• Еркін ой мінбері
  • 30 Тамыз, 2022

Сапарбай ЖҰБАЕВ, экономика ғылымының кандидаты, қаржылық сарапшы: Әр істе әділеттілік пен ашықтық керек

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жиынында алдағы атқарылар істерге бағыт-бағдар берді. Сонымен қатар елдің табыс көзін арттыру, инфляция, цифрландыру т.б. біршама мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан экономикасының ілгерілеу тетігін айқындады. Осыған орай экономика ғылымының кандидаты, қаржылық сарапшы Сапарбай Жұбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Ел Президенті жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. Қаржылық сарапшы ретінде ойыңызды білдірсеңіз?

– Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында атқамінерлерге бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл жиында бүгінге дейін қордаланған инфляция, бағаның өсуі, қаржылық жағдай турасында біршама дәйекті ойлар қозғалды. Соның ішінде азық-түлік, ет, әсіресе қанттың жайы айтылды. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатына қатысты сын-пікірлер келтірілді. Әрине, бұдан басқа цифрландыру, білім, ғылым, денсаулық саласында қордаланған мәселелер бар.

Еліміздің экономикалық дамуы соңғы 2-3 жылда басқаша бағытта жүруде. Оған пандемия, геосаяси ахуалдың әсер ету жағдайын есепке алыңыз. Үкімет отырысында осы келтірілген мәселелер пысықталды. Алдағы уақытта атқарылар істерге бағыт-бағдар берілді. Өздеріңізге мәлім, бағаның тұрақсыздығы және оған селсоқ қарау қаңтардағы дүрбелеңге алып келді. Қымбатшылық қай заманда болсын халыққа оңай тимеген. Дегенмен оңай тимеген деп қарап отыруға қақымыз жоқ. Сол себепті де жаңа бағыт, жаңа жолға түсуіміз керек.

– Ел экономикасын әртараптандыру үшін қайтпек керек?

– Біз үш нәрсені қаперімізден шығармауымыз қажет. Біріншісі, мемлекеттік меншіктер, компаниялар мен корпорациялардың көбеюі. Бәрін мемлекеттік санаймыз да, сапаны ұмытамыз. Бұндай өрескелдікке бармаған жөн. Экономикадағы ЖІӨ 55-60 %-ын беретін мемлекеттік меншік жекешелену керек. Шамамен 10-15 %-ға түссе, онда парақорлық азаяды. Екінші – жерді шаруаларға ыңғайлы етіп беруіміз керек. Бір ғана латифундистер иеленгені дұрыс емес. Оны да қарапайым халық егін егіп, мал ұстап т.б. бағытты игергені абзал. Феодалдық қатынастан ірге бөлген жөн. Үшінші – ауыл әкімдерін сайлайтын жаңа жүйе пайда болды. Бұл ашықтыққа қарай бетбұрыс деп білеміз. Жалпы барлық сайлау түрлеріне халық қатысса, әділдік орнайтынына сенеміз. Егер осы айтқан ашықтық, жариялылыққа бара алсақ, қоғам тағайындау мен сайлаудың ара жігін ажыратып, жарқын болашаққа қадам басар едік. Мәселен үстіміздегі жылғы табысымыз жуықтап алғанда 18 триллион дейік. Соның 10-11 триллионы салықтан түседі. Ал үстіндегі 6 триллионын Ұлттық қордан алудамыз. 2-3 триллионын облигациямен шығарудамыз.  Былай алып қарағанда 40-45 %-ыз қазынаға түсетін қаражат жерасты қазба байлығынан келуде. Мемлекет басшысының ойы Ұлттық қордағы жиналған қаражатқа тимей, экономиканың жаңа тетіктерін қалыптастыруды айтып келеді. Дәлірек айтқанда шығынға емес профицитке жұмыс істеуіміз қажет. Сонда бюджет табысы еселенеді. Сонымен бірге шикізатқа, қазба байлыққа тәуелділіктен арыламыз. Бұл жолда еліміздің мүмкіншілігі жоғары. Ең бастысы өз Отанымызға шын жанымыз ашып жұмыс істеуіміз шарт. Сол кезде дамудың даңғыл жолына түсеміз.

– Дүниежүзілік аренада қаржылық ахуалымыз қаншалықты қуатты?

– Ә, дегеннен дөп басып айту қиын. Халқымызда «біреуден ілгері, біреуден кейін» деп жатады. Өте астарлы һәм бүгінгі таңға дәл келіп тұрған сөз дер едім. Мысал үшін көрші Ресейді айтайық. Олар соңғы 5-6 жылда профицитке қарай көш түзеді. Яғни шығынды бәсеңдетіп, табысты үдетті. Соның нәтижесінде 640 миллиард доллардан астам қаражатты Ұлттық қорларына жинады. Оның үстіне рубль құны біздікімен салыстырғанда нығайып барады. Әрине, қазіргі таңдағы геосаяси жағдай да өз әсерін беріп тұр. Дегенмен экономикасы шыдап бағуда. Шынын айту қажет, біз Ұлттық қордағы қаржыны жұмсаудамыз. Дүниежүзінің алдында Қазақ мемлекетінің экономикасын қуатты етудің тетіктерін жоғарыда айттық. Ең негізгісі жемқорлыққа тыйым салу бәрінен маңызды. Бұл дегеніміз – тесік шелекке су жинағанмен тең. Қанша жерден қамбамызды қампайтқанмен, қоймаға қол салына берсе, одан ештеңе ұтпаймыз. Сондықтан күйремеудің нағыз жолы – ашық экономика жасау. «Самұрық қазына» активтері, акциялары мемлекеттік болмау керек. Ол жекеменшікке өтсе, сең қозғалады. Ал дәл осы күйінде қалса, жаңадан келген басшы жаны ашымай, баяғы жартас сол күйінде қалып кете беретіні анық.

–Өзіңіз мысалдаған жемқорлықты жоюдың жолы бар ма?

– Әрине, бар. Түп-тамырымен бір сәтте жоя алмасақ та, тежеуге болады. Параның салдары оңай емес. Сонау Орал қаласындағы цемент зауытын айтайық. Қаншама қаражат кетті. Әлі бір қап цемент шығармадық. Петропавлдағы биоотын зауыты, LRT жыры айтпаса да түсінікті. Осының барлығы жемқорлықтың жемісі. Әрбір өңірде мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Ең үлкені Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіп кластеріне айналады деп сенген зауыт еді. Оның да жырын тындыра алмай келеміз.

Егер дереу жемқорлықтың алдын алып, тығырыққа түспеу жолын іздесек қилы кезеңдерден сүрінбей өтеміз. Ол үшін жақсылыққа бастайтын адал ниетте болған абзал.

– Баға тұрақтылығын қалай орнатамыз?

– Иә, өте өзекті мәселе. Оның да шешімі бар. Жалпы өмірде кез келген істің түйіні шешілері ақиқат. Елімізде мұғалімдердің, университет оқытушыларының табысын әр жылдары 25%-ға арттырудамыз. Осы санатта дәрігерлер де бар. Бірақ инфляция дес бермеуде. Бұның себебі геосаяси жағдай, жаһандық қаржылық дағдарыс, өзімізге кіретін импорттың көп болуымен де байланыстыра аламыз. Өзімізді-өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз ететін жағдайымыз бар. Ол үшін осы бағытта мамандар пікіріне сүйенген абзал. Әйтпесе ет, сүт өнімдері бойынша Беларусь, Ресейге тәуелді болып қала береміз. Бұған жол бермеудің бірден-бір жолы – өз өнімдеріміздің сапасына көңіл бөліп, шағын және орта кәсіпке серпін бергеніміз дұрыс. Біздің ғалымдардың жетістіктерін айта кеткеніміз жөн. Соңғы 4-5 жылда етті, өсімдік майын экспорттайтын елге айналдық. Ал бидай, күрішті бұрын да сыртқа сатып, табыс түсіріп жүрдік. Бастысы осы қарқынды еселей түсейік. Біз шикізатты сататын емес, өндірушіден өңдеуші терминін қалыптастырсақ, табыс дегеніміз көл-көсір болмақ. Баға өспейді деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен инфляцияны тізгіндеп отыру қажет. Жүгенсіз жіберуге болмайды.

Еркін бәсекелестік қалыптастыруға болады. Мәселенки, мемлекет әлеуметтік нан бағасын белгілей алады. Ал басқа түрдегі нанға шектеу қоймайық. Себебі әлеуметтік нан бағасы арзан болғандықтан әртүрлі пішінде пісірілген нандар аса қымбат бола алмайды. Өйткені, тұтынушылар қымбатқа жүгірмесі анық. Міне, байқап отырғандарыңыздай, қарапайым қағидалар арқылы түрлі соқпақтан шығып кетуге болады. Әлгінде айтқанымдай, әр істе әділеттілік, ашықтық, соның арасында Отанға деген патриотизм жүрегімізде сарнап тұрса қалған жақсылықтар өзі келеріне сенеміз.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Олжас ЖОЛДЫБАЙ

445 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз