• Тарих толқынында
  • 25 Қазан, 2022

Қызылжар шайқасы: аңыз бен ақиқат

Қажет АНДАС,
өлкетанушы-журналист

 

Бір ғасырға ұласқан қазақ-жоңғар соғысында талай ерлік істер мен батырлықтың өлшемі болған үлкенді-кішілі шайқастар өткені мәлім. Бірақ кейінгі ғасырлардағы қоғамдық, саяси, әлеуметтік, тағы да басқа жағдайларға байланысты соның көбі ұмытылды. Тәуелсіздік алғаннан кейін сол ұмытылған тарих мемлекеттің қолдауы және жергілікті жердегі тарихшы, өлкетанушылардың тынымсыз еңбегінің арқасында қайта оралды. Соның бірі 1640 жылы қазақ-жоңғар арасындағы «Орбұлақ шайқасы» болса, оның жалғасы болған «Қызылжар шайқасы да» қайта жаңғырды.

ЕРТЕДЕН ЖЕТКЕН АҢЫЗ

Бала шағымызда ата-әжелеріміздің тізесіне сүйеніп жатып, ол кісілер айтқан аңызға құлағымызды түретінбіз. Соның бірі былай өрілетін: Осыдан 300 жылдың алдында қазақ ауылдарына тосыннан шапқыншылық жасаған жоңғарлар жолындағысының бәрін жайпап, қалың елдің көз жасы көл болып ағады. Осы тұста Құдайназар батыр ел ішінен іріктеп 100 сарбазды жинап, ел қауіпсіз жерге көшкенше қорған болып тұруды ойластырады. Әкесімен бірге ел қорғау жорығына 17 жасар қызы Гүлайым да аттанады. Олар жауды Қызылжар деген асуда тосып отырады. Қызылжар – ортасында арқырап өзен ағып жатқан, екі беткейі жалама жартаспен қоршалған тар шатқалда орналасқан асу. Еңістен келген жау төбеге шығатын басқа жол таппай осы мойнақтан аспақ болады. Жүз батыр жан алысып-жан берісіп шайқас жасайды.

Әрине, аңыз болып жеткен ақиқатты анықтау үшін сол өңірдегі жергілікті тұрғындар пікірі де салмақты. Ауыздан-ауызға айтылып жеткен аңыз-әңгімелер, тарихшылар мен шежірешілердің жазбасына және ақын-жазушылардың өлең-жырларына да қарауға тура келді. Сол қатарда өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Досбер Саурықұлының «Есенгелді би» дастанын атауға болады.

Кенеттен қазақты келіп, шапты қалмақ,

Жеңетін бір орайын тапты қалмақ,

Топтаған қарулы күш қосынымен,

Мал шауып, садақтарын тартты қалмақ.

Іркіт пен саба толы асқан қазан,

Жаюлы өресінде құрты қалды.

Қой шулап, түйе боздап көшпен кетті,

Жұртта ұлып, кей ауылдың иті қалды.

Тосын жағдайға бетпе-бет келген ауыл адамдары мынандай байламға келді:

Шыдамай соғысуға үрікті жұрт,

Жасақ сап, көш артына бірікті жұрт

Көшіріп қатын-бала, кемпір – шалды,

Қайырылып талай боздақ тұрыпты жұрт

Ығыстап қазақ үркіп, қашпақ болды,

Бір қысаң тар асудан аспақ болды.

Асудан көшті асырып жіберген соң,

Батырлар жауды торып, тоспақ болды

Асудан жауды тосып қиратуға,

Қорытып ақылмен бас қоспақ болды

Тоғысып тар кезеңде сайысуға,

Көпшілік күш-жігерін мықтап болды.

 Асудың шығар аузына бекінген Құдайназар батыр бастаған жүз жігіт қарақорым жоңғарлармен екі күн, екі түн арыстанша айқасып, жауды асудан асырмайды. Бірақ жау көп, өздері аз болғандықтан жағдай барған сайын ауырласа түседі. Аласұрған жау аз адамды ала алмағанына намыстанып, арт-артынан адам шақырып күш топтап, батырлардың тынысталуына, қаруларын толықтыруына мұрсат бермейді. Жігіт біткен  арт-артынан оққа ұшып, соңында Құдайназар мінген Торазбанға оқ тиеді. Соңында қызы екеуі қалады. Екеуі құрбандардың жебесін жинап, бой тасалар жер таппай Торазбанның кеудесіне кіріп, жасырынып алып жаумен атысады. Торазбанның үстіне тиген жау оғын, өзіне қайтара атып, ақырында  оқтары таусылып, қызы екеуі де ерлікпен құрбан болады. Бұл оқиға «Есенгелді» дастанында былай деп баяндалады:

Сонымен жауға қарсы садақ тартты,

Паналап өлген аттың кеудесінде.

Садақты бірі атса,бірі оқтап,

Кезеңнен жібермейді өрлесіне.

Сығалап түс мезгілін бір қараса,

Өлген жау жеткен екен он бесіне.

Көппенен кешке дейін атысқан соң,

Көлігіп оқ таусылды сол бешінде.

Дұшпандар ызаланды жеңбеген соң,

Көп адам екі адамнан өлгенен соң.

Қаптады қарағайдай боп сол сағатта,

Жарағы таусылғанын көргенен соң.

Тірі ұстап екеуінде шейіт қылды,

Аямай құдай қолға бергенен соң.

Арада аз уақыт өткенен кейін, ілгері кеткен елден адамдар шығып арттағы асуда қалғандардың хабарын ұғайық деп қайта келгенде. Найзаға, жебеге түйреліп қарға-құзғынға жем болып жатқан жігіттердің өлігін көреді. Жоңғарлар мүрделерді өртеп кеткендіктен адамдарды парықтау қиынға соғады. Тек Құдайназар батырдың екі елі қасқа тісінен, Гүлайымның «Шашының бұрап өрген өрісінен» танып екеуін тауып алады. Барғандар сол жерде әрқайсына жеке-жеке қабір қазып, құрбандарды арулап жерлеп, басына тастан оба тұрғызады. Кейін көргендердің айтуына қарағанда осы асудағы тас бейіттер, «Жүз оба», «Қыз бейіті» деп аталады. 

 

 

ШАЙҚАС ҚАЙ ЖЕРДЕ БОЛҒАН?

  Расында, қазақ-жоңғар соғысы тұсында Жетісу жері үшін күрес талай боздақтың жанын қиып, ерлік істердің өнегесін қалдырды. Бірақ соның көбі зерттелмей, тек аңыз болып айтылып жүр. Осыдан біраз жыл бұрын әйгілі Орбұлақ шайқасының ақиқаты анықталды. Ал Қызылжар шайқасы – сол елдік жолындағы ерлік күрестің заңды жалғасы.

Жетісу жерінде Орбұлақ шайқасынан кейін тағы бір ірі шайқастың өткені мәлім. Оны тархшылар «Қызылжар шайқасы» деп атаған. Жетісулық өлкетанушылар мен Құдайназар батырдың ұрпақтары осы бір тарихи оқиғаның орнын анықтау үшін жылдар бойы ізденістер жасады. Жалпы еліміздің әр өңірінде 24 Қызылжар деп аталатын жер атауы кездеседі екен. Өлкетанушылар соның бәрін сараптан өткізіп, жергілікті тұрғындардан деректер жинап, аңыз-әңгімелдер негізінде аталған шайқастың орнын Ақсу ауданына қарасты Қапал шатқалында болған деп тұрақтандырды. Бірақ ғылым нақтылықты талап ететіндіктен, алдымен өлкетаншулыар және батырдың ұрпақтары шайқас болған өңір мен жергілікті тұрғындардан дерек жинау жұмысын қолға алды. Келесі қадамда Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы және аймақтағы өлкетанушылардың қатысуымен ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырды.

Түптеп келгенде Қызылжар шайқасы Орбұлақ шайқасының заңды жалғасы саналады. Себебі, жоңғар хонтайшысы 1657 жылы жылдан кейін дүркін-дүркін қазақ даласына, әсіресе Жетісу жеріне шабуыл жасап, Іле Алатауын бойлай отырып, Оңтүстік Қазақстан, Қырғыстанның Ыстықкөл, Шу, Талас облыстарын жаулап алғаны мәлім. Олар  осыдан кейін Жоңғар  Алатауы арқылы Солтүстікке жорық жасай бастады. Матай-Қызайдан шыққан Құдайназар батыр Тәңірбердіұлы мен оның мерген қызы Гүлайым бастаған 100 сарбаз Жоңғар Алатауының Қызылжар деп аталатын асуында тосқауылдап соққы беріп, көшкен елдің қауіпсіз жерге жетуіне мүмкіндік берген. Өкінішке орай, Құдайназар батыр бастаған сарбаздар жасанып келген жау жағынан қайтыс болады. Бізге жеткен деректерде соғыс болған соң асуды қар алып қалып, келесі жылы жер ашылғанда іздеушілер келіп, ақ сүңке болған сүйектерді жинап жерлеп қайтады. Тарихшылардың еңбектерінде: «Қызылжар шайқасы – Қазақстанның Қапал шатқалындағы Қызылжар деген асуда болған» деп көрсетілген. Сондай-ақ, жүз батыр жерленген жерді «Жүз оба», батырдың қызы жерленген жерді «Қыз бейіті» деп атап кеткені жайлы деректер көп.

Осы деректер негізінде Қызылжар шайқасының орнын анықтау мақсатында  Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы және жетісулық өлкетанушылар, Қызылжар шайқасының батыры Құдайназар Тәңірбердіұлының ұрпақтарынан ұйымдасқан экиспедиция 2022 жылдың 22 маусым күні Ақсу ауданы, Қапал ауылына қарасты жергілікті жұрт «Жүз оба», «Қыз бейті» атап кеткен тарихи орын мен Қызылжар шайқасы болған асуға  сапар шекті.

Ақсу жері – тарихы терең, өткеннің талай құпиясын бауырына бүгіп жатқан өңір. «Қызылжар шайқасы» экспедициясы аясында осы өңірдегі тағы бір тарихи нысан анықталып, белгі қойылып, оны қасиетті нысандар тізіміне енгізудің алғашқы бастамасы жасалды.

Қора шатқалы арқылы Қапалға асатын тұстағы Қызылжар асуында 100 батыр жасанып келген жауды тосып, елді қорғау жолында ерлікпен құрбан болады. Олар осы арқылы ел мен жерді қорғау үшін істеген ерліктің қанша ғасыр өтсе де ел жадынан өшпейтіндігін ұғындырды. Сонымен қатар, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген халық даналығының да ақиқатын әйгіледі. Бұл ақиқат сол шайқастың бас қолбасшысы Құдайназар батыр мен қызы Гүлайымның ерлік істері ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып, бүгінгі күнге жетті. Елі де ерінің ерлігін ескерусіз қалдырмады. Көпшілік батыр мен оның қызы және 100 сарбаз жерленген қорым мен шайқас болған Қызылжар  асуына белгі қойып, тарихты қайта жаңғыртты.Ең қызығы, Қызылжар шайқасы болған асуда тұрып, Доспер Саурықұлының «Есенгелді» дастанын оқысаңыз, өлеңде өрнектелген жер өзі сөйлеп кетеді. Соңында экиспедицияға қатысушалар көпшіліктің ұсынысын ескере отырып, осы экспедицияда белгі қойылған орындар тарихи нысан ретінде танылып, Қазақстанның қасиетті нысандары тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілсе, Қызылжар шайқасы туралы осыған дейін талай ғалымдар неше түрлі ізденіс жасады. Кітаптар да жазылды. Ізденістер болды. Бірақ дәл бүгін сол шайқас болған орынға белгі қойып, перзенттік парызымызды өтеудің орайы туындады. Сондықтан 22 маусым күнін Құдайназар батырдың туған күні деп бекітілсе, Қызылжар шайқасының тарихи рөлін  Алматы облыстық тарихи мұраларды қорғау орталығының көмегімен жетісулық өлкетанушылар мен тарихшылардың басын қосып, конференция өткізу арқылы тұрақтандырсақ деген пікір бірлігіне келіп тарады.

ТАРИХИ МАҢЫЗЫ

Қазақ-жоңғар соғысы тұсында Жетісу жері үшін күрес талай боздақтың жанын қиып, ерлік істердің өнегесін қалдырды. Бірақ соның көбі зерттелмей, тек аңыз болып айтылып жүр. Себебі, ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерге, жер-су аттарының этимологиясына жасалған талдауларға сәйкес, 1635-1758 жылдар аралығында Жетісу Алатауының Лепсі, Сарқан, Қаратал, өзендерінің жоғарғы ағыстарында  қазақтар мен  жоңғар қалмақтары 100 жылдай қатар қоныстанғанын айғақтайтын деректер бар. Оны Қаратал өзені алабының жоғарғы ағысындағы Бұрқанбұлақ, Шыжы, Мұқыры сияқты жергілікті жер-су аттары, Қора өзенінің Қараталға құяр сағасында будда храмының орнының сақталуы дәлелдейді. Жоңғар хонтайшысы 1657 жылдан кейін дүркін-дүркін қазақ даласына, әсіресе Жетісу жеріне шабуыл жасап, Іле Алатауын бойлай отырып, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстанның Ыстықкөл, Шу, Талас облыстарын жаулап алғаны мәлім. Осыдан кейін де соғыс өрті толастаған жоқ. 1697 жылы Себен Рабданның билікке келуі қазақ-жоңғар арасындағы қақтығысты тіптен ушықтырып жіберді. Ол 1697-1716 жылдар аралығында Жоңғар  Алатауы арқылы Солтүстікке жорық жасады. Түптен келгенде, Қызылжар шайқасы – XVI ғасырдың соңғы жылдары орын алған ел қорғау жолындағы ұлы шайқастардың заңды жалғасы саналады. Қазірге дейін шайқаста қайтыс болған жүз сарбаздың екеуінің аты мәлім. Ал қалған 98 батыр сол кездері осы шайқас болған өңірді мекендеген төрт төлегетайдың – жалайыр, албан, суан, дулат руларының азаматтары деген болжам бар. Бұл ақиқатты анықтау алдағы уақыттың еншісінде. Десе де, ел ақсақалдары мен өлкетанушылар «Қызылжар шайқасы» туралы жақсы пікірде. Ендеше, солардың бірқатарына тоқтала кетейік:

Жетісу облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт:

 – Тәуелсіздік – жер бетіндегі барша халық үшін қасиетті ұғым. Қазақ халқы да тәуелсіздікке жету үшін  жүгі нарда, қазаны теңде, аяғы үзеңгіде болды. Ата-бабамыз тозақтың өзін, тағдырдың тезін де көрді. Ұлы бабалар  ұрпақ  үшін, «ұлым – құл, қызым – күң» болмасын деп дарқан даламыз үшін шайқасты. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі үш ғасырдағы ел ертеңі, ұрпақ қамы үшін жасалған бабаларымыздың ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.

1643 жылы Қояндытау мен Қатутау арасындағы Орбұлақ шатқалында болған шайқаста асқан ерлік танытқан Жәңгір сұлтан, Жалаңтөс батыр, шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қаңлы Сарбұқ, найман Көксерек, дулат Жақсығұл, суан Елтынды, тағы да басқа батырлар бүгінде ұрпақтардың өнегесіне айналды.

Абылай хан тұсындағы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Арғын Олжабай, Албан Райымбек, тағы да басқа батырлардың ерлігі мен ел қорғаудағы жеңісі болмаса, бүгінгі тәуелсіз мемлектеміз де бола қояр ма еді! Қысқасы, Осы далада елдің елдігі, жерінің бүтіндігі үшін күрескен бабаларымыздың ерлік рухы сайрап жатыр. Ал біздің міндетіміз – сол ерлікті елдіктің, ұлтты ұйытудың құралына, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзегіне айналдыру. Әрине, бұл бағытта көптеген игілікті іс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда батыр бабаларымызға ескерткіш қойылып, кесене тұрғызылып, ұрпақтар басын  барып тәу етіп, өздерінің перзенттік борышын атқарып келеді.

Ұлы Отан соғысы тұсында халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. Соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің жартысы шайқас алаңында қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл да жастар өнеге алатын ерлік істердің өнегесі. Осы ретте «Қызылжар шайқасын» сол ерлік жорықтардың қатарына қосамын.

Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры Ғалымжан Оспанов:

– 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеу аясында облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, бұл құрамға белгілі географ, тарихшы ғалымдар, өлкетанушылар кірді.

«Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұра, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ, халықтың жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар ұғынылды. Сараптамалық кеңестің шешімімен іріктеліп алынатын қасиетті орындар жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар болып екіге бөлінді.Жоғарыда аталып өткен жұмыс тобы облыс аумағында орналасқан киелі орындарды насихаттау, аңыз-әңгімелерін жинақтау, фотосуреттерін алу мақсатында 5 бағытта экспедицияға шықты. Экспедиция нәтижесінде қасиетті нысандар бойынша паспорттары дайындалып, мәліметтер Астана қаласындағы қасиетті нысандардың деректер базасына ұсынылды. Республикалық көлемдегі белгілі ғалымдар мен сарапшылардың іріктеуі бойынша Алматы облысынан Жалпыұлттық объектілер тізіміне 17, өңірлік объектілер тізіміне іріктеліп 41 нысан енгізілді.

2018 жылы киелі нысандар бойынша «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 2 томдық кітап дайындап, алғашқы нұсқасы шығарды. Бұл кітапта Алматы облысынан енгізілген республикалық маңыздағы 17 нысан, өңірлік 41 нысанның толық мағлұматы, яғни орналасқан жері, анықтамасы, аңыз-әңгімесі, зерттеушілер туралы мәліметтер көрсетілді.

Атап айтсақ, республикалық нысандар қатарында Жаркент мешіті, Ш. Уәлиханов тарихи-мемориалдық музейі, Шарын шатқалы, Хан Тәңірі шыңы, Көлсай көлдері, Таңбалы тас петроглифтері, Қойлық қалашығы, Есік қорғандары, Жамбыл Жабаевтың кесенесі, тағы да басқа орындар енсе, өңірлік нысандар қатарына жергілікті халық үшін қасиетті, киелі болып саналатын Сарқан ауданында орналасқан Көтен тәуіп кесенесі, Алакөл ауданындағы Есім Төре кесенесі, Қаратал ауданында орналасқан Балпық би, Ескелді би, Айту би, Ақсу ауданындағы Байтулақ батыр, Жамбыл ауданында орналасқан Арасан-Қорасан бұлақтары, Түктібай ата кесенесі, Панфилов ауданындағы Найзатапқан емдік сулары, Әулиеағаш киелі ағашы, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Қараш би кесенесі, Кербұлақ ауданындағы Шыңғысхан тұрағы, Сәмен батыр кесенесі секілді жергілікті халық кие тұтатын, басына барып тәу етіп, сыйынатын орындар енгізілді.

Сондай-ақ, 2019 жылдың аяғында Алматы облысынан осы қасиетті орындар қатарына енгізу үшін қосымша 12 нысан ұсынылып, оның тоғызы қосымша тізімге алынған болатын.

Бүгінде Алматы облысында орналасқан қасиетті нысандардың тізімін толықтыру мақсатында жұмыстар әлі де жалғасуда.  Алдағы уақытта Қызылжар шайқасы болған және Құдайназар батыр мен батыр қызы Гүлайым басшылығындағы жүз сарбаздың қайтыс болған жерін картаға түсіріп, мемлекеттік комиссияға ұсынамыз. Егер қолдау тауып жатса, қасиетті нысан ретінде мемлекеттік тізімге енгіземіз.

І.Жансүгүров атындағы Жетісу университетінің Жаратылыстану ғылымдары бойынша білім беру бағдарламаларының оқытушы-дәріскері, география ғылымдарының кандидаты Еркін Тоқпанов:

– Тарихи соғыстар болған жоғарыда аталған киелі орындардың қатарына  Құдайназар батыр бастаған 100 қазақ сарбазы  мен оның қызы Гүлайым жоңғар шапқыншыларын екі күн бөгеген «Қызылжар» шайқасын жатқызуға болады (1-сурет). 

Шайқас Қора шатқалының  Қапал, Балықты өзендерінің суайрығы болып табылатын Мыңшұңқыр тауының ең биік бөлігіндегі  шағын топпен соғысуға қолайлы бүркеніштік қасиеті бар тік жартасты асуда болған. 

Құдайназар батыр бастаған қазақ жасақтарының жауды бөгеуі қазіргі Ақсу, Ескелді, Қаратал аудандары аумағында  мекендеген жергілікті халықтың қауіпсіз жерге көшуіне, «Қарауыл төбелерде» от жағып  жаудың қарулы жасақтарының шапқанын айғақтайтын белгі беру арқылы жоңғар қалмақтарының шабуылын тойтаратын күш жинауға, соғысатын қолайлы орынды таңдауға  мүмкіндік берді. 

Сол кезеңдерде қазақтар жан-жағы жақсы көрінетін биік төбелерде тұрақты бақылау жүргізетін қарауыл қойған. Олар жау жасақтары жақындаған жағдайда от жағып, жергілікті халыққа белгі бері беріп отырған. Олар еліміздің барлық өңірлерін қамтыған.  Оны қазіргі кезеңде еліміз аумағында кездесетін «Қарауылтөбе» атаулары айғақтайды.

Тарихи деректерге, ел аузында сақталған аңыз әңгімелерге, жер-су аттарының этимологиясына жасалған талдауларға сәйкес, 1635-1758 жылдар аралығында Жетісу Алатауының Лепсі, Сарқан, Қаратал, өзендерінің жоғарғы ағыстарында  қазақтар мен  жоңғар қалмақтары 100 жылдай қатар қоныстанғанын айғақтайтын деректер бар. Оны Қаратал өзені алабының жоғарғы ағысындағы Бұрқанбұлақ, Шыжы, Мұқыры сыяқты жергілікті жер-су аттары, Қора өзенінің Қараталға құяр сағасында будда храмының орынының сақталуы дәлелдейді.

Қойы қоралас болған қазақ пен жоңғар қалмақтары арасында қақтығыстар, сұрапыл соғыстар жиі болып тұрған. Соның бірі XVII ғасырдың соңындағы Құдайназар батыр бастаған  «Орбұлақ», «Аңырақай», «Ойрантөбе» шайқастары болған жерлер Республикалық және өңірлік маңызы бар киелі орындар тізіміне енгенімен Құдайназар батыр бастаған «Қызылжар» шайқасы болғанын айғақтайтын қазақ сарбаздары, Құдайназар батыр мен 17 жасар қызы Гүлайым жерленген «Жүз оба» әлі киелі орындар тізіміне енген жоқ.

Еліміздің тәуелсіздігін сақтауда ерекше орын алатын, саны бірнеше ондаған есе артық  болған жаудан жерін қорғаған «Қызылжар» шайқасында  қаза тапқан батырлар жерленген «Жүз обаны»  тарихи соғыс болған киелі орындар қатарына қосудың «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыруда маңызы зор.  «Жүз обаны» тарихи соғыстар болған киелі орындар қатарына жатқызуға 325  жыл бұрын болған соғыс туралы атадан балаға таралып, бізге жеткен батыр бабалар ерлігін сипаттайтын аңыз әңгімелердің, жыр дастандардың, қазақ сарбаздары жерленген орынның  болуы дәлелдейді.

Тарихи соғыс болған киелі орындарды  мемлекет тарапынан ерекше қорғауға алу, оларды бұхаралық ақпарат құралдарында насихаттау   қазіргі аумалы төкпелі заманда өсер ұрпақтың отансүйгіштік сезімдерін оятуға, еліміздің береке-бірлігін сақтауға мүмкіндік беретін тәрбиелік маңызы зор, – дей келе Қызылжар шайқасы болған орынды Қазақстанның қасиетті жерлерінің тізіміне енгізуді ғылыми түрде дәлелдеп берді.

Гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қали Ибраймжанов:

– «Қызылжар шайқасына»    іргелес жатқан Суан елінің батырлары да  қатысты деген жорамалымыз да жоқ емес... Себебі, басқыншы жауға қарсы ту көтеріліп, ұран тасталғанда алыс-жақындағы бар Алаштың ұрпағы атқа қонған. Қаны бір қазақ жұрты қашанда сыртқы жауға жұмылған жұдырықтай болып қарсы тұрған. Ел шетіне кірген қандай жау болмасын түре қуып, тоқымдай жер болса да жау аяғына таптатпаған. Сол бір алмағайып заманда Суан елі жер ауып, бірі шығысты бетке алса, енді бірі Сырдың бойын тасалады. Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 8 томында  Суан ата туралы: «Тарихшы П. Румянцев XVIII-XIX ғасырларда Суан тайпасының біразы Тарбағатай, Барлық бойын мекендеген. Ол арада қазірге дейін Суан бейіттері сақталған» – деген мәліметтер бар. Елі мен жері үшін ажалға қарсы тұрған жаужүрек батыр аталарымыздың  арқасында бүгінде осындай ұлан-ғайыр жердің егесіміз, тәуелсіз мемлекетпіз! Қазақ елінің көк туы аспанымызда ұдайы желбіреп, азаттығымыз мәңгілік болсын!

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Phd докторанты Қуанған Өнербек:

– «Қазақ-жоңғар соғысы тұсында Жетісу жері үшін күрес талай боздақтың жанын қиып, ерлік істердің өнегесін қалдырды. Жетісу жерінде әйгілі шайқастар көп болған еді. Бірақ соның көбі зерттелмей, тек аңыз болып айтылып жүр. Осыдан біраз жыл бұрын әйгілі Жаркент өңіріндегі «Орбұлақ шайқасының» ақиқаты анықталды. Оның алдында Алакөл маңындағы «Шүршіт қырғыны» шайқасының егжей-тегжейлі деректері белгілі болды. Одан үлкен соғыстар тарихи жазба деректерден белгілі «Бұланты-Білеуті шайқасы», «Аңырақай шайқасы», «Аягөз шайқасы», «Шаңды жорық» сынды атпен белгілі үлкен шайқастар өткен жерлер бар. Сондай шайқастардың бірі Қапал өңіріндегі Қызылжар шайқасы – сол елдік жолындағы ерлік күрестің заңды жалғасы. Қора шатқалы арқылы Қапалға асатын тұстағы Қызылжар асуында 100 батыр жасанып келген жауды тосып, елді қорғау жолында ерлікпен құрбан болады. Олар осы арқылы ел мен жерді қорғау үшін істеген ерліктің қанша ғасыр өтсе де ел жадынан өшпейтіндігін ұғындырды. Осы шайқастың бас қолбасшысы Құдайназар батыр мен қызы Гүлайымның ерлік істері ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып, бүгінгі күнге жетті. Елі де ерінің ерлігін ескерусіз қалдырмады. Көпшілік батыр мен оның қызы және 100 сарбаз жерленген қорым мен шайқас болған Қызылжар  асуына белгі қойып, тарихты қайта жаңғыртты.

Құдайназар батырдың ұрпағы Имаш Абдырахманұлы:

– Құдайназар батырдың кіндігінен Жолымбет, Есенгелді, Солтангелді атты үш ұл тарайды. Бұл тарихта «Үш жетім» деген атпен белгілі. Әкесі қайтыс болған соң үш ұл нағашысы Сарыүйсіндердің елінде ержетеді. Үлкені Жолымбет шаруаға жайлы болса, Есенгелді жас күнінен нағашыларының тәрбиесінде ержетіп, жастайынан «Бала би» атанады. Төлебидің немересі Жанар апамызбен үйленіп, Төле бидің талай төрелігінің куәсі болады. Ержеткен тұсында Қабанбай батыр қатысқан жорықтарда ерлігімен танылып, Абылайханның сеніміне ие болса, ел ісіне араласып, 1757 жылғы қазақ-қытай арасында болған «Мамыр су» келісімінде үйлестіруші қызметін атқарған. Сондай-ақ, Қазақ хандығының елшісі салауатымен Цин империясының патшасы Шян Лұнның қабылдауында болған алғашқы қазақ дипломаттарының бірі. Ал Солтангелді жастайынан мырза өскен, сал-сері, кейіннен ағасы Есенгелдімен бірге талай жорықта ақылдылылығымен көзге түскен тұлға.

Жолымбеттен 6, Есенгелдіден 19, кей деректе 23, Солтангелдіден 12  ата тарайды. Кейінгі жылдардағы санақ бойынша «Үш жетімнің» ұрпағы 150 мыңға жетті. Олар әлемнің әр түкпірінде АҚШ, Жапония, Түркия және басқа да Еуропа елдерінде, Араб мемлекеттерінде, Иран, Ирак сияқты Азия елдерінде қоныстанып, адамзат өркениетіне үлес қосуда. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Үш жетімнің» ұрпақтары атжұртқа оралып, еліміздің әр өңіріне тұрақтап, ел өркениетін еселеу жолында еңбек етіп келеді.

 

 ЖЫЛҚЫНЫҢ ІШІН ЖАРЫП СОҒЫСУ ТАКТИКАСЫ

Осы ұлан-ғайыр даланы «батырлардың білегі, тұлпарлардың тұяғымен қорғағанбыз» деп дәріптейтініміз рас. Алайда ақылмандардың парасатымен, аталар қолданған соғыс тактикасымен де жасанып келген жаудың сағын сындырғанымыз анық. Қазақ батырларының соғыс әдістері айрықша болған, әртүрлі соғыс тактикасын, соғыс тәсілін пайдалана білген. Алайда, соның көбін біз ұмыттық. Өйткені ХІХ ғасырдағы Ресейдің әйел патшасының: «садақ ұстаған қазақтың қолы кесілсін!» деген Жарлығы сол соғыс тәсілдерін ұмыттыруға жұмыс істеді. Ұлы Британияның Шеффилд университеті мен АҚШ-тың Иллинойс университетін бітірген, ғаламдық журналистика және ғылыми коммуникация магистрі Талғар Дәлелғазы «Қызылжар шайқасындағы» Жылқының ішін жарып соғысу» тактикасын тереңдете зерделеп жүрген жас. Оның айтуынша, Қызылжар шайқасындағы «жылқының ішін жарып соғысу» тактикасы әлем тарихында болмаған ерекше ұрыс әдісі және осыдан кейінгі қазақ-жоңғар соғысындағы соғыс тактикаларының бастамасы болған жаңалық. «Бір қызығы – бұл соғыс тактикасын қазақ батырларынан 200-300 жыл кейін Француз әскерлері бірінші дүниежүзілік соғыста қолданыпты. Ал бұл соғыс тәсілі Еуропа соғыс тарихындағы «таңғажайып ұрыс тактикаларының бірі» ретінде жазылған. Голливуд осындай қорғану тәсілін қолданған шын тарихи оқиғаны баяндап, фильм түсіріп үлгерді. 1823 жылы Миссури территориясындағы америкалық тәуекелші Хью Гласстың өміріндегі бірқатар оқиғалардан шабыт алып, америкалық жазушы Майкл Панке 2002 жылы «Тірі қалған» (Выживший) деген роман жазды. Автордың осы романды жазуына итермелеген таңғаларлық шытырман оқиғаның бірі – «жылқының ішін жару тәсілі» болған, сол себепті, бұл оқиға романға ерекше бөлім ретінде қосылған. 2015 жылы романды арқау етіп, Алехандро Гонсалес Иньярриту фильм түсірді. 88-ші реткі Оскар сыйлығының 12 номинациясына ие болған фильмде жергілікті үнділермен соғыс дәуіріндегі қиын-қыстау жағдайда «жылқының ішін жару тактикасы» көрсетілген. Шын мәнінде, мұндай ұрыс тәсілін олардан бірнеше ғасыр бұрын біздің ата-бабаларымыз қолданған болса да оны әлі күнге әспеттей алмай келеміз», – деп дәлелдеді жас зерттеуші Талғар Дәлелғазы. Демек, біз осы бір ұмытылған тарихты қайта түгендеуіміз керек. Ол үлкен еңбекті қажет етеді.

 

ГҮЛАЙЫМ ҚЫЗДЫҢ ЕРЛІГІ

Расында, ел қорғау жайлы сөз болса, көп жағдайда «Егеулі найза қолға алып, еңку, еңку жер шалған» ерлердің ісін ұлықтап, ерлігін әспеттеп, даңқын асырып келеміз.  Осы тұста: «Қазақ қыздарының ұлтымыздың тарихына қосқан үлесі неге насихатталмайды?» деген сұрақ туындайды. Ендеше сол батырлар мен ақындарды туған, ақылымен ел билеген және айбатымен жауды қуған аналар мен апаларымыздың есімін келешек ұрпақтың есінде қалдыруға неге құлшынбаймыз. Тарих пен шежіре деректерін парақтап көрсек, сонау  Сақ ханшайымы Тұмар ханымнан, кешегі Әлия мен Мәншүкке дейін қазақтың талай батыр қызы ел қорғаудың ерен үлгісін қалдырды. Бүгінде сол қатарға өзінің өлетінін біле тұрып елін, әкесін қорғау үшін басын бәйгеге тіккен Гүлайым Құдайназарқызының ерлігі ескерілмей жатқаны өкінішті-ақ. «Отандас ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытқанұы: «Әрине, қазақ тарихында ел қорғау жолында ерлік танытқан қыздар аз болған жоқ. Кешегі Тұмар ханшадан бастап, кешегі Әлия мен Маншүкке дейінгі талай батыр қыздарымыз ерліктің белгісіндей ел жадында сақталды. Өкінішке қарай, Әкесі мен елін қорғау жолында соғысқа аттанып және сол 100 сарбазбен бірге мерт болған Гүлайым Құдайназарқызының ерлігі әлі күнге еліне жетпей келеді. Осы арман орындалса, нұр үстіне, нұр болар еді», – дейді. Бұл арман да орындалатын шығар!

 

ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

«Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Жетісу өңіріндегі тарихшылар, өлкетанушылар, облыстық ақсақалдар және аналар кеңестерінің мүшелері Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен «Қызылжар шайқасы: Құдайназар бастаған 100 сарбаздың тарихи рөлі» атты конференцияда бас қосып, тарихтың жаңа бетін ашты. Шара аясында бірнеше баяндама оқылып, көптеген азаматтың ұсыныс, өтініші тыңдалды.  Соңында конференцияға қатысушылар «Қызылжар шайқасы» қазақ батырларының ел қорғау жолында тізе қоса ұрыс жүргізген ерлік шайқасы деп танып, Қызылжар асуы мен Құдайназар батыр мен қызы Гүлайым және қазақтың жүз сарбазы жерленген, жергілікті тұрғындар «Жүз оба» мен «Қыз бейіті» деп атап келген қорымды Қазақстанның жергілікті маңызы бар қасиетті нысандары тізіміне енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, Шайқаста мерт болған 98 батырдың тұлғасын анықтау, Талдықорған-Қапал жолы бойындағы Шынбұлақ арқылы Қызылжар шайқасы болған жерге баратын бұрылысқа жол белгісін қою, Қызылжар шайқасы болған асуды Жетісу облысының туристік картасына енгізу, М.Тынышпаев атындағы облыстық музейден «Қызылжар шайқасының» тарихы жинақталған шағын бұрыш және  Талдықорған мемлекеттік архивінен Қызылжар шайқасына қатысты деректерді жинақтайтын арнайы орын ашу, тарихи орынды абаттандыру, Гүлайым Құдайназарқызының есімі мен ерлігін мектеп оқулықтарына енгізу, Жетісу өңіріндегі әлі де өз бағасын алмаған ел қорғау жолындағы шайқастарды анықтап, оны тарих керуеніне қосу мақсатында «Қызылжар шайқасы» жетісулық өлкетанушылардың қоғамдық бірлестігін құрға қатысты өтініштер айтылды. Конференцияға қатысқан тиісті құзіретті орган өкілдері бұл ұсыныстарды қолдайтынын білдірді.

«Қызылжар шайқасы» экспедициясы міне, осылай өз мәресіне жетті. Бірақ Қызылжар шайқасын тарих тізбесіне енгізу жұмысы жаңа  тапсырмалармен  толықты.

1205 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз