• Ұлттану
  • 30 Қыркүйек, 2022

Деректі прозадағы Мұстафа бейнесі

Нұрлайым БАТЫР,

әдебиеттанушы

Қазақ прозасындағы Мұстафа Шоқай бейнесінің зерттелуін, қазақ әдебиетіндегі тұлғалар образының зерттелуінен тыс қарастыра алмаймыз. Т.Жұртбай, Қ.Әбдезұлы, Ә.Тарақов, Е.Аманшаев, Г.Орда, Ә.Аманжол, т.б. әдебиеттанушы ғалымдар әдебиеттегі тұлғалар образының зерттелуіне үлес қосты. Т.Жұртбайдың «Құнанбай. Тарихи және әдеби тұлға», Қ.Әбдезұлының «Тарихи тұлға және қазақ әдебиеті», «Тәкен Әлімқұлов шығармашылығы және 60-80 жылдардағы қазақ прозасы (дәстүр және жалғастық), «Ә.Тарақовтың «Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы (Абылай хан бейнесінің көркемдік тағылымы)», Қ.Әбдікованың «Ж.Аймауытов романдарындағы тұлға концепциясы», Ә.Аманжолдың «Қазақ әдебиетіндегі Ағыбай бейнесі», т.б. еңбектері қазақ әдебиетіндегі тұлғалар образының зерттелуіне айтарлықтай үлесін тигізді. 

Тарихи тұлға образын жасауда жазушыға бірнеше фактор әсер етеді:

1.Автор өмір сүріп отырған заман шындығы;

2.Қоғамдық-саяси көзқарастар (Жазушы объектіне алған тарихи тұлға туралы пікір алуандығы болуы мүмкін);

3.Цензура;

4.Авторлық ұстаным;

5.Авторлық мүдде (Тарихи тұлғаны алудағы автордың белгілі бір мақсатының болуы: дәуір келбетін сол тұлға образы арқылы суреттеу, қоғамға немесе билікке деген көзқарасын білдіруде тарихи тұлға образын пайдалану).

Жазушы әрі зерттеуші Дархан Қыдырәлінің «Мұстафа» көркем публицистикасы бүгінгі заман шындығы мен автор ұстанымының жарқын мысалы. Қоғам қайраткерінің тұлғалық болмысына әбден қаныққан автор оның өмір сүрген дәуірін терең талдап, кейіпкер болмысы мен Мұстафа Шоқайдың тарихтағы лайықты орнын саралайды. Тұлға өмірінің кезең-кезеңін арнайы қарастырып, Мұстафаның трагедиялық тағдыры мен ұлт-азаттық күрестегі азапты жолдарын мұрағаттық деректер негізінде көркем тілмен айқындайды.

Мұстафа Шоқай туралы жазылған көркем туындылар аз емес десек те, прозалық шығармалардың аса көп еместігі ізденіс барысында аңғарылды. Зерттеуші Дархан Қыдырәлінің көркем тілмен көмкеріліп жазылған «Мұстафа» атты публицистикалық туындысын осы қатарға қосуға болады. Өйткені ондағы мұрағаттық деректер тілге жеңіл, көркемдік тәсілмен жазылған. Жалпы Мұстафа тұлғасы туралы зерттелген ғылыми еңбектер аз емес екені белгілі. Ғалым Мұстафаның тарихи тұлғасын зерттеп жүріп, ол туралы жинаған ғылыми деректерін бір жүйеге келтіріп, оқырманға ұғынықты көркем тілмен жазып шыққан. Кітапта Мұстафа бейнесі толықтай көрініс табады. Өйткені бұнда Мұстафаның балалық шағынан бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейін тәптіштеп айтылған. Аталмыш шығарма жайында жазушы Әкім Тарази былай дейді: «Жақында мен Дархан Қыдырәли деген жас жігіттің «Мұстафа» романын оқып шықтым. Ол да жоғарыда мен айтқан «Мұстафа кім?» деген сауалға толымды жауап беру тұрғысынан жазылған екен. ...Ұшан-теңіз материалды бір ғана дүниеге сыйғызуға бола ма? Осы бағытта жас зерттеуші Дархан Қыдырәли өзінше бір ізденіс танытыпты. Ал материал сұмдық бай. Содан қорықпай кіріскенінің өзі – үлкен тәуекел, ерлік. ...Оның үстіне кітабының бір ерекшелігі, мектеп жасындағы балаларға да түсінікті тәсілмен жазылған. Түсінікті тілмен деп отырған жоқпын, түсінікті, қызықты тәсілмен! ...Шығарманың әсіресе айқындығы – оның Мұстафатануға қосқан үлкен үлесі дер едім». Мұстафа туралы роман жазған жазушы аталмыш кітапқа осылай баға береді. Жанрлық жағынан алғанда, аталмыш шығарманы көркем публицистика деуге болатындай. Өйткені мұнда ғылыми тілден гөрі көркем тіл басым. Автордың көркемдік-эстетикалық талғамы, сөз қолданысына қарап, «Мұстафа» туындысын көркем публицистикалық шығарма деп атауға негіз бар. Осыған орай, көркем публицистика түсінігіне тоқталып өтуге тура келеді.

Көркем публицистика – көркем әдебиет пен ғылыми (әлеуметтік-саяси) прозаның тоғысындағы әдеби шығармалардың жанры. Көркем прозаның негізгі қызметі – өмірдің қоғамдық-маңызды және өзекті мәселелерін көтеру. Публицистиканың бұл тобы бейнелеу, типтеу, әдеби және көркем бейнелеу құралдарының қанықтығымен, ұғым мен образдың көркемдік құндылығымен сипатталады. Көркем публицистикалық жанрлар деректі фактілерге негізделеді, бірақ факт туралы автордың пікірі, автордың ойы шешуші рөл атқарады. Мұрағаттық деректерді ұсыну тәсілдеріне үлгілеуді, түсіндіруді және қиялмен жеткізуді жатқызуға болады.

Әйтсе де көркем публицистикада қиялмен ойдан шығарылған бейнелер өте аз кездеседі. Бұл жайында белгілі ғалым Тауман Амандосов былай деген: «Публицистикалық шығармаларда ойдан қосу, ойдан шығару деген тек көркем публицистиканың жанрларында ғана, оның өзінде де тар көлемде келеді. Сондықтан да  публицистикалық шығармалар нақтылы орынға, уақытқа, жағдайға байланысты жазылады және ондағы адамдардың аты-жөні нақтылы болып отырады». Расында да, автор көркем публицистикада қиялға белгілі бір дәрежеде орын бергенімен, талаптарды сақтауға тиісті. Қай кезде де көркем публицистиканың басты шарты сөзге ие болу, өз бақылаулары мен ойларын дәл, дәйекті және қызықты жеткізе білу болып саналды. Ағартушылық дәуірінде пайда болған «дербес публицистиканың» пайда болуы, ең алдымен, ірі әдебиетшілердің: М.Ломоносов, Н.Новиков есімдерімен байланысты болуы кездейсоқ емес. Бұл кезде «жазушы», «шығарушы», «әдебиетші», «журналист» сөздері синонимдер ретінде қабылданды. Көркем публицистика болғандықтан, журналистика туралы да сөз болуы заңды. ХІХ ғасырдың жаңа журналистикасы журналистік репортер түрін қалыптастыра отырып, оның бағытын біршама өзгертті. Бірақ ол журналистиканың әдеби саласының дамуын тоқтатқан жоқ. Сонымен бірге ғасыр басында әдебиеттің мерзімді басылымдарға әсері едәуір төмендей бастады. XX ғасыр басындағы қазақ газеттерінде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сияқты әдебиетке жақын танымал тұлғалардың әдеби көркем дүниелері жиі басылып тұрды. Мәселен, Б.Майлин мен  Ж.Аймауытов ең алғаш газетте жұмыс істеп, көркем публицистикалық дүниелер жариялады. Дәл осы кезде заманауи қазақ көркем публицистикасының ең жақсы дәстүрлері қаланды: жоғары стиль мәдениеті, дәл және өзіндік бейнелер, тәуелсіздік және бағалаудың терең гуманизмі, экспрессивті құралдарды қолданудағы алуан түрлілік. XX ғасырдың саяси катаклизмдері бұқаралық ақпарат құралдарының насихаттау қызметін күшейтеді. Осыған байланысты көркем публицистика, сөзсіз, берік позицияны ұстанды. 

Көркем публицистикаға жүгінген автордың Мұстафа бейнесін ашуда мұрағаттық деректерді қалай қолданғанын қарастырып көрейік. Бір айта кетерлігі, бұл туындыда Мұстафа Шоқай өмірінің әр кезеңі жеке-жеке айтылады. Автор тұлға өмірінің кезеңдерін тарау-тарауға бөліп жазған. Мысалы, мұнда мынадай бөлімдер бар: «Ұшқан ұя», «Алғашқы асу», «Петерборда», «Автономия аңсары», «Түркiстанның тәуелсiздiгi жолында», «Қоқандағы қанды қырғын», «Мәңгілікке серттесу», «Мұхтарияттан мұғажырлыққа», «Келесі бекет – Баку», «Тифлисьте», «Стамбул», «Парижде жалғасқан күрес», «Үш бағытта өрбіген майдан», «Түркістан ұлттық бірлігі» комитеті», «Иені Түркістан» және эмиграциядағы Түркістан әдебиеті», «Шоқайшылдық» қайдан шықты», «Прометей» қозғалысы», «Яш Түркістан» журналы», «Шығыс Түркістан һәм Түркия мәселесі», «Адамзатқа төнген алапат індет», «Түркістан легионы».

Мұстафа өмірбаянына көз салғанда, дәл осы бөлімдерде оның бүкіл өмірі мен күрес жолы тұрғанын аңғаруға болады. Автор не себепті бұл тақырыпқа кірісті деген сауалға жауап іздегенде бірнеше факторды айтуға болады. Біріншіден, автордың Мұстафа Шоқайға туыстық жақындығы болса, екіншіден, оның ұзақ жыл Түркияда білім алуы, үшіншіден елге деген сағынышы дер едік. Мұстафа Шоқай Түркиямен тығыз қарым-қатынаста болғаны белгілі. Ал шоқайтанудың негізі, ең алдымен, осы Түркияда қаланған еді. Бұл туралы шоқайтанушы ғалым Көшім Есмағамбетов былай дейді: «Мұстафатанудың негізі Түркияда қаланды. М.Шоқайдың мұраттас жолдастары, саяси күреске бірге қатысқан серіктері, «Яш Түркістан» журналын шығарысқан Тахир Шағатай (1902-1984), Абдулуақап Оқтай (1904-1968) және олардың жұбайлары Сағадат Шағатай және Саида Оқтай ханымдар, «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымының бас хатшысы, «Йени Түркістан», «Яш Түркістан» журналдарының жұмысын атқарысқан Междеддин Делил өз естеліктері мен еңбектерінде М.Шоқайдың дүниетанымы мен қайраткерлік болмысын қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді. М.Делил 1942 ж. «Мұстафа Шоқай альбомын» дайындап, баспадан шығарды. 1950 жылы А.Оқтай «Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы және Мұстафа Шоқай» атты кітабын жариялады. Өткен ғасырдың орта кезінен Т.Шағатайдың М.Шоқайдың өмірін, шығармашылық мұрасымен саяси қызметін баяндауға да орын берілген «Түркістандағы түрікшілдік және халықшылдық» (екі кітап), «Қызыл империализм» (жеті кітап) атты еңбектері жарық көрді». 

Мұстафа Шоқайдың көзін көрген, бір кездері қызметтес болған азаматтар ол өмірден өткен соң да тұлғаның есімі ұмытылмауы үшін адал қызмет етті. Түркия елінде он жылдай білім алған Дархан Қыдырәлі Мұстафа өміріне қатысты құнды деректерді сол жерде молынан жинайды. Бір жағынан елге деген сағынышы оның Мұстафа өмірі мен күрес жолынан сыр шертер туындысын өмірге әкелуге себеп болды. Автор Мұстафа Шоқай тақырыбына ертерек кіріскені байқалады. Білім нәрімен сусындап жүрген шағынан бастап ол тұлға өмірін зерделеуге күш салады. Түркияда оқып жүріп, 2001 жылы Мұстафа Шоқай туралы аталмыш туындысын әуелі түрік тілінде жариялайды. Бұл туралы ғалым Шәкір Ыбыраев былай дейді: «Түркия мемлекетінің әйгілі жоғарғы оқу орындарында алдымен бакалавр, магистр, одан кейін тарих саласы бойынша доктор ғылыми дәрежесін алды. Шетелде білім іздеген қазақ баласын қызықтырған  тақырып – тағдыр тәлкегімен туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған қандас атасы Мұстафа Шоқайдың қилы тағдыры еді. Егер Мұстафа Шоқай Түркияға ХХ ғасырдың басында қызыл қырғынның қуғын-сүргінінен бас сауғалап барса, Дархан Қыдырәлі Түркия еліне бейбіт күнде ғылым мен білімге сусындаймын деп келді. Сөйтіп, ол да елден жырақ он жыл өмір сүрді. Сондықтан, Дарханға Мұстафаның туған елін, өскен жерін сағынған көңіл-күйі, жүрек тебіренісі, қилы тағдыры мейлінше түсінікті десек болады. Дарханның зерттеуінің бір ерекшелігі де сонда». Ғалымның айтқанындай, шынында да автор аталмыш туындысында ғылыми фактілерді көркем тілмен жұмсақ жеткізуге тырысқан. Көркем шығарманың баяндау стилімен жазылғанын аңғаруға болады. Мұрағаттық деректерді көркем шығармада қолдану ерекшелігін біз осы туындыны талдай отырып түсіндіретін боламыз.

Автор мұрағаттық деректерді көркем тілге икемдеп, ұғынықты жазғаны көрінеді. Туындыны оқығанда әңгіме оқып отырғандай күйге түсесіз. Мәселен, алғашқы «Ұшқан ұя» тарауында мынадай жолдар бар: «Ертеңіне олар мектепке барды. Татар мұғалім жайдары адам екен, әкесімен жылы амандасып:

– Қандай шаруамен жүрсіз, қайдан келдіңіз? – деп сұрады.

– Менің аты-жөнім Торғаев Шоқай, – деді әкесі байыппен сөйлеп. – Біз осы Перовск уезіне қарасты Гродеков болысының 3-ші ауылынан келдік. Мынау – менің ұлым Мұстафа. Осында оқытуға алып келдім.

– А, иә, сіздің әкеңіз Торғай датқа жайлы білемін. Ол кісі туралы императорлық қоғамның кітабында жақсы айтылған. Мұндай әулеттен шыққан бала да жақсы оқуы тиіс, солай емес пе? – деп Мұстафаға қарады:

– Жазу білесің бе?

Бұл басын ақырын изеді.

– Нешедесің?

Бұл жолы бойы үйрене бастаған ол басын тіктеп:

– Жетідемін. Барыс жылы туғанмын, – деп жауап берді». Мұстафаның атасы Торғай би беделді адам болғаны тарихтан белгілі. Автор сол тарихи фактіні көркем тілмен әдіптеп, үйлестіріп беріп отыр. Алғашқы тарауда Мұстафаның туған жері Сұлутөбе жайында, ата-анасы, туған-туыстары туралы мол ақпарат берілген. Оның ағасы Оспан туралы да айтылады. Мұстафаны әкесі осы Оспанның тәрбиесіне берген. Автор Оспанды былай суреттейді: «Мұстафа да Оспан көкесіне ұқсағысы келетін. Ол ер мінезді, еңсегей бойлы, алып денелі, даусы жуан, түсі сұсты көкесін мақтан тұтатын». Кез келген жас баланың ең бірінші еліктейтін адамы болатыны белгілі. Бала Мұстафа Оспан ағасына қарап бой түзейді. Мұстафаның тұлға боп қалыптасуына ағасы Оспанның да септігі тигенін автор осылай жеткізеді. Оспан туралы жазушы Әкім Тарази да «Мұстафа Шоқай» романында айтып өткен. Оспанның батыр болмысын, ерліктерін, Мұстафаға деген көңілін өз шығармасында ол былайша баяндайды: «Оспан ағасын Мұстафа аңыз қып, сүйсініп айтатын. Оспанды Таскенттегі біраз махалланың адамдары да айтып отыратынын Вадим естіген. Көбінесе Оспанның атын жұрт қорқа-қорқа атайтын. «Торғай датқаның кіші ұлы, өзінен айнымайтын көксұңқары ғой» деп қазақтар тамсанып отыратын». Яғни бұл жерде екі автор да тарихи деректі алып пайдаланғанын көруге болады. Дархан Қыдырәлі Оспанды батыр тұлғалы болған, Мұстафа барлық жағынан осы ағасына ұқсауға тырысатынын жеткізеді. Тек қана бой жағынан ғана ұқсамай қалғанын алға тартады. Бұл жағынан ол нағашы жұртына тартқан дегенді келтіреді: «Бой-әлпеті келмегенімен, Мұстафаның табандылығы, қайсарлығы, шамшылдығы мен намысқойлығы расында көкесіне ұқсайтын. Дегенмен, жұрт оны нағашы жұртына тартқан дейді. Нағашы атасы әйгілі батыр, ту ұстаған сардар болыпты. Анасы Бақты да жаугершілік заманда шашын түйіп, атқа қонып, жастайынан батырлығымен көзге түскен». Мұстафа Шоқайдың анасы туралы да осы сарындас пікірлер кездеседі. Шоқай өмірін зерттеген ғалым Әбдіуақап Қара бұл жайында былай дейді: «Мұстафа Шоқайдың нағашы жұрты да қазақтар арасында беделді әулет еді. Анасы Бақтының әкесі жауынгерлігімен аты шыққан кісі болды. Түркістанды жаулаушы патша әскеріне қарсы жорықтарға қатысты. Әкесі Бақтыны да өзі секілді жауынгер етіп өсірді. Сірә жорықтардың бірқатарына Бақты да қатысты. Ат құлағында ойнап өскен Бақты, сонымен қатар, бірсыпыра білім де алды. Өлең жазатын және дастандарды жатқа айтатын Бақты арап тілін де білетін еді». Мұстафаның анасы Бақты Шоқайдың екінші әйелі болған. Шоқайдың бәйбішесі бала көтермегендіктен Бақты өз ұлдарын соның тәрбиесіне береді. Дархан Қыдырәлі Мұстафа өзінің туған анасы Бақтыны емес, Шоқай бидің бәйбішесін туған шешесіндей көргендігін былайша баяндайды: «Бақты тұңғышы Сыздық сияқты бұны да бәйбішенің бауырына салған. Перзент сүймеген бәйбіше Мұстафаны туған баласындай жақсы көрді. Қызылшақа нәресте кезінен өзі асырап баққан бәйбіше оның әр қимылына балаша қуанатын». Ал Мұстафа Шоқай Бақтының жақындығын іштей сезсе де, одан қысылып, асырап баққан бәйбішеге көбірек бейіл болған көрінеді. Мұстафаның әкесі Шоқай туралы да автор мұрағаттық деректерді көркем тілмен шығармасына арқау етіп, нанымды жеткізеді: «Әкесі Шоқай би салмақты, ұстамды кісі еді. Ұзын бойлы, қауға сақалды би үнемі ой үстінде жүретін. Қажылыққа екі рет барған Торғай датқа Жұмық бидің қызынан туған ұлының атын «Шоқмұхаммет» деп қойған екен. Пайғамбар атын жөнсіз айтудан именетін ғадетпен жеңгелері оны еркелетіп «Шоқай» деп атапты». Алғашқы бөлімде автор Мұстафаның өмірбаянындағы балалық кезеңнің тарихи фактілерін көркемдеп жеткізеді. Әр деректі оқырманға ұғынықты, тартымды тілде баяндайды. Алғашқы бөлімді «Ұшқан ұя» деп атауының да сыры осында. Өйткені мұнда Мұстафаның алғаш дүние есігін ашқан кезден бастап, Сұлутөбеде өткен балалық шағын түгел суреттеген. Оның ата-анасы, бауырлары, алғашқы ұстаздары – бәрі де осы бөлімде жіпке тізгендей көрсетілген.

Тұлға боп қалыптасу, гуманизмнің алғашқы белгілерін бойға сіңіру, оқуға, білімге, ізденуге ең бірінші баланы қызықтыратын алғашқы ұстаз ана екені анық. Кітапты оқып отырып, Мұстафа Шоқайдың да ең алғашқы ұстазы – анасы екенін көреміз. «Ол беске толмай жатып қаріп таныды. Алғашқы ұстазы – анасы Бақты болатын. Зерек, алғыр Мұстафа немере ағасы Әлмұхаммет ашқан мектепте оқыды. Әліш ағасы өкіметке екі рет хат жазып жүріп, арнайы рұқсат алып, өзі салдырған үйдің іргесіндегі бұл мектепте Мұстафа түрік мұғалімнен сабақ алды». Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ балалары мұсылманша білім алғаны белгілі. Бала Мұстафа да әуелі арап тілін меңгеріп, Құранды жаттаудан бастайды. Ауылындағы түрік мұғалімі Құранды жатқа білетін. Ол зерек Мұстафаға ерекше сенім артып, үмітпен қарайды. Ауылда жүрсе тек біржақты ғана білім алып, қарайып қалатындықтан, Мұстафа Ақмешіт қаласына оқуға жиналады. Алайда оның аяқ-астынан шешек ауруымен ауырып, өлім аузынан қалуы Ақмешітке бару жоспарын кешіктірген еді. Осыдан кейін Ақмешітте екі жыл білім алған Мұстафаны әкесі Шоқай Ташкент қаласындағы орыс гимназиясына беруді ұйғарады. Бұл жерде Мұстафаның әкесі көзі ашық, көреген адам екенін аңғаруға болады. Сол кездегі зиялы қазақтар орыс білімін алудың артықшылығын ерте түсінген. Абай Құнанбаевтың өзі орыс білімін алу қажеттігін тегін айтпаса керек. Шоқайдың бұл әрекетінен сол кезеңдегі қазақтардың да өресі биік, кең ауқымда ойлай білетінін аңғару қиын емес. Осылайша Мұстафаның анасы алғашқы әріпті баласының санасына сіңірсе, ал әкесі оны Ташкент қаласындағы ерлер гимназиясына оқуға беріп, саяси көзқарасының сол жерден қалыптасуына алғышарт жасаған еді.

Мұстафаның Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқыған сәті шығарманың екінші бөлімі – «Алғашқы асуда» баяндалады. Автор Мұстафаның гимназияға түсу себебін былайша жеткізеді: «Ақмешітте екі жыл білім алған Мұстафаны әкесі Ташкенттегі орыс гимназиясына оқуға бермек болды. Осы ойға бекіген Шоқай би 1902 жылғы 24 наурыз күні Ташкент ерлер гимназиясы директорының атына өтініш жазды». Қуанышқа орай, гимназия директоры Шоқайдың өтінішін қабыл алады. Бұған, бір жағынан, Мұстафаның оқу үлгерімі мен Ақмешіт қалалық училищесі берген мінездеме әсер етсе, екінші жағынан, әке беделінің де ықпалы тиеді.

Ташкенттегі ерлер гимназиясында оқыған кезең Мұстафа өміріндегі шешуші сәт деуге де болады. Жазушы Әкім Таразидың «Мұстафа Шоқай» романына тұлға өмірінің осы кезеңін алуын түсінуге болатындай. Өйткені дәл осы кезде Мұстафаның қоғамдық-саяси көзқарасы қалыптасты. Оның өміріне әсер еткен танымал тұлғалар да болды. Соның бірі Ә.Диваев еді. Бұл жайында Дархан Қыдырәлі былайша баяндайды: «Мұстафаны ғылымға жетелеп, оның талантын ұштай білген тұлғаның бірі – башқұрттан шыққан әйгілі этнограф-ғалым Әбубәкір Диваев еді. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты көптеген құнды еңбектер жазған Әбубәкір Диваев «Түркістан археология әуесқойлары» ұйымының жұмысынан қалмайтын Мұстафаны бірден аңғарды». Мұстафаның ғылымға деген әуестігі жоғары болатын. Ұстаздары оның білім-ғылымға деген сүйіспеншілігін байқамай қалмас еді. Ә.Диваев Мұстафаны алғаш Абай өлеңдерімен таныстырады: «Бірде Әбубәкір ұстаз бұдан «Ибраһим Құнанбайұлы деген ақынды естідің бе?» деп сұрады. Бұл білмейтінін айтты. Ол үшін қысылып та қалды. Диваев күлімсіреп, сөреден кітап алып, мұның қолына ұстатты. Петербордан жақында ғана алдырыпты, кітап жап-жаңа. Мұстафа ақырын ашып, өлеңдерді оқи бастады:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Ақынның тереңдігі оны баурап алды». Осы жерден автордың мұрағаттық деректерді көркем тілмен жеткізу себебін оның әдебиетке әуестігімен түсіндіруге болады. Қатып қалған ғылыми фактілерді көркемдік тілмен жібітіп, жас пен кәріге бірдей әсер ете алудың тәсілін ол әдебиеттен табады. Шығармаға Абай өлеңдерін кірістіріп жіберуінің бір себебі де осында.

Ә.Диваевтың Мұстафа өмірі мен саяси көзқарасына әсері күшті болды. Мұстафа Шоқайдың жәдитшілдікке тәрбиелейді. Түркістандағы жәдитшілдік-жаңашылдық қозғалысына ұйытқы болған мүфти Махмұт хожа Бехбуди, Мүнәууар қари Абдурашидханов сынды жәдитшілдермен танысқан ол мұнда «усул-и жәдит» мектептері туралы біле бастайды. Мұстафа баспасөзге де осы кезеңнен бастап қызыға түседі. «Тәржіман» және Ташкентте «Хуршид», «Тараққи», «Шухрат», «Тужжар» сияқты жәдитшіл басылымдар арқылы танымдық дүниелерді оқып сусындайды. Сол кезден бастап Шихаббедин Маржани, Исмаил Гаспыралы, Юсуф Акчура және бодандық қамытын киген мұсылман-түрік халықтарының ұлт-азаттық жолындағы күресі туралы мәліметтермен танысады. 

Автордың бұл еңбегінде жазылған бөлімдердің бәрін тәптіштеп талдау ғылыми мақаланың ауқымына сәйкес келмегендіктен біз әрі қарай Мұстафа өмірінің үш кезеңі негізінде қарастырғымыз келеді. Біз бөлген тұлға өмірінің кезеңдері мынадай:

1.Революцияға дейінгі кезең. 1902-1917 жж.

 (М.Шоқайдың  ұлттық көзқарасының қалыптасу кезеңі).

2.Революциядан кейінгі кезең. 1917-1919 жж.

(Кеңес өкіметі орнаған тұста М.Шоқайдың да ұлттық ұстанымдары айқындалды). 

3.Эмиграция кезеңі. 1919-1941 жж.

(М.Шоқайдың ұлт-азаттық идеясының барынша көрінген тұсы).  

Революцияға дейінгі кезеңге аталмыш шығарманың «Ұшқан ұя», «Алғашқы асу», «Петерборда» атты бөлімдерін кіргізуге болады. Бұл бөлімдерде автор Мұстафаның балалық шағынан бастап, Ақмешіт пен Ташкенттегі, одан әрі Петербургте білім алу кезеңдерін суреттейді. 

Мұстафа өмірінің революциядан кейінгі кезеңі «Автономия аңсары», «Түркiстанның тәуелсiздiгi жолында», «Қоқандағы қанды қырғын», «Мәңгілікке серттесу», «Мұхтарияттан мұғажырлыққа» атты тарауларда бейнеленген. Бұл бөлімдерде автор Қоқан автономиясының күйреуін және Мұстафаның өмірлік жары Мария Яковлевамен серттесуін суреттейді. Мұрағаттық деректерді пайдалана отырып, көркем тілмен оқиғалардың шиеленісін, шарықтау шегін жақсы жазады. Автор Мұстафаның Мария-мен бас қосу сәтін былайша баяндайды: «Қалай болғанда Ташкенттен бірге кетуді ойластырған Мұстафа мен Мария үйленбекші болып шешті. Мұсылмандық тәрбие алған Мұстафа некеге тұрмай, жесір әйелмен бірге ұзақ жолға шығуды жөн санамады. Олардың еркін кездесіп тұруы үшін де ақ неке керек болатын. Мұстафаның бұл ұсынысына Мария да келісті». Осылайша, Мария Шоқай өз тағдырын Мұстафаның қолына ұстатып, оның соңынан ерді.

Мұстафа Шоқай тағдырының революциядан кейінгі ауқымды кезеңі «Келесі бекет – Баку», «Тифлисьте», «Стамбул», «Парижде жалғасқан күрес», «Үш бағытта өрбіген майдан», «Түркістан ұлттық бірлігі» комитеті», «Иені Түркістан» және эмиграциядағы Түркістан әдебиеті», «Шоқайшылдық» қайдан шықты», «Прометей» қозғалысы», «Яш Түркістан» журналы», «Шығыс Түркістан һәм Түркия мәселесі», «Адамзатқа төнген алапат індет», «Түркістан легионы» атты бөлімдерде сөз болады.

Автор бұл туындысында ұшан-теңіз деректерді қолданғанын көреміз. Оның бәрін жүйелеу, тілге икемдеу Әкім Тарази айтқандай оңай болмағаны белгілі.  Мұнда Мұстафаның бүкіл өмірі, қуанышы, сүйініші, алғаш ата-анасына еркелеуінен бастап, көзі жұмылғанға шейінгі тағдыр-талайы түгел суреттелген. Автор мұрағаттық деректерді көркем шығармада қолданудың әдіс-тәсілдерін осы еңбегі арқылы көрсеткендей. Оған ешқандай теорияның керегі жоқ екен. Бар болғаны жинаған, білген, сезінген дүниеңді ой-санаңда қорытып, содан кейін ақ параққа содан алған әсеріңді ақтару ма дерсің. Шығарманы оқып отырып, Мұстафаның жүрген жолын, өткен белестерін сезініп, одан өзіндік қорытынды шығарғанда, тағдыр талайымен сан түрлі қиындықтарды бастан кешіріп, елден жырақ күн кешкен тұлғаны бір жағынан аяп, екінші жағынан үлгі етуге болады. Автор мұрағаттық деректер негізінде жазған әр сөздің салмағын көркем тілмен оқырманға жеткізеді. Қорытындылай келгенде, автор Мұстафа Шоқайдың көркем бейнесін толық әрі нанымды жасап шыққан деп айтуға болады.

1796 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз