• Еркін ой мінбері
  • 26 Қазан, 2022

Масылдықтың түп себебі неде?

Еңбек ұғымының негізгі қағидаттары мен заңдылықтары, еңбекке қатысты мазмұнды пікірлер қашанда өзекті болып табылады. Осы орайда адам бойындағы «масылдық», «әлеуметтік инфантилизм» тәрізді жағымсыз қасиеттерді тілге тиек етуді жөн көрдік.   Иә, шын мәнінде масылдықтың ас­тарына үңілсек, онда белгілі бір қоғамдық себептердің бар екеніне көз жет­кізуге болады. Адам – табиғатынан өзгермешіл. Бұл орайда қоғам мен өмірлік жағдайлардың өзі тудырған әлеуметтік теріс психология жылдар бойы қалыптасып, санаға әбден сіңісті болған жағдайды да көріп отырмыз. 

Біреу­дің есе­бінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиын­дыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз қылықтар, әсіресе, нарық заң­дылықтарына негіздел­ген қоғамда ай­қын байқалып қалады. Жалпы алған­да адамның еңбекке деген қабілет қарымы, ынта-жігері жайдан-жай қалыптаспайтыны тағы белгілі. Еңбекке деген сұ­раныстың жоқтығы, адамның өзіне деген сенімсіздігі көп жағдайда «масылдық психологиясын» туындатуы да мүмкін.

Мемлекет басшысы атап өткендей, «әлеуметтік жаңғырту жолындағы айтарлықтай кедергі әлеуметтік инфантилизм секілді кең тараған құбылыс болып табыла­ды. Оның негізінде 90-шы жылдар­дағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастапқы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, теріс көзқарас жатыр. Бұл игілікке жетудің алдамшы формуласы – «аз жұмыс істеп, көп табу», «ауадан ақша жасау» және тағы басқаларды абсолютке көтерді. Әлеуметтік инфантилизммен зорайтылған дөрекі тоғышарлық жаңғыртудың тежегіші болуға қабілетті».

Қазақстанның қазіргі даму мүмкіндіктері кең арнаға түсіп отырғанда, біздің азаматтарымыздың кежегесі кейін тартып, масылдық психологиясынан, әлеуметтік инфантилизм секілді дерттен арыла алмай келе жатқандығының себебі неде? Әлеуметтік инфантилизм мен масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге, кешегі кеңестік жүйенің шекпенінен арылып, тәуелсіз ел ретінде өмір сүре бастауымыздың өзі түптеп келгенде адам бойындағы «түсініксіз қасиеттердің» пайда болып, туын­дауына алып келген жоқ па? Уақытша орын алған әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың өзі отандастарымыздың санасын жүз сексен градусқа өзгертіп жібергенін қалай жоққа шығаруға болады? Өтпелі кезеңнің қиын жерлері де осы болуы мүмкін – шынайы еңбек етуге тиіс адам әлденеше себептерді сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алушылық та осындай әдеттердің пайда болуына негіз болып отыр. Ғасырлар бойы адамды адам еткен еңбек деп келсек, бүгінде сол еңбектің өзі көкпар тартысқа түсіп отырған жайы бар. «Еңбекті еңбек ретінде қабылдамаушылық», «еңбектің ырыс пен байлық әкелетінін түсінбеушілік», «еңбектің әр адамға бөліп берер несібесінің барын ұға алмаушылық», «еңбекті тек қана еңбек тудыратынын білмеушілік», «еңбектің арқасында барша өмірдің жақсара түсетінін мойындамаушылық» тәрізді көзқарастар адам жүрегінің түбінен терең орын алып алған сыңайлы. Рас, қазір әлем, заман басқа. Бұрынғыдай елдің барлығы жаппай зауыттарда, еңбектің қайнаған өтінде қызмет етпейді. Әркім өзіне ұнайтын, өзінің көңіліне жағатын жұмысты атқаруға құмбыл. Бос жүрген адамды жазалайтын кеңестік жүйе келмес-ке кетті. Уақыт талаптары өзгерді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ойшыл Абай сөзі кейбіреулердің санасын аса бір тебіренте қоймайтын да жағдайларды көріп жүрміз. «Маймылды адам еткен еңбек» деген сөз жаратылыс тұрғысынан алғанда нанымсыздау болса да, еңбек тұрғысынан алғанда бұл, әсілі, дәл айтылған сөз.

Бірақ біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын да көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр. Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болғымыз келетіндігі рас болса, бұл психологиядан арылу қажет.

Белгілі философ Серік Нұрмұратов масылдықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан ке­мелденуі керек деген пікірде. Профессордың айтуынша, масылдық адамдар арасында қандай да бір тарихи кезеңде де көрініс беріп отырған.

– Масылдықты теріс құбылыс ретінде талай жырауларымыз, шешендеріміз өздерінің нақыл сөздерінде айтып кеткен. Масылдық айналып келгенде адамның өз-өзін түсінбеуінен, өзіне беретін бағасының төмен болуынан, рухани жетілмеуінен болады деп есептеймін. Ал шынтуайтына келетін болсақ, адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Шынайы еңбек қана адамды бақытқа жеткізеді.

–Сіздің ойыңызша, еңбектің мәнісі неде?

– Менің ойымша, еңбектің мәнісі – еңбек етуде. Адамзат қоғам құра бастағаннан бастап еңбек – адам өмірінің түпкі негізіне айналды. Кезінде еңбектің әртүрлі қырлары туралы көптеген даналар ой толғап кеткен. Еңбек туралы көптеген ұлағатты ой-пікірлер қазақ халқының да ой-санасынан орын тепкен. Демек, еңбек деген бүкіл адамзат баласының сенімді күшіне айналды. Еңбекқорлықтың маңызы жөнінде ғұлама ғалым әл-Фарабиден бастап, Абай, Шәкәрім сынды ойшылдарға дейін шығармаларына арқау еткен. Еңбексіз бұл дүниеде ешнәрсенің мәні де, сәні де болмайтынын, дүниедегі әрбір нәрсенің өлшемі – еңбек екенін терең пайымдатқан.

Жалпы алғанда еңбек жөнінде сүбелі ойлардың айтылатын уақыты жетті деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін, жаңа қоғамдық қатынастар орнай бастады емес пе?! Еліміз капитализмнің не екенін, нарықтық қатынастардың қандай болатынын көре, біле бастады. Өйткені оның алғашқы белгілері келді бізге. Бірақ капитализмнің жүйе ретінде бірден орнығып кетуі оңай емес. Ол үшін сол қоғамда өмір сүретін адамдардың санасы оны қабылдауға дайын болуы керек. Біз үшін ол таңсық дүние болғандықтан, капитализмнің алғашқы сатыларынан өтуге тура келді. Нарықтық қатынастардың орнауына біраз жылдар керек болды. 90-шы жылдардан бері қарай есептесеңіз, оншақты жыл бойы біз «жабайы» капитализммен өмір сүріп келдік. Базарда қап арқалаған саудагерлерге нағыз іскер, кәсіпкер ретінде қарай бастадық. Ол экономикалық қарым-қатынастардың әлі дами алмай жатқан кезі болып еді. Сондықтан да нарықтық қатынас дегеніміздің өзі, шынтуайтына келгенде қоғамдағы тәртіптің үйлесімді болуы, қабылданған экономикалық заңдардың мүлтіксіз орындалуы, азаматтар арасындағы мәдениетті қарым-қатынас дәрежесінің жоғарылауы, моральдық, адамгершілік құндылықтардың бірінші орынға шығуы. Міне, осы айтылған нәрселер болғанда ғана біз толық нарық­тық қоғам құра алдық деуімізге болады. Нарықтық қатынас кісі ақысын жеу емес, біреуді алдап-арбап кету емес. Ол өркениетті қоғамның шынайы бейнесі бо­лып табылады. Мәселе осында жатыр. Осы­дан келіп кәсіп болсын, еңбек болсын, өз деңгейіне көтеріледі. Былайша айт­қан­да, өзінің нәтижесін бере бастайды.

– Кеңес Одағының өзге де мемлекеттері тәрізді біздің еліміз де экономикалық тұрғыдан өзгеріске түсті. Бірақ бұл өтпелі кезеңнің біздің қоғамға кері әсер еткен тұстары болды ғой. Атап айтқанда, «қайткен күнде жеңіл ақша тапсам» деген түсініктің пайда болуы?

– Дұрыс айтасыз. Міне, сондықтан да осындай жолға бейім тұратын адамдар пайда болды. «Жеңіл ақша» ұғымының астарында өзіңіз тақырып етіп көтеріп отырған масылдық психологиясы жатыр. Негізі кез келген жолмен келген жеңіл ақшаның ғұмыры ұзаққа бармайды. Адам баласының еңбекке маңдай терін төге отырып тапқан ақшасы ғана өзіне ырыс болып дариды. Өкінішке қарай, біздің қоғамда да осындай оймен өмір сүретін азаматтардың бар екенін көріп жүрміз. Мысалы үшін, кейбіреулерге адал кәсіп істеп, ауыр жұмысқа барып, нәпақа табудан гөрі, біреуге масыл болып күнін көру әлдеқайда жеңіл сияқты көрінеді. Олар жұмыстың басқа көзін іздемейді. Жалғыз мамандығына, алған дипломына иек артып отырып қалады. Өзгермелі заманда мамандыққа байланып қалудың қажеті жоқ, меніңше. Қолыңнан не келеді, бойыңда қандай қабілет бар, соған қарай икемделу керек. «Жұмыс жоқ» деп отыра бергеннен ешкім сырттан жұмыс әкеліп бермейді ғой. Сондықтан масылдыққа бастайтын кез келген әдеттен, кез келген ой-пікірден санамызды тазалап алуымыз керек. Бізге неміс халқына тән ұқыптылық, жапондар мен қытайлықтарға тән еңбекқорлық жетпей жатыр. Әйтпесе, жеріміз бай. Тек соны ұқсата алмай отырған өзіміз. Қытайлар таңертеңнен кешке дейін еңбек етіп, бір миллиардтан аса халық болса да, өз-өздерін асырап отыр. Мұның барлығы еңбек етуге деген жігердің, жанкештіліктің күштілігінен. Олар бірлесе еңбек етудің жолдарын жетік меңгеріп алған. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, ендігі кезекте бізге де бірлесе еңбек ету психологиясы ауадай қажет. Өзімшілдік ойдан, қарақан бастың қамын күйттеуден арылатын кез келді.

Менің кейде таңғалатыным, біз мақтанғанды жақсы көретін халықпыз. Думандатып той тойлағанды қалап тұрамыз. Мұның бәрін шектеу керек. Арқаны кеңге салып, той тойлап жүрудің заманы өтіп кетті. Бұдан былай бізге ұқыпты, тәртіпті өмір сүруді үйрену керек. Ал кез келген тәртіп адамның өз-өзін тәрбиелеуден басталады. Егер бізде «мен бұл қоғам үшін не істей аламын», «мемлекетіме, халқыма, еліме қандай көмек бере аламын» деген ой жүретін болса, біз масылдықтан, біреуге сеніп күн көрушіліктен, бос дарақылықтан, мақтаншақтықтан, жайбасарлықтан, өзімшілдік көзқарастардан құтылар едік. Мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілген ұлт болар едік. «Өзім, өзім» деп, өзімшілдікпен өмір сүретін адам жалғыз өзі ешуақытта көгермейді де, өспейді де. Өзара бірігіп, өзгеге де пайдасы тиетін еңбекті атқара білсек үлкен жетістіктерге жетеміз. Оны ғылымда «шығармашылық еңбек» дейді. Яғни, шығармашылық еңбектің ең бірінші шарты оның көпшілікке тиер пайдасы болуы. Абай айтпақшы, әр адам өзінен-өзі есеп ала отырып, еңбектің жолына түсуі керек. Сол себепті де менің ойымша, жұмыссыз жүргендердің басын қосып, бейімдейтін бір орталық керек сияқты. Бұл мәселені қоғамдық ұйымдар ұйымдар қолға алса жақсы болар еді. Ондай орталықтар жұмыссыз жүрген азаматтарға адами көмек көрсетсе, жастардың бойындағы дарынын ашуға көмектессе деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар құр сөз, декларация түрінде қалып қоймай, нақты істермен түйінделсе. Егер біз еңбекке жұмылған қоғам қалыптастырамыз десек, қоғамдық санаға серпінді өзгеріс керек. Екінші бір мәселе – «арамызда масылдар бар» деп оларды ешуақытта кеудесінен итеріп тастауға болмайды. Біз, ең алдымен, бір-біріміздің қамымызды ойлап, қол ұшын бере білуіміз қажет. Ел болу үшін біріміздің мүддемізді біріміз қорғауымыз керек. Сонда ғана масылдық деген ұғымнан түбегейлі арылатын боламыз.

Танымал психолог Анна Құдиярова масылдықтың туындауын қоғамдық, әлеуметтік себептерден іздейді.

– «Масылдық» пен «әлеуметтік инфантилизм» бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бұл қасиеттерді кез келген адамның бойынан кездестіруге болады. Неге десеңіз, біз бірден үлкен болып туа салған жоқпыз ғой. Бәріміз нәресте, бүлдіршін, бала болған кезден өттік. Ал кішкентай нәрестенің бойында масылдық психологиясы терең орнығып алады. Өйткені ол өзі ештеңе жасамайды, – дейді Анна Құдиярова. Оның айтуынша, әрбір бала өзінің айтқанын айналасындағы адамдарға орындатады. «Мысалы, бала «қыңқ» етсе сүтін береміз, тамағын дайындаймыз, еркелетіп, әлпеш­тейміз. Міне, бұл оның санасында масылдық әдеттерін қалыптастырып тастайды. Сон­дықтан мұндай балалық психология әрқайсымыздың бойымызда, жанымыздың түкпірінде бәрібір сақталып қалатындықтан, мен ма­сылдықтан толық арылдым деп ешкім айта алмайды. Саналы, бейсаналы түрде болсын кез келген адамда баяғы ертегідей: «маған бәрі өздігінен келе қалса, мен ештеңе жасамасам. Бәрі бірден бола қалса» деген ойдың болуы психологиялық заңдылық. Еңбекке бірден құлшынбайды. Еңбек еткісі келмейді. Ерінбей еңбек етуді отбасында әке-шешеміз үйретсе, мектепте мұғалімдеріміз үйретеді. Адам еңбекке бірте-бірте дағдыланады. Басында біреу маған көмектесе қалса деген оймен жүріп, келе-келе оған өзінен басқа ешкім көмектеспейтінін түсінеді де, жұмыс істеп, ақша табуға мәжбүр болады. Сөйтіп, белгілі бір деңгейде біреуге масыл болудан арыла бастайды. Былайша айтқанда, өз күнін өзі көруге бейімделеді.

– Еңбек адамға бақыт алып келе ала ма?

– Егер де адам өзіне ұнайтын кәсібін тапса, сол арқылы ырыс-несібесін арттырса, адамға бұдан артық байлықтың, одан асқан бақыттың қажеті де болмай қалады. Ал кейбір адам өзіне ұнамайтын жұмыс істеп жүреді. Ол жерде ол көп ақша таба ма, аз ақша таба ма, мәселе онда емес. Мәселе – сол адамның істеп жүрген жұмысы өзіне ұнамауында. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, өмірде өзінің сүйікті кәсібімен шұғылданбаған адам кез келген сәтте басқа теріс жолға бет бұрып кетуі мүмкін.

– Сіздің ойыңызша, масылдықтан құтылудың жолдары бар ма?

– Әрине, бұл үшін ең алдымен санаға әсер ету керек. Жақындарына, ағайындарына, қоғамға, үкіметке масыл болып жүрген адамдардың көзқарасын өзгертуіміз қажет. Барлығы да адамның өзіне байланысты екенін, қаласа жақсы еңбек істей алатынын, ізденсе, әйтеуір өз күнін өзі көріп кете алатынын ұғындыру керек. Бұл жұмыс бұқаралық сипат алуы керек деп есептеймін. Осы тақырыпқа түрлі дөңгелек үстелдер, семинарлар, телебағдарламалар ұйымдастырса, жақсы болар еді. Өз басым сондай адамдарды психологиялық машықтанудан өткізер едім. Біздің адамдарда психологиялық мәдениет жоқтың қасы. Ол өзінің жан дүниесін терең білмегендіктен, бойындағы дарынды, қабілетті дұрыс пайдалана алмайды. Осының әсерінен де өмірде жолы болмай жатады. Адам өзін жақсы біліп тұрса ғана өзіне көмектесе алады. Мүмкін сонда ол өзін бақытты ететін кәсіптің түрін тауып алар ма еді? Мен сізге өмірден мысал айтайын. Біздің орталыққа 32 жастағы келіншек келді. Оны бала кезінде ата-анасы балет оқуына берген. Бірақ балет өнері оған ұнамаса керек, өмірін сол жолға арнаса да, қазір бір мекемеде есепші болып жұмыс істейді екен. Ал өзінің шешімін шешесіне айтуға қорқып жүр. Міне, көрдіңіз бе, кейде біз жас баланың саусақтарына қарап «мынау музыкант» болады екен деп, оны музыка мектебіне апарамыз. Бұл дұрыс емес. Ол жерде баланың саусағына емес, жанына, ой-санасына, қабілетіне мән беруіміз керек. Мүмкін ол баладан жақсы мұғалім, спортшы, кәсіпкер, өндіріс маманы шыға­тын шығар. Осындай нәрселердің бәрі адам жанының психологиясын білмеуден туындап жатады. Адам кәсібін тауып, бақытты болса, масылдыққа бой алдырмайды. Ондай адам жұмыс істемей тұра алмайды. Биді жақсы көретін адам, билемей тұра алмайды. Әнді жақсы көретін адам, ән айтпай тұра алмайды. Мұғалімдікті жақсы көрген адам жалақысы төмен болса да ол кәсіпті тастай алмайды. Бір сөзбен айтқанда, адам өзінің жан қалауын тапса ғана ол ешкімге масыл болмайды. Ешкімнен ештеңе күтпейді.

– Кеңес уақыты кезінде бос жүрген адамдарға шара қолданатын еді ғой.

– Кеңес кезінде ондай заңдардың болғаны рас. Ол кезде де жұмыс істегісі келмейтін адамдар болды ғой. Өкімет бәрін жаппай еңбекке тартуға күш салды. Бірақ менің ойымша, ол кезде жұмыс істемей, бос жүргендер белгілі бір дәрежеде кеңестік жүйеге қарсы болғандар. Олар өзінің қарсылығын көрсету үшін де солай жасады ма деп ойлаймын. Жалпы адамды масыл деп кінәлаудан бұрын, масылдықтың себептерін анықтап алуымыз керек. Неліктен масыл болып отыр? Жұмысы жоқ па, білім жоқ па? Мүмкін жұмысқа тұра алмай жүрген шығар. Сол себептен жұмыс істемей жүрген адамдарды масыл деп айту қиын.

Біздің айтпағымыз, масылдық ол көктен түскен нәрсе емес. Ол адам баласының бойында жүре пайда болатын жағымсыз қасиет. Сондықтан масылдықпен күрес өмір бойы жалғасады. Адам баласы өз бойындағы жалқаулықты қалай жеңуге тырысса, масылдықты да солай жеңуге тырысуы керек. Бұл орайда ғалымдардың ойы «бәрі де адамның өзіне байланысты» дегенге саяды. Өмірде өз жолын дұрыс таңдап, сүйікті кәсібін таба білген адам ғана масылдықтан арылады. Нақтылай айтқанда, масылдық тек бүгін ғана пайда бола салған нәрсе емес. Сол себепті де оны түбегейлі жойып жіберу де қиынға соғары анық. Дегенмен, масылдықпен күресіп, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке баулып, жаппай қоғам болып еңбектің рөлін биіктеткенде ғана еліміздің дамуы, өркендеуі бірнеше сатыға жоғарыламақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында  қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алғанын атап өткен болатын. «Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал, көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан, бізге түбегейлі өзгеріс керек» деген Мемлекет басшысының сөзі күрделі мәселені қоғам болып шешуіміз керектігін меңзеп тұрғандай.

Тілеубек ҚАҒИБАТОВ

2510 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз