасқан еді ол кезеңдерде.Қазақ даласында түрме болған жоқ, «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «Мал ашуы – жан ашуы», «Иілген басты қылыш кеспейді», «Арам жемейік, адал өлейік»  деген сияқты «Жеті жарғының» қағидаттары болды. Көп дүние мәмілегерлікпен-ақ шешіліп отырған. Елбасымыз осы бір мәмілегерлікті қолға алуды жиі айтады. Осының іске асуы қалай?

Досжан:  Өте орынды сұрақ. Жаңа айтып кеткендей, «Билік айтқан би емес, бітістірген би» дейтін дана бабаларымыздың сөзі бүгінгі күні құндылықтарын жоймай отыр деп отырмыз. Бүгінгі күні Елбасымыз осы бітімгершілдікке үлкен мән беріп отыр. Ал енді осы елдің арасындағы дау-дамайлар, бітімгершілікпен шешілсін, бір елдің азаматтары бірін-бірі жау көрмесін деген мақсатты алға қоя отырып, Елбасымыз он бірінші жылы осы медиация туралы заңды қабылдады. Енді оны қазақша айтатын болсақ, бұл негізі бітімгершілік заңы, осы заң бүгінгі күні қоғамда, толыққанды жұмыс жасап жатыр деп айта аламыз.

Қошан: Досжан мырза, қазіргі сот Төрағасы Жақып Қажыманұлы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерімен жиі кездеседі, біраз дүниелерді ашық айтып та жүр. Жұмысы турасынан оңды пікірлер қалыптасуда десек болады. Сот саласында тағы да қандай өзгерістер болып жатыр?

Досжан: Елбасы алдымызға  үлкен-үлкен міндеттер қойып отыр, оның барлығы уақыт талабынан туындап жатыр. Жақып Қажыманұлы келген бірінші күннен бастап, соттың шешімдерінің халыққа түсінікті болуы, оның сапалы жазылуы туралы мәселені көтеріп, бүгінгі күні бір жылдың ішінде көптеген іс-шаралар атқарылды. Біздің соттың беделі өзінің шығарған шешіміне байланысты. Сондықтан, міне, соттың шешімі халыққа барынша түсінікті болуы үшін, түсінікті тілмен жазылсын деп, нормативтік қаулы қабылданды. Жақып Қажыманұлының басшылығымен сол нормативтік қаулымыз 2018 жылдың бірінші қыркүйегінен бастап күшіне енді.

Қошан: Досеке, бүгінде жаңа технологиялар заманы, сіздерде қандай ұтымды жүйелер енгізіліп жатыр?

Досжан: Бүгінгі күні барлығы халыққа сот қолжетімді болсын, ашық болсын, деген мақсатпен заманауи техниканы көп пайдаланып жатырмыз. Біз бүгінгі күні сотқа келмей-ақ, үйінде отырып, болмаса командировкада жүріп кей жерлерде жаңа техниканы пайдаланып, телефонды айтамыз, болмаса жаңағы планшетіміз бар, соларды қолданып, сот процесін жүргізіп жатырмыз. Бұл да, міне, бүгінгі халыққа жасалып жатқан дүние, жаңа өзгерістер. Сосын үлгілі сот деген бар. Бұл кісінің тапсырмасымен соттың алдына жеті түйін бойынша жұмыс жасалды, көптеген жұмыс атқарылды. Соның ең негізгі мәселесі халықтың сеніміне кіру үшін жаңағыдай техникаларды пайдалана отырып, халықтың уақытын алмай, ақ қар, көк мұзда бәленбай километрге жол жүргізбей, осындай-осындай тірліктер жасалып жатыр. Сонымен қатар, әрбір ауылдық әкімшілікте  бұрыштар ашып жатырмыз. Онда бүгінгі күні әрбір әкім компьютермен қамтамасыз етілген. Сол компьютерге кішкентай ғана тетікті қоямыз да, ол жерде де сандалып сотқа келмейді жаңағы техниканы пайдалана отырып, біз  кабинетімізде, ол өзінің ауылында отырып, бізбен байланысқа түсіп, процесс жүріп жатады!

Міне, осылай деп істелген шаруаларын айтып, сөзін түйіндеген еді. Біз өз хабарымызда ІІ-ІІІ ғасырдан бастап өз заманымызға дейінгі ұлы тұлғаларымыз, би-шешендеріміздің еңбектерін шамамыз келгенше қамтып үлкен дүние жасағандаймыз.

Осы тұста Әміров Досжан Сарманқұлұлы қай өңірде өмірге келген екен, ата тек шежіресі қандай деген сауалдың туындауы бек мүмкін. Оған да аздап тоқтала кетсем артық болмас. Арғы бабасы, Бәйдібек бидің бірінші әйелі Сары бәйбішеден Сарыүйсін тараса, екінші әжеміз Зеріптен Шапырашты, Ошақты, Ысты. Үшінші әжеміз Домалақ анадан Албан, Суан, Дулат. Дулаттан  Сиқым, Жаныс, Ботбай, Шымыр тарайды. Міне, осы Шымыр тармағынан Абылай ханның замандас серіктері, Төле бидің шәкірт інілері Қойгелді, Мәмбет, Қортыс батырлар. Қортыс Бестерек тармағынан Досжанның атасы болып келеді.  Мәмбет батырдан Кенесарының үзеңгілес  досы, әрі жақтаушы серігі Байзақ датқа. Одан бері ел аузындағы ұлдары, Тұрар Рысқұлов, батыр Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртазалар болып жалғаса береді. Мен, түп-тамыр, ата тегі осылай болып келетін Досжан жайлы сегіз қырлы, адуынды шешен деген сөзді бекер айтып отырғаным жоқ. Кешегі өткен бабаларымыздың бойында елім деп еңіреген ұлы   қасиеттері болғаны хақ. Жігіттің сегіз қырының бірі – тектілік. Текті адамнан бегзадалық, бегзада адамнан ғана мәрттік шығады. Текті, бегзада, мәрт адамнан жомарттық, сақилық шықса керек. Осындай тұлғаға ғана ілімпаздық орнығады.  Мен бұл азаматтың бойынан осындай қасиеттерді байқаған едім. Енді біз елге белгілі болуы үшін, Досжан мырзаның туған өлкесіне шолу жасап көрейік.

Жетісу жеріндегі Іле, Шу өзендерінен кейінгі,  Алатаудан бастау алып, Қызылқұмды кесе Ұланбелден өте Бетпақдалаға барып сіңетін талай тарихты басынан өткізген ірі өзендердің бірі – қарт Талас өзені. Талас, Әулиеата жеріндегі Тектұрмас әулие, Мәмбет батырлар жатқан қорымды айналып өтіп, қазіргі Байзақ ауданын аралай, Талас ауданына қарасты Бостандық, Ақмола, Жданов ауылдарынан өтіп, Қызылқұмның арасымен Бетпаққа жол тартып, сонда барып жер астына сіңіп кете барады. Осы Талас өзенінің игілік рахатын жағалай отырған елдің бәрі көруде. Міне, Досжан да осы Таластың бойында орналасқан Байзақ  ауданының, қазіргі Темірбек ауылдық округінің Тегістік бөлімшесінде  дүниеге келген. Әрине, ықылым замандардан бермен қарай ел игілігіне жараған Талас бойының табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Заманында арнасының кеңдігі жарты шақырымға жететіндігін көнеден қалған зұлбарлары дәлелдеп тұрады. Ертеректе Таластан өту үшін паромдардың жүргенін қарияларымыз айтып отыратын. Біздің бала күнімізде күз айы біте Талас суы көтеріліп, қыстың алғашқы айларында сең жүріп, Таластан атпен өту дегеніңіз тоқтайды. Егер алда-жалда ірі қара мал түсер болса ағызып әкете барады. Мұзы қатып, сірескен Таласқа ауыл балалары шана, коньки теуіп ойнап жатады. Кейбірі жағасындағы биіктен шаңғы жіберіп, қысқы ойындардан да құр қалмайды. Ерте көктем айларында Таластың суы тасып, қайта көтеріліп, бұрынғы арнасына жетіп, бұл күнде қарасу аталатын қалың қамыс өскен жылғаларды толтырады. Ал сай-сайларға толған суларда балықтар ойнап, ел қарық боп жатар еді. Бір қызығы сол қарасудың балығы да басқаша.Қанат құйрықтары қан қызыл түске боялып, қармақ салушылардың қармағың сындырып кететін кездері көп болады. Ал ағып жатқан Таластың балықтары бозғылт түсті болып,  аналарға қарағанда бостау келеді. Қарасудың балықтары, жастайынан ауылдың ыстық-суығына пісіп, асық ойнап, ләңгі теуіп, көкпар тартып, күн қақтап өскен даланың қара баласындай болса, Таластың балықтары асфальтта өскен қаланың бозғылт түсті ұланына ұқсайды. Өзен айланбаларында он метрге жететін биік құзан шыңдары да кездеседі. Жаз айларында оған ала, қара қарғалар ұя салып, өздерінше қарқылдап жатқандары. Бір қызығы арнайы жасап қойғандай әр ауылдың маңында үлкен айланбалар бар. Жаз айларында ауыл балалары сонда шомылып, кейде мектептегі дене шынықтыру сабақтарында сонда апарып суға жүзу, биіктен секіру сияқты спорт түрлерінен тәжірибе жинақтайды. Төрт, алты, сегіз метр биіктен суға сальто жасап секіретін жігіттер көп еді. Сұлудың бұрымындай өрілген Таластың кейбір қойнауларында қызғылт көкшіл түсті гүлі бар қызыл Жыңғыл, Тобылғы өссе, кейбір мойнақтарында бозғылт, күлгін гүлді шеңгелдер тармақталып өсіп, бұралаңдарында сусып төгілген келіншек талдар самсап тұрғаны. Жағалауларында өсетін майда құрақтар үкісі үлбіреп, ірі қара малдың азығы. Жағалай өскен түрлі шөптердің атын атап, түсін түстеу мүмкін емес. Судың сылдыры мен жайқалған гүлдердің жұпар иісі кеңсірігіңді кеңітіп, кімнің болса да жанына рахат сыйлайды.

Жаз айы бола ауыл жылқылары шыбындап, үйір-үйірімен Таласқа түсіп, құйрығымен шыбын қағып, жанына жақындасаң оқыранған, жал-құйрығы төгілген айғырларға жақындаудың өзі қиын. Ашуына тисең-ақ болғаны астыңдағы ат-матыңмен бірге біраз жерге айдап тастайды. Жағалай өскен көк майсаға ауыл фермалары, тағы да басқа малшылар жайғасып, еңбектерінің рахатын көріп жататын. Соның бірі ауылға сыйлы, бізге нағашы болып келетін өзі әнші, суырып салма ақындығы да бар  белгілі шопан Сарманқұл ақсақал еді. Қызыл туы желбіреп, талайға бұғау салып, дүркіреген кеңес заманының өзінде-ақ, нағашымыздың екі отбасынан он екі бала өрбіді. Сол кездегі Жамбыл облысы, Свердлов ауданының Чапаев совхозы, мал шаруашылығымен қатар, жеміс-жидек өсіретін. Отыз мыңға тарта қой, үш мыңға жуық  ірі-қара болса, бес жүз гектар алма-жүзім өсіріп, аудан, облыс көлемінде атағы дүрілдеп жатар еді. Ал Талас өзенінің қойнауларындағы тоғайларды үш бөлімше жиналып, шөбін шауып, жинап үлгере алмай қарбаласта жататын. Біз ауыл балалары да шөп жинауға атсалысып, жаздай жүзім жинауға шығатын едік. Ол бір өзінше дәурен екен ғой. Ауыл орталығы біздің Сары Барақ бөлімшесі де, екінші бөлімше Тегістік, үшінші бөлімше Чуваш батыры Василий Иванович Чапаевтың атында да,   ауылымыз осы кісінің рәсімінде болатын.  Орталық болғасын он жылдық мектеп интернатымен, үлкен дүкен, клуб, кітапхана, шарап зауыты да осында еді. Балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулаған Таластың жағасындағы ауылымыз той-думандатып жататын еді-ау! Әкімшілік (контор) осында болғасын ауыл ақсақалдарын да көшеден көп кезіктіретін едік.

Бірде астында көк қасқа, бірде шымқай қара айғыр мінген Сарманқұл ақсақал біздің үйге келіп әкеме шаш алдырып, жездесімен қалжыңдап қойып отырар еді. Менің әкем 1906 жыл туса, Сарманқұл ақсақал 1909 жылы туған замандас азаматтар болатын.  Келе-келе орталық Тегістікке ауысып, жаңа үлгідегі үш қабатты он жылдық мектеп салынып, аудан көлеміндегі кейбір ауылдардан оқушылар келіп, сонымен қатар интернатта малшы балалары жатып оқыды. Сарманқұл ақсақалдың үйі орталық көшеде, сол уақыттағы еңселі үлкен үйлердің бірі болды. Назарқұл ағасы елде болып, Дәдіғұл мен Садығұл бауырлары соғысқа аттанып қайтпай қалады. Ертеректе осы үйдің орнында болашақ әлем чемпионының әкесі Үшкемпір  мен анасы Күнтөренің кішкентай қоржын тамы және бір бөлмесінде шағын дүкені болыпты. Болашақ олимпиада чемпионы Жақсылықты анасы сол дүкенде босанып, атын Сарманқұл ақсақал  қойғанын біреу білсе, біреу біле бермейтін жай. Бірде  Сарманқұл ақсақал малды ауылдан келіп, сол  дүкенге соғады. Сыртта аттың үстінде тұрып, дүкенші Күнтөреге: «Келін, сабын бере салшы!» деп айғайлапты. Аяғы ауыр айы-күні жетіп отырған келінін сол мезетте толғақ қысады. Өзге ешкім жоқ, ақсақалдың сөзін жерге тастай алмай сабынды ақсақалға ұсына бергенде, «шар» етіп бала топыраққа түседі. Абдырап қалған ақсақал  атынан түсе, жерден сәбиді көтеріп алып, «Бұл – жақсылықтың нышаны», аты  Жақсылық болсын деген екен. Бұл кісілер жақын ағайын болып келеді. Мен айтып отырған Чапаев орта мектебінен әлемге белгілі азаматтардың шыққанын да атап кетуім ләзім. Алматыға аттанған алдыңғы буын ағалардан Политехника институтын үздік бітіріп, алғаш математика ғылымының докторы атанған профессор Қозыбай Сматов, Семей Зооветеренарлық институтының түлегі әлем чемпионы, Мәскеу олимпиадасының алтын жүлдегері Жақсылық Үшкемпіров, танымал ақын Қасқырбай Нарбатыров, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алған  белгілі композитор Есжан Әміров, ақын Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, менің әңгімеме арқау болып отырған  белгілі заңгер Әміров  Досжан Сарманқұлұлы, оның сыныптастары, балуандар, спорт шебері Сатан, Жиенбай, атсейіс Оразбек те осы ауылдың түлектері.

1962 жылы 6 сәуірде осы Чапаев совхозы, Тегістік бөлімшесінде  дүние дидарына  келген, бетінің әр жерінде әдемі қара меңдері бар қараторы бозбаланы сүйкімді қылықтарына қарап, бүкіл ауыл оны Әбіш деп атайтын. Жастайынан спортқа құмар жас өрен ат баптап, малшылар слетінде бәйгеге шауып, нешеме бәйгені алып, атсейіс атанып, даналар сөзін көкірегіне тоқып, сұңқардай саңқылдап, намысына найза бойламай өсті. Арманы асқақ мектептің үздік оқушысы Әбіш, белгілі қаламгерлер Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Шерхан Мұртаза, Әзілхан Нұршайықов, Ілияс Есенберлин,  Әбіш Кекілбаев, т.б.  қаламгерлердің шығармаларын жастығының астына жастанып жатып оқыса, есімі иісі қазаққа мәшһүр жазушы, драматург,  қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған көрнекті қаламгер жазушы Кемел Тоқаевтың  «Тасқын», «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Түнде атылған оқ», «Көмескі із» «Қастандық», «Арнаулы тапсырма» сияқты шығармаларын сүйіп оқиды. Заң қызметкері болуына тұлғалы ағаларының әсері болғаны хақ. Бұл да осы аталары сияқты еліне аянбай қызмет етуді армандап, осы мүддені іске асыруды мақсат тұтады. Досжан мектеп бітіргесін еңбек жолын 1979 жылдың қыркүйек айында орталықтағы МТМ-да тоқ дәнекерлеуші болып бастап, 1980-82 жылдың сәуір айы аралығында Совет армиясында әскери борышын өтеп келіп, баяғы жұмысын қайта жалғастырады.  Білімге деген ынтасы оянып, 1982-1988 жылдары атағы асқақтап тұрған Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетінің дайындық бөлімінің тыңдаушысы, содан кейін студенті атанады. Оқуын үздік тәмамдап, 1988 жылдың тамыз айы мен 1989 жылдың маусым айы аралығында Солтүстік Қазақстан облысының адвокаттар алқасында машықтанушы қызметіне кірісіп, жақсы көрсеткіштер көрсетіп,1989 жылдың шілде айында Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев аудандық сотының судьясы болып тағайындалады. Білгір маман ретінде көзге түсіп,  1990 жылдың наурыз айынан бастап Солтүстік Қазақстан облысының Ленин аудандық сотының судьясы, 1990 жылы қараша айынан бастап Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мүшесі болып сайланады.

1999 жылдың  қараша  айы мен 2002 жылдың қазан айы аралығында Қарағанды облысының Теміртау қалалық сотының төрағасы, сонан Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер коллегиясының төрағасы қызметін атқарды.  2007 жылы Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының төрағасы, 2009 жылдың наурыз айы мен 2010 жылдың ақпан айында Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымында қызмет атқаруға мүмкіндік алады. 2010 жылдың ақпан айында Жамбыл облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы болып тағайындалған маман өзінің әділдігі мен іскерлігінің арқасында  Қазақстан Республикасы  Президентінің 2011 жылдың ақпан айындағы Жарлығымен Маңғыстау облыстық сотының төрағасы лауазымына тағайындалады. Ол жұмысты да абыройлы атқарып, 2015 жылы Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы лауазымына бекиді. 2017 жылдан бастап, бүгінде Ақмола облыстық сотының төрағасы қызметінде. Біз бір ауылда туып-өскенімізбен, өмір жолдарымыз екіге айырылып, қызметіміз әр жақта болғасын Досжан мырзамен жолығысудың сәті түсе бермейтін еді. Осы жерде Досжан мырзаның осыншама ізгілікті де тұлғалық қасиеттері қайдан келді деген сұрақ туындауы мүмкін. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы тарихы, тағылымы ұрпаққа үлгі боларлық дүниелерге толы. Бұл турасынан ауыл ақсақалдары біздің бала кезімізден сол тарихты құлағымызға құйып отыратын еді.

Байзақтың әкесі Мәмбет, Төле би, Абылай хан,  қолбасшы Қойгелді, Наурызбай, Қортыс батырлармен қатар иық тіресе жүріп жоңғар басқыншыларымен күрескен атақты батырлардың бірі болған.

 – Уа, ерлерім, ерлерім,

Ерлерім бүгін ерледің.

Соғыс салам тағы деп,

Дұшпан тіліне ермегін.

Асықпа ажал аузына,

Татар дәмің таусылса,

Берерсің сонда бермегін.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шапырашты Наурызбай,

Ту түбінде тұр еді-ай.

Айбатты бұл күн Абылай,

Қазақ деген халқының,

Батыры шыққан даңқынан,

Текеден шыққан Сатай, Бөлек,

Батырлардың асқары,

Қазыбек ұлы Қасқары.

Қаумен де, Дәулет қасында

Бақ-дәулеті басында!

Сеңкібай мен Шойбек бар

Таңсыққожа, Мәмбет бар!

Осылардың қосында!

Міне,Бұхар жыраудың осы жыры бізге көп дүниеден мағлұмат берсе керек.

Патшалық Ресей императрицасы Елизавета Петровна  жоңғарлармен астыртын келісім жасап, Орта Азияны отарлау саясатын ойластырады. В.И.Татишев 1738 жылы тамыз айында поручик Карл  Миллерді бастатып,  қару-жарақ тиеген керуенді Орынбордан Тәшкенге аттандырды. Бар қару жоңғар қонтайшысының тілегімен Түркістан, Ташкент төңірегін, Қаратау, Алатау қойнаулары етектерін жайлаған қалмақтардың қалың әскеріне жеткізілуі тиіс.  Шымырдың Бестерегінен тарайтын Қортыс батыр, Қазан қаласындағы нағашыларынан келе жатып, керуеннің  бар құпиясын біліп, Қойгелдіге жеткізеді. Түркістан маңында керуенді тоқтатқан Қойгелді бүкіл қару-жарақты тәркілейді. Карл  Миллер бастаған  керуеншілер алдында тізе бүгеді.

– Жылдар жылжып, айлар аунап, ғасырлар шиеленісі қазақтың соңғы ханы Абылайдың немересі  Кенесары Қасымұлына қарсы, патшалық Ресей басқыншыларын қолдағандар Арқадан Жетісуға қоныс аударуға мәжбүр етті.

Осы бір ауыр кезеңде Досқожа жырау Кенесары ханға:

Еркіндеп жайлап Есілді,

Еркелеп өскен халық едік—

Бұл қоныстан кеткен соң

Зар болмасақ игі еді

Тай менен құнан, дөненге?!

Қоныстан аумақ болсаңыз,

Жіберіңіз тез хабар

Жоғарғы дулат төрт ауыл—

Саза,Сауырық ерлер мен

Байзақ батыр Бөгенге.

Бекіредей басын тасқа сабаған,

Аранға түскен аюдай

Қайғымен іші жараған,

Байзақ неге тоқтасын

Сіз көшемін дегенде?! – деуінің өзі Байзақ батырдың сол уақыттағы абыройының қаншалықты екенін көрсетсе керек.

  ХІХ ғасыр. 

– Байзақ датқа Қоқандықтарға да, орыс отаршыларына да қарсы күрестерде Кенесары ханның үзеңгілес серігі, қай кезде де жанынан табылған батырларының бірі ретінде әйгілі болды. Қоқан ханы Құдияр озбырларының халыққа салған салықтарына, сонымен қатар қыз салығына қарсы тұрған Байзақ датқа,  жақын бауырлары Жауғаш пен Жанбосын  үшеуін сиқыршыдай сендіріп, желдей сусылдайтын Қоқан лашкерлерінің алдауымен қолға түсіреді. Екі батыр – Жауғаш пен Жанбосын ат құйрығына байланып, денелері бөлшектеніп, тұлпарлардың тұяғында кетеді.

– Бұл 1864 жыл болатын. Елі үшін еңіреген Байзақ датқа, Қоқан ханының аталығы Әлімқұлдың бұйрығымен Шымкент қаласында үш зеңбіректің аузына тірідей байланып атылады. Оның быт-шыты шыққан денесінен қалған екі саусағын, тұтқында өзімен бірге болған кенжесі Иманбек тауып алып, елге жеткізеді. Ол Талас өзенінің жағасына, қазіргі Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер маңына жерленеді. Батырдың саусағы жерленген  жер, бүгінгі күні, Байзақ сөресі деп аталады.   

ХХ ғасыр.

– Осы ауданда өмірге келіп, бала күнін Түймекент ауылында, Талас өзенінің жағасында өткізіп, 1940 жылы Отанын қорғауға аттанған Ақаділ Суханбаев, Ұлы Отан соғысы кезінде 31-ші армияның 174-ші Борисов қызыл тулы атқыштар дивизиясының 628-ші Гродно Қызыл Ту полкінің 1 батальонында бөлімше командирі болып шайқасқа қатысып, оқ  шашып тұрған пулеметтің дзотын кеудесімен жауып, елі үшін ерлікпен қаза тапты.     

– 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

ХХІ ғасыр.

 Ұлтына қауіп төндірген террористермен айқасып, елді аман алып қалу үшін жарылғалы жатқан гранатаны кеудесіне басып, өзі жан тапсырған халық қаһарманы Ғазиз Байтасов та бабаларының ерлігін қайталаған ер тұлға. Міне, бір ауданнан үш ғасырда осылай бір тағдырлы үш батыр өтті.

«Атың жақсы болса, ер жігіттің пырағы, балаң жақсы болса, жан мен тәннің шырағы, қатының жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы» демекші, осындай елім деп еңіреп өткен батыр бабалар, ардақты аналар дүниеге келген топырақта Досжан Сарманқұлұлы да өмірге келді. Осының бәрі де оның халқы үшін адал еңбек етуіне себепкер болуда деп айтуымызға толық негіз бар! Асқаралы алпыс жасыңыз құтты болсын!

Зарлы Қойшығұл  (Қошан) Мұстафаұлы,

Қазақстанның еңбек  сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері 

1294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз