• Еркін ой мінбері
  • 26 Қазан, 2022

ЕЛТАНЫМДЫҚ АТАУЛАРДЫ ТОПТАСТЫРУ ЖАЙЫ

Ата-бабаларымыз басқа халықтар сияқты жаңадан құрылған қауымдағы билік ету, ұжымды ұйымдастыру жүйесін қалай болса, солай емес,  қоғамдық-әлеуметтік қажеттіліктен туындаған ыңғайына қарай құра білген. Сондықтан бір атақ-лауазымның мәні екінші атақ-лауазымнан атқаратын жүгі мен жауапкершілігіне қарай сатыланған түрінде жоғары не төмен болуына, мәртебесіне қарай билік жүргізу тәртібіне, сый-құрметіне және т.б. ерекшеліктеріне сәйкес анықталып, белгіленген.

Міне, осы заңды талап атақ-лауазым жүйесінде ғасырлар бойындағы тәжірибе нәтижесінде жалпы қоғам мақұлдап, қабылдауы арқылы жүзеге асып, қалыптасқан. Лексикалық байлықтың ерекше бір саласын құрайтын, бірыңғай тақырыптық жүйе ретінде атақ-лауазым атауларының белгілі бір мағыналық топ қалыптастыруы – қоғам, қауым, хандық, ұлыс, мемлекет құрып келген барша түркі халықтары үшін көп жағдайда ортақ құбылыс. Осыған байланысты түркі тілдерінде көптеген мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер қалыптасып, олар лауазымды адамдардың қызмет-әрекетіне қатысты ұлттық болмысты,  бейнелеп, дәйектейді. Пайымдап қарағанда, атақ-лауазымға ие болған субъектілер көп жағдайда өздері басқарып отырған қоғамның бір сипаты болып саналады.

Атақ-лауазымға байланысты лексиканың ең басты ерекшелігі – өз бастауын сонау көне дәуірлерден алып, үнемі даму үстінде қалыптасып, даму үдерісінде толығып, өзгеріп, жаңарып, жаңаланып отыруында. Сондықтан да, лексиканың бұл саласы – қазақ этносының сатылы дамуының, қоғамдық өзгерісінің,  ру, тайпа, ұлыс, халық, ұлт болып қалыптасу кезеңдерінің бірден-бір куәгері, халықтың өзімен де, тілімен де бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан көне мұрасы. Жәдігер іспетті тілімізде хатталып, көненің көзіндей көңілімізде, жадымызда сақталып қалған бұл атаулар мен олардан туындаған көптеген тұрақты тіркестерді, мағыналық бірліктерді түгел жинап, жүйеге салып, мазмұны мен мәнін саралап, «сөйлете» білсек, олардың өткен тарихымыздан сыр шертіп, бүгінгі рухани өміріміз бен тарихи танымымызды байыта түсетіндігі тақырыптың өзектілігін сипаттайды.

Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тілдік сипаты туралы қазақ тіл білімінде айтылған кейбір жеке-дара пікірлер болмаса, күні бүгінге дейін, өкінішке қарай, арнайы зерттеу нысаны болмауы да мәселенің өзектілігін танытады. Оның басты бір себебі - атақ-лауазым, дәреже-мәнсап т.б. көне дүниенің көзі іспетті, тарихи лексикология нысанына жататын және бүгінгі таңдағы қолданысы көбіне-көп тарихи шығармалармен шектелген, сирек қолданысына байланысты мағынасы белгілі бір дәрежеде күңгірттенген, сондықтан да этимологиялық зерделеуді қажет ететін көне де байырғы дүние болуына байланысты.  

Байырғы қазақ қоғамындағы атақ-лауазым атауларының тарихи даму барысында қалыптасқан жүйесі мен мәртебесін, деңгейін, этнолингвистикалық сипатын, мағыналарын, дамуының ішкі-сыртқы дереккөздерін зерделеу-зерттеу жұмысының негізгі мақсаты. Сол мақсатқа жету жолында төмендегідей нақты міндеттер белгіленді:

– атақ-лауазым атауларына қатысты зерттеулерге, нақты мәліметтер мен деректерге тақырыптық-мағыналық тұрғыдан ғылыми шолу жасау;

– байырғы қазақ қоғамында дүниежүзілік стандартқа сай мемлекеттілік, оның басқару жүйесі мен өзіндік ерекшеліктері болғандығын атақ-лауазым атауларына қатысты тілдік және экстралингвистикалық фактілерді жинақтап, талдау арқылы дәлелдеу;

– жалпы түркі әлеміне (тілдеріне) қатысты ерте замандардан бері қолданылып келе жатқан атақ-лауазым атауларының қолданыс ауқымы мен сапалық, сандық, мағыналық сипатын айқындау;

– ол атаулардың жалпы қолданыс шеңберін, түркі әлемін, соның ішінде қазақ қауымын қоршап, атақ-лауазым атауларының іштей-сырттай дамуына әсерін тигізіп келген ірі-ірі туыстас, көршілес, қарым-қатынаста болған басқа мемлекеттердің (хандық, қағандық, империялар мен патшалықтардың) ықпал жасаған тарихи кезеңдері мен дәуірлеген мезгілін анықтау, нақтылы тілдік ауыс-түйістерді көрсету;

– атақ-лауазым атауларының тарихи кезеңдерін, тілдік дереккөздері мен тегін айқындау арқылы оларды тақырыптық, мағыналық топтарға жіктеу;

– атақ-лауазымдардың жасалу тәсілдерін сараптай келе, олардың түркі тілдер (соның ішінде – қазақ тілінің өзінде) негізінде, басқа көрші (қытай, араб, иран, славян т.б.), туыс (моңғол, түркі) тілдер арқылы еніп, қалыптасу үдерісіне назар аудару;

– атақ-лауазым атауларының қазақ тіліндегі, сондай-ақ, кейбір түркі тілдеріндегі мақал-мәтелдердің құрамына еніп, олардың халық арасына кеңінен тарап, ел-жұрттың салт-тұрмыстық жағдайымен етене араласуын нақты дәйектеу;

– атақ-лауазымдардың сатылы деңгейіне қарай іштей топтастырылуы; 

– тақырыптық топтарға жүйеленген атақ-лауазымдарды мағынасына қарай өзара байланысын, олардың түбірлестігін, айырмашылықтарын көрсету;

– жеке атаулардың ұмыт болған мағына-тұлғаларының этимологиясын анықтау.

Жер бетіндегі басқа халықтарға қарағанда түркі халықтарының тарихи жазба ескерткіштері – тас бетіне, зат бетіне таңбаланып, ерте кезеңдердегі, тіпті біздің жыл санауымыздан бұрынғы мың жылдық қоғамның, одан кейінгі әлеуметтік жүйенің қалпын бізге жеткізіп отыр.

Мәселен, тек Талас өзені аймағында алты түрлі алуан жазудың тас бетіне түсуі – осының айғағы. Осының бәрі, жинақтай келіп қарағанда, «түркі әлемі»деп отырған қоғамдастықтың жалпы Еуразия елдеріне тигізген әсері, мәдени ықпалы мен өркениетті үлгісі аз болмаса керек. Мұның өзі билік жүйесіне де қатысты. Бұл саладағы атауларды диссертациялық тақырып етіп алып, зерделеп, шыққан төркінін, мағына-мәнін, қалыптасу және қолдану уәжділігін анықтау – өткен тарихымызды таратып танудың бір жолы деп санаймыз.

Пайымдап қараған адамға, атақ-лауазымдардың жалпы түркі әлемінде қолданысы және мағынасы жағынан, дәлме-дәл болмаса да, бір ортақтық, ұқсастық бар екені байқалады. Оны анықтаудың екі жолы бар. Біреуі – сол саладағы атауларды тілдік дерек ретінде салыстыра-салғастыра қарау да, екіншісі – хронологиялық принципке сай түркі әлеміне ортақтығына байланысты тарихи дәуірлену кезеңдері бойынша өзара жіктеу, топтастыру. Осы тұрғыдан алып қарағанда жалпы, түркі тілдеріне тән және солардың бірі – қазақ тіліндегі толық және жартылай ортақ атақ-лауазым атауларын 5 дәуірлік топқа бөліп қарауға болады. Осындай дәуірлеуге байланысты оларды мынандай тақырыптарға бөліп қарастырамыз: 1) Ғұн дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (б.з.д. V – б.з. V ғ. дейін); 2) Көнетүркі дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (VІ-ХІІ ғғ.); 3) Ортатүркі (Шыңғысхан) дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ХШ-ХІV ғғ.); 4) Жаңатүркі дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ХV-ХІХ ғғ.); 5) Қазақ хандығының отарлануы дәуіріндегі атақ-лауазым атаулары (ХІХ ғ.).

Бұл хронологиялық межелер біздің шартты түрде алып отырған дәуірлерімізге жатады да, түркі әлемі тарихында оны бұлайша жіктеу байқалмайды.

 Түркітанушы ғалымдардың пікірі бойынша, ғұн туралы қытай естеліктерінде кездесетін атақ-лауазымдар саны өте аз және қытайша жазылуы олардың нұсқасын дәл бере алмайды. Осының салдарынан ғұндар мен түркілердің генеалогиялық ортақтығы көп сөз болмай келгені белгілі.

Алайда қытай қолжазбаларының табиғаты, әсіресе кейінгі кезде кеңірек ашылып, ғылыми айналымда түркі тілдеріне аударылған тарихи деректердің көбейе түсуі оларды зерттеушілердің бұл құбылысқа ерекше назар аударуына себепкер болды.

Біз қарастырып отырған қолжазба деректерінің бір артықшылығы, қолжазбаларда бұл атақ-лауазымдардың қытай тіліндегі аудармасы емес, сол өздерінің бастапқы нұсқасында, сол кездегі аталуынша және нақтылы мәтіндерде қолданылуы бойынша беріліп, басым бөлігінің мағынасы түсіндірілген.

Бұл атақ-лауазымдардың түркі халықтарының тіліне тән екендігін бірден тануға болады. Өйткені күрделі сөз түріндегі атаулардың құрамында, не өз алдына жеке атау түрінде түркі тілдеріне тән сөздер кездеседі. Мысалы: аға тәңірқұт, құт, аға, білге, хан, кіші, тете, бек, бас, жасауыл, уәли, ордабек, даяшы, бақауыл, күзетбасы, даяшыбасы, бас абыз, тұтқауыл,күнби, мыңбасы, жүзбасы, онбасы, бас жасауыл, төреші абыз, тәңірқұт, уәзірбасы, аламанбасы, аймақбасы, шабандоз, сол қол аламанбасы, қорғаушы тұтқауыл бек, сардарбасы, тілмаш, сол бас сақа, ішкі бек, басқақ, нақбек, т.б.

Бұл атаулардың түркі тегіне тән екендігін білдіретін тағы бір белгісі жазба нұсқаларының мәтіндерінде берілген мағынасынан да айқын көрінеді. Былайша айтқанда, қытайшасынан аударылып берілген қазақшасында бұл атақ-лауазымдардың барлығына түсінік те табуға болады. Олар не ғұндардың, не қытайлықтардың мемлекетіне ғана тән атақ-лауазымдар емес, ғұн империясының құрамындағы түркі халықтарының хандықтарына тән жазбалары мен түсініктемелері де кездеседі. Мысалы: «Ғұн тарихының жылнамасында»:

«Тәңірқұт дегеніміз – Күн (бейнелі) ұлықтың аспандай бейнесін білдіретін, тәңір мен құтқа баланған мәртебесі…» [1, 21 б.].

Бұдан әрі: «Ғұндарда тәңірқұттан төмен: сол білге хан, оң білге хан, сол жанақ хан, оң жанақ хан, сол сардар, оң сардар, оң, сол аға, бас жасауыл, сол, оң аға даңға, сол, оң құтазуқатарлы мәртебелі лауазымдар болған. Барлығы 24 әскери-әкімшілік шен болған. Барлық үлкен мәнсаптар атадан балаға мұра болып қалады» [1, 21 б.]. Бұл мәтіндегі жиі қолданылып тұрған оң, сол сөздері жалпы түркі әлемінде билігі жүретін қауымның (хандықтың, өлкенің, елдің) оң не сол бөлігін (батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік мағынасындағы бөлігін) басқаруды анықтайтын шартты ұғымды білдірген. Ол сөздің билік дәрежесіне де қатысты болуы мүмкін. Өйткені оң және сол антонимі қатар келгенде сол оңнан биіктеу дәрежені білдіріп, бұрын айтылатынын көреміз.

Көнетүркілердің саяси құрылымын толық сипаттайтын атаулар отыздан  астам. Тарихшылардың осы мәліметін ескерсек, түркілердің билік тұтқаларын сипаттайтын қаған, тегін, яғбу, шад, тархан, тұтұқ, бұйрық, шор, елтебер, еркін, бек тәрізді атаулар сол дәуірдегі көнетүркі тіліндегі мемлекеттік құрылым атауларының қалыптасқан жүйесін құрағаны сөзсіз [2, 13 б.].

Көнетүркі   тіліндегі   бұл   атаулардың   барлығы да біздің дәуіріміздің V-VІІ ғасырларында өмір сүріп, қазақ ұлтының этногенезін құраған көк түркілердің саяси құрылымының сипатын ғана көрсетпейді, сонымен бірге ол – Қазақ мемлекетінің негізі осы кездерде қалыптасқандығын дәлелдейтін тілдік дәйек.

Біз қытай жылнамалары арқылы көне Түркі қағанаты мемлекеттілігі озық болып саналатын Қытаймен терезесі тең мемлекет болғанын білеміз. Олардың мемлекеттілігінің тағы бір белгісі – аумағының әкімшілік аймақтарға бөлінуі. Елдің ең жоғарғы билеушісі қаған атауымен белгіленді де, оң қанатқа және сол қанатқа бөлінген аймақ әкімдері – шад және жабғудеп аталды. Одан кіші тайпалық бірліктер басында елтеберлер, ал тіпті ұсақ рулар көсемдері еркін және шор лауазымдарын иеленген [1, 78 б.].

 Зерттеу барысында байқағанымыз Қараханидтердегі мемлекеттік лауазымдарда, негізінен, түркілік атаулар пайдаланылған. Мысалы, мемлекет басшысы хақан немесе тамғаш хан деп аталады, оның ортақ семантикасы «хандардың ханы» дегенге келеді. Сарай маңындағы «ақ сүйектер» тобы «азұн тұтқушы» деген әлеуметтік атаумен берілсе, шенеуніктерінің ортақ атауы «тапұқшылар» деп аталған.

Көне түркілердің  саяси  басқару  жүйесіндегі атаудың бірі еркін қараханидтер мемлекетінде көл эпитетімен кездеседі. Махмұд Қашқари өзінің атақты «Түркі тілдер сөздігінде» оның мағынасын жоғарғы билеушінің көл-көсір ақылымен байланыстырады. Орта ғасырлардағы кең қолданылған терминнің бірі – ұлан сөзі. Ол сол кездегі әдеби тілде оғлан тұлғасында кездесті. Ш.Уәлихановтың айтуына қарағанда, Алтын Орда, Қырым, Астрахан хандықтары мен Ақ Орда, Шағатай ұлысындағы ақ сүйек өкілдерінің әкімшілік қызметтегі ұлдарын атайтын болған [3, 123 б.]. Академик Р.Сыздықтың пікірінше, түркі-моңғол тілдерінде оғлан//ұлан//ұғыл//ұл сөзінің ерте дәуірлерден келе жатқан титулдық мәнінің сарқыншағы қазақтарда Бұхар замандарына дейін жеткен тәрізді. Орта ғасырларда оғлан//ұлан сөзі – термин. Тарихшылардың айтуынша, «Оғлан//ұлан деп Алтын Ордада, Қырым мен Астраханның династияларында, Чағатай ұлысы мен Ақ Ордада билеуші феодалдардың ең жоғары әскери және әкімшілік қызметін атқаратын ұлдарын атайтын болған». Соған қарағанда, ұлан сөзін әлеуметтік категорияға қатысты сөз емес, мемлекеттік ел басқару, билік жүйесіне қатысты деп қарауға болады. Қазіргі қазақ тілінде ұлан сөзі әскери-әкімшілік атау ретінде ұғынылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының ұлттық ұланы[4].

Орта ғасырлардағы ел басқару және билік жүйесі біршама жоғарғы сатыға көтеріліп, күрделене бастады. Осы саладағы ортатүркілік атаулар деп біздер хан, әмір, сардар, аталық, атабек, көкілташ, ішік аға басы, инақ, миршиқар, наиб, жасақ, жасауыл, қарауыл, қанбұл, әкім, даруға, ұлысбек, тору, ясақ секілді сөздерді жатқызамыз.

Мемлекет басшысы сонымен бірге әмір атауымен де белгіленген. Белгілі шығыстанушы М.Қ.Әбусейітованың көрсетуіне қарағанда, ортағасырлық билеушілер тек хан, әмір деген атаулармен шектелмеген. Ғалым пайдаланған Шығыстық деректемелерде хан атауы жиі кездескенімен, сонымен бірге басқа да атаулардың талданып-таратылып қолданылғанын айтады. Мысалы, жеке ханның өзіндік орны мен беделіне қарай қолданылған атаулар «ең жоғарғы билеуші», «жалғыз дара билеуші», «жер жүзінің билеушісі» секілді мағыналарды берген. Автор бұл мағыналарды араб және парсы тарихи деректеріне сүйеніп айтады да, өкінішке қарай, олардың түпнұсқалық тұлғаларын көрсетпейді [5, 111 б.].

Қазіргі мемлекеттер атауына шолу жасаған кезде әмір атауын Біріккен Араб Әмірліктерінен кездестіреміз. Сонымен қатар араб елдерінің бірқатарында эмир сөзі қазір де елбасы деген мағынада қолданылады. Сонда бұл елдегі араб диалектісінде әмір сөзі әрі «әкімшілік-аумақтық бірлік», әрі «мемлекет билеушісі» деген мағынада жұмсалып тұр.

Сондай-ақ бұл дәуірдегі атақ-лауазымдардың дені араб-парсы сөздерінен тұратындығына көзіміз жетті. Бұл – жалпы осы дәуірдегі ел басқару және билік жүйесіне тән тілдік ерекшелік. Сонымен қатар таза түркілік атаулар да жарыса қолданылған және олардың жасалуы барысында жүйелілік бар.

Қазақ хандығы тұсындағы атақ-лауазымдардың тілдік сипаты, ең алдымен тұңғыш ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеттік құрылымы өзіне дейінгі өмір сүрген көне мемлекеттер, мысалы, түркілер қағанатынан, қараханидтер, қыпшақтар мемлекеттерінен, сондай-ақ, моңғолдардың әскери-әкімшілік жүйесінен, сарай мекемелерінен мирас болып қалған басқарудың дәстүрлі үлгілерімен сипатталады.

Қазақ хандығының қалыптасуы жайлы тарихшылар сан алуан пікірде болғанымен, біз үшін маңыздысы – сол мемлекетті сипаттайтын  лексика. Алайда ұлттық мемлекетіміздің құрылуына себепші болған алғышарттар мен оған кірген ру-тайпалардың тілі туралы сөз қылмайынша, жалпы сол кездегі ел басқару және билік жүйесіне қатысты атауларды толық тану мүмкін емес.

Академик Р.Сыздықтың пікірінше, осы кездегі қоғамдық құрылымды көрсететін сөздерге жұрт, халық, хан, қарашы, қызметші, ер, батыр, би, ұлы, кеңес, орда  секілді әлеуметтік статусты білдіретін атаулар жатады [4, 17 б.].

Сонымен қатар, ғалымның айтуынша, әлеуметтік категорияларды көрсететін кедей, бай, патша, хан, би, төре, ақсүйек, бек, қожа, шора, азамат, батыр, ханзада, қарашы секілді атаулар жиі қолданыс тауып қана қоймай, өзінің тура мағынасында жұмсалып, сол кездегі әдеби тіл үшін актив жұмсалатын, нормаға түскен атаулар болып есептелген.

Қазақ мемлекетіндегі хан сайлау процедурасы көшпенділер қоғамы үшін тек ұлы саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар, үлкен этномәдени қоғамдық құбылыс болып саналған. Бұл жағдайда ел басқару және билік жүйесіне қатысты лексика этнографиялық  түсініктермен астасып жатады. Мысалы, хан сайлау үшін қазақ дәстүрімен бүкіл елге сауын айтылатын болған.

Мұны тек таза этнографиялық атау деп қарамасақ керек. Өйткені ол сайлау жүйесіндегі басты атрибуттардың  бірі болып есептелген. Ханның таққа отыруы кезіндегі «хан сарқыты» немесе ханның тақтан кетуін бейнелейтін «хан талау» тәрізді салттардың атауы ретінде де осыны айтуға болар еді. Бұлардың әрқайсысының астарында құқықтық аспект жатыр. Осы тұрпатты жөн-жоралғылардың моральдік негізі қазіргі Конституциямызда нақты мән-мағынаға ие болып, заңды түрде көрініс тапқан.

Қазақ хандығында далалық демократияға негізделген сондай билік институтының бірі билер кеңесі деп аталған. Билер институты бұл қазақ қоғамындағы парламентаризм дәстүрлерінің құқықтық негіздерінің тым әріде жатқанын көрсетеді. Көрнекті түркітанушы Лев Гумилев «Республикалық құрылыс» деп атаған хандық құрылыс кезінде, яғни, Қазақ мемлекетінде абсолюттік монархия ешқашан да болған емес. Өйткені, хан биліктің ең жоғарғы тұтқасы болып заң жүзінде есептелгенмен, іс жүзінде билер кеңесі оның шешімдеріне тыйым сала алатын.

Лингвистикалық тұрғыдан алғанда, билер кеңесі деген күрделі атаудың құрамына қарап, сол кездегі қазақ әдеби  тілінің атаужасам  қабілетінің ерте байқалғанын анықтауға негіз бар.

Билер кеңесі бұған дейінгі хан кеңесі деген атаулық тіркестің үлгісінде дүниеге келген деп жорамал жасауға болатын тәрізді. Күрделі атау жасауға негіз болып тұрған модель сөз – кеңес орта түркі кезеңінен бері мемлекеттік ел басқару атауы ретінде қолданылып, кэнеш тұлғасында билеушінің канцеляриясы деген мағына берген. Қазақ хандығы тұсында үлкен ел жиындарын «кеңес» деп атаған. Айталық, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деген аталы сөз содан қалған.

Қазақ  тіліндегі   атақ-лауазымдар аталы сөз – мақал-мәтелдердің танымдық мәні зор тұғыр-негіздерінің бірегейлеріне жататындығы сөзсіз. Дегенмен де тілді ұлт танымымен тығыз байланыста қараған зерттеулерде «сол ұғымға не уәж болып тұр?» деген өзекті мәселе номинация теориясына сүйенуді қажет етеді. Отандық тіл білімінде бұл теорияны пайдаланудың тиімді үлгілері баршылық. Мәселен, К.Хұсайынның, Ж.Манкееваның, Б.Қалиевтің, Р.Шойбековтің және т.б. еңбектерін атап өтуге болады.Уәжділік номинация теориясымен, өзімізді қоршаған ортаны танып-білу барысындағы танымдық талдаумен тығыз байланысты. Тіл білімінде бұл байланыс сөздің ішкі формасы немесе тілдік таңбаның уәжділігі ретінде қарастырылады.

Мақал-мәтелдердің пайда болып, қалыптасуы туралы үлкен екі түрлі объективті факторға байланысты екенін академик Ә.Қайдар өз зерттеуінде атап көрсетеді [6, 12 б.]. Оның біреуі және негізгісі – ішкі фактор да, екіншісі – сыртқы фактор. Лексиканың бұл құрамының әрбір тарихи кезеңде, әртүрлі деңгейде өзіндік қоғам түзеп, салтанат құрып келген қазақ этносының барша болмысын, әлеуметтік бейнесін, қоғамдық басқару жүйесі мен салт-дәстүрін танып-білуде мәні зор. Өйткені, бұл атаулар қоғамдаса-қауымдаса өмір сүрген этнос өмірінде ғана пайда болып, олар сол қоғамның барлық саласын – қарапайым жұрттың өзара қарым-қатынасынан бастап, сонау мемлекеттік биік тұғырға дейін, ел басқару жүйесінің сатылы деңгейлерінен көрінетін топтардың атақ-лауазымын, дәреже-мәнсабын, кәсіп-мамандығын – түгел қамтитын өте бай, мазмұны мен құрамдық жағынан өте күрделі сала болып табылады.

Нағима Әшімбаева,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі     

 институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты

Сәуле Сүлейменова,

Қ.А.Яссауи ат.№123 мектеп-гимназиясы

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ғұн тарихының жылнамасы. – Түркістан, 2004. – 330 б.

2. Аманжолов Қ., Рахметов Қ. Түркі халықтарының тарихы. Алматы: Білім, 1996. – 350 б.

3. Валиханов Ч. Собрание сочинении в V томах. Т. ІІ. – Алматы: Наука, 1985. – 433 с.

4. Сыздықова Р. ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы. – Алматы: Ғылым, 1984. –256 б.

5. Абусеиітова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в ХҮ-ХҮІІ вв.: история, политика, дипломатия. – Алматы: Дайк-пресс, 1998. – 268 с.

6. Қайдар Ә. Халық даналығы. – Алматы: Тоғанай Т, 2004. – 560 б.

2133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз