• Ел мұраты
  • 30 Тамыз, 2022

Отан   – отбасынан басталады

«Отан – отбасынан басталады» дейді. Елдің тұтастығы, ел азаматтарының бақытты болуы, мемлекеттің келешегі әр отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институтының хал-ахуалымен тығыз байланысты.  «Адамның бар бақыты – бала» дейміз. Адамға нағыз бақытты – тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Адам өмірінің мәні – ұрпағы, бала – өміріміздің жалғасы. Ал тәрбие – баланың өмір бойғы азығы. Оның бірінші тәрбиешісі – ата-анасы, отбасы. «Атадан тағылым алмаған ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман» дейді халқымыз. Отбасында алған тәлім-тәрбие болашақта балаға дұрыс жол көрсетеді. Қазақ халқы оны «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Отбасы  – жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Отбасы тәрбиесі – бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі.  Өкінішке қарай, қазіргі кезде отбасылық тәрбиеде орын алған өзегіңді өртер көптеген келеңсіздік үлкен ұлттық мәселе туындатып отыр.

Ұл-қыздарымыз ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейді, үлкенге құрмет, кішіге ізет азайып барады, тастанды жетім балалар, қиын балалар, қарттар үйіндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, ажырасу, суицид, жемқорлық, айта берсек, толып жатыр. Ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарымыздың ахуалы алаңдатарлық күйде. Неге осындай жамандық атаулы көбейіп кетті деп бір сәт ойланып көрелікші?! «Ұят болады, жаман болады, обал болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген, ғылыми дәрежесі жоқ, бірақ тоқыған, дала академиктері болған, ұлы халықтың бүгінгі ұрпағы неге рухани дағдарысты басынан кешуде?! 

 

 Өкініштісі, ұлт құндылығынан ажыраған, ұрпақ сабақтастығын жоғалтуға шақ қалған көпшілігіміз айналамызда, қоғамда болып жатқан мәселенің тереңіне үңілмей, тек салдарымен ғана күресетін болдық. Түрлі проблемалардың, агрессия мен депрессияның, тілден және ділден, ұлттық құндылықтан безудің, рухани азғындықтың, құлдыраудың себебін іздемейміз. «Бұл неге солай болды?» деп тереңіне үңілмейміз.Мәселенің түп-тамыры қайдан шықты деп ойланбаймыз. Сан ғасырлар бойы ұлтты ұлт болып қалыптастырған рухани құндылықтан безіп, өзгенікін жақсы деп, өзіміздікін өгей көріп, өзегінен тебеміз. Әр ұлттың өзіне тән даму ерекшелігі, өз тарихы, өз болмысы бар екенін ұмыттық. Қазақта «телу» деген сөз бар. Енесі өлген төлді басқа малдың бауырына салады.

Мал басында бөтен төлді жақындатпайды, көнбеген соң қараңғыға қамап, төлді бауырына салады. Былайша айтқанда, «өгей төлді» зорлап жақсы көргізеді. Жаһандану заманында сырттан қаншама құндылық біздің ұрпағымызға осылай «зорлап» телініп жатыр. Бірақ ол басқаның құндылығы болған соң, бізді шын ниетімен қабылдамайды, ол сырттан телінген. Ондай «өгей» нәрсе түптің-түбінде ұрпағымызды адастырады, ұлт тамырына балта шабады. Қаншама жастың өзін-өзі таппай, діннен, ділден, тілден, құндылықтан безіп жүргені осыған куә?! Бүгінде кейбір жастардың ұлтының құндылығынан безіп, діні мен ділінен ажырап қалғандарын көргенде қазақ баласының «Қағынан жеріген құландай жиренуіне» не себеп болды?» – деп қатты ойланамын. Қанша ұлыс пен ұлт өкілдерін кең құшағына сыйдырған кең пейілді, ақ жүректі қазақ баласының бірі сәләфи, бірі уаһаби, енді бірі құраншыл болып, басы бірікпей, ата-бабасының сан ғасырлар бойғы ұлы тарихынан, ұлттық құндылығынан жеріп, адасып жүргені жанға батады, ел болашағын, ұлт келешегін ойлайтын ана ретінде, ұлтыма жаны ашитын ел азаматы ретінде қатты алаңдатады. Күні кешегі қаңтар қасіреті халқымыздың қабырғасын қайыстырды. Діни жат ағым өкілдерінің әрекеті араласып кеткен «Қаңтар қасіреті» елімізді дүрліктіріп, ел тыныштығын бұзды. Қаншама жас қыршынынан қиылып, қанша ана зарлап қалды. Бұл жағдай дін мәселесіне, діл мәселесіне «шаммен қарау» керектігімізді ұқтырды. Ұрпақтың рухани-өнегелік тәрбиесіне жіті қарау керектігін көрсетті. Сондықтан ұлт болашағы үшін қауіпті осындай келеңсіздіктердің алдын алып, рухани сенімнің қоғамдағы орнын айқындау үшін, өскелең ұрпақтың өнегелі, рухани тәрбиесіне мемлекеттік деңгейде назар аударар кез жетті. Тамыры тереңге кеткен бәйтеректің ғұмыры ұзақ па, әлде тамырсыз ағаштың ғұмыры ұзақ па? Сол тәрізді, рухани байлығымызға негізделген, отбасылық құндылықтарымыз, ұлттық тәлім-тәрбиеміздің де тамыры терең, сан ғасырлық тарихы бар. «Отан – отбасынан басталады» дейтініміз де осыдан. Өскен ұясында отбасылық дәстүрден рухани нәр алған, ұлтжандылыққа тәрбиеленген, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін ұрпақ ешқашан жаман нәрсенің жетегінде кетпейді. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Ажырасулардың кесірінен қанша бала толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, бұл – қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші.

Бұл көрсеткіштің артында қанша адамның тағдыры тұр. Қанша сәбидің көз жасы тұр. Әкесіз тәрбиеленген ұрпақтың жарымжан тағдыры тұр. Батыстан жұққан кесел ме, әйтеуір біреудің нәрсесіне бас қатырмаймыз. Әркім өз-өзімен. Ал, шынтуайтына келсек, мұндай мәселеге қоғам болып жауаптымыз.  Қазіргі күні отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы әлемдік үрдіске айналып отыр. Еуропа елдерінің басым көпшілігі ажырасу деңгейі бойынша алғашқы қатарда тұр. Зерттеушілер бұл індеттің дәстүрлі құндылықтарға берік елдерге де тарай бастағанын айтып жүр. Өкінішке қарай, бұл үрдіс біздің елімізді де айналып өтпеді. Ажырасу жағынан үшінші орындамыз, бұл дабыл қағарлық ахуал! Әрине, дамыған елдерден үйрену керек, бірақ «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренетін» тұстары да аз емес. Біз қазір Жапонның технологиясы мықты деп таңғаламыз. Ал сол Жапонның экономикасы алдымен отбасы экономикасынан басталатындығына мән бермейміз. Баланы сәби кезінен еңбекке баулиды, ал адал еңбек зор өркениетке жеткізеді. Ал біздің ата-бабаларымыз ұрпағын еңбекке тәрбиелемеді ме? Үлгі тұтып, біреуге тамсанғанша, өзіміздің түп-тамырымызға үңілейік. Бабаларымыз «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп,  ұрпағына атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан, адамды жақсы ететін де, жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңірген. Бесігінен сіңген тәрбиенің маңызын білген. Тіпті қандай да бір тентектеріне «Сен оңбайсың, адам болмайсың» деп бетін қайтармаған, тәрбиелеуге тырысқан. Бала санасына қарынның қамын емес, халық қамын ойлау ұғымын сіңірген. Осыдан он бестегі ұлдары ел басқарып, шешендік сөз өнеріне араласқан. Қараңыздаршы, ешқандай жоғары білімі жоқ ата-бабаларымыз қандай ұрпақ тәрбиелеген?! Біз қазір білімдіміз, екінің бірінде жоғары білім, тіпті доктор, профессорлық бар. Ал ұрпағымызды қалай тәрбиелеп жүрміз? Өмірден кеткен ата-бабаларымыздың алдындағы парызымыз, ұрпақаралық сабақтастық қайда? Егер біз анамыздың сүтімен, әкеміздің күшімен берілген асыл қазынамызды ұрпағымызға бере білмесек, бабалар аманатын орындай алмасақ, біздің білімділігіміз бен доктор, профессорлығымыз кімге қажет?! Қазақ «Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле» дейді. Біз бүгінде басты нәрсені, адамзат үшін ең негізгі ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алып отырмыз. Біле білсек, бұл жастардың емес, мына біздің, яғни ата-аналардың, қоғамның, мемлекеттің қасіреті, біздің кінәміз. Бабалар аманатына біз берік бола алмадық. Өйткені, нарық қыспағына тап болған, дәулеті шағын отбасынан шыққан жастар тұрмыс тауқыметіне көп шалдығады. Сондықтан бұл мәселеде мемлекет, қоғам болып ойлану керек.  Бүгінде біз балам жақсы болсын, қарны тоқ, көйлегі көк болса болды дейміз, көбіміздің балаларымызды интернет, сырт тәрбиелеп жатыр. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеті тек осы ғана ма? Балаға біліммен қатар, тәрбие де керек екенін ұмыттық. Ұрпақ үшін өмір сүретін ұлтқа, баладан, баладан артық бақ, баладан артық бағалы не бар? Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Ал ұл-қыздарымыздың бесігінен басталатын тәрбиенің тірегі ұлттық құндылықтар болуы керек. Ұлттық құндылықтарға негізделген отбасында өскен баланың ұлттық сана-сезімі ерте оянады, ұлттық таным жүйелі қаланып, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан бала ұлт мүддесін ойлайтын, елжанды азамат болып өседі.

Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі, егер әр отбасының діңгегі берік, ұрпақ тәрбиесі өнегелі болса, ондай мемлекет мызғымайды.  Елімізде 2022 жыл «Балалар жылы» деп жарияланды. Алайда ғаламтордың бәсі биік тұрған тұста біз балаларға арналған қазақша әрі қызықты сапалы контент жасай алдық па? Қазіргі аумалы-төкпелі заманда ұрпақ қандай ақпаратпен сусындап жүр? «Балалар жылы» болып жарияланғанмен ауқымды шаралар көріп тұрғаным жоқ. Бұл мемлекет деңгейіндегі жан-жақты қолдау керек болатын жұмыс. Балалар әдебиетіне қолдау керек. Мәселен, мен ұлттық боямақтар шығарып жүрген Венера деген келіншекті білемін. Ұлт болашағы үшін үлкен еңбек жасап жүрсе де, қолдау жоқ. Балабақша жасындағы бүлдіршіндерге арналған «Айтшы, Әжетай» деген тап-тамаша балалар журналын шығарған Сандуғаш Нұрқанова деген рухани сіңлімді қолымнан келгенше журналын жапқызбауға тырыстым. Журналды талай әкімқаралар мен депутаттардың алдына апардым. Қолдау таппадық. Журнал биыл жабылды. Міне, осындай ұлт болашағы мен ел ертеңі үшін жұмыс істеп жүрген ұлт жанашырларына мемлекет тарапынан қолдау керек. Балалар кітабын шығарамын, балалар журналын шығарамын дегендерді «Балалар жылы» қолдаса екен. Жас ұрпақ үшін қажет «Ертегі – ел ертеңі» жобамды біраз жерге сүйреп, апардым. Алайда еш нәтиже шығара алмай, мемлекет тарапынан қолдау таппағанына қатты күйіндім.

Осы отырған әрқайсымыз бүгінгі, ертеңгі ұрпақ алдында жауаптымыз. Біз бабалардан жеткен құндылықты, аманат арқалаушыларымыз. Сол аманатты қалай орындадық, ертең осы үшін Жаратқанның да, бабалар рухының алдында да жауаптымыз. «Балалар жылы» тек бір жылмен шектелмесін. Бала – біздің болашағымыз, ертеңіміз. Ертеңіміз мықты болсын десек, оның қамын бүгін ойлайық. «Бірер жыл бұрын Елордамыздағы Тілдер басқармасы жанындағы «Тілді қолдау» тобының мүшесі ретінде жартылай мемлекеттен қаржыландыратын жекеменшік балабақшаларына мониторинг жұмысына қатыстым. 47 балабақшада болдым, бұл балабақшалардағы балаларға арналған көрнекілік құралдар мен безендірілген суреттерді көріп, «шок» болған едім. Сыртқы жарнама суреттері де, жатын, асхана бөлмелері, қабырғалары тұтастай «орыс әлемі» мен «американдық арман» болып тұрғаны күйзелтті. Тіпті кейбір тәрбиешілер «Бұларыңыз не?» - деген сауалыма, «Бауырсақ (Колобок)» қазақ ертегісі ғой» деген жауап та алған едім. Міне, Білім басқармасы осындай мәселеге назар аудару керек деп ойлаймын. Бала тәрбиесінде ұсақ-түйек болмайды, бала нені көріп, ненің өнегесін көріп өседі, соның жемісін көреміз. «Жаңа Қазақстанға» аяқ басқан екенбіз, ендігі кезекте мемлекеттік балабақшадан бөлек, мемлекеттен қаржыландыратын балабақшалардағы тәрбие қалай жүргізіліп жатыр? Балабақшаны табыс көзіне айналдырып отырғандар, бала тәрбиесін ойламай, өзге елдің ертегілерімен, безендіруімен ұрпағымыздың тәрбиесіне балта шауып жатқан жоқ па? Мұндай мекемелерде жалпы балаларымыз қандай құндылықтармен тәрбиеленіп жатыр? Осының барлығын тексеріп, бақылап, қадағалап отыратын мекеме осы сұраққа жауап бере отырып, сәйкесінше жұмыс атқаруы керек. Балабақшалар ұрпағымызды ұлттық рухани құндылықтармен тәрбиелеу керек. Ол үшін жалпы балабақшаның атауынан бастап, ондағы тәрбие, баланы тәрбиелейтін көрнекі құралдардың барлығы ұлттық сипатта болып, өзіміздің қазақ ертегі кейіпкерлері дәріптелуі керек. Бүлдіршін шағынан сапалы, білімді-тәрбиелі дүниені көріп өскен ұрпағымыздың таным-түсінігі мен талғамы да жоғары болары сөзсіз. Ресейде ел басшысының өзі қадағалап отыратын «Орыс әлемі» деген қор бар екен. Ол қор орыс тілін, орыс мәдениетін шетелде насихаттау және қолдау мақсатында жұмыс істейді. Мәдениеті мен тілі арқылы жүретін «жұмсақ саясаттың» арқасында орыс тілінің аясын кеңейтіп отыр. Біздің балалар кітапханаларына тегін тарататын, қызыл-жасылды, сапалы балаларға арналған кітаптары көздің жауын алып, қызықтырады.

Кейінгі кезде өзге ұлт өкілдерінің бірі «Біз өз мемлекеттік тілімізді үйренгіміз келеді. Бірақ, біздің елде барлығы ақылы. Ал ақылы түрде оқуға жағдайым жоқ. Сапалы тіл үйрететін орындар болса»,- деп жазыпты. Шынын айтқанда, қазір орыс тілді өзге этнос өкілдерінің біздің мемлекеттік тілге деген қызығушылығы байқалып отыр. Тағы бір мысал, алдында бір балабақшаның ашылуына бардым. Сөйтсем, орысша екен. Сосын сөз алып: «Балаларыңызды қазақшаға беріңіздер, мемлекеттің тілін қолдаңыздар!» - дедім. Менің балалар тәрбиесі жайлы сөзімнен кейін, өзге этнос өкілдерінің әжелері орындарынан тұрып: «Дұрыс айтасыз. Балаларымыз да, өзіміз де қазақша үйренгіміз келеді. Немерелерімізге қазақ тілінде кітап сатып алып, үйретіп жүрміз», - деп біздің тілімізге шын ықылас, ниет білдіргендеріне өзім іштей қуанып қалдым. Мемлекеттік тілімізді нағыз қолға алатын, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, тұғырына қондыратын уақыт келді! Өз еліміздің азаматтары, өзге этнос өкілдері қазақша үйренеміз дейді.  Осындай сәтті пайдаланып неге тегін, сапалы қазақ тілі курстарын ұйымдастырмасқа, бастысы ниет бар екен. Мемлекеттік тіл мәселесін шешетін кез – дәл осы кез! Үйренемін деп жатқандар бар! Осыны ойлауымыз керек. Мемлекеттік тіл – бірлік тілі, ұлтты ұйыстырар тілге айналатынына сенімдімін. Мен Омбы қаласында магистратурада оқыған кезде қаладағы «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Торғын Әшеновамен таныстым. Күйеуі Қуаныш екеуі «Омбы қазақтары» деген газет шығарады екен. Қолдарынан келгенше жергілікті қазақ балаларына қазақ тілін оқытып жүр. Омбы өңірінде 100 мыңға жуық қазақ тұрады.  «Омбы қазақтары» – ең белсенді үкіметтік емес ұйымдардың бірі, бірақ қаражаттың қысқалығы қазақша газет шығаруға, қазақтілді балалар әдебиетін сатып алуға қиындық туғызып отыр. Ресейдің «Орыс әлемі» сияқты, біз де «Қазақ әлемін» құрып, өзімізді ғана емес, өзге елдегі қандастарымыздың да ана тілін ұмытпауына атсалысуымыз керек деп ойлаймын. Сол «Омбы қазақтары» газетінде «Қара шаңырақ» деген рубрикамның барын және үнемі қазақ тіліндегі мақалаларымның жарияланып тұратынын айта кеткім келеді. Біздің елімізде ұлттық өнім аз болғандықтан, телевидениені шетелдік дүние жаулап жатыр, ал ол біздің ұрпақтың тәрбиесіне кері әсерін тигізуде...

Отандық телеарналар өздерінің өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлес қосатынын түсінетін кез жетті. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қабанбай, Бөгенбай сынды батырларымыз, Абылай хан, Тәуке хан сияқты хандарымыз, шешендеріміз бен билерімізді мультфильмге кейіпкер ету керек. Желаяқ, Таусоғар, Толағайлар бала еліктейтіндей мықты кейіпкері бар топтамалы мультфильмдер жасасақ, ұрпағымыз Шрек, Өрмекші адам, Маша мен Медведь, Спандж Бобтарды емес, қазақ батырларының атын жатқа біліп өсер еді! Балаларымыздың өзгеге еліктемей, өз тілімен сусындап, өз тәрбиесімен тәрбиеленуі үшін, бәлкім, мультипликаторлар, мәселен, «Ақылды Әдемі», «Тәрбиелі Талшын», «Тілалғыш Темірлан» сынды мульттоптамалар шығарса, құба-құп емес пе?!

«Жемқорлықпен күрес», «Адал сессия» дегендерге қарасам, шынымды айтсам, екі-ұдай сезімде боламын. Ұрпағын есті ертегі арқылы, өнегелі тәрбие арқылы адалдыққа, «біреудің ала жібін аттамауға» тәрбиелеген текті бабалардың ұрпағының осындай рухани азғындыққа барғанына күйінемін.

Батыр Бауыржан атамыздың «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деген қорқынышы дәл қазір болып жатыр.

Жастарды адалдыққа, әділдікке, парасаттылыққа тәрбиелейтін анимациялық фильмдер қажет.

 «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген халқымыз. Балаларымыздың бойында туған тіл, мәдениет пен тарихқа деген қызығушылығын арттыру үшін, сондай-ақ, баланың ой-өрісін дамытып, ұлттық рухтағы тәрбиесінің қалыптасуы үшін қазақ ертегілеріне негізделген, ізгілікті насихаттайтын, адалдыққа, әділдікке, парасаттылыққа тәрбиелейтін анимациялық фильмдер топтамасын шығару керек. Теледидар мен интернет мықты насихат құралы екенін ұмытпай, бұл жұмысты жылдам қолға алуымыз керек. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Ертегі оқу», Батырлар жыры, қиссалар, жұмбақ, мақал-мәтелдер сайыстарын ұйымдастыруымыз керек.

Қалаларымызда балаларымыз барып ойнайтын неше түрлі ойын-сауық орталықтары бар. Бірақ еліміздің ұлттық болмысын көрсететін бірде-бір ұлттық ойын-сауық орталығы жоқ. Бар орталықтарда ұлтқа тән сипат жоқ. Ішінде балаларға қызмет көрсететін жерде барлығы өзге елдің кейіпкерлері. Ойын-сауық өтетін жердің безендірілуі де балаларымызды өзге ұлттың идеологиясына тәрбиелеп жатыр. Сосын келіп, балаларымыз неге өзге тілде сөйлеп, өзгенікіне құмар дейміз...Ұрпағымызды ұлттық құндылықтарымызбен сусындату үшін, балаларға арналған Ұлттық ойын-сауық орталығын ашу керек. Орталықтың безендірілуінен бастап, ішінде жүргізілетін асық, тоғызқұмалақ, арқан тарту сынды ұлттық ойындар, мақал-мәтел, жұмбақ, ертегілерден викториналар жүргізілетін, қазақ ауыз әдебиетіндегі, халық ертегілеріндегі кейіпкерлерді алсақ, бұл балалардың көңілін көтеретін ғана емес, ұлттық тәрбие беретін орталыққа да айналар еді. Ұлт руханияты осыдан басталуы керек. Мұндай істі ұлтқа жанашыр меценаттар қолға алса, ел болашағына қосқан үлесі болар еді.

«Бала ұясынан не көреді, ұшқанда соны іледі» деген халқымыз. Өкініштісі, бүгінде балаға берілетін рухани-өнегелік тәрбие азайған. Ата-ана баласының қарнының қамын ойлағанмен, көкірек көзінің толығуына мән бермейді. Сондықтан білімді көп, рухани өнегелі һәм саналы аз.

Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесімен айналысып жүрген жобалар мемлекет тарапынан қолдау таппайды. Мәселен, этнопедагогикаға негізделген жоба өтпейді, иттердің приютінің жобасы өтеді. Көптеген мүгедектер, зорлық-зомбылық, инклюзивке қатысты жобаларды мемлекет қолдайды. Құба-құп қолдасын. Бұл да қажет. Бірақ олар шетелдік гранттарды да алады. Ал қазақтілді рухани-өнегелік тәрбиені мақсат тұтқан жобаларға гранттар көп берілмейді. Мемлекеттің беріп отырған қаражатынан қағылып жатамыз. 50/50 пайыз деген шек бар. Меніңше 70/30 етуіміз керек. Әйтпесе қоғамда күннен-күнге көбейіп бара жатқан рухани мүгедектерді кім емдейді?! «Жемқорлықпен күрес», «Татуласу орталығы», «Аналар үйі» деп дерттің себебін емдемей, тек салдарымен күресіп, Үкіметтің қаражатын қашанғы шаша береміз?

Бүгінде өңірлік, республикалық деңгейдегі толып жатқан Отбасы, әйелдер комиссиясы, кеңестер жетерлік. Бірақ сол кеңестерге кім мүше? Ұрпақ тәрбиесіне шын жаны ашитындар бар ма арасында? Ол кеңестер не істеп жүр? Олар жұмыс істеп жатса, күннен-күнге құлдырап бара жатқан Отбасы институтын сақтау, кері кетіп бара жатқан ұрпақ тәрбиесін түзей алмасақ, толған комиссия, кеңестер не керек?

«Судың да сұрауы бар» дейді халқымыз. Сұрауы жоқ болса, олардың не қажеті бар?!

Елінің ертеңін ойлайтын, өркениетті елдердің кейбіреуінде тәрбие мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Отбасы министрліктері, Бақыт министрліктері деген құзырлы мекемелері бар елдер де бар екен. Өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, «Отбасы және тәрбие» министрлігі немесе құзырлы мекеме құрылып, отбасылық құндылықтар, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар биік мінберден өз деңгейінде көтерілуі керек деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құрамыз деп халыққа Жолдау тастады. Бірақ кейбір жергілікті билік оған дайын емес сияқты. Ұрпақ, отбасы, ана мәселесіне жауапты кеңестер, комиссиялар, билік пен халық арасына көпір болуы тиіс қоғамдық кеңестер жаңадан жасақталып жатыр. Бірақ солардың арасында осы мәселені нақты көтеріп, шешімін де айтып жүргендер бар ма? Әлде баяғы «Ескі Қазақстандағыдай» «ләппәй тақсыр» дейтін ыңғайлы сөз сөйлейтіндер ғана бар ма? Осыған назар аударса екен деймін. Әйтпесе көш бұрынғыша ескі сүрлеумен жүре берсе, жаңалық та, Жаңа Қазақстан да құрылмайды.

Ел Президенті өз Жолдауында айтқан «Өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Бізге ешкім сырттан келіп еш нәрсе жасап бермейді, бәрі өз қолымызда», - деген сөзімен толық келісемін. Сондықтан Президенттің осы сөзі тек қарапайым халыққа ғана емес, жергілікті атқарушы билікке қатысты болуы керек деп ойлаймын. Бұл мәселені неге көтердім? Жер-жерде сайланып жатқан қоғамдық кеңестер мен комиссиялар мен кеңестерге назар аударып, оларға кімдердің сайланып жатқанын тексерсеңіздер жауабын табасыздар. Әйтпесе Президентіміз, жоғары биліктің жасап жатқанының барлығы кейбір жергілікті жердегі келеңсіздіктер салдарынан Үкіметке деген сенімсіздікті тудырып отыр. Дәл қазіргі өтпелі кезеңде халық пен биліктің арасында «Алтын көпір» бола алатын, нақты әрекет жасап жүрген қоғам белсенділерін қолдау керек. Дәл осы адамдар қоғамда болып жатқан көптеген проблемалардың шешімін тауып, халық тарапынан болатын наразылықтарды тоқтата алады.Өйткені халық халық тілінде сөйлейтіндерді ғана қабылдайды. Соны түсінетін кез жетті. «Басқаша сөйлейді», «Шындықты айтады» деп қорқып жүре берсек, ешқашан өзгермейміз.

 Неге? «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» – деп Абай атамыз айтпақшы, айналаң өзгерсін, қоғам өзгерсін, ел өзгерсін, мемлекет өзгерсін десең, әрбір ел азаматы «Осы кемшілікті түзеу үшін мен не істей аламын, не істеп жүрмін?», деген ұстаныммен өзгерісті өзінен бастағаны жөн.

Сондықтан дәл осы ұстанымды ту етіп, «Өнегелі ата-ана – өнегелі ұрпақ» ұстанымымен «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру, «Ертегі – ел ертеңі» сияқты бірталай рухани-өнегелі тәрбиені мақсат тұтқан авторлық жобаларымның аясында ұрпақ тәрбиесі  тақырыбында жұмыстар атқарып жүрміз.

Бүгінгі қоғамда ел ертеңі болар ұрпақты, мемлекеттің болашақ адам капиталын дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиелейтін әйел, ана тақырыбы өте өзекті.

Көне ойшыл, білімпаз Ризауддин Ибн Фаруддиннің «Әйелдері  тәрбиелі болған халық – тәрбиелі, әйелдері  тәрбиесіз болған халық – тәрбиесіз. Әйелдері үнемшіл, пысық, жігерлі, талапты болса,  халқы бай, ал жалқау, салақ болса, халқы  пақыр, кедей болады» деген сөзі бар. Отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы – әйел, ана. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», «Алып анадан туады» дейді дана халқымыз.  Тіршіліктің бастауы, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі, әлемдегі барша ізгілік пен мейірімнің, парасат пен тағылымның көрсеткіші саналатын ананы қазақтай құрметтейтін халық жоқ шығар?! Ананы ардақтайтыны соншалықты тілін де анасындай құрметтеп «Ана тілім» десе, Жерін қадірлеп «Жер анам» дейді, Отанын қастерлеп «Отан ана» дейді.  Қазақ әйелінің образы кең. Ол – батыр, ол – ардақты ана, ол – аяулы жар, ол – ұлтты сақтаушы, ол – отбасының ұйытқысы, ол – тәлім-тәрбие беруші. Бүгінде әйел, ана, әсіресе көп балалы ана деген өзекті мәселені қалай шешуге болады? «Өткенді білмей, болашағымыз жарқын болмайды» дейді халқымыз. Сонау қиын-қыстау тоқырау жылдарында елдің еңсесін көтеруге нәзік жанды әйелдер қауымы атсалысып, елімізді қиындықтан алып шықты, оларға тағзым деп жоғары мінберлерден талай айтылып та жүр. Ел басына күн туған осындай қиын-қыстау заманда «ерлеріміз емес», аналарымыз «етігімен су кешті».

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына атсалысқан, тоқсанның тоқырауында елді алға сүйреп, ала дорба арқалап, отбасын асыраған аналарымызға әр қалада ескерткіш қойылып, бастан кешкен қиын оқиғалары төңірегінде кино түсіріп, жазушыларымыз кітап жазып, театрларда түрлі қойылымдар қойса, бүгінгі жастарға, жас аналарға үлгі-өнеге болар еді. Бұл біздің тарихымыз! Оны ешқашан ұмытпауымыз керек. Бәлкім, осындай жанкешті қарапайым әйел-аналарымыздың үлгі-өнегесі арқылы, бүгінгі қоғамда шиеленіскен «әйел-ана» мәселесі, адал еңбекті дәріптеу мәселесі оң шешімін табар ма еді?! Ел ертеңі болар ұрпақты, мемлекеттің болашақ адам капиталын дүниеге әкеліп, өсіріп тәрбиелейтін әйел, аналардың рухани жетілуі мақсатындағы «Ана алақаны» жобасы аясында әлеуметтік қиыншылыққа ұшыраған әйелдерді әлеуметтік кәсіпкерлікке үйрету және бала тәрбиесіндегі этнопедагогика негіздері курстары бойынша семинарлар ұйымдастырамыз. Бұл жұмыстың кең қанат жаюы үшін қолдау керек.

 «Шын мәнінде біз шет елден келген «жалған діни стереотиптерді» емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз керек», - дейді Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.  Ертеңгі кемел мемлекеттің іргетасын бүгінгі өскелең ұрпақ қалайды емес пе?!  Елімізде «Татуласу орталығы», «Жемқорлықпен күрес», «Аналар үйі», «Дағдарыс үйі» сияқты тек салдармен күресетін орталықтар жетерлік. Бірақ осындай рухани азғындыққа апармау үшін өскелең ұрпақты өнегемен тәрбиелейтін орталықтар жоқтың қасы. Өкініштісі, аталмыш орталықтар «Болары болып, бояуы сіңген» нәрсемен «күресуде». Отбасы институтын сақтау үшін, түрлі келеңсіздіктермен күреспеуіміз керек, оның алдын алуымыз қажет.  Ал алдын алудың бір-ақ жолы бар! Ол –  өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие, ұлттық педагогика негіздерін, отбасылық құндылықты ерте жастан сіңіру. Осы тұрғыда ел ертеңі болар ұрпақты тәрбиелейтін «Қара шаңырақ» рухани-өнегелік тәрбие беру академиясын ашқым келеді. Осы орайда, отбасы институтының мәртебесінің төмендеуіне қатысты ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, рухани-өнегелік тәрбиенің болмауы сынды түрлі ахуалдың, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің азаюы, басқа да рухани құндылықтардың құлдырауына қатысты мәселелердің алдын алудың бірден-бір жолы болар «Ана алақаны» мен өскелең ұрпағымыздың рухани-адамгершілік, өнегелік тәрбиесін мақсат тұтқан «Қара шаңырақ» академиясының ашылуына мемлекет тарапынан қолдау болса екен деп ойлаймын.

Бұл жобалар еліміздегі отбасы институтының мәртебесін көтеріп, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпаққа рухани-адамгершілік, өнегелік тәрбие беретін әйелдің, ананың және қазақ әйелінің озық образын қалыптастырып, өскелең ұрпақтың өнегелі тәрбиесіне зор үлес қосар еді.

Ел келешегін ойласақ, «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», - деп Әлихан Бөкейхан айтпақшы, билік те, халық та арқамызға жүктелген ауыр жүкті бірлесе жұмыла көтеріп, кейінгі  ұрпаққа тұғырлы тәуелсіздігі бар, кемел мемлекет қалдырып кетуіміз керек.

 «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті деп Мағжан Жұмабаев айтпақшы, сол кемел мемлекеттің азаматтары өнегелі, өрелі, рухы биік, отансүйгіш болуын ұмытпайық!

Жаңа Қазақстанның болашағы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы, еліміздің еңселі болуы осындай ұрпақтың қолында! Ал оны сіз бен біз болып бірге тәрбиелейік!

Ұрпағымызға берген тәлім-тәрбиеміз, өнегеміз – болашаққа салған инвестициямыз, қандай тәлім-тәрбие беріп, қанша күш жұмсаймыз, болашақта соның жемісін жейміз дегім келеді.

Тұрар Шәкен

577 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз