• Еркін ой мінбері
  • 29 Қыркүйек, 2022

АДАЛ КӘСІП – АДАЛ НӘСІП

Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ,

журналист, қоғам белсендісі

Қазақ халқы асқа, ұлттық тағамға үлкен мән берген. Халқымыз адам қажеттіліктерінің  ішінде тағамды  жоғары қойған, дастарқан мен дәм-тұзды ерекше қастерлеп, қадірлеген. Дастарқанды құт-береке, бақыт-байлық, ырыс-ынтымақтың бастауы санаған. Үйге келген адамға «ауыз ти» деп дәм татырған. «Ас – адамның арқауы», «Астан үлкен емессің», «Ерді қорласаң састырар, асты қорласаң құстырар» деген мақал-мәтелдер осының дәлелі. Өзінің қадір-қасиеті мен құрметін де қазақ кең дастарқаны арқылы көрсеткен. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, – деген қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай.Осы жыр жолдарының ең соңғы екі шумағы адал мен арамды білдіреді. Қан – арам, май – адал. Арам мен адалды айыра білмесең, жаман мен жақсыны да айырудан қаласың дегенді меңзейді. Ұлттық қадір-қасиеті биік халқымыз ешқашан ұрпағына арам жегізбеген. «Арлы, рухты ұрпақ өсіргің келсе, жеген асың адал болсын» деген.  Адалдық деген сөз – адам бойындағы ең асыл, биік қасиет. Адалдық – адамдықтың белгісі. Адалдық деген пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы, пейіл тазалығы тәрізді  асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады.Бүгінде осы адалдық қандай деңгейде?

Жақында бір қарт апайдан мынандай әңгіме естідім: «Оқушы немерем сабақтан кейін күніне 5 мың теңге төлейтін жерге барып жұмыс істейді. Осы маңдағы коттеджге барады. Біраз бала бар дейді. Сонда небір сұрыптағы шайларды араластырып, қып-қызыл болу үшін марганцовкаға салады екен. Немерем күнде кешке келгенде үстінен марганцовканың иісі шығып тұрады, денесіне де бояу жұғып келеді. Денсаулығын ойлап, істеме десем болмайды. Каспи-карта ашып алған, күнде ақша түскеніне мәз».Немересінің, әулетінің болашағын, денсаулығын ойламаған ақ шашты әжеге бір күйінсем, баланы арам іске баулыған, жас өскіннің денсаулығын ойламаған «кәсіпкерсымаққа» тағы күйіндім. Арам істің арты жаман екенін, адал еңбектің берекесі барын айтып, немересін тыймаған әже қандай әже? Бірде үйге қонақтар келіп, «Пакистан шайы, күшті» деп алып келіпті. Ертеңінде ашып жатыр едім, шашылып, аздаған шай түйіршіктері кеседегі суық суға түсіп кетті. Мұздай суым қып-қызыл болып шыға келді. «Шай дегенің ыстық суды құйып бұқтырғанда ғана шықпаушы ма еді? Екі-үш түйіршігі суық суға бояу болып шықса, мынауың у ғой», – деп лақтырып тастаған едім. Осындай шай шығарып жүрген арсыз «кәсіпкерсымақтар» болар?! Өз-өзімізге неге жау болдық?

«Артем» базарға барып, «Қызым, қолдың майынан берші»,-деймін ғой. «Апай, сізге нағыз май керек пе, әлде…»,-дейді. Әлдесін түсінбеген мен: «Қалай сонда, нағыз майың не, қызым? Нағыз емес май да бола ма?» – деймін түсінбей.

Сөйтсем, нағыз емес дегені маргарин қосып, сары май қылып қоятындары екен, оны кейін білетіндерден естідім. Бір күні апайым «Базардан жылқының етін алсам, ішінен бірнеше бытыра оқ шықты» дейді. Балам Алматыда оқып жүргенде бір фермердің баласымен бірге пәтерде тұрған. Анау бала «Колбаса, ет консервілерін алмаңдар, жемеңдер», – дейді екен. Сұрай келе, «Әкем арам өлген малды етке өткізеді, сол жерде осыларды жасайды» депті.

Шынтуайтына келгенде,  кім-кімді алдап жүр? Сол майды да, құртты да, етті де жейтін өз қазағымыз! Майға маргарин, қымызға шалап қосып,  малды «бисмиллә» деп бауыздамай мылтықпен атып, болмаса, арам өлген малдың етін сатпаса, таразыдан алдамаса, алған затың ауыр болсын деп ішіне тас салмаса болмай ма? Осылайша, бір-бірімізді, өз қазағымызды өзіміз алдап, онсыз да ат төбеліндей аз ұлтымыздың тамырына балта шауып жатырмыз ғой?! Соны қалай түсінбейміз?!

Бір күндік пайда үшін кешірілмес күнә жасап, арам өлген, бауыздалмаған малдың етін жеу күнә екенін біле тұра оны білмегендерге сатып, өзінің де, алған адамдардың да күнәсін арқалап жүргенін, ертең осы үшін сұралатынын, өзің жасағандарыңның зардабын тек өзің ғана емес, ұрпағың да тартатынын ұмытпауымыз керек. «Өзім жемеймін ғой» деп басқаның өмірі мен денсаулығына зиян келтіріп қиянат жасасақ, ол қиянат өзімізге айналып келеді, ұрпағымыздың алдынан шығады. «Судың да сұрауы бар», «Істегеніңді өзіңе, қалғанын көзіңе көрсетеді» деген халқымыз. Қандай арамдық жасасақ, оның зардабын ұрпағымыз тартады. Бес күндік мына жалғанда нанымызды адал тауып, ұрпағымызға адал ас жегізіп, адал ұрпақ тәрбиелесек, ертеңіміз еңселі, келешегіміз кемел болмақ.

Тамақ ішу де – өнер. «Тамақ ішкенде тұрған қандай өнер бар?» деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Ал, шын мәнінде дұрыс тамақтана білу үлкен өнер. Бұл өнердің ең басты шарты – тамақ ішкенде нені, қашан және қалай ішуді білу. Дана халқымыз «Ас – адамның арқауы»деп текке айтпаған. Дұрыс тамақтанудың маңызы, оның денсаулыққа әсері бізге көптен белгілі. Әртүрлі ауруларды емдегенде тағамның шипалы әсерін пайдалану жөніндегі мағлұматтар көне заманнан бері белгілі.

Халқымызда «Сиырдың еті - жатқанша, жылқының еті - таң атқанша, қойдың еті - ертең күн батқанша» деген сөз бар. Қазақ сиыр мен ешкінің етін «жел», «суық» деп санайды. Нағыз «ыстық», «желі жоқ» ет – қазақы қой мен жылқының еті. Түйенің еті де желді, суықтау болып есептеледі. Ненің «жел», ненің «суық» екенін денесін суыққа алдырған адамдар жақсы біледі. Олардың ағзасы қай ет сиырдың, қай ет жылқының еті екенін айтпай-ақ айыра алады.Себебі, бұндай етті жегенде олардың іші желденеді, демек, жеген еті ағзасына жақпады деген сөз. Ал, жылқы мен қойдың етін жесе ешнәрсе байқалмайды, демек, майдай жақты деген сөз.

Тамыр ұстайтын қазақ емшілері «жел», «суық» деген сөздерді жиі қолданады. «Денеңді суық шалған. Саған сиырдың етін жеуге болмайды. Тек қой мен жылқы етін же. Шөптің де картоп, қызылша, помидор секілді «жел» мен «суығын» аузыңа алма. Жесең тек қияр секілді «ыстығын» же. Арпа, сұлы мен күріш те «суық». Бидай мен тары – «ыстық». Соларды же, солардың көжесін іш» деп жатады. Қазақ, жалпы, тағамның ерекшелігін ертеден-ақ білген. Білгені себепті, қыз босанған әйелге «суық», «жел» нәрселерді ішкізбейді де, жегізбейді де. Денесін одан бетер суық қармап қалады дейді. Себебі, қыз бала «суық», ұл бала «ыстық» деп есептейді. Оларға тек тары көже секілді «ыстық» тағам береді.

Денесін суық жайлаған әйел тек қыз туатын болады. Шындығында бұның бәрі бос сөз емес, сан мыңдаған жылдар жыл он екі ай бойы қатал табиғатпен үндесе, үйлесе өмір сүрген бабаларымызды көшпелі өмір ойшыл, философ, байқампаз, аңғарымпаз болуға мәжбүр еткен. Бөкей Ордасының ханы болған Жәңгірдің сүйікті Фатима атты ханымы келін болып түскеннен кейін біраз жыл бала көтермей жүреді. Хан Петербург пен Еуропаның қанша дәрігеріне қаратса да нәтиже шықпайды. Сонда ел ішіндегі бір білгір тәуіп:

– Айтқаныңыздың бәрі нәтиже бер­меген болса, онда бұның бір ғана себебі бар, ол кісі қыз күнінде қатты суық­таған. Ханымға семіз қырық жыл­қының жілік майын тауысқанша күніге үш мезгіл бере беріңіз. Бойға әбден сіңіп қалған суықты енді тек жылқының жілік майы ғана қуып шыға алады, – деген екен. Соның айтқаны ем болыпты деген дерек бар.

Біздің бала кезімізде жіліктің майын жақсы көрмейтін бала болмайтын. Ас ішкен соң әкеміз міндетті түрде жілік майын шағып беретін. Жілік майы адамның ағзасына өте пайдалы, буын-сүйек ауруларына ем екен. Індет кезінде қымыз, саумал, шұбат, ет, сорпа, құйрық май тәрізді ұлттық асымызды пайдаланып, дерт дендеген тәнімізді емдедік емес пе?! «Жақсы тамақ тұрған жерге жаман ауру жолай алмайды» дейді қазақ. Бүгінде ет жемейтін жастарды көп көремін. Ет – адам бойына қуат беретін бірден-бір тағам. Етті тойып жеп өскен адамның ғана жілік майы толық болады, ол адам қандай жұмыс істесе де әл-қуаты жететін болады.

Бүгінгі балалар неге ет жемейді? Себебі сәби күннен жасанды тамақ, қоспасы көп тамақ жеп жаман үйренген. Ұлттық ерекшелік – адамзаттың зор қазынасы. Тіпті Құранның өзінде «Мен сендерді ұлт пен ұлысқа бөліп жараттым» деген сөз бар. Яғни, ұлтқа бөліну, ерекшеліктің болуы о бастан бар нәрсе. Бүгінде ғаламшар халқы жаһандану дәуірін бастан кешіріп отыр. Кейбіреуге жаһандану елдерді тұтастырып, ұлттар мен ұғымдарды біріктіріп жіберуге тиіс сияқты көрінеді. Бірақ ойлап көрсек, жаһандану – ұлттар мен ұлт тілдеріне жан бітіріп, оларды өмір үшін күреске итермелеп отырған тәрізді. Әрбір ұлт жаһандануға өз ұлттық ерекшелігімен, үнімен, тілімен баратынын әлем елдерінен көріп отырмыз. Бұндай үдерістен біз неге шет қаламыз?! Әр халықты ұлт етіп жаратқаннан кейін, сол ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық болмысымызды, ұлттық құндылығымызды, тіліміз бен ділімізді біз де сақтап қалып, жаһандануға жұтылып кетпеуіміз керек. Жаһанданған қоғамға жұтылып кетпеуіміз үшін де ұлттық тамырдан нәр алуымыз қажет. Әр ұлттың өз ерекшелігін, тілі мен дәстүрін сақтауға тырысуы заңды құбылыс.

Қазақ тағамтану академия-сының президенті, академик Төрегелді Шарманов: «Тамақ адамның мінезіне, генофондына әсер етеді. Мысалы, сырт елдің кока-кола, пепси-кола сияқты сусын, неше түрлі фаст-фудымен тамақтансақ, геніміз жақсармайды. Жалпы, сырттан келетін өнімдердің халық денсаулығына келтірер кеселі өте көп. Мәселен, біз қымыз, шұбат, қымыран, бауырсақ, ірімшік, ет сияқты ұлттық тағамдарымызды жеуге тыйым салмаймыз. Себебі, оның адам денсаулығына пайдалылығы баяғыда-ақ дәлелденіп қойған.  Ал энергетикалық сусынның ағзаға ешқандай пайдасы жоқ. Себебі, адамның орталық жүйке жүйесін белсенді етіп, жұмыс істеу қабілетін арттыруға бағытталған бұл сусындардың құрамында кофеин, таурин сияқты қоспалар бар. Оларды белгілі мөлшерден көп қолданса, адамның энергиясы немесе бұрын байқалмаған қандай да бір ауруы қозады. Қозудың әсерінен адам әлсірейді. Ол бірден байқалмағанымен, уақыт өте келе тұрақты тұтынушының денсаулығы күрт нашарлауы мүмкін.  Өнім адамға қосымша қуат береді деу – қате пікір. Аты «энергетик» болғанымен, заты оған сай емес. Керісінше, бойдағы бар энергияны артығымен жұмсап, түгелімен шығарады. Былайша айтқанда, адамның энергиясын өзінен «қарызға алады». Денсаулық сақтау мамандарының мәлімдеуінше, энергетикалық сусындарды жүйелі түрде қолдану жүрек-қан тамырлары жүйесі қызметінің бұзылуына, ұйқысыздық дертіне, адам ағзасының уақытынан бұрын әлсіреуіне, қан қысымының көтерілуіне әкеліп соғады. Оны жүйкесі сыр берген, гипертония, глаукомамен ауыратын адамдарға және аяғы ауыр әйелдер мен 18 жасқа дейінгі жастарға қолдануға болмайды. Франция мен Германияда энергетикалық сусындарды өндіруге мүлдем тыйым салынған. Сондықтан, мұндай ас-ауқатты сырт айналып жүрген дұрыс» дейді. 

Әр мемлекеттің басты капиталы – адам десек, бүгінгі бала – ертеңгі капиталымыз. Ұлт болашағы – ой-өрісі терең, интеллектуалды деңгейі жоғары ұрпақтың қолында, сол ұрпақтың ең алдымен сау болмағы – бүгінгі заман талабы. Болашақ толқын ауру-сырқаудан көз ашпаса, ел келешегі жайлы айтудың реті де жоқ. Өйткені, ой саулығы – жан саулығына, жан саулығы – тән саулығына тікелей қатысты. Ал, тән саулығы күнделікті ішіп-жейтін асымызға, өмір салтымызға байланысты екені баршаға мәлім.

Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігі – ең маңызды мәселе, ол адам капиталын сақтап қалуға қажет болып отыр. Әлем халықтарын азық-түлік тапшылығы мәселесі қалай алаңдатса, адам ағзасына зиянды, денсаулыққа залал келтіретін тамақ түрлері мен ас-судың көптігі де ойландырып отыр. Біз бүгінде ұлттық асымыздан безіп, гамбургер, хот-дог, чипсы, йогурт, фаст-фуст, кола, энергетик ішімдіктерін пайдаланып,  өзгелердің «қаңсығын таңсық» көріп жүрміз. Осындай құнарсыз, зиянды асты тұтынған адамдарда анемия, әлсіздік, белсіздік, тіс және құрт аурулары дегендер қаптап барады. Бұл дабыл қағарлық жағдай. Бірер жыл бұрын «Эколайф» клиникасының директоры Алмас Құрманғалиұлы деген дәрігерден сұхбат алғанымда, «Бүгінгі таңда бала сүйе алмай жүрген жастардың арасында бедеулік пен белсіздік 50/50 екен. Оның үстіне бұл көрсеткіш жасарып кеткен. Үйленген жастарда бала сүю қабілеті төмен.Тіпті кезінде Алпысбай, Сексенбай, Тоқсанбай тудырған бабаларымыздың атқа мініп, құнарлы тамақ ішкенін, сондықтан қанша жасқа келсе де «аттан түспегенін», бүгінгі жастарда қимыл-қозғалыс аз, неше түрлі газды сусындар, фаст-фудтар жейді, тар киім киеді, осының бәрі зиян» деп айтқан еді.

Ұлтымыздың болашағын ойласақ, ұрпағымыздың саламатты өмір салтын ұстануын, сапалы тамақтануын, зиянды нәрселерден аулақ болуын, рухы биік болуы үшін өнегелі тәрбие алуына мемлекет назар аударуы керек.Балалардың құнарлы ас ішіп, ат спортымен айналысуына жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?! Бүгінгі бала – ертеңгі ел азаматы. Ден­саулығымыз мықты, рухты, еліміз қуатты болсын десек, ұлттық тағамымызды көбірек пайдаланайық. Егер ұлттық құндылығымыз, ұлттық ерекшелігіміз, ұлттық тағамымызды жаңғыртпасақ, қандай ұлттық жаңғыру болады?! Біздің қоғамда бүгінде шиеленіскен мәселе өте көп. Мемлекет отбасынан басталады десек, мемлекеттің тұғырының берік болуы әр отбасына байланысты. Тәрбие бастауын ел келешегі балалардан бастайық. Ертегіні де, ұлттық құндылықты да, рухани тәрбиені де солардың бойына сіңірейік. Ол біз бен сіздің, аналардың, болашақ аналардың қолында!

1118 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз