• Ел мұраты
  • 18 Қараша, 2022

САЙЛАУ ЖӘНЕ САЯСИ НАРЫҚ

Тәуелсіз Қазақстанның артта қалған үш онжылдығында экономикалық нарық қалыптасқанымен, саяси нарықтың іргетасы қаланып, сөгілмес қабырғасы тұрғызыла қойған жоқ. Мойындауымыз керек, квазимемлекеттік сектор субъектілері де, отандық бизнестік құрылымдар да, трансконтинентальды компаниялар да – бәрі-бәрі ашық бәсекеге құрылған ортада ғана өркен жайып, өз өнімін шығара алады. Демократия принциптеріне адал, заң үстемдік құрған елде ғана компродорлық, делдалдық буржуазияның тынысы тарылып, аяғы тұсалады. Біздің, отандастарымыздың, Жаңа, Жаңғырған, Әділетті Қазақстан құру идеясындағы елдік мүдде мен мемлекетшілдікке басымдық беріп, белі қатайып, бұлшықеті білеуленген ертеңге деген сенімі бары қуантады.

Мемлектіміздің әлемдік инвестициялық рейтингте жоғары сатыларға көтерілуінің маңызы зор. Неге десеңіз, халықаралық қаржылық ұйымдар сол шкалада биік көрсеткішекке, нәтижеге ие елдің ғана әлеуметтік-экономикалық жобаларын қолдап, төмен несиелік ствка қояды. Донор табылмаса, күретамырың бітеліп, қан жүруі баяулайды. Қалайық, қаламайық, бұл – каптал жинаудың басты заңдылығы. Балабақша, мектеп, аурухана, спорт кешені сияқты әлеуметтік нысандардың көптеп бой көтеріп, халық игілігіне жұмыс істеуі де жаһандық жағымда имиджің мен репутацияңа байланысты. Демек, алдаға сайлауда таңдауымыз әлемдік қауымдастықта абырой-беделі бар, тәжірибесі мол кандидатқа түскені абзал.

Әділ бәсеке, тең құқықтық, жарыспалы тәртіпке бағынған сайлау ғана демократия институтының қалыптасып, дамуына негіз бола алады. «Халық үніне құлақ асушы мемлекет» концепциясы өз өміршеңдігін дәлелдеп, қоғамның түрлі әлеуметтік қабаттарында тамырын кеңге жаятынына сенеміз. Суперпрезденттік модельден бас тартып, атқарушы биліктің кейбір құзіреттерінің парламентке берілуі, конститутциялық сот жүйсінің қайта қалпына келуі, ол – диктаторлық, отбасылық-кландық басқарудан саналы түрде бас тартқанымызды білдіреді. Әрине, өріс кеңейтіп, алға жылжуда эволюциялық үлгіні таңдап, тұтастық пен татулықты сақтап, барынша толеранттылық танытудың жеңісі де көп күттірмейді. «Бір ақымақ келіп соғысты бастап берсе, оны кейін он ақылды жиылып тоқтата алмайды» деген мойындалған қағидат бар. Оны қазір әлемде орын алып отырған саяси жағдайдан, қатар жүріп жатақ автоматтар мен ақпаратар атысынан көріп-біліп отырмыз. Ендеше, революциялық көңіл күй тудыратын лозунгтар мен слогандардан абай болып, себеппен емес, оның салдарымен күресіп қалатын жағдайдан сақтанан жөн.  

Қазақстан жер көлемі бойынша әлем елдерінің ішінде 9-орында. Осынау ұлан-ғайыр территорияда қолға алынып, стратегиялық маңызға, мемлекеттік мәнге ие кез келген жоба-жоспар глобалды, ауқымды сипатқа ие екені белгілі. Мысалы, автобандар салу, цифрландыру, елді мекендерді ауызсумен, жылу жүйесімен қамтамасыз ету азғана уақыттың еншісіндеге шаруа емес. Біздіңкі Еуропаның аумағы шағын елдерінің ереже-талабынан өзгеше, біршама мәуріт-мезетті қажет етеді. Елімізде президенттік мерзімнің 5-тен 7 жылға ұзартылып, Ата Заңымызда шегенделіп қойғанының негізгі себебі де осында жатыр. Мұны таққа, билікке құмарлық дегеннен гөрі, табиғи, территориялық қажеттілік деп қабылдасақ, қателеспейміз.

Алдағы жексенбі, яғни 2022 жылдың 20 қарашасы күні Қазақстан Президентінің сайлауы күн. Ел тұрғындарын өз таңдауын жасауда белсенділік танытып, өркениет көшіне ілескен еліміздің азат рухты, өр намысты, әлеументтік әлді, әлеуеті артып келе жатан болашақ үшін дауыс беруге шақырамыз! Конституциялық құқымызды пайдаланып, азаматтық қоғамның мүшесі ретінде таңдауымызды жасап, сайлау учаскелерінен табылайық.

Бекжан ӘШІРБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Журналистика факультеті, ЮНЕСКО-ның журналистикасы мен коммуникациясы кафедрасының аға оқытушысы

Мұрат ШАЙМАРАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Журналистика факультеті, ЮНЕСКО-ның журналистикасы мен коммуникациясы кафедрасының аға оқытушысы

 

887 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз