• Заманхат
  • 31 Тамыз, 2022

«Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс...»

Мұрат Мөңкеұлы шығармаларында қазақ тарихына байланысты аса маңызды деректердің көптігі туралы кезінде С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиевтермен қатар ұлы ақынның шығармашылығын кейінгі зерттеушілер Б.Омаров, Ж.Бақи, Ш.Нағымұлы сынды ғалымдар өз еңбектерінде атап көрсеткен болатын.

Профессор  Х.Досмұхамедов 1924 жылы Ташкент қаласында бастырып шығарған «Мұрат ақынның сөздері» атты кітабының алғы сөзінде «Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды. Мұрат – бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын» – деп жазған еді [1].

Шындығында,  Мұраттың «Үш қиян», «Сарыарқа», «Шалгез», «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Орақ-Мамай» т.б. толғаулары мен дастандарында қазақ халқының 5-6 ғасырлық тарихы асқан шеберлікпен баяндалады. Оның жырларындағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер, су, қоныс, жайылым, өріс, құдық аттары – әлі күнге дейін игерусіз жатқан асыл мұра.

Мысалы, Мұрат ақынның  аталған толғауларында қазақ тарихына байланысты «Жеті жұрт» ұғымы кездеседі. Ақын «Жеті жұртты»  халықтар мен елдерге теңейді. 

Мысалы, «Үш Қиян» толғауында:

«Жеті жұрт кеткен жер,

Көшіп талақ еткен жер,

Сол секілді неткен жер?

Адыра қалғыр Ақ Жайық,

Көпір салып өткен жер»,

дей отырып, Жеті жұрттың көшіп кетіп қалғанын айтады. Жеті жұрт бұл – жеті хандық па? Жеті жұрт ақын жырлауы бойынша: Еділ, Жайық, Маңғыстау аралығын мекендеген. Жеті жұрт ұғымын тек осы толғауда ғана  емес, «Сарыарқа» толғауынан да кездестіреміз.

«Бұл қоныс жеті жұрттан қалған қоныс,

Ноғайдың көшіп талақ салған қоныс.

Қазтуған, Асан қайғы, Орақ, Мамай

Біз түгіл, солардан қалған қоныс» [2] – деп жырлайды. Ақынның осы толғауын оқып отырғанда, жеті жұрттың жетеу емес алтау деген өлең жолы да кездеседі.

«Бұл жерден дін мұсылман жеті кетті,

Біреуі екі келіп, екі кетті.

Бұл жұрт жетеу емес алтау екен,

Біреуін екі санап жеті депті.

Әуелі осы жерден ноғай кетті,

Баласы мұсылманның нобай кетті.

 Қазтуған, Асан Қайғы, Орақ Мамай,

Әрі асып Тесіктаудан солай кетті.

 Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,

Өзіне ерген жұртын алып кетті», – деген ұлы ақынның жыр жолдарында   үлкен тарихи мәліметтер бар [3]. Ақын бұл жерде астанасы Сарайшық қаласы болған Ноғай Ордасының өмір сүргенін айта келіп,  ноғайлар мен қазақтарға ортақ тарихи тұлғаларды баяндайды. Шындығында, Қазтуған жырау әуелі Жайық бойын мекендеп, кейін басқыншылардың тегеуіріне шыдай алмай бұл өңірден Еділ бойына көшуге мәжбүр болады. Сол сияқты ноғайлы батырлары Телағыс, Сидақ,  Орақ, Мамай мен Жетіру Таманың батыры Нәрік және оның ұлы Шора батыр да осы жерден өзге өңірге көшіп кетеді. Мұрат ақынның «жеті жұрт» туралы деректеріне байланысты белгілі  драматург Берік Қорқытов: «Алтын Орда хандығында мекен еткен негізгі ұлттар, бүгінгі тілмен айтқанда түрікпен, өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт. Басқалары көшіп-қонған жерлерінде қалып қойып, қазақтың ескі жұртына екі келіп, екі кетуі де ғажап емес», – дейді [4].

1990 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің 14 қыркүйектегі санында Ш.Құдайбердіұлының «Қазақтың қайдан шыққаны» деген еңбегі жарияланды. Еңбекті Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз һәм қазақ хандары» деген 1911 жылы Орынборда басылып шыққан кітабынан алып жариялатқан жазушы-ғалым Қ.Мұхамеджанов болатын. Сол еңбегінде Шәкәрім былай деп жазған: «Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда барша Жошы ұлысы өзбек атанып, онан кейін Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханынан бөлінгенде қырғыз-қазақ атанған елміз. Ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықшы өмірге кіріп, әр жерге барып, бірталайы ноғай, башқұрт атанып, бірталайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында қазақ деген ат бізде қалған». Олай болса Мұраттың жеті жұрт туралы деректері тарихи шындық.

Мұрат шығармаларында 150-ге жуық жер, су, қала аттары, 300-дің үстінде адам аттары кездеседі. Олардың әрісі  XIV-XV ғасырларда, берісі XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген адамдар мен оқиғалар. Мәселен,  Мұраттың «Үш қиян» толғауында Нәрікұлы Шора батыр туралы жиі айтылады.

Шора Нәрікұлы, Шора батыр – (туған жылы белгісіз – 15.8.1546, Қазан қаласы) батыр, тарихи тұлға. Кіші жүздің Жетіру тайпалық бірлестігінің Тама руынан шыққан. Оның шығу тегі жөнінде шежіре-аңыздар көп, сондай-ақ «Шора батыр» және «Нәріктің ұлы Шора» атты жыр-дастандар халық жадында сақталып, хатталған. Осы әдеби мұралар мен орыс жылнамаларында ХV-ХVІ ғасырларда Тама руының Қазан қаласы маңын жайлағаны баяндалады. Туысқан татар халқы да  Шора Нәрікұлымен оның әкесі Нәрік ханды Қазан қаласының тарихында елеулі із қалдырған қаһармандар ретінде таниды. Олар өмір сүрген кезең айбынды Алтын Орда мемлекеті ыдырап, Еуразия кеңістігінде бір-бірінен оқшаулана бірнеше мемлекеттік бірлестіктер – Қазан, Ноғай, Астрахан бой көтерген бұлағай уақиғаларға тұтас келді. Әсіресе, Қазан билеушілері күш біріктіріп, қуаты кемелдене бастаған Мәскеу патшалығына жартылай тәуелді күй кешіп отырған еді. Шора Нәрікұлы осы кезде тарих сахнасына шыққан.  Ол туысқан татар халқының Ресей патшасы  Иван Грозныйға қарсы ерлік күресіне қатысқан Жетіру Таманың әйгілі батыры. Қазіргі кезде Қазан және Орал қаларында Шора Нәрікұлына көше аты берілген. Қазақ шежіресі бойынша Шора Нәрікұлынан Шотқара, Есенгелді, Жабал, Жөгі өрбиді. Ал Есенгелдіден Аташал, Аташалдан Торым, Одан Базарқұл, Базарқұлдан Көкі, Көкіден атақты Есет тархан туады [5].

Мұрат ақынның тағы бір кейіпкері – Асан қайғы Сәбитұлы. «Үш Қиян» толғауында мынадай жолдар бар:

Ақтөбе мен Қорғанша

Асан қайғы бабаның

Қызыл тастан үй салдырып,

Он жыл тұтас отырып

Әңгіме құрып кеткен жер.

Асан қайғы тұрған Қорғанша қаласы XV ғасырда  Қызылқоға ауданының аумағында бой көтерген еді. «Үш Қиян» толғауында Асан қайғының Атырау өлкесінде Қорғанша қалашығында қызыл тастан үй салдырып, он жылдай мекен еткені жырланады. Кейін жұртты бастап, Тесіктаудан өтіп жөнелді дейді.

Асан қайғы Сәбитұлы – (XIV ғасырдың ақыры – XV ғасырдың басы) мемлекет қайраткері, ақын, жырау, би, философ. Ол Керей мен Жәнібек хандардың ақылшысы болған. Әкесі Сәбит Арал өңірінің Сырдария жағасын мекен еткен. Қызылорда облысы Шиелі ауданында «Жеті әулие» қорымындағы Асан ата кесенесі Асан қайғы мазары делінеді.

Асан қайғы заманында Алтын Орда ыдырап, оның орнына Қырым, Қазан, Өзбек хандықтары пайда болды. Ноғай ордасы тарап, Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуы хандықтар арасындағы қым-қиғаш талас-тартысты аласапыран кезеңмен тұспа-тұс келді. Асан қайғы қазақ халқының  ұсақ хандарының басын біріктіріп, іргелі ел етпек болған Керей, Жәнібек сұлтандарды жақтайды. Шу мен Арал аралығында Қазақ Ордасы құрылған кезде Асан қайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады [6].

Мұрат ақынның «Қазтуған» жырында Қазтуған жыраудың Жайық пен Еділ арасын, Тайсойған мен Қарабау өңірлерін, Қабыршақты мен Қарасуды, Дендерден бергі баурайды мекен еткенін айтады. Қазтуған елді өзге жұрттың алатынын, олардың Еділ мен Жайыққа қала тұрғызатынын, Еділді алғаны – елді алғанын, Жайықты алғаны – жанды алғанын, Ойылды алса – ойды алғанын қайғылана жырлайды. Елді ынтымаққа, бірлікке шақырады.

Қазтуған Сүйінішұлы – (шамамен XV ғасырда өмір сүрген) жырау, жорық жыршысы, қазақ эпосын жасаушылардың бірі.

Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалған. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиеті тарихынан орын алуына себеп, негіз болады. Қазтуған жырлары алғаш рет Ғ.Мұштақовтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген кітабында басылған. Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген [7]. Ноғайлының батырлары Жаңбыршыұлы Телағыс, Айсаұлы Әнет, Қараұлы Сидақ  жөнінде Мұрат Мөңкеұлының «Сарыарқа» толғауында бірнеше рет қайталанып кездеседі.

XVIII ғасырдағы  өлке тарихы үшін аса маңызды мәліметтер  тағы сол  Мұрат Мөңкеұлының   «Үш Қиян», «Сарыарқа» толғауларынан табылады. Әсіресе, бұл толғауларда Кіші жүз  өңірін қалмақтардың шабуылынан босып кеткен халықты азат етіп, XVIII ғасырда өз табандарына Сыр бойы мен Қаратау өңірінен қайтадан орналастырған Есболай бидің ерен ерлігі кеңінен баяндалған.  Есболай – заманында атақты бай болған, байлығын ел игілігіне жұмсап, сонымен аты қалған. Руы Беріш, оның ішінде Қаратоқай. Ата тегі былай таралады: Беріштен Байсейіт, одан Тілес, одан Қаратоқай, одан Аңдағұл, одан Айболат, одан Есболай. Осы Есболайдан атақты Итемген батыр туады [8].

Құлсары-Атырау тас жолымен 50 шақырым жүріп, шығысқа бұрылғанда 12 шақырым шамасында, биік төбенің басында орналасқан Бекбике қорымында Есболай батырға қазіргі ұрпақтары 2016 жылы әдейі бес бағанадан тұратын зәулім кесене орнатып, оларға Есболайдың бес баласы – Итемгеннің, Көтеннің, Күшіктің, Мәйменнің, Қоныстың  аттарын ойып жаздырған болатын.  Есболай ұрпақтары өз әулетінің ізгі дәстүрлерін қатаң ұстанғанының арқасында кемінде жеті атасына дейін батырлық, шешендік, билік, байлық үлгісі үзілмей жалғасып келгені анық. Әсіресе, Есболайдың тұңғышы Итемгеннің өлке тарихындағы  орны ерекше. Оның балалары ел арасында «Итемгеннің бес бөрісі» атанған.

Итемгеннің Қарасы – Сырым заманында патшаның отарлау саясатына белсенді қарсылық көрсеткен тарихи тұлға. Қараның Есеті – белгілі би, ақын, жырау, алшынның танымал үш Есетінің бірі, Мұрат ақынның ұстазы. Есболай ұрпақтары – жоңғарлармен, Маңғыстау түбегі үшін түрікпендермен болған қанды шайқастарда ажалға қас қақпай тура барған ерлер. Есболайдың шөбересі Құлбарақ – Маңғыстауда түрікпен шапқыншылығына тойтарыс беруде өмірін сарп еткен тұлға, оның бассыз денесі Тигенде жерленген, Маңғыстаудың 362 әулиесінің бірі, ал кескілескен соғыста түрікпендер алып кеткен басы өзге елде, Хиуаның Ишан-қала аталатын бөлігінде, Пахлаван-Махмуд кесенесінің қасына жерленіп, «Бас әулие» атанған. Бұл екі жер – үлкен қасиетті орындар. Оларға халық зиярат қылып, құрбандық шалады.

Жылыой ауданының 80 жылдығына арналған  жылнамасында Есболай жөнінде мынадай дерек берілген: «XVIII ғасырда  ту ұстап, қол бастаған батыр, әділ би, «Ақтабан шұбырынды» жылдарында халықты тығырықтан алып шыққан айтулы тұлға. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Қаратау мен Сыр бойларына ығысқан Кіші жүз тайпаларын Үш қиянға қайтарып, әр ру, ұлыстарға қоныс бөліп бергендердің бірі. Есболай есімін бұл күндері Әбіш Кекілбайұлы, Берік Қорқытов, Құрал Тоқмырзаұлы, Өмірзақ Озғанбаевтардың шығармаларынан кездестіреміз. Сүйегі біздің ауданымызда, Бекбикенің шығыс бетінде, «Есболай-Ақкөл» атанған жерде.

Есболай есімі негізінен Байұлы қауымдастығына жер бөліп беріп, Үш қиянға қайта қоныстандыруға байланысты  белгілі болған еді.

XVI ғасырдан бастап Кіші жүзді мекендеген Байұлы, Әлімұлы, Жетіру жұртшылығына аса қауіпті, қатыгез жаумен қиян-кескі соғыс жүргізуге тура келді. Осы кезеңде Қытай бодыхандарының тепкісіне шыдай алмай, Еділ мен Жайыққа қарай жөңкілген құба қалмақтары Кіші жүзде бейбіт өмір кешіп жатқан қазақ руларына тұтқиылдан шабуыл жасай отырып, оларды ата қонысынан бас сауғалап, Сыр бойы мен Қаратау өңіріне көшуге мәжбүр  етті.

XVIII ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, жоңғарлармен болған шешуші ұрыстарда басымдық алған қазақтар ескі қоныстарына орала бастағаны тарихтан белгілі.  Ата қонысын қалмақ басқыншыларынан азат ету жолындағы күрестің басында Кіші жүздің әйгілі батырлары Беріш Қаратоқай Есболай, Адай Жары Шотан, Кете Әжібай болған. Бұл туралы Мұрат Мөңкеұлы «Сарыарқа» толғауында былай дейді:

Бұл жерге сонан қайтып қазақ қонған,

Әдіра талай жұртқа азап болған.

Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы

Бойына Үш қиянның қарап қонған.

Екі адам қарай шыққан ауылынан,

Кеңесіп Әлімұлы, Байұлынан.

Көзіммен көргенім жоқ ешбіреуін

Естимін бұрынғының дабылынан.

Есболай, Кете Әжібай қарай келген,

Қасына батыр Жары Шотан ерген.

Әжібай Сарыарқада қыстап қалып,

Керелді Есболай бай белгілеген [9].

Оның үстіне бұл жерлерді торғауыт қалмақтары, ал Маңғыстауды түрікпендер иемденіп отыр еді. Сондықтан, Кіші жүз халқының бұл көші кескілескен ұрыс жағдайында өтті. Ол кезде әрбір ру, тайпалардың өздерін қорғайтын күштері, жасақтары болғаны ақиқат.

Осыншама ірі қауымдастықтарды шашау шығармай, ру жіктерін ажыратпай құс қанаты талатын алыс мекенге қайта қоныстандыру тек Әжібай, Арал, Сәңкібай, Назар, Есболай, Шотан сынды сандаған саңлақтардың ғана қолынан келді. Сөйтіп, ел алдындағы ерен еңбектері еленіп, тарихта мәңгі аттары қалды. Олардың құдандалы-жекжаттығын айтпағанның өзінде, жолдастық қатынастары мықты болған. Халық үшін қалтқысыз қызмет ету барысында топтасып, достасқан сыңайлы. Бір-бірінен ұзақ ажырамай, үзеңгілес, жорықтас, қоныстас өмір сүріпті. Олардың мәңгілік тыныс тапқан жерлері де соны дәлелдеп тұр. Бәрі де осы Жем атырабында жатыр.

Есболай қисапсыз бай болған, Арал бойындағы Борсық құмын, Маңғыстауды, Жем, Сағыз, Ойыл бойын Дендерге дейін еркін жайлапты. Жазушы Құрал Тоқмырзаұлының мәліметі бойынша, Әжібай, Есболай ауылдары 1749-50 жылдары қос өзен аралығын, яғни Нарынды бірнеше рет қыстап шығыпты. Патшаға арыз жазыпты. Бірақ, оң жауап болмаған соң, баса-көктеп кірген сыңайлы. Орыс отарлаушыларымен қақтығыс Есболайдың жер қайысқан малын Жайықтан әрлі-берлі өткізгенде орын алыпты. Ол туралы Әжібай, Есболай аттары орыс құжаттарында жеткілікті сақталған. Қысқасы, 1801 жылы патша Бөкей ханға қос өзен аралығын мекендеуге рұқсат етуін, оның жомарттығы емес, бұл өңірден қазақтардың қандай жағдайда да айырылмайтындығына көзі жеткендіктен деп түсінген жөн.

Сөз жоқ, Әжібай, Есболай, Назар, Шотандар Маңғыстауды мекендеушілердің де басында тұрды. Маңғыстау үшін болған қақтығыстарға Есболай ұрпақтары белсене араласты. Оның немере-шөберелері Құлбарақ, Батырбек, Жапарберді, Жұматай, Көбек, Байтөбет, Кебіс, Құлшарап – сол қанды шайқастардың кейіпкерлері. Есболай мен оның ұрпақтарының ерлік дәстүрі Әбіш Кекілбайұлының «Дуадақ қонған боз төбе» еңбегінде жан-жақты қамтылған. Бұл шығармадан Есболайдан бастап, жоғарыда тоқталып өткен Итемген, Қара, Есет есімдерін кездестіруге болады. Ал, Есболайдың жеке басының еңбегі де оның қандыкөйлек жолдастарының қатарында жоғары бағаланыпты. Ол туралы Әбіш Кекілбаев былай деп жазған: «Ал Есболай, Әжібай, Есек, Атақозы, Шотан, Бердібектердің асқан ерлікпен және табандылықпен Маңғыстауды қазақ қауымына қайта қайтаруы талайлардың талайдан бергі арманы еді» [10].     

Мұрат Мөңкеұлы жырларында кездесетін тағы бір тарихи тұлға – Саржала батыр.

Қашқанда қазақ ұлы Сейілханнан

Мінгесті Саржалаға сіздің Төлек.

ХVІІІ ғасырда өмір сүрген, өлкемізде орыс отаршылдарына қарсы белсене күрескен батырларымыздың бірі – осы Саржала. Оның азан шақырып қойған шын аты – Өмірзақ. Сырым Датұлы көтерілісі уақытында көтеріліске қосылып, әскердің айбынды қанаттарының біріне айналған.

Профессор М.Вяткин «Сырым батыр» деген еңбегінде XVIII ғасырдың соңғы ширегінде Батыс Қазақстанда болған ұлт-азаттық көтерілісте Саржаланың Сырыммен үзеңгілес жүріп, қол бастағанын баяндайды.

Саржала батырдың көзі шегір, алыстан көретін адам екен. Дендер тауында Жайықтан өтіп келе жатқан қалмақ қолын көріп: «Бұл жаудың алды көк найза қан екен, арты май екен», – депті. Сөйтіп, жауды бір қанаттан орағытып барып, соңынан тиіп тоздырған екен [11].

Профессор М.Вяткин «Сырым батыр» атты еңбегінде 1792 жылы мамыр айында Қобда мен Елек өзендерінің арасында өткен қазақтардың үлкен жиынында беріш руынан Бөдене би қатысып, Ералының хан болуына наразы болған старшиналардың «өзіміз қалаған адамды хан қоюға» рұқсат беруді сұраған хатына қол қойған, мөрін басқан. Сырымды жақтаған. Бөдене мен Саржала туыс адамдар, әлеуметтік өмірде арасы ажырамаған, бірге болған. Бегалы бидің ата тегін мадақтаған Мұрат ақын:

«...Әуелден беріш ағасы Себек еді,

Айналып Қыдыр қонған Көбек еді.

Аунатып ақ киізге хан қойыпты,

Байұлы бір жиында Бөденені», – деп, осы Бөденені айтқан. Қазір  Индер ауданының территориясында Бөдене бидің есімі берілген үлкен ауыл бар.

Мұрат жырға қосқан Бөдене де, Алдар би де – Атырау өлкесінің әйгілі тарихи тұлғалары. Бөдене би Байтілеуұлы шамамен 1745-1799 жылдар аралығында өмір сүрген. Сырым бастаған көтеріліске белсене қатысқан тарихи тұлға [12].

Көбек – Бөдене бидің тетелес інісі. 1700 жылқысы бар бай болған. Көп жылқы Дендер тауының сілемі Жамантаудан төменгі алқапты алып жатады екен. Содан төмен «Көбек көлі» деген сай бар. Құлындаған жылқы шауып жарқырап, қақ суындай көлді алып жатқандықтан халық «Көбек көлі» деп атапты.

Арғы атаң Тілеке мен Алдар еді,

Мол біткен қара ағаштай мал бар еді.

Алдар би Ерназарұлы (1705-1795) – Жайық өңіріндегі атақты билердің бірі, руы – беріш. Талай дау-дамайға төрелік айтып, елді жақын мен жатқа айырмаған тура билердің бірі. Тарихта Сырым Датұлының ақылшысы ретінде белгілі. Шернияз ақын:

«Хандардың ең ақыры Нұралы еді,

Төренің «Арқар» деген ұраны еді.

Хан ұлын Сырым батыр шабарында,

Ақылды Алдар биден сұрап еді», – деп жырлаған [13].

Алдар би – Халел Досмұхамедовтің арғы атасы.

Қорыта айтқанда Мұрат Мөңкеұлының «Сарыарқа», «Үш қиян», «Шалгез», «Қазтуған» туындылары  – тарих, берісі – алшын, әрісі – алаш тарихы, сонау ноғайлы заманынан бергі халқымыздың шерлі шежіресі. Ол – желмаямен жер қараған Асан қайғы; алдаспандай жарқылдап өткен Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Шора, Телағыс; кейінгі ұрпаққа салқынын салады деп өзге діндегілерден сескеніп, қонысты талақ еткен Қазтуған; «жеті жұрт көшіп жол салған, адыра қалғыр Үш қиян»; қара құрымдай қалмақтардың дүмпуімен Сырға, Қаратауға көшкен ел-жұртты Үш қиянға қайта қоныстандырған кете Әжібай, беріш Есболай, адай Шотан.

 «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды,

Сарытау, Аштарханның жерін де алды.

Артынан Еділден соң Нарынды алды,

Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды...

Қуалап Исатайды өлтірген соң,

Заманның содан бері тарылғаны...

Ерлігі бір қазақтың Махамбеттей,

Оны да аңсыз жерде жазымдады...

Соңынан Әлім менен Табынды алды,

Тоздырып ақсүйектің тағын да алды.

Қазақтың хан – шегесі, жер – мұрасы,

Тағынан хан тайған соң бақыр қалды» – дейтіні анық тарих.

Мұрат шығармашылығын терең зерттеп, докторлық диссертация қорғаған белгілі ғалым, академик Бауыржан Омаров былай дейді: «Ақын отаршылдардың озбырлығына налып, «Сарыарқа» мен «Үш қиянды» жырлағанда жан-жүрегімен егілген. Өйткені, халықтың мұң-зарын жырлауға келгенде  Мұраттың көкірек кенішінен өлең сөз маржандай саулайды. Оның ағыл-тегіл ақтарылған жырларынан бір кінәрат таппайсың. Ел-жұрттың тағдыры, ауыр халі, қайғы-мұңы көкірегіне сәуле түсіргенде Мұраттың ақындық қуаты құдіретке айналады» [14].

Шахман НАҒИМОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің

 профессоры, педагогика

ғылымының кандидаты, 

«Ерен еңбегі үшін»
медалінің иегері

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Х.Досмұхамедов, Мұрат ақынның сөздері, Ташкент, 1924 жыл.

2.  Мұрат Мөңкеұлы,  Шығармалары.Үш қиян, Алматы, «Ана тілі» баспасы, 31-бет.

3.Мұрат  Мөңкеұлы, Шығармалары.  Үш қиян, Алматы, «Ана тілі» баспасы, 17-бет.

4.  Б.Қорқытов,  Атырау билері мен батырлары. Алматы, «Өлке» 1992 ж, 41 бет.

5. Ш.Нағымұлы, Қазақ тарихының жыршысы,  «Ана тілі» газеті, 17 ақпан, 2021 жыл.

6.Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. Алматы, «Арыс» баспасы, 2002 ж.

7. Мұқтарұлы М., Жотасы биік Дендерім, Атырау,  «Ағатай» баспасы, 2010 ж, 47-49 бет.

8. Сонда, 47-бет.

9. Мұрат  Мөңкеұлы, Шығармалары.  Сары Арқа. Алматы, «Ана тілі» баспасы. 34-бет.

10.Б.Қорқытов,  Атырау билері мен батырлары, Алматы, «Өлке» баспасы, 1992,18 бет

11. М.Мұқтарұлы. Жотасы биік Дендерім, Атырау,  «Ағатай» баспасы, 2010 ж, 47-49 беттер.

 12. М.Мұқтарұлы, Жотасы биік Дендерім, Атырау, «Ағатай» баспасы, 2010 ж, 45-47 беттер.

13. Б.Қорқытов. Атырау билері мен батырлары, Алматы, «Өлке» баспасы, 1992 жыл.

14. Б.Омаров, Байтақтан озып бәйге алған. Мұрат  Мөңкеұлы. Шығармалары.  Үш қиян, Алматы, «Ана тілі» баспасы. 212 бет.

3407 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз