• Ұлттану
  • 30 Тамыз, 2022

АЛЫПТЫҢ АЛАҚАНЫ

Мен жастау кезімде алғаш рет оның есімімен сырттай ғана таныс болған едім. «Талантты жазушы, мықты журналист, Алматыдағы өз қатарластарының ылғи да алдыңғы сапында жүреді. Өзі салауатты, салмақты жігіт» десетін. Өзім білетін, өзім аралас-құралас жүрген жігіттердің, әсіресе аға буын өкілдерінің арасында бұндай сөздердің тегіннен-тегін айтылмайтындығын білемін. Ол кезде үнемі аспанға, айға қарап, мықтылардың бәрі тек бір сол жақтан келетіндей-ақ сезініп жүретін кезіміз ғой, жоқ, енді өзіміздің алдымыздағы ағаларға барынша байыппен қарайтын болдық. Артынша өзіміз сүйіп оқитын газеттер мен журналдардан Мереке ағаның көркем әңгімелерін оқып, өзін де кәдімгідей танып-ақ қалдым.Кейін мерзімдік басылымдар беттерінен оның әлдебір жаңа көркем дүниесін көрсем, бірден көзіме оттай болып басыла қалатын. Мен оның өзін де бұрын тек сырттай ғана білетінмін. Алматыдағы жазушылар мен журналистердің арасынан жиі-жиі көріп жүретінмін.  Қашанда көппен бірге қол берісіп амандасамыз, ал оның кеше ғана жарық көріп, жұрттың назарында жүрген дүниелері хақында өзіне бір нәрсе деуге, тіпті соны сүйсініп оқыдық деп айтуға да жүрексінетінбіз. Кейін ондайдың да реті келетіндігін іштей анық білсек те, оған дейін арада әлі ұзақ уақыт бар екендігін сезінетінбіз. Сол тұрғанда, оның өзі де бізді танып, сонысын бірден ашып айтпаса да, осыншама іш тартып-ақ тұрғандай болып сезілетін. Ол кезде Мереке ағаның өзі де қайратты қара шашын бір жағына қарай әдемілеп қойырған, қашанда келістілеу киініп жүретін жап-жас жігіт емес пе еді?! Осыдан көп жылдар бұрынғы сол кез әрдайым сағынышпен есіме түсер еді.

Бұл өзі ауада сызды ызғары бар қоңырқай күз мезгілі болғанмен, Алматыдағы ұшар басы көкпен таласқандай алып ағаштардың сәл сарғайыңқы жапырақтары әлі жылдағыдай саудырлап, жерге құйылып түсе қоймаған шағы емес пе?! Бір тек ертеңгілік көшеге қарай шығып, жан-жағыңа көз салғанның өзі де сенің өн бойыңа ерекше бір күш-қуаттың салқарын құйып, көңіліңді тіптен-ақ ажарландыра түскендей болмайтын ба еді?!Аһ, біздің осынау әсем Алматымыз, оның бейнебір тартқан сымдай-ақ түп-түзу көшелері бұл кезде қапелімде ешбір қылқалам шеберінің қиялы, не дәл сондай етіп сомдауға тіптен солардың ешқайсысының шеберліктері де жетпестей-ақ, небір ғажайып көріністерге еніп, осыншама құлпырып-ақ кетпеді ме?! Бұндай кез, сірә, енді естен кетер ме?! Бұл өзі сұңғақ бойлы, келбетті, қашанда қадамдарын салмақты түрде және нық басатын Мереке ағаның шығармашылықтағы жазушылығы және публицистігімен бірге, ұлттық әдебиетіміздегі талайғы жас таланттардың жолын ашқан, оқырманы көп, ылғи да кітапханаларымыздың төріндегі көрнекі тұстарда ғана тұратын республикалық «Жалын» әдеби журналындағы бас редакторлық қызметімен де кең танымал болып жүрген кезі еді.  

 

Жоқ-ау, тіпті ол сол бір тұстарда өзінің бай шығармашылығы, талантты журналистігі, бас редакторлығынан бөлек, әрдайым ел өміріндегі маңызды әдеби-мәдени іс-шаралардың нағыз бір қызу ортасынан табылып, әрі қай кезде де өзінің маңайында жүрген біз секілді жастарды да сондай бір іргелі істерге белсене қатыстырып, нағыз осынау шынайы өмірді, осыншама бұрқ-сарқ етісіп қайнасып жатқан тірліктерді өз көзімен көріп, өз жүрегімен сезінуге ерекше көңіл бөлетіндігін сол жүргенде, біздің өзіміз де іштей анық аңғарғандай-ақ болатынбыз.

Сондағы бір жәйт менің есімде мықтап сақталып қалыпты.  Былайынша айтқанда, бұл да әдеттегідей Алматыдағы айтулы бір іргелі іс-шаралардың кезі еді-ау. Егер, дәлірек айтсам, бұл еліміздегі ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа орай ұйымдастырылған өзінше бір мереке немесе республика ардагерлерінің слеті, әлде тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының біріндегі елдің небір бетке шығар қайраткер-ардагерлерінің тәуелсіздік дәуіріндегі талайғы қиын шаруаларды өз иықтарымен бірге көтерісіп, алдағы тағы талайғы қызу тірліктерге даңғыл жол ашқалы тұрған жас ұрпаққа өздерінің бағалы ақыл-кеңестерін беріп, небір аталы сөздерін айтып, бір жағынан, ағыл-тегіл аманат-сенім жүктеп, солардың келешектеріне ерекше бір сәттіліктер тілегендігі сынды, бір айтулы телемарафон болатын. Мен сәулеті бөлек, елдегі талайғы үлкен қуаныштардың бір ұлы ордасына айналған Республика сарайының алдында, арқан жолдарымен атақты Көктөбеге қарай көтерілетін тұстардың біріндегі көк белдеулі автокөліктің жанында тұрған едім. Мені осы жерде өзін сәл күте тұруды тапсырып, ал, өзі сол кештегі республикалық деңгейдегі мерекелік шаралардың әу-жайымен Республика сарайының ішіне қарай қайта кіріп кеткен өзім қарауында жауапты хатшысы болып қызмет жасайтын республикалық «Жалын» жастар әдеби журналының бас редакторы, белгілі жазушы, талантты публицист Мереке Әбдешұлы еді.

Қасымдағы автокөліктің сырғымалы есігі әлгіден бері айқара ашық тұрған, менің енді сол көліктің ішіне кіріп, сондағы бос орындардың біріне отыруға сәл ұялыңқырап тұрғандығымды көріп, іштегі бір егде жастардағы адам әлгінде ғана мені осы жерге көліктің ішіндегі өзімен бірер ауыз сөйлесіп шығып, Республика сарайына кеткен Мереке аға қалдырып кеткендігін көргендіктен, әрі, бір жағынан, мені оны күтіп, әлгі жерде әлі ұзақ тұрыңқырап қалады-ау деп аяғандай да болып:

–Әу, інім-ау, бері келіп, ішке кіріп отырсаңшы, – дей қалды.

Мен ол кісінің әлгі айтқанын екі еткізбей, бірден көліктің ішіне келіп отырсам, жаңағы өзіме әлгіндей деген адам атақты жазушы, өзінің талайғы көркем прозалық шығармаларын өзіміз кешегі күндері мектепте жүргенде-ақ талай рет қызыға оқыған, әдетте өзінің кітаптарының мұқабасы мен газет-журналдарда үзінділері берілген шығармаларының маңдайындағы фотосуретіндегі әдемі, келісті келбетіне дейін де есімізде мұқият сақталып қалған, әрі кітаптары ауылда да, қалада да кітап дүкендеріне жиі түсіп, соның артынша-ақ бәрі тез арада сатылып кететін, жоқ-ау, тіпті оның бәрін былай қойғанда, өзін үнемі телехабарларда және былайғы кездердегі әдеби іс-шаралардың кездерінде атақты Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, тағы басқа орыс тілінде жазатын мықтылардың қастарынан жиі көретін Сәтімжан Санбаев аға болып шықты.

Менің бұл жерде тап бұлайша толқуымның жөні де жоқ емес-ті! Сонау 1980 жылдардың басында менің туған жерім Батыс Қазақстан облысында Қазақстан жазушыларының күркіреген бір күндері болып өткендігі елге мәлім жағдай емес пе?! Мен ол кезде сондағы облыстық «Орал өңірі» газетінің әдебиет және мәдениет бөлімінде әдеби қызметкері болып істейтінмін. Әдебиет күндері бастау алатын күні Алматыдан шерулетіп келген үлкен ресми делегация, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол тұстағы бірінші хатшысы, Ақ Жайық өңірінің айтулы түлегі, атақты ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұбан аға Молдағалиев бастаған қазақтың небір көрнекті ақын-жазушылары мерекелік шара кезіндегі өздерінің ең алғашқы қадамдарын Орал қаласының орталығындағы Лениннің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Қазақ әдебиетінің Оралдағы күндері соның артынша-ақ, Орталық алаңның сол жақ қапталындағы Оралдағы ең үлкен залдардың бірі, әрі ең құрметті зал Халық ағарту үйінің кең залында салтанатты түрде ашылды. Мерекелік шараны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, жарқын жүзді, дауысы күркірей естілетін майдангер ақын Жұбан Молдағалиевтің өзі жүргізіп, әрі өзі ортадағы орнынан көтеріліп, делегация құрамында Оралға келіп, әдебиет күндеріне қатысып отырған талайғы көрнекті ақын-жазушылардың жөні-сойы, атақ-дәрежелеріне дейін айтып, өздерін біраз көңілдендіріп те қойды.

Алдыңғы қатарда, сондағы өзіне таяу тұста отырған атақты жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, елге кең танымал «Алтын Орда» трилогиясының авторы, кезінде өзінің сол бір тарихи-көркем дүниесіне қажетті дерек-мәліметтер жинап, талайғы мұрағат қоймаларынан табылған, әлдебір көне рухани жұрағаттардан жинақталған дерек-мәліметтер негізінде Еділ мен Жайықтың аралығындағы байырғы астаналық шаһарлардың иеліктерін, сондағы талай іргелі оқиғалардың куәгері болған жерлерді Алматыдан арнайы келіп, бірде көлікпен, бірде жаяулатып жүріп аралаған, әрі сол күнгі Президиумда еңсесі биіктеп, көңілі тым көтеріңкі отырған Ілияс Есенберлин ағаны да біраз жерге дейін көтермелегендей болды.

Менің соның бәрін арада соншама ұзақ уақыт өткенде, дәл осыншама таусыла есіме алып отырған себебім, Жұбан аға Ілияс Есенберлинмен жалғас, әлде сол кісіге таяу тұста және бірінші қатарда әлгіден бері маңдайы жарқырап отырған, өзгелеріне қарағанда, жастау болып көрінген Сәтімжан Санбаевқа келгенде, оған көбірек тоқталып, сондағы зал толы оқырман-жұртшылықтың алдында:

– Сәтімжан ініміз елімізге білгілі ағартушы-педагог Хамза ағамыздың үкілеп өсірген перзенті ғой. Өзі талантты, еңбекқор, өте өнімді жұмыс істейтін жазушы. Қазірдің өзінде-ақ ел тарихының арғы-бергі кезеңдеріндегі аңызға айналған оқиғаларды қамтып, бірнеше іргелі хикаят, романдар жазып шығарды. Оның көптеген шығармалары қазірдің өзінде-ақ бірқатар шет тілдеріне де аударылды. Сәтімжан біздің қазіргі қазақ әдебиетіндегі үлкен бір үміт күттіріп жүрген жазушымыз, – дей келіп, бір сәт оның өзіне бұрыла қарап: – Айналайын, шығармашылық қадамдарың әрі қарай да сәтімен жалғаса берсін! – дегенге дейін де айтқан еді.

Енді сол атақты Сәтімжан ағамен мен республикалық ауқымдағы марафон өтіп жатқан Республика сарайының жанындағы автокөліктің ішінде бірге отырмын. Сол атақты Санбаев енді менің кезінде өзінің де талайғы көркем дүниелері жарияланған, бертінде қазақтың талайғы талантты жас ақын, жазушыларын ақ тілекпен әдебиет деген үлкен бәйгеге қосқан, бүгінде Мереке аға басқаратын «Жалын» әдеби журналының жауапты хатшысы екендігімді, әрі өзімнің осы шапқылап жүргенде, іргедегі Республика сарайында өтіп жатқан іргелі іс-шараға байланысты, Мереке ағаның тапсырмасымен жүргендігімді және түптеп келгенде, сол күнгі бәріміздің осыншама күйбеңдегенде, ортақ илесіп жүргендігіміздің бәрі бір «терінің пұқшпағы» екенін білгеннен кейін, сәл ойланыңқырап отырды да:

– Иә, бұл Мереке ағаң өзінің талантты жазушы, шебер журналист, әрі білдей бір елдің әдеби-көркем журналының басшысы болып отырғандығына қарамастан, өзі де үнемі осылайша шапқылап, ел көлеміндегі іргелі іс-шаралардың нағыз бір бел ортасында жүреді. Бүгінгі атақты телемарафонның ел жастарының өміріне тікелей қатысы болғандықтан да, ол тағы да еш тыным таппай, осыншама шапқылап, осында жүр ғой деп ойлаймын. Қазір мына Республика сарайының ішінде есімдерін ел білетін талайғы атақты қайраткер, ардагер ағаларымыз отыр. Солардың бірқатары кеше ғана түрлі себептермен сырқатты денсаулық жағдайларына дейін айтып, бұл атақты іс-шараның кезіндегі у-шу, жүріс-тұрыстан қашқақтап, тек өздерінің сырттай тілектестіктерін ғана білдіріп, ал өздері үйлерінде қала бергілері келіп еді. Жоқ, енді сол елге танымал бірқатар ардагер-тұлғалардың өздерін де кейін бармақ тістеп, өкініп қалмасын деп, бірден осында келуге көндіріп, теледидар арқылы қалың елдің алдына шығаруға бірден-бір себепші болған да осы Мереке ағаң! Тек бір қызығы, ол өзі үнемі осындай мән-маңызы ерекше әдеби-мәдени іс-шаралардың бел ортасынан табылып, кейде соның бәріне бір өзі ғана бастамашы болып жүрсе де, ол ешқашан «мен кеше ғана маңызды бір шараны атқарыстым», не «соның бәріне мен өзім бастамашы болып едім» дегенді айтқан емес! Бәлкім, бұл талайғы үлкендердің тәлім-тәрбиесін көрген, солардың көптеген жақсылықтарын өз бойына ілген Мерекедей азаматқа ғана тән қасиет шығар?! – дегенді айтты.

Қазақтың көрнекті жазушысы, үлкен зиялы тұлға Сәтімжан ағаның сондағы өзін Атыраудағы балаң кезінен бері білетін қаламгер-інісі Мереке ағаның бойындағы әлгіндей жақсы қасиеттерді дер кезінде көре біліп, реті келгенде, мені еш баласынбай, жассынбай, журналдағы бастығым, алдыңғы толқын жазушы ағама қатысты әріден толғап, әлгіндей деп айтқандары дәл осы жолы бастан-аяқ есіме қайтара бір түсіп отырғандығы да тегін емес деп ойлаймын. Бұған менің бертінде Мереке аға «Ана тілі» ұлт апталық газетінің бас редакторы болып жүргенде, соның артынша, «Қазақ газеттері» медиахолдингінің құрамында онымен бірге біраз жылдар бойына қызметтес болғанда және ол осы медиахолдингтің Бас директоры – Редакторлар Кеңесінің төрағасы болып, сол тұстағы талайғы іргелі іс-шараларды еш қиналмай-ақ атқарғанда да талай мәрте көзім жеткен. Қалай дегенмен де, Мереке ағаның бертінде өмірде де, шығармашылықта да екінші тынысын ашып, оны дәл бүгінгідей елге танымал жазушы, әрбір сөздері өзінің шынайылығымен ерекшеленетін публицист, аузы дуалы зиялы-қайраткер тұлға болып қалыптасуына дейін жеткізген жағдайлар тәуелсіздіктің алғашқы таңынан бастап, күні бүгінге дейінгі ел тәуелсіздігінің іргесін нықтап, мәртебесін биіктету жолындағы мехнаты көп бейнетті шаруалардың қызу ортасы еді ғой.

Ол бұл тұрғыда кезінде өзі де көп ізденіп, көп еңбектеніп, өзін шынайы өмірде және шығармашылықта жаңа бір қырларымен жан-жақты таныта білді, әсіресе оның өткен ғасырдың 90-шы жылдарының орта кезінде республикалық «Ана тілі» ұлт апталық газетіне бас редакторлық қызметке келген кезі ше?! Қазақ журналистикасындағы маңдайы бірден жарқырап шыға келген бұл халықтық газеттің дәл сол тұстағы құты да, бағы да оның қазіргі біз сөз етіп отырған бас редакторы Мереке Құлкенов болмады ма?! Меніңше, белгілі жазушы, талантты журналист, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, талайғы прозалық, публицистикалық, танымдық-тағылымдық  кітаптардың авторы, Атырау облысы Қызылқоға ауданының, Атырау қаласы және Атырау облысының Құрметті азаматы, кезінде қазақтың көзі тірі классиктері мен небір атақты ел зиялыларының талайғы тәлімін алып, солардың өмірдегі лайықты бір ізбасары бола білген Мереке аға кезінде «Ана тілі» ұлт апталық газетін аз уақыттың ішінде-ақ әр қырынан түрлендіріп, оқырман жұртшылықтың кәдімгідей іздеп жүріп, әрі ұдайы сүйіп оқитындай басты бір басылымына да айналдыра білді. Ол бұл газеттің басшылығына өмірлік, шығармашылық мол тәжірибе жинақтаған, әрі бас редакторлық қызметте тегеуірінді тұлғаға айналған шағында келген еді ғой. Сол тұстағы «Ана тілі» елдің әр қиырындағы әр ауыл, әрбір қазақ шаңырағының осыншама асығып күтер қонағындай-ақ болып, әр апта сайын елдің әр қиырындағы әрбір шаңырақтың басты бір жаңалығына айналып, әр жолы да сол оқырман-жұртшылықтың көңілдерін көтеріп, жігерлерін жандыра түскендігіне сол тұстағы жер-жердегі газет оқырманының өздері, әрі солардың ара-арасында редакциямен байланысқа шығып, өзіндік бір ой-толғаныс, арман-тілектерін ашып айта бастағандықтары да тікелей куә емес пе?! Рас, бас редактор Құлкенов ұзақ жылдар бойына біліктілікпен басқарған «Ана тілі» ұлт апталық газеті бас айналасы бірер жылдың ішінде-ақ өзіндік халықшылдық рухымен нағыз бір халықтық газетке айналып, оның ел арасындағы «елдің бас ресми газетінен кейінгі бас газет» деген аты да сол кезден-ақ шыға бастамады ма?!

«Ана тіліне» Мереке аға бас редактор болып келген кездегі байырғы оқырманның, бәлкім, әлі де естерінде шығар, ол өзі бас редакторы ретінде қол қойып шығарған ұлт апталық газетінің ең алғашқы сандарынан бастап-ақ, негізгі бар назарды, редакциядағы барлық шығармашылық күш-жігерді де неғұрлым мемлекеттік тілдің қоғамдағы тағдыр-талайы мен оның қолданыс аясындағы ең негізгі деген түйткілдеріне қарай аударумен болмады ма?! Бұл тұрғыда ұлт апталық газетінің бағыт-бағдары, табанды тірліктері Президент, Үкімет, Парламент, мемлекеттік тілдің тағдыр-талайы мен алдағы зор келешегіне қатысты жәйттерге тіптен-ақ қатты алаңдап отырған  және сол жолда өздері де барынша тегеуірінді іс-қимылдар жасап жатқан тиісті құрылымдардың жұмыстарымен үнемі үндестік тауып жатпады ма?! Бұл, өзі, шынында да, сол әлгі алыста қалған сонау тоқсаныншы жылдардың екінші жартысында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қоғамдағы қолданыс аясына қатысты талайғы құнды ой-пікірлер, ұсыныс-тілектермен бірге, кейбір жағдайларда «қазақ тілінің қазіргі қарқыны қоғамдағы өзге тіл, өзге ұлт өкілдерінің тынысын тарылта жаздады» дегендей әлдебір дауырықпа үндердің әр тұстардан бір естіліп, мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі қызметіне өздерінше тұсау салып, сәл кедергісін келтіргендей болған ең бір қиын тұсы емес пе еді?!

Бұндай кезде ел Президенті, Үкімет басшысы, Парламент депутаттары, өзге де мемлекеттік құрылымдардағы тіл жанашырлары өздерінің қолдарындағы бар әкімшілік мүмкіндіктерді толық күйінде пайдаланып, кеше ғана Парламентте қабылданған мемлекеттік тілдің құқықтары мен міндеттерін бірден алға тартып, кей жағдайларда әлгі қоғамдағы қазақ тілін менсінгісі келмей, не оны біржақты өздерін басынғандық деп қабылдап, тіптен-ақ шектен шығып, ендігі бір кездерде бүкілхалықтық заңға да бағынуға құлықсыздық танытып, әбден шіреніп тұрған өзге ұлт өкілдерінің көңілдеріне қарамастан, артық-ауыс қаттырақ тағы жарытып ештеңе айта алмайтын еді ғой. Олардың бәрі де сол жүргенде, тәуелсіз Қазақстан респубикасының азаматтары болып табылғандықтан, жоғарыдағы басшыларымыз қоғамдағы өзге ұлт өкілдерінің әлі де өздерінің сабаларына түсіп, елдің Ата Заңындағы басты тәртіп-талаптарына көнулеріне барынша бейілдік танытып, өздері де өзге жұрттарда көп кездесе бермейтіндей бір үлкен сабырлылық пен төзімділіктерін көрсетумен келе жатқандықтан, өз кезегінде қоғамдағы сол аз ұлт өкілдерінің өздерінің де жаңа кезең, жаңа бір жағдайдағы ұлт құраушы, тәуелсіз республиканың негізін қалап отырған халықтың ең негізгі деген құқықтары мен міндеттерін барынша түсіністікпен қабылдауға тырысулары қажет емес пе?! Бұл өзі, шынында да, солай болуға тиісті де жағдай еді ғой, алайда Мереке аға басқаратын «Ана тілі» ұлт апталық газеті дәл осы бір өлара шақта мемлекеттік тілдің тағдырына әлі де біршама қауіп-қатер төндіріп тұрған әлгіндей астамшыл пиғылдағыларға тікелей қарсы шаппаса да, кең тұрғыда халықтық қолдауға ие болған беделді мерзімдік басылым ретінде өзіндік бір ретін тауып, дер кезінде батыл тойтарыс бере білді. Шындап келгенде, тәуелсіз елдің басты заңымен қабылданған Мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейтіп, соған барынша мүмкіндік жасап, ең негізгі деген ортақ тілдің барша қоғамның да ажарын ашып, келбетін тіптен-ақ құлпырта түсуге білек сыбана кірісудің басты бір мүмкіндіктері де сол тұстағы қоғамдағы өзге ұлт өкілдерінің өз қолдарына беріліп отырған жоқ па еді?! Мемлекеттік тілді барынша жетік меңгеріп, сол тілде жақсы сөйлей білсең, сенің де бұл қоғамдағы қазақтан еш кемдігің жоқ, не сені бұндайда қазақ емессің, ұлтты, мемлекетті құраушы негізгі халықтың өкілі емессің деп ешкім де айта алмайды емес пе?!

Мен осыдан біраз жыл бұрын, Мереке ағаның шығармашылық тұлғасына қатысты жазған бір мақаламда да айтқан болатынмын, ол «Ана тілі» ұлт апталық газетін басқарғанда, ең алдымен, оны барынша оқылымды, әрі мазмұнды, терең мағыналы, жер-жердегі оқырманы өзін әрдайым асыға күтіп отыратындай етіп шығаруға тырысқанда, сөз жоқ, мемлекеттік тілдің қоғамдағы дамуы мен оның күнделікті қолданыс аясын кеңейтуді басты бір бағыт етіп ұстанумен бірге, тұтастай қоғамда мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген бір үлкен қызығушылық пен құштарлықты туғызатындай тағы қаншама қызықты, әрі сол тұстағы нақтылы өмірдегі болып жатқан оқиғалармен өте-мөте тығыз байланысты тың материалдарды да жиі жариялай бастады. Бұнда ешқандай теория, артық-ауыс ақыл айту, үгіттеу деген де жоққа тән, тек бір таза өмірдің өз ортасынан алынған дерек-мәліметтер ғана еді. Бұның бәрі сол тұстағы бүтіндей қоғамға да өзіндік әсер-ықпалын тигізбей қойған жоқ, түптеп келгенде, Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерімен бірге, орыс ағайындардың өздері де алдағы өз болашақтарын тәуелсіз Қазақстанның өмірі, елдегі барша қазақстандықтармен бірге елестетіп, тағысын тағы қазақ қоғамындағы қызу түрде жүргізіліп жатқан тірліктермен одан әрі мидай араласып, өз жүректерін де дәл қазақ қоғамының «жүрегімен» бірдей соқтыртуды мақсат етіп, бірқатары, тіпті өз ұл-қыздарына дейін қазақ тілін үйретуге барынша жан салып, оларды жер-жердегі қазақ балалары тәрбиленіп жатқан қазақ балабақшаларына беріп, ал бертінде бүтіндей қоғамның өзі куә болғандай, оларды кейін тағы қазақ мектептерінде және колледж, университеттердегі қазақ бөлімдерінде оқытып, мемлекеттік тілде одан әрі де жатық сөйлеп, мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға баулығандықтары тек бір олардың өздері үшін ғана пайдалы болып қалмай, бүтіндей қоғамда ең негізгі қозғаушы күшке айнала бастағандығына дейін анық байқалмады ма?!

Соның бәрі де дер кезінде «Ана тілі» ұлт апталық газетінің беттерінде өзінің жан-жақты көрінісін тауып, содан былай бұл газеттің өзі де мемлекеттік тілдің қоғамдағы дамылсыз дамуы мен қолданыс аясының кеңеюіндегі басты бір жолашары болып шыға келгендігін қайтерсің?! Ұлт газетінің сол кездегі бір қарапайым оқырманы және жанашыры ретінде де, осы жәйттер менің есімде мықтап сақталып қалыпты. Қанша дегенмен, мемлекеттік тіліміздің тәуелсіздік дәуірінде барынша кең қанат жайып, бар өзіндік тін-жүлгесі, бұта-бұталарымен бірге жайқала өсіп, одан әрі үздіксіз дамытылуы, тәуелсіз елдің ең негізгі ұстыны, қоғамдағы байырғы жұрты болып отырған қазақ халқының бай да, нәрлі, тамыры тым тереңге, тіпті сонау көне замандардағы түркі дәуірі, Түркі қағанаттарына дейін кететін көне тіліміздің бүгінгі қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту қай кезде де қоғамдағы ең қиын да, күрделі, әрі ұзақ үрдісті тірліктерге айналғандығын кім жоққа шығара алар?! Бұл іске кезінде бүтіндей қоғам, әр деңгейдегі бүтіндей мемлекеттік құрылымдар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдардың бір кісідей-ақ болып жұмылып, бел шеше араласқандығын ешқашан ұмытуға болмас еді. Қоғамдағы «ана тіліміздің осыншалықты мәртебеге айналуы», «қазақ тілінің қоғамда салтанат құруы», «тіл жеңісі» дегендей кәдімгідей бір жан жадыратып, көңіл қуантарлықтай ұғым-танымдардың пайда болғандығы да – дәл осы кез.

Мен өз басым қазақтың көрнекті қаламгері Мереке Құлкеновті зиялылықтың биігіне дейін көтерген кезең де «Ана тілі» ұлт апталық газетінің басшылығында болған, мемлекеттік тіл – ана тілі – қазақ тілінің қоғамдағы абырой-беделін іс жүзінде көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейту бағытындағы бағдарлы және үлкен шығармашылық рухында жүрген, әрі осы бір іргелі істердің жолында өз бойындағы бар таным-білік, талант-қабілеті, бар күш-жігерін аямай жұмсаған кезең еді деп білемін. Жоқ-ау, тіпті тарихи тәуелсіздігіміздің алғашқы таңы арайлап атқан күндердің бірінде, дәл сол Сәтімжан аға Мереке ағаның бойындағы үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды қадір-қасиеттеріне қатысты өзінің әлгіндей толғанысқа толы сөздерін айтпастан бұрын, Алматыда ел тәуелсіздігі үшін күресіп, есімдері өз туған халқының жүрегінде мәңгіге сақталып қалған ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері Исатай мен Махамбет батырларды еске түсіруге арналған бір іргелі мерейтойлық іс-шара өткендігі бар еді. Мереке аға ол кезде «Жалын» әдеби журналы бас редакторының орынбасары болып істейтін. Негізі Мереке аға Атыраудан, мен Оралдан, яғни жұртымыз бір аймақтың адамдары болғандықтан, мен өз басым бұрын «Қазақстан пионері», «Қазақ әдебиеті» сынды республикалық мерзімдік басылымдарда қызмет жасаған, атақты ақын Фариза апамыз, күркіреген көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза сынды аттары аңызға айналған бас редакторлардың алдын көріп, солардың тәлім-тәрбиесін алған, әрі өзі де үлкен әдеби орталарда танымал жас проза шебері ретінде үнемі ауызға алынып жүретін Мереке ағаны өзгелеріне қарағанда, кәдімгідей аға тұтып, кейде Жібек жолы көшесіндегі өзімізбен іргелес ғимараттағы редакциясына арнайы барып, сәлемдесіп, көзіне бір көрініп кетуді де іштей қалап тұратын едім. Осындай кездердің бірінде Мереке аға Алматыда өткелі жатқан Исатай – Махамбет батырлардың мерейтойлық шараларына қатысты әңгіме қозғап, сондағы  алып кел, барып кел сынды кішігірім шаруаларға, өзім қатарлас қаламгерлермен бірге мені де араластыра бастады.

Мен ол кезде Алматыға жақында ғана көшіп келіп, өзім сол бір күндерде республикалық «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») ғылыми-көпшілік журналында қызмет жасап жүр едім. Содан ертең Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары Исатай мен Махамбет батырларға арналған үлкен бір мерейтойлық кеш салтанатты түрде ашылады деген күннің кешінде атақты Әуезов театрының сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратының алдына қатар-қатар киіз үйлер тіге бастадық. Қасында танымал қаламгер достары, махамбеттанушы-ғалымдар бар, Мереке ағаның өзі де үнемі біздің қасымыздан табылып отырды. Алматыдағы талайғы көрнекті, халық неғұрлым көп жиналатын жерлерде тәуелсіздіктің осы бір алғашқы күндерінде қаншама жасанған, әр өңірлердегі этнографиялық айшықтарымен менмұндалаған сансыз көп киіз үйлер тігіліп, тағы қаншама ел есінде қалғандай іргелі іс-шаралар атқарылмады десейші, бірақ мына атақты театрдың алдына құрылған қазақы киіз үйлердің өздеріне тән сұлулығы мен сән-келбеті де тіптен-ақ бөлекше болды емес пе?! Бұл киіз үйлердің ішінде Нарындағы ХІХ ғасырдың алғашқы кезеңінде ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері Исатай – Махамбет батырлардың, не олардың жорықтастары өмірлерінен ағыл-тегіл сыр ақтаратындай дүниелермен бірге халқымыздың Батыс бөлігінде, сонау Еділ мен Жайықтың аралығындағы байырғы Алтын Орда заманынан бергі атажұрт жеріне ел қондырып, өз алдына бір Ордалы ел етіп, тәуелсіздіктің келер заман, келер кезеңдеріне қарай бағыттай білген Бөкей хан мен Жәңгір ханның тұстарындағы өркениет өрісіндегі белесті бір кезеңдерінің де өрнектері айқын көрініс беріп жатқандай-ақ емес пе?!

Мен өз басым өзімізге дейінгі елдің рухани игіліктерін байытқан тарихи-зерттеу еңбектерінің бәрінен ұлы Махамбеттің туған жері, кейде оның Нарын құмындағы өз туған ауылымен іргелес жатқан, ал шындығына келгенде, бертінгі заманға дейін өзара аралас-құралас болған, тіпті бертінде ұлы Махамбеттің өмірі, оның өскен ортасы, тарихи атажұрты, кешегі көтеріліс күндеріндегі атақты жорықтары мен тағдырлы шақтарына дейін үңіле зерттеп, шежірелі өңірді кезең-кезеңімен олай да, бұлай да талай рет шарлағанда, талайғы елге танымал әдебиеттанушы, тарихшы-ғалымдар, махамбеттанушылар мен ақын-жазушыларымызға дейін үнемі ат басын тіреп келіп, қай кезде де осыншама ұзақ кідіріп, жергілікті жердегі тарихи орындарға, әлдебір көнеліктерге, ұрпақтан-ұрпаққа өзінше бір асыл мұра болып келе жатқан тарихи шежіре, аңыз әңгімелерге осыншама көп шұқшиған Жаңарған өңірдегі Жаңақазан ауылында туып-өскендіктен, сонау бала кезден бері өткен ғасырдағы өз туған өлкемізден шыққан ұлт-азаттық көтерілісінің көсемдері, әдетте соларды еске алғанда, бейнебір сол жүрген біздің өзіміз де солардың өмірдегі жолдарын әрі қарай заңды түрде жалғастырып жүрген бір ұрпақтары сынды көріп, өзімізді қай кезде де кәдімгідей батыл, әрі байсалды қалпымызда сезінуге тырысуға басты бір себеп болған ұлы Махамбет пен Исатай батырларға қатысты дүниелермен бірге, әдетте Бөкейліктің бай тарихи шежіресін әріден қозғап әңгімелегенде, әр кезде де есімдерін құрметпен ауызға алмауға болмайтын, ал бір өздері өз ғұмырларында талай замандарға татырлықтай іргелі істерді тындырған Бөкей хан мен Жәңгір ханға қатысты да құнды аңыз-шежірелерді естіп өспедік пе?! Жоқ-ау, тіпті мектептегі оқулық кітаптарда ұлы ақын Махамбет Өтемісов Жәңгір ханға қасқая қарсы қарап тұрып: «Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқұрсың!»  деп жатқанда да, дәл сол кезең шындықтарына қатысты талайғы аңыз, жыр-дастан, тарихи шежірелердің талайын ес білгелі-ақ естіген біз соған тіптен де сенбегендей кейіп танытып: «Жоқ, бұны айтып тұрған атақты Махамбет ақын емес. Жо-жоқ, бұл оның өз сөзі емес!..»  дейтінбіз басқалай не деп айтарға білмей, іштей қатты қиналғандай-ақ болып. Шынында да, солай болды емес пе?! Бұл, түптеп келгенде, ұлы Махамбеттің тереңнен тұнып, жүрегін жарып шыққан өз сөзі емес, заманы, заманындағы отарлық жүйенің қыспағында қалғанда, өз туған халқына қорған болып, шырылдап тұрып айтқан ұлы күрескерлік рухын танытқан сөзсемсері емес пе?!

Осы бір күндерде соның бәрі қайтара бір есіме түсіп, менің өзім де іштей қатты толқыған едім. Ал мерекелік қызу іс-шаралардың басы-қасында жүрген Мереке ағамыз болса, атақты әдебиеттанушы-ғалым Халел Досмұхамедовтың кешегі кеңестік дәуірде қатаң түрде тыйым салынып, мұрағат қоймаларында талай ондаған жыл бойына шаң басып жатқан «Исатай – Махамбет» деген өте бір құнды зерттеу еңбегін тауып алып, соны өз күшімен осынау үлкен мерейтойдың алдында ғана шағын да болса, өз алдына бір кітап етіп шығартқан еді. Шағындау ғана бір кітап, бірақ Исатай – Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің рухы, оның өз тұсында халықты азаттыққа, бостандыққа үндегендігі, сондағы көтеріліс күндеріндегі талайғы шырқыраған шындықтар мен ұлы Махамбеттің шығармашылығындағы ең бір биік те, белесті кезеңдер, нағыз бір жыр әлеміндегі от болып жалындап, ыстығы бүгінгі тәуелсіздік дәуіріне дейін жетіп отырған жырларының қадір-қасиеті немесе көтеріліс күндерінде бір тек өзінің әділдігіне ғана сеніп, соңынан ерген талайғы жұрттың алдында: «Исатай – басшы, мен – қосшы», - деп, қара қылды қақ жарғандай қылып, турасын айтып, көтеріліс рухын одан әрі де биіктете түскендегі талайғы сырлы шежірелерге дәл сол тойдың кезінде халқымыз ғұлама-ғалым Халел Досмұхамедовтың осынау ғажайып зерттеу-кітабы арқылы да тереңірек қаныға түспеді ме?!

Абай даңғылының бойындағы осы бір қастерлі орынға киіз үйлер құрылған күннің ертесіне ұлт-азаттық көтерілісінің басшылары Исатай мен Махамбет батырларды еске түсіруге арналған іргелі мерекелік шара бастау алып, театр ғимаратының алдындағы байырғы Бөкейліктің керегесі кең киелі шаңырақтарына кіріп, дәм татудан басталса, ал салтанатты жиын Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының үлкен залында жалғасын тапты. Ойпыр-ай, соның бәрі де күні кеше ғана болып өткен сияқты еді-ау, алайда мен Мереке ағаның қазіргі қазақ прозасындағы болашағынан көп үміт күттіретін жарқын талант, шебер журналист болып, қалың елге өзінің зерттеушілігі, терең таным-білігімен танылғандығына дейін де біршама жетік білетін едім. Республика көлеміндегі әдеби, мәдени іс-шаралардың талайының бастамашысы болып, солардың бірқатарында, кей ретте әлдебір ресми тұрғыдағы маңызды мәдени-рухани шаралардың жүргізушісі, модераторы болып, өзінің шеберліктерімен көрінгендігі мен әріден толғап сөйлеген кездеріне де талай рет куәгер болмадым?!

Мен өз басым сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының бірінде Мәкеңнің сол тұстағы таралым саны көп, әрі жаңашылдығы, көркем әдебиетке біршама жақындығымен-ақ оқырманын кең тұрғыда баурап алған республикалық «Арай» әдеби-мәдени журналында жарияланған хикаят, әлде романнан үзінді сынды көркемдік құбылыстарымен, әрі сөзге, сезімге ерекше мән беріп жазатындығымен бірден көңіл аудартқан «Сергелдең» атты прозалық дүниесін сүйсіне оқып шыққаннан кейін, соның артынша-ақ  бұрынғы кітаптарына енген дүниелерін (ол кітаптардың ішінде өзін прозадағы талантты тұлға ретінде танытып, қазақ көркем әңгімелері антологиясын көркемдік және шеберік жағынан байыта түскен «Ақкөңіл», «Жазылмаған хабар», «Жібек жел», «Үрей», «Таң самалы», «Соңғы күн», «Қылкөпір», тағы басқа әңгімелері де бар еді) тауып алып, солардың бірқатарын ертеректе «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жалын» журналынан оқыған болсам да, тағы бір мәрте қайтара сүйсіне оқып, қазақ прозасындағы нағыз сөзге ұста, адамның ішкі психологиясы, рухани әлемін жарқыратып көрсететін шебер жазушының үлкен шығармашылық тұласын да қалыптастырып үлгергендей болған едім.

Мен бұл туралы бұрынғы бір мақаламда да біршама ашып айттым-ау деймін, ал, содан арада тағы біраз жыл өткенде, Мереке аға басқаратын «Жалын» әдеби журналында жауапты хатшы болып, нағыз бір қызу әдеби өмірдің бел ортасында жүргенде, оның шығармашылығымен бұрынғыдан да жетігірек таныс бола түспедім бе?! Өзі басшы, қоғамда өте белсенді және өзгелерге жанашыр, әйтеуір, әрдайым біреуге осыншама болысып, жақсылық жасағысы-ақ келіп тұратын қаламгер аға осы қай уақытта өзінің қолына қалам ұстап, қай уақытта сол әлгі қолға алған дүниесін тез аяқтап үлгереді екен деп те ойлап қоятынмын. Эһ, сөйтсе, ол кісі сол жүргенде, журналдың алдағы жоспар-жобаларын жасап, не әлдебір әдеби жиын, конференция, құрылтай, фестивальдерде жюридің бір белді мүшесі болып отырып және ұдайы жоғарыдағылардың тапсырмаларымен редакциялық іссапарларда жүріп те, өзінің алдағы жазатын дүниелерін ойлап, соның бәрін іштей пісіріп-түсіріп, тек Алматыға келген соң ғана, өзінің тау жақтағы көп қабатты үйлердің біріндегі пәтеріндегі терезесі іргедегі ақ тақиялы тау шыңдарына қаратылған тыныш бөлмесінде қаламын қолға алып, әлгі көптен бергі жанына тыныштық бермей жүрген дүниелерінің бәрін де бір мезгілде төгілдіріп түсіре бастайды екен ғой! Мен редакцияның жауапты хатшысы ретінде, қабылдау бөлмесіндегі нөмірге баратын материалдардың мәшіңкеге уақытылы басылуын қадағалап, келіп-кетіп жүргенде, бірде басшымыздың өзі кезекті іссапарға асығыс кетіп бара жатып, ертеңгілік мәшіңке басатын қарындасымыздың алдына қойып кеткен, сол тұстағы ел мұнай өнеркәсібі саласындағы ең танымал тұлғалардың бірі туралы жазылған көлемді очеркінің қолжазбасын көріп қалмаймын ба?!

Кәдімгідей өзіміз күнделікті жазуға пайдаланып жүрген қарапайым ғана қоңырқай парақтар, бірақ сондағы ондаған беттердегі материалдың осыншама ойланып-толғанып, үздіксіз ұзақ жазып отырғанда, тым құрыса, бір шеті майысып, не әр беттегі маржандай әріптермен төгілдірген, тіпті, әлгі бейнебір тартқан сымдай түп-түзу жолдардың соңында әлдебір әріптердің арасында, не соңында артық-ауыс сия жұқсашы-ау, жоқ, өте ұқыпты, әрі үлкен бір жауапкершілікпен жазылған дүние еді! Бертінде өзім де үлкен әдеби орталардағы Мереке ағаның қатарлас-замандастарымен, не олардан да егде жастардағы жазушы ағалармен аралас-құралас болып жүргенде, тағы талай естімеймін бе, Мереке аға алғаш Алматыдағы үлкен әдеби өмірдің табалдырығынан аттағаннан-ақ, қай-қай редакцияда да өзін шығармашылықта әрдайым еркін сезініп, қай кезде де, еш асығып-аптықпай, үнемі өзінің бабымен, әрі өте ұқыпты түрде жазатындығы және қай жанрдағы дүниесін де дәл уақытында үлгертіп жазып әкелетіндігімен де үнемі көңіл аудартыпты. Сол тұстарда оның қаншама жерден еркін қиялдап, шабыты осыншама тасқындап бара жатса да, өзіндік жазу мәнерінен айнымай, маржандай әріптермен төгілдіртіп, аса ұқыпты  жазылған әдеби қолжазбаларын көрген редакторлар мен баспагерлер де оқыс елең ете қалып: «Не деген ұқыпты, сарабдал жазушы еді?! Сірә, өзінің алысқа шабатындығына, өз бәйгесі, өз межесіне ешқандай қиналмай-ақ жететіндігіне іштей нық сенімді таланттар ғана өздерін тек осылайша емін-еркін сезініп, әрдайым өзінің бабымен ғана жаза алар еді!» - деумен болыпты дейтін еді. Ал, бұл жердегі әңгіме менің өзім жақсы білетін, қаламдастары әрқашан сыйлап, небір жылы сөздерін арнаудан бір танбайтын Мереке ағаның қаламгерлік-қайраткерлік тұлғасы мен шығармашылығына қарай ойысқан кезде, мен енді мына бір жәйтті қалай ғана сағына еске алмайын?!

 Бұл осыдан біраз жыл бұрынғы Алматының да ерекше бір құлпырып тұрған кезі еді ғой. Менің Мереке ағаның шығармашылығына қатысты тағы бір толғанып, бір нәрселерді жазсам деп оқталып жүрген шағым да дәл осы кезбен тұстас келмеп пе еді?! Бірде мені өзім алғаш ірге көтергелі бері қызмет жасап келе жатқан Алматыдағы «Қазақ газеттері» атты медиахолдингіміздің сол тұстағы басшысы, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, Мереке ағаның ұзақ жылдардан бергі қаламдас досы Жұмабек Кенжалин өзінің кабинетіне шұғыл түрде шақырып алып: «Мәселе былай, сонау Атырауда Мереке ағамыздың мерейтойлық бір үлкен әдеби-шығармашылық кеші өткелі жатыр. Соған Мәкеңмен бірге, соңыра менің өзім де баруым керек еді, бірақ, әттең, аяқ астынан бір шаруалар шығып қалып, мен енді оған үлгеріп бара алмайтын болып тұрмын. Ал, мен сені соған өзімнің арнайы өкілім ретінде жібергелі отырмын. Кезінде осы «Қазақ газеттері» құрылғалы бері, сен осындағы азды-көпті істердің бәрін де көріп келе жатырсың ғой. Мереке ағаңды да жақсы білесің! Үлкен қаламгер, мықты бас редактор, білікті басшы, шебер менеджер, зиялы тұлға. Осы үлкен холдингіміздің кешегі нарықтың ең бір қиын кезеңдерінде, сәл қиналыңқырап, тежеліңкіреп қалғандай болған шағында, ол басқаратын «Ана тілі» ұлт апталық газеті «Қазақ газеттерінің» биксирі болып, біраз алға сүйреген кездерін де бір кісідей-ақ білесің ғой. Бертінде тұтастай «Қазақ газеттерін» де ортақ іске ұйытып, жақсы басқарды. Соңыра сондағы жүрген, болған жерлеріңнің бәрінде осының бәрін де айтып жүргейсің», - деп, ойда-жоқ жерден өзіме бір үлкен тапсырма беріп, Мереке ағаның алдағы Атырауда өтетін мерейтойлық әдеби-шығармашылық кешіне арналған, астына өзінің қолы қойылған құттықтау хаты мен Мереке ағаны бұрын ұзақ жыл бойына «Ана тілі» ұлт апталық газеті мен бірнеше республикалық мерзімдік басылымдардың бастарын біріктірген «Қазақ газеттері» ЖШС-ін басқарды ғой деп, біздің серіктестігіміздің атына жолданған еліміздің танымал зиялылары мен бірқатар республикалық қоғамдық ұйым басшыларының талай жақсы тілектер айтылып, әдемі рамаларға салынған құттықтау хаттарын қолыма ұстатты. Осы кезде өзім көптен бері жақсы білетін қайраткер-қаламгер Мереке ағаның таудай тұлғасы, оның өзіне тән болмыс-бейнесі мен шығармашылығына қатысты тағы талай жәйттер менің де есіме түсе қалмасы бар ма?!

Сол жолы мен Мереке ағаның Атырауда өтетін үлкен шығармашылық кешіне әлі бармай тұрып-ақ, ол туралы толғаныс үстінде өз алдына бір мақала жазсам ба деп ойладым. Жүкеңнің алдында және соның артынша осындай бір қуанышқа толы күндерде қаламдас досының қасында болып, қуанышын онымен бірге бөліскісі келіп, осыншама қуанып, сол кезде Атырауға өз шығармашылық мерейтойы басталардан сәл ертерек барған Мәкеңмен телефон арқылы сөлескенде де осылай деп жатқан талантты ақын, Мәкеңнің қаламдас досы, қашанда шығармашылығына құрмет көрсетіп, реті келген жердің бәрінде де көтермелеп жүретін інісі Есенғали Раушанов ағаның кабинетінде дәл сол алдағы Мәкеңнің шығармашылығына арналып, Атырауда өткізілгелі жатқан мерейтойлық әдеби-шығармашылық кешке қатысты әңгімелесіп отырғанымызда да, іштегі бір ойым әлсін-әлсін Мәкең туралы жазсам деген дүниеме қарай ойысып: «Тек соны мен соңыра қалай жазсам екен?! Мәкеңнің көптеген көркем әңгімелері, новеллалары, эсселері хақында осы кезге дейін әдеби-мерзімдік басылымдарда біршама айтылып, оның сондағы шығармашылық шеберліктеріне байланысты да тағы талай сырлардың тиегі ағытылмады ма?! Жоқ, әлде оның «Жібек жел» атты қалыңдау прозалық жинағындағы бір әңгімесін алып, тек соның төңірігінде ғана ой қозғап, өзінің бүтіндей шығармашылық кредосына қарай ойыссам ба екен?» дей келіп, тағы да іштей: «Мәкеңнің шығармашылықтағы шеберліктері дегенің өзінше бір бөлек дүние ғой! Эһ, шығармашылықтағы осындай әбден шиыршық атқан көркем шедеврлер қалай туындайды? Сондай дүниелер ойға алғаш қалай келіп, тағы қалайша қағазға түсіріледі? Бәлкім, бұндағы көп қасиет оның қастерлі қаламын ұстаған аялы алақанында жатқан шығар?! Автор, сірә, оның бар жұмбағын сен қанша жерден сұрасаң да, бірден ашып айта қояр ма екен?! Жоқ-ау, дәл сондай көп ретте новеллистиканың жұмбақ сырлы заңдылықтарына бағынғандай көркем әңгімелер қалай жазылады? Оны артынша авторы қалайша жөндеп, тағы қалайша қиюластырып, сондағы әрбір сөз, өрнегі бөлекше сөйлемдеріне дейін жібектей-ақ етіп естіртіп... Жоқ-ау, солардың бәрін артынша ақ қағазға тазалай көшіріп, үстінен тағы қандай редакциялық жұмыстар жүргізетіндігін сұрап жатудың өзі де тым қолайсыздау емес пе?! Енді тек әлгі дүниелерді қайтара оқып, содан тек бір өзіңше сыр аңдау ғана қалмай ма?!» - деп, толғана берген едім-ау.

Мәкеңнің көпқырлы талант екендігі үлкен әдеби шығармашылық ортаға бұрыннан да белгілі жәйт емес пе?! Талант деген де теңіздің түпсіз тереңінен қаншама уақыт бойына іздеп, тек әрең дегенде ғана барып, бір табыла кететін інжу-маржан секілді, сен өзіне қай тұрғыдан және қаншама рет үңіле қарасаң да, қапелімде жарқ-жұрқ етіп, сан құбылып, саған өзінің еш сырын алдыра қоймайтындай бір құдірет қой! Мен сонда да өзімнің қолыма қаламымды ұстап отырып, қайраткер-қаламгер ағаның шығармашылығы мен таудай тұлғасына қатысты жүрекке жылы тиердей сөздің сөлін келтіре алар ма екенмін деп, біртүрлі жүрексіне берген едім! Рас, мен сонда да «па, шіркін, деген едім іштей ой кешіп, егер, бұл жерде кезінде Мереке ағамен қаламгерлік қызметтерін бірге бастаған, Алматыдағы үлкен әдеби және зиялылық орталардағы көптеген қызықтар мен мәнді-маңызды кезеңдерді онымен бірге өткізіскен, әрі шығармашылықта аралас-құралас болған өзге біреулері болса, олар есімін ел білетін қайраткер жазушы аға, оның қалам құдіретін асқақтата түсер аялы алқаны туралы менен гөрі тәуірірек жазып, соның бәрін мына менен гөрі әлдеқайда мәнді, тереңірек қылып та айтар ма еді?!». Оның соңғы жылдары әдеби үрдісте жиі әңгіме өзегіне айналдырылып келе жатқан прозалық дүниелерінен бөлек, публицистикалық бағыттағы сан қырлы үленді-кішілі туындыларының өзі де өз алдына бір бөлекше әңгіме емес пе?! Мереке Құлкенов! Тәйірі-ау, ол кезінде республикалық танымал газет-журналдардың басшылығы қызметіне келместен бұрын да, қаламы жүйрік, елге танымал публицист емес пе еді?! Оның сол әлгі өзінің жастау кезінде жазған очерк, эсселерінің өзі де бейнебір көркем шығармалардай-ақ болып оқылатындығының құпиясына үңіліп, публицист Құлкеновтың осы бір асыл қазынасын ақтарып көргендер бар ма екен?!

Ол өзінің ең танымал деген эсселерінің бірі – «Біздің қоғамды» «Ана тілі» газетін басқарып, таралым санын ұлғайтып, газет беттерін түрлі жанрлардағы, қоғамдық өмірді әр қырынан ажарландырып, әрін келтіре түскен сан-қилы материалдармен құлпыртып, күнделікті редакциядағы қызу жұмыстарының арасында жазбады ма?! Өте көлемді еңбек, ондағы айтылған, ортаға салынған ой-толғаныстарына дейін тіптен қомақты-ақ! Ең бастысы, ұзақ зерттеліп, әбден ой талқысына салынып, жете зерделенген дерек-мәліметтер! Өзекті өртердей ащы шындықтары тағы бар! «Соның бәрін ол қай кезде қағазға түсіріп, пысықтап, ширата түсіп, тәуелсіз елдің мемлекеттік құрылымдары енді ғана қалыптасып, қабырғасын енді ғана қатайта бастаған шақта қалайша дер кезінде жариялап үлгерген?!» - деп те таңырқауға болар еді. Онда да, өзінің күндізгі редакциядағы бас редакторлық қызметін атқарып, кешкілік үйге келгенде, не сәл тыныстап, түнде жазу столында еш тапжылмай, ұзақ уақыт бойына отырғандығын көз алдыңа дейін елестетуге болар еді. Бұндай қиын істі тек жүрегі «Елім» деп соққан қаламгер ғана атқара алмайтын ба еді?! Оның сол дүниелерінің қатарына лек-легімен кейінгі жылдары келіп қосылғандары ше?! Үйренетін, үлгі алатын, өзгелерге өнегелік дәріс ретінде ұсынатын құнды дүниелер тек осындай талантты шығармашылықтан, қажымас, талмас қаламгерлердің қаламынан ғана туындар еді.

Одан сәл бұрынырақта мен Мереке ағаның шығармашылығы және ол басқаратын әдеби мерзімдік басылымның редакциясында өзімнің онымен біраз уақыт қызметтес болған жылдарымнан қысқалау болса да, қызықты естеліктер айтып, бір шағындау мақала жазып, оны кезінде өзім қызмет жасайтын «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналының беттерінде жариялатқан едім. Енді осы жолы оның азаматтық, шығармашылық, қаламгерлік-қайраткерлік, өзге де үлгі-өнегеге толы таудай тұлғасы хақында тағы біраз толғаныстарға беріліп, бетіне әлі сия тие қоймаған ақ парақтардың алдында осыншама көсілгім-ақ келгендігін қайтерсің?! Бұл тұрғыда талай тәуір сөздер өзге аға буын жазушылардың тарапынан бұрын да көп айтылыпты, әрі соның бәрі дер кезінде және жақсы-ақ айтылған да еді ғой; ал, оның елдегі ең мықты бас редакторлардың бірі бола білгендігі ше?! Адамгершілік, азаматтық тұлғасын әр қырынан әрлеп, мән-мағынасын байыта түсетін тағы талайғы толып жатқан жәйттер де еске түсер еді! Оның қашанда алдыңғы толқын ағаларға жақсы іні, кішіге әрдайым ізетшіл бола алып жүргендігін тағы қайда қоярсың?! Адалдығы, бірбеткейлігі, қашанда қара қылды қақ жарғандай қылып сөйлейтіндігі ше?! Пәлі, әсіресе, оның алыстағы атақты Каспий теңізінің етегіндегі өз туған өлкесі, сол қастерлі туған жеріндегі адамдарға деген сыйластығы мен құрметі тіптен де бөлекше емес пе?! Меніңше, Мәкеңнің сол жолғы үлкен әдеби-шығармашылық кешінің Атырауда өткізіліп отырғандығының басты бір себебі де осында еді. Қалай дегенмен де, сол жылы, дәл сол күннің ертесіне тәңертең менің Атырауға Мәкеңнің мерейтойлық шығармашылық кешіне ұшуым керек-ті. Уақыт өте тығыз еді.

Мен кешкілік үйге келе салып, бірден жазу столына отырдым. Шағындау болса да, талантты, көрнекті жазушы, публицист, тәуелсіздік дәуіріндегі «мен» деген ең мықты бас редакторлардың бірі, есімі елге танымал баспагер аға туралы жүрекке жылы тиердей бір мақала жазайын, тіпті, соның соңғы бір нүктесін кейін ұшақтың ішінде отырғанда қойсам да, соңыра Атырауға жеткен бойда-ақ, сондағы тез шығатын газеттердің біріне ұсына қояйыншы деймін! Ойпыр-ай, осылайша қуанып, толғанып жүргеніңде, қапелімде сенің қолыңдағы қаламың тезірек жүре қоя ма?! Мәкең туралы өзім бұрын да бір үлкен толғаныс үстінде жазғасын ба екен, оның талантты шығармашылығы, таудай биік тұлғасы, адамгершілігі, азаматтығы, көпшілдігі, кісіге бауырмалдығы, кішіге ізетшілдігі, тіпті, әңгімені шебер айта білетіндігі, шешен сөйлейтіндігіне қатысты сөз қозғайыншы десем де, ол туралы өзімнің бұрынғы айтылған сөздерім мен қайраткер-қаламгер ағаға қатысты сол жылғы мерейтойлық мерекелік шараның кезіндегі баспасөз беттерінде әдебиеттегі алдыңғы толқын ағалар, Мәкеңнің өз қатарлас-қаламдастары айтқан өте бір құнды ой-пікірлер мен сондағы жақұттай-ақ болып жарқылдаған сөздерді тағы қайталағандай, не менің дәл бұл жолғы мақаламның ешқандай жаңалығы жоқтай-ақ болып көріне береді. Сонымен менің бұл жолғы мақалам ақыры дәл бір өзім күткендегідей деңгейде жазылып үлгермей, әлгінің ертесіне алыстағы Атырауға тек бір өзім ғана жеткен едім. Ойпыр-ай, менің сол кешегі Алматыда отырғандағы толғанысым, сондағы әлгі сәл асығыстау, тіпті жолға шығуға бар-жоғы бірнеше сағат қалғанда ғана қолға алған дүниемді аяқтай алмай, осыншама азаптанғандығымды сезгендей-ақ, Атыраудағы белгілі жазушы аға, кезінде Мәкеңнің туған жеріндегі жергілікті газетте тырнақалды әдеби шығармалары мен балаң шығармашылығына сәттіліктер тілеп, үлкен жанашырлық көрсеткен және Мәкеңнің облыстың Қызылқоға ауданындағы жауапты қызметтерде болған, елге қадірменді ата-анасына дейін жақсы білетін Төлеген Жаңабайұлы өзі көптен бері басқарып, сәтті шығарып келе жатқан, әрі облыстағы оқырманы көп газетінің қос бірдей бетіне Мәкең  туралы өзге материалдармен бірге, менің бұрын республикалық мерзімдік басылымда Мәкеңнің шығармашылық тұлғасы хақында жарық көрген мақаламды сол күйінде қайта басып, ортасына Мереке аға мен жұбайы, өзі де қаламгер, баспагер, редактор Гүлсім жеңгей екеуі соның алдында ғана өздері басқаратын баспадан шығарып, Алматыда өткен үлкен тұсаукесерін бүтіндей ақпарат құралдары жарыса жазған қазақ поэзиясының көптомдық антологиясының үлкейтілген фотосуретін бірге жариялап, сондағы мерейтой иесі Мәкеңді де, қаламгер інісі мені де ағыл-тегіл қуанышқа бөлегендігін қайтерсің?!

Бұның бәрі менің осыдан бес-алты жыл бұрынғы ойларым мен сол бір күндердегі естен кетпестей толғаныстарым ғана еді ғой, әйтсе де, мен сондағы медиахолдингіміздің басшысы Жүкеңнің Мереке ағаның мерейтойлық шараларына қатысты тапсырмасын кейін көрнекті жазушы ағаның туған жерінде ойдағыдай-ақ етіп атқардым ғой деп ойлаймын. Сол бір күндерде атақты Каспий теңізімен қолтықтасып жатқан Атыраудағы ауа райы өте бір адам қызығарлықтай-ақ болмады ма?! Апыр-ай, бұндайдағы сәттілік деген де осы емес пе?! Мереке ағаның облыс орталығындағы Махамбет Өтемісов атындағы академиялық Қазақ драма театрында басталған, сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев арнайы қатысып, әдеби-шығармашылық кештің шырайын келтіре сөз сөйлеп, өз кезегінде халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Несіпбек Дәутаев пен Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың иегері Рақымжан Отарбаев өздерімен қатарлас-қаламдас Мереке Құлкеновтың шығармашылық, қайраткерлік-қаламгерлік тұлғасын аша түскен және облыс жұртшылығы өте жылы қабылдаған «Елім деп соққан жүрегі» атты мерейтойлық әдеби-шығармашылық кеші ертесіне белгілі жазушы, публицист, қайраткер, ел зиялысының туған жері Қызылқоға ауданында, сондағы аудандық мәдениет үйінде өзінің қызу бір жалғасын тапты. Қызылқоға облыс орталығынан біраз қашықтықтағы жер екен, бірнеше көлікпен ауданның орталығына барып жеткенге дейін арада бірнеше сағаттай ұзақ жол жүрдік. Жолай бір уақ көліктерден түсіп, таза ауа жұтып, сәл тыныстағандай болдық. Осы кезде де кешегі кештегі облыстық қазақ драма театрындағы Мереке ағаның әдеби-шығармашылық кешіне орай, театрдың өнерлі ұжымы ұйымдастырған сахналық қойылым көз алдымнан кетпей: «Қандай үлкен шығармашылық-көркемдік шешім?!» - деймін іштей ризашылық сезіммен.

Шығармашылық кештің өзі «Елім деп соққан жүрегі» деп аталмайтын ба еді?! Ал, атыраулық театрдың талай талантты, ел драматургиясының маңдайын жарқыратқан драмалық қойылымдарды қойып жүрген ұжымы Мереке ағаның шығармашылық мерейтойын оның қастерлі туған жерімен тығыз байланыстырып, өзіндік бір үлкен көркемдік шешімдерге ұластырыпты. Осындағы қасиеті ерекше Атырау өлкесінен шыққан атақты ғұлама-ғалым, әдебиеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы, заманында өз туған Қызылқоғасына деген перзенттік махаббаты мен шексіз сүйіспеншілігін атажұрт, бүтіндей туған елі, туған халқының келешегі, тәуелсіздік жолындағы ұлы күреске ұластыра білген Халел Досмұхамедов пен дәл сол Халел ағаны өмірге әкелген киелі Қызылқоға топырағының түлегі, бүгінгі ел-жұрты мерейлі тойын атап өтіп жатқан белгілі жазушы, публицист, қоғам қайраткері, ел зиялысы Мереке ағаның арасындағы диалог, монолог – атажұрт, тәуелсіздік, туған жер туралы толғаныстар нағыз осы бір күндердегі қалың елдің қызу рухани өмірінің басты бір өзегі де емес пе?!

Осы бір күндерде Мереке ағаның: «Халел ағамыздың алып тұлғасында әлі де ашылмаған сырлары көп! Ол Тәуелсіздік үшін сонау 20-шы жылдары-ақ  жан-тәнімен беріле күрескен дара тұлға болатын! Халықтың тәуелсіздік туралы тәтті арманын уыстан шығарып алмау жолында жан беруге дейін даяр болған еді ғой!» - деп айтқандары да есімізде. Мереке аға сонау тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өзінің ағымдағы жазып жатқан дүниелерінің бәрін жиып қойып, жүрегі «Тәуелсіздік» деп, халық жүрегімен бірге соққан қайраткер, ғалым, әдебиеттанушы Халел Досмұхамедовтың таудай тұлғасы мен шығармашылығын, соңына қалдырған рухани мұрасын көп зерттеп, көп еңбектенген болатын.

Біз өз басымыз осы келе жатқанда, енді кешегі облыстық драма театрдың сахнасынан дәл бір өмірдің өзіндей-ақ етіп көрсетілген, сондағы зал толы жұртшылық қуана қол соққан диалог-монолог түріндегі қойылым-ізденіс, қойылым-толғаныстың заңды бір жалғасын да көруге бара жатқандай едік. Кейін шынымен солай болды демеске де амалым жоқ, қызылқоғалықтар кезінде өз орталарынан түлеп ұшқан белгілі жазушы, публицист, профессор, әдебиеттанушы, қайраткер ағамызды өздерінің қалайша жақсы көретінін оны аудан орталығына жақындап қалған тұстағы құлпырған қыр төсінде алдынан осыншама әндетіп шығып, құрақұша қарсы алғандығынан-ақ көріп, өзіміз де қатты бір қуанысып қалдық. Аудандық мәдениет үйінің жарық та, кең залының іші оқырман-жұртшылыққа лықа толы. Мерейтой иесі Мереке аға сахна төрінде отыр. Әдеби шығармашылық кеш болғасын, сөз реті келгенде, Алматыдан арнайы келген қонақтардың арасынан мен сахнадағы мінберге көтеріліп: «Біз үлкен қаламгер, қайраткер, ел зиялысы Мереке ағаның Алматыдағы әдеби ортада бірге жүрген қаламдас-інілері болғандықтан, әрі көп жылдар бойына Мереке ағаның «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамындағы «Ана тілі» ұлт апталық газетін үлкен шеберлікпен басқарып, бертінде сол үлкен медиахолдингтің басшысы болғанда, қарамағында қызмет жасағандықтан да, жақсы білеміз, Мереке аға өзінің туған жерін шексіз жақсы көріп, осындағы жерлестерін үнемі қатты сағынып, соның бәрін кереметтей қылып, осыншама қызықтыра айтып жүретін. Әлгінде ғана біздің шеру тартқан көліктеріміз Қызылқоғаға жақындап қалғанда, Мереке аға көлікті арнайы тоқтатып, жерге түсіп, желге түтіліп, осыншама жайқалып тұрған бір уыс жусанды жұлып алып, жұпар иісін сіміре жұтқанда: «О, Туған Жер! Сен неткен қасиетті едің?! Сенің өз туған перзенттеріңді ұдайы дәл осылайша сағынып, үнсіз аңсай күтіп, соңыра солармен шүйіркелесіп, ағыл-тегіл сыр бөлісуге асығып жататындығыңның басты бір сыры да осында екен ғой!» - деп, біздің өзіміз де қатты тебіреніп, зор толғанысқа бөлендік. Мереке аға да сондағы ұзақты жолда өз туған Қызылқоғасы, осынау қастерлі туған жердегі байырғы жерлестері, ең сүйікті деген оқырманы осы отырған сіздерге жеткенше асыққан екен ғой!» - деп едім, Мереке ағаның шығармашылығы мен сағынышына деген құрметтері шығар, сондағы жағалай отырған жұртшылық дүркірете қол соқты.

Қызылқоғалықтар өз орталарынан шыққан көрнекті жазушы, қайраткер, ел зиялысы, әрі өзі қайда, қандай жауапты қызметтерде жүрсе де, өзінің туған Қызылқоғасына әрдайым қол ұшын созып, жәрдемдесуге даяр тұратын Мереке ағаны сол жолы аялаудай-ақ аялады. Сол қастерлі туған жері Қызылқоға өзінен бұрынғы өткен алыптарды ардақтап, солардың бүгінгі өмірдегі ізін әрі қарай жалғастырып, өзі де шығармашылық, зиялылық биігіне көтеріліп отырған Мереке ағаның мерейтойлық шаралары аясында, аудан орталығы Миялының іргесіндегі атақты Мұрат Мөңкеұлы мен Халел Досмұхамедовтың іздері қалған Ойыл өзенінің бір жасыл желекті, тыныш жағалауына киіз үй тігіп, сондағы кең жайылған дастарқан басындағы жерлес-зиялылардың ортасында өзінің туған жер, өскен орта, арғы-бергідегі өнегелік жәйттер, туған жерден түлеп ұшқан тау тұлғаларға қатысты өзіндік зерттеулері, әр жылдарда шаң басқан мұрағат қоймаларынан іздеп тапқан аса құнды дерек-мәліметтері, алдағы шығармашылық жоспарлары, әлі де уақыт тауып, көсілте жазатын дүниелері хақындағы ойларын ашық ортаға салып, емін-еркін сыр ағытуына да қолайлы жағдай жасады. Осы жерде Мереке аға бір тек өзінің мерейтойлық шараларымен ғана шектеліп қалмай, елдегі көптен бері кең ауқымда жүргізіліп келе жатқан мәдени, рухани бағдарламалар, солардың бәрі тәуелсіздік шежірелерімен тығыз байланыстырылып келе жатқандығы, бүгінгі әдеби үрдіс, бұрынғы өткен алыптардың рухани мұралары, қатарлас-қаламдастары, тұтастай алғанда, шығармашылықтағы әр тұрғыдағы іргелі ізденістердің бар екендігі, ел журналистикасы, бұл бағыттағы зерттеу-зерделеулер, жетісіктер мен іркілістер, сонымен бірге тәуелсіз еліміздің жаны, рухы, сөлі болып отырған мемлекеттік тілдің үнемі еліміздің қоғамдық өмірімен бірге жаңарып, бірге жаңғырып, одан әрі тағы құлпыра түсіп, қоғамдағы қолданыс аясының да еш кедергісіз кеңейіп, дами беретіндігі хақындағы талайғы толғанысты ойларын да алға тартты.

Бұндай қастерлі сәттер, сірә, естен шығып, ұмытылар ма?! Сен енді кезінде алыптардың қасында жүрген, солармен үнемі үзеңгілес болған қайраткер-қаламгер Мереке ағаға қарайсың да, өзіне тағы да сүйсініп, тіптен-ақ қызыққандай боласың. Сирек кездесетін болмыс-бітім, өйткені, оның өн бойында тар кезеңде өз туған халқына қорған, рухани сүйеніш, демеу бола білген ұлы ақын-жырау Мұрат Мөңкеұлы мен заманының заңғар тұлғасы, ардақты алаш қайраткері, ғұлама-ғалым Халел Досмұхамедовты өмірге әкелген қастерлі топырақтың да ыстығы бар. Сол ұлы қасиеттің жылуы мен ыстығы бүгінде қайраткер-жазушы, ел зиялысы Мереке ағаның шығармашылығы мен қоғамдық өмірдегі елеулі қызметі арқылы бүтіндей қалың қазақ ортасы, қазақ қоғамына да сезіліп-ақ отыр емес пе?! Сол жолы біз Мереке ағаның туған, өскен, ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленген, өзінің бүтіндей балалық бал дәурені өткен, алғашқы мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ Миялыдан шығатын аудандық газетке мектеп, ауыл өмірінен және ең алғаш өз ауылдастарын басты кейіпкерге айналдыра отырып, балаң мақала, суреттеме, репортаж, этюдтер мен өлеңдер жазып, ең алғаш «бала жазушы» деген аты шыға бастаған Қарабау ауылында болып, сондағы мейрамханалардың біріне кең жайылған қонақжай дастарқанның басында қайраткер-жазушы ағамыздың ауыл ақсақалдары, кезінде ел басқарған, бүгінде ауылдың егде жастағы ең бір сыйлы, қадірменді зиялы тұлғалары болып отырған ардақты да аяулы жандардың батасын алып, осындағы бір мектепте, бір класта бірге оқыған талайғы қатар-құрбыларымен шүйіркелесіп, Алматыға көңілі тіптен-ақ марқайып қайтқандығына куә болғандығымызға арада тағы талай жыл өтіп, өмірде, адам тағдырында тағы талай өзіндік іздерін де қалдырыпты-ау.

Зымыран уақыт деген де сол екен ғой! Одан бері Мереке аға тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еңбектен қол үзбей жүріп, өз қолымен құрған, әрі ең алғашқы үлкен еңбек, әрі асқан жауапкершілікпен басып шығарған, бірақ, текстері сол тұстағы Алматыға жаңадан келе бастаған «ЭВМ»-нің жалпақ клавиатураларымен теріліп, қашан баспаханаға өткізгенге дейін өзі де сан рет оқып, сондағы әрбір үтір, нүктесіне дейін мұқият қадағалап, ал соның ең алғашқы бір беташар данасын көріп, қолына ұстағанда, кәдімгідей-ақ балаша қуанған дүниесі ғұлама-ғалым Халел Досмұхамедовтың «Исатай – Махамбет» атты тарихи-әдеби зерттеу кітабы болған «Өлке» баспасы бертінде қазақ әдебиетінің талайғы көрнекті тұлғаларының, соның ішінде ұлттық әдебиетіміздің ұлылары, ардақты алаш тұлғаларының рухани мұралары мен тәуелсіздік дәуіріндегі небір соны сипатты, жоғары көркемдік сападағы әдеби, қоғамдық-саяси туындыларын көптеп шығарып, отандық баспагерлердің арасында және халықаралық кітап көрмелерінде де талайғы толағай табыстарға жетіп, қайраткер-жазушы, ел зиялысын ел-жұрттың алдында жаңа бір қырынан танытып, мерейін тіптен-ақ үстем ете түскендіктері ше?! Сондай кезде де, сен оның өзінше шаттанып, масаттанып, не сол тұрғанда, өзінің өзгелерден әлдеқайда жоғары, тым биікте тұрғандығын сездірткендігін еш көрмейтінсің.

Оның бойында былайғы көп жұрт байқай бермейтін бір үлкен тектілік бар. Ол қазір де сол баяғы өзінің қарапайым ғана қалпы, сол баяғы өзінің келер күн, келесі бір іргелі шаруалардың қамын әлден-ақ ойлап, алда да өз шығармашылық биіктерінен көрінуге бағыт ұстағандығын ғана байқайтынсың. Парасат биігіндегі Мереке аға соңғы бірнеше жылдан бері заманында Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменов сынды алыптар басқарған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы басшыларының бірі болып жүріп те, қазақ жазушылары армиясының тәуелсіздік рухында, ұлт мүддесі, қазақ халқының жаны, рухы, ішкі бар әлемін жарқыратып көрсетуге бағыттаумен келеді. Осыдан аз ғана жыл бұрын, Есілдің бойындағы Елордамызда Азия жазушыларының тұңғыш құрылтайы жоғары деңгейде өткізіліп, оған Азияның ең мықты деген ақын, жазушы, драматург, сыншыларының белсене қатысуы мен Қазақстан Жазушылар одағының тарапынан қолға алынған тағы қаншама іргелі іс-шараларда да Мереке ағаның анық қолтаңбасы жатыр. Оның соңғы біраз жылдардан бері Атырауда Мемлекеттік Гимннің авторы, классик ақын Жұмекен Нәжімеденовтің атында көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық деңгейдегі сынақ-байқауын тұрақты түрде өткізуге басшылық жасап келе жатқандығы ұлттық әдебиетіміз бен жас таланттарға деген бір үлкен жанашырлығы мен қамқорлығының айқын белгісі емес пе?! Ал, көркем әдебиет, қызу әдеби үрдіс оның шығармашылықтағы ең үлкен құзыры және ең басты стихиясы да екендігі елге мәлім. Осыншама асыл тұлға, ел зиялысы десек те, тәйірі-ау, оның өзі де әліге дейін елдегі сол көркем әдебиет, қызу әдеби үрдістің бел ортасындағы талайғы биіктерден көрініп келе жатыр емес пе?! Оның «Жібек жел» және «Біздің қоғам» атты кітаптары бүгінде тіптен-ақ қолдан түспейтін дүниеге айналды. Мереке ағаның шығармашылығы мен шығармашылық тұлғасына әр жылдары ұлттық әдебиетіміздегі Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қажығали Мұқамбетқалиев, Дүкенбай Досжан, Смағұл Елубаев, Темірхан Медетбек, Марат Мәжитов, Бейбіт Қойшыбаев сынды алдыңғы толқын ағалар мен Кенжеболат Жолдыбай, Құлбек Ергөбек, Жұмабай Шаштайұлы, Рақымжан Отарбаев, Нұрдәулет Ақыш, Қуаныш Жиенбай, Қуандық Түменбай, Қали Сәрсенбайдай қатарлас-қаламдастары жоғары бағаларын беріп, өздерінің жүрекжарды сөздерін арнады. Жо-жоқ, бұл ретте кезінде «Жалын» әдеби журналы, «Ана тілі» ұлт апталық газетін басқарып, талайғы көзі тірі классиктермен тығыз қарым-қатынас жасаған білікті басшы болғанмен, өзі де айтулы талантты тұлға ретінде талайғы жас дарындарға дер кезінде дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар берген, оның сыртында, қазақ прозасының алыбы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ең бір сенімді қаламгер інілерінің бірі болып, әлемдік деңгейдегі проза шеберімен бірігіп, тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ әдеби кеңістігінде «Таң-Шолпан» атты әдеби-көркем журнал шығарып, жаңа заман, жаңа кезеңдегі ұлттық әдебиетімізді өрістетіп, әдебиет керуеніндегі көш-көлікті жаңа бір белестерге қарай жетелей түсуге өзінше үлес қосқан Құлкеновты өзгелердің өз ұстанымынан айнытып, өз ықтиярына қарай көндіруі тіпті де мүмкін емес-ті. Оның әдебиеттегі өз табанды ұстанымдары мен терең пайымды көзқарастары да баршылық. Ол бұндайда дәл сол алып Әбдіжәміл Нұрпейісовтың өзі, не сол атақты Нұрпейісовты елден бұрын, баяғыда-ақ классик жазушы деп атаған, өзі де сол көзі тірісінде-ақ әдеби ортада классик жазушы атанған Әбіш Кекілбаев пен поэзия алыбы Фариза Оңғарсынова сынды өз ұстанымдарында қасқайып қатып қалатын.

Күні кешегі әсем Алматымыздың алтын күздің нұрымен шырайланып, таңғажайып жұмбақ сырға толы көріністері алып тау бөктерінде ертегідей-ақ болып құлпырып тұрған күндердің бірінде Мереке аға жетпіс деген жігерлі жасқа толды. Өмірдің жеті асу, жеті бірдей үлкен белесінен абыроймен өткен көрнекті жазушы, қайраткер-зиялы тұлға әлі де тың, әлі де өзінің шығармашылық, зиялылық-қайраткерлік биігінде нық тұр. Республикалық деңгейдегі әдеби-көркем журналдарды жоғары көркемдік деңгейде шығарып, елдегі әдеби үрдістің ұйытқысы болудағы бай шығармашылық іс-тәжірибесі бар Мереке аға бүгінде кезінде алаш арыстары, яғни ұлттық әдебиетіміздің көшбасшысы болған алыптардың талайғы талантты, бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде де ел игілігіне айналып отырған аса құнды рухани мұраларын шығарған, бүгінгі тәуелсіздік дәуірінде де ұлттық әдеби үрдістің ең басты бір ұйытқысы болып, көш бастап келе жатқан және кезінде ұлттық әдебиетіміздегі талайғы алып тұлғалар басқарған «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының Бас редакторлығы қызметін де жемісті атқаруда. Мереке аға кезінде ұзақ жылдар бойына республикалық «Жалын», «Таң-Шолпан» әдеби журналдарын, «Ана тілі» ұлт апталық газетін және тәуелсіздік журналистикасының бойтұмарындай болған «Қазақ газеттері» ЖШС-ін басқарғанда, талай ондаған жас таланттарды әдебиетке әкеліп, жаңа кезеңдегі ұлттық журналистикамызда өзіндік мектебін қалыптастырып, тағы талай талантты жастардың өнер мен мәдениеттің әр саласында өзіндік орындарын табуына молынан мүмкіндік жасады.

Құлкеновтың қасиетті қаламынан талай асыл туындылар өмірге келіп, туған халқының рухани игілігіне айналды емес пе?! Ал оның қамқорлығы мен жанашырлығына бөленген ұлттық мерзімдік басылымдар мен шығармашылық бай тәжірибесі, қаламгерлік шеберліктерінен тәлім алған қаламгер-шәкірттері шетінен мықты деуге болады. Көрнекті жазушы, қайраткер-зиялы тұлға ұлттық әдебиетіміздегі бұрынғы өткен алыптардың бір ұлы мұрасындай-ақ болып қалған «Жұлдыз» журналының маңдайын жарқыратады деп кәміл сенім білдірсек жарасар еді. Сөз жоқ, әдебиетіміздегі бұрынғы өткен сол алыптардың ізін лайықты жалғастырып отырған Мереке аға киелі қаламын әлі де суытпай, өзінің оқырманын үнемі тек бір қуанышқа ғана кенелтумен келеді. Гүлсім жеңгей екеуінің ұрпағын өсіріп, немерелердің шаттығына бөленген қуанышы өзінше бір төбе. Қайраткер-қаламгер ағаға тек осынау өмір атты бәйгеде әлі де ұзақ шауып, шығармашылықта әлі де кейінгілерге өлшеусіз үлгі-өнеге болатындай биік межелерден көріне беруді және зор денсаулық, отбасына амандық, береке тілейміз.

Парасат биігі – руханият әлеміндегі ең бір биік шың. Оның да мына біздің алып Алматымыздың іргесіндегі ұлттық әдебиетіміздегі небір рухани жәдігерліктерде талайғы ғажайып көркем бейнесі жасалған, әлемге де сол бір асыл бейнесі тұрғысындағы қалпымен танытылып келе жатқан ақ тақиялы алып Алатауымыз сынды, төменнен басталатын өз сүрлеу-соқпақтары, өз шырқау биіктері, өз ішкі әлеміндегі өзіндік бір мүлім бағы мен иір-иір бұтақтарының үстінде бұлбұлдары тынымсыз сайрап отыратын саялы ағаштары тағы жетерлік-ақ.

Бәлкім, бүгінгі біздің ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ел-жұрт болып іздеп, әлі де өзінің терең қайнарларына, арғы дәуірлердегі халықтық дәстүрлерімізбен астасып, соншалықты біте қайнасып жатқан тағы талайғы құпияларын табуға осыншама жан салып жүрген рухани игіліктеріміздің бір үлкен тамыры да сол бір парасат биігі, парасат әлемінде жатпасына кім кепіл?!

Әр таңда алып Алатаудай болып жарқыраған сол биікті көрген сайын, сенің өзің де Мереке ағалардың соңынан еріп, сол бір үлкен сүрлеу-соқпақтың етегінде келе жатқандай-ақсың ғой! Парасат жолы парасат биігіне ғана бастайтын ұлы жол екенін сен де осындайда тереңірек ұғына түсетіндейсің.

Серікқали  ХАСАН,

жазушы, журналист, Қазақстан

Жазушылар  одағының мүшесі,

«Ақиқат» журналының бөлім  редакторы

1258 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

AQIQAT №9

28 Қыркүйек, 2023

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы