• Тарих толқынында
  • 30 Қыркүйек, 2022

ТАРИХТАҒЫ ТҰЛҒА РӨЛІ

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, 

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті 

философия кафедрасының аға оқытушысы

Философия қоғам мен мемлекеттің дамуын белгілі бір объективті заңдылықтармен байланыстырады

«Тұлғаның тарихтағы ролі» туралы сұрақ  өзінің теориялық мағынасын жойған жоқ

Философия ілімі – адамзаттың ақыл-ойының, дүниетанымы мен білімінің, ғылымының эволюциялық дамуы барысында дүниеге келген, сол арқылы адамзаттың тұтас тарихын ой елегінен өткізуге, тарихтан сабақ алуға, қазіргі жағдайға сыни көзқарас қалыптастыруға, болашақты бағдарлауға мүмкіндік беретін дүниетанымдық жүйе. Адам неғұрлым биікке көтерілген сайын, оның алдында соғұрлым кең кеңістік ашылатыны сияқты, бүгінде адамзат философия ілімі мен оның зерттеу әдістерін меңгеру арқылыфилософия методологиясын қолдану нәтижесінде адамзат тарихының небір қалтарысты жағын көруге, позитиві мен негативін анықтауға қол жеткізе алатын деңгейге жетті... Біз оны қысқаша түрде философиялық ойлау мәдениеті қалыптасқан қоғам деп атаймыз. Осы деңгейге жеткен қоғамдар мен мемлекеттер қазіргі әлемде дамудың көш басында тұр. Керісінше, ол мәдениеттен кеш қалып, мемлекеттік идеологияда догмалар мен субъективтік көзқарастардың, немесе, империялық-шовинистік пиғыл жетегінде кеткен, ал, ел басқару формасы авторитарлық-диктаторлыққа негізделген елдер  көш соңында қалып қоюда.

Философия ілімі, сөйтіп, тек қана қоғамдық практикада ғана емес, таным процесінде де, ғылым-білімде де, дүниетанымда да, өнертану мен дінтануда да үлкен жетістіктерге жетті. Соның қатарында, барлық замандар үшін аса өзекті болып табылатын мәселе – «Тұлғаның тарихтағы ролі» туралы сұрақ та өзінің теориялық мағынасын жойған жоқ. Әсіресе, әлемдегі соңғы болып жатқан катаклизмдер мен соғыстардың түпкі себептерін талдай келе, «тарихтағы тұлға ролінің» адамзат үшін әлі де қаншалықты маңызды екенін байқауға болады.

Философия қоғам мен мемлекеттің дамуын белгілі бір объективті заңдылықтармен байланыстырады. Шын мәнісінде, бұл «заңдылықтар» әр мемлекеттің табиғи ерекшеліктері мен потенциалды мүмкіндіктерінің жиынтығы ретінде көрініс табады. Кейбір жағдайда адамдар  ол мүмкіндіктерді байқамауы да мүмкін. Бірақ, кез келген даму бағыты болашақта ол мүмкіндіктерді ашады, яғни, оны шындыққа айналдырады. Сондықтан, адамдар «тарихтағы тұлға ролін» философиялық тұрғыда, көбіне – психологиялық тұрғыда мойындай бермейді. Бірақ, адамдар оны қаншама жоққа шығарғысы келсе де, тарихтың объективті дамуы бәрібір одан, басқаша айтсақ – тарихтағы субъект ролінен − тысқары қала алмайды. Сол себепті, адамзат тарихында «тұлға ролі» қоғам дамуындағы елеулі субъективті факторлардың бірі болып қала береді. Сонымен бірге, көп жағдайда «субъект әрекеті» қоғамның объективті, яғни, шынайы мүмкіндігін жоққа шығарады, жоққа шығармаса да – қоғам мен мемлекет дамуын кешеуілдетіп, оны артқа тартады. Тарихта мұндай регресті мысалдар өте көп болса, керісінше, белгілі бір тарихи тұлғаның дамуды алға сүйрегені, яғни, прогресті сипаттағы қоғам қалыптастыру мысалы – өте аз.

Барлық елдер сияқты, қазақ мемлекеті мен халық тарихынан орын алған субъектіні, немесе, «тұлға ролін» сылып тастай алмаймыз... Әр халықтың тарихында ондай тұлғалар бар және олар аз емес. Тарихта тұлға ролі «прогресті» және «регресті» деген екі бағытта сипатталса, прогрестік бағыттағы тұлғалар қатарында АҚШ-та Дж. Вашингтон, М-Л.Кинг, Англияда – Черчилль, Үндістанда – Дж. Неру, Қытайда – Дэн Сяопинь және т.б. аталады. Сол сияқты, адамзатқа қырғын әкелген, неміс фашизмін тудырып, Германия мемлекетін есеңгірете жеңіліске ұшыратқан А.Гитлер де «регресті тұлға» қатарында тұр. Әрине, Гитлер аз уақытта Германияны экономикалық қуатты елге айналдыра алды. Бірақ, ол әрекеттің мақсаты мен нәтижесі прогресске емес, соғыс сынды регрестік мақсатқа бағытталды. Сөйтіп, оның адамзатқа жасаған қастығы А.Гитлердің тұлғалық образын жексұрын кейіпке ендіріп жіберді. Бүгінде біз оның бейнесін «демондық» қалыпта қабылдаймыз. Неге десеңіз, оның болмысы адамзатқа «болашақта нені қайталауға болмайтыны» туралы ескерту жасап тұр десе болады.

Қазақ халқының бар тарихы Тұлғалармен байланысты. Бұл жартылай әскери (көшіп-қону) жағдайында өмір сүрген халық үшін қалыпты жағдай. Себебі, кез келген көшті сипаты мен мазмұны жағынан «шағын жорық» десек, жұрты үшін «ӨМІРДІ ӨМІРГЕ ЖАЛҒАСТЫРУ» деген Ереженің тұтқасына айналды. Сөйтіп, Қорқыт бабаның даналық бастауы барша халықтың өмірге құлшынысының және Елдік пен Ізгіліктің бастауы бола алды.

АСАН ҚАЙҒЫ ТҰЛҒАСЫ.  Асанқайғы Қазақ халқының Ел ретінде ұйысуына ықпал еткен қасиетті тұлға. Ол халық санасында өзінің әйгілі ЖЕРҰЙЫҚ  идеясын орнықтырды. Бірақ Асанқайғы өзге халықтардың «40 жыл соңынан ертіп, халқына «жерұйық» тауып берген» кейіпкер  қатарына жатпайды (мыс.: Мойсей). Асанқайғы Желмаясымен желіп жүріп, халыққа өзі барады. Сөйтіп, Желмаясы жеткен жерге келіп, өз атамекенінде отырған халыққа «Сенің кіндік байлаған жерің осы, жеріңнің сипаты мынадай, соған сәйкес әрекет ет, тұрмысыңды түзе, жеріңе ие де бол, кие де бол, жеріңді Жерұйыққа айналдыр» дейді... Басқаша айтсақ, Асанқайғы халқына «Сен құл емессің, сен осы жердің иесі боласың» деп халықтың Тәуелсіздік  санасын, жұртының Өрлік пен Ерлік санасын қалыптастырады.

Қазақ Елі ғасырлар бойы Хандық басқару жүйесінде өмір сүріп келді. Қазіргі тілмен айтсақ, мұны «авторитарлық жүйе» деп айтуға болады. Бірақ, соған қарамастан, халық Хандық билікке теңгерім ретінде Билер институтын қатар қойды. Нәтижесінде, халық Хандарын сайлай алатын тетікке ие болып, монархиялық жүйеге тән «Билік әмеңгерлігінен» таза болды.

Бұл жүйенің негізін қалаған аталас бауырлар, Қазақ Хандығының негізін қалаушы Керей мен Жәнібек сұлтандар болатын. Керей мен Жәнібек кезең-кезеңмен басқарса, кейіннен осы үрдіс бейбіт түрде жалғасып, олардың ұрпақтары да «аға мен іні баласы» ретімен хандық тұғырда алмасып отырды.

Әрине, бұл жерде «Төре тұқымы әмеңгерлігі бар» деген пікір болуы мүмкін. Ол рас. Бірақ бұл төте, немесе, тікелей әмеңгерлік емес. Себебі, Қазақ халқының «Төре» статусын белгілеуі, оларды рулық жүйеден тысқары шығаруы, ең алдымен, Қазақ деген халықтың тұтастығын көздеуден, рулар арасындағы алауыздықтың туындауын болдырмау мақсатынан туындағаны анық. Біз мұны үлкен даналық, көрегендік деп қабылдауымыз керек.

Одан өзге, Қазақ мемлекеттілігіне аса қайратты еңбек сіңірген Қасым хан (1511-1523),  Есім хан (1598-1645), Тәуке хандардың (1680-1708)тұлғалық есімдері ерекше аталуы тиіс. Мысалы, Қасым ханның қасқа жолы — қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы болды. Қазақ халқының дәстүрі мен салты Қасым хан хандық құрған кезде ел басқару ісінде қолданылған. Себебі, Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеуге мәжбүр болды. Тіптен, шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастаған екен. Ендеше, Қасым хан қазақ халқының дәстүрлі тыйымдары мен жораларына Заңдық сипат бере отырып, Қазақ халқын этникалық тұрғыдан біріктірді, Қазақ халқының әлі күнге дейін сақталып келе жатқан, оны Ұлт ретінде ерекшелендіріп тұрған бүтін болмысының негізін қалаған деп сеніммен айтуға болады. Мысалы, ол қазақи ғұрып ерекшеліктерді сақтай отырып, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол-жоралар, қазылық билік, т.б. ұлттық қоғамдық қатынас жүйесінің негізін нығайтты десе болады. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңға енген мүлік заңы, жер дауы, мал-мүлік дауы, қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу), әскери заң (қосын жасақтау, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.), елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық), жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері) Қасым ханнан кейінгі замандарда да Ұлттық тұтастықты сақтауға қызмет етті. Сол себепті, ол дәстүрлік заңдар халық арасында ілтипатпен «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кетті. «Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598 – 1645) «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болды. Тәуке ханның тұсында (1680 – 1708) бұл заң әлі де шариғат қағидасымен боялмай, ежелгі билер жасаған қалпын жақсы сақтады.

Құба қалмақтың жортуыл шапқыншылығына байланысты тарихи-саяси жағдайдың аса шиеленіскен қиын кезеңінде сұңғыла ойшыл билер бес тараудан тұратын ежелгі ережелерге тағы да екі тарау қосып, «Жеті жарғы» (Жеті хақиқат) деп атаған. Тәуке кезінде қосылған бұл екі тарау: жесір дауы; құн дауы. Бұл кезеңде шапқыншылық, кісі өлтіру көп болғандықтан құн дауын өз алдына бөлектеп, қылмыс заңына айналдырған. XV-XVIII ғасырларда қолданылған ежелгі жарғының үзінділері халық аузында қысқа-қысқа мәтел сөздер қалпында сақталған. Мысалы, «Қара қылды қақ жару»; «Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіру», «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ».

«Есім ханның ескі жолы» – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдардың жиынтығы. Оның негізін Қасым хан салған болатын (1511 – 1523). Заң жинағында Қыпшақ, Шағатай, және басқа ұлыстарда қолданылатын әртүрлі жарғылар енгізілді. Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасымның заңдарын іс жүзінде қолдануды өзі билік жүргізгенде қатаң талап етті. Қасымның заңы Есімнің арқасында сол дәуірдің әскери-саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірілді, соның нәтижесінде бұл заң халық арасында кеңінен тарады. Бұл заң ережелері жермен, малмен байланысты материалдық тарап-арыз, қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және т.б.), әйелдердің жағдайы, әскери міндеттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге көмектесу және т.б. туралы мәселелерді қарады. Халық бұқарасы Қасым хан заңының ережелерін ұстауды қалады. Бұл заң жиынтығы Есім ханның құрметіне «Есім ханның ескі жолы» деп аталды [1]. Жеті жарғы – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол-жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді. (Мысалы, бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі.) Жеті жарғы, қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық-кезеңдік жағынан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Жеті жарғының толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К. Шүкірәлиевтің (1804), Я. Гавердовскийдің (1806), А. Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словоохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой-пікірлері шежіреші Ә. Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Жеті жарғының аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.

Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп-ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген.

Бізге белгілі, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» осы хан кеңесінің шешімі арқылы жарыққа шығып, елге таралған. Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді.

Міне, осындай әскери демократиялық жүйеде Билер сайлауымен сайланған Қазақ хандары Халықшыл, Елшіл болды. Оның нақты себеп салдарлары бар:

Біріншіден, Хандардың автократқа айналмауын Билер институты үнемі бақылап, қадағалап отырды. Өзіне қарай бұра тартқан хандарды тез арада «билер тезіне» салып, жөн бағытты көрсетіп отырды. Билер оны, алдымен, Ел тұтастығын көздеумен, одан соң Халықтың шын мұқтажын алға шығару арқылы, кей жағдайда Хан сарайына топтасқан ақын жыраулары (ДАТ ережесі) арқылы жүзеге асырып отырды.

Екіншіден, Қазақ хандары қаншама тырысса да қалыптасқан экономикалық және қоғамдық қатынастар жағдайында абсолютті авторитаризмді орната алмау-шы еді. Себебі, әрбір өңір көшпенді мал шаруашылығы жағдайында Орталықтан экономикалық тұрғыда тәуелсіз болды.

Үшіншіден, қандай да бір «ханға тәуелділік» көбіне тек форс-мажорлық жағдайда орын алған, яғни, халық жұт не эпидемиялық апат қаупі туғанда ғана Хан шешіміне жүгінген. Сол кездері Хан зардап шеккендерге қалай көмектесуді өз беделіне салып (авторитетіне деңіз) шешім қабылдаған. Міне, осыған қарай отырып, Қазақ Елі үнемі өз көшбасшыларына құлақ асып, елбұзарлық стихиялық әрекеттерге бармаған, шын мәнісінде жартылай көшпенді тәртіпке (әскери десе де болады) бағынып өмір сүрген халық екенін көреміз...

Осындай «ұжымдық болмыспен» қазақ елі ХХ-ХХІ ғасырға аяқ басып еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін елде әр тараптағы экономикалық тепе-теңдік болмады. Ал ұлттық болмыста, керісінше, жоғарыда айтылған «тұлғалық даму» (көшбасшылық) бірқалыпты сақталып тұрды. Нәтижесінде, көшбасшылық жауапкершілігін мойнына алған билік неше түрлі уәделер мен жобаларды ұсыну арқылы халықтың сеніміне ие бола отырып, өңірлердегі барлық қазба байлықты жеке мүддеге тәуелді «жекешелендіруді» жүзеге асырды. Сөйтіп, мемлекетте билік шыңында (хан сарайында) «халықтан тәуелсіз авторитаризмнің» өмірге келу мүмкіндігі пайда болды. Ал, Халық бұрынғыдай Көшбасшысына сенгіш, ақкөңіл және адал, таза ниетті қалпында қала берді... Өкінішке қарай, жаңа дәуірде (КСРО езгісінен құтылғаннан кейінгі заман) «ниетіңе қарай беремін» деген Ұлы қағида іске аспай қалды.Өйткені, Құдайға ғана тән бұл ереже, енді, толығымен тек Көшбасшы құзырына көшкен болатын...

Осы қарқынмен отыз жыл өте шықты...Көшбасшысына құдайдай сенген халықтың үміті де ақталмады, беріліп жатқан уәделер де орындала қоймады. Керісінше, әлемдік дағдарыстар мен эпидемиялық апаттар жағдайды одан әрі шиеленістіре берді. Елдің Конституциясы мен заңдары үнемі өзгерістерге ұшырап, олардың мәні мен мазмұны ұлттық мүддеден алшақтай берді. Бұл бағытта бүкіл әлемді «таңғалдырған» өрескелдіктер орын ала бастады. Мысалы, қыза-қыза біз мемлекетімізде адамды (тұлғаны деңіз) құдайдан жоғары қоятындай, бүкіл адамзаттың моралдік және адамгершілік ережелерін жоққа шығаратындай, нақтысында, «тұлғаны кез келген қылмысы үшін жауапқа тартуға болмайды» дейтін Конституциялық заңды да қабылдап жібердік....Әлем не айтарын білмей қалды... Себебі, мұндай «заң» жан-жақты, жаппай орын алар болса, онда бүкіл  адамзат өзінің адами болмысынан ажырауға бет бұра бастайтынын әлем сезді. Сезді де тітіркенді...Ал, шындығында, бұл қазақ халқының болмысына тән емес болатын. Табиғаттың тазасы мен тұнығынан нәр алған қазақ халқы болмысы өзге еді. Оның болмысында, тіптен, қажет болса «әділетсіз құдайдың» өзін қарғап-сілеп алатындай әділдік бастауы жатқан-ды. Міне, осы бастау тұншығып барып, шырқау шегіне жеткенде бұлқынып шығады. Жүз жыл бұрын осылай болды, 1986  жылы да, 2011 жылы да солай болды.... Енді міне, бұл жағдай 2022 жылы тағы қайталанып отыр... Ең қайғылысы, бұндай құбылыстың қазақ халқының тағдырында жиі орын алғандығы мен бейкүнә жастардың құрбан болуы...

 Бізге, енді, әділдік іздеп бүкіл әлемді өзіне қарататындай  дүрбелеңдерден толық айығатындай жолымызды іздеуіміз керек. Ондай жол бар, ол – қазақ болмысы мен тәрбиесі, қазақ даналығы, бабалар сөзі мен өнегесі!

Сондықтан, қазіргі заманда да әділ, сенгіш, ниеті таза Қазақ халқының бар тағдыры Елі мен Жеріне адал Көшбасшыға қарап тұр-ау деп қорытындылауға болатын сияқты...

Байлық көздің құрты болмасын, бәрінен де елдік жоғары тұрсын!

Қазақта «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз құнын ешқашан жойған емес. Әсіресе, қазіргі заманда аса маңызды бола түсті. Оның мысалын біз украин халқының өз президенті В.Зеленскийдің маңына топтасып, өзінен әлдеқайда күші басым шабуылға төтеп бергенінен, бүкіл әлемді өзіне бұра алғанынан көріп отырмыз.

Ал, енді, осы Аяз би туралы қанатты сөзді басшылыққа алуды бізге бөтен біреу емес, өз бабамыз Әбунасыр әл-Фараби үйретеді. Ол үшін бүгінгі қазақ халқының көшбасшысына әл-Фараби бабасының «Ел билеушіге тән қасиеттер», «Ел билеудің ерекшеліктері» туралы ілімін басшылыққа алса жеткілікті десек, қателеспейміз.  Ғылым-білімде, даналықта «Жаңа дегеніміз − ұмытылған ескі» деген қағида бар.

Сөз соңында, Фараби ілімі де осы қалыпта қолданыста бола алатын мемлекетшіл, әділетшіл, тура ілім дер едік.

1777 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз