• Ел мұраты
  • 30 Қыркүйек, 2022

Демократиялық құндылықтар негізі

Надия Калишева,

 заң ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті конституциялық және әкімшілік құқық тарихы

кафедрасының профессоры

2022 жылдың 5 маусымы күні Қазақстанда үшінші рет Республика Конституциясына толықтырулар мен өзгертулер енгізу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізілгені белгілі. Референдум жүзеге асуы үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының референдум тізіміндегі қатысушыларының жартысынан астамы дауыс беруі керек.

1995 жылғы 2 қарашадағы Республикалық референдум туралы Заңның 1-бабы  1-тармағында «Республикалық референдум – Конституция жобалары, конституция заңдары, Қазақстан Республикасы өміріндегі аса маңызды мемлекеттік мәселелердің шешімдері мен заңдары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру» деп айтылған, ал 2 бабта ол Республиканың барлық аймағында өткізілетіні белгіленген. Сондықтан ол республикалық референдум деп аталады.

Демократиялық құндылықтар бағаланатын кез келген елде аса маңызды мемлекеттік мәселелер сайлаушылардың тікелей шешіміне шығарылғанда мына нәрсе ескерілуі қажет: көпшілік қауым күнделікті күйбең тірлікпен жұмысбасты болғандықтан, мемлекеттік заңдардың мәнін тереңдей түсінбегендіктен, жеме-жемге келгенде оны дұрыс бағамдап, тура шешім қабылдай алмайды. Заң ғылымдарының докторы, профессор Э.Б.Мұхамеджановтың ғалым конституционалист ретіндегі мына пікірімен келісуге болады: «Халық барлық мәселеде құзыретті бола алмайды, ең бастысы оларға құмарлық тән, бұл олардың пікіріне әсер етуге жағдай жасайды», алайда «демократиялық үкімет референдумнан қалаған нәтижесін шығара алады».

Референдум сияқты демократия институтының демократиялық құндылықтары туралы негізгілермен бөліскіміз келеді.Референдум (лат. Referendum – хабарлануы керек нәрсе) – бұл тікелей демократия институты, онда сайлаушылар ретінде тіркелген азаматтар дауыс беру арқылы мемлекет пен қоғам үшін маңызды мәселе бойынша өз пікірлерін айтады.Оның маңызды белгілері – ең алдымен, өкілдік сипаты, халықтың ерік-жігерінің тікелей сипаты, ел үшін маңызды мәселелерді шешудің жеделдетілген тәсілі. Сонымен қатар,«референдум қандай да бір мәселе бойынша азаматтардың ұстанымын нақты анықтауға мүмкіндік береді, барлық азаматтарға дауыс беру арқылы талқылауға шығарылған тағдыр-тәлейлі және басқа мәселелер бойынша өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік береді, азаматтардың азшылық тобы немесе партия емес, қоғамның мүдделерін ескере отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді».

Референдум институты Қазақстанда мемлекеттік-құқықтық практикаға жақында ғана енгізілді. КСРО кезінде ол іс жүзінде қолданылмады, бірақ ресми түрде барлық конституцияларда бекітілді.

Тәуелсіз Қазақстанның 1993 жылы алғашқы Конституциясында референдум құқықтық жағынан орнықты. Конституцияда мемлекеттік өмірдің маңызды мәселелерін шешуде оны өткізу мүмкіндігі қарастырылған.1995 жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттігін ұзарту бойынша, сол жылғы 30 тамызда ҚР Конституциясын қабылдау бойынша республикалық референдум өткізілгені баршаға мәлім.Бұдан әрі аталған халық билігі институты 1995 жылғы ҚР Конституциясында да бекітілген, ал оның кең тараған форматы «республикалық референдум туралы» 1995 жылғы 2 қарашадағы ҚР Конституциялық заңымен бекітілген.Құқық теориясында референдумдар әдетте жеке түрлерге жіктеледі.Референдумдардың заңды күші бойынша міндетті және факультативтік, өткізу уақыты бойынша – қосымша және заңнан кейінгі, құқықтық салдары бойынша – консультативтік және императивтік (бекітуші), өткізу орны бойынша – ұлттық және жергілікті, бастамашы (субъект) бойынша – Мемлекеттік органдардың бастамасы бойынша немесе азаматтардың бастамасы бойынша (петициялық) өткізілетіндігі мүмкін.Референдумның ерекше мәртебесі бар түрі – плебисцит. Онда мемлекеттің тағдыр-тәлейлі мәселелері шешіледі, оларға мемлекеттік тәуелсіздікке, аумақтың, мемлекеттік шегараның және басқалардың мәртебесінің өзгеруіне байланысты мәселелер кіреді.

Референдумның сайлау институтымен ұқсастығы тұрғысынан қарау қызықты болып көрінеді.Жаңа тарихта референдумдарда президенттік мандаттардың өкілеттіктері ұзартылған фактілер болғанын еске түсіруге болады (Египет, Түркіменстан, Өзбекстан және т.б.). Бұл саясаткерлердің референдум мен сайлау арасында теңдік белгісін қойған белгілі бір «алмастыруды» білдіреді, бұл екі жағдайда да халықтың ерік-жігері бар деп дәлелдейді.Сайлау балама негізде сайланған кез келген адамның мандатына заңды күш беруге арналған, ал референдум кез келген шешімге заңды күш береді.Бірақ референдумға қойылатын мәселе азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына, мысалы, азаматтардың сайлау және сайлану құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырмауы керек екенін есте ұстаған жөн. Мәселен, референдум кезіндегі объект – заңды немесе Конституцияны қабылдауға не ішкі саяси (халықаралық) сипаттағы қандай да бір проблеманы шешуге қатысты нақты мәселе. Сайлау референдумнан оларды қаржыландыру тәсілі бойынша да ерекшеленеді, сондықтан Қазақстан Республикасындағы сайлау кезінде аралас қаржыландыруға (мемлекеттік және мемлекеттік емес) жол беріледі, ал референдум өткізу кезінде барлық шығыстар республикалық бюджет есебінен жұмсалады. Референдум туралы Конституциялық заңда халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, шетелдік мемлекеттік органдардың, заңды тұлғалар мен азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың референдумға байланысты іс-шараларды қаржыландыруға тікелей немесе жанама түрде қандай да болсын қатысуына тыйым салынады.

Және, ақырында, заңды нәтижелерге сәйкес. Мәселен, егер сайлау кезінде депутат белгілі бір мерзімге сайланса, онда референдумда қабылданған шешім мерзімсіз сипатқа ие болады және осы мәселе бойынша заңға негізделген жаңа шешім қабылданғанға дейін қолданылады.

Қазақстан Республикасында референдум әзірлеу мен өткізуге байланысты мәселелер республикалық референдум туралы ҚР Конституциялық заңымен, сондай-ақ республикалық референдум туралы ҚР Конституциялық заңына қайшы келмейтін бөлігінде сайлау туралы ҚР Конституциялық заңымен, Орталық референдум комиссиясының нормативтік сипаттағы актілерімен регламенттеледі. Референдум өткізу кезінде, сайлау өткізу кезіндегідей, сайлау құқығының жалпы принциптері қолданылады: жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және тікелей ерік білдіру. Референдум өткізу де жариялылық және оған өз еркімен қатысу қағидаттарына негізделеді. Референдумның әрбір қатысушысы бір дауысқа ие болады және жеке өзі дауыс береді. Азаматтардың республикалық референдумға қатысу құқықтарын тікелей немесе жанама шектеуге жол берілмейді және қылмыстық заң бойынша қудаланады (ҚР ҚК 150-Б.).

Бұл ретте Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттік өмірінің өзге де неғұрлым маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беруге байланысты мәселелер республикалық референдумның нысаны болуы мүмкін. Ұсынылған қол қою парақтары Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда ҚР ОСК қол жинаудың нәтижелерін қорытынды хаттамаға енгізеді. Референдум өткізу туралы ұсыныс қол жинаудың нәтижелері туралы қорытынды хаттамамен бірге ҚР Президентіне жіберіледі. ҚР Президенті Парламенттің, Үкіметтің немесе ҚР азаматтарының бастамасы бойынша референдум тағайындау туралы келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

* референдум тағайындау туралы;

* референдум өткізбей-ақ, оның мәні ретінде ұсынылатын мәселе (мәселелер) бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Конституциялық заң, заң немесе өзге де шешім қабылдау қажеттігі туралы;

*референдум тағайындау туралы бастаманы қабылдамау туралы.

Егер Республика Президенті Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттің ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемінде бестен төртінің көпшілік даусымен Парламент Конституцияға осы өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы заң қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті осы Заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады.

Республикалық референдум тағайындау туралы шешімді (18-б.) Республика Президенті тиісті Жарлық шығару арқылы шығарады, онда:

* референдум өткізілетін күн;

*оған шығарылатын мәселенің (мәселелердің) тұжырымы;

* референдумды өткізуге байланысты өзге де мәселелер шешіледі.

Республика Президенті референдум бастамашыларының келісімімен ол өткізілгенге дейін оның бастамашыларының өз еркін неғұрлым дәл білдіру үшін референдумға қойылатын мәселенің (мәселелердің) тұжырымын нақтылауға құқылы.Республикалық референдум туралы мәселені жария етудің соңында, егер референдумда қабылданған шешімде басқа мерзім белгіленбесе, онда қабылданған шешімдер референдумның қорытындылары туралы ресми хабар жарияланған күннен бастап күшіне енетінін атап өтеміз (ҚР республикалық референдум туралы Конституциялық заңының 34-бабы).

Заңнаманы одан әрі талдау бір мәселе (сол бір мәселелер) бойынша референдум тағайындау туралы ұсыныстар қайта енгізілуі мүмкін екенін және оларды Республика Президенті аталған мәселе (көрсетілген мәселелер) бойынша мұның алдындағы шешім қабылданғаннан кейін кемінде екі жыл өткеннен кейін қайта қарайтынын көрсетеді.

Референдум қабылдаған шешімнің Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші болады және республика Президентінің немесе мемлекеттік өкімет органдарының актілерімен қандай да бір растауды қажет етпейді. Бұл референдумның шешімдері Қазақстанның бүкіл аумағында қандай да бір қосымша шарттарсыз тікелей қолданылады деген сөз (35-баптың 1-тармағы).

Азаматтың сайлауға қатысуы – еркін және ерікті. Ешкім оны қандай да бір белгілі бір кандидатты (кандидаттарды), кандидаттардың белгілі бір тізімін «жақтап» немесе «қарсы» дауыс беруге мәжбүрлей алмайды, азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға, сондай-ақ оның ерікті түрде еркін білдіруіне мәжбүрлеу мақсатында оған ықпал етуге ешкімнің құқығы жоқ. Бірде-бір сайлаушыны кімге дауыс бергісі келетінін немесе кандидатқа (кандидаттарға), кандидаттар тізіміне қалай дауыс бергенін жариялауға мәжбүрлеуге болмайды. Сайлау бостандығы туралы ережелер адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (21-баптың 1 және 3-тармақтары), азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (25-бап) және т.б. нормативтік бекітілгені белгілі.

ҚР сайлау туралы Конституциялық заңының 2-бабында бұл ұғым Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына келіп тіреледі. Сайлау туралы Конституциялық заңның 48-бабына сәйкес сайлау бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі қызмет соттар, прокуратура және ішкі істер органдары түріндегі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұйымдарға жүктеледі.

Әрине, конституциялық заңнаманы, оның ішінде сайлау туралы заңнаманы одан әрі жетілдірудің алғышарты 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалар болды. Бұл оқиғалар мемлекеттің базалық институттары төтенше жағдайларда олардың алдында тұрған міндеттерді шеше алмайтындығын көрсетті. Мұның бәрі конституциялық реформа жүргізуге негіз болды.

Осы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған конституциялық реформаның барлық мәселелері «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда көрініс тапты. Оларды табысты іске асыру қоғам мен мемлекеттің одан әрі прогрессивті дамуына ықпал ететін болады. Жоғарыда аталған Жолдаудың қорытындысы бойынша ҚР Президенті 2022 жылғы 29 наурызда ҚР Конституциясына түзетулер бойынша жұмыс тобын құру туралы жарлық шығарды, ал биылғы 5 маусымда республикалық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар қабылданды, олар еліміздің 2022 жылғы 8 маусымда жаңартылған Негізгі заңының іргетасына айналды.

ОСК мәліметтері бойынша Қазақстанда өткен референдумның тізіміне заң бойынша сайлау құқығына ие 11 734 642 адам енгізілген. Оның ішінде 7 985 769 сайлаушы дауыс беруге қатысып, 68,05 пайызды құрады. Бұл ретте Конституцияға енгізілетін өзгерістерге азаматтардың 77,18 пайызы (6 163 516 адам) дауыс берді. Түзетулерге қарсы–18,66 пайыз (1 490 470 адам). Бюллетеньдердің 2,58 пайызы жарамсыз деп танылды. Бюллетеньдердің 1,58 пайызы дауыстарды санау кезінде ескерілмеген.

Осылайша, республикалық референдумда шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылданды деп есептеледі, өйткені оларға дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы және ең бастысы – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісі жақтап дауыс берді. Мәселен, бұл жерде Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 11-бабының 4-тармағына түсініктеме берген орынды.02.11.1995 ж. «республикалық референдум туралы»: «егер референдум өткізу туралы бастамашылар азаматтар болса, онда олар референдумның бастамашыл тобын құруға тиіс. Бұл топ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жиналысында құрылады. Жиналысқа әр облыстан, Республика астанасынан және Республикалық маңызы бар қалалардан кемінде отыз-отыздан өкілдер қатысуға тиіс. Осындай жиналыс барысында құрылған референдумның бастамашыл тобы өзіне әрбір облыстан, Республика астанасынан және Республикалық маңызы бар қалалардан кемінде үш өкілді қамтуға тиіс».

Қазақстанның Негізгі Заңында Қоғамның өмірлік болмысына маңызды түзетулер енгізудің шұғыл қажеттілігіне байланысты белгілі бір нормативтік рәсімдер арқылы Конституцияның ережелеріне қандай маңызды түзетулер, яғни өзгерістер енгізілгенін еске сала кеткен жөн:

- Президенттің рөлін, оның мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттігін шектейтін нормаға ерекше назар аудару керек. Басқа жолмен бұл процесті «өзін-өзі шектеу»деп атауға болады. Биліктің суперпрезиденттік жүйесінен күшті Парламентке, тұтастай алғанда күшті өкілді органдарға көшу мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғасының құзыретіне жататын бірқатар бағыттардағы Президенттің рөлін шектеу салдарынан ғана орын алуы мүмкін. Президент бұл рөлді енді ел басшысы ретінде емес, конституционализм идеясының кепілі ретінде еліміздің Негізгі заңында белгіленген құндылықтардың кепілі ретінде атқарады.

- Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға тыйым салу туралы Конституциялық түзетудің мақсаты– отбасылық-кландық басқару тәуекелдерін теңестіру және елдің болашақ көшбасшылары үшін этикалық стандарттарды түзетуге ықпал ететін болады.

- Қазақстанда Президент өкілеттіктерін орталықтандырудың кезең-кезеңімен процесі немесе жекелеген мемлекеттік органдар арасында өкілеттіктерді басқаша қайта бөлу күтілуде. Осы Конституциялық түзетуді енгізу арқылы мемлекеттегі биліктің қазіргі тармақтарын күшейтуге мүмкіндік беретін вектор елеулі түрде өзгертілетін болады. Бұл конституциялық мәртебеге ие іргелі институттарға қатысты: Конституциялық сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, прокуратура.

- Президент өкілеттігі саласындағы өзгерістердің маңызды екені сөзсіз. Президент енді әкім лауазымына кемінде екі кандидатура ұсына алады. Мәслихат депутаттарына әкімнің кандидатурасын мақұлдау құқығы берілді, оны олар Президент ұсынатындардың ішінен таңдай алады. Бұл кем дегенде екі адам. Көпшілік дауыс жинап, әкім болады. Реформа мәслихаттарға (жергілікті өкілді органдар) әкімдіктердің «қамқоршылығынан» арылуға және бұрынғы қалыптасу моделіне оралуға мүмкіндік береді.

- Президент Қ.-Ж. Тоқаев айтқан аумақтық реформа мемлекеттік басқару органдарын халыққа жақындатуға бағытталған. Аумақтық басқару процесін ұйымдастыру тұрғысынан 1997 жылдың көктемінде таратылған жаңа аймақтарды (Абай, Жетісу және Ұлытау), дәлірек айтқанда Семей, Талдықорған және Жезқазған аймақтарын құрудың маңызы зор. Бұл аумақтық дамуға күшті серпін береді және сол арқылы басқару органдарын халыққа жақындатады.

ҚР Конституциясына адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы 83-1 бабын енгізу. «Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі өте жоғары, өйткені ол кез келген адамның тең құқықтары мен мүмкіндіктері тұрғысынан қорғауға арналған. Оған қысым көрсетілмеуі, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамның мүдделерін алға тартқаны үшін қудалау жүргізілмеуі маңызды. Бұл бүкіл әлемде жалпы қабылданған тәжірибе, және әрине, Қазақстан халықаралық стандарттарға ұмтылады». ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының сарапшылары ұсынған түзетулер «омбудсменнің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға есеп бермеуін, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкілге қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бекітуге»арналған.

Сайлау заңнамасында Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау тәртібі, Парламент Сенатын құру тәртібі және мәслихаттар депутаттарын сайлау тәртібі өзгергенін атап өтуге болады. Енді Парламент Мәжілісі 98 депутаттан тұрады. Оларды сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша 68 депутат және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша өкілдіктің мажоритарлық жүйесі бойынша 30 депутат сайланатын болады. ҚР Президенті тағайындайтын депутаттардың сандық құрамы бөлігінде Парламент Сенатын қалыптастыру тәртібі де өзгеріске ұшырады. Енді Мемлекет басшысы Сенаттың он депутатын тағайындай алады, олардың бесеуі – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау тәртібі де аралас сайлау жүйесі бойынша жүзеге асырылатын болады.

Мәжіліс заңдарды қабылдауға құқылы, өйткені ол – «республиканың қоғамдық-саяси ойының бүкіл палитрасы» қатысуы тиіс институт және ол тікелей, сондай-ақ жанама сайлау арқылы да қалыптастырылатын болады. Бұл жерде мәжіліс қызметін кеңейту, бірақ Сенат мәртебесін төмендетпеу туралы талқылау жүрмейді. Осылайша Мәжіліс өзінің институттық заңдылығын нығайтады, ал Сенат өңірлердің, әлеуметтік және этностық топтардың мүдделерін мақсатты түрде қорғайтын орган ретіндегі өз рөлін нығайтады.

Жаңа талаптарға сәйкес Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, Президент, сондай-ақ Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметшілер «Саяси партиялар туралы» 15.07.2002 ж. ҚР Заңына сәйкес (конституциялық заңдар мен 2022 жылдың соңына дейін қабылданатын заңдарға талқыланған өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес) саяси партияларға, кәсіптік одақтарға мүше болмауы, кезкелген саяси партияны қолдамауы керек.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында аралас сайлау жүйесі қолданылады. Мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша Президент, Парламент Сенатының 40 депутаты (әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан), Парламент Мәжілісінің 30 депутаты, мәслихаттар депутаттарының 30%-ы, аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдері және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері сайланады. Пропорционалды сайлау жүйесі саяси партиялардың партиялық тізімдері бойынша Парламент Мәжілісінің 68 депутатын сайлау кезінде, сондай-ақ мәслихаттар депутаттарының басқа бөлігін сайлау кезінде қолданылады. Бұрын мәслихаттардың депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 29 маусымдағы ҚР Конституциялық заңымен енгізілген пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланған болатын. 2022 жылғы 5 маусымда ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес мәслихаттарды сайлау тәртібі өзгертілді. Конституциялық қайта құруларға байланысты барлық реформалар біздің мемлекетіміздің, қоғамның демократиялық дамуына бағытталған, сондықтан адамдар ұлты мен азаматтығына қарамастан Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы, өйткені енді біздің азаматтарымыз да, біздің аумақта тұрақты немесе уақытша тұратын шет мемлекеттердің азаматтары да, соның ішінде еңбек мигранттары мен босқындар олардың конституциялық құқықтары бұзылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіне алады. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және кемсітушілік принципін жоққа шығарады. Айта кету керек, 1995 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Конституциялық Кеңес азаматтардың өтініштерін қарауға құқылы емес: егер олардың конституциялық құқықтары бұзылса, олар әділеттілікті іздеу үшін Жоғарғы конституциялық бақылау органына жүгіну құқығынан айырылған еді. 2022 жылғы конституциялық қайта құрулар нәтижесінде Конституциялық Кеңес ауыстырылған Конституциялық сот Қазақстанда құқықтық мемлекет құру идеясына және т. б. көп дәрежеде сәйкес келеді.

Қорытындылай келе, Қазақстанның сайлау заңнамасы өзінің бүкіл өмір бойы кезең-кезеңмен эволюциялық дамуға ие болғанын және бейбіт, демократиялық қайта құрулар үшін негіз болғанын атап өткен жөн.

Саяси жүйенің жұмыс істеуінің қазіргі заманғы шындықтарын ескере отырып, бүгінде референдумның мәні болған мәселелердің шектеулі ауқымы назар аудартады. Бірақ республикалық референдум арқылы халықтың ерік білдіруін шектеу ақталуға тиіс. Сайып келгенде, саяси жүйенің жетілуі қарапайым азаматтардың маңызды саяси шешімдер қабылдауға ықпал ету мүмкіндігімен анықталады. «Осыны негізге ала отырып,– деп есептейді профессор Э.Б.Мұхамеджанов, – референдум тағайындау туралы бастама көтерілуі мүмкін азаматтардың санын азайту жөнінде де ойланған жөн». Алдағы уақытта егемен Қазақстанның сайлау заңнамасы кезең-кезеңімен жетілдіріледі деп үміттенеміз.

682 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз