• Тарих толқынында
  • 27 Қазан, 2022

ӘЛЕМ, ТҮРКІ ДҮНИЕСІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗ ДАМУ ЖОЛЫ

Оразалы СӘБДЕН, 
ҚР Инженерлік ғылымдар академигі,
 экономика ғылымдарының докторы, профессор

ІІ. ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНЕ – ТАРИХТА ЕКІНШІ РЕТ ЖАҢА СЕРПІЛІС 

Біздің көне түркілердің байырғы мекені Алтай мен Орталық Азия, Оңтүстік Сібір жерлерінде неолит (жаңа тас) және қола дәуірлерінде  (Иерихан б.з.б. VII мыңжылдықта) жерді игеріп, тұрмыс-тіршіліктің басталғаны белгілі. Жалпы, ежелгі түркілерді тарихта скиф, сақ, хун-ну, ғұн, үйсін, қаңлылармен тектес ұлыс ретінде қарайды. Ал Ашина тайпасынан шыққан түркі тегінің ұрпақтарына келсек, тарихта ғұндардың көсемі Мөдеден бастап, Томирис, Атилла, Ертонға, Тоныкөк, Бумын, Мұқан, Естеми, Иоллығтегін, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Құбылай, Бейбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен сұлтан, Ататүрік, т.б. ондаған ірі мемлекет басшыларын, қағандар мен хандарды айтса болады.

Осындайда бір сұрақ туады. Түркі халықтары сол уақытта саны да соншалықты көп емес, сөйтсе де қалай жарты әлемді басып алды? «Осыншама қуат, күш-құдіретті олар қайдан алды екен» деген сұрақ туады. Түркі қағанаты үш мың жылдық тарихымен шығысы Тынық мұхитынан бастап, Корея, Қытай Сунь империясымен қоса алғанда, Вьетнам, Бирма, Камбоджа, Индия, Иран, Пәкстан, Ауғанстан, бүкіл Орта Азия, Сібір, Волга, Каспий, Кавказ, Қырым, Жерорта теңізі, Вена, Тунис, Дамаск, Кайр, Константинополь, Бағдат, Алжирге дейін жарты әлемді алып жатты. Ал жаулап, басып алған халқын алсақ, өзінен ондаған, жүздеген есе көп, содан «Түркі халқының феномені неде?» деген сұрақ туады. Бұл көп фактордан тұрады.

Түркілерде күтпеген жерден жауға тап беріп, тықсырып барып кенеттен қайта жоқ болып, қайта айналып жойқын күшпен соғатын соғыс тәсілдері күшті болды. Олар әп-сәтте қойға шапқан аш қасқырдай өз жауының ойран-топырын шығаратын. Егер (уақтысында Атиллаға салық төлеп отырған Рим) Рим империясы тоғыз ғасыр бойы соғыс жағдайында болса, 13 ғасыр бойы бес қаруын асынып, ат үстінде ойнақ салған түркі жауынгеріне, Түркі империясына қарсы тұрарлық күш әлемде болмады. Қытайдың өзі, оның императоры Цинь Ши Хуанди (221-210) түркі тегі ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын жылдар бойы тұрғызған.

Б.з.д. VI-V ғасырларда Түркі қағанатының әлемдегі ең үлкен армиялардың бірі болған ІІ Кир мен Дарий патшалардың әскеріне қарсы тұруы, б.з.д. VI-V ғасырларда Еуропаны жаулап алуы, ал ХІІІ ғасырда жарты әлемді алуы, бір

Құбылайдың өзі ұрпақтарымен Пекинде отырып Қытайды 100 жыл басқаруы  әлемді мойындату дер едім.

Көк түркіден тараған Томирис, Мөде, Бумын, Мұқан, Бейбарыс және тағы да басқа түркі қағандарын, хандарын қосса, ерлігімен әлемді дүр сілкіндіріп, дүниенің төрт бұрышын бақылаған жер иесі құдіретті империяның сұлбасы көз алдымызға елестейді. Менің ойымша, мұндай ғаламдық жетістікке, күшке ие болу тегіннен-тегін емес, бұл «өркениетке өзгеріс әкел» деген бір Жаратқанның ісі болуы да мүмкін. Екінші сұрақ: «Неге түркі әлемі Рим империялары сияқты осындай империялық мемлекет бола тұра, кейін шашырап кетті? Қазіргі түркітілдес елдердің қайта өрлеуге мүмкіндігі бар ма және өзінің жаңа өркениеттік спиральмен дамуға қандай әлеуеті бар?» деген сұрақтар мені толғандырады.

Бұған біржақты қарауға болмайды, себебі тарихтан білеміз, әлемде небір империялар болды. Кезінде әлемдік алты империяның бірі болған Түркі империясында да осы тарихи логикалық үрдіс орын алды. Түркі халықтарының адамзаттың өркениеттік дамуында алатын, қосқан үлесі де мол екенін өмір дәлелдеуде. Оның басын түркі ғалымы К.Маршан түркі өркениетінің бар екенін біріншілердің бірі болып дәлелдеген.

Қазір, жалпы, түркітілдес халықтардың саны 200 миллионнан асады. Әрине, бұлар бұрын Еуразия құрлығының әр жерінде шашырамай, бір жерге жиналғанда қазіргі түркі елдері АҚШ пен Қытайдай аса ірі, дамыған мемлекет болар ма еді? Болар іс болды, мұндай мүмкіндікті біздің тегіміз пайдалана алмады. Оларды бір-біріне айдап салуда болды. Мүмкін, олар бір-бірімен соғыспай, бірігіп басқа елдерді алғанда басқаша болар ма еді?! Қазір бәрі өткен соң жорамалдап айта беруге болады, бірақ, менің ойымша, Түркі империясында көп жылға бағытталған стратегиялық жоспардың сол кезде болмағаны айқын. Қазір ежелгі Түркі қағанаты алты мемлекет және үлкен-үлкен автономиялар (Татарстан, Башқұртстан, Сақа, Тува, Хакас, Чуваш, алтайлықтар, ұйғырлар, т.б.) болып отыр. ХХІ ғасырдағы ендігі мақсат осы түбі бір түркі халықтарының басын бір-бірінен алшақта жүрсе де, жаңа үрдіспен қалай қосамыз, қалайша интеграциялаймыз? Осыған байланысты қандай идеялар, жобалар бар? Міне, осыларды ойлап, іске асыру қажет деймін.

Шамамен осы ғасырдың орта шеніне дейін дүние жүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып алуы тиіс. Егер біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған капиталистік елдер бізді бөліп-бөліп, өркениеттік жолдан сыртқа шығарады. Тек осылай амбициялық мақсат қойып, оған қол жеткізсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың, зиялы қауымның орны өзгеше.

Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық әлеуетін алсақ, жылда өтетін Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың әлі нашар екенін көруге болады. 2019 жылдың жаһандық бәсекелестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішіне бірде-бір түркітілдес мемлекет жоқ: Қазақстан – 55, Әзірбайжан – 58, Түркия – 61, Қырғызстан 96-орында болса, Өзбекстан мен Түркменстанның көрсеткіштері Давос экономикалық форумына енбеген. Ал тереңірек қарасақ, түркітілдес елдер денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-100 орындамыз). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.

Біздің түркітілдес мемлекеттер әлі де болса көптеген тарихи, рухани, әдеби, тіл, археология, этнография жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археологиялық ізденістерден жаңа көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл біздің генетикалық тегіміз. Уақтысында ататегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихтың төрінде екінші рет толыққанды отыруымызға әбден болады. Бұл уақытысында М.Шоқай, Т.Рысқұлов көтерген түбі бір түркі идеясының жаңа ғасырда жаңаша жаңғыруы.

Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, барлық күшті бір Түркі әлемінің кіндігіне жинау керек. Бұған әсіресе ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері білек сыбанып тұрып атсалысуы керек.

Дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіп, алда болатын Түркі әлемінің бір ғана жолы бар: ол – түбі тереңде жатқан рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды бірге көтеру.Түркітілдес елдер өздерінің рухани мүмкіндіктерімен өте жоғарғы фазада тұр. Бұл біздің капиталистік елдерден артық басымдығымыз.  Мүмкін, тағдыр біздің замандастарымызға ХХІ ғасырда Түркі әлемінің дамуына серпіліс беру арқылы дамыған мемлекеттермен бәсекелес болу үшін осы қадамды жасауға мүмкіндік берген шығар.

Түркі әлемін ХХІ ғасырда қайта жаңғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар ұсынамын:

1. Түркітілдес алты мемлекет, тағы да басқа түркітілдес халықтар бірігіп, «Түркі өркениетін жаңғырту туралы 2050 жылға дейінгі стратегиялық империялық концепция және бағдарламалар» қабылдау қажет. Бұл мегажобаның атын «Алға, түркілер! – Ашина 2050» деп атаса жақсы болар еді, бұл шыққан көне тегімізді білдіріп тұрады.

2. Басымдық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл, т.б.) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарламалар қажет. Нәтижесінде Түркі әлемінің үш мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап, бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген үш мың жылдық тарихты қамтып, 30 сериялық тарихи деректі танымдық фильм жасау керек. Бұл фильм бүкіл түркі халықтарын жаңа рухта тәрбиелеуде жаңа идеология болар еді.

3. Әлемдік деңгейде «Түркістанда ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «Көне түркі өркениетінің ашық музейі – мәдени қалашығы» салынса.

4.Түркі мемлекеттерінің жылдық экономикалық өсімі 5-6 пайызға өсетіндей бағдарлама жасау керек. Жаңа технология, жасанды интеллект, роботизация, интернет ресурстарын тиімді пайдалану жобалары жасалу қажет. Әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалар, рухани-логистикалық хабтар болу керек.

5. Ауылды жаңарту, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығымен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырдағы ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске асыру қажет.

6. Түркі әлемінің даму жолын саралау және алдағыны жоспарлау ғылыми орталығын құру керек (Алматы, Ыстанбұл, т.б. қалаларда). Әртүрлі ғылыми зертханалар ашу. Мысалы, «Түркі әлемінің генетикалық лабораториясы», т.б. жаңа өркениеттің сұранысына байланысты ғылыми орталықтар ашу. Түркі мемлекеттерінің ғалымдары бірігіп, «Үш мың жылдық түркі тарихын» қайта қарап, тағы бір електен өткізіп жазып шығып, оны бүкіл әлемге тарату керек.

7. Жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын сол алты мемлекеттің және тағы басқа автономиялық республикалар басшыларының осы мәселеге арналған саммиті өтуі тиіс. Оған қоса, бүкіл Түркі әлемі халықтарының құрылтайын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің декларациясы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешімдер және іс-шаралар болуы тиіс.

8.Жаһандану құбылысын ешкім тоқтата алмайды. Тек бір-ақ жол бар, ол –  халықтардың бірігуі. Түпкі мақсат – Еуроодақ (ЕС) сияқты бүкіл түркі халықтарын, мемлекеттерін біріктіріп, «Түркі тегі» (ТТ) атты одақ құру. Осы ТТ одағы келешекте ЕС, НАТО, САО сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болуы керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады.

Түркі тегі дегеніміз Еуразиядағы түркі тілдес елдерінің, халықтарының бірлігін сақтау, олардың көнеден келе жатқан тарихы, мәдениеті, діни, этникалық құндылықтарын жандандыру, әрі экономикасын үдемелі дамыту жүйесін жасау болып табылады.

(Жалғасы бар)

 

1086 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз