• Еркін ой мінбері
  • 30 Тамыз, 2022

ЕЛДІКТІҢ КӨРІНІСІ – ТЕҢДІК ПЕН КЕЛІСІМ

 Асан ОМАРОВ

Алдыңғы қатардағы мемлекеттерге қызыға қарайсың. Оларда кедей-кепшіктер жоқтың қасы. Өйткені әлеуметті қорғау деңгейі қай жағынан да өте жоғары. Қоғамдағы келісім негізі – осы айтылған теңдік пен әділеттілік екені шүбәсіз. Әлеуметтік теңсіздік орын алған жерде келісім болуы екіталай.

«Жаңбырменен жер көгерер,

Батаменен ел көгерер»

Халық мәтелі

Әлеуметтік теңсіздік орын алған жерде келісім болуы екіталай. Себебі баррикаданың бір жағында  жоқшылық пен психологиялық қысымға ұшыраған, күнкөрісі азыққа да жетпейтін тақыр кедейлер, екінші жағында  қолында билік пен ақшасы бар байлар дегендей терең бөлініс пайда болады.

 Өркениетті елдер терең бөліністі болдырмау қамында мықты орта тапқа сүйенеді. Ол жетекші күш, ел тыныштығының кепілі есепті. Қалай десек те, қоғамда әлеуметтік теңдік пен келісім ту тігуіне септігі зор екені сөзсіз.

Енді өз еліміздегі жағдайға көз салар болсақ, бай мен кедейдің табысы жер мен көктей алшақ екеніне көз жеткіземіз. Оның бір себебі, қалың бұқара жерасты байлығынан өз үлесін ала алмай, шетке қағылды. Табиғи байлықты сатудан түсетін қыруар қаржы шетелдік я болмаса отандық алпауыттар қолына шоғырланып отыр. Бензин, газ, электр энергиясы, су, пәтерақы, азық-түлік бәрі қымбат екені өтірік емес. Өйткені монополистердің қолында. Оларда бағаны төмендетіп, жеңілдіктер жасайық деген пиғыл-ниеттің бола қоюы неғайбіл. Әйтеуір, әлеуметті қорғау саласында айта қаларлық жағымды жаңалықты көре алмай-ақ келеміз.

Бұрынғы қазақ өмірін сараласақ, бір ауыл бір байға қызмет қылған дәстүрлі ахуалды көріп-білуге болады. Есесіне байлар да аянып қалмай, қандас, ауылдастарының қамын жеді. Қолынан келгенше жағдайларын жасап отырды. Ол күнгі байлар мен топ басылар жайында Абай: «Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?» деп ой қорытады.

Бірақ дәстүрлі әлеуметтік келісімді патша өкіметінің отарлық саясаты тас-талқан еткені анық. «Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абұйыр да мақтан емес, – дейді Абай, – арыз бере білу, алдай білу – мақтан. Ол бай өз тыныштығын да білмейді, бос шығынданғанын да ескермейді» (42-сөз).

Кемеңгердің осы сөзінен бүгінгі байшыкештердің де сипатын көруге болатындай. Ата-бабаларымыз, «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» дегендей, ынсап пен қанағатты жақсы біліп, өмір кешкені хақ.  Ал бүгінгі байлардан осы мінезді көре алмайсың. Неге? Өйткені көбісі тазалық, адалдық жолымен емес, алдап-арбауменен байығандар. Сол жиған байлығын орнымен ұстауды білмейтіндері тағы бар. Кәсібін дамыту жайына қалып, Абай айтқандай, «бос шығынданып» жатқандар қаншама. Мысалға той-томалақ жарысын немесе марқұмдарға зор зират көтеру сәнге айналғанын айтсақ та жеткілікті.  Ақшаны қайда жұмсарын білмей ме, пақырлар? Жолың болып, толған, байыған екенсің, енді жетім-жесірге көмектес, көп балалы отбасыларына қарайлас.  Бұқар жыраудың:

Айтқан сөзге тұрмаса –

 жаман емей немене,

Сұрағанда бермеген

 сараң емей немене, 

Кісі ақысын көп жеген

арам емей немене,  

Сыртыңдағы қулығың –

амал емей немене», –

дегені ойға оралады. Шәкәрім де:

«Мал, мансап – адамзатты мас қылады,

Мейірімді ет-жүректі тас қылады, –

деп ескертеді. Жүректі тас қылмаудың амалы – кедей-кепшікке қол созу, оларға рақымшылық қарекеттер жасау. Тағы да Абайға жүгінейік.

Тоқ, татуды сыйламай,

Аштарға берген ас артық,

дейді кемеңгер. Бұл не деген сөз? «Тоқ, тату» деп ұлы ақын аға, бауыр, құда-жекжат сияқты аралас-құралас жүретін жақын туысты айтқан. Оларды сыйлайсың, реті келгенде қонақ қып күтіп жібересің. Өйткені, «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, олардың өзіңді де солай күтіп алатынын білесің. Ал өзі аш отырған міскіндер ондай қарымтаны қайтіп жасай алсын. Демек, оларға көмекті риясыз көңілден бересіз. Бұл үлкен сауапты іс. Ақынның «аштарға берген ас артық» деуінің мәнісі осы. 

Бай адамдардың көп болғаны жақсылық, олар – елдің құты әрі дамытушы күші. Бірақ байлар қалай өсіп, осы қалпына қалай жеткенін ұмытпай, қара халықтың жағдайын жасауға, оларға көмектесуге ынталы болса игі. Міне, еліміз осындай байлар мен пейілі кең жақсыларға мұқтаж. Әзірге байлар мен кедейлер арасы жақын деп мақтана алмасақ керек.

Құр сөз болмау үшін бір мысал келтіре кетейін. Осыдан бірер ай бұрын бұрынғы астанамыз ару Алматыға құдалыққа барған едім. Құдалардың үйі қаланың жоғарғы жағы – Алатау бөктерінде екен. Казақфильм делінетін ықшам аудандардағы жаңадан салынған коттедж үйлерді көріп қатты таңғалдым. Себебі, ол үйлердің қоршауының өзі ортағасырлық қамалдарды еске салады. Тастан қаланған, биіктігі – үш-төрт метрге жетеді. Көршілес тұрған коттедж иелерінің бір-бірімен араласпайтынын, оқшау өмір сүретінін осының өзінен-ақ аңғаруға болады. Олардың джип көлігін мініп жүйткіген, үлде-бүлдеге оранған, қолына қымбат айфон ұстаған балалары кедей-кепшікті қайтсін. «Семіздікті қой ғана көтереді» демекші, қоғамдық орындарда, мейлі, мектеп қабырғасында болсын, өзгелерге  мұрнын шүйіре қарайтын өзімшіл болып өседі. Келешекте бір-біріне қас болып, жаулық ойлайтын ұрпақ қалыптасады.

Әл-Фараби бабамыз: «Адам өз өмірінің қожасы, сондықтан бақытты болу өз қолында. Ол не нәрсеге де ұқыптылықпен қарап, жиған-тергенін орынсыз шашпай, кез келген адамға сырын ашпай, өзінің мақсат-мүдделері жөнінде достарымен ғана бөлісіп отыруы керек. Осылайша өмір сүрген адамның ғана ар-ожданы таза болмақшы», – деп білмесе айта ма. Егер адамгершілік тәрбиені дұрыс бере алмасақ,  жас ұрпақты бақытсыздық жолына өзіміз итермелеп түсіретін боламыз.

Айтпақшы, Кеңес Одағы ыдырайтын қарсаңдағы «жариялылық» делінген заманда Кеңес армиясы Бас штабының зерттемесін, құпия рапорты десек те болады, оқыған едім. Оның авторы генерал (фамилиясын ұмыттым) алдына әскер қатарындағы әрбір ұлт жастарының мінез ерекшеліктерін анықтап беру мақсатын қойыпты. Қазақ жастары жайында жағдай талғамайды, ыстық-суыққа төзімді дей келе, екі қазақ кездесе қалса, құшақтаса амандасып, шұрқыраса қалады, бір-біріне емешегі үзіліп тұрады деп көрсеткені әлі есімде. Демек, бауырмалдық ұлттық болмысымызда бар екен. Міне, осы қасиеттен айырылып, қапы қалмауымыз керек. «Жүректен жылулық, достықпенен, Бұлақша ағып тарайды бар ғаламға» дегенді бала тәрбиесінде ерекше ескергеніміз жөн. 

Тағы айтайық, қазіргі таңда жемқорлық, сараңдық, арамдық, қулық-сұмдық сияқты мінездерге таңғалмайтын болдық. Ұлы Абай:

Сылдырлап өңкей келісім,

Тас бұлақтың суындай.

Кірлеген жүрек өз ішін,

Тұра алмас әсте жуынбай,

деуімен келісім негізі ақыл-ойға, тазалыққа тірелетінін аңғартады. Кемелдікті рухани кемтарлыққа қарсы қояды. Қазақтың ұлттық тәрбиесі де азып-тозудан сақтайтын қорғанымыз. Ол обал-сауапты білуге және жаман болады деген қағидаға сүйенеді, ысырапшылдыққа тыйым салады.

Сонымен, жердегі жұмақты, бауырмалдық пен тыныштық бағын алыстан іздеп ат айдаудың қажеті шамалы деген ойдамын. Кеше социализм дедік, бүгін капитализм дедік, бәрінің де дәмін таттық, енді дәстүрлі қазақы қоғамға қайтадан оралатын уақыт жетті. Әлеуметтік теңдік пен келісім жайлы шағын толғауымды бай азаматтар көп болсын, бірақ олар қарапайым халықтың үмітін ақтап, қоғамның жанашыры һәм қозғаушы күші болсын деген тілекпен сабақтайын.

470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз