• Ұлттану
  • 28 Қазан, 2022

ҚҰҚЫҚТЫҚ БІЛІМ – ДЕМОКРАТИЯ НЕГІЗІ

Ұлан-ғайыр Ұлы далада орналасқан біздің еліміз Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алды. Әрине, бұл асқақ арман, ұлы мұрат Ата заңымыздың 1 бабында  жазылған: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деген конституциялық міндеттермен астастыра атқарылатыны анық. Бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын осы төрт міндеттің ішінде ең маңыздысы және айқындаушысы – құқықтық мемлекет екені сөзсіз. Өйткені, құқықтық мемлекет қалыптаспайынша,  зайырлы, демократиялық және әлеуметтік мемлекет құру мүмкін емес. Ал, құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен қоғамның құқықтық білімі мен тәрбиесі, мәдениеті жоғары деңгейде болуы шарт.  

Қазақ қоғамының бүгінгі құқықтық мәдениеті қай деңгейде? Ол қалай қалыптасады? Құқықтық сана дегеніміз не? Оның іргетасын қалайтын құқықтық білім мен тәрбиенің жай-күйі қандай? Мемлекет қоғамда құқықтық сана қалыптастырып, оны одан әрі дамыту, әділетті сот жүйесін құру үшін қандай іс-шараларды іске асырып жатыр?  Мұның бәрі – өте үлкен сұрақ!

Жалпы, адамда құқықтық сана қалыптастыру үшін бірінші кезекте құқықтық білім беру жұмыстары жүргізіледі. Сол арқылы өскелең ұрпақ, қоғам мүшелері өздері жасайтын ортадағы құқықтары мен міндеттерін үйренеді, оларды күнделікті өмірдегі қарым-қатынастарда қолданады. Осылай жеке адамда және бүкіл қоғамда құқықтық сана қалыптасады. Ол ең алдымен Отан дейтін қасиетті ұғым мен қоғамның негізін құрайтын алтын өзек – Отбасынан басталады. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен ата-ана, әке-шеше, туған-туыс, басқа да қоғам мүшелерімен қарым-қатынастағы жөн-жоралғыларын сақтаудың өзі құқықтық мәдениет пен сананың қалыптасуында үлкен маңызға ие. Оларды жақсы біліп, күнделікті өмірде қолдану, басшылыққа алу – елімізде қабылданған заңдар мен ережелердің талаптарын сақтауға, құрметтеуге, сол арқылы демократиялық қоғамның қалыптасуына оң ықпал етеді.  Тек құқықтық сана мен мәдениеті жоғары қоғамда ғана жан-жақты дамыған демократиялық бағыттағы зайырлы да әділетті мемлекет құруға болады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйек күнгі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында  азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыру қажеттігін айта отырып: «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек» – деді.

Бұл өте дұрыс! Шындығында да әділетті мемлекет, әділетті қоғам құру үшін ең алдымен әділетті сот жүйесі қалыптасуы тиіс. Судьялар өздерінен жоғары тұрған әріптестеріне, мемлекеттік билік баспалдақтарында отырған әртүрлі лауазымдағы шенділерге, тағы басқа да ықпалды күштерге тәуелді болған қоғамда ешқашан құқықтық және әділетті мемлекет құрылмайды. Кез келген жеке адам мен кей жағдайда ұжымның тағдырына қатысты шешім қабылдайтын қазы тек қана заңға сай әрекет етіп, соның негізінде ғана сот төрелігін шығаруы тиіс! Ол үшін судьялыққа ары таза, ниеті ақ, білімі мен білігі,  жауапкершілігі жоғары мемлекетшіл азаматтар тағайындалуы керек. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, келешекте көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізіледі. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілі енгізілмек. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынатын болады. Судьялардың дербестігін арттыру үшін Жоғары сот кеңесінің мәртебесі нығайтылады. Судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру жұмысы сол Кеңестің құзыретіне беріледі. Сондай-ақ, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттігін тоқтату мәселесімен де осы мекеме айналысады.  Бұл мемлекеттік орган нақты кадрлық функциялары бар, толыққанды институтқа айналуы керек. Кадрларды іріктеуден бастап, барлық деңгейдегі соттарды тағайындауға ұсыным беруге дейінгі бүкіл міндет соларға жүктеледі.

Президент күштік құрылымдар сотқа ықпал етпеуге тиіс екенін ерекше бөліп айтты. Оның пайымдауынша, бұл – өте маңызды. Судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылуы керек. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырамыз. Судьяның өрескел қателік жіберген және күшін жойған әрбір сот актісін Қазылар алқасы тексеруге тиіс. «Сот төрелігін атқару сапасы» бойынша судьяларды бағалау және жауапкершілікке тарту институтын түбегейлі қайта қараған жөн. Апелляция институтын реформалау қажет. Істер бірінші сатыдағы сотқа қайтарылмай, нақты мән-маңызы бойынша шешім  шығарылуы керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік құқық бұзушылықтардың ауқымды бөлігінің және мемлекеттік органдармен арадағы азаматтық-құқықтық даулардың Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен реттелуі отандық сот төрелігін барынша ізгілендіріп, әділдікке бастайтынын айтты. Сонымен бірге, аудандық және облыстық соттар деңгейіндегі сот төрелігінің қолжетімді болу мәселесін пысықтау қажеттігіне де тоқталды. Сондай-ақ ол Мемлекеттің сот процесіне қатысуын азайту жөнінде өз пікірін білдірді. «Мемлекеттік органдар арасындағы сот дауларын да ретке келтіретін кез келді. Егер екі министрлік заң нормаларын әртүрлі түсінсе, ондай мәселені Үкімет түпкілікті шешуге тиіс. Дәл осындай тәсілді мемлекеттік органдардың мемлекеттік ұйымдармен арадағы дауларына да қатысты қолдану қажет.  Түрлі өңірде ұқсас істер бойынша әртүрлі шешімдер қабылданатын жайттар жиі кездеседі. Қазір цифрлық талдау жасайтын құрал әзірленуде. Сол арқылы сот төрелігін атқару ісін біріздендіруге мүмкіндік туады. Жоғарғы Сот осы интеллектуалды жүйені толық  енгізуді тездеткені жөн» – деді Президент.Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау мұнымен аяқталмайтынын, бұл шаруамен мамандар Жоғарғы Соттан тыс айналыса беретінін айтты.   Бұл қадам үдеріске бәсекелік сипат беріп, оны қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар үшін ашық, яғни, анағұрлым тиімді етеді.  Қасым-Жомарт Тоқаев Құқық қорғау органдарын реформалауға қатысты да  маңызды пікір білдірді. Оның ойынша, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерді мұқият саралап, ондағы қолданылмайтын немесе сот төрелігіне кедергі келтіретін артық-ауыс нәрсенің бәрінен арылу қажет. Тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін оларды қайта-қайта өзгерте бермеу қажет. 2015 жылдан бері Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге 1200-ден астам өзгеріс енгізілген. Уақытша жағдайларға байланысты немесе аясы тар корпоративті мүдделерге бола заңдарды өзгертуге жол берілмеуге тиіс. Сондықтан, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы түзету құзыретін Әділет министрлігіне беру қажет. Ол үшін мекеменің кадрлық әлеуетін нығайтып, заң шығару қызметінің сапасын арттыру керек.

Бұл міндеттердің бәрі Әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам құру мақсатынынан туындайтындықтан, ал оған құқықтық білімі мен мәдениеті жоғары тұлға, құқықтық сана толық қалыптасқан қоғам арқылы ғана жететіндіктен, мемлекет құқықтық білім мен тәрбие беруге ерекше көңіл бөліп, тиімді де нәтижелі жұмыстар жүргізуі тиіс. Бұл тұрғыда отбасы, мектеп пен  орта және жоғары оқу орындарының орны өте үлкен. Сондай-ақ, газет-журналдар мен радио және телеарналарда арнайы айдарлар, нақты бағдарламалар көбейсе – нұр үстіне нұр! Үкімет құқықтық бағыттағы ұлттық басылымдар мен теле-радио бағдарламаларын көбейту, оларда білікті мамандар мен ғалымдардың, қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың мақала-сұхбаттарын, ой-пікірлерін көбірек және жиірек беру арқылы заңдарды түсіндіру, ел тұрғындарының құқықтық санасын дамыту мәселесіне нақты көңіл бөлгені дұрыс! Өйткені, құқықтық білім мен мәдениет – зайырлы, демократиялық мемлекеттің, әділетті де берекелі қоғамның негізі.

   Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

1475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз