• Ұлттану
  • 27 Қазан, 2022

ҰЛТТЫҚ СӨЗ ОЙЫНДАРЫ

Сағатбек Медеубекұлы,

филология ғылымдарының кандидаты

Қазақтың ұлттық ойындарын жүзеге асу жолдарына қарап, үлкен үш топқа бөлуге болады. Бірі – сөз ойыны, екіншісі – іс-әрекет ойыны, үшіншісі  – сөз бен іс араласқан ойын.Қазақтың ұлттық сөз ойынының бір түрі – өтірік айту. Кей сәтте адамдардың өтірік айта салып, артынша-ақ «ойнап айтам» дейтіні бар. Демек, өтірікті ойнап айту – халық арасында  бұрыннан бар қылық.
 

Адам өмірінде өтірік айтылмай тұрмайтыны ақиқат. Соған қарағанда ол да тіршілігіміздің бір құралы ия амалы секілді. Ал егер өмірде өтірік мүлдем айтылмаса, тек шындық қана салтанат құрса ше? Ондай болуы мүмкін екендігін санаға сыйдырудың өзі қыйын. Соған қарағанда адамзат саналы ғұмыр кешкелі бері өтірік айту да  өмір сүріп келе жатқаны шындықтан алыс емес. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, шындық айту мен өтірік айтудың қатар жүруі өмірдің өз заңдылығы сияқты. Ойлап қарасақ, бұл екеуі бірі біріне қарама-қарсы ұғым. Өтірік айту  – қараулыққа,  ал шындық айту – адалдыққа қызмет етеді. Бұлардың бірі жамандыққа бастаса, бірі жақсылыққа апарады. Сондықтан да бұлардың бір-бірімен күресі ешқашан тоқтамаған.  Әлемдегі дін атаулының бәрі де өтірік айтуды жақтамайды. Библияда  өтірік айтуға тыйым салынған, өтірік айтумен тек шындық арқылы күресуге болады. Буддизм әрбір өтірік айтудың ар жағында Жаратушы тарапынан қатаң жаза тұрғанын ескертеді. Мұсылман діні де өтірік айтуға қарсы. Бірақ үш жағдайға: араздасқан адамдарды татуластыру; соғыс жағдайында ажалдан аман қалу және ерлі-зайыптылар арасында отбасының тұтастығын сақтап қалу мақсатында өтірік айтуға рұқсат берілген. Ал басқа жағдайларда өтірік айту мұсылман үшін де үлкен күнә. Бір қызығы, қазақ қауымы осының бәрін біле тұра өтірік айтуды ойынға, ойнап өтірік айтуды өнерге  айналдырып жіберген.

Жалпы осы «өтірік  айту» дегеннің  айқындамасын анықтау үшін алдымен «өтірік» дегенің не екенін түсініп алуымыз керек. Әлбетте, өтірік дегеніміз – мазмұнында ешбір шындығы жоқ ақпарат. Ондай ақпаратты айтуды әдетке айналдырғандар да болады. Ондайлар ойына келген ақпараттың шын-өтірігін салмақтамай-ақ мақсатсыз айта береді. Әдетте, адамдар өтірікті мақсатты түрде айтады. Ынтымақты, жарастықты, достықты сақтап қалу үшін немесе өзін-өзі қорғау, жанын ажалдан алып қалу үшін, болмаса ақпарат қабылдаушының көңіліне кірбің ұялатпау үшін де әдейі айтады.

Олай болса, өмірдегі өтірік айтуды  «жалаң өтірік айту» және «көркем өтірік айту»деп екіге бөліп қарап көрелік. Жалаң өтірік айту жеке бастың әдет-әдебіне байланысты тіршіліктегі іс-әрекет үстінде туындап, бірер сәтке ғана қызмет етеді. Оның жеке бастың мүддесін күйттегені болмаса, жалпы жұртқа еш пайдасы жоқ. Ілияс Жансүгіров сөзімен айтсақ, «кенеуі жоқ босқа өтірік»[1].  Жалаң өтіріктің өрісі тар. Халықтың «өтірік өрге баспайды», «өтіріктің арты – бір тұтам», «өтірік деген дұшпан бар, отқа сүйреп салатын»  дейтіні содан. Ондай өтірік айтушыларды «өтірікші» атап, «өтірікшінің шын сөзі зая кетіпті», «өтірікші алдымен өзін алдар», «өтірікшінің куәсі қасында» деп жақтамайды, сынайды. Шынтуайтында халыққа керегі – көркем өтірік айту.

Халық тұрмысында кездесетін көркем өтірік айтуды өмірге келу үлгісіне, сыртқы пішініне қарай «қарасөзбен өтірік айту» және «қара өлеңмен өтірік айту» деп екіге жіктейміз. Екеуі де елдің еңсесін көтеру, көңілін аулау, өмірге қызықтыру, тіршілікке құлшындыру, ертеңге деген үмітін ояту, бүгінгіге байыппен баға бергізу, тамсандыру, таңғалдыру, ойландыру үшін, сонымен бірге бос уақытын қызықты өткізу, ой жарыстыру, сынау, басқаша айтсақ, халықтың рухы мен санасына, танымы мен талғамына әсер ету мақсатында дүниеге келеді.

Поэзия түрінде туған өтірік он бір буынды өлең үлгісінде болғандықтан да біз оны «қара өлеңмен өтірік айту» деп атадық. Қарасөзбен өтірік айту  болсын, қара өлеңмен өтірік айту болсын, бұлардың халық жадында ежелден келе жатқан үлгілері де, кейінгі жеке адамдар шығарған нұсқалары да бар. Алғашқылары фольклорлық мұраларға жатады да, кейінгілері ауызша әдебиет туындыларына кіреді. Фольклорлық мұраларға жататын қарасөз өтіріктің ең үлкені – ертегілер де, қара өлең өтіріктің ең көнесі – «Қырық өтірік». Қарасөз өтіріктің  де, қара өлең өтіріктің  де көне үлгілерінің қатар келуі бәрімізге белгілі  «Тазша баланың қырық өтірігі» ертегісінде.  «Жаздың қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп, құрық үстіне құрық салып, жау тигендей қуалап, айдын шалқар бір көлге келсем, – тақсыр-ай, – күннің ыстығын сонан білерсіз: көлдің суы кісі бойы, қол ұсыным мұз болып, қатып қалыпты, балтамен олай шапқыладым, ойылмайды, бұлай шапқыладым, ойылмады, балтаның жүзі жапырылып қалды. Балтамды қойныма салып қойып, сүйменімді қолыма алып, олай түйдім, болмады бұлай түйдім, болмады, сүйменім майысып қалды. «Енді не қылдым?» – деп дағдарып тұр едім, құдай дес беріп бір амал ойыма түсе қалды. Дереу кеңірдегімнен ұстап, басымды кеудемнен жұлып алып, ақырын ғана шекеммен бір шық еткізіп қалғанымда, – тақсыр-ай, бірі өтірік болмасын – мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды...». Ал енді қара өлеңмен айтқан өтірігінің бір үзіндісі мынау:

«...Жүк артып инелікке, ерте көштім,

Шүйкелеп сары майдан арқан естім.

Мұртына шегірткенің ат арқандап,

Дегенде: өлдім-талдым! – әрең шештім.

Міндім де қара қоңыз аяңдадым.

Салдыртып аяңыма қоян алдым.

Япыр-ай, сол қоянның семізін-ай,

Көтеріп қоңызыма қоя алмадым!..».

Қарасөз үлгісінде айтылған өтіріктен де, қара өлең үлгісінде айтылған өтіріктен де келтірілген  үзіндіні оқып отырып, қиыннан қиыстырып айтудың да үлкен өнер екенін байқайсыз. «Тазшаның әңгімесі де, өлеңі де бастан-аяқ ханның өзі айтқандай, рас сөзден бір ауыз қосылмай айтылғанына ханның мейірі қанып: «Адам қай іске бет түзеп ұмтылса, сол істің үдесіне шығады. Егер осы неше түрлі жақсылық жұмыстарды мойнына артса, оның да үдесіне шығарына көңілім сенеді. Түбінде мұның қолынан үлкен-үлкен жұмыс келер», – деп, айтқан уәдесімен қызын да берді, уәзір де қылды.

Тазша сөйтіп мұратқа жетті», – дейді ертегі [2].

Бұдан біз қазақ халқының алдымен  өтірік айтуды ойын ретінде қолданғанын байқаймыз. Жоғарыда мысалға алынған ертегіде еріккен хан өтірік айту ойынын ермек ету, көңіл көтеру, уақыт өткізу, алдарқану және  жан дүниесінің қажеттілігін яғни пайдаланылмай қалған күш-қуатынан арылу және соның орнын өтеу үшін пайдалану мақсатында жарлық шығарған. Сонымен қатар қазақ халқының өтірік айтудың өзін өнер деңгейіне көтеріп, ондай қабылеті бар адамды құрметтегенін көреміз.

Ауызша әдебиет туындыларына енетін қарасөз өтіріктің нұсқалары бүгінге дейін ел аузында. Солардың бір парасы – «Құсайынның өтіріктері».

Ауызша әдебиет жаратындыларына енетін қара өлең үлгісіндегі көркем өтіріктің ең озығы – Мейірман Дәркенбайұлы айтқан  «Шыбын» атты өтірік дастаны. Бұл шығарманың ауызша әдебиет үлгісіне жататын себебі – әу баста ауызша туып, ауызша айтылып, ауызша тарағандығында әрі авторының белгілі болуында.

Ауызша әдебиет өкілдері көркем өтірікті неге шығарады, неге айтады дегенге жоғарыда азырақ жауап беріп кеттік. Ал енді айтылған өтірік неге ел құлағында қалады, ұрпақтан ұрпаққа таралуының сыры неде?

Жалаң өтірікті екінің бірі  айтар, ал көркем өтірікті жүздің бірі жанынан шығарып айта алмайды. Оған әуелі құдай берген ерекше дарын, дарынды дамытар ынта-ықылас, сонымен бірге елдің қалауы, рухани сұранысы керек. Айрықша қабілет иесі шығарып айтқан өтіріктің өзгеше бір сиқыры болмаса, тыңдаушы соншалықты құмартар ма еді. Әуелі көркем өтірікті айтушыға келейік.

Оның қисынды ойлау қабілеті өзгелерден ерек. Ойынан шығарған оқиғаны өмірдің шындығымен жымдастыра, қисынын келтіре баяндайды. Жәй баяндамайды, түрлендіріп небір сиқырлы сөздерді қолдана отырып сөйлейді. Әркімнің миына кіріп-шықпайтын ғажайып әрекеттерді өзі көзімен көргендей суреттейді. Естушісін сендіру үшін өзін немесе өзіндей біреуді араластыра әңгімелейді. Сонымен қоса тыңдаушыға таныс істерді, әрекеттерді, қылықтарды, мінездерді қырық өрім қамшыдай өріп отырады. Арасына мысқыл, кекесін, келемеж, уәж, мазақ қосып, тыңдаушысын күлдіреді, езу тарттырады. Оның айтқандарының ішінде ел басынан өткен келеңсіз жағдай да, үлгілі іс те жүреді.

Яғни көркем өтірікті шығарып айтушы ең әуелі өмірдің өз шындығына сүйенеді. Сол шындық тыңдаушысын еріксіз елеңдетеді, еліктіреді, ойландырады, толғандырады, кейде күлдіреді, кейде күйдіреді.

Сондықтан да халық көркем өтірік айтушыға құлақ түреді. Содан жанына рахат табады, басындағы қиындықты бір сәтке ұмытып серпіледі, сергиді, көңілі жайланады. Көркем өтірік айтушы  өмірдегі нақты объектісін де, нақты кейіпкерін де бірінші орынға шығармайды. Содан да ол ешкімді жараламайды, ешкімді жұрт алдында мадақтамайды да, ешкімді ел көзінше сынамайды.

Көркем өтірік айту туралы қазақ зерттеушілерінің ішінде алғаш пікір айтқан Ілияс Жансүгірұлы болатын. Ол кісі көркем өтірікті «Өтірік өлең», «Өтірік ертегі», «өтірік айтыс», «өтірік мақтан» деп бөледі.

Көркем өтіріктің ерекшелігі мен қадір-қасиеті туралы былай дейді:

«Қазақтың өтірік өлең, өтірік ертегі дегендері расында кенеу жоқ басқа өтірік емес, өте шеберлікпен, тілдің оралымдылығымен өзгеше өңделген сөз. Тұрмыс құбылысындағы құнарсыз нәрсені дардай қылып, ойдан орып,  қырдан қысырақ матап, болымсыз нәрсені әлденеге ұқсатып, дандайсытып, тыңдаушының сілекейін шұбыртқан өтірік. Ел жанына жатпайтын жай сөз болса, белгілі бір түр алып, Ел әдебиеті болмас та еді. Ел бұл күнге сақтамас та еді. Өтіріктің өмір кілтеңіне ұқсастығы болмаса ел әдебиетінің бойына сіңбес те еді. Жоқ, өтірік ел әдебиетінің (бізше – ауызша әдебиет – С.М.) бір мүшесі. Өтірік әдебиетте өмір көп. Салғастыру бар, сықақ мол. Әр айтылған нәрсенің тұрмысқа байланысы бар»[3]. Шындығында солай. Құсайынның мына өтірігін тыңдап көріңізші:

«Немістермен аспанда айқасып жүрмін. Бір емес бірнеше самолетін өртеп құлатып, өзімізге орала бергенімде байқадым, маған да оқ тиген екен, артымнан түтінім будақтап жанып келемін. Аспанда қалғанша, жер құшағында жатайын, деп парашютімді іздесем, жоқ. Масқара болғанда ұмытып кетіппін. «Иә. Алла!» деп көзімді жұмып ыршып кеттім. Әлі ұшып келем, әлі ұшып келем. Сол күйі көзім ілініп кетіпті. Қанша уақыт өткенін өзім де білмеймін. Бір мезеттер болғанда оянсам, Шымкеттен майданға жүк тасып әкеле жатқан пойыздың мақта басқан вагонының үстінде келемін»...

Мұнда өмір құбылысы бар. Фашистік Германиямен соғыс болғаны рас. Әуелде екі жақтың самолеттері айқасатыны да рас. Оқ тисе самолеттің өртенетіні де шындық. Өрт тиген самолеттен аман қалу үшін парашютпен секіру керек екені де һақ. Ал енді парашютті жерде ұмыт қалдыру соғыс жағдайында мүмкін емес жайт. Бірақ айтушы Құсекең қазақ болған соң «ұмытса ұмытқан шығар» деп оған тыңдаушы  қазақ өтірік нана салады. Тым биіктен секірген соң жерге жеткенше соғыстан шаршаған ұйқышыл қазақ «ұйықтаса ұйықтап кеткен шығар» деп бұған да илана қояды. Қалың бұлт секілді мамық мақтаның үстіне түскен Құсайынның тірі қалатынына тағы да бас шұлғи қояды. Шымкент өңірінде мақта өндіретіні де шындық, Шымкенттен вагон-вагон мақтаны «бәрі де жеңіс үшін» деп майданға күн сайын аттандырып жатқаны да ақиқат.

Ал енді осы әңгімеге иланбайтын несі қалды? Иланбасаң өтірігі қайсы?

Өтірігі сол – Құсекеңнің соғысқа барғанымен, майдан шебінде ұшқыш болғаны өтірік. О заманда бұ заман парашютсіз ұшқышты самолетке отырғыза ма? О заманда, бұ заман жанын шүберекке түйіп, сонша биіктен секірген адам жан рахатына батып ұйықтай ма? Сонау қан соғыс аспанында жүрген Кұсекең Шымкетте темір жолдың дәл үстіне түсе ме? Жоқ әрине!

Бұл өтірікті қазақ неге жақсы көріп, ұйып тыңдайды? Өйткені Құсайын бұл өтіріктерді ойнап айтып отыр. Ойнап айтып отырғанын біле тұра сүйсіне тыңдайды.Өйткені, мұның кейіпкері – қазақ.

Қазақ Құсайын – ұшқыш. Жай ұшқыш емес, жау самолеттерін өртеген «ержүрек» ұшқыш. Бұл – қазақ үшін мақтаныш әрі арман. Мақтан сүйгіш, армандағыш қазақ мұны сүйсіне қабылдайды. Ал енді осы «ержүрек» ұшқыштың ең қажетті парашютін жерде ұмытып кеткеніне, яғни ұмытшақ, аңғал, аңқаулығына техниканы шала меңгерген  кешегі қазақ «қап» деп санын бір соғып, кешірімді болғанмен, бүгінгі қазақ үшін – күлкілі. Осы бір жерде еріксіз езу тартасың. Езуіңе мысқыл үйіріледі. Мысқыл астарында сын жатыр. Келесі мысқыл – әлгі ұшқыштың аспаннан жерге сорғалап келе жатып ұйықтап кететіндігінде жатыр. Осы жерде «ұйқы басқан қабағын» қазаққа тағы күлеміз. Мұнда да сын жатыр. Осындай жылт еткен сыншылдығына да бола Құсайынның өтірігін тыңдайсыз.

Көркем өтірікті айта білу керек. Бұған актерлік шеберлік те, артистік қабілет те, ділмарлық дарын да қажет. Өз өтірігіне өзі сенімсіз болса, ешкім тыңдамайды да, қабылдамайды да. Көркем өтірікті жанынан шығарып айтқан сәттегі автордың шеберлігін келесі адам дәл сондай әсерлі де пәрменді жеткізе алмайды. Оныкі – қайталау. Ол енді «Құсайын айтыпты», «Құсайынның әңгімесі» деп екінші адам болып сөйлейді. Дәл сондай болғанмен, өтіріктің мағынасы, оқиғасы, тілі сақталса, мәнін жоймайды.

Сөз ойынының бірі – алдау. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста алдау құрдасы, жездесі я балдызы болса – қалжыңдау, жасы үлкен немесе кіші болса – әзілдеу ретінде немесе күнде араласып жүрген сыралғы әріптесін күлдіру, сергіту, серпілту ниетінде немесе қарсыласты тізе бүктіру, жеңу мақсатында  айтылады, істеледі. Алдау сөзбен және әрекетпен жүзеге асады. Сөзбен алдаудың іспен сабақтастығы болуы керек. Іс-әрекетпен жалғаспаса, онда ол өтірік айту болып қалады. Алдаудың өтірік айтудан басты айырмашылығы – оның іс-әрекете ұласуында. Алдаушының айтқанына сеніп белгілі бір әрекетке баруында. Басқаша айтсақ, алдаудың нәтижесі – адамның  айтқанға сеніп, сенгенін орындап, соңында сан соғып қалуында. Оның ең озық үлгісінің бірі – Алдар көсенің Жиреншені алдауы. Жиренше Алдарға келіп:

– Сені жұрттың бәрі алдағыш дейді. Мықты болсаң, мені алдап көрші, – депті. Сонда Алдар қиналған боп:

– Қап әттең-ай! Алдайтын таяғымның үйде қалып қойғаны-ай, енді қайттім? – депті өкінгенсіп. Сонда Жиренше:

– Мә, менің атыма мін де таяғыңды тез алып келе ғой да алда, – деп атын беріпті. Алдар көсе атқа міне сала шауып бара жатып:

– Алдады деген осы, Жиренше! – депті.

Атынан айрылғанын сонда білген Жиренше санын соғып қала беріпті. Бұл – сөзбен алдау үлгісінің бірі. Іспен, амал-айла, әдіс-тәсілмен алдау да бар. Бұл соғыс кезінде («маневр»), спорттық жарыстарда (мысалы футболдағы «финт»), дәстүрлі ойындарда («Соқыртеке», «Жасырынбақ», «Қуаласпақ»,  «Ұшты-ұшты», «Сақина жасыру»,т.б.) ойын ережелерінің шарттарына сай жүзеге асады. Алдаудың ондай түрлері спорт ойындарында жиі көрініс табады. Тіпті, кей ойындар қарсыласын алдаудан тұрады. Алдауды бәсекелесті, қарсыласты жеңу мақсатында қолданудың өз ержелері болады. Ол ережелер бұзылса, қараулық, тәртіп бұзғандық саналады.

Халық ойын ретінде қабылдаған достық рәуіштегі алдау  адамдардың рухани серпілуіне ықпал ететіндіктен, әлем халықтары ежелден бұған ерекше мән беріп, ең бір есте қаларлық және  жалпыға ортақ мәні бар алдаудың болған күнін жадынан шығармай, ұрпақтан ұрпаққа қалдыру үшін жыл сайын атап өтерлік күн ретінде белгілеген. Сондай әрекет Ежелгі Рим елінен басталған.  Олар бұл күнді «ақымақтар күні» деп арнайы ат қойып, ақпан айында атап өткен. Кельттер күлкі құдайы Лудуға арнап, 1-сәуірді «алдау күні» деп атапты. Енді  бір дерек күлкі күнін тойлау Францияда басталған дегенді айтады. Келесі дерек бойынша Григорий ХІІІ патша жаңа жылды 1-сәуірден 1 қаңтарға ауыстыру туралы жарлық шығарады. 1583 жылы бұл жарлық барлық елге бірдей тарамай, кейбір елдімекендегілер жаңа жылды бұрынғыша көктемде, ал кейбір елдімекен тұрғындары қыста қарсы алған. Патша жарлығының шыққанына сенбегендер жаңа жылды қыста қарсы алғандарды  кеңкелес санаған да ол күнді, яғни 1 сәуірді «елді алдаған күн» деп тарихта қалдырған. Тағы бір қызық дерек Ресей патшасы Петр І-ге қатысты екен. 1703 жылы табан астында елге «патша Петр  бұқара халықтың барлығын  1 сәуірде орталық алаңға шақырып жатыр» деген хабар тарайды. «Бұйрық қатты, жан тәтті»,  аяғымен жүре алатындардың бәрі алаңға келсе, онда «1 сәуірде ешкімге сенбе»  деген жазу ілініп тұрыпты.  Сөйтіп, орыс халқы да 1 сәуір күні  бірін-бірі алдайтын ойынды дәстүрге енгізіп жіберген [4].

Бірақ, адамдардың бірін-бірі алдау ойыны сол бір күнге қарап қалмаған. Сәті түскен кездің бәрінде әріптесін серпілту үшін немесе қарсыласын сан соқтырып кету үшін алдай салуды артық көрмеген.  Қарсыласын сан соқтыру үшін  алдаудың үлгісін новеллалық ертегілердің бірінен табамыз. «Жаман адамды жақсы ететін әйел...» деген ертегінің бас кейіпкері Гүлжаһар қарсыластарын үш мәрте алдап кетеді. Ертегінің мазмұнын айтып жату артық, біз тек оның алдаған сәттерінен ғана үзінді келтіреміз.

Гүлжаһардың бірінші алдауы:

«...жігіт қыздың қасына қатарласып келіп, сөз қатысып:

– Сен менің әйелім болдың, енді осы жерде екеуіміз қосылалық, – депті. Қыз айтты:

– Жарайды, бұйрықтан қашып қайда барам, бірақ сен мына суға жуынып, тазаланып, содан соң мына қоржындағы  таза киімді ки, мен сендікпін, содан кейін қосылалық, депті.

Жігіт:

– Жарайды, – деп шешініп, суға түсіп шомылып жатыр еді, Гүлжаһар екі атпен қашты да жөнелді...».

Гүлжаһардың екінші алдауы:

«...Гүлжаһар бақшаға қызығып кетіп, бір жемісті ала берген кезде, ... тымағы түсіп кетіпті. Онан кейін Гүлжаһар күзетші шалға:

– Ата, мына тымағымды алып беріңізші, – деді. Шал келіп, қыздың тымағын алып беріп жатып, қызды көріп, ...ғашық болып қалып, ... босатпай, «мен сені аламын», – деп атының шылбырынан ...жібермей қойды. Қанша жалынғанмен жібермейтінін білгеннен кейін қыз: «мені алатын болсаң, барып молдаңнан сұрап некеңді қиғыз, сонан кейін тиемін», – депті. Шал «жарайды» деп молдадан ұлықсат сұрауға кеткенде, қыз тағы қашып кетіпті...»

Гүлжаһардың үшінші алдауы:

«...иен даламен келе жатқан Гүлжаһар қырық қарақшыға кез болып қалады. Қызды ұстап алған қарақшылардың қырқы да қызға ғашық болып, «мен алам, мен алам»,  – деп өзара таласа бастапты. Қыз айтты:

– Мен сендердің бәріңе тимеймін, жеке біреуіңе тиемін. Сондықтан мен сендерге бір сөз айтамын, егер ықтиар болсаңдар, – деп еді, қарақшылар «жарайды, ықтиармыз» деп шулады. Гүлжаһар айтты:

– Мен осылай тұрамын, сендер ...аттарыңды осы жерге байлап, он шақырым жерге жаяу барып, маған қарай жарысасыңдар. Сонда мен қай озып келгеніңе тиемін, – дейді. Бұған қырқы мақұлдап, аттарын бір-біріне байластырып, жаяу жарысуға кеткенде Гүлжаһар қырық аттың барлығының артқы аяқтарын балтамен шауып, сындырып, қырық қарақшыдан тағы қашып құтылыпты» [5]. Бұл оқиғадан біз Гүлжаһардың өз басын аман алып қалу,  әрі кездескен кедергілерден құтылу үшін алдауға барғанын көреміз. Гүлжаһардың өзі үшін мұнысы ойын еді, ал кездескендер оның айтқандарына сеніп, сан соғып қалады. Алдаудың нәтижесі айтқанға сенген жақтың сан соғып, қапыда қалуы. Халық үшін бұл қызық. Алдаудың түрлерін ертегілерден де, эпостық жырлардан да, аңыздардан да табамыз.

Достық ойынға жататын алдаудың бір көрінісін осы заман адамдарынан да кездестіреміз. Әйгілі актер Бекжан Тұрыс бірде кешкісін әріптес ағасы, көңілі жарасқан  Уайыс Сұлтанғазиннің үйіне ойнап телефон соғады. Телефон құлағын Уайыстың жары көтереді. Бекжан үнін құбылтып, ауылдан келген кемпірдің сөйлеу мәнеріне салып:

– Сәлемет пе, қарағым? Мен Өскеменнен келіп едім. Ана жолы Уайыс інім келгенде «иинстотта оқитын балаңыздың мәселесін шешіп беремін» деп кеткен соң... – дегенде Уайыстың әйелі: «ол жоқ» үйде, – дейді.

Бекжан:

– Қап, қарағым-ай! Ректорға бір соғым, Уайысқа бір соғым сонау Зайсаннан алып келіп ем, енді қайттім? – дейді өкінгенсіп. Сонда актердің жары:

– Ешқайда кетпеңіз, сол жерде тұрыңыз. Мен Уайысты табайын. Өзіміз алып кетеміз, – дейді.

Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Бекжан қайта телефон соғып алдағанын айтайын десе ешкім көтермейді. Сөйлесе алмаған соң Бекжан басқа жұмыстармен кетіп, жеңгесі мен ағасын алдағаны есінен шығып кетеді. Театрдағы әріптестер арасы сыбыр-күбір, гу-гу. Жұмысқа келсе, Уайыс ағасы гүрілдеген үнімен болған оқиғаны  өкініші аралас ренішпен айтып отырады. Жары екеуі әлгі «соғымды» іздеп түнімен вокзалдарды,  әуежайды шарлаған. Таппаған. Әбден шаршап үйге қайтқан. Бекжанның есіне кешегі алдағаны  түсіп, «енді қайттым, ұят болған екен» деп, ыңғайсыз күй кешеді де нартәуекелмен  ағасына тағы да еркелей кешегі кемпірдің дауысына салып:

– Қарағым, Уайыс, «алыстан келген екі бірдей соғымнан айырылдым» деп уайымдап отырмысың?, – депті. Жалт қараған Уайыс Бекжанды көріп: – Ә-ә-ә-ә-п, бәлем, сен екенсің ғой, – деп ләм-лим деместен бұрылмай жүре беріпті [6].  

Алдау – адам мінез-құлқының, тәлім-тәрбиесінің бір көрінісі. Өмірдің өзі көрсеткендей,  дос-жарандар, құрбы-құрдастар арасындағы ойын ретінде алдауды ойы жүйрік, достық пейілі дайын жандар жақсы көреді. Бірақ оның өз орыны болады. Адамның ары мен намысына тимейтін, жан жараламайтын, астарында зілі жоқ алдаулар алданып қалушыны  сергектікке, алғырлыққа, сақтыққа жетелейді.

Сөз ойындарының тағы бірі – қалжыңдау. Қазақ тұрмысында қалжыңдау  жезде мен балдыздың, жеңге мен қайынның, бір жылдың төлі – құрдастардың, көңілі жақын әріптестердің арасында жарасымды. Үлкеннің кішіге, кішінің үлкенге қалжыңдауы өте сирек.

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген мәтел қазақтың   әзілге де ойын деп қарағандығын дәлелдейді. Әзіл  айтып ойнауға қазақ ешбір шек қоймаған. Ол көңілі жақын адамдардың арасында жүреді.

Сөз ойындары қатарына өлең айтысуды да қосуға болады. Бозбала, жігіт-желең, қыз-келіншектер бас қосқан жерде, алтыбақан аясында немесе тойбастар, жар-жар айтылар кезде  екі жақ болып өлең айтысу өнер жарыстыру ретінде де, көңіл көтеру санатында да қабылданады. Бір жақ бұрыннан бар  қара өлеңді  өздері білетін әуенмен бастағанда, екінші жақ та соған қарсы мазмұндағы қара өлеңді өзге әуенмен айтып жауап береді. Кезек-кезек айтқан сайын өлең жарысы күшейе түседі. Кім қара өлеңді көп біледі, солар жеңген болады. Кейде арасында ақындығы барлар дайын қара өлең мәтіндерін  қоя тұрып, сол жерде суырып салып өлең айтса, қарсы жақтың да ақындығы бар адам оған сол сәтте жанынан өлең шығарып жауап береді де екеуі енді айтыса кетеді. Бұған дейінгі топ болып өлең жарыстыру енді жеке адамдар яғни екі ақын арасындағы сөз  ойынына ұласады. Екі ақынның топ алдында сөзбен өрілген ой жарыстыруы да қазақ тұрмысында ойын түрінде өтеді. Бұрынғы айтыскерлер топ алдында айтысып отырып әр түрлі қимыл-қозғалыстар, ым, ишаралар жасап, қарсыласын ойдан да, сөзден де жаңылдырмақ болатыны кейінгі айтыстарда да жалғасқан. Оған Балғынбек Имашев пен Айтақын Бұлғақов арасындағы айтысуды мысалға келтіре кетуге болады. Ел алдында отырған екі ақын бір-бірімен табан астында шығарған өлең сөзбен ғана ойнамайды, қыймылдарымен де ойнайды. Әсіресе, Айтақынның «хәйләйлім-хайлім хайләйлім» деп жер тепкілеуі, тіпті «шабытым менің аяғымда» деп аяғын көтеріп, сермеп-сермеп тастауы оның ойнап отырғандығын дәлелдейді.  Демек, айтысу да қазақ арасында ойын түрінде өткендігі шүбәсіз. Бұлай сөз жарыстырып ойнау қазақта ғана емес, өзге жұрттарда да бар екендігін Й.Хейзинганың зерттеуінен оқимыз: «Қауым алдындағы ойын ретінде өлең шығарып айту, бәлкім, белгілі бір мақсатты көздеген саналы түрдегі шығармашылыққа байланысты болар, барлық жерде және алуан түрлі пішінде кездеседі. Оның үстіне жарысу элементінің кездеспеуі де өте сирек. Ол бір жағынан, белгілі бір тығырықтан, қиындықтан арылу үшін қарсыласа әндету, өлең қағысу (strijdgedicht), поэтикалық турнир сияқты, екінші жағынан, табан астында суырып салу секілді пішіндерде жүзеге асады»[7].

Сөз ойындары балалар арасында баршылық. Ойынның атқаратын қызметтері  қызықтыру, қызықтыра отырып жетілдіру, жетілдіре отырып дамыту мақсатында жүзеге асады. Мысалы, балаларға арналған сөз ойындарының бірі  –  «Санамақта» айтушы балаға : «бірім-бір; екім-екі; үшім-үш; төртім-төрт...» деп ары қарай осындай тәсілмен онға дейін айтып шығады да соңында: «он бірім – оны тапшы, ай-күнім!» – деген сұрақпен аяқтайды.

Айтушы балаға сан жаттату үшін сөздерді және сөздегі дыбыстарды қайталата ойнақшытады. Мұнда басы артық тек «ім» және «ым» деген өздік жалғау ғана. Қалған сәттердің бәрінде бір сөз, яғни сөзбен айтылатын сан екі рет қайталанады және ондағы бастапқы дыбыстар да екі реттен айтылады. Қайталанғандықтан да  құлаққа сіңімді, үйлесімді естілгендіктен де бала ұғымына жеңіл. Жеңіл болатынының тағы бір басты себебі – бұл сөздердің бәрі ойын ретінде айтылып отыр. Ойын болған соң балаға қызықты. Қызыға тыңдаған бала қойылған сұраққа құлақ түреді де ойланады. «Он бір» дегені не екен? Бұған дейінгі айтылғандар секілді «он бірім де  – он бір» екен. Шешуі оп-оңай әрі күлкілі.  Келесіде  осы санамақ бұдан сәл күрделенеді. Ол да ойын ретінде құрылады. Мұнда сөз де, дыбыс та көбейген. Әйтсе де олар үндесімді, ұйқасымды. Алдыңғыдағыдай сандар қайталанбайды. Қайталанатын бір ғана сөз бар. Ол – «дегенің». Осы сөз санамақты оңайлатқан  әрі  білгілі бір мөлшерде оған салмақ та қосқан. «Дегенің» деген сөз айтылғанда соңғы буын сәл төмендеп әрі созылыңқылана аяқталғанда-ақ  тыңдаушының санасында «ол не?»деген сұрақ бірден жылт ете қалады. Осы сұрақ  миға да жүк артады. Тыңдаушы енді шешуін іздей бастағанда айтушының аузынан жауабы естіледі. Ол жауап та қызық. Бір дегенің – білеу, екі дегенің – егеу... «Бір» деген сан қалайша «білеу», «екі» деген сан қалайша «егеу» болады? «Егеу» дегенің сан емес, егейтін құрал  ғой... Бала үшін бұл қызық. Осы қызықты айтушы ойнап айтып отыр. Ойнап айтылғандықтан да балаға ұнайды. Балаға тартымды болатын тағы бір сипат санамақтағы сөздердің дыбыстық үндестігінде. Қараңыз бастапқы  бір дыбыс немесе екі дыбыс  екінші рет тағы қайталанады: «Бі»-бі»; «Е-е»; «Ү-ү»; «Тө-тө»; «Бе-бе»; «А-а»; «Же-же»; «Се-се; «То-то»; «О-о». Дыбыстардың осындай үндестігінің сүйкімділігіне бола  ойын баласы  ынтыға  тыңдайды. Тыңдап қана қоймайды, жаңағы айтылған сандарды, сандармен бірге  атауларды жаттап алады және ол заттардың қандай екендігін көз алдына елестетеді де санмен салыстырады. Салыстыру үдерісі баланың дүниетанымын кеңейтуге септеседі. Салыстырған соң ақылға сыймайтын қисын деп қабылдайды да ойын екендігін түсінеді. Осы түсінудің өзі бала ақылының кеңейе түскендігін аңғартады. Демек ойын өзінің дамытушылық қызметін толық атқарды. Бала  енді осы санамақты келесіде басқа балаға да айтады. Ойын осылайша бірден бірге ұласып, өміршең болады. Балаларға арналған сөз ойындарының көбінде айтылар сөз өлең, диалог, тақпақ түрінде  кездеседі. Жұмбақ жасырыспақ, жаңылтпаш айтыспақ, мазақтаспақ, тәжікелеспек те сөз ойындарының еншісінде.

 

  Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Жансүгіров І. Жинаушыдан. Кіт.: Мейірман ақын Дәркенбайұлы.Алматы, 2005, 80-бет.

2.Тазшаның қырық өтірігі. oinet.kz›e/action/ShowInfo.php…

3.Жансүгіров І. Жинаушыдан. Кіт.: Мейірман ақын Дәркенбайұлы.Алматы, 2005, 80-бет.

4.bugin.kz›3180-aldau-kunininh-tarikhyn-bilesiz-be

5.Бабалар сөзі. Новеллалық ертегілер.76-том.Астана. Фолиант, 2011. 114-115 -бб.

6.https://www.facebook.com/100007476183615/posts/pfbid02Wcvy2efzT3tmL1NfSCLDRKvKkYrgHdsKuEDB1puM7Fh1pTSmhXzA8xPGYj8oQzKEl/?d=n

7. Хейзинга Йохан. Homa Ludens, В тени завтрашнего дня. М., 1992, стр. 144.

1657 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз