• Келелі кеңес
  • 31 Тамыз, 2022

ОЙЛАР, ЖЫЛДАР...

Игілік ӘЙМЕН-ИГЕН

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ БАҒЫТЫ МЕН БАҒДАРЫ

 (ПРОЗА – ҚАРА СӨЗГЕ ҚЫСҚАША ШОЛУ)

 Дүниеде қайбір нәрсе де кезең-кезеңімен өзгеріп, пісіп-жетіліп тұрады. Табиғат та, Дін де, Адамдар да...

Кешегі – бүгінге жарай бермейді; бүгінгі – ертеңге тура келе бермейді. Ал, ертеңгі... – оны әзірге Бір Құдайым ғана білер.

Кешегі – кешегіге, бүгінгі – бүгінгіге, ертеңгі – ертеңгіге қызмет жасайды. Сонысымен бірге, келешекке – бағыт-бағдар сілтеп те түзіп отырады.

«Жоғары дәрежелі шынайы Әдебиет – Құдайдың бір аты, көркем келбеті» деп айтқан едік қой. Олай болса, Әдебиет – бүгінге де, ертеңге де кәміл «өнегелік көркем жол» көрсетуі керек.

...Арыға бармадық, XVIII-ғасыр – Сервантес пен Шекспирден бастасақ, «Гамлет» те, «Дон Кихот» та – өз замандарына («бүгінімізге» дейін) адал да қалтқысыз қызмет еткен көркем туындылар. Екі шығармадағы «геройлар» – екі түрлі типтер болса да, сонысымен де, тартымды да тағылымды. Бұл дүниедегі барша нәрселерді Құдай өзі екі жақты қып жаратпап па еді. Міне, мұнда, Гамлет те, Дон Кихот та – «айдың жарық бір беті»; «айдың қараңғы екінші беті – жебір губернаторлар мен қанішер корольдер» болса керек-ті.

Берірек келсек, Дюма мен Жюль Верн – «интригалық, фантастикалық» шиеленістер кезеңінің әдебиетшілері еді. Замана – оқырман соны талап етті. Иә, бұлармен қатар, Бальзак пен Вальтер Скотт, басқалар да болды. «Шагреновая кожа» – этнографиялық-пәлсапалық тәлімділігімен, «Айвенголар» – тарихи көркем оқиғаларымен өнегелік көрсетті. Ал, Драйзер мен Диккенстер тарихи-этнографиялықтан – «романтизмді» аттап өтіп – «реализмге» барар жолдағы алғашқылар ретінде үлгі бола білді.

«Романтизм». Бұл кезеңнің әдебиетшілері – жоғарыда аталған «Жюль Верндердің», «Стивенсондардың» жалғасы әрі жетілдірушілері – «Джек Лондондар» еді. Дж.Лондонның – «Мартин Иден», «Морской волк», «Сердца трех» романдары осының айғағы.

Джекіңіз қызды-қыздымен «запредельный романтизмге» – «беспредельный махаббатқа» да барған әдебиетші. «Маленькая хозяйка большого дома» романы. Мұнда, «собственный күйеуін өлердей сүйетін әйел – күйеуінің ең жақын досы һәм өзінің ойнасын да өліп-өшіп сүйеді...» (???) Қараңыз: «– Вы не понимаете, Ивэн... Я люблю мужа Дика. Я буду всегда любить его. – А меня? – ревниво спросил Грэхем. – Конечно, – улыбнулась она. – Вы единственный, кроме Дика, кто меня так... целовал и кого я так целовала... Треугольник, как вы называете наши отношения, должен быть разрешен не мной... Я все сравниваю вас обоих, оцениваю, взвешиваю...». (???) 

Ал енді, обалы не керек, Джектің «Любовь к жизни» әңгімесі – нағыз пісіп-жетілген «реализмнің» өзі.

Осы кезеңдегі айтулы тұлға – Ги де Мопассан. Оның «Жизнь» романы – романтизмнен реализмге өтіп те қойған еді. Қараңыз, роман қалай аяқталатын: «Жизнь прожить не легко! Но, с другой стороны интересно». Романның астары қалың, концепциясы мықты. Мұндағы «не легко» және «интересно» деген сөз-ұғымдарға үңіле қараңыздаршы: «Егер де, Құдайдан алшақ болсаң – не легко; ал Құдайға жақын бола білсең – интересно» деп тұр ғой.

 «Реализм» кезеңі. Бұл кезеңнің басты бір өкілі – Эрнест Хемингуэй. Оның «Прощай оружие» романы, «Старик и море» повесі, «Снега Килиманджаро» әңгімесі – осы айтқанымызға дөп дәлел. Хемингуэйдің концепциясы мен пафосы нық та нақ! Ол айтады және жалған дүние қоңырсықтарына нүкте қояды: «Человека убить можно, но победить нельзя»...

Лев Толстой – реалистік дәуірдің шебер әдебиетшісі. Оның «Война и мир» романы – озық «тарихи» көркем, «Анна Каренина» романы –  кең көлемді «этнографиялық» көркем туындылар. Ал, нағыз үлгі боларлық «реалистік» романы – «Жоғары дәрежелі шынайы көркем әдебиет» тұрғысынан – «Хаджимурат». Толстойдың концепциясының мықтылығы сол: «соғыстың» қасіретін, «бейбітшіліктің» қадырын анық, Құдайшылық жолмен («соңғы іліммен» тексерілген) көрсете білгендігі.

Бір айтып та ескертіп өтеріміз – «ұлы» ақындар Пушкин мен Лермонтовтың «Капитанская дочка», «Герой нашего времени» роман-повестері. Бұл прозалық туындылар – нағыз һәм «реалистік», һәм «прогрессивтік-реалистік».

«Прогрессивтік немесе проспект-реализм» кезеңі. Мұның алдыңғы сапында – Альбер Камю, Кафка, Бабельдер тұрды. Камюдың «Посторонний» романы, Кафканың «миниатюр-әңгімелері», Бабельдің «Конармия», «Одесские рассказы» повествованиелері мен «миниатюралары» – әлемдік шедеврлер.

«Проспект-реализм» – көпке дейін, осы күнімізге шейін жалғасып келеді. Жалғастырғандар – Голсуорси, Гамсун, Цвейг... И.Бунин, М.Булгаков... Шыңғыс Айтматов... Шукшин, Распутин, Василь Быков, Астафьев... Бұл аталған әлемдік прозашылармен бір қатарда біздің Тәкен Әлімқұл, Асқар Сүлеймен, Қарауылбек Қазы, күні кеше ортамыздан мезгілсіз дүниеден өткен Дидахмет Әшімханұлы мен Рахымжан Отарбай тұр.

Енді, аренаға «модерн-әдебиет» шықты. Бұл кезең әлі шарықтай қойған жоқ. Тырмысып жатыр. Сондықтан да, «қателіктердің» болуы табиғи нәрсе. Бұл кезеңнің бастауында Жапон әдебиетшілері және неміс Гюнтер Грасс сияқтылар тұрды. Жапон Мурокамидің «Конец света» романы. Екі желі қатарласа тартылады; екеуі екі бөлек дүниелер. Автордың өзі айтады: «Екі түрлі екі желіні қатар сүйрелеп келемін, екеуі жіптіктері білінбей қосылар ма екен, жоқ па? Уайымдаймын. Бірақ, романымның соңында, екеуі бірден қосылып та үйлесіп кетті. Қатты қуандым». Көріп отырсыздар ма, жазу процесінде, үнемі күдіктенумен болған. Сонда қалай болғаны?.. Ал, біз – оның екі түрлі желілерінің қосылған-қосылмағандығын білмей дал болудамыз... Жалпы, бұл модерн-роман – «реализм» бе, «мистика» ма, «фантастика» ма, әлде не? Мұны да білмегесін – айта алмаудамыз. Айтатындар – айтар...

Түрік Орхан Памуктың «Қызыл қар» романы екіұдай (тіптен, бірталай) ойға-пікірге қалдырады. Мұнда да, «іштей» бірнеше желі желіп жүреді... Оның «N» романы – түрік тектес халықтардың ішінен бірінші боп «Нобель» сыйлығын иеленді. Мақтануға болады. Бірақ, осы романды түрік өкіметі жақтырмады да қолдамады. «Себебі» не? «Түрік мемлекетінің саясатын астыртын сынады» деді ме, әлде «батысқа жағынды» деп пе?.. Бұл енді – әдебиеттен тыс мәселе. Шынтуайтында, біздің түсінігімізге салсақ – «жетілмеген, тұманды» («күмәнді» демей-ақ қоялық) модерн-әдебиет болса керек-ті-ау.

Бүгіндері, «модерн-әдебиетпен» – «мелодрама», «бестселлер» дегендер жарыса жағаласып келеді. Олар туралы айтып әуре болмай-ақ қоялық.

Енді, бүгінгі қысқаша шолу сөзімізге қорытынды жасасақ.

Бұрын-бұрындарғы мифтік-пәлсапалық әдебиеттер («Гомерлер») де, «интригалық», «романтикалық», «реалистік», «прогрессивтік-реалистік», «модерн» әдебиеттер де, келешекте туындап қалары ықтимал «космогонистік» әдебиет те, бәрі-бәрі де – Құдай жолына – Соңғы Ілімнің қағидаларына сәйкес келуі тиіс. Осылай болмайынша – «Жоғары дәрежелі шынайы көркем Әдебиет» болмақ емес.

Ал енді, бүгінгі күнімізде: «ең жоғары, шынайы көркем әдебиет» дәрежесіне – жоғарыда аталған... аталмаған авторлардан, шығармаларынан кімдер-нелер жақындай алған екен? Соны білгенімізше, абайлап қана атайтын болсақ:

Адамзаттық тұрғысынан алып қарағанда – Альбер Камю – «Посторонний» романы; Лев Толстой – «Хаджимурат» романы; Шыңғыс Айтматов – «Ана-Жер-Ана» және «Жәмилә» повесі...

Ал, Ұлттық-адамзаттық тарапынан келсек: Иван Бунин – «Жизнь Арсеньева» роман-толғауы; Шыңғыс Айтматов – «Шынарым менің, шырайлым» повесі («Тополек мой в красной косынке»); Тәкен Әлімқұл – «Қараой» әңгімесі; Қарауылбек Қазы – «Иманжапырақ» повесі мен «Ақ бантик» әңгімесі; Дидахмет Әшімханұлы – «Жынды жел» және «Ақшоқы» әңгімелері; Рахымжан Отарбай – көптеген злободневный шедевр әңгімелері...

 

...09 шілде («Құрбан айттың» алғашқы күні), 2022 жыл. Астана.

 

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҺӘМ ОНЫҢ

«БАҒАЛАНУЫ» ҺАҚЫНДА

Шығармашылық – кәсіп емес, бойға берілген қасиет (призвание). Бір кездері, айтып та едік: «Шығармашылық – бағаланатын товар емес, тұтынатын кие. «Призвание» деп. Бірақ, деген де, өмір болған соң, қайбір де еңбектің «өтемі – құны» болуы да керек шығар. Автордың: өз еңбегінің – бойына берілген қасиетінің жемісін көруіне һақысы бар да болар.

Байқауымызша, бүгіндері мемлекет тарапынан (мысалға, шартты айтқанда): 1 баспа табақ прозаға – 100 теңге төленуде. Бірақ, осы өлшемнің өзі барлық авторларға бірдей тиесілі емес екен. Атақ-даңққа белшеден бөленген аға-буын жазушыларға «жоғары ставкамен» (бүтін 100), атақ-даңққа кейінірек дендеген жазушыларға «ортаңғы ставкамен» (70), ал енді, атақ-даңқтан ауылы алыстағы жазушы бейбақтарға «төменгі ставкамен» (50) төленеді екен.

Мұндай «ставка-стандартқа» бөлушілік – «шығарманың сапасына» қарамастан, «әдебиеттің қасиет киесінен» қаймықпастан – қайдан шыққан? Қай кезеңдерден пайда болып та жұққан? Мұны, мұндай өрескел өресіздіктерді ойлап тапқан, бекіткен – КІМ?! Сонда... атақ-даңққа бөленгендердің әдебиетке (елге жерге) сіңірген еңбектері – сол әдебиеттің өзінен де зор, тіптен, асып та түскені ме? Біздің түсінігімізше, қабылдауымызша – ӘДЕБИЕТТІҢ алдында (Әдебиет – Құдайдың бір аты екендігін ұмытпаңыздар) ондайлық мұндайлық астамшылықтарыңыз ешқалай да болмауы тиіс еді ғой! Бұл дегеніңіз, алалаушылықтың нақ өзі ғой! Біз қай кезеңде өмір сүріп жатырмыз өзі?.. «Бұ ағайындар, сол үшін де қырыла-қырқыса – өліп-тірілер де екен-ау атақ-шатағыңыздың жолында» дерсіз.

Әңгімеміздің осы тұсында, өткеннен қалған дөп те дәл бір өнегелік сөзді де құлаққағыс һәм тағылым ретінде қайтара жолай айта кетсек: «Өз ғұмырында орынсыз, ретсіз, шектен тыс қармап қойғандар – атақ-даңқыңызды да, орден-медаліңізді де, басқа-басқаны былай қойғанда, келешек өз кіндігінен тараған ұрпақтарының да тиесілі бар несібелерін сыпыра жұтып, алдын ала тауысып, оларға кейін түк те, дым да қалдырмай қояр екен...». Естір құлаққа, ұғарлық санаға ауыр – «қорқынышты!»  ғой?..

«Құдай өзі нені де болса, кім-кімге де болса, берер-аларын да өлшеп-пішіп қояр емес пе? Тағы да қайталар болсақ: «Апырым-ай, бұл неткен «жанкештілік!» дерсіз. Атақ-шатақ үшін өздерінен кейінгі өз туған ұрпақтарының несібелерінен де қаймықпайтын, оларды титімдей ойламайтын да аямайтын.

Құдайым-ау, экономиканың өзінде де – әр заттың да өзіндік бағасы бар емес пе? Жақсы матадан жақсы тігілген көйлек – 100 теңге, орташа матадан орташа тігілген көйлек – 70 теңге, нашарлау матадан нашарлау тігілген көйлек – 50 теңге. Бәрі – анық, орнында, дұрыс.

Сонда Шығармашылық – Әдебиет: біреулерге – «аузы қисық, бірақ байдың қызы»; ал, екіншілерге – «өгей, жасаусыз қыз» болғаны ма? Астапыралла! Бұл ісіміз адамшылыққа, имандылыққа ешқалай да келмейді ғой! Өркениетке ұмтылған елдің тірлігі емес қой БҰЛ!?.

Біздің бүгінгі түп әңгімеміз – «кімге қалай төленуде» немесе «қанша төленуі тиіс» тұрғысында емес, нақты «шартты төлем стандарты» һақындағы ой-пікір, ұсыныс.

Әуелден айтып өтеріміз: атақ-даңқ пен шығармашылықты араластыру – шатастыру – төмендік, ұят, күнә. Құдайдың бір атын былғап, ойнаушылық. Он, жүз, мың жерден «атақты-даңқты» болса да, бәрібір – шығармашылық еңбегінің маңызына нақты көзбен қаралуы тиіс! Сол сияқты, «атақ-даңқтан әзірге мақұрым жазушыларға да солай... Бүгін «атақты-даңқтылар» нашар шығарма берді ме, оларға – төменгі ставка-стандартпен – 50 теңгеден төленсін. Керісінше, бұрын елеусіз келіп, бүгін өте жақсы шығарма берген «атақ-даңқсыз жазушыларға жоғарғы ставка-стандартпен – 100 теңгеден төленсін.  Әділдік, Құдайшылық дегеніңіз – ОСЫ!

Енді, ойымызды, идеямызды – «шартты төлем стандартын» мысал-үлгі ретінде келтірелік. Таза шығармашылық дүние былай есептелініп, бөлінсе: 1) Аса үздік шығармашылық – «А» категориясы; 2) Үздік шығармашылық – «Б» категориясы; 3) Ортаңқол шығармашылық – «Г» категориясы. Немесе, басқалай атап, формулировкасын көрсетсек: «Қазақ прозасы. «А» категориясы». Осы сияқты, ары қарата...

Сонымен, тиісінше, «А» категориялы шығарманың 1 баспа табағына – 100 теңге; «Б» категориялы шығармаға – 70 теңге; «Г» категориялы шығармаға – 50 теңге. Міне, сонда ғана «атақты- даңты» жазушыларымыз нашар шығарма жазса да мықты атанбай, аздап та болса ойланып, жан-жағына қарайлап жүрер еді; ал енді, бұрын белгісіздеу болып келген  жазушылар, атақ-даңқтары болмаса да, жазған жақсы шығармаларына лайықты бағасын алып, жадырап, бастарын биік көтеріп жүрер еді. «Кімнің – кім» екендігі белгілі, анық, әрі үлкен стимул да болар еді.

Әрине, айтып көрсеткеніміздей болуы үшін, информация, мәдениет министрліктерінің «Баспалар басқармасында» немесе «Жазушылар одағында» арнайы мықты мамандар отыруы тиіс – шарт! Барлық шығармалар солардың қолдарынан – имани сүзгілерінен өткені жөн.

Біз, әзірге, «жоғары шығармашылық» һақында сөйледік. Енді, басқалай да жәйттер бар емес пе. Мысалы, мынадай: «жұмысшыларға, шаруаларға, сауыншы-малшыларға, жалшыларға, зейнеткерлерге, т. т. т.» арналған – көпшілік әдебиет. Иә, олар да жоғарыда атап та талдап көрсеткеніміздей, өздіктерінше сұрыпталсын.

Әлбетте, «Жоғары әдебиеттің» – соңғы аталғандардан жолы да жөні, бағасы да беделі, бір сөзбен айтқанда – ДӘРЕЖЕСІ мен ТҰҒЫРЫ мүлдем жоғары да биік тұрғаны абзал-ды, – иманды.

– Не дерсіздер, ағайын?..

...2010 ж. Астана

 

БАЛАНЫҢ ЖАМАН БОЛМАҒЫ НЕДЕН?..

...Қолында билігі барлардың сөзі мен ісінің арасы – аспан мен жердей болды; еш қабыспайтын жағдайға жетті. «Ақыл-парасатты болуы тиіс» дейтін оқытушы-ұстаздарымыздың өздері «отбасы – ошақ қасы» төңірегінде қалды. Себебі, білгір ұстаздардың көпшілігі мектептен қашып, қара базарға кетті – мына хұкіметтілігімізде атақ-абыройдан жұрдай болды ғой, ар-ұяттары, намыстары шыдас бермеді... «Гиппократ» дейтін «ойыншыққа» ант бергіштеріңіздің пиғыл-пейілдері бесенеден белгілі... Тәртіп, заң сақшыларының қара халық үшін қып-қызыл отқа айналғаны тағы да аян. Мешіт, әулиелі жерлердегі сәлдебайлар өтірік көлгірсіп, нәпсілерінің құлына айналып, Құдайыңнан қорықпайтын болып алғандары қашан!

Айтқандарымызға – құрттай құжынаған емші-домшыларды, ұры-қары, сансыз алаяқтарды қосыңыз. Бұны аз десеңіз – үйінде, балаларына қалай бірдеңені алып-жұлып, тартып-жұлқып, ұрып-соғып, алдап-арбап кетудің небір айла-шарғыларын үйретіп отырған ағайындарыңызды қосақтаңыз.

Бала – қалай жақсы болады? Тізбелеп өткеніміздей, көзін ашқаннан көргені – әлгіндей, «қара түнек қапас» болса?..

Ал жалпы, негізіне келсек: жаман бала о баста қандары таза емес боп жаратылғандардан шығады. Кейбірлерінен «дұрыс» бала шыға қалса, ол – жеті аталарының ішінде бір сау ұрықтың жел өтіне соқтықпай өсе қалғандығынан немесе шеше жағында «иманның» болғандығынан. Ішінара, жақсыдан – жаман туа қалса, ол да әлгі айтқанымыздай, тек, керісінше – «бейуақида ұрлықы азғын қанның араласып кетуінен» деп түсінгеніміз жөн.

«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің».

«Не ексең – соны орарсың».

«Ағаштың жемісі – өзінен алысқа құлай қоймас».

Ілуде болмаса, «өзің қалай болсаң – солай».

Кейде, балаң: «неге мені бұлай тәрбиеледіңіз, өмірде бәрі басқаша ғой?» деп жатса, саспа, қайта қуан; оның мәнісі: ұлыңның «анығына көзін жеткізгісі келгендігінен, теріс жолға түсейін дегендіктен емес».

«Бала жаман» деген адамның өзі – жүз-мың жерден жаман. Мұны айтқан – бұрынғылар...

Қорыта айтсақ: «есектің миына еліткен басшысы бар, қосшысы бар, қуғынбайы бар – мына бір бейкүнә заманның қырын алып-қисынын қашырып, азарын беріп тұрған билік һәм әрбіріміз кінәліміз де күнәліміз...

1 қаңтар, 2000 ж. Кентау қ.

 

«ӘДЕТ» – ӘДЕП ЕМЕС;

 «ӘДЕП» – ӘДЕП

Амандаса білуде (сәлемдесе) – көп нәрсе тұр.

Иманның басы – амандаса (ілтипаттаса) білуде.Бірінші боп амандасуға ұмтылу – «Құдайшылыққа» бірінші боп ұмтылу.«Алыстан ат арытып алты жасар ақылды бала  келсе – ақсақал амандасады».…Жолығысып қалғанда – кіші сәлем береді; үлкен – жөн-жоралғы сұрасады.Бір үйге келген адам – ол үйдің ішінде ешкім болмаса да – «ассалау ма әлейкүм!» деп дауыстап сәлем береді; бұл – сол шаңыраққа деген құрметің (парызың).  Шаңырақтан үлкен емессің;  кішірейгенің – ізеттілігің, имандылығың.

…Көрдік:

Бір жиында, уақытында келген көпшілік сіз-біздесіп отырды. Таяз, өзін көсемпайға балап көпіршіп жүретін пайғамбар жасындағы бір міскін кешігіп келіп тұрып, сәлем берудің орнына –  үн-түнсіз, сол қолымен оң шынтағын демеп, отырғандарға жағалай оң қолын піспекше сұққылап ұсына бастады. Көпшілік те жақтырмаған раймен, үндемеген күйі қолдарын беріп жатты. Кезек, төрдегі қадірменді һариге жеткенде – әлгі міскін кекірейіп: «Қолыңызды беріңіз, һариеке!» дегені. Сол кезде һари: «Қолымды неге беремін – қолым өзімдікі!» деді, ренішті де ащылау дауыспен.

Әнеки… ақсақал-һари тарапынан – «жөнсіздікке тосқауыл»; амандаса білмеген (амандасқысы келмеген) міскін тарапынан – «надандық». 

Бір үйге келген адамның, шығарында «сау-саламат» айтуы парыз. «Жақсы, сау боп тұрыңыздар», «аманшылықпен жүздескенше», «Алланың жақсы күндерінде жолығысқанша», т.т. деу – әрбір пәнданың мұсылманшылығы.

Қазіргі кезеңде, «үлкеннен – үлкендік» қалмағандай; тек – «дәметеді»? Тіршілігі, жағдайы үшін, амалсыздығынан «кіші» үйіне қонаққа («тамағын тығындауға») шақырса – «үлкен» тайраңдап, аспандап, кісімсіне я әумеселене жетіп барады. Мұсылмандықта, «үлкен» – «кішіні» шақырады. Келешек арқасынан ергенге жол ашады, үлгі көрсетеді (әсіресе жас келіндерге).

Еркек болсын, әйел болсын – әйел затына: «сәлеметсіз бе», «амансыз ба» дегені орынды. Керісінше – ер адамға: «ассалаумағәлейкүм» деу – мұсылмандығымызды білдіреді.

Бұрындары: «армаңыз», «армысыз» деуші еді – мұны да ұмытпаған жөн.

Әйел адамының өзін ретті-ретсіз, жөнді-жөнсіз ұстауында – оңды-терісті көп нәрселердің ұштығы жатыр...

Мұсылмандықта, ер адам – жоғары. Үлкен болсын, кіші болсын, мейлі өз баласы болсын, әйел затының –еркек кіндіктің алдында кішірейіп тұруы, жол беруі ШАРТ.

Әйелдің – қызын жақтап, күйеу баласын төмендетуі көргендікке жатпайды; өз баласына – екінші бір әйелдің солай істеуі әбден мүмкін ғой?..

«Әйел ел билемейді», «әйел той басқармайды», «байтал шауып бәйге алмас», «әйелден ақыл сұрама», «әйелге «жолың болсын» деп айтпа», т.т. сөздерде үлкен мән-мағына жатыр. (Бұл жерде, «Ананың» жөні мүлдем де бөлек – басқа әңгіме).

Әйелдің: «көкіректенуі, көкбеттенуі, жалғани намысқойлануы, ыздиып-сыздиып-біздиуі, шатқаяқтап-шайпаулануы» – ақыретті жақындатады. «Менің мінезім мұндай, әдетім ондай, жазылғаны сондай» деушілік – надандық, ақымақкершілік. Бәрі-бәрі көре келе, өсе келе түзелетін нәрселер ғой; егер де, өзің түзелгің келсе әрине. Әйелдің ең басты парызы – «АНА» деген ардақты да қасиетті атқа ұмтылуы! Сонда, Дүние түгел болады, ұзағынан тұрады.

Кім-кім болсын, бір-біріміздің шын пейілді сөздерімізді бөлмей тыңдай білу, қолдап, демеп отыру – әдептіліктің алғышарты. Ешкім «түгел» айта алмайды. Міндетті түрде айту, түзету қажет болса – досыңның көңіліне тимей, білгірсінбей, өте биязы жеткізгенің жөн; я болмаса, әңгіме үстінде кемшін жерін жетілдіріп жібер. Соны мегзеп байқат.

«Ымға түсінбеген – дымға түсінбеген», «Айтқызып істеген тірлік – харам», «үй артында кісі бар» деген ата сөздерінің қандары сорғалап-ақ тұр!.. Ойланғанымыз абзал-ды.

Үлкенге «сен» деу – кесепаттық.

Үлкеннің жолын кесіп өту – көргенсіздік.

«Сіз-біздесу» – имандылық.

Бәрі-бәрі – ИМАНИ ӘДЕПКЕ саяды.  

 

«ЖАЛҒЫЗДЫҚ»ПА, «ЖЕТІМДІК» ПЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ?..

Мен айттым һақ жүректен нәсиятнаме,

Құдайым кезіктірсін жүректі ерге.

АВТОР.

…«Өмір» деген не? Жалпы адам баласының өмірге өкпе артуына һақысы бар ма?

Біздіңше, бірінші сұраққа былай деп жауап берген болар едік: «Өмір – Құдай, – бір аты». Өмірдегі «дұрыс-бұрыстар» – Құдайдың «сыны». Осынымызды хұп көргенге – екінші сұрақтың жауабы да өз-өзінен анықталып қалмай ма.

…«Жалғыздықты» әркез әркім де әрқалай-ақ қозғап өтті. Абай һәкім атамыз да айтты. Біз пақыр да айналып өтпедік. Әркімдерге жауап бермей-ақ, Атамыз бен Бізге келсек, онылықтарымыз: «ізденім-таным жолымыздағы негізінен өздерімізге қойған тексеріс-сұрақтарымыз» болар. «Жалғыз – Құдай» екен. Таптық. Қабылдадық. Қабылдағаннан кейін, ол мәселені (анықты, ақиқатты) орынсыз қаузап, омбығып, жұртты да омықтырып жатпадық, – сол, Жалғыз Жаратқанға шүбәсіз құладық та құлдық ұрдық.

Біреу-міреулер бергілікті-арғылықты жақтарынан айтып та қалар: «Оу… «Моласындай бақсының – жалғыз қалдым, тап шыным» деушілікті неғыламыз?» деп те. Ондай-мұндайларға жауап қатып әуреленбесек те жарар еді. Ал жауап қатар болсақ, сұрағына сұрақпен: «Оу… сұрақ қойғыш әулие болмастан бұрын, Атаңыздың жүрегінің тереңіне үңіліп бағуға, жандүниесінің қатпарларын аршып-тануға титімдейін де талап қып көрдіңіз бе? Жазатайым, ол қасиетті сөздердің төркіні сіздің өзіңіздің басыңыздың «тұмаулы-тұманын» қалайша сейілтуге боларлығына үшбу-үмітпен арналып-бағышталып тұрмапты ма екен?» дер едік.

…«Жетімдік» деген саңырауқұлақтай қаулады. Бұған «кім – не» дер? Біздіңше, Құдайдың әрқалай себептерімен жетімдік жағдайда қалу – ешқандай да айыби кемшілік емес. Ол дегенің – пәнданың басына тағдыр салған ауыр сын. «Құдай сыны». Кемшіліктің, күнәнің көкесі – сол қорғансыздарды қайғы-қасіреттерімен өмір-дария өтінде жеке-жалқы қалдырғандарда (имансыздарда). Олар, қорғансыздардың – ағайын-туыстары, елі, қоғам, хұкімет…

Қорғансыздың бір кемшілігі болуы мүмкін. Егер де қоршаған айналасына бейәдептілік көрсетіп жатса, теріс тірліктермен шұғылданса…

Жетімдіктің барып тұрған антұрғаны – Жетесіздік – Тексіздік! Жеті анасы, жетпіс жеті атасы барлардың өзі – егер де қандары сұйық, тексіз болса: «ЖЕТІМНІҢ-ЖЕТІМІ!» (Тозақ отында шыжғырылатындар). Ал, енді, тіпті дүниеге шыр етіп келісімен-ақ ата-анасыз қалғандардың өзі – егер де қандары түгел, таза тұқымнан болса: «ТЕКТІНІҢ-ТЕКТІСІ!» (Құдайдың сүйген құлдары).

Нұрлы Өмірді, Бақытты Отанды, Ұлттың Жарқын Келешегін – Тектілер жасайды, жасап келген, жасай береді.

Қасиетті Үлкен Кітапта: «Қандай да бір жөнсіздіктерді көрсеңіз, кім-кім тарапынан болса да – түзет; түзетуге шамаң келмесе – айт; оған да шамаң жетпей жатса – ішіңнен сол жаман нәрсені барынша жек көр» делінеді. Тектілердің болмыс-бітімі осы. Және де, Құдіреті күштіден айналасындағы тексіз пәндаларға әрдайым араша – ықпал тілеп жүрерлері.

Текті Ақынның – Ақындық Тектіліктің жөні жойқын! Ол – Құдіреттің өзінен тікелей келген Құдіреттілік. Сондайлығынан да, ондай ақындар – қарапайым, сабырлы, мейірімді боп келер. Адуындылық жасап жатса – орнымен, жөнімен жасар. «Жетім», «Жалғыз», «басқа-қасқа» боп бөлініп, құрт-құмырсқаланып жатпайды. Олардың бар арманы да тілегі, басты мақсаты да мұраты: «Отанының бақыттылығы, Әлемнің көркемдігі…».

Жекебас, бала-шағасын ғана күйттеген, ұлтының бақытсыздығы үстінен бақыттылық көксеген ақын – ешқандай да ақын емес! («Атақ-шатақ» қуғандар). «Жетіммін! Жалғызбын!» деп ұдайы жалпақ жалғанға жар салған, іші-бастарына тек ашу-ыза мен кекшілдік толтырып алған, үлкен-кіші демей жан-жақтарына көкбеттене зәрлерін шашқылаған ақындар – «сайтан айналдырғандар». (Бұлар үйлерінде де «жетімдік-жалғыздықтарын» жырлап-зарлап, өз балаларының да миларын жегілеп отырар ма екен, - ә?) Ал, сайтан айналдырғандар елінде – бақыттылық ешуақытта болмайды. Міне, қорғансыздық – осы. Сормаңдай ел – сол ел. Әне, жамағат: «ЖЕТІМДІК», «ЖАЛҒЫЗДЫҚ» дегендеріңіздің түп сорақысы – қасіреттісі!!!»

Абайды аудару мүмкін...

 «...Абайдың өлеңдерін басқа тілдерге аудару мүмкін емес» дейді. (Сөйтіп жүре бермекшіміз ғой, ә?) «Қысқалық, кертартпалық, керенау-кердеңдік, одан қалса, надандық». Мүлдем де кері пиғыл, теріс шаптыру. Мүмкін емес нәрсе жоқ қой, Құдайдан өзге.

Абайды аудару үшін не істеу – қалай болуы керек? «Біссміллә» деп, бастапқыдан, Абайһәкім атаның өзі айтқандай – «ақыл, қайрат, жүректі» жұдырықтай жұмылдырып алуымыз керек. Сосын барып... Ең-ең мықты-мықты деген өзіміздің үш-төрт ақынгөйімізді іріктеп таңдап алуымыз керек. (Бір-екеуі орыстілді болсын). «Үлкен ауылдан» ең-ең мықты-мықты деген үш-төрт көзі көк, өзі сары ағайынды шақыртып алуымыз керек. Енді, осы алтау-жетеуді бір жертөлеге, (подвалға) «посторонний» пысықайлар кіріп-шыға бермейтін, мықтап тұрып қамауымыз керек! (Бір жылға, керек болса екі, үш... жылға). Ішіп-жемінен ойыншық-шылдырмақтарына дейін, бар жағдайларын жасап, тесіктен жіті бақылап, аңдып-аңдап тұруымыз керек. Ал, барар жер – басар таулары жоқ, жатып кеп аударсын! Қалай? Тірлік: біріншіден, Абайһәкім атаның өлеңдерін жолма-жол түсіріп алу; екіншіден, сол жолма-жолды атамыздың мақамына – нәшіне келтіру, мағынасын – философиясын келістіру; үшіншіден, сол мақамды – мағынаны ұлы атамыздың ауанына, иісіне, нәріне, сөліне, тереңіне шомылдыру. Міне, сонда алғашқы мәселеміз шешіледі. Содан кейін, әлгі алтау-жетеуді жертөледен шығарып, жұртқа көрімдетіп, алғашқы шешілген мәселені жаппай халықтық талқыға салуымыз қажет. Одан барып, талқыға салынып біткен соң, білгір алтау-жетеуді жертөлеге қайтадан қамаймыз. Ал, жатып кеп салыстырсын да толықтырсын өз шешімдерін халық талқысымен. Міне, сонда ғана барып, Абайһәкім атамыздың Гете-Лермонтовтан аударған (өз бетінше «творить» еткен) «Қараңғы түнде тау қалғып...», Пушкиннен аударған – өз алдына творить еткеніндей – «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» дегеніндей ұлыәуи де дүниеәуи шедеврлер шығып қалуы бек мүмкін, – кәміл тиіс.

«Бойы бұлғаң,

Сөзі жылмаң,

Кімді көрсем  мен сонан

Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым

жалмажан».

Осыны біздіңше былайша аударып көрсек – мысал, жоба:

Стан – кривляка,

Слова – скряга,

Кого увижу  я от него

Закрыв лицо,

Растеряв око,

Немедля убегал

Прочь! поодаль.

Қалай қарайсыздар?..

05. 09. 2020.

 

«АБАЙ» БАР ЖЕРДЕ – АҚИҚАТ БАР

…Мезгіл – алакеугімденіп, айнала күңгірт тартқандай. Бейуақыттылыққа, бейберекеттілікке, бейбастыққа жаны жақындардың (шайтан айналдырғандардың), я сол төңіректегілердің  «айы оңынан» туды.

Олар өзді-өзін, я бірі-бірлерін – «ғұлама, данышпан, көсем» етіп көрсетуге бар жан-тәндерін салып бағуда. Сондайлардың бірі – өздерін белді, беделді деп күпінетін басылымымыздың бетінде: «Абай – дарын, талант; ондайлар қалыпқа сыймайды, сондықтан да ұрсады…  сөгеді… кейде көлденең де кердиеді; оның қазақ турасында айтқандарының бәрі – жеке басының «субьективистік» көзқарастарының жүйесі ғана» дегендей жобада соқты-ай кеп тұрып! Қаракөлеңке – екі  кештің аралығында: «Ұлан-асыр жаңалық» ашып, «Ұлылардың төрінен» бір-ақ аттап шығып.

Бірақ, Құдайға мың да бір шүкір, мұндайларды өз орнына қоятын қырағы пәндалар ел ішінде бар екен, әлі де!

Фазыл Аяш былай деді:

– Көшкінбай мырза! Біріншіден: Абайды зерттеген ғалым міндетті түрде дінге, яки Аһиқаттануға қанық болуы керек. Екіншіден:  Абай – ТОЛЫҚ әрі КЕМЕЛ адам, Ұлы үйлесімге қызмет етті. Құбылысқа ТҰТАС әрі БҮТІН қараған. Оны солай қарауға үйреткен – Аһиқаттану ілімі; дәлірек айтсақ – Алла таала!  Шығармашылығында да, кешкен ғұмырында да шектен шыққан жоқ. Ойлансаңыз болар-ды: «Абайдың сөзі неге ескірмейді?» Өйткені – мәңгілік ақиқат бар! Үшіншіден, Көшкінбай, саған айтарым: мәңгілік ақиқат пен «субьективизмді», кемел адам мен талантты адамды, данышпандық пен дарындылықты шатастырмасаңыз екен!?»

Дер мезгілінде – дөп сілтенген Алдаспан!  Бәрекелді, Фазыл Аяш – Алла тааланың шын сүйген құлы!!!

Бірақ… бірақ-та, басқаларымыздың: «…тағы да, бір жолға сақтап қалды ғой, шүкір» деп (мүмкін «шоқ-шоқ» десіп) шекемізден жымиысып, бұқпантайлап, жата бергеніміз «иманға» тура келе қояр ма екен? Кешегі «қызыл күндердегі», бүгінгі «алабажақ кезеңіңіздегі» де – барды басып базарлап, кеудесін соғып, кердең қағып, кекірік атқан «ақиықтарымыз, алпауыттарымыз, алмауыттарымыз» қай-да-а-а – жын-сайтандарды жүндей түтіп, жеті қырдан асырып тастайтын!? Әлде… олар да, сол… «Көшкінбайлармен» қолтықтасып, біржолата «бас сауға-жан тыныштыққа» бет қойған ба???

КІМНІҢ – ҚАЙ ОТАННЫҢ СОҒЫСЫ? КІМНІҢ – НЕНІҢ ЖЕҢІСІ?..

Әуелімнен, сұрақ: «Адамда қанша Отан бар?» Немесе бүгінгі нақты сұрағымыз: «Қазақтың Отаны қайсы? Ресей ме – Қазақия ма?..»

Иә, 1941-45 жылдары біздер «Орыс-Герман» соғысына қатыстық. Жан-тәнімізбен атсалыстық! Ол кездері, «СССР» деген алпауыт мемлекеттің құрамында – «Ресей» деген империяның боданы едік. Еріксіз, құл едік. «Құлдық» санамызға сіңіп те кеткендей еді-ау.

Иә, ол соғысқа қатысқан кім-кімді де құрметтеуге – марапаттауға – әспеттеуге міндеттіміз. Себебі ол – басқыншылыққа, жалпы соғысқа қарсы соғыс болды. Мұның екінші жағын да ойлап қоюға тиіспіз: егер де, Германиядан бұрын, ол соғысты СССР бастағанда қалай да қандай болған болар еді?.. Барша империялық елдердің пиғылдары бесенеден белгілі ғой – әлемді жеке-дара билеп-төстеу.

Бүгін, Қазақ елі – тәуелсіз ел. (Сондай ма, жоқ әлде?..) Өз Туымыз, Елтаңбамыз, Конституциямыз – елдік шекарамыз бар. СССР – жоқ; Ресей – басқа мемлекет. Ресей – орыстардың Отаны; әлде де болса, солардың құрамындағы бағыныштылықта қалып отырған ұлттардың да Отаны-ақ болсын. Ал, енді, біздің мына сиықтарымыз – не сән, не фасон?..

Соңғы жылдары – «Құдайдың құтты күні»: «9 май! Жеңіс күні! Ұлы Отан соғысы!» деп қоқақтаудамыз; тіптен үдете түсудеміз. Мақұл, «жеңіс» ортақ-ақ болсын, бірақ қай атаңнан қалған «қандай отанның» соғысы еді ол?! Оу, ұятымыз – арымыз – намысымыз – ұлттығымыз қайда?! Ол құрғыр нәубетті – тыраштанып, соншама өлерменденгенше – жәйімен, жөнімен, ретімен ғана еске алып қойсақ болмас па? Қапелімде, сол орыстардың өздері: «Ей, қазақтар, неғып көкіп те лағып жүрсіңдер?! Ресей сендердің Отандарың емес, біздікі ғой!» десе, не бетімізді айтамыз, қай жерлерімізді көрсете  алар екенбіз?..

Ей, қазақ! Саған «Ұлы отан соғысы» – «ұлы жеңіс» сондайлық керек болып бара жатыр ма? (Керек екендігі рас та ғой). Айтайын, онда: Сенің «Ұлы Отан Соғысың» – әупіріммен жаның қалған – сонау өткен ғасырлардағы, 300 жылға созылған «ҚАЛМАҚ-ЖОҢҒАР» қырғыны!!! Нағыз «ҰЛТ-АЗАТТЫҚ» соғысың! – «ҰЛЫ ЖЕҢІСІҢ» – сол жеңіс! Сенің Ұлы Қолбасшы Батырларың һәм Қаһармандарың – Алатау, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян батырлар еді ғой! Сенің Ұлы Көсемдерің – әз Тәуке, ер Есім, Абылай, Кенесары хандар еді ғой! Сенің Ұлы Ақылмандарың – Әйтеке, Төле, Қазыбек билер еді ғой! Ал, енді, басқаның соңынан салпақтап, сүмектеп, өзгенің отанына кілегейше жабысқаныңды қояр кезің әлдеқашан жеткен жоқ па еді бір-ау?!.

Бүгінгі бұл елдің жұрты – халық қалаулылары, ел басшылары, я болмаса «сен тұр мен атайын» жас қайраттары – азаматтары қайда?! «Әу» деп жөнін айтар – жөнге жығылар ешкімнің қалмағаны ма?..

«Патшалар соғысады – зардабын халық көреді». «41-жылғы» соғысты Гитлер бастамаған күнде, Сталиннің өзі-ақ бастар еді. «Басқыншылық», «қорғанушылық» дегендеріңіз – бұл жерде шартты, жалғани түрдегі нәрселер. Дөйлерге қашанда жеке-дара билік керек. «45-жылғы» парадта қызыл алаңға ақбоз атпен не үшін Сталиннің өзі шықпады? – орнына неліктен Жуковты жұмсады? Себебі, Сталин: «Жалпы, соғыс, мен үшін – ойдағыдай аяқталмады, жеңілдім» деп мойындап-қабылдаған. (Германия бүтіндей бұйырмады, Америка күшін – ядролық қаруын көрсетті, Өзі болса соғыстан сілікпесі шықты). «9 май жеңіс мейрамы» – Сталин өлгеннен соң пайда болған... «саяси жоба».

Жеңсе де, жеңілсе де, бәрібір – «жеңетін патша». Жеңсе де, жеңілсе де, қашан да – «жеңілетін халық». «Жалғани ұранға» елітіп, еріп, алды-артыңа қарамай шапаттай берер болсаң – ақыры бір күні маңдайың тасқа шағылып, тынарсың да бітерсің.

1939 жылы басталып, 1945 жылы аяқталған ол соғысты (Германия, Италия, Жапониялар бастаған – СССР, АҚШ, Франция, Англиялар тәмамдаған) бүкіл әлем: «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп атады. Солайша әлемдік тарихқа жазылды. Жарайды, Ресей ол соғысты қалай атаса – солай атасын. Ал, бірақ бізге не жорық? Бүкіл әлемнен бөлектеніп, қайда барамыз? «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» боп біткеніміз бе? Мұның аяғы... Мұның аяғы сол – жоғарыда айтқанымыздай ғой. Басқа қалай болар да еді-ау. Сол үшін де, әлде де ОЙЛАН, ОЙЛАН, ОЙЛАН ҚАЗАҚ!!!

 

БҰЛ – ОРНЫ ТОЛМАС «ТАРИХИ ЗАРДАП»...

Иә-ә-ә... Екінші дүниежүзілік соғыста «немістер» «орыстарды» жеңіп кеткенде, дүние шығыршығы қалай да қайтіп айналған болар еді-ау, ә?.. Осы бір аса түйткілді мәселені қай-қайсымыз да қаттырақ ойлансақ болар екен ғой.

Ол кездері (кезінде) бәрі басқаша болды. «Ленинизм-коммунизммен» суарылған халықтың санасы һәм ой-жүйесі өзгеше тұрпатты «монолит» еді. «Құдай жоқ»: «әкең де, шешең де, барың да, бәрің де – «ПАРТИЯ!» «Партия айтты – БІТТІ!..»

Ал бүгіндері («Қызыл совет» іріп-шіріп тынғаннан соң) бәрі-бәрі керісінше – дүниеге көзқарасымыз дерлік 180 градусқа күрт өзгерді. Анығында, бәрі-бәріне шындық көзбен қарауға жетіп те жарап қалдық. «74 жыл ұрандатқанымыз» – өтірік болып шықты. Жәй ғана өтірік емес – советтің қол астындағы елдерге де, орыстың өзіне де, жалпы жарты әлем жұртына да – қасіретті де зардапты, «зұлмат өтірік»!..

Қайбір тірлікте – қандай да бір жағдаяттарда ойланыс керек. Ойланған – «сұрақ» қояды; сұрақ қойған – «іздейді»; іздеген – «табады». «Іздеген жетер мұратқа».

Біз – «ойландық», «сұрақ» қойдық, «іздедік», сөйтіп, бір шындықты тапқандаймыз:

Кешегі қан-қасап қырғында – екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші бір тармағы «орыс-герман» егесінде – «гитлердің» жеңіп, «стәлиннің» жеңілгені: тек неміске, әйтпесе орысқа, оған бағынышты ұлттарға ғана емес, жалпы бүкіл әлем халықтарына тиімді де қолайлы болған болар еді-ау. Себебі...

«Тарих ағысында нелер соғыс-сойқандар өтпеген» дерсіздер. Иә, талай-талай әлем жайрап қалған, қырылып қалған, құрып та кеткен... Бірақ, қандай да нендей болмасын, – «адам жаны сірі», – бірте-бірте уақыт орнығып, қоғам өз даму қалпына түсіп, ілгерілей берген. («Ілгерілеу» дегеннің «шартты» екендігін де ойлап қоялық).

Ал «қызыл совет» жеңді. Иә, «одақтастар» – Америка, Англия, Франция, СССР – «гитлерді» сыбайластарымен қоса жеңген болар. Сонда, түптің-түбінде, негізінде, «кім – кімді» жеңді?..

Қараңыз: «Одақтастар» Германияны төртке бөліп, ақырында – СССР-ға қарасты ГДР, «Америкаларға» тиесілі ФРГ мемлекеттері орнықты. Онымен тұрмай, екі алпауыт – СССР мен Америка әлемді бөліске салды: «Социалистік», «Капиталистік» лагерлер пайда болды. «Капиталистік» жүйе (нарықтық) – табиғи я соған жақын еді де, заулап өз жолына түсіп, өсіп-өркендеп кетті. Ал «Социалистік» қоғам – жасанды (жоғарыдан жоспарлау), қолдан жасалынған қуыршақи немесе картончик үйшік еді; ақыры, 74 жылдан соң үгітіліп-мүжіліп, іріп-шіріп, құлап-қирап тынды. Жайымен ғана қирап-тынып бітті ме? Жоқ!..

«Қызыл советке» қараған жарты әлем жайрап та аңырайып қалды... Иә, есі-бастары дұрыстау елдер жәй-жәй болса да тырбаңдап, тұрақтанып, алға басып бағуда. Куба, Вьетнам, Ауғанстан, Солтүстік Корея сияқты елдер есірік халде; Солтүстік Корея – адам төзгісіз де түсініксіз, аянышты да бейшара жағдайда қалып отыр!?.

  Ал, Америкаға қараған елдер – табиғи (нарықтық) өсу жолындағылар – адам қызығарлықтай гүлденіп тұр!.. «Жеңілген немістеріңіздің» өзі (батыс Германия) шырқау өркендеп кеткен... Әлгі сорлап қалған Солтүстік Кореяның оңтүстік бөлігі – Оңтүстік Корея – дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатардағы елдер сапында! Гонконг!.. Тайвань!.. Швейцария!.. Оңтүстік Африка!.. Біздің түсімізге де кіре қоймайтын жәннатты мекендер...

Енді, «Гитекең» жеңгенде?..» деген ойымызды тереңдете түссек, білген-түйген «версиямызды» жариялалық. «Гитекең» жеңгенде (құр сүлдер, сілікпесі шығып барып, – Стәлин де сөйтпеп пе еді...) – әманда мұхиттың арғы жағынан терезеден қарап-бақылап отыратын алпауыт Америка оны тайраңдатып қоймас еді ғой. Көк желкесінен тарпа бас салып, «мысық-тышқанын» шығарар еді емес пе! Сосын... Сосын, «Гитекең» де, «Стәлінекең» де қарасын батырар еді; «қызыл социализм» жойылар еді.

Орыстар да, оған қараған халықтар да 1917 – 45 ж.ж. аралығындағы үзіліп қалған 28 жылдан соң (қазіргідей «74» емес) бұрынғы қалыптарына – тіптен советтің құрамындағы 15 республика тәуелсіздіктеріне жетіп, ертерек естерін жияр ма еді-ау. Қайталап, қорыта айтсақ: Жарты әлем «қызыл социализм ауруынан» арылып, бүкіл дүние бір бағытта қозғалған болар еді. Сол соғыста пленге түскен миллиондаған бейбақтар «итжеккенге» айдалмай – одан кейінгі «саяси қудалаулар» да орын алмас еді-ау... Қаншама елдер – халықтар: «Қаншама қасіретті қырғындарға!» ұшырамаған да, бастарынан кешпеген де болар еді-ау...

74 жыл «теріс айналған шығыршықтың» зардабы – кейбір елдерге (біз сияқты) жүздеген жылдарға кетері анық; егер де сол аралықта жойылып кетпей тұрған болсақ... Бұл – орны толмас «тарихи зардап». 

12858 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз