• Ел мұраты
  • 30 Қыркүйек, 2022

КЕРЕМЕТ ӘНШІ ДЕ БОЛДЫ

Ескірмес естелік

«Күй – құдірет, күй – кие» демекші, осы өнер түрінің өнегесі  бойымызға әбден сіңіп, әсері жүрегімізді тербеп ержеттік. Оған себеп болған менің нағашым – домбыраның үнімен құлақ құрышын қандырған қадірлі жан, Қазақ ССР Халық артисі, қазақтың дарынды ұлы Қали Жантілеуов еді. Нағашым жайында жақсы естеліктерді тізбектей беруге болады. Ірі денелі, болмысы байыпты оның аса сабырлы қасиеті айрықша  таңғалдыратын. Домбыра тартқан кездегі бейнесі әлі көз алдымда.

Қали нағашым аштық жылдары, қиын-қыстау заманда дүниеге келді. Балалық шағынан жоқшылықтың дәмін татқан. Мал бақты, күнкөрістен тәуір тірлікке  ұмтылды. Өмірдің ызғарын жастайынан сезініп өссе де, жарқын естеліктерді ғана айтуға тырысатын. Бекетай құмында қой бағып жүрген ол қызыл-сары қызғалдақты даладан әдемілікті көре білген. Санасы сұлулыққа, жаны әуезді әуенге құмар болғаны сонша, 4-5 жас шамасында ас үйдегі ағаш ожауға ешкінің шегін байлап, домбыра қылып тартқан екен. Неткен құлшыныс дерсіз! Жоқтан бар жасаған кезең ғой. Нағашымның тапқырлығына  қайран қаларың сөзсіз.

Нағашым маған Чапай ауданында (қазіргі Ақжайық ауданы) өткен Мәмен атамыз бен Дина әжеміздің күй сайысын ерекше ықыласпен айтып беретін. Ай жарқырап, жұлдыз күлімдеп тұрған сол түні құдыретті күйлерді тыңдап, жаны рахаттанғанын жеткізді. Осындай талантты тұлғалар Қали нағашымның күй аспанында қыран болып қалықтауына өзіндік үлесін тигізсе керек.

Қали нағашым Нұртазы, Мәмен және басқа атақты күйшілерден орындау мәнерін жетілдірген жан. Шебер күй орындаушысы ғана емес, керемет әнші де болды. Өнерімен көптеген жерді аралады. 1957 жылы Қытай елінің Пекин қаласына барып өнер көрсеткен еді. Ал Алматыға барған әр сапарында үйге ауыр шабаданмен келетін. Әлгі шабаданды ашуға бәріміз асықпыз. Оның іші толған – Алматының апорты. Иісін айтсаңызшы, ғажап!  Нағашым үй ішінде концерт ұйымдастыра беретін. Домбыра тартысына тамсанып, күйін бір деммен тыңдайтын көрермен қашан да табылатын. Тіпті үйге Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова сынды біртуар жандар келіп жүрді. Күй ойнап, ән шырқалып, нағыз қазақы думанға куә болушы едік.

Нағашымның туған жеріне кіндігі ерекше байланған еді. Өзі өніп-өскен жерде тұрақтауды, Орал өңіріне оралуды ойлап жүретін. Жайық жұрты да оның өнеріне бас иіп,  өзін ерекше қадір тұтты. Көп ұзамай ойда жүрген осы бір тілегі орындалып, атамекенінен әкімшілік үй беретін болды. Баспаналы болғанша нағашым менің әкемнің үйінде тұрды. Жаңа қонысқа ие болғанда  біздің өзімен бірге тұруына әкемнен рұқсат алды. Сөйтіп, бірнеше жыл бойы Қали Жантілеуовпен бір шаңырақ астында тұрдық. Күнде қызықты естелік тыңдаудан жалықпайтын едік. Осындай аты аңызға айналған адаммен, күй қаһарманымен бір баспанада тұру құрметіне ие болған біз бақыттымыз! 

Қали нағашым өмірден өткен кезде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін бейіт басына жаяу барып, жерлеуге қатысқаны әлі есімде. Бұл ел-жұртының өнерге, өнерлі тұлғаға деген құрметі. 1934 жылы Манулла Романенко есімді шебер өзіне арнайы домбыра жасап берген екен, оны бізге тарту етті. Бұл құнды  сыйлық төрімізде бүгінге дейін ілулі тұр. Атақты күйші-домбырашы  Қаршыға Ахмедияров ағамыз біздің үйге ат басын бұрған сайын Қали нағашымнан қалған сол домбыраны аса толқыныспен тартып отырушы еді. Ол уақыт та зымырап өтіпті.

Домбыраны бес жасынан жанына серік еткен Қали Жантілеуовтің   өнерге сіңірген еңбегі айқын. Артында қалған мирасы да мол. Есімі еш өшпейді. Қашан да сағынышпен еске алып отырамыз. Бүгінде өсіп-өнген ұрпағы, немере-шөберелері Қали Жантілеуов есімін жаңғырта берері анық. Жиені ретінде біз де атын асқақтата бермекпіз.

 Болат КАДЕНОВ

Батыс Қазақстан облысы

Жаңақала ауылы

625 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз