• Ұлттану
  • 27 Қазан, 2022

ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАҒЫЛЫМЫ

Үмбетқан СӘРСЕМБИН
философия ғылымдарының кандидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында халқымыз үшін зиялы қауымның орны қашанда ерекше екенін атап өткен болатын. Ұлт тағдыры сынға түскен сәтте көзі ашық азаматтар әрдайым көш бастағанын, адасқанға жөн сілтеп, жастарға бағыт-бағдар берген. Ел ағалары бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырғанын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы қанымызға сіңген осы қасиеттен айрылмауымыз керектімізге ерекше назар аударды.

«Зиялылардың еңбегі марапатымен емес, салиқалы сөзімен және нақты ісімен бағаланады. Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру. Отаншылдық, білімге құштарлық пен еңбекқорлық, бірлік пен жауапкершілік сияқты қасиеттер дәріптелуі керек. Сондықтан, зиялы қауымды ел болашағына әсер ететін әрбір мәселеден шет қалмауға шақырамын. Диалог пен азаматтық қатысу дәстүрін дамыту, ынтымақтастығымыз бен бірлігімізге негіз болатын озық құндылықтарды дәріптеу біз үшін маңызды. Біз бірге болсақ қана, теңдессіз елдік бірегейлігімізді нығайта аламыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда «Ұлт зиялыларының ұлттық мүдде жолындағы тағылымы қандай болуы керек?» деген мәселе төңірегінде ой қозғауды жөн көрдік.

Иә, ұлттың болмысының қалыптасуы мен тұлғалануында, соның ішінде ұрпақтың саяси мәдениетінің қалыптасуында тарихи мәнге ие ұғым бұл ұлттық мүдде. Тарихтағы тұлғалар болмысына, тұлғалардың рухани мұраларына қарап, ұлттық мүддені барлық ұлттық құндылықтардың және оны қорғау жолында қалыптасып отырған тәжірибелердің жиынтығы дейміз. Кез келген ұлттың тарихы мен мәдениетінің негізінде ұлттық мүдде мәселесі тұратындығы белгілі. Ұлттық мүддесін сақтау мен нығайту жолында адамзат баласы, әрбір мемлекет бүгінгі күні де тынымсыз ізденіс үстінде. Алаш зиялыларының өздері ұлттық мүддені қорғауда, ұлттық интеллигенцияның жетекші рөл атқаратындығын осы мақсатта жазған болатын. Тарихи уақыттың қай тұсында болмасын ұлттық мүдде мәселесі, оған қызмет ету алдыңғы қатарда тұрған негізгі мәселелердің бірі болған. Аристотельдің заманынан басталған бұл мәселе, бүгінгі күні де өзекті болуда. Аристотельді айтып отырған себебіміз, ұлттық мүддені қорғау мәселесі әр халықтың мәдениетінде, оның тарихының бастапқы кезеңінде орын алған. Платон, Аристотель сияқты ірі ойшылдар оған қызмет ету ісіне ғылыми тұрғыда қараған, өркениетті ел  мен оның адамының тұлғасына қатысты болмыстың құрылымын зерттеген.

Платон мемлекет дамуы үшін, оның мүддесін нығайтуға жетекші болатын, қоғамның рухани мүмкіндігі болуы керек дейді. Ол үшін мемлекетте философтардың ілімі институтқа айналып отыруы керек. Қазақта жиі айтылатын «тура биде туған жоқ» деген сөздің де тарихи мәні зор. Ұлттық мүддесін қорғайтын қоғамның, алдыменен оған лайықты әрі қажетті мүмкіндігі болуы керек. Ол мүмкіндік қоғамның рухани болмысынан, әлеуметтік танымынан шығады. Әлеуметтік таным интеллектуалдардың тәжірибелерінен құралса ұлттық мүдде ісіне жүгіну оңай. Себебі оған қажетті талант иелері, білімі мен қатар ерік-жігері мол адамдар оңай табылады және олардың ұлт ісіне бірігуінде қиындық тумайды. Ең басты нәрсе оны түсінуде жатыр. Сондықтан да Аристотель қоғамына қызмет ететін адам, алдыменен халықтың жан дүниесін түсінуі керек дейді. Халықтың жан дүниесін түсіну дегеніміз, оның әлеуметтік жағдайын білу деген сөз. Халықтың жағдайын түсіну үшін ол адам алдыменен, сол елдің рухани өмірінің мектебінен өтуі тиіс. Ел қорғау қажет болса, ол елдің басшысы алдыменен өзі ерліктің иесі атануы тиіс. Тұлғалардың ерліктің иесі атануына қатысты нәрселер тарихта жетерлік. Мәселе ұлт тұлғаларының ақыл-парасатының қоғамды біріктіруші негізге айналуында жатыр. Неміс философы Николай Кузанский былай дейді. «Интеллигенция тағылымы күн сияқты, ол рационалды нақтылықты басқарып отыратын әмбебап әлеуметтік күш ретінде танылып отыруы тиіс.  Сезімтал әлемдегідей күннің нұрының арқасында біздің көзіміз көріктілік пен көріксіздікті ажырататыны секілді, интеллигенцияның зердесі парасаттылық әлемінде қоғамға ақиқатты танып білуге мүмкіндік береді»[1, 256-б.]

Тарихта ұлтымыздың ұлттық мүдде туралы ұғымының қалыптасу негіздері мен ерекшеліктері неден байқалады? Біздің ойымызша ұлттың болмысымен қатар, мәдениетінің қалыптасуы осы ұғыммен байланысты. Ұлттық мүдде идеясы барлық құндылықтарды, осы құндылықтар негізінде қалыптасып отырған дәстүр тәжірибелерін біріктіріп отырған. Тарихты ой елегінен өткізу, өткенді ой елегінен өткізуде қалыптасатын тәжірибелер ұлттық идеяның қашанда өміршең келетіндігін көрсетеді. Біз алдыменен мына мәселені ескеруіміз керек. Ұлттық мүддеге қызмет ету дәстүрі, осы дәстүр бойындағы тұлғалар тағылымы ұмытыла бастаған қоғамға мемлекетін сақтап қалу қиынға соғады. Ал тарихи сана бар жерде, осы тарихи сананың негізінде кез келген адамның азаматтық санасы қалыптасқан ортада, нағыз ұлт зиялыларының қоғам алдына шығуына мүмкіндік мол.

Қазақ қоғамындағы ұлттық мүдде шындығын зерделеуге бағыт беретін ұлттың руханияты дейтін болсақ, оның өзегіне айналып отырған феномен қашанда қазақ ойшылдарының даналығы болды. Сол себептен ұлттық мүдде мәселесіне тұлғалардың шоғырлануында, оның үлкен дәстүрге айналуын зерделеуде алаш ойшылдарының даналығын бірінші кезекте ескеру қажет. Барлығы тәрбиеден, сананы шынайылыққа тәрбиелеуден бастау алады.  Зиялыларымыздың тағылымына қарап, ұлттық сананың тарих тағылымының негізінде ұрпақты ұлттық мүддесіне біріктіруші күш болып отырғандығын байқаймыз.

Сұлтанмахмұт Торайғыров сомдағандай, адам ұлттық мүддеге қызмет ету үшін алдыменен оның құндылығын білуі, түсінуі тиіс. Құндылықты түсіну ұлттың өмірін, өмір сүру болмысын толық танып білуден, еркіндікті сезінуден бастау алған. Осы себептен қазақ идеясы қашанда еркіндіктің рухын зерделеуге, оны ұрпақтың толықтай сезінуін қамтамасыз етуге бағытталғандығын түсіну қиын емес.

Ұлттық мүддесін ұлықтаған ұрпақты қалыптастырып отыратын және сол дәстүрдің жалғасуына мұрындық болатын мемлекеттің өзі. Мемлекетті басқаратын адамдардың бірінші кезектегі ескеретін нәрсесі осы, яғни  әлеуметтік тұтастықтың сақталуын қамтамасы ету. Өйткені сыртқы факторлардың салдарынан орын алатын тұрақсыздықтан, қоғамның ішінен кеулеп шығатын мәселелердің салдарынан туындайтын тұрақсыздықтың зияны мол. Бұнда жемқорлық, сатқындық, екі жүзділік сынды нәрселер мемлекетті әлсірету түгіл, ұлттың санасының әлсіреуіне, оның мәдениетінің жойылуына әкеліп соқтырады. Осы себептен ұлттық идеямыздың негізгі ұстанымы ұлттың еркіндігін дәріптеу, жеке адамның рухани тереңдігін ұлттық болмыспен ұштастырып отыру болған.

Мемлекетті басқарған тұлғалардан, ұлттың болашағына қызмет етуден қалатын нәрсе тәжірибе. Бұны тұлғалық тағылым деп те айтады. Қазақ хандарының тарихта қалған тағылымы, ел басқарудағы тәсілі олар мемлекеттің рухани өмірінде тума талант және парасат иелерінің (билер мен жыраулардың, батырлардың, байлардың) институтын қалыптастыруында. Бұлар мемлекеттің, оның мәдениетінің нығаюында жетекші рөл атқарған. Қашанда маңызды мәселе ұрпақтың ұлт ретінде ұйысуы болып табылады, ал бұның жүзеге асуы ұлттық идеологияның дұрыс жүргізілуіне тікелей байланысты. Ұлттық идеология ұлттық идеядан шығады, ал ұлттық идеяны қалыптастырушылар, оның әлеуметтік құбылысқа айналуына ықпал ететін адамдар, яғни зиялылар. Қазақ тарихындағы ұлттық интеллигенция өкілдері осы алаш тұлғалары болды.

Халықтың, соның ішінде интеллектуал адамдардың ұлттық мүддені қорғау жолында бірігіп отыруы алдыменен ұлттың тарихының жалғасуына, мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етіп отырған. Себебі ұлттық мүдде мәселесі барлық кезеңде қоғамдық санада ерекше орын алып отырады. Оның қоғамның әлеуметтік танымында үлкен күшке айналуы, алдыменен сол қоғамның мәдениетінің де дәржесін салмақтап отырған. Бұған қарап тарихи шындықтың таразысы уақыт, ұрпақтың рухани қызметінің таразысы  ұлттық мүдде құндылықтары деген ой туындайды. Мәдениетіміздегі ерте кезден бастап  қалыптасып отырған дүниелер, алдыменен ұлттық мүдде идеясын, әсіресе оны құраушы ұлттық құндылықтардың қасиетін тереңнен ұғынуға да жетелейді. Мәселен үлкен территорияны, соның ішінде кеңістікті игеру үшін бабаларымыз жылқыны қолға үйретті, оны қолға үйретіп ұлттық болмыстың ажырамас бір бөлігіне айналдыруы алдыменен ұлттық құндылықтардың нығайып отыруына ықпал етті. Осы себептен ежелгі дәуірдегі Ботай өркениеті, одан кейінгі сақтардың, түркілердің мәдениеті, осылардың тікелей мұрагері қазақ мәдениетіндегі дүниетанымдық тәжірибелер мен ұлттық құндылықтар, тарихтың ортақ идеясы ұлттық мүддеге қызмет етудегі тәжірибелердің түп тамырын көрсетіп отырады. Бұны кезінде алаш зиялылары да айтып кеткен.

Қазақ ұғымы бұл ұлт атауы ғана емес ұлттың идеясы да. Шоқан Уәлиханов, өзге де тарихшы ғалымдарымыз ғылыми тұрғыда зерделеп көрсеткендей, қазақ ұғымының негізінде еркіндікті, азаттықты аңсаушы деген мағына жатыр. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қазақ өмірі деп отырғаны сол. Қазақтың тарихтағы өмірі жаугершілік заманда өтсе, бұны бабаларымыздың өздері таңдаған жоқ. Атамекен жағдайы, ұлттық мүдденің ұрпаққа қояр талабы қазақы, яғни қазақылықпен өмір сүруге итермеледі. Ұлттың болашағы үшін азаттықты тарихи сананың өзегіне айналдыру міндет болды. Осының нәтижесінде ұлттың төл болмысымен қатар, әлеуметтік болмысы да қалыптасып отырған.

Сондықтан қазақ зиялыларының ұлттық мүдде тұрғысындағы қызметтері дегенде алдыменен олардың қалыптасуына ықпал еткен ұлттың философиясын, руханиятын айту қажет. Әл-Фараби жазғандай, философия бұл өнер тарауларының жиынтығы. Сол сияқты қазақ мәдениетінде қазақтың барлық өнері, атап айтсақ шешендігі, ақындығы, батырлық өнер, күй өнері, қол өнері, бұның барлығы қазақтың философиясының негізін құрайды. Бұл өнер түрлерінің ұлттың өмір сүру жағдайына, тарихи уақыт жағдайында ұлттық құндылықтарды қорғап отырудан туындап отырғандығы ақиқат.

Бірінші негіз бұл тіл, аталы сөз. Қазақта тілдің жеке адамды ортамен, ұлттық болмысымен біріктіруші негізге айналғандығы белгілі. Тілмен берілетін тарихқа қатысты өнеге, сананың қалыптасуына әсер етеді. Тарихи шындық баяндалған жерде шынайылық, шыншылдық адамның санасына сіңе бастайды. Осы себептен тіл жеке адамнан бастап, ұлттың тұлғалығын сақтап отыратын рухани діңгек болған. Тіл бар жерде, сөз өнері терең қолданысқа түскен кезде ұлттық бірегейлік нығайып отырады. Тілден, әсіресе оның философиясынан би де, жырау да, батыр да, бай да алшақ кетпеген. Олардың бірігетін, бірлесетін тұсы да осы тілдің негізінде қалыптасқан кісілік.

Қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігінде үлкен құбылысқа айналған ойшылдар даналығына қарап, тілдің рухын ғана емес, тілдің рухын сақтап тұратын ойшылдар өсиетінен уақыт орамындағы алаш тұлғаларының ой кешу үрдістерін де байқаймыз. Ұлттық мүдде төңірегінде үнемі өрбіп отыратын негізгі мәселе, негізгі идея бұл этика, адамгершілік қағидаларын сақтау, кісілікке жүгініп отыру болған.

Қашан да әлеуметтік тағылым басы таным болған. Танымның биігінде зерделенген идея ұлттық мүддеге бағытталса, ұрпақтан талап етілетін нәрсе оған қай жағынан да лайықты болу керек. Жыраулар мен билердің қоғам алдында жүру себебі немесе тарихи өмір айдынында олардың бірінші кезекте көзге түсіп отыруы қоғамның, әр адамның рухани болмысының тереңдігін қамтамасыз етіп отыруында. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, қазақта ерлік, ерлердің ісі ақыл-парасатылықпен көзге түсуі керек. Ақыл мен айланы қатар жұмсай алған ер де, ел де мұратына жетеді деген көзқарас жатыр ойшылдарымыздың танымында. Қазақ философиясындағы ұлттық зерде өрісінен түйеріміз, қазақ еркіндік идеясын ту етіп ұстаған ұлттың бірі болғанымен, басқа халықтың құндылықтарына себепсіз қол созуды жақтамаған. Соғыс істері көп жағдайда ұлттың тағдырын арашалаудан туындаған.

Қазақ ойшылдарының ой толғамдарынан өрілетін ой мынадай: үнемі ұрпақ сақтанып өмір сүруі керек. Сақтықта қорлық жоқ. Ұлттың болмысынан берілетін қасиеттерге адалдық сақтаудың бір амалы. Ұлттық бірегейлік пен бірлік негізгі күш. Осы жолда әр адам дін мен ділге адал болуы тиіс. Бұл ұлттың рухын нығайтады. Ұлттың рухы нығайған заманда кейінгі уақытқа қалар тағылым мол. Сол тағылыммен өріс алып отырған идеяның жаңа буынның мұратқа жетуіне көмектесері анық. Сол себептен санадан бастау алатын ашықтық, тазалық, шынайылық қоғамдық ортада бағалануы тиіс.

Мінезі жаман адамға

Енді қайтіп жуыспа.

Тәуір көрер кісіңмен

Жалған айтып суыспа.

Өлетұғын тай үшін,

Көшетұғын сай үшін,

Желке терің құрысып,

Әркімменен ұрыспа.

Ашу – дұспан, артыңнан

Түсіп кетсе қайтесің

Түбі терең қуысқа!... – деп айтып кеткен Асанқайғы[2, 17 б.]. Жыраулардың сөзі бейтаныс адамға бір қарағанда қарапайым болып көрінуі мүмкін. Қарапайым болып көрінгенімен қазақ жырауларының мұраларында көтерілген шындық бір. Сол шындық адамның өмірде дұрыс мақсат қоюына, қиын сәттерде дұрыс шешім шығаруына, жалпы қоғам болып пайдалы нәрселерді зерделеуге мұрындық болған. Қазақ ойшылдарының мәдениетіміздегі тұлғасына қарап, әсіресе олардың рухани мұраларында шындық, шынайылық, ашықтық сынды жалпыға ортақ мәнге ие тұлғалық қасиеттердің зерделеніп, қоғамға насихатталып отырғандығын байқаймыз. Себебі тарихи өмір бұл шынайылықтың алаңы, әділеттілік таразысы уақыт, ал осы уақыт сынынан сүрінбей өтуде санадағы сергектік, бойдағы жігер жеке адамның емес, алдыменен ұлттың тағдырын шешеді. Ұлттың тағдыры ол менің тағдырым, ұлт бар жерде, оның мемлекеті сақталғанда ғана кез келген адам сол ұлттың өкілі, мемлекеттің азаматы ретінде өмір сүре алады. Ұлттың өмір сүруі ол ұлттық құндылықтардың өмір сүруі, ұлттық құндылықтардың сақталуы бұл мемлекеттің сақталуы. Сол себептен жыраулардың танымында кез келген адам өзінің болашағына, жақсы өмірге ұмтылуда оған себепкер нәрселерді ұмытпауы тиіс. Бейбіт өмір бар жерде ғана адам да, қоғам да мұратына жетеді. Мұратқа жетудің даңғыл жолы – мемлекет, оның көркеюі. Көркею үшін тәуелсіздік керек. Осы себептен тәуелсіздік тұсында адамның ойланатыны да, ойға алатыны да сол мемлекеттің дамуына қажет нәрселерді жасауға жұмылу. Жер керек, жерді қорғауға қажет дүниелерді меңгеру тағы керек. Тіл керек, тілді сақтап, өрісін кеңейіп отыратын дүниелерді білу тағы қажет. Қазақ ойшылдарының рухани мұраларына қарап, интеллектуалдар тәжірибесінің осылайша шынайы дүниелермен ұштасып, әлеуметтік деңгейдегі практикалық нәрселерден өрбіп, өміршең мақсаттарға бағытталып отырғандығын көреміз.

Қазақтың дүниетанымында әр адам елдің жағдайын, болашағын парасат биігінен зерделеуде алдыменен ана тілі мен атамекеннің құндылығын білуі тиіс. Бұның түп қазығы даналық пен батырлық болған. Осы себептен де болар, жыр, соның ішінде батырлар жыры балалық кезден бастап әлеуметтік ортада насихатталады. Бір ғана жырдың өзіне қарайтын болсақ, онда атамекен атаулары бар, ерліктің тәсілдері, батырдың болмысы, парасаттылығы көрсетіледі. Бейнелі түрде сомдалып, адамның танымына тарихи сананың білімін ұялата бастайды. Бұны да ұрпақты елдікке бағыттаудағы ұлттық тәрбиенің бір түрі деп айта аламыз.

Алаш тұлғалары атамекенді, ұлттың өзге де құндылықтарын ұлықтауда сол уақытпен шектеліп қалмаған. Болашақта жер мен тілдің ұлттың тағдырын шешетін негізгі қазыққа айналып бекитіндігін түсінген. Қайталап айтар болсақ, осы себептен олар ұлтына жанашыр, ана тілі мен атамекеніне жауапты адамдарды тағайындап отырды. Олардың ұлттық мүдде болашағына жауапты адамдарды тағайындауы, қайталанбас талант иелерін тарих сахнасына шығарып отыру ісімен тең. Олар дүниеден өткенімен ерлік істері ұлттық рухтың, ұлттық идеяның түп тамырына айналып қалады. Өз заманында қоғам алдында тұрған мәселелерді зерделеуде жаңа ұрпақ буын өкілдерінің негізгі тәжірибелерге қайтып оралып отыратындығы анық. Осы себептен қазақ жыраулары мен билердің тұлғасы, мәдени ортасы өз заманында да  ел басқарған тұлғалар тарапынан ұлықталып отырған.

Хандар билігі кеткен соң қазақ қоғамының іргесі сөгіле бастады, қазақ ойшылдарының мектебі тарих қойнауында қалды. Қазақтың ең соңғы ханы Кенесарының тұсында өткен Нысанбай жыраудың мына бір сөздері бүгін бізді осындай ойға жетелейді:

Кенесары кеткен соң,

Иесіз қалды тағымыз.

Наурызбай төре кеткен соң,

Бастан тайды бағымыз.

Бұлбұлдай сайрап жүр едік,

Байланды тіл мен жағымыз.

Азғанымыз емес пе,

Қойшыдан сынды сағымыз.

Артында қалған жетім ел,

Келіспей кетті сәніміз.

Ақырында, әлеумет,

Осындай болды халіміз...[3, 62-б.]. Шынымен де солай, алаш тұлғаларының феноменін бірінсіз түсіну мүмкін емес. Бимен жыраудың тұлғасын зерделесек, осындай талант иелерін қоғам алдына шығарған халықтың артында қазақ хандарының елдік саясаты тұрады. Барлығы да тарихтың барлық кезеңінде батырлық иесі атанған, батырлардың тұлғасын зерделесек, олардан да ерлікпен бірге даналықты да көреміз. Қазақтың діни тұлғалары мен байлары, ғалымдары да солай. Өткен ғасыр басында өмір сүрген алаш зиялыларының қалыптасу ерекшеліктерін зерделеуде де, осы негізгі мектеп өкілдерінің рухани мұралары, тағылымы көзге түседі. Хандар билігі жойылғаннан кейін қазақ халқы қарап қалған жоқ, баласын сол ізбен тәрбиелеуді іштей жалғастырып отырған. Соның негізінде Әлихан Бөкейханов сияқты тұлғалар шықты, олардың ісі қайта жалғасты.

Даламның мен сағынам бек пен ханын,

Ел үшін аямайтын шыбын жанын:

«Қайғысыз ұйқы ұйықтатып,

Қайғырусыз жылқы бақтырып,

Қалыңсыз қатын құштырып,

Алашты «алаш» қылған сабаздарым.

«Топтан торай шалдырмасқа,

Қазақтың бір тайын кәпірге алдырмасқа,

Бір түнде тоқсан ойланып,

Тоғыз төңкерілетін...»

Ел қорғаны ерімнің сүйем бәрін, – деп айтып кеткен алаш ақындары [4, 213-б.].

Кемеңгерліктің сыналатын тұсы көп, сол сыннан өтуде хандарымыз қоғамына үлгі бола білгендігі байқалады. Ең басты мәселе тыныштық, халықтың алаңсыз өмір сүруі, барлық мүмкіндік осы бейбіт өмірде жатыр, осы ұрпақтың бейбіт өмірі үшін олар ұйқы көрмеген. Ұлтының бірде бір мүлкін жауға бермеген. Соның нәтижесінде алаш тұлғаларының тағылымы, тарихтың бас кезінің өзінде өміршең дүниеге айналды. Әрине, ел басқару ел мүддесін қорғау ісімен қатар жүргенде, тұлғаға келер сын да, тағылар мін де көп. Қазақ хандарының тұсындағы қазақ қоғамында ұлттық нәтижеге қол жеткізіліп отырғандығы байқалады. Ең басты нәрсе ұлттың мәдениеті мен территориясының сақталып отыруы.

Бабаларымыздың ежелден мекендеген территориясын атамекен деп атауында да үлкен мағына бар. Атамекен ұлттың меншігіндегі дүние, оны тек ұлттың өзі иеленуі тиіс. Хан да, батыр да, би де, бай да оның қорғаушысы, атамекен идясының қолдаушысы ғана. Жер ұрпаққа тұлғалардың тағылымы негізінде табысталады. Тұлғалардың тағылымы негізінде табысталған дүние ұрпақтың ұлттық танымына айналуы тиіс. Осы себептен атамекен идеясы, алаш тұлғаларын ұлттық мүддені қорғау ісіне біріктіріп отырған идея болған. Тұрақтылық ұлттың мүддесі сақталған жерде ғана бар. Ұлттық мүдде сақталу үшін ол қорғалуы керек. Қорғаудың тәсілін қалыптастыратын уақыт, уақыт орамындағы жаңа нәрселер. Уақыт өзгеріп, әлемнің даму заңы түрленіп отырғанымен одан қалмайтын бір ақ нәрсе бар, ол адамгершілік. Осы адамгершіліктен таймаған ұрпақ қана жұмыла алады деген ой жатыр қазақ жырауларының мұраларында. Үмбетей жыраудың Бөгенбай қазасын Абылай ханға естіртуінде де осы мәселе сөз болған. Адам дүниеге қонақ, ханда да, би де, батыр да өтеді. Олардың ерлігін жоғалтпайтын халық. Халық ұлттық мүддесіне адал болған адамын ұмытпайды, ерлердің адамгершілігі олардың өздерінің ғана емес, ұлтының да атын тарихта қалдырады.

Алаш тұлғаларының тағылымынан толық ұғынатынымыз, ерлерді ел мүддесіне олардың рухы біріктіріп отырған. Хандар мен билердің, жыраулардың, батырлардың, байлардың ортақ мақсаттарында, ұстанымында бірегейлік болған. Осының салдарынан ұлттың рухы көтеріліп, талант иелерінің өнері күш алып отырғандығы белгілі. Атамекен барлық өнер тараулары арқылы қорғалып отыратын дүние. Ол үнемі қорғалып отыруды қажет етеді. Ұлттық мүддесін қорғайтын ұрпақ, алдыменен оны қорғаудан туындап отырған өнер түрлерін білуі тиіс.

Ұлттық мүдде ісі ұрпақтан оның негізін құрайтын барлық құндылықтарды сақтап отыратын білім түрлерін, тәжірибелерді жаңартып отыруды да талап етеді. Мәселен, кешегі қазақ хандарының тұсында даналық, батырлық ең негізгі талап етілген нәрсенің бірі болып табылса, бүгін ол ғылымды дамытудың формуласына, негізгі бағдарына айналуы тиіс. Қазақ ойшылдарында ғылым туралы кемел түсінік болды. Бірақ ол кездегі заманның ұрпаққа қойған талабы басқаша еді, бүгін басқаша. Осы себептен Алаш ойшылдарының идеясы уақыт орамындағы жаңа нәрселерге зеректікпен, аса сезімталдықпен қарауды міндеттейді.

Тарих жолы қарама-қарсылықтарға, қайшылықа толы. Үнемі күресті, талпынысты, күш-жігерді, даналықты талап етіп отырған. Уақыт кеңістігінде орын алып отыратын қайшылықтарды зерделеуде де терең ой, дұрыс шешім қажет. Қазақ хандарына жүктелетін міндет ұлт пен ұлт зиялыларын адастырмайтын, ұрпақтың санасын уландырмайтын шешімді шығару болды. Оған қашан да көмектесетін даналық.

Тарихтың, соның ішінде атамекен жағдайына байланысты ел мүддесін қорғаудың талабы мен ережелері қалыптасып, ұрпаққа анық көріп отырғандығын ойшылдарымыздың рухани мұраларынан байқаймыз. Жаңа айтып өткен сөз өнері, тәрбие, мақал-мәтелдер, тарихи жырлар, басқа да өнер түрлері негізінен ұлттық құндылықтарды сақтау қағидаларын берік ұстау мақсатынан туындап отырған. Көшпелі мал шаруашылығын негізге алған тұрмыстың ұлтқа тиер пайдасы, мұнда алдыменен территория қорғалып, тазалығы сақталып отырады. Жерді дұрыс пайдалану қажет. Осы бағытта қазақ қоғамында әлеуметтік болмыстың ерекше рөл атқарып отырғандығы белгілі.

 

         Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Кузанскии Н. Сочинения в 2-х томах. Т.1. М.: Мысль, 1979.-488 б.

2. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. Алматы: Жазушы, 2008. 1-том. – 400 бет.

3.Хан Кене. (Тарихи жырлар, толғаулар, дастандар, пьеса мен деректі баяндар) / Құраст. – С. Дәуітов. – Алматы: «Ана тілі» баспасы, 2012. – 424 бет.

4.Торайғыров С. Екі томдық шығармалар жинағы. – Т. 1. – Алматы: Ғылым, 1993.- 280 б.

 

1826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз