• Еркін ой мінбері
  • 31 Тамыз, 2022

Білік пен парасатқа суарылған еңбек

Биыл – ұлттың ұлы ұстазы, аса көрнекті ғалым, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының  150 жылдығы. Заманынан озық туып, қазақ дейтін халықтың телегей теңіз рухани мұрасын талдап берген әйгілі тұлғаның әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін, сипатын, өрісін анықтаудағы «Әдебиет танытқыш» еңбегінің орны айрықша. Аталған мұраның әлемдік мән-маңызы туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА академигі, танымал алаштанушы Дихан Қамзабекұлымен сұхбаттасқан едік.

–  Дәке,  Ахмет Байтұрсынұлы  құбылысы, ұлтқа сіңірген еңбегі тәуелсіздіктің елең-алаңынан бері зерттеліп келеді. Соның ішінде «Әдебиет танытқышы» ұлт әдебиеттануы мен рухани талғам-танымының деңгейін биікке көтерген мұра ретінде қаншалықты бағаланып жүр? Аса маңызды осы зерттеу қалай дүниеге келді, неге ол Ташкентте жарияланды?

– Рас, 1926 жылы сол кездегі астана Қызылордада беттеліп, әрине, қатаң цензурадан да өтіп, басылған Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» зерттеуі немесе оқу құралы – ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы деңгейін көрсететін іргелі де ізашар еңбек. Ал оның Ташкентте басылуының бірнеше себептері бар.                      

Біріншіден, әрине, типография мәселесіне байланысты. Мұхтарияттан кейінгі кеңестік Түркістан автономиясы тұсында осы қалада төтеше қаріппен қазақша бірнеше газет-журнал жарияланып, баспахана толыққанды жұмыс істеп тұрды.

Екіншіден, осы қалада «Киринпрос» негізінде 1926 жылы Қазақ университеті (жалпылама ныспысы – «КазПедВуз») ашылып, 1928 жылы Алматыға көшірілді. Бұл – Ташкенттегі осы оқу орнына қазақ ғылыми-ағартушылық  әлеуеті топтасты деген сөз.

Үшіншіден, 1921 жылы А.Байтұрсынұлы Орынборда ашқан Академиялық орталық сынды құрылым және «Талап» мәдениетті көркейтушілер қауымы Ташкентте жұмыс істеп тұрды. Оның басы-қасында Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы, М.Жұмабай, М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы т.б. жүрді.

Ал қалай дүниеге келді десек, біз «Әдебиет танытқыш» зерттеуінің немесе оқу құралының жазылуы 1921-1922 жылдан басталды деп санаймыз. Себебі, Ахмет Байтұрсынұлы 1920-1921 жылдары Халық ағарту комиссары яки министрі қызметінде жүріп салалық оқулықтар мен оқу құралдарының жазылуына мұрындық болды. ҰҚК және басқа да архив деректерінде Ақаңның «мойнындағы тапсырмалар» тізімінде «Теория словесности», кейде «Теория литературы» кітабы көрсетілген.

Енді еңбектің атауы туралы да айта кетейік. Неге ол Ақаңның басқа кітаптарындағыдай «Көркем сөз қисыны» немесе «Әдебиет – құрал» емес? Бұл атау (Әдебиет танытқыш) Ахмет Байтұрсынұлының негізгі миссиясынан туындайды. Яки «қазақта бай әдебиет бар, соның асыл мақсұтын таныту» дегенге саяды.

Бұл тұста мына мәселені де айқындап алайық. Бүгінде біз үшін ұлт өнертануы мен мәдениеттануының басы болып ұғынылатын «Әдебиет танытқыш» тақыр жерге шыққан жоқ. Оны өмірге әкелген – адамзаттың ақыл-ойы. Ахмет Байтұрсынұлы заманынан озық туған білікті, парасатты тұлға ретінде көркемөнер туралы адамзат ғылымы қисын-ережесімен қазақтың телегей теңіз рухани мұрасын талдап бере алды. Ұлт әдебиеті ерекшелігін, сипатын, өрісін көрсете білді. Сол себепті де бұл зерттеуді толық әлемдік құндылық қатарына жатқызуға болады.

– Әрине, ұлт шеңберінен асып, әлемнің рухани олжасына айналған дүниенің өзіндік алғышарты, жолы бар шығар. Ахмет Байтұрсынұлы мұны жазу жолында нені оқып, кімнен үйренді деп ойлайсыз?

– Ізденгіш, сұңғыла Ахмет атамыз Аристотель, әл-Фараби, ибн Сина, Ломоносов, Лессинг, Гёте, Гегель т.б. тұлғалардың өнер, көркем сөз туралы ой-пайымдарымен, өзіне дейінгі Эжен-Мельхиорде Вогюэ («Le roman russe» / «Русский роман»,1886), Александр Потебня («Из записок по теории словесности», 1905), Александр Веселовский («Поэтика», «Поэтика сюжетов», 1913), Флориан Знанецкий («Cultural Reality» / «Реальность культуры», 1919) еңбектерімен, «Әдебиет танытқыш» жазылып жатқан тұста газет-журналдарда, түрлі басылымдарда үзіндісі басылған Борис Томашевский («Теория литературы. Поэтика», 1925), Виктор Жирмунский («Вопросы теории литературы», 1928), Григорий Винокур («Критика поэтического текста», 1927) зерттеулерімен біршама танысқан деуге негіз бар. Түркі дүниесінен ХХ ғасырдың бас ширегіндегі өзі қоян-қолтық байланыста болған татар әдебиеттануы көшбасшылары Жамал Уәлиди, Ғалымжан Ибрагимов, Ғабдрахман Сағди, Ғалымжан Ниғмати, Ғазиз Ғұбайдуллин, Ғали Рахим т.б. пікірлерін шолғаны да байқалады.

Әлбетте, Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттанушылық айналасы орыс, татар немесе аударылған әлем классиктері еңбектерімен ғана өлшенбесе керек. Мұны осы «Әдебиет танытқыштың» өзіндегі мына жолдар айқын аңғартады: «Екінші тілдерде екпін буыны сөздің бәрінде бірыңғай бір орыннан табылады. Мәселен, пырансоз, шеқ тілдерінде екпін буыны аяғына келеді... Екпін буыны аяғына келетін сөздерімен қазақ тілі пырансоз тіліне ұқсас, екпін буыны аяққа таяу келетін сөздерімен полак тіліне ұқсас». Иә, 1926 жылғы кітап нұсқасында ұлт атаулары дәл осылай жазылған. Сонда Ақаң француз, чех, поляк тілі, көркем өнері ерекшелігін білген болып шықпай ма?

Біз Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» мазмұн жағынан ұлттың көркем өнер бітімін толық аша алғанын айтуға мүдделіміз. Ақаң осы еңбек хатқа түсіп жатқан кезеңде ел ақын-жазушыларының басын қосуды жоспарлағанын, бірақ ол объективті-субъективті жағдайға байланысты өтпей қалғанын түсіндіріп, 1922 жылы 8 шілдеде «Қалам қайраткерлері жайынан» атты мақала жариялады. Сонда қаламгер: «Қазақ мәдениеті жәуіт, неміс, орыс, қатта ноғай мәдениетіндей болса, «қазақ», «қазақ» деп қайыра сөйлеп, ауыз ауыртып әуре болмай-ақ «көппен бірдей көрер» деп қояр едік. Қазақ айрықша сөз болатыны – халі айрықша болатындықтан», – деп жазады.

– Ғалымдар, қаламгерлер, мұғалімдер, ғылыми еңбектерді оқуға құштар жекелеген жандар болмаса, бұл еңбек қалың көпшілікке кеңінен таныс деуге келмес. Сондықтан осы мұраны оқырман қауымға қалай нақтырақ сипаттап берер едіңіз?

– «Әдебиет танытқыш» – көркем өнердің болмысы мен құрылымын, қазақ әдебиетінің ерекшелігі мен сипатын, әдеби үдерістің мәнін, жанрлар қалыптасуының қоғам тағдыры мен талғамына қатысын, сөздің – өнерге, өнердің – пән ғылымына айналу жолын, сөз жүйесі мен ой жүйесінің мәйегін, өлең мен қара сөздің пішіндік, мазмұндық құрылысын, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің дара соқпағын, басты жанрлар мен оның ішкі бөліністері қағидаттарын, әдебиет пен дәуір, әдебиет пен сана, әдебиет пен діл, әдебиет пен ой, әдебиет пен мүдде қарым-қатынасы жайын жік-жігімен түсіндіріп беретін ұлттық білім, таным, ғылым, әдістеме, әдіснама кешені деуге болады.

Мұндағы әдебиеттану мен дүниетанымға байланысты 350-ден аса термин яки пән сөзінің бәрі де ұлт ұғымына суарылған, халық түсінігіне жақындатылған. Ақаң фольклор мен авторлық әдебиетті Алаш парасатының, дүниені тануының кілті ретінде қарағанын және соған сай көркем өнер мазмұнындағы рәміз, белгі, тұспал т.б. айқын көргенін аңғарамыз.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі. Жалаң сөз – зейін байлығына қарайтын нәрсе, көркем сөз – қиял байлығына қарайтын нәрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген әліпіне түсіріп айтады. Жалаң сөз айтқанын ақыл табуынша дәлелдеп, мәністеп, хақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял меңзеуінше бейнелеп, әліптеп, көбінесе ұйғару түрінде айтады, жалаң сөз дүниеде шын болған, шын бар нәрселерді әңгіме қылады», – дей отырып, сөз бен сана, сөз бен бейне байланысынан туындайтын ерекшелікті тұжырымдап жеткізеді.

Бүгінгі ғылым тіл білімі және әдебиеттану деп жіктеген филология нысанасын Ақаң қарапайым тілмен, сала мамандарына да, жалпы көпшілікке де ұғынықты сөзбен былайша байыптатады: «Шығарманың екі жағы бар: 1) тысқы тіл жағы; 2) ішкі пікір жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) шығарманың тілінің ғылымы;  2) шығарманың түрінің ғылымы. Тілінің ғылымы – дыбыстардың, сөздердің, сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады. Түрінің ғылымы – сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы шығарманың тіл өңі жағынан – тіл я лұғат қисыны болып, мазмұн жағынан –қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді». Мұны «тіл – әдебиет әліппесінің әліпті ережесі» деуге де болады.

Әдебиеттану көшбасшысының: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып ойлау; қиял ісі – меңзеу яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау», – деп әдебиеттің мәні мен арқауын нақты жеткізуін де әрі шеберлік, әрі тапқырлық дер едік. Аз сөзге көп мағына сыйдыру осындай-ақ болар.

Сөз өнерін ғылым ретінде қарай келе, Ақаң: «Сөз өнерінде жұмсалатын зат – сөз. Сөз шумағы – тіл деп аталады. Сөз өнеріне жұмсалған сөз шумағы да – тіл я лұғат деп аталады. Шығарма тілі екі түрлі болады: 1) ақын тілі; 2) әншейін тіл. Ақын тілі – айрықша өң беріліп айтылған сөз. Әншейін тіл – ондай өң берілмей, жай айтылған сөз» деп түйіндейді. Осы анықтамадағы «зат» деген ұғым тіл мен өнердің мән-мазмұнын, көркемдігін ашатын жанды тетікке айналғанда, түсінік пен таным ауқымы кеңейе түседі.

«Әдебиет танытқыш» – бүгінгі әдебиеттануға жол ашқан жанрлық жіктеудің яки бөлудің басында тұрған еңбек. Мұнда фольклор («ауыз әдебиеті») жанрлары, «діндар дәуір» әдебиеті жанрлары, «сындар дәуір» әдебиеті жанрлары айқындалып, іштей сараланған. Осы жіктеуді – ұлт ғылымына, тіпті Түркі дүниесі әдебиеттануына Байтұрсынұлы енгізген жаңалық деп ауыз толтырып айта аламыз.

– Біртуар ғалымның жазу, дін туралы айтқан пікірі де аз емес. Олар несімен маңызды?

– «Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде молдалық қылып, дін үйретушілер – бала оқытушы қожалар, ноғай молдалар болған себепті жазба сөзді шығарушылар да – бастапқы уақытта солар», – деген Ақаңның астарсыз сөзі қазақ әдебиеттануы атеистік заманда айта алмаған ақиқатты дөп белгілейді. Мұны ағартушы тілге де қатыстырып орайлы жеткізе алды. Қазақ жазуы мен тiлiнiң реформаторы, ағартушы-жәдитшiл Ахмет Байтұрсынұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде: «Қазақ дiнге нашар күйден өткен, ендi қазақты басқа дiнге ауыстырам деу құр әурешiлiк. Қазақты дiннен айыруға болмаса, жазуынан да айыруға болмайтын жұмыс», – деп тұжырымдағаны бар.Ағартушы айқындаған әдебиетіміздегі «Діндар дәуірі» – ұлттың көркем өнер, парасат, дүниетаным бағдарындағы ізденіс, инсани кемелдікке ұмтылу айнасы. Санаткердің міндеті – барға немесе болғанға анық баға беру.

Бұдан шығатын қорытынды: Ақаң «Әдебиет танытқыш» арқылы ұлт әдебиетінің де, тілінің де табиғи қалыптасып-даму үдерісіндегі тұтас дәуірді, оның пішіні мен мазмұнын сипаттайтын ерекшелікті бағамдап берді. Зерттеуші-ағартушы анықтаған осы діндар дәуірінің қисса, хикаят, насихат, мінәжат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, намыс яки соғыс толғауы, марқайыс толғауы, терме сынды ішкі түрлерін замана аясында түсіндірудің де, кейінгі әдебиеттанудың даму кезеңінде «бөлек отау алып шыққан» жүйесін байыптаудың да жөні бар. Бізге бағалысы – Ақаңның танымы мен түсінігі және оған негіз болған алғышарттар.

– Ұлттық әдебиеттанудың бастауында тұрған Ақаңның әдеби жанрларды айқындауы жөнінде не айтар едіңіз?

– Біз қазір роман, повесть, поэма, новелла деп жүрген жанрларды Ахмет Байтұрсынұлы «сындар дәуірінің» ертегі жыр, ұлы әңгіме яки роман, әуезе жыр, тарихи жыр, ұзақ әңгіме, аңыз өлең, әңгіме, көңілді сөз, мысал сынды әуезе түрлері ретінде ажыратады. Сондай-ақ бүгінгі әдебиеттануда поэма жанрына енетін шығарма түрлерін әдебиеттанушы ертегі жыр, тарихи жыр, әуезе жыр, аңыз өлең деп бағамдайды. Бұл да – жанрды анықтау мен жіктеудің табиғи талғамы, көркемдік тұжырымға ұлттық мазмұн беру деуге келеді. Ақаңның осы ұстанымы толғау түрлерін сап толғау, марқайыс толғауы, налыс, намыстаныс, сұқтаныс, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс деп бөлуінде де айқын аңғарылады.

Саланың пән сөздері айқындалып, ішкі мазмұн мен атау бірлігі үйлесімге түсіп жатқанда «айтыс-тартысты» (еуропаша «драма») сындар әдебиетінің елеулі түрі ретінде белгілеп, ол (жанр ерекшелігі) «ішкі ғалам мен тысқы ғаламның түйіскенінен» шығатынын дәлелдеуі де ұлттың зерделік танымына сәйкес шыққан. Ал сол жолдағы ұстасуды – байланыс, шиеленіс, шешіліс, ұстастыруды – әлектеніс, азаптаныс, әуреленіс деп жіктеуі халық дүниетанымының ішкі қуатын дөп басады.

Ахмет Байтұрсынұлы өз тұсындағы әдебиет немесе әдебиеттанудың түрлі алаңдарындағы ой-пікірлерді де қаперінен тыс қалдырмайды. Еңбегінің бір жерінде: «Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі» деп, ала-құла таным үдерісінен хабар берсе, тағы бір жерде экспериментшіл футуристерді яғни 1910-1920 жылдардағы «жаңашыл» өнер түрі жолындағыларды«жорғаға келмегендерді жорға деуге болмайды» дей отырып: «Бұл заңнан тысқары бағытпен жол саламыз дейтін «пұтыршылар» деген бар, бірақ олардікі – әлі жол санына кірмеген жоспар сияқты нәрсе»  деп, түйреп өтеді.

– «Әдебиет танытқыштың» текстологиясы және кітапта Ахмет Байтұрсынұлы пайдаланған мәтіндер мен олардың авторлары туралы да тарата байыптасаңыз.

– Бұл кітаптағы мәтіндер – елеулі мәдени мұра. Осы тұста ахметтанушыларға әлем тәжірибесінде бар мынандай ой тастағым келеді: қазір негізгі қолданыста жүрген нұсқаны «түпнұсқа» деп атамай, «Әдебиет танытқыштың» Қызылорда-Ташкент нұсқасы» деу қисынды. Өйткені, түпнұсқа болатындай Ақаңның өз қолжазбасы әзірше табылған жоқ. Ал, «Қызылорда-Ташкент нұсқасының» түпнұсқа бола алмайтыны – мәтінінде біршама техникалық қате кездеседі, яғни теруде, көшіруде, басуда кеткен объективті факторлар бар. Оны ақылдаса отырып түзету – уақыт талабы.Бұған үш-төрт мысал келтірсек, қарапайым оқырманның өзіне де түсінікті болады.

1) Ақаң түйдектей сөйлеуге мынандай мысал келтіреді: «Бақ – ерікте, ерік – ерлік пен бірлікте, ерік – ұранымыз, бірлік – құранымыз болсын (Шырша)». Осында біз бөлектеген (курсив) екінші «ерік» – «ерлік» болып жазылуы тиіс екені бесенеден белгілі. «1926 жылғы нұсқанының» 71-бетін қарасақ, онда да техникалық қателікпен қайталана «ерік» болып қатталыпты.

2) «Сарындаманың» салт сөзі – ділмар сөзіне Мырзан би тапқырлығы мысалға алынған. Соның астына дерек көзі ретінде «Ыбырайұлы Тұрман жинағынан» деп көрсетілсе («1926 жылғы нұсқа» бойынша 193-бет), бір мысалдан кейін-ақ сол дерек берушінің ныспысы «Шорман» болып кетеді («Ыбырайұлы Шорман жинағынан» 194-бет). Бұл да – техникалық қате.

3) «Тақпаққа» 4-мысал ретінде берілген «құрастырылып қосылған мақалдарды» қарайық («1926 жылғы нұсқа» бойынша 197-бет):

«Дауыл болмай жауын болмас,

Жауын болмай қауын болмас,

Ит баласы сауын болмас.

Екі дау адағы ауыл болмас,

Ауыл болса да тәуір болмас...».

Осындағы курсивпен жазылған жолдан не түсіндіңіздер? Қазіргі «Әдебиет танытқыш» нұсқа-басылымдарының бірінен-біріне көшіп жүрген «екі дау адақ» жұмбағының шешуі халықтың қаймағы бұзылмаған қара өлеңі мен мақалында тұр («Екі жалқау ауыл болмас, Ауыл болса да тәуір болмас»). Яғни 1926 жылы басылуда техникалық қате кеткен. Енді сондай қателікті қайта жариялай бергеннен май шықпасы анық. Ең бастысы, ол Ақаң өсиетіне – ұлт сауаттылығына қиғаш.

4)«Ғұрып сөзіне» мысал ретінде «Кете Шернияз ақынның Баймағамбет пырабыйтылдың қызы Ақыл Қаныкейдің тойын бастаған» өлеңі ұсынылған. Осындағы мына үзіндідегі жол кейінгі жинақтарда әр қилы жазылып жүр:

«Құдайым қуат бергей таңдайыма,

Әр түрлі өлең келді жағдайыма.

Тойында Байекеңнің сөз сөйлейін,

Бітпесе есек қылы маңдайыма...» (1926 жылғы нұсқада 201-бет).

Осындағы «есек қылы» не? Ақаңның 1989 жылы қайта басылған жинағында да осындай (251-бет). Ал, 2003 жылғы жинағында (304-бет) – «өсек қылы». Ал, 2014 жылы Шернияз Жарылғасұлы өлеңдері енген мұрада –«есек желі». Көрдіңіздер ме, ойланатын-ақ мәтіндік мәселе. Сұрақ туады: бәлкім бұл да «1926 жылғы нұсқада» кеткен техникалық қате ме екен? Шернияз арнауының сатиралық реңкі басым. Сондықтан әлгі «есек қылы», «өсек қылы», «есек желі» болып құбылған тіркестің тұпнұсқасы – «есек жемі»-ау деп ойлаймыз. Себебі, тері ауруының бір түрін – «есекжемі» (орысша «крапивница») деп атайды. Өлеңнің логикасына қарасаңыз, жара екені шамаланады. Қыл – бітпейді, ол жабысады немесе түседі...

Ақыры текстология деп қалдық, онда ең басты мәселені де айтуға пейілдіміз. Бұл – жалпы алаштанушыларға (өзіміз де бармыз), соның ішінде нақты ахметтанушыларға қарата айтылған сын. Ахмет Байтұрсынұлының «ақталғанына» 34 жылдай уақыт өтті, неге осы тұлғамыздың басты кітабының бірі – «Әдебиет танытқышты» әлі толық және ғылыми түсініктерімен жариялай алмай жүрміз? Міржақып Дулатұлының«Жаңа мектеп» журналының 1927 жылғы №6 (21) санына қосымша ретінде шығарылған «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші.  2-бөлім» атты мұраны шолсақ, 1926 жылдың қаңтарынан 1927 жылдың маусымына дейін шыққан еңбектер ішінде «Байтұрсынұлы Ақымет. «Әдебиет танытқыш». Қызылорда – Ташкент. 284 бет. Бағасы 1 сом 35 тиын» деген дерек шығады. Енді қолымыздағы «Әдебиет танытқыштың»1926 жылғы нұсқасының ксеро-көшірмесіне қараймыз. Мұнда (бас-аяғы яки титулдық беті мен мазмұны жоқ) – 282 бет. Тағы сұрақ кескестейді: екі бет –«Сөз бастары» («Мазмұны») ма, жоқ соңындағы бірер беттей материал табылмай тұр ма? Мұны бір деңіз.

Екінші, біз кейінгі нұсқаларда көп нүкте қойылып кеткен жерлерге (мысал арасында) таңғалатынбыз. «1926 жылғы нұсқаны» қарап, сол көп нүктелерді тағы көрдік. Жұлдызшамен («келесі мәтін» деген сөз) бөлгеннің өзінде 4 жолдан 8 жолға дейінгі шумақтарға нүкте қойып кете берген. Барлық жазбасына мұқият Ақаң бұл жердегі мысалдарды ұмытып кетуі мүмкін бе? Біздіңше, мүмкін емес. Баспаның әр қарпі, әр беті қаржыға тірелетін заманда «бұл не деген батпан құйрық»? Сондықтан біз бұл «көп нүктелердің» бәрін «цензорлар жұлып тастаған мәтін» деген тоқтамға келдік. Әлем баспасөзі тарихындағы «ақтаңдақ» деген – осы.

– Ұлы ұстаз бұл еңбегінде қандай шығармалардан, қай авторлардан мысал келтіреді?

– Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттануға қатысты кітабында мысал алынған мұралар, авторлар (ақын-жазушылар) шығармалары өте көп. Мысалы, «Қобыланды батыр», «Шора батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Едіге», «Қамбар» эпостарынан, «Зарқұм», «Сал-сал», «Сейфүл-Мәлік» қиссаларынан, тарихи «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» жырларынан, «Кеншімбай мен Ақсұлу», «Жанақ пен бала», «Есентай мен Балық», «Жарылқасын мен Айқын» айтыстарынан, Мөңке би, Шортанбай, Мұрат, Жүсіпбек қожа, Әбубәкір, Сүгір, Шернияз, Нысанбай, Мәделі, Байтоқ, Досқожа, Орынбай, Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсары, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Серәліұлы, Нұржан Наушабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Мұхтар Әуез, Смағұл Садуақасұлы, Бейімбет Майлыұлы, Сәкен Сейфоллаұлы, Қубала, Жүсіпбек Басығараұлы, молда Мұса, Алтыбас Ақмолда, Бұдабай, Жақып, Жорабай, Айқын, Жарылғасын, Сейдахмет, т.б., шет жұрттан – Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов, Пушкин, Толстой, Ядринцев, Потанин т.б. шығармасынан үзінді, есімдеріне сілтеме үзінді, дәйек беріледі. Осы тізімнен тыс біршама бүркеншік есімдер мен жинақтардың құпиясын ашу да – ғылым шарты. Бұл – иен рухани байлық. Тіпті бұл мысалдар – теңіздің тамшысы ғана. Мұратанушылардың бәрі іздеп жүрген, Ақаң осы еңбегінде сілтемесін көрсетіп қоятын «Нұсқалыққа» (хрестоматия) десте-дестесімен енгенін шамалауға болады.

«Әдебиет танытқыштың» 1989 жылдан бергі басылымдарында (нұсқаларында) есім-сойы «Ыбырай Алтынсарин» деп көрсетілген тұлғамыз  «1926 жылғы нұсқада» – Ыбырай Алтынсары (58-бет). Мұны техникалық қате деп ойламаймыз. Ақаң қазақ тілі заңдылығымен Лафонтенді – «Лабүнтен», Крыловты – «Қырилоб» дейді (сол нұсқа, 262-бет). Бірақ сол бетте бір техникалық қате кеткен. Ол – Лафонтеннің туған-қайтқан жылы. «1926 жылғы нұсқада» 1763-1844 деп көрсетілген. Әлбетте, кітап сөресінде Брокгауз бен Ефрон энциклопедиясы тұратын Ақаңа француз мысалшысының 1621 жылы туып, 1695 жылы қайтқаны белгілі еді (Немесе: Лафонтеннен кейін бір автордың аты-жөні түсіп қалған, мынау соның туған-қайтқан жылы болуы мүмкін).

Мәтінтануда ұсақ-түйек деген болмайды. Тіпті қайбір таңба-дәйектердің де тарихи, рәміздік орны бар. «1926 жылғы нұсқада» ұғымдарды бөлектеп көрсету, жіктеу белгісі ретінде Ақаңның өзі түзген әліпби реті (бүгінгіден мүлдем басқа), рим цифры пайдаланылған. Өкінішке қарай, «Әдебиет танытқыштың» 1989 жылдан басталатын кейінгі нұсқаларында соның көбісі дерлік жоқ. Сондай-ақ құрастырушылар неге олай жасағанына түсінік те бермеген.

– Иә, біраз нәрсенің бетін ашып, рухани қауымға кейде тосын, кейде ойына ой қосатын пікіріңізді жеткіздіңіз. Әдебиеттану үшін ізашар еңбектің тарихи бағасын қалай тұжырымдап көтсетер едіңіз?

– Біздіңше,  Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» – әр буын қайта оралып рухани нәр алатын, ұлт өнерін дәстүрлі таныммен, білікке суарылған парасатпен байытатын еңбек, жоғарыда айтқанымдай – әлемдік құндылық, әлемдік мұра деуге болады! Мұны тек әдебиетшілер ғана емес, әлеуметтік ғылымдардың кез келген саласының өкілдері оқып, зерделей алады.

Махатма Гандиден қалған керемет бір сөз бар: «Егер әлемнің, айналамыздың өзгеруін қаласақ, біз сол өзгерістің өзі болуымыз керек!». Алаш тұлғаларында, соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлында да ұлтты серпілтуге ұмтылған мұндай ой-пікірлер аз емес. Соның бір парасы «Әдебиет танытқышта» тұнып тұр.

«Халық басына қайғылы күндер туған заманда қайрат көрсетпеген азамат – азамат емес» (1989 жылғы нұсқа, 180-бет), «Жағатын опа сияқты тек көрік үшін ғана керек нәрсе шындықтың жүзін күнгейлейді» (210-бет), «Балалықтан шыққан адамға қайтадан балалық күйге түсуге мүмкін емес болса, анайылық күйден шыққан халықтарға анайылықтан туған нәрсеге ден қойып, иман келтіру мүмкін емес» (228-бет), «Молдалардан шыққан жазу әдебиет дінге қызмет қылса да, тілге қызмет қылмаған» (262-бет), «Күн сайын істеліп жатқан ұсақ істің ұлы іске ұласарлығы да, ұласпастығы да бар» (281-бет), «Бағындырған патшадан басын босатып алу – жұртқа соғыспен бірдей дәрежелі қиын іс» (288-бет) т.б. Үзінділер автор ой астарының кеңдігі мен тереңдігінен хабар береді. Әрбірінен біздің тарихымыз, бұралаң жолымыз көрінеді. Қазақстан ғылымы Ақаң мұрасынан мұндай мәнді сөздер мен пікірлерді мың-мыңдап тауып, қазіргі және болашақ ұрпақ үшін құнттап байыптаса, тек ұтады.

Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» кітабы арқылы мынандай нәтижеге қол жеткізді:

Біріншіден, қоғамның әлеуметтік-мәдени түсінігін, талғамын жетілдіріп, әдеби үдеріс, рухани мұра халық парасатымен, ішкі мүмкіндігімен, сарқылмайтын қазынасымен өзектесетінін нақты мысалдармен дәлелдеді.

Екіншіден, бай дәстүрі бар, шығыс пен батыс құндылықтарын мейлінше игерген ол қазақ әдебиетіне ғылым нысанасымен қарады, тұңғыш рет әдіснамалық, теориялық қағидаттарды қалыптастырып, ішкі түзілісі мен мазмұндық-пішіндік ерекшелігіне баға берді.

Үшіншіден, өнертанудың, әдебиеттанудың қызметін айқындап, өнер мен әдебиеттің қоғамдағы мақсат-міндетін, орнын дәйектеді.

Төртіншіден, өнер мен әдебиетке қатысты ана тілімізде жаңа да орайлы пән сөздерін тауып, әлемдік аяда қазақ тілінің ғылым тілі ретінде мүмкіндігіне жол ашты.

Бесіншіден, әдеби үдерісті, жеке тұлғалардың шығармашылығын, рухани мұраның әдебиет тарихындағы рөлін түрлі ғылымдар (тіл білімі, философия, психология, әдебиеттану, жаратылыстану т.б.) ықпалдастығымен зерттеуді бастап, таптаурындыққа бармауды аманаттады.

Алтыншыдан,әлемдік ғылымдағы жүйелілік, сабақтастық, шынайылық қағидатын ұстанып, қазақ әдебиеті мен фольклорына тұтас құбылыс ретінде қарай алды.

Жетіншіден, салыстырмалы талдау әдісіне иек артып, ұлт тағдырының айнасы саналатын өнері мен әдебиетінің асыл арқауын, негізгі ерекшелігі мен сипатын бағамдады.

Мазмұнды да тартымды ойларыңызға рақмет. Сізге әрқашан Ахмет атамыздың аруағы жар болсын!

Сұхбаттасқан

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

1382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз