• Заманхат
  • 31 Тамыз, 2022

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті – егіз пәндер (А.Байтұрсынұлы шығармалары негізінде)

Адамзат тілінің пайда болып, қатынас құралы ретінде қалыптасуының тарихында ең әуелі адамдардың дүниені тани білуі, содан соң айнала шындық туралы ойлаудың жетілуі, кейін осы ойындағы нәрсені бір-біріне жеткізу қажеттігінің пайда болуы, ақырында бұл қажеттілікті жүзеге асыруда тіл (дауыс) икемділігін пайдалана білу жатқанын ғалымдардың бәрі де ертеден мойындап, осы бір құбылыстардың сырларын ашу жолында еңбектеніп келеді. Осылайша ғылым және оның түрлі салалары (мәселен, тіл және әдебиет ғылымдары – екеуін қосып «филология» атап жүрміз) пайда болды.

Талай ғасырға созылған, әлі де жалғасын тауып келе жатқан ғылыми ойлардың бір қорытындысы – қай халықта болса да, әуелі ойлау мен тіл (сөйлеу), содан соң барып жазудың пайда болғаны жайындағы тұжырымдар. Егер осы тұжырымды кешегі Ұлы түркі тайпасынан бөлініп шыққан қазақ халқының өз алдына мемлекет болып қалыптасуы, ұлт болып ұйысуы тұрғысынан қарастырар болсақ, біздің де (қазақтың) дүниені тануымыз, небір ұлағатты ойымызды сыртқа шығарып, бір-бірімізге, кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз, (бұрынғы түркілік дәуірді, одан бұрынғы, сол тұстағы және бізге дейінгі тарихи деректерді білдіретін кей көне жазу нұсқаларын ескермегенде), негізінен ауызша сөйлеу арқылы жүзеге асқанын білеміз.

Бұған талай ғасырды бастан өткізіп, бізге дейін жеткен және жалғасын тауып келе жатқан «қазақтың ауыз әдебиеті нұсқалары» аталатын әдеби шығармалар куә. Ал осы шығармаларды ұрпаққа үлгі етіп қалдыру қажеттілігінен жазуға түсіру біздің қазақта кейінірек дүниеге келді және осы бағытта сауат ашу орындары пайда болып, одан оқыған білімпаздар тарапынан бұл екі құбылысты шартты түрде «сөйлеу тілі» (әдебиет) және «жазу тілі» (грамматика) тұрғысынан ғылыми пәнге айналдыру, нақтырақ айтқанда, әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктерін: пайда болу, жасалу жолдары мен тәсілдерін, тарих бойындағы өзгеріп дамуын, қолданылудағы өзгешеліктерін т.б. сипаттарын анықтау қолға алынды. Бұл пәндердің екеуі де (бүкіл ғылыми пәндер сияқты) «адамзат қоғамының белгілі бір кезеңінде туып, заңды түрде дамыған семантикалық жүйеге», «ең басты қызметі ақпарат хабарлардың жасалу, сақталуымен және оларды таратумен байланысты» [1, 341] ТІЛГЕ (сөзге, сөйлеуге) тәуелді. 

Әуелі Ресей империясы отаршылдық саясатының орындаушылары қатарында болған орыс түркітанушыларының еңбектерінде ала-құла, аралас-құралас күйінде басталған бұл әрекеттерді ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың өз ортасынан шығып, сол орыс білімінен сусындаған тұңғыш оқымыстылары Ыбырай мен Шоқан еңбектері толықтырса, ХХ ғасыр басында кемеңгер, озық ойлы педагог, ғұлама ғалым, халқының болашағы үшін  саналы өмірін түгелдей арнаған А.Байтұрсынұлындай арда азаматтың – Ұлт ұстазының еңбектеріне жалғасты. Жай жалғасып қана қойған жоқ, бұған дейінгі еңбектерден мүлде жаңа, таза қазақи еңбектер – алғашқы оқу құралдары мен оқулықтар дүниеге келді және осы еңбектер арқылы «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» жеке пәндер ретінде қарастырылып, олардың ғылыми негізін қалыптастыру да осы еңбектерден бастау алды. 

Қазіргі кезде жеке ғылым салалары болып қалыптасқан «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерінің тарихи егіз екендігі олардың ғасырлар бойында қалыптасқан белгілі заңдылықтары бар, ортақ мақсаттары (коммуникативтік) мен ортақ құралдары (тілдік бірліктер – сөз, сөйлеу) арқасында біріне-бірі сүйеніп, бірін-бірі толықтырып, дамытып отыратын қызметтері де Ахмет ұстаздың еңбектерінен көрінеді. Қазіргі кездегі оқу орындарында жеке-жеке пән ретінде оқытылатын «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» (бастауышта «Әліппе» мен «Ана тілі» болып аталатын) пәндерінің өздеріне тән білім беру, ғылыми зерттеу нысандары бола тұра бір мамандыққа біріктірілуі де осы туыстық жақындықтарына байланыс-ты. Бұл туыстық А.Байтұрсынұлының алғашқы оқулықтарынан бастау алып, ғасыр бойына жалғасып келген еді. Алайда, елдегі білім беру саясаты соңғы жылдары осы сара жолдан (әсіресе, білім негізін беретін бастауыш және орта мектептерде) адасып қалған тәрізді. Мақаланың мақсаты да адасқандарды осы бір ұзақ жылдар бойы сынақтан өткен Ұлт ұстазының жолына қайта бағыттауға септігін тигізу десе болады. 

А.Байтұрсынұлының алғашқы оқу құралы «Қазақша алифба, 1-кітаб» деген атаумен 1912 жылы Орынборда жарыққа шықты. Бұл оқулық, ғұламаның өзі айтқандай, «90 пайызы сауатсыз» болған қазақ халқын ең алдымен сауаттандыруға арналғандықтан, тіл және әдебиет тұрғысынан бөлінбеген. Сондықтан да тілдік материалдарды талдап түсіндіруде әдеби материалдарға молынан жүгінген. Бұл, бір жағынан, ұлт ұстазының өзінен де, басқа бала оқытушылардан да талап етіп,  үнемі басшылыққа алып отыратын «білім мен тәрбиенің егіз екендігі» жайындағы ұстанымымен байланысты деп ойлаймыз. Өйткені  оқытудың білімдік жағы – тілдік бірліктерді (дыбыс, сөз, сөйлем) үйрету болса, үйрету үшін әдеби шығармаларды, әсіресе ауыз әдебиеті үлгілерін пайдалану тәрбие көзі болып табылатыны айдан анық.

 «Әліппенің» алғашқы беттерінде әріп-дыбыстарға сай жеке дара сөздер мен атаулар ғана алынған болса,  әріп-дыбыс көбейген сайын сөздерді тіркестіріп екі мүшелі, үш мүшелі сөйлемдер құрастырылып беріледі. Жеке сөздер болсын, шағын сөйлемдер болсын, балалардың бәріне бірдей түсінікті, сол тұстағы өздері көріп жүрген заттардың атаулары, балалардың, ересек адамдардың есімдері мен үлкендерден естіп жүрген сөздері, өздері түсінерліктей сөйлемдер. Сонымен бірге сабақ соңында мынадай мақал-мәтелдер беріледі: Көп жүрген білмес, көп көрген білер. Түбі бірге түртпейді. Ексең егін, ішерсің тегін. Бүлінген елден бүлдірге алма. Жүрген айаққа жөргем ілінеді. Бір көрген біліс, екі көрген таныс. Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз. Төсегіңе қарап айағыңды көсіл.

Бұл мақалдардың бәрі де ауызекі сөйлеу кезінде үлкендерден есітулері арқылы балаларға таныс. Сондықтан балалар әуелі осы сөйлемдер ішінен өтілген дыбыстар бар сөздерді табады, содан соң түсінбеген сөздерінің және тұтас мақалдың мазмұн-мағынасымен танысады. Мәселен, бірінші мақалдан «көп білу үшін көп нәрсені көріп, көргенін ойға тоқыса ғана білімді болатынын» түсінеді. Екінші мақалдан «түбі бір туысқан адамдар бір-бірін түрткілемейді, қайта тату болуы керек» дегенді ұғынады. Үшінші мақалдан «еңбек ету арқылы нан табуға болатынын» біледі. Осы тәріздес басқа мақалдардың да мағыналары айқындалып түсіндіріледі. Сөйтіп, тілдік мәселелерді үйрену үстінде әдеби шығармалардың да мән-мағынасын ұғынатын болады.

Әліппенің екінші бөлімінде әріп-дыбыстарға байланысты өткендерін қайталап, пысықтау мақсатында туыс-туған, тұрмыстық заттар, табиғат құбылыстары, жер-су, мал т.б. көптеген атаулармен бірге, балаларды жаңылмай, тез әрі анық дыбыстап сөйлеуге үйрететін жаңылтпаштар (Қосет атам ет асатар, ет асатса бес асатар), ойлау арқылы қорытынды шешім шығара білуге жетелейтін жұмбақтар (Қатар-қатар тас қойдым, жирен атты бос қойдым; Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау; т.б.) және оқу-білімді, адамгершілікті, еңбектің пайдасын сипаттайтын мақалдар (Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы; Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле; Жасыңда қылжақ болсаң, өскенде мылжың боларсың; Білегі толық бірді жығады, білімі толық мыңды жығады; Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер, құйма құлаққа айтсаң, құйып алар; т.б.) берілген. Сонымен бірге балаларды шағын шығарма (қазіргі «эссе» деп жүргеніміздей) жазуға үйрету, әдеби шығармашылыққа баулу мақсатында «Біздің үй», «Мен қалай оқуға бардым» деген әңгіме үлгілері, балалардың логикасына әсері бар «Өтірік өлең», «Шын өлең» аталатын өлең мәтіндері берілген. [2]

Міне, алғашқы әліппенің өзінде ұстаз әдеби шығармаларды тілдік материалдарды (дыбыстарды) түсіндіруде пайдаланумен бірге, сол әдеби шығармалардың мазмұны арқылы балаларды тәрбиенің түрлеріне, ауызша сөйлей алуға, ойлана білуге, ойын қорытып айта білуге баулиды. Яғни, тіл мен әдебиеттің бірлігі негізінде сауатты, білімді, тәрбиелі азаматтар даярлауды мақсат етеді. Дәлірек айтқанда, оқулық әлі де болса екі пәнді ажырататындай теориялық мәселелері айқындалмаған, тек қазақ халқының жас ұрпағын сауаттандыруға арналған алғашқы шығарма еді.   

Бұл алғашқы әліппе, ұстаздың өзі айтқандай, жаңа үкімет құрылғанға дейінгі «төте оқу» әдісіне негізделіп жазылған болса, ендігі мақсат жаңа үкімет кезінде «басқа жұрттар» пайдалана бастаған «тұтас оқу» әдісіне негізделген «жаңа әліппе» жазуға жұмыс істеу. Осы мақсатты орындауға бағытталған жұмыстың қортындысында «Әліб-бій. (Жаңа құрал)» аталатын еңбек 1926 жылы Қызылордада жарық көреді. Оқу құралы туралы: «Бұл әліб-бій кітабы жаңа әдіске көшу жүзіндегі көңіл тілегі мен қол қысқалығын бір-біріне жанастырып жақындату шарасын табу түрде шығарылып тұр. Үйрету жағынан «дыбыс әдісі» мен «тұтас оқу» әдісінің екеуіне бірдей жарарлығы көзделді. Мазмұн жағынан қазақ жағдайына жанастырылып, жаңа проғырамша (Гусс проғырамынша) болуы көзделді» – деп жазды ұстаз. [3, 39]

Жаңа кітаптың бір ерекшелігі – алғашқы беттен-ақ әр әріп-дыбысты оқыту кезінде балаларға түсіндіру үшін қажетті көрнекі суреттердің болуы және оны пайдаланып үйретудің жолдары мен әдіс-тәсілдері қоса берілуі. Яғни кітап, бір жағынан, тікелей мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал да болып есептеледі. Тағы бір ерекшелігі – берілген дыбыстарды үйретуде тек жеке сөздерді атап қана қоймай, өтілген дыбыс саны көбейген сайын тапсырмалар да күрделене түсіп, балалардың өздеріне әуелі екі-үш, бара-бара одан да көп сөзден сөйлемдер, жаңылтпаштар құратуға баса назар аударылған. Автор дыбыстарды ашық, анық айтуды, одан сөз, сөйлем құрастыра білуді үйретуде ауыз әдебиеті шығармаларының ішінен әуелі жаңылтпашты таңдауы және ондай сөздерді оқушылардың өздеріне де құрастыра білуге тапсыру қажеттігін ұсынуы бекер емес, өйткені тіл жаттықтыру мен ой жетілдіруде мұның мәні зор. Мысалы: Ор, Ораз; Ораз, ор; Ораз аз орар; Ораз орар, аз орар; Нар арзан, нан арзан; Асат, ат оттат; т.б.

Барлық дыбыстар өтіліп болған соң, кітап соңында оқушылардың оқи алу машығын, жазу шеберлігін, ойлау дағдысын жетілдіру мақсатында шағын мәтін үлгілері (Атбақыл; Балық аулау; Базар; Тоғайға сайран; Ақша қар; Күзет; Сонар; т.б.), мәтіндер арасында «Ойнаңдар, ойлаңдар» деген тақырыпта түрлі ойындар мен мақалдар, жұмбақтар берілген.

Аталмыш дәстүр А.Байтұрсынұлының «Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы)» аталатын оқу құралында (Орынбор, 1914) жалғасын табады. «Тіл  –  адамның  адамдық  белгісінің  зоры, жұмсайтын қаруының  бірі.  Осы  дүниядағы  адамдар  тілінен  айырылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді. Осы күнгі адамдар  жазудан  айырылып,  жаза  алмайтын  күйге  ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді» деп басталатын «Сөз басында» қазіргі заманның тек ауызбен сөйлеу ғана емес, жазу заманы екенін, сондықтан әр адам жаза білуі қажет екенін айта келіп, «сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білу» дағдысына үйрену қажеттігі сөз етіледі. [4, 24]

Үш жылға арналған оқулықтың алғашқысында «Сөйлеу  мен  сөйлемді  айыру,  сөз  бен  сөздің буынын айыру,  буын  мен  буындағы  дыбысты  айыру,  қазақ тіліндегі дыбыстар һәм оларға арналған харіфтер, қазақ сөзіне жазылатын  харіфтер  турасындағы  ережелер,  қазақ  тіліндегі сөздердің тұлғалары» үйретілетіні туралы айтумен бірге, автор, әсіресе, бірінші  жыл  оқылатын  «Тіл  –  құралы»  тіл  білімінің  негізі болғандықтан нық үйретілерге керек», – деп ескертеді. Міне, осы жерден «Қазақ тілі білімі» ғылымының бастау алатынын, «Қазақ тілінің» жеке ғылыми пән ретінде қалыптасуының негізін көреміз. 

Ғалым «Тіл – құралда» дағдыландыру, сынау деген сөздер ұшырайтынын ескертеді және оқыту кезінде әр қағида мен ережені түсіндіріп, дағдыландыру үшін сөйлем, сөздер мен мақалдарды үлгі ету қажет, ал  өтілгендерді қаншалықты меңгергендерін сынау үшін де осылай жасау қажеттігін айтады. Дәлірек айтқанда, бұл еңбекте де қазақ тілін үйрету үшін әдеби материалдарды пайдалану керектігі ашық айтылады. [4, 25]

Оқу құралының 2-жылға арналған нұсқасы 1915 жылы Орынборда басылса, жоғарыдағы алғашқы нұсқасы бірнеше рет қайта басылғаннан кейін айтылған сындар, ұсыныстар және білім беру бағытындағы өзгерістер ескеріліп толықтырылған күйде «Тіл – құрал (дыбыс жүйесі мен түрлері)» деген атпен 1925 жылы Қызылордада жарыққа шығады және осы жылы «Сөйлем жүйесі мен түрлері» аталатын 3-тілтанытқыш кітап та осы жерде  шығарылып, мектептерде қолданылады.

«Тіл – құралдың» қай нұсқасының да дағдыландыру мен сынау (біздіңше жаттығу) жұмыстарында әдебиет материалдары молынан пайдаланылған.  Мұнда, әсіресе, мақал-мәтелдер өте көп. Оның басым көпшілігі соңғы 3-кітапта. Біздің есебімізше, қайталанғандарын ескермегенде, тек қана мақал-мәтелдердің саны 425 болды. Әрине, басқа да әдебиет үлгілерінен үзінділер бар. Алайда, бұл үзінділер алынған шығармалардың аттары, авторлары аталмай, біріне-бірін жалғастырып, тұтас күйінде берілгендіктен, оларды жанры, тақырыбы, т.б. жағынан анықтап, ажыратып алу белгілі бір ізденісті қажет етеді. Сондықтан бұл мәселені алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

Автордың үлкендерге арналған «Сауат ашқышы» (Қызылорда, 1926) туралы да осыны айтуға болады. Дегенмен балаларға қарағанда ересек адамдардың қабылдауы тезірек, таным-түсінігі естіген-білгені молырақ болатыны ескерілген болуы керек, 28 дыбыс-әріпті өтіп болғаннан кейін ауыз әдебиетіне тән би-шешендердің, ертегілер мен аңыз әңгімелердің, батырлар жырының мол үлгілерінен, жазба әдебиеттерден тұтас мәтіндер, үзінділер берілген. Олардың аттары, қай шығармадан, кімнің еңбегінен алынғаны көрсетілген. Мысалы: 1) Шорман жыйғанынан (билер сөзі): Торайғыр бидің тақпақтары, Алшын Қаражігіт би, Қулық, Даукестер сөзі; 2) Ел ауызындағы аңыздар: Атақозы би, Алдар көсе, Қожанасыр, Мүңке би, Көсем бала; 3) Ы.Алтынсарыұлы кітабынан: Үш мерген, Жәнібек батыр, Қыпшақ Сейітқұл; Ә.Диваевтан: Әділ би; 4) Шығыс, орыс ақын-жазушыларынан аудармалар: Шайқ Сағди, Жуковский, Крылов, Красовский, Толстой; 5) Қазақ ақын-жазушы, ағартушыларының өлеңдері, түрлі тақырыптағы мақалалары: Бұйраұлы, Малабайұлы Рақымжан, Мағжан, Елдес, Телжан. [5] Міне, осы аталған әдеби шығармалардың көбімен сауатсыз кісілер бала күннен үлкендердің ауы-зынан есітуі, сауатты азаматтардың оқып беруі арқылы таныс болуы әбден мүмкін. Солай бола тұрса да, жазу үшін үйренген әріп-дыбыстары негізінде білетін шығармаларды естеріне түсіріп, білмейтіндерімен таныстыру (оқыту, жазу арқылы) – ұстаздың басты мақсаты болған. Бұл мақсаттың орындалуы тілдік материал мен әдеби материалдардың бірлескен қызметі арқылы жүзеге асып тұрғаны айқын.

«Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиетінің» өзара жақындығын, туыстығын, бірінсіз бірінің пән ретінде де, ғылым нысаны ретінде де өмір сүре алмайтынын А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» арқылы да дәлелдеуге болады.

А.Байтұрсынұлының – «Әдебиет танытқышы» әдебиет теориясы саласындағы тұңғыш ғылыми зерттеу еңбек. Ол 1926 жылы жарық көрген. Ғалым мұнда да әдеби шығармалардың теориялық мәселелерін түсіндіру барысында тілдік бірліктердің қаншалықты маңыздылығына назар аударып отырады. Әсіресе, қазақ тілінің де басты нысаны болып табылатын «сөздің» әдеби шығармалар тудырудағы рөліне айрықша мән береді.

Әдеби шығармашыларға арнап: «Шығарманың екі жағы бар: 1) ішкі пікір жағы, 2) тысқы тіл жағы. Сондықтан сөз өнерінің ғылымы екіге бөлінеді: 1) шығарманың түрінің ғылымы, 2) шығарманың тілінің ғылымы. Тілінің  ғылымы  дыбыстардың,  сөздердің,  сөйлемдердің заңынан шығатын тіл өңінің жүйелерін танытады, ал түрінің ғылымы сөз өнерінен шыққан нәрселердің мазмұн жағының жүйелерін танытады», – дей отырып, жазушы да, айтушы да ойын өзгелер үшін жеткізетін болғандықтан, оның түсінікті болуын ойлауға тиіс, ол үшін әр сөздің  мағынасын  жақсы  біліп,  дұрыстап,  сөйлемді тізе білу тиіс екендігін ескертеді. [6, 162]

Ахаң «сөз дұрыстығы», «тіл тазалығы», «тіл дәлдігі» деген мәселелерді сөз еткенде де қазақ тілінің теориялық мәселелеріне сүйенеді. Дәлеліміз нақтырақ болу үшін ғалымның өз сөзіне жүгінейік: «Сөз  дұрыс  айтылуы  деп  әр  сөздің,  әр  сөйлемнің  дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай болу үшін керек: сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну; сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру; сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру...

Тіл тазалығы дейтініміз  –  ана  тілдің  сөзін  басқа  тілдің сөзімен  шұбарламау.  Басқа  тілден  сөз  тұтыну  қажет  болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу. [6, 165]

...Тіл дәлдігі деп  ойлаған  ұғымға  сөз  мағынасы  сәйкес  келуі айтылады. Ұғымға сөз дәл келу үшін сөздің мағынасын дұрыс айыра білу керек. Тіл дәлдігін бұзатын көбінесе амәндес сөздер. Амәндес сөз деп мағынасы жақын сөздер айтылады. Мәселен, батырлық, ерлік, батылдық, өткірлік, өжеттік деген сияқты сөздер. Мұның бәрі жүректілікті көрсеткенмен әрқайсысының өз алдына өңі бар. Өңін танымай яки аңғармай, бірін бірінің орнына айтса, лұғат дәлдігіне кемшілік келтіреді». [6, 168]

Жоғарыдағы мәтін ішінде көрсетілген сөздердің бәрі тікелей қазақ тілі ғылымына қатысты, соның лексикология, морфология, синтаксис, стилистика салаларының ғылыми зерттеу нысанына қатысты сөздер мен терминдер. Сондай-ақ, ғалымның әдебиет ғылымының «тіл көрнектілігіне» қатысты терминдері ретінде көрсеткен көрнектеу, меңзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, әсірелеу,  мезгеу,  қайталақтау,  шендестіру т.б. атаулардың көбі қазіргі кезде қазақ тілі лексикологиясының нысаны ретінде де қарастырылып, зерттеу нысанына айналып келеді. Шағын мақаламыздағы ойымызды қорыта келе айтарымыз:

Біріншіден, А.Байтұрсынұлының педагогикалық және әдеби шығармаларын оқу барысында ғалымның қазақ халқының бай тілдік және әдеби мұрасын бойына мол сіңіре отырып, жан-жақты сауатты, терең білімді болуы арқасында әрі ақын, әрі жазушы, әрі ұстаз-ғалым дәрежесіне көтерілген, осы қасиеттерін ұлт болашағына, халқының көзін ашып, көкірегін оятуға арнау мақсатында бар ғұмырын сарп еткен жан екендігіне көз жеткіздік.

Екіншіден, ғұламаның алғашқы оқу құралдары мен оқулықтарынан алдына қойған зор мақсатын орындау жолындағы тынымсыз еңбегін айқын көруге болады. Оның тілге арналған еңбектерінде қазақ балаларын сауаттандыру тек әріп-дыбыстарды үйретумен шектелмейтінін, әр сабақ тәрбиелеу құралы да болуға тиіс екенін жан жүрегімен ұғына отырып, оның жолы оқыту кезінде халқымыздың бұрыннан қалыптасып тәрбие құралына айналған әдеби шығармаларын пайдалану деп түсінді.

Сондықтан әр сабақтың «дағдыландыру» мен «сынау» бөлімдеріне әдеби шығармаларды енгізу арқылы тіл мен әдебиеттің егіз пәндер екенін дәлелдеді және бұған себеп екеуіне де ортақ нәрсе – тіл, сөз, сөйлеу деп есептеді.

Үшіншіден, бұл екі пәннің егіз екендігін тек тілді үйрететін оқу құралдары мен оқулықтарында ғана емес, «Әдебиет танытқыш» аталатын алғашқы теориялық зерттеу еңбегінде де байқатады. Яғни, әдеби шығармамен айналысушылар тілдік материалдарды да терең білмейінше жақсы жазушы не жақсы ақын бола алмайтынын ескертеді.

Сөйтіп, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы тіл мен әдебиет пәндерінің егіз екендігін дәлелдеумен бірге, олардың болашақта екі ғылым саласына айналуының да негізін салып, қазақ ғылымына өшпестей із қалдырды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Словарь-Сөздік, 2005. – 440 бет.

2. Байтұрсынұлы А. Оқу құралы. Қазақша алифба, 1-кітап. Орынбор, 1912 // 6 томдық шығармалар жинағы, ІV том. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 бет.

3. Байтұрсынұлы А. Әліб-бій. Жаңа құрал. – Қызылорда, 1926. // 6 томдық шығармалар жинағы, ІV том. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 бет.

4. Байтұрсынұлы А. Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. Орынбор, 1914. // 6 томдық шығармалар жинағы, ІІІ том. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 бет.

5. Байтұрсынұлы А. Сауат ашқыш. Сауатсыз үлкендер үшін, 1-кітап. Семей, 1926. // 6 томдық шығармалар жинағы, ІV том. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 бет.

6. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. 1926. // 6 томдық шығармалар жинағы, І том. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 бет.

Жеңіс Сәдуақасұлы,

филология ғылымының  докторы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

университетінің профессоры

3828 рет

көрсетілді

19

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз