• Ұлттану
  • 30 Қыркүйек, 2022

ҰЛ-ҚЫЗЫМЫЗДЫ ҚАЗАҚ РУХЫНДА ТӘРБИЕЛЕЙІК

Асан ОМАРОВ

«Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болады,

құлша тәрбиелесең – құл болады».

Ахмет Байтұрсынұлы, ұлт ұстазы

 

Баланы өсіруден қиын жұмыс жоқ, сірә. Әрбір ұлт жас өскіннің адам болып ер жетуін, яғни халқына қалаулы, еліне елеулі азамат болуын қалайды. Баланы ерте жастан көкірегі ояу, саналы қылуды ойлау керектігін қазақ халқы жақсы білген. «Бала бер, бала берсең – сана бер, сана бермесең – ала бер» деген ұлағаты соның айғағы.  Сондай-ақ, дәстүрлі қазақ қоғамы балаға білім беру мен тәрбиелеуді бір деп білген. Бөлектемеген. «Баланы өсіру» дегенде оларды қосақтап, біріктіріп айтқан. Ғылым-білім дамыған соңғы ғасырларда ғана бұл екеуі бөлектеніп, бір-бірінен ажырап қалды. Болатын баланың қасиет-сипаты қайсы? Оны XIX ғасырдың басында өмір сүрген Көшек деген жырау былайша айтыпты:

Көсем болар баланың,

Сөзі мен ісі жөн келер.

Шешен болар баланың,

Ақыл мен тілі тең келер.

Кісі болар баланың,

Алды мен арты тең келер.

Дүние табар, мал табар,

Алуан – алуан өзгелер.

Адам болып ер жетсе,

Кім екенін көз көрер.

Шүбәсіз, кешегі көшпелі дәуір, сол заманда ұстанған әдет-ғұрып, салт-сана әрбір баланың көпшіл, тұлғалық қасиетке ие азамат болып дамуын қамтамасыз етті. Өзіндік тәлім-тәрбиелік жүйе қалыптасты. Мысалға 1865 жылы жарық көрген «Материалы для географии и статистики России. Киргизская степь Оренбургского ведомоства» деген еңбекте орыс ғалымы Н.Я. Зеланд былай дейді: «Қазақтар сергек, кеңпейіл халық. Жүзі жарқын, мейірімді. Тез қабылдағыш, сабырлы. Жүйке жүйесі мықты. Өйткені, оның барлық ойы ізгілікке, бақытқа негізделген. Адалдық, уәдеге беріктік, қонақжайлылық, сана саулығы, қиындық атаулыға төзімділік ерекше байқалады. Қаталдық пен кекшілдік қазақ психологиясына тән емес, бұл халық өте бейбітсүйгіш, оған ұзаққа созылған қырғиқабақтық жат». Бұл дәйексөз ұлттық тәрбиеміздің іргесі мығым болғанының айғағы. Атам қазақ жасы үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, салт-дәстүрді сақтау, ата тегін білу, еңбексүйгіш, төзімді, тапқыр, алғыр болу сияқты адамгершілік әліппесін бала бойына сәби кезінен сіңіріп баққаны анық.

Бірақ отаршыл билік ұлттық тәрбиенің де шаңырағын шайқалтты. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» (1884) деген өлеңінде Абай бодандықтың зардабын:

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық,

деп жеткізеді. «Осы күнде» дегені – бұрынғы еркін дәуірде басқа едік, енді бұзылдық дегені. Неге бұзылдық? Оған отаршыл жүйе кінәлі екені алақанға салғандай анық. «Қалың елім, қазағым...» өлеңінде Абай:

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың! – дейді. Елдің сиқы бұзылды дегені – ұлттық тәрбиенің іргесі сөгілгені. 

Баланы өсіру жайлы алаш зиялылары не дейді? Енді осыған ойысайық. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде қоғам үшін бала тәрбиесінің маңызын былайша айтады: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер... Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы».  Сол сияқты автор тәрбиені балаға неліктен жасынан беру керектігін бейнелі тілмен жеткізіп, түсіндіріп береді: «Жас бала жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күнде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзеймін десең, сындырып аласың, «Баланы жастан» деген сөздің мәнісі осы».

1918 жылы Семей қаласында Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен «Абай» журналының 12 саны жарық көрген болатын. Әрбір санында журнал ұлттық мүддені қорғаштап, оның толғақты мәселелерін көтеріп отырды. Сол публицистикасының бірінде Ж.Аймауытов былай деп жазады: «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы – тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан. ...Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, өлтіру сықылды бұзақылықтарды жасауы – тәрбиенің жетіспегендігінен». Автордың баланың тілі дұрыс жетілуіне мән бере қарауы өте өзекті. Мәселен: «Сөз – ойдың айнасы. Ой жетілу мен тіл жетілу қатар жүреді» дейді.Семей педагогикалық семинариясының ұстазы, 1914 жылы Абайды еске алу кешін ұйымдастырушының бірі болған Нәзипа Құлжанова бала тәрбиесі туралы көптеген еңбек жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. «Мектептен бұрынғы тәрбие» деген әдістемелік еңбегінен бір үзіндіні келтіре кетейік: «Бала өне бойы еркін ұнатқан нәрселерін шұқылап отырып, бұрап, сындырып, мүшелеп, әбден танып, қайта салыстырып, соны өзі жасамақ һәм жасайды да. Бұл баланың тағы бір артықша қасиеті, зерттеп тану құмарлығы. Бұл – жан-жақты жайнаған дүниені танып, өзі де жасауға кірісу үшін жаратылыстың көкірегіне әуелден құйған құмарлығы, бұл қасиетін танымайтын надандар «Тиме!», «Сындырасың», «Шықпа, жығыласың», «Таста, бүлдіресің», «Үстіңді былғайды», «Әрі жүр, басымды ауыртпа!» деп зарлаумен баланың алайын деп отырған қанша білімінің тағы да тамырын қияды» (Н.Құлжанова. Шығармалары. – Алматы, 2014. – 384-бет).  Баланы еркін өсір! Бұл біз үшін маңызды қағидат. Неге десеңіз, сталиндік қаһарлы заманның синдромы санамызда тікенектей қадалып тұр. Сондықтан бізде баланы қорқыту, үркіту жөнімен тәрбиелеу әлі күнге басым.

Алаш зиялыларының бала тәрбиесі жайлы айтқандары дегенге осы келтірілген мысалдар жеткілікті сияқты. Ұлттық тәрбие шаңырағы отаршыл қыспаққа түскен соңғы екі ғасырда қатты шайқалды дедік. Соның салдарынан жоғарыда орыс зерттеушісі айтқан кісілік мінез бен көптеген адами қасиеттерді сақтап қала алмадық. 

Кезінде алаш арыстары «Жапондардан үлгі алайық!» деген ұран тастаған болса, олардан үлгі алу идеясы бала тәрбиесіне де қатысты. Жапондарда еркін азамат, құлдық санадан ада, ноқтасыз ой иесі қадірлі. Осыған ерекше мән береді.Өйткені, сонда ғана тобырлық сана әлсіреп, есесіне азаматтық қоғам нығая түседі. Бүгінгі күнгі зерттеуші ғалымдар үлкенді сыйлау, кішіге ізет сияқты тәрбиелік дәстүрлер қазақ және жапон, кәріс халықтарына ортақ құндылық деседі.

Бір анығы,  дәстүрлі қоғам қалыптасқан болса, елдің сиқы бұзылмайды. Елдіктің мәнді белгісі – жас ұрпақ арманшыл болып өседі. Әр бала ел қамын жейтін Едігедей халықшыл, Бұқар жыраудай тағылым айтар, жол көрсетер көсем болсам деген арман, тілекпен өседі. Азат жұрттың тәлім-тәрбиесі осыменен ерекше.  

Сонымен, біздің қоғам саналы, арманшыл ұрпаққа зәру. Ол үшін керегі не? Кеңестік дәуірге тағы бір көз салайық. Оның тәрбиелік жүйесі кітап оқу керектігін санамызға сіңіре білді. Шыны керек, бүгінгі аға буын өкілдері, бізді,  адам қылған – ауыл кітапханасы. Кітап, онан бөлек газет-журнал үлкеннің де, кішінің де қолынан түспейтін. Қандай да бір жетістікке жеттік десек, ол соның арқасы. Қазіргі ұрпақ осынау артықшылықтан айырылып қалды.

Кітап бетін ашпайтын, күні бойы айфон шұқылаған балада арман да, терең білім де шамалы. Құр сөз болмауы үшін айта кетейін, жастар арасында жүргізілген бір сауалдың куәсі болдым. Бір топ жасөспірім «Абай жолы» эпопеясының авторы кім?» деген сауалға қиналып-ақ қалды. Бірі Жабаев десе, енді бірі Мақатаев деп шатасты. Телеарнадан көріп отырған біз ұялдық. Міне, кітап оқымаудың салдары.

Абай: «Артық білім кітапта» дейді. «Артық білім» дегені – кітапты дүниені тану ғана емес, оған қоса, рухани азықтың қайнары деп бағалағандығы. Балаға Құдай ісі, обал мен сауап, арам мен адал, дүние мен ахирет туралы айтып, көкірек көзін ашу керек. Онсыз қанша жерден білім берсек те, бәрі бос, зая. Абай, Шәкәрім аманат еткен ұлағаты осы.

Бүгінгі таңда баланы жастан дегенге мән бере алдық па? Әбіш сияқты биік мақсатқа ұмтылған талапты ер, арманшыл азамат өсіруді ойландық па? Өкінішке қарай, қазіргі ата-аналардың арманы – балам жақсы қызметке іліксе, ақшаны күреп табатын шаруашылық иесі болса дегеннен аспайды. Ұлттық мүдде десе ішкен асын жерге қоятын және халықты көгерту үшін қай тетікті басу керектігін білетін елшіл тұлға жайына қалды. Тағы Абай: «Я тілмаш, я адвокат, Болсам деген бәрінде ой, Көңілінде жоқ санасы» демей ме. Қазір күнгі тәрбиенің сиқы осы –  көңілінде жоқ санасы. Министр, мейлі, әкім болып бірі келіп, бірі кетіп жатқан лауазым иелерінен осы олқылықты жазбай танып-біліп отырмыз.Өз танымы, ұстанымы жоқ болса, кім кім де «қуыршақ».

Сонымен, қазақы тәрбиені бекемдеу, ұлттық идеологияны баланың санасына сіңіру – әлеуметтің күн тәртібінде тұрған өткір мәселеміз. Ол үшін не істеу керек? Осыған ойысайық.

Жас жазушы Мұхтар Әуезов қазақ қауымына айтқан  «Бесігіңде түзе!» дегенді –«Тіліңді түзе!» деп қабылдасақ дұрыс. Санамызға сіңген «бала орысша білмесе адам болмайды» деген теріс ұғымнан арылатын уақыт жетті. Бақсақ, ұрпағын бөтен тілде, өзгенің құндылықтарында тәрбиелеген екінің бірі «әй, қап» деп опық жеп отыр. Балам адам болып ер жетсін десең, ана тілін үйрет, ағайын. Көршіміз Ресейде орыс тілін білмесең қара жұмысқа жекпейді, біздің елімізде қазақша жарытып сөйлей алмайтындар да министр креслосына қонжия кетеді. Бұл қалыпты жағдай емес! Демек, 2-3 жасар сәбилер тілі қалай шығып жатыр деген мәселе шұғыл шешілуі керек. «Балапан» телеарнасы бары рас. Бірақ ондағы фильмдердің бәрі бірдей тартымды емес. Шедевр шетелдік фильмнің қайсысын болмасын қазақша сөйлетсек ұтамыз.

Енді мектеп жасындағы бала тәрбиесіне келейік. Олар ең болмағанда 5-ші сыныпқа шекті жапондар сияқты ана тілінде оқысын. Ең жаманы, аралас мектептер. Оларды қысқарту, азайту – айрықша маңызға ие мемлекеттік мәселе. Десоветизация саясатын жүргізу, орысқұл санадан арылу – осы айтылған іс-шаралардан басталмақ.

 Жас, бозбала атаулыны кабельді теледидар, смартфон сияқты «тәрбиешілер» жаулап алды. Жақсыны, жаманды да сонан алады. Осы өріс зерттеліп-зерделеніп, ұлттық мүддеге қайшы дүниелерге тосқауыл қойылуы керек. Баланың көңілін өсіретін – махаббат, мейірім, керісінше, қатігездік пен қылмысқа итеретін – тек маған ғана жаусын дейтін өзімшілдік (эгоизм) дерті.

Соңғы бір сөзіміз, қазақ «ана қоныс» демей, «ата қоныс» дейді, «ана мекен» демейді, «ата мекен» дейді, тек тілге келгенде ғана «ана тілі» дейді. Неге? Өйткені, баланың тілі анасы арқылы шығады. Қазіргі қазақ әйелдерінің көбісі орысша шүлдірлеп жүр. Мәселенің көкесі осы! Бұл жағдайды бүкіл қоғам болып қолға алып, тезірек түзеп, тезге салмасақ болмас, халайық.

Сонымен, қазақ тілі мәртебесін көтеру – тәуелсіздік шаруасы, сонымен қатар, баланы дұрыс өсірудің де бірден бір шарты. Ғабит Мүсірепов: «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, тек өгей ұлдары ғана аяққа басады» демекші, бала қай тілде сөйлесе, сол тілге қызмет ететіні көзіміз күнде көретін ақиқат. Сондықтан мемлекеттігіміз сақталсын, бекісін десек, ұл-қызымызды қазақ рухында тәрбиелейік, ағайын.

1718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз