• Ұлттану
  • 30 Қыркүйек, 2022

АЛАШ, АЛАША ХАН

Көрнекті Алаш қайраткері  Міржақып Дулатұлы «Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы» деген мақаласында:  «Қазақтың не себептен Алаш, не себептен қазақ, үш жүз атанғанын баяндайтын ертегілер бар. Тарихшылар мұндай ертегі сөздерді қорыта келе бір дәлелді мағына шығаруға болар деген үмітпен жинап жазады, бірақ әлі күнге дейін бір нәтиже шығарған жоқ. Не себептен екені белгісіз, қырғыздар да өздерін «алашпыз» дейді. «Алаш» қазақ ұраны болып кеткен сөз болса, бұл ұранға қырғыздар қалайша һәм қашаннан бері ортақ болғаны белгісіз»,- дейді. С.Сейфуллин «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты зерттеуінде: «Атбасар мен Ақмоланың оңтүстік жағында, Кеңгірлі деген өзеннің маңында Жошы ханның моласының қасында Алаша ханның моласы бар деп көргендер айтады. Бірақ, қазақ туралы жиналған  тарихи мағлұматтарда «Алаша» деген қазақ ханының аты көрінбейді», деп жазады.

С.Мұқанов өзінің «Шежіре және тарих жайында» деген зерттеуінде: «Алаш» деген сөзге бір аңызда былайша түсінік беріледі. Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес  болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын Қаракеңгір  өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы»,- дейді.

Ғалым Ғ.Мұсабаевтың жорамалынша, «Алаш» хандығы құрылып, Алаша ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек... Қазақтар «алаш» деген сөзді «жақын» және «жат» мағынасында да қолданады»...- дейді. 

Шынымен де, қазақ тарихында Алапес деген, я Алаш, Алаша деген хандар болмаған. 

Барластан шыққан Әмір Темірдің шөпшегі, 1526 жылы Индияда Ұлы Моғол империясын құрған Бабыр өзінің кітабында Моғолстан ханы Жүністің Бадахшан (Бактрия) шаһының (А.Македонский қалдырған грек) қызы Шаһбикеден туған екі ұлы жайында: «Сұлтан Махмұт ханнан кішісі Сұлтан Ахмет еді, ол жұртқа Алаша хан деген есіммен мәшһүр болды. Оның «алаша» аталуының себебі: қалмақтар мен моғолдар кісі өлтірген адамды «алаш» деп атайды-мыс. Сұлтан Ахмет хан болса қалмақтарды талай рет жеңіп, көп адамды қырғынға ұшыратқан, сондықтан да ол «алаш» аталып, келе-келе Алаша есіміне айналды», – деп жазған («Бабыр-нама», Алматы. 1993. 32 б.).

 «Моғолстан ханы Ахмет «алаш, алаша» атанса, оның қазаққа не қатысы бар?» деген сұрақ туады. Бұл жөнінде Шәкәрім «Шежіресінде» былай дейді: «Әз Жәнібек қазақты Қашқардағы Шағатай нәсіліне қаратқан соң қазақты һәм көшпелі басқа елдерді Жүніс ханның Ахмет деген баласы билепті. Ахмет хан қазақтың жараулысын үшке бөліп: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп қалмақты шаба берген соң, қалмақтар Ахметханды Алашы қойыпты. Мағынасы «Жан алғыш» дегені. Оны есіткен соң Ахметхан: «Қалмақ бұл атты қорыққан соң қойды, енді қалмақты шапқанда «алашылап» шабыңдар» деген соң, қазақтар «алашы» деп шауып, сол қазаққа ұран болыпты. «Алаш-алаш болғанда, Алашы хан болғанда, қалмаққа не қылмадық!» деп қазақтың мақтанатұғыны сол», – деп жазады (25 б).

Ал Халел Досмұхамедұлы «Қазақ» газетінде: «Қалмақ тілінде «алашы» деген сөз бар, қазақша мағынасы «өлтіргіш, аямаушы, жауынгер» деп, «Алашы» деп қалмақтар жақтырмаған орында айтады. Жаны ашымай хайуанаттарды көп өлтіре беретін аңшыларды да қалмақтар «алашы» деп атайды», - деген ой айтқан.

(Татарстан тіл зерттеушісі Н.Н.Хусаинов орыстың «сволочь» сөзін осы «алашы» сөзінен шығарады («Словарь тюркских основ русского языка». Уфа. 2012). Орыста «с+волоч» сөзі «алып кетті, сүйреп, тартып әкетті» дегенді білдіретінін ескерсек, бұл сөз түрктің «алушы» (жан алушы, тонаушы) деген сөзі екенін көреміз. Орыстың «алчный, с+волок, волокита» сөзі де осыдан болар?).

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрк, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» (1911 ж.) кітабында: «Жошы нәсілінен Өзбек хан мұсылман болғанда, барша Жошы ұлысы  «өзбек» атанып, онан кейін  Әз Жәнібек ханға еріп, Ноғай ханнан  бөлінгенде қазақ атанған елміз, ол кезде ол атпен атанған ел жалғыз ғана біздің үш жүздегі қазақ емес, көп ел еді. Оның көбі отырықты өмірге кіріп, әр жерге барып бірталайы  ноғай, башқұрт атанып, бірталайы өзбек, сарт атанып кеткен. Ақырында «қазақ» деген ат бізде қалған»,  -дейді.     

Өзге елдердің де «алаш» сөзін қолдану себебі, меніңше, қазақ, қырғыз, ұйғыр да Моғолстанда Ахмет ханның басқаруында бірге болған. Өйткені қырғыздардың қазіргі тұратын жері де, қазақтарға берілген Шу, Қозыбасы, Хантау жерлері де Моғолстан мемлекетіне қараған. Жауға да бірге «Алаш»  деп шапқаннан ортақ ұранға айналған. Ал ноғай, башқұрттардың «алаш» аталуы олардың Хақназар ханның кезінде біршама уақыт Қазақ ордасы құрамында болғандығынан шығар?

Осылайша «Алаш» атанған Моғолстан ханы Ахмет 1508 жылы осы қазақтары мен шайбанилық өзбектердің қолынан қаза табады. Оқиға былай болған. Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани Керей мен Жәнібек бөліп Моғолстанға әкеткен «қазақтарды» қайтармақ болып бірнеше қантөгіс шайқаста жеңілгеннен кейін, енді ол Ақсақ Темір ұрпақтарынан Шағатай ұлысының билігін қайтарып алмаққа 1499 жылы соғыс бастайды. Бұхара, Самарқанд, т.б. қалаларды алып, Ташкентке аттанады. Ташкенттің билеушісі Жәнеке Махмут көмекке інісі Ахметханды (Алашыны) шақырады. Бірақ Ахметхан бастаған қазақтар Мұхаммет Шайбани бастаған «өзбектерге» қарсы соғысқысы келмеген.

Шәкәрім бұл туралы: «Қазақты билеген Ахмет-алаш пен ағасы Жәнеке (Ханыке) Махмұт Ұратөбеде Шайбақпен соғысқанда, қазақтар: «Шыңғызхан тірі күнінде бізді Жошы ұлысына беріп еді, Шағатай біздің ханымыз емес, тәжік-сарт туысқанымыз да емес, «өзбек өз ағам, сарт садағам» деп Шайбақ ханға қосылды. Сол соғыста Шайбақ жеңіп, Махмұд Жәнеке мен Ахмет-алашты  өлтірген соң, Шағатай нәсіліне қарап жүрген қазақпен жақын елдер қазаққа және қосылды»,- дейді.

«Егер «алаш» аты, ұраны Моғолстанның ханы Ахметке қатысты болса, Ташкент маңында қаза тапқан оны неліктен алыстағы бөтен ұлыстың жеріне –  Ұлытаудың батысындағы Қаракеңгір өзені бойына жерлемек?!» деген сұрақ туады. Мүмкін Қаракеңгір бойында Ахметханнан өзге хан жерленген шығар?

Кейбір тарихшылар «алаш» атауын Оғыз хан тарихындағы Алынша ханмен байланыстырмақ болады. Тарихшы ғалым Т.Омарбеков «Шыңғысхан» журналындағы (2020 ж. №4) сұқбатында: «В шежире тюркских народов говориться, что от родоначальника этих народов Тюрка родился Тютюк, от Тютюка родился Алаш, от Алаша родились сыновья Татар и Монгол», деп, Шыңғыс-хан басшылығымен 1206 жылы құрылған мемлекетті сол себеппен Алаштың ұлы болған Моңғолдың есімімен Моңғолия атаған деген пікір айтады.

Түрктердің бізге жеткен жазбаша шежіресінің қолымызда бары 1310 жылы жазылып біткен Рашид ад-Диннің  төрт томдық «Жами` ат-Тауарихында» және бұған қосымша ретінде жазылған «Оғыз-намада» да:  Нұх пайғамбардың ұлы Йапестен Деп Бақүй (Түрк), одан Қара хан, одан Оғыз туды делінген.

Түтүк аты  тарихшы Хондемирдің (1475-1536) парсы тілінде жазылған «Моғолдар тарихы. Ерте заманнан Темірланға дейін» кітабында кездеседі. Хондемир: «И так Иафет, сын Ноев, отправился в страны Восточные. Он оставил 8 сыновей: Турка, Хазара, Саклаба, Руса...  Называемый турками «Иафес-оглан» (Турк) жил 240 лет и оставил пять сыновей» деп, Түрктен соң елді оның ұлы Түтүк, одан соң Ильминдже,  ол өлген соң таққа ұлы Гаюк (Күйік) отырып, одан соң Илиндже хан болғанын, одан егіздер Татар мен Моғол туғанын жазған.

«Түркмендер шежіресі» және «Түрк шежіресі» аталған кітаптарында осы Хондемир «Тарихына» сүйенген Хиуа ханы Әбілғазы-баһадүр «Илиндже ханды» Алынша деп атаған.  Ғалым Т.Омарбектің сұқбатында айтылған Алаш осы Илиндже немесе Алынша (Алынджа-хан). Қазан қаласында 1854 ж. шыққан орысшасында «Аланча» делінген.

Сөйтіп «Жами`ат-Тауарих» Оғыз ханға бағынбай шығысқа ауған түрктерді «моңғолдар» деп, Қиятты осы шығыс түрктерінен шығарса, ал Хондемир мен Әбілғазы Алыншадан туған Моғолдан – Қарахан, одан Оғыз туды, Оғыз ханның бәленінші ұрпағы Ел ханнан Қият туған деп санаған. (Шын мәнінде, Қият (Құйан) ру атауы, ал «моңғол» (менгу ел) 1206 жылы құрылған мемлекеттің атауы.  Бұл сөз алғаш «бенгу ел» түрінде Көлтегін ескерткішінде (732 ж.) кездеседі... Менің «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» (2013) және «Тюрки на востоке» (2020) кітаптарымды қараңыздар).

Әбілғазы баһадүр «Түркмендер шежіресінде» Оғыз ханның Иранның алғашқы шаһы Кеймарыспен замандас болғанын, ал Қорқыт атаның Аббассидтер кезінде (750 жылдар) өмір сүргенін айтып: «Кеймарыс пен аббассидтер ұрпағы арасында бес мың жыл өткен» дейді. Ондай болса  «Оғыз ханның бабалары» деп отырған Аланша, оның ұлы Моңғол, оның ұлы Қара хан (Оғыздың әкесі) бес мың жылдан да ертеде өмір сүрген болмақ. Егер Алынша хан Алаш-Алаша болса, оның мазары Қаракеңгір бойында бес мың жыл бойы сақталып тұрғаны ма?! Рас, «Түрк шежіресі» кітабында Әбілғазы: «Парсы жұртының алғашқы патшасымен замандас еді» деп Түтүкті атайды.  Әбілғазының: Түтүктен Елше, одан Деп Бақой, одан Күйік, одан Алынша туады дегенімен, бәрібір сол бес мың жыл шығады.

Олардың кейінгі ұрпағы Қиян (Қият) туралы Рашид ад-Дин: «Примерно за две тысячи лет до настоящего времени у того племени, которые в древности называли монгол, случилась  распря с другими тюркскими племенами и закончилась сражением и войной.  Имеется рассказ, что в живых осталось не более двух мужчин и двух женщин.  А имена тех двух людей были Нукуз и Киян» деп жазған. Сөйтіп бұл тарих та  Алынша ханның бәленінші ұрпағы Қияттың «Жами`ат-Тауарих» жазылған уақыттан (1310 ж.) екі мың жыл бұрын болғанын жазады. (Шын мәнінде Қиян (Қият) руының қытай және сәнбилермен соғысы 91-93 жылдары болып, Ергене қон тауына 151-153 жылдары шегінген).

Осы Алынша хан бес мың жыл өтсе де халық жадында сақталып, 1465 жылы Орда құрған қазақтар  оның атын ұран қылған деу қисынға келе қояр ма екен?!

Соңғы кездері зерттеуші Т.Әбенайұлы  «Алаш, Алаша хан деп жүргеніміз – Шыңғыз хан, ол жағасында туды деп жүрген Онон өзені – Жетісудағы Іле өзені екен. Ол Моңғолияда емес, осы, Қаракеңгір бойына жерленген» деген пікір айтып жүр. Күллі тарихта Шыңғыз хан 1227 жылы тамыз айының соңында Таңғұт (Си Ся) мемлекетінде қайтыс болған делінеді. Ол ел Пекин қаласынан батысқа қарай аса алыс болмаған. «Моңғолдың құпия шежіресі» аталып жүрген кітапта да, 1630 жылдары Лубсанданзан жазған «Алтын топшы» кітабында да Шыңғызханның өз өсиеті бойынша туған жері Моңғолияда жерленгені айтылған. «Алтын тобшы»кітабында Шыңғыз хан қайтыс болған соң оны еліне алып бара жатқан арбаның доңғалағы балшыққа кіріп, ілгері жүре алмағанда  Көгедей батырдың айтқан ұзақ жоқтау өлеңінде де оны солтүстікке – Моңғолияға алып бара жатқандары анық баяндалған.

Тамыз айының ыстығында Шыңғыз ханды Таңғұттан (әдетте 22 өгіз жегілетін «хан арбамен»)  төрт мың километр батыстағы Ұлытауға,  жауланғанына үш-ақ жыл, ханы Жошы өлгеніне жарты жыл ғана болған жат өлке – Қыпшақ жұртына әкеліп жерледі деу қисынға келмейді.

Шыңғызханның моласын іздеушілер оны  көп қазынамен бірге жерледі деуде. Ондай қазына Каракеңгірдегі Алаша хан кесенесінің қай жеріне сыймақ, және, ондай болса әлгі іздегіштер әлдеқашан ол жердің астын үстіне шығарған болар еді-ау!

(Шыңғыз ханның түрк екендігін дәлелдеудің өзі қатты қарсылыққа ұшырап отырғанда, оны «қазақ» деу, «қазіргі Қазақстанда туып, жерленген» деу «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты» дегенді еске салады).

Сондай-ақ, Қаракеңгір бойынан 1400 жылдары өткен саяхатшылар ол жерден Жошы ханның мазарын ғана көргендерін жазған. Алаша хан кесенесі туралы айтпаған.           

Сонымен, «Алаш кім, Алаша хан кім?» деген сұрақтың жауабын қайдан іздейміз?

Жошы ұлысының шығысын билеген шайбани  Әбілқайыр хан туралы Масуд бен Кухистани жазған «Тарихи Абулхаир-хани» кітабында: «Абулхаир-хан, которому было 16 лет, был взят в плен Сарыг-Шиман-мангытом. После некоторого времени Сарыг-Шиман, снабдив Абулхаира лошадьми добрыми и вооружением соответствующим, разрешил ему возвратиться домой.

Абулхаир султан, обладатель ангельских качеств, в надежде на благополучие и счастье остановился в лагере Алаш-багадура, старшего бека аймака главного. Алаш-багадур и другие вожди могущественные великих племен того султана могущественного почитали и уважали и...  с утра до вечера беспрекословно исполняли службу. Ту зиму Его величество Абулхаир-султан провел там.

Абулхаир-хан отличил царскими милостями и дарами Сарык-Шиман-мангыта, Алаш-багадура и аймак его... одарил халатами дорогими и милостью царственной такой, что невозможно представить больше этого. [Наряду с этим Абулхаир-хан] оставил в его могущественной руке владение [его] и имущество,- делінген.

Бұл жазылғаннан Әбілқайырдың жас кезінде және хан болғанында да  Алаш батыр деген ықпалды адам өмір сүргенін  көреміз. Ендеше Алаша хан кесенесінде жатқан сол Алаш батыр болса керек. Әбілқайыр Көккесене маңында ойраттың Ұс Темір қонтайшысынан жеңіліп, халқын Керей мен Жәнібек оғландар бөліп әкетіп Қазақ ордасын құрып, кешікпей өзі өлген аласапыран кездері жұрт Алаш батырға сенім артып «хан» атауы мүмкін.  Кіші жүздің Алаша руы да  өз бабаларын «хан» атап кесене тұрғызуы  мүмкін. 1916 жылы көтеріліс кезінде де қазақ рулары Төреден емес, өз  руларының кісісін хан сайлады емес пе!? Алаш батырдың да, Алаша руының жері де Қаракеңгір  өлкесімен сәйкеседі.

Бірақ Алаш батырдың, Алаша руының атасын, сондай-ақ Моғолстан ханы Ахметті де бүкіл қазақ, қырғыз, ноғайлы өз ұранына айдалдырған деу қисынға келмейді.

Мен «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» (2013) атты кітабымда 552 жылы Түрк кағанаты хандарының бабасының «Ашина» атауы туралы – мұның кісі аты емес, «байырғы, алғашқы» дегенді білдіретін сөз екенін жазған едім.  Осы сөз Шыңғыз ханның 22-ші атасы Бөрте атына да тіркелінген. Алайда зерттеушылер оны Бөрте-ашина (чина – қасқыр) деп түсініп жүр. Бұл қателік. Өйткені, Бөрте сөзінің өзі «қасқыр» екенін ескерсек, бұл жағдайда Шыңғыз хан бабасының аты «Қасқыр-қасқыр» болып шықпақ!

Шын мәнінде «ас» – көне түрк сөзі. М.Қашқари «Сөздігінде» : AŞNU  ертеде, бұрында, бастапқыда: men  andan  aşnu  keldim – мен одан ерте келдім (М.Қ.І т., 130 бет); AŞUN 1. опережать; 2. перейти; 3. превосходить:  ol  mendin  aşundi – он меня опередил (МҚ т.І, 202 б.).

Каз. ас, ас)қан, оз)ған; Орыс. АС (летчик ас); АЗ – әліппенің алғашқы әріпі; «н(ачал)о», «ось», «осн)ова»,  «к(ачан».

Ал тұңғыс тілдерінде де: ДАҒ(АЧАН) 1. корень, ствол; 2. начало, основа (Ульч.); Маньч.д(алач)и – старший; (данча)нде – раньше.

Бұған қарағанда «Алаш» – осы көне түрк сөзінен, ал кейін тілімізде «алғаш, алғашқы» болып өзгерген сыңайлы. Ендеше «Алаш» сөзінің мағынасы алғашқы, байырғы, әуелгі, ертедегі болса керек. Бұл атпен халық «Менгу ел» мемлекетін құрған Шыңғыз ханды атауы әбден мүмкін. 

 

«Өзбек»  атауы туралы

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрк, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» (1911 ж.) кітабында: «Батудың Мыңтемір деген баласының Тоғрул дегеннің баласы Өзбек хан болды. Мұның хан болғаны 1301 жыл еді (1312- 1340 жылдар). Бұл Өзбек хан мұсылман болып, халқын да мұсылман қылды. Сол мұсылмандық бұзылған жоқ, «дін Өзбектен қалды» деген мақал сол және сол ханның атыменен Жошы ұлысы «өзбек» атанды»,   – дейді (22-б.).

Өтеміш қажы 1512-1525 жылдар аралығында жазған «Шыңғыз-нама» кітабында: «Во время Берке ханово  обратилось в ислам  племя узбекское (народ Золотой орды). После него же обратилось оно опять в племя отступников и стало неверным. Но не претерпевал уже изменений ислам племени узбекского с этого вот момента, когда стал мусульманином Узбек-хан», – делінеді (ауд. В.П.Юдин). Сөйтіп Жошы ұлысының халқы ислам дінін Берке ханның кезінде (1257-1266) бір қабылдап, Өзбек хан билігі  кезінде (1312-1340) екінші рет, түбегейлі қабылдағанын айтады. Алайда ұлыстың астанасы Сарай қаласы орналасқан өңірдегі жергілікті халық Бұлғарлар ислам дінін 921 жылы қабылдағаны Бағдаттан арнайы барған елші Ибн Фадланның «Еділге сапар» кітабында жазылған.

«Шыңғыз-намада» Өзбектің  анасы Баялун-келіннің Византия (Рум) императорының қызы екені айтылған. Таққа таласпасын деп Жошы ханнан тараған туыстарын қырып салып, ақырында мұрагерсіз қалып сасқан Тоқта ханға Баялун келін: «Сіздің ініңіз Тоғрыл қайтыс болғанда одан бір ұл қалған еді. Сіз оны да өлтірер деп қауіптеніп, оны Черкестердің уәлаятына қашырып жіберген едім. Биыл ол 14 жасқа келді», – деген. 

Сөйтіп, анасы грек Өзбекхан болған соң күллі Жошы ұлысын мұсылман етіп, «Өзбек ханның еліміз» деу «мұсылманбыз» деген сөздің синониміне айналыпты. Алайда зерттеушілер ортасында «өзбек» атауы ұлыстың барша жерінде қолданылды ма, жоқ па деген сұрақ бар.

«Шыңғыз-наманы» шағатай түркшесінен орысшаға аударып, зерттеген қазақстандық ғалым В.Юдин: «Утемиш-хаджи в «Чингиз-наме» постоянно ссылается на то, что рассказы о таком-то и таком-то случае широко распространены среди узбеков, под которыми он подразумевает тюркоязычные роды и племена всего Дашт-и Кыпчака от Дуная до Иртыша и той их части, которая лишь недавно пришла с Шайбанидами в Хорезм», – деп Дунай өзенінен Хорезм жеріне дейінгі күллі халықтың «өзбек» аталғанын айтады. Лен-Пуль Стэнли «Мусульманские династии» (1899) кітабында «өзбек» деп бүкіл Алтын орда халқы емес, тек шайбандықтар билеген жұрт ғана аталған» деген.

Бұл жөнінде М.Тынышбаев «История казахского народа» (1925) кітабында, тіпті Шайбан ұрпақтарына қарасты болған ноғайлылар, Сібір татарлары, т.б. да өздерін «өзбек» деп атамағанын айтып: «Народу название дается обычно соседями. Так было и в данном случае: туркестанцы, отличавшиеся вообще особым рвением к религии, считали Узбека, первого мусульманина из фамилии Чингиз-хана, величайшим из ханов и стали называть ближайших своих соседей, юрт Шайбана, по его имени «узбеками», – дейді.

С.Сейфуллин (1894-1838) де «Қазақ тарихынан қысқаша мағлұмат» атты зерттеуінде: «Елдің аты – сол елді билеген атақты бидің, ханның атымен атанып кететін, ескіліктен келе жатқан, әсіресе түрік руларында ескіден бар әдет. Өзбек хан – Алтын Орданың ханы болған кісі. Бұл оншалықты мықтылықпен атағы шыққан емес, Шыңғыстың қол астындағы елдердің біразы бұрыннан да мұсылман болғандарымен, Өзбек хан өз тұсында  мұсылман дінін мықтылау орнатқан. Сондықтан, мұның аты шыққан. Мұсылмандықты  бұрынырақ, мықтырақ жүргізген Түркістан – Бұқара түрктері, Өзбек ханның қол астындағы елдерді «Өзбек елі» деп атайтын болған. Бұрын мұсылмандыққа бағынбай жүрген,  Өзбек ханмен бірге мұсылман болған кейбір түрік-моңғол руларының өздері де кейін «өзбекпіз» дейтін болған. Қазақ атанған түрік-моңғол руларының да бірсыпырасы бір кезде «өзбекпіз» деп те жүрген. Өзбек хан ұрпағының қол астындағы ел Түркістан, Бұқараны келіп алғаннан  кейін, бұларды да «Өзбек» деп атау қалыптасқан», – деп жазады (С.Сейфуллин. Шығармалар. Алматы. 1964, 14-б.).

Қазақстандық зерттеуші С.В.Юшков: «Элементы, выделившиеся из племен к юго-востоку от Урала и низовьев Сыр-Дарьи, получили название узбеков, элементы, выделившиеся из племен, кочевавших в Семиречье – казахов». Значения слов «казах» и «узбек» близки между собой. Узбеками называлось ханское войско», – десе, ал В.Ф.Шахматов: «Узбекское государство получило свое название от господствовавшей здесь военной знати, именовавшейся «узбек», «Ханское войско, воины-дружинники получили название узбек «оз-бек», деп, «қазақ» сөзі жайында: «Так именовались воины-дружинники тюркоязычных племен Южного Казахстана (Семиречья)», – депті.

Осылайша, зерттеушілердің бір бөлігі «өзбек» деп мұсылман дінін қабылдаған бүкіл Жошы ұлысының халқы аталған десе, екіншілері тек осы ұлыстың шығыс бөлігі ғана аталған деген пікірде. В.П.Юдин 1983 жылы да өз пікірінен танбай: «Узбеками называлось население и Западного и Восточного Дашт-и Кыпчака, а не только кочевники Восточного Дашт-и Кыпчака. Последнее мнение довольно широко распространено среди историков Казахстана и Средней Азии, но несоответствует действительности», – деп жазды. (Чингиз-наме. Алм. Ғылым. 1992).

Қ.Жалайыр 1602 жылы Мәскеу мемлекетінде жазған «Оразмұхаммет хан шежіресінде» де, өзі Қазақ хандығынан шыға тұра, Жошы ұлысының барша жерін «Өзбекия» атаған. 

Ал С.В.Юшковтың: «Значения слов «казах» и «узбек» близки между собой», - дегеніне келсек, бұл атаулардың мағыналары мүлде бөлек – «қазақ», – руынан саяқ жүруші, кезгіш, т.б., ал «өзбек» – ханның және ол ислам дінін қабылдатқан халықтың атауы. Сондай-ақ, ол айтқандай, Жошы ұлысының шығысындағы халықта өзбек пен қазақ атаулары екі  аймақта бір мезгілде пайда болмаған, бірінші өзбек аталып, одан «қазақ» болып бөлінгені белгілі.

Зерттеушілер «өзбек» атауын «өзі бек» деген екі сөзден шығаруға бейім. Меніңше бірінші сөз түрктің «өнерлі, шебер, «сегіз қырлы» дегенді білдіретін «ұс» сөзі. М.Қашқари «Сөздігіндегі» ҰС (искусный) сөзіне «Ол ұс болды» мысалы – «Он был искусным» деп аударылған (МҚ. І том, 36 б.). Осы сөзден қазіргі қазақ тіліндегі «ұста, ұстаз», орыс тіліндегі «искусный, искусство» сөздері шыққан. Шығыс түрктері тарихында «Өз Темір» (Ұс Темір (өнерлі Темір) деген ат Тоқай Темірдің бір ұлында, 1452 жылы Әбілқайырдың әскерін жеңген Ойрат қонтайшысында, Шыңғыз хан әскерлері Әзірбайжан елін алған 1223 жылдары ол елді басқарып отырған руы қыпшақ атабектің аты да Өзбек (Ұсбек) болған екен.

Зерттеушілер Жошы ұлысын «Алтынорда» деп атау кейіннен пайда болған дейді. Менгу ел империясы туралы деректерде «Алтын Орда» сөз тіркесі (парсыша (Urdu-i Zarrin) «Урду-и заррин» – сары (алтын) орда») «салтанатты алтын шатыр» мағынасында Шыңғыз хан мен Күйік ханның, кейінірек Өзбек ханның да  хансарайына қатысты қолданылған. Ал Жошы ұлысының мемлекеттік атауы ретінде «Алтын Орда» сөзі бірінші рет 1566 жылы, біртұтас ұлыс ыдырап кеткеннен кейін, «Қазан тарихы» жылнамасында жазылыптыБысть же зло-горькая та и великая власть варварская надъ Рускою землею оть Батыева времени по царство тоя же Златыя Орды царя Ахмата»). Бұрындары тек «орда» деп аталынған Жошы ұлысы тұрақты түрде  «Алтын Орда» тарихтық терминіне ХІХ ғасырдан ғана ие болған екен

Орыс және Европа елдері шежіре-тарихтарында Жошы ұлысының халқын «өзбек» деп атауы да кездеспейді. Тіптен «бұқарлықтар» да Жошы ұлысын ислам дінін қабылдағаннан соң да «өзбек» деп бірден атай қоймаған. Өзбек хан қайтыс болғаннан кейін жарты ғасыр өткенде,1391 жылы жазылған деректе, Жошы ұлысы «бұлғар» деп те аталғанын Ұлытаудағы Әмір Темір жаздыртқан тастан оқимыз. Таста он бір жолға бөліп:

1. би-сми-лләхи-р-раһмән-р-раһим

2.мәлику-л-мулки-л-қуддұсу-л-һаққу-л-му,мину-л-мухаймину-л-джаббәру-

3. л-қәдиру-л-һакйму-лмумйту-л-һаййу

4.Тарихтың жеті жүз тоқсан үшінде қой

5. жылы жаздың ара айында Тұранның сұлтаны

6. Темір бек үш жүз мың шерік пен ислам үшін Тоұтамыс хаг Бұллғар 

7.ханына жүрді. Бұ жерге жетіп белгі болсын деп

8. бұ обаны тұрғызды.

9. Тәңрі нисфат бергей иншалла.

10. Тәңрі ол кісіге рахмат қылғай. Бізді дұғамен

11. жадына алғай», – деп жазылып, ал Ресей зерттеушілері: «Лето семьсот девяносто третьего, в средний месяц весны года овцы (6 апрель 1391 г.), султан Турана Темур-бек поднялся с тремя сотнями тысяч войска за ислам на булгарского хана Токтамыш-хана. Достигнув этой местности, он возвел этот курган, чтобы был памятный знак.

Даст бог, господь да свершит правосудие! Господь да окажет милость людям страны! Да помянут они нас молитвой!» деп аударыпты.

Таста: «Тарихтың жеті жүз тоқсан үшінде қой жылы жаздың ара айында Тұранның  сұлтаны Темір бек үш жүз мың шерікпен ислам үшін  Тоқтамыс хан Бұлғар ханына  жүрді» деп жазылып, аудармасында да: «султан Турана Темур-бек поднялся с тремя сотнями тысяч войска за ислам на булгарского хана Токтамыш-хана» делінгенін көреміз.     

Алайда, неге екенін, қазақ зерттеушілері Ә.Марғұлан, А.Сейдімбек, т.б. осы  ескерткіштегі «бұлғар ханы» деген сөзді айтпай қалған. Мысалы академик Ә.Марғұлан тастағы осы жазуды  былай деп тәржімалайды: «Тәңірі нісбет бергей. Тарих йеты юз тоқсан екіде, қой іл, йазның ара айы. Туранның сұлтаны Темірбек юз мың черік біла... Тоқтамыш хан біла санычмаққа йучді. Бұ иерден өтіп, белгү болсын деп бұ обаны қобарды. Іншалла, тәңірі бұл кішіге рахмат қылғай, бізні дұға біле йат қылғай».

Ал А.Сейдімбек (Тарақты): «Тұранның сұлтаны Темірбек жүз мың әскерімен Тоқтамыс хан менен соғыспаққа жүрді. Бұл жерден өтіп бара жатып, белгі болсын деп бұл обаны тұрғызды. Іншалла, тәңірі бұл кісіге рахым қылғай, бізді дұғаменен жадына алғай» (А.Сейдімбек. «Күмбір-күмбір күмбездер» кітабы, 88 б.), -деген.  («Алтын Орда» аталып жүрген Жошы ұлысын «Бұлғар» деп ататқызбау  КСРО үкіметінің саясатынан болуы әбден мүмкін).

Хиуа ханы Әбілғазы «Түркмендер шежіресінде» Жошы ұлысының әу баста «Қыпшақ жұрты», одан «Сайын хан жұрты», одан соң «Маңғыт жұрты», ал 1661 жылдары «Қалмақ жұрты» деп аталғанын жазады («Джучи-хан, взяв в плен [всю], кыпчакскую молодежь, поселился в кыпчакском юрте. Из могольской [страны] он переселил сюда свою семью (өj) и все эли, которые дал ему отец; Затем Джучи-хан умер; его юрт достался его сыну Саин-хану (Бату хан). В его [Саин-хана] время этот юрт называли Саин-хановым юртом;Потом этот юрт достался Мангытам. После этого [юрт этот] называли Мангытовым юртом;В 1040 году (1630-1631 г.) с северной стороны, из илякалмыков, прибыло десять тысяч кибиток (өjliк) — имя их государя Oрлoк— и поселились в юрте мангытов. В настоящее время (1660 - 1661 г.), в год мыши, этот юрт называется Калмыкским юртом»).

Поляк тарихшысы М.Меховский 1517 ж. жарық көрген «Трактат о двух Сарматиях» деген кітабының «О генеалогии императоров, живущих за Волгой» аталған 8-ші тарауында: «Татарских орд четыре и столько же их императоров. Это именно: орда заволжских татар, орда перекопских,  орда казанских и четвертая орда ногацких. Добавляют еще и пятую, не имеющую императора, и называют ее казакской (Kazacka)» деп, Жошы ұлысының барлық халқын «татар» атаған. (Шын мәнінде. Меховский кітабы шыққан 1517 жылы Қазақ Ордасының ханы Қасым хан болатын).

Ал орыстардың Мәскеу мемлекетінде XVІ ғасыр аяғында бізді бұрынғыша «татар» демей, «қазақ» атай бастаған. «Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках» жинағында Мәскеуде 1594-1718 жылдарда жазылған құжаттарда Қазақ хандығы «Казацкая орда» делінген. Мысалы орыс патшасының қазақ ханы Тәуекелге 1595 ж. елші жіберу бұйрығында: «Посылаем мы с Москвы в Казатцкую орду к Тевкелю-царю Вельямина Степанова» деп жазылғанын көреміз. 

Сөзімізді қорытындыласақ, Жошы ұлысы Өзбек хан кезінде исламды қабылдаған соң да ұлыстың тек оңтүстік-шығысындағы жұртты Шағатай ұлысы (Орта Азия), халқы «өзбек» деп, бұл атау ұлыстың батыс бөлігіне тарала қоймағаны байқалады. Қазақ ордасы күшейіп, Шайбан ұрпақтары оңтүстікке ығысып барып Шағатайдың ұлысынан Әмір Темір ұрпақтарын қуып, ол елді өздері  иемденгенде «өзбек» атауын Мәуреннаһрға ала барып, ол ел қазір Өзбекстан атанып отыр.

 

Қалмақ, жоңғар, ойрат жайы

Қазақтың батырлық эпостарында шығыстан ХV-ХVІІІ ғасырлар бойында шабуылдаған жауын «қалмақ» деп атаған. Алайда кейіннен сол халыққа қатысты жоңғар, ойрат атаулары да қолданыла бастағанын көреміз. Нәтижесінде қазір қазақтың көпшілігі шығысынан үш ғасыр бойы басқыншылық жасаған халықтың нақты кімдер екенін, неліктен бірнеше атпен аталатынын, ол атаулардың мән-мағынасы не екенін біле бермейді.Бұл мәселені айқындау үшін осы атаулардың қайсысы тарихтың қай кезеңінде қолданыста болғанын зерттеп көрелік.  

Жазба деректерімізде «қалмақ» атауы«Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» аталатын, баяны 1504 жылмен аяқталған шығармада кездеседі (жазушысы белгісіз саналады. Мұхаммет Шайбанидің (1510 ж. қаза тапқан) өзі жазды деген де пікір бар): «Этот Махмуд-бахадур-султан в возрасте трех лет попал к калымаку Уз-Тимур-тайши. Он пробыл там семь лет, а через семь лет Уз-Тимур-тайши с почетом и уважением отослал его на служение к его деду Абу-л-Хайр-хану» - делінген. 

Ма’суд бен Османи Кухистанидің  1540-1555 жылдар арасында Өзбек елінде шайбандықтар ордасында жазылған «Тарихи Абулхаир-хани» шығармасында да «қалмақ» атауы бар. Парсы тілінен орысшаға аударылған осы шығарманың «Рассказ о битве [Абулхаир-хана] хакана небесной [силы] с падишахом калмыков» тарауында: «В это время у Уз-Тимур-Тайши, падишаха калмыков, когда [он о] величии и могуществе [Абулхаир-хана] хана высокопоставленного услышал, запылал огонь зависти в его груди полной ненависти... Когда [Абулхаир-хан] хан небесный укрепился в городе Сыгнаке, падишах калмыков еще раз послал [к нему] человека с предложением о мире и согласии и в результате заключил договор с Абулхайр-ханом. Но воины хана калмыков еще раньше до [заключения] мира и согласия разграбили окраины Туркестана, Шахрухии и жителей окрестностей Ташкента. После заключения мира Уз-Тимур-Тайша направил спешно поводья решимости и могущества через Сайрам в сторону реки Чу, где находились его обоз и домочадцы. Оттуда со всем своим войском направился в сторону Калмыкии, которая являлась наследственным уделом его» - делінген.

Әбілқайыр хан ордасы мен қалмақтың Ұс-Темір (Ұста, өнерлі Темір) тайшысы арасында Сығанақ қаласы маңында болған осы соғысты бір тарихшылар 1457 жылы деп, Әбілқайыр ханның жеңіліп, беделі түскенін пайдаланған Керей мен Жәнібек оғландар сол жылы бөлініп жеке Қазақ ордасын құрғанын жазады.  Мұхаммед-Хайдар (Дулати) «Тарих-и Рашиди» (Кашмирде 1541-1546 жж. жазылған) кітабында Керей мен Жәнібек оғландардың оқшауланып орда құруы 1451 жылы болды дейді.

 «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» Мұхаммет Шайбани ханның інісі 1454 ж. туған Махмуд-Бахадур-султан үш жасында (1457 ж.) қалмақтың Ұс-Темір тайшысына кепілдікке беріліп, он жасында (1464 ж.) атасы Әбілқайыр ханға қайтарылғаны айтады.

Бұл дерекке сүйенсек, қалмақтың Ұс-Темір тайшысының Әбілқайыр ханмен соғысы мен  Керей – Жәнібек оғландардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі 1464 жылдан кейін болған оқиғалар.

Мәскеу патшасы Федор Иванович 1594 жылы Қазақ ордасының ханы Тәуекелге жазған хатында Тәуекел ханды «Қазақ және Қалмақ ордасының  ханы» деп атап: «... ныне божиею милостью учинилася еси царем на дву ордах, на Казатцкой, да на Колмытцкой» дейді.

1517 ж. жарық көрген поляк тарихшысы М.Меховскийдің «Екі Сарматия туралы трактат» («Трактат о двух Сарматиях») деген кітабында қалмақтар туралы: «Каспийское море русские зовут Хваленское море. У этого моря и дальше к востоку, по словам русских, живут длинноволосые татары. Другие татары называют их калмуками или язычниками, так как они не соблюдают обряда магометова и не бреют головы, как все татары, у которых только юноши не выбривают головы до конца, оставляя две пряди волос, спускающиеся от правого и от левого уха к плечу, как признак неженатого или девственника», – деп жазады.  

«Қалмақ» атауы жайында Шаһкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Түрік, қырғыз-қазақ  һәм хандар шежіресі» (1911 ж.) кітабында: «Шыңғыз хан тамам мағолды түгелдеп алғанда отырықшы болып қалған түрктер көшіп қашуға жерін қимай бірталай ел мағолға қарап қалды.1300 жылдар шамасында ол қалғандар, Ониют, Жалайыр, Найман, Керей дегендер әр түрлі рулардан еді. Сол себептен олар қалмақ деп аталды. Қалмақ деген «қалғандар»  деген сөз. Олардың «ойрат қалмақ» атанған себебі, мағолдар күнбатысқа қойған әскерлерін ойрат деп атаушы еді. Соған араласқаннан ойрат атанды. Қалмақтың түбі ойрат деген сөз сонан шыққан»,– дейді (18-б.).

«Шежіресінің» «Қалмақ һәм Телеуіт» тарауында Шәкерім: «Телет көліндегі Алтай түрктерін орыстар қалмақ дейді. Біздің қазақ Білеуіт қалмақ дейді. Олар өздерін Ойрат дейді. Кейде «Алтай кіші» (кісі) дейді. Шолсмандағылар өздерін Телес дейді. Сол қалмақтар – біздің қазақпен жақын тұқымдас ел. Қалмақ деген «қалған» деген сөзден деп жоғарыда айтылды. Оның рулары арғын, найман, қыпшақ, керейт, меркіт, қан, мондус, ара, тотош, шапты, тоншон, алмат, кебек, қоду, пайлағас, айттас, құртты, сақал, телес, айдақ, қырғыз, союо, моңғол, сарт. Тілдері ескі түркше, бірақ моңғолға көп қарағандықтан мағол тілі қосылған. Және сонда Телеуіт дегені бар, олар өздерін телеуит, яки қара қалмақ деседі. Қалмақтар оларды төлеңгіт дейді»,– деп жазған.

Кейінгі кездегі зерттеушілердің кейбірінің пікірінше «қалмақ» деген атау Ресейдің өктем саясатына шыдамай, 1771 жылы қыста Жоңғарияға қайта ауған торғауыттардың Еділ бойынан көше алмай  «қалған» бөлігіне берілген атау... 

Сонымен, «қалмақ кім, жоңғар, ойрат кім?» деген мәселенің тіптен шатастырылғанын көреміз.

Ойрат

М.Меховскийдің айтуынша, Каспидің шығысында (шын мәнінде Алтай тауынан шығысқа қарайғы) ислам дініне кірмей,  тәңіршілдік немесе будда дінінде қалған татарлар (шығыстүрктер) «қалмақ» атанған. Ал шын мәнінде Алтай шығысында жазылған деректерде «қалмақ» атауы мүлде кездеспейді. Батыстағы Жошы, Шағатай ұлыстарында «қалмақ» деп атаған халықты шығыста тек «ойрат» деп атағанын көреміз.

1240 –жылға дейін жазылған деп саналатын «Моңғолдың құпия шежіресі» аталынған шығармада Ойрат руы алғаш рет 1201 жылғы оқиғаларға байланысты аталады.  Наймандардың екінші бөлігінің ханы Бұйрық пен  ойраттың  Құтұқа бегінің Шыңғыз ханға қарсы жасаған жадысы өздеріне тиген соң  ойраттың Құтұқа бегі орманға қарай қашып кеткені баяндалған.

239-бөлімде: «Ойрат Құтұқа бекті алдымен ілесіп бағынып, ойратты басқарып ертіп келдің деп Шыңғыз қаған сый-тарту ретінде оның ұлы Иналшыға қызы Шешекті берді. Иналшының ағасы Төрелшіге Жошының қызы Қолұйханды берді. Шыңғыз қаған Жошыға: «Орман ел-жұртын бағындырып келдің. Осы  ел-жұртты саған берейін» деп жарлық етті» делінген.

Ойрат атауының мағынасы «ой+арат» (орман елі). Армян тарихшысы К. Гандзакеци өзінің «Армения тарихы» кітабында Шыңғыз хан әскерлерін «татарлар» деп атап:»Язык их дик и непонятен нам. Бога они называют тангри, а человека – эрэ, аран» дейді. 

М.Қашқари «Диуани Лұғат ат-Түрк» кітабында: ОЙ – ойпат, ойлау жер» деп, ал ЕР сөзін: «еркек кісі. Бұл сөз көбінесе «әрән, ерен» деген мәнде де қолданылады» деп түсіндіреді (А.Егеубаев аудармасы).  Л.М.Әуезова аудармасында: «МҚ №18: АР (ер) мужчина, человек. АРАН множ.число; МҚ № 3314: «аран қамұғ артады»- делінген.

Қазіргі моңғол тілінде ЛЕС – ой, ой мод (орман-ағаш); НАРОД – ард. (Орыс-моңғол сөздігі)

Шын мәнісінде АР, АРАН сөзінің көпше түрі «арат». Моңғол тілінде «ард» болуы, «ойрат» атауының «т» дыбысымен аяқталуы – көпше түрі. 

Мысалы, Қият сөзінің мағынасы жайлы Әбілғазы «Түрк шежіресінде»: «Қиянның мағынасы – «таудан құлап, күшпен аққан сел» деген сөз.  Қият соның көпше түрі. Бұл атты Ергене қон ішінде отырғанда Қиянның балаларына қойыпты»,– дейді (28-б.).  

(Қиян, Қият – түрктің «құй, құйған, құйылған» сөзі екенін қытай тарихтарында оның «Хуйан» делінгенінен аңғарамыз). Махмұт Қашқари «Сөздігінде»: ТЕГІТ:  «Тегін» сөзінің көпше түрі» делінген.

Рашид ад-дин «Жами`ат-Тауарих» және «Оғыз-нама» шығармаларында айтуынша, ерте замандарда Оғыз ханның ұстанған дінін мойындамай Түркстаннан шығысқа ауып кеткен түрктер «моңғол» атанған екен. «Жами` ат-Тауарих»  осы «Мәңгі ел» мемлекетіндегі Қият, Жалайыр, Керей, Найман, Меркіт, Татар, т.б. тайпалардың тілі де, салт-дәстүрлері де бірдей екендігін, тек шеттеу қоныстанған Ойраттардың ғана тілі олардан біршама өзгешелеу екені туралы: «Несмотря на то что их язык монгольский («шығыс-түрк диалекті» деп түсініңіз.–Х.Қ-А), он все же имеет небольшую разницу от языка других монгольских племен, например такую: нож другие называют китуга, а они говорят мудага. Подобных этим словам существует множество других»,– дейді (І т.1 к.118-б.).      

«Жами`ат-Тауарихта» Ойрат руы жайында: «Юртом и местопребыванием этих ойратских племен было Восьмиречье [Секиз-мурэн]. В древности по течению этих рек сидело племя тумат. Из этого места вытекают реки, [потом] все вместе соединяются и становятся рекой, которую называют Кэм; последняя впадает в реку Анкара-мурэн. Имена этих рек таковы: Кок-мурэн, Он-мурэн, Кара-усун, Санби-тун, Укри-мурэн, Акар-мурэн, Джурчэ -мурэн и Чаган-мурэн.

Ойраты всегда имели государя и вождя. Хотя во времена Чингиз-хана они оказали некоторое сопротивление [монголам], однако [скоро] прекрасно смирились и покорились. В тот век государем и вождем этого племени был Кутука-беки;

Анықтай айтсақ, Ойрат руы солтүстігіндегі Тұңғыс деген (қытайлар Шивей (Сібе) атаған)  халықпен көрші болып араласқан. «Тұңғұс» экзонимінің пайда болуы жайлы И.Бичурин былай дейді: «Вероятно, что русские, первоначально достигнув Енисея, заимствовали сие название от енисейских татар. Покитайской истории известно, что тунгусы издревле наиболее старались разводить свиней, которые и ныне у них исключительно употребляются при шаманском жертвоприношении; а свинья на татарском языке называется донгус» («Собрание сведений...», т.ІІ, с.7). М.Қашқари «Сөздігінде» «тоңуз», Л.М.Әуезова аудармасында «туңуз» делінген.

Ал Шыңғыз хан халқы (шығыс түрктері) туралы И.Бичурин «Записки о Монголии» кітабында: «Монголы свинины (так как и рыбы) неупотребляют в пищу» (1 к., 146 б.), «В пищу употребляют всех домашних животных, исключая свиней» (1 к., 174 б.). – дейді.

И.Бичурин мақаласына түсініктемеде: «Хотя в китайских и тюркских историях и письменных памятниках первого тысячелетие не встречается экзоним «тунгус», сегодня известно, что так называют народ проживающих в Сибире: от Енисея на восток, и Дальнем Востоке, как эвенки, эвены, негидали, орочи, ороки, удэи, ульчи, солоны, нанаи, маньчжуры. И судя по названиям топонимики И.Бичурин «тунгусами» называет именно эти племена («Собр. свед», т.І, с.375).

Ойрат руының тіліне осы солтүстік тұңғұстарының тілі енсе, ал өзге шығыс түрктерінің Орхон-Енисей жазуларындағы тілі Х-ХІ ғасырларда оларды оңтүстік тұңғұстары Қидандар (дағур) жаулап алған кезде өзгеріске ұшырайды. Ойрат руы да 1206 жылы Мәңгі ел мемлекетіне біріктіріліп, өзге түрк руларымен араласқанымен бүгінге дейін тілінде өзгешелік бар.

1225 ж. Шыңғыз хан ұлдарына (Жошыға, Шағатайға, Үгетайға, Құлқанға)  үлес етіп әрқайсына төрт мыңнан әскер бөлгенде Ойрат руы аталынбаған.  

1628 жылғы оқиғаларға дейін қамтылған Лұбсанданзанның «Алтын тобшы» кітабында да Қалмақ, Жоңғар деген халық аталмаған, тек Ойрат делінеді.

Тәңіртау  шығысынан  Иранға келген  Болат елшіні  Ұлағу ұлысында (Иран) 1310 ж. жазылған «Жами`ат-Тауарихта» «қалмақ» деп атамаған, оның Нируннан шыққан Дұрбан руынан екені айтылған. Дұрбан мен Баарын рулары бір тамырдан таралады делінген. (Сондықтан осы Дұрбан руын «дөрбен ойрат» (төрт ойрат) атауымен шатастыру қателік).

Хиуа ханы Әбілғазы «Түрк шежіресінде» (1663) Ойрат руы туралы мәліметті Рашид ад-Дин кітабынан қыскартып алынғанын байқаймыз. Сонымен қатар Әбілғазы өз кітабында 1630 жылдарда Сырдария, Арал теңізі маңайында болған қалмақтар туралы да жазып:  «Әр нәрсе себеп болып бір жылы қалмақтың арасында болдым. Сонда монғолдың әдет-ғұрпын, тілін жақсы үйрендім» дейді.  Әбілғазы шежіресінде, ол кейінірек, Хиуа ханы болған кезде де «қалмақтардың»  Қят, Үргенш, т.б. қалаларды шауып, тонап кеткені, Әбілғазының олармен екі рет соғысып жеңгені айтылған. Алайда  Әбілғазы еңбегінде Ойрат пен Қалмақ екі түрлі халық ретінде көрсетіліп, қалмақтың монғолмен әдет-ғұрпы, тілі бір екенін жазған. (Қазақ пен Қырғыз эпостарында қалмақ ешқашан «моңғол» делінбейді).

Шыңғыз хан ұрпақтары 1368 жылы Қытай билігінен кетіріліп, Миндіктердің 1388 жылы Мәңгі ел  қарашаңырағына 100 мың әскермен жорық жасауынан әлсіреген кезде  Ойрат тайпасы Шыңғыз хан тұқымымен билікке таласты бастайды. «Алтын тобшыда» осы кезең «ойраттар мен моңғолдардың» соғысы ретінде тәптіштей баяндалған. Онда Елбек қаған  Тайудың ұлдары Батула мен Үгешіге  төрт түмен Ойратты билеткені, осы екеуі Елбек ханды 1401 жылы өлтіріп, таққа таласқанын жазып: «Моңғолдың бір төр-ұлысын ойраттар алды» деп айтудың мәнісі сол екен»,– дейді (283-б.).

1425 жылы  ұлыс тағына отырған Адай қаған ойраттарды қайта бағындырады. Алайда, Батулаұлы Тоғұн 1438 жылы  Адай ханды  өлтіреді. Мәңгіелдіктердің бірін-бірі қүйретуіне мүдделі Мин империясы екі жаққа кезек көмектескен. Шежіре, тарихи зерттеулердің баршасында осы 1400 жылдардан бастап Шыңғыз хан ұрпақтары басқаратын халық «моңғолдар» делініп,  ойраттар тек өз тайпасы атауымен аталады. Осылайша бөліп атау 1912 жылға дейін жалғасып, тек 1912 жылғы құрылтайдан кейін ғана ойраттар «моңғолдар құрамында» атала бастағанын көреміз.

Ойраттар Тоғұнұлы Есен тайшы басқарған 1440-1455 жылдарда тым күшейеді.  «Алтын тобшы» Есен тәйжі хан тағына отырып Ойрат пен Моңғол екеуін алып,  Моңғолмен соғысуға аттанып келе жатқан Қытайдың Мин императорын тұтқындағанын  айтады. Тарихи деректерде Есен тайшының Пекин қаласын да шабуылдағаны жазылған.

1470 - 1543 жылдарда билік құрған Бату Мәңгі (Даян хан) Тули мен Өгетай ұлыстарының шашырап кеткен Ордос, Таңғұт, Алтай, т.б. аймақтарын қайта біріктіреді. Мұнымен қатар, Ойраттардың көбін Жоңғарияға, Іле өзені аймағына ығыстырып, бір бөлігін өз қарамағына қосып алады.

 

«Жоңғар» – этноним емес, өлке аты 

 Ойраттардың 1400 жылдан бастап тым күшею себебін кейінгі зерттеушілер Қытай жерінен қуылған Торғауыттар мен Хошуттардың Ойраттарға келіп қосылғанынан дейді.  Шыңғыз хан династиясы құрған Юань (Менгу ел) империясы Қытай жерінде құлағаннан соң ханның жеке күзет жасағы болған Торғауыттар мен Хошуттар өзге рулармен Моңғолия орталығына қайтпай,  XIV ғасырдың аяғында солтүстік-батыстағы Ойрат руына барып қосылды.

Торғауыттардың шыққан тегі туралы «Шара-туджи» және «Илэтхэл шастир» шежірелері олардың Керейіт руының ХІІІ ғасыр басындағы ханы Тоғрылдан (Ван хан) тарағанын жазады. Тоғрыл ханнан Арсалан, одан Амгулан, одан Кэйбэн, одан Сусэй, одан  Баяр, одан Махачи Монгхэ, одан Буйго Орлэг, одан Зулзуган Орлэг, одан Торғауыттарды 1628 жылы Еділ сағасына көшірген Хо-Орлэг хан.

Хошут әскери қосынын Шыңғыз ханның інісі Жошы Қажар, одан кейін оның ұрпақтары басқарып, торғауыттармен бірге Қытайдағы Алашань және Ордос жерінде тұрған. Юань мемлекеті құлатылған соң XV ғасырдың басында Хошуттар да Ойрат  одағына қосылған.

Даян қаған кезінен батыстағы Тарбағатай, Іле аңғарына, Жоңғария өлкелеріне ығыстырылған Ойраттар одағында ХVІІ ғасыр басында жайылымға, билікке талас туады. Осы себептен 1628 жылы торғауыттарының төрт руын Хо Өрлік тайшы Ресей қарамағындағы Еділ өзені бойына қоныстандырып, жеке хандық құрады. Хиуа ханы Әбілғазының «Түркмендер шежіресінде»: «Жошы ұлысының әу баста атауы «Қыпшақ жұрты», одан «Сайын (Бату) хан жұрты», одан соң «Маңғыт (Ноғайлы) жұрты», ал 1661 жылдары «Қалмақ жұрты» атанды» - деп жазуы осыдан. Алғашқыда орыс қала, бекіністерін шапқан торғауыттар кейіннен Ресейдің Кавказ, Қырым жерлерін жаулауына көмектеседі. «Қазаққа Салқам Жәңір хан болған кездегі 1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысында Батыр қонтайшы   Еділдегі Хо Өрліктен көмек сұрағанда ол: «Жәңгір баламдай еді»,– деген екен, (Қазыбек бек кітабы, 280-б.). Шынымен де, Хо Өрлік бұл соғысқа біраз әскер жібергенімен, өзі қатыспаған.

Ресейдің отаршылдық өктемдігіне шыдай алмаған Еділдегі торғауыттардың 30 909 шаңырағы (180 мыңға жуық адам) 1771 жылы Қаңтар айында Жоңғарияға қарай көтеріле көшеді. Қазақ жері арқылы жүрген оларға қазақтардың шабуылдағаны тарихымызда «Шаңды жорық» деген атпен қалыпты. Бірақ Қытай мен Қазақ елінің  ортасында өзге бір күштің болуын көздеген Абылай хан, оларды толық қырғынға ұшыратпай, Жоңғарияға 20 мыңдайы жетеді. Ресейде қалған 60 мыңға жуық қалмақ бүгінде саны 140 мыңға жетіп,  Қалмақ автономиялық республикасы  атанып отыр.

Ойраттың шорос (сорыс) руынан шыққан Батыр қонтайшы 1638 жылы өзін бүкіл ойрат ханы деп жариялайды. Бұған келіспеген хошут нояны Төребек 100 мың  руластарын бастап  Жоңғариядан Тибетке қоныс аударады. (Хошуттардың Байбағыс батыр мен оның ұлдары Шешен хан мен Аблай тайшы басқарған үлкен бөлігі Жоңғарияда қалған).

Ойраттардың шорос руының тайшылары билігін жүргізген Алтай аймағының Жоңғар (сол қол) аталуы осы Төребек Гуши ханның Тибетке кетіп, Бароң ғар (оң қол)  аталуына байланысты сияқты. Бұл ХVІІІ ғасырдағы Көкнұрлық оқымысты Ешей Балшораның «Пагсам-чжонсан» шығармасындағы: «Монголы в пределах рек Или и Эрчэд (Ертіс) образовали подданных княжеского рода чорос левой стороны – Жонгара; монголы в пределах Куку-нора и Хатун-гола (Хуанхэ өзені) – подданных княжеского рода галгас (племени) хошутов правой стороны – Баронгара; княжеский род торготов – в долине реки Эжил (Еділ) на северной стороне и в области Жал Тарбагачи (Тарбағатай) вместе с подданными»,– деген сөздерден байқалады.

Анықтай айтсақ, «жоңғар» ұлттың атауы емес, Ойраттардың сол қанатына тұрақ болуынан өлкеге берілген атау екен. Қазақ эпостарында, Ресей құжаттарында да «қалмақ» атауы  бар да, ал «ойрат» пен «жоңғар» деген халық аты мүлде кездеспейді. Тек 1628 жылы Еділ бойына қоныстанған торғауыттарды ғана Ресей үкіметі «қалмақ» атап, ал Жоңғариядағы Ойраттарды «қонтайжының қалмақтары» деп, 1834 жылдан бастап ғана «зенгорские қалмыки» (жоңғариялық қалмақтар) деп атай бастапты. «Жоңғарлар», «қазақ пен жоңғар соғысы» деп «жоңғар» сөзінен ұлт атауын жасау КСРО тарихшыларының ойлап тапқаны сыңайлы.

Қазақ халқымен соғыстан және өз арасындағы билікке таластан әлсіреген жоңғарлық ойраттарды 1755-1758 жылдары Цин империясының әскері бірнеше рет шауып, мемлекет ретінде жойып жіберді.

Тобықтай түйін

Сонымен, Жошы мен Шағатай ұлысының  (Қазақстан мен Өзбекстан) халқы шығыста қалған Мәңгіелдіктерді «қалмақ» деп атапты. Поляк тарихшысы М.Меховскийдің жазуынша, «қалмақ» деп Алтай батысындағы бұрынғы дінінде қалған шығыс түрктері аталыпты.

Қалмақтардың Әбілқайыр хан ордасына шабуылы  оларды Даян ханның Жоңғарияға, Іле өзені аймағына ығыстыруына байланысты болған сыңайлы. Бұл кездері Ойрат одағында керей-торғауыттар мен қият-хошуттар да болуға тиіс.

Ал 1628 жылы торғауыттардың төрт руын Хо Өрлік тайшы Еділ өзені бойына көшіп, 1638 жылы хошут нояны Төребек 100 мың  руласын бастап Жоңғариядан Тибетке қоныс аударғандықтан, осыдан кейін қазақ жеріне шабуыл жасаушы «қалмақтар» негізінен  Ойраттар ғана болуға тиіс. Ойраттардың 1723 жылғы жойқын шабуылы қазақ тарихында «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама» деген атпен қалды. 

Қазақ руларына сіңген «қалмақ» дегендер кімдер? Мысалы Дулат руының ішінде Бес қалмақ деген ата бар.  Бұл туралы Қазыбек бек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында Аңырақай шайқасы кезіндегі Жоңғария ойраттары жайлы: «Жылғары, Мүргер деген екі батыры артындағы өз тілін алатын мыңға жуық қолымен бізге тұтқын болды. Мен оларды бестен-оннан ауылдарға бөліп жібердім. Оларға сену де қиын еді. Азырағын Шапыраштыға, көбірегін майданнан алысырақ Дулат арасына жібердім. Олар қайда баруға да қайыл, тек қайта ұрысқа салмасаңыздар болды дегенді айтқан болатын. Кейін қазақ арасында бұлар мәңгі қалып, өздерінің тілін, дінін жоғалтып, Шапырашты, Дулат болып сіңіп кете барды», – дейді (270 б.).

Бұларды Еділдегі керей-торғаут «қалмақтармен» шатастырмаған жөн. Шапырашты, Дулат ішіндегі «қалмақтарымыз» Рашид ад-Дин жазған «тұңғыстанған» Ойраттар екен. Олар тек 1730 жылдан бастап қана «қазақ» болып, ислам дінін қабылдаған көрінеді.   

  Хасен-Қожа Түрк

1518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз