• Ел мұраты
  • 24 Қараша, 2022

САЯСИ САУАТТЫЛЫҚ ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңінде басталған саяси өзгерістер жоғары білім саласына да жаңа міндеттер артып отыр. Сонымен қатар, азаматтардың саяси ғылымды түсініп, саяси мәдениеттің негіздерін игере білуі де бүгінгі саяси реформалар мен қоғамдық жаңғырудың маңызды шарты десек артық емес. Заманауи қоғамдық-саяси процесстер студенттердің де білімі мен дағдыларына жоғары талаптар қоюда. Оның ішінде саяси білім беру де жаңаша оқу құралдары мен білім беру әдістемесін қажет етеді.

Бұл тұрғыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценттері, саяси ғылымдар докторы С.Ш.Мұсатаев пен саяси ғылымдар кандидаты Е.Т.Іңкәрбаевтың «Саясаттану» пәні бойынша әзірлеген оқу құралының жарыққа шығуы қуантарлық жаңалық болып табылады. Соңғы жылдары «Саясаттану» пәні бойынша заман талабына сай келетін, қазақ тілінде жарық көрген оқулық пен оқу құралдарының жетіспеушілігі байқалып келді. Авторлар бірінші кезекте соны жете түсініп, аталмыш олқылықтың  орнын толтырып, сұранысқа сай, қоғам қажеттіліктерін өтеуге ұмтылып отырған сыңайлы.

Оқу құралының барлық тарауларында саясаттану пәнінің негізгі тақырыптарын толыққанды және ұғынықты түсіндіруге көмектесетін нақты материалдар берілген, саясаттың негізгі мәселесі – биліктің табиғатын түсіндіретін әдіснамалық бағыттар, саяси құбылыстарды зерттеу әдістері, саясаттың негізгі теориялары мен түсінік категориялары, арнайы  функциялары, саясаттанудың әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі алатын орны белгіленген.

Әлемдік саяси ілімдер тарихы, оның қалыптасу мәселелері, саясаттанудың мәні мен мазмұны, билік феномені, қоғамның саяси жүйесінің сан-алуан теориялары мен құрылымы, оның ерекшеліктері, тоталитарлық немесе авторитарлық жүйеден демократиялық жүйеге өту логикасы, мемлекеттің орны мен рөлі, саяси-қоғамдық қозғалыстар мен партиялардың генезисі, қоғамның саяси мәдениеті мен азаматтардың санасының жаңғыртылуы, көшбасшылықтың түрлері мен саяси элитаның атқаратын қызметі осы оқу құралында жан-жақты қарастырылған.

Қазіргі уақытта қазақстандық қоғам өмірінің барлық жақтарын қамтып отырған үлкен өзгерістер саяси кеңістікте мейлінше  анық және дәл көрініс тауып отырғаны шындық. Ал, мұндай саяси процесстердің көп түрлілігі мен әр алуандылығы саясатты жаңа мазмұнмен толықтырып отыр. Ғаламдағы мемлекеттердің  арасындағы саяси байланыстар артып, олар әртүрлі формаларда көрініс беріп, халықаралық саяси өмір мүлде жаңа сапаға ие бола бастады.

Әлемді шарпыған саяси жанжалдар мен қақтығыстар, ақпараттық соғыстар, ұзаққа созылған экономикалық дағдарыстар және олардың ауыр салдарлары әлемдік саясатты терең зерттеуді қажет етуде. Қоғамның күннен күнге саясаттануы, мемлекетті басқару ісіндегі жаңа үрдістердің пайда болуы, халық белсенділігінің артуы, азаматтық қоғамды тезірек құруға ұмтылыс – студенттердің де саясатқа қызығушылығын туғызып отыр.  Ал азаматтардың саяси сауатты болуы мен саясатқа белсене қатысуы демократиялық қоғамның басты шарттарының бірі. Мұның барлығы  қоғамдық ғылымдар арасында саясаттанудың беделді ғылым екендігін білдіріп қана қоймай, оның пән ретіндегі мәртебесін арттыруда.

Осылайша саясаттану рөлінің барынша  жылдам өсуі, оны оқытудың  аса маңыздылығын және өзектілігін білдіреді. Сондықтан, аталмыш «Саясаттану» оқу құралының мақсаты – саясат пен билік мәселесіне жалпы  қызығушылығы бар қауымды, әсіресе студенттерді  кез келген білімді азамат үшін қажетті нақты саяси құндылықтар туралы  қысқа да нұсқа, түсінікті біліммен қамтамасыз ету болып анықталған.

Жоғары оқу орындарындағы қойылатын оқу-әдістемелік талаптарға сай,  әрбір тақырып көрнекі құралдармен, схема, диаграмма, таблица, статистикалық мәліметтермен толықтырылған. Кітапта анықталған  тақырыптың мазмұнын студенттер тереңірек түсінуі үшін практикалық сабақтарда, яғни  семинарларда олардың  жан-жақты  нақтылануы және талдануы ескерілген.

Студенттердің өзіндік жұмыстарында, теориялық дәрістерде алынған білім одан ары  талқылануы қарастырылған. Білім алушыларға материалды игеру жеңіл болуы үшін,  әр тақырыптың соңында соған сәйкес он пайдалы әдебиеттер тізімі көрсетілген. Бұл әдебиеттер тізімінде алыс және жақын шетелдерде, Қазақстанда  соңғы жылдары саясаттану пәні бойынша жарық көрген оқу және зерттеу жұмыстарына керек жаңа ғылыми еңбектер, лекциялар курсы, оқулықтар мен оқу құралдары берілген.

Егер, саяси ғылымдар адамдарға гуманизм және рационализм қағидаттарын басты назарда ұстап, жоғары саяси мәдениетті алып жүруге көмектесетін болса, бұл оқу құралы да жастардың бойында демократиялық құндылықтарды  қалыптастыруға жәрдемдеседі. Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы он жылдың ішінде, саясаттану бойынша ана тілінде жаңа оқулық пен оқу құралдарының мүлде шықпағаны белгілі. Ал, бұрындары баспадан жарық көрген «Саясаттану» кітаптарындағы мәліметтердің ескіргенін басты назарда ұстаған авторлар саясаттанудың негізгі мәселелерін  әлемдегі заманауи саяси үдерістермен де, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы  саясатымен  тығыз байланыста түсіндіруге ұмтылған.

Қазақстанда  соңғы уақыттарда орын алған саяси реформалардың мәнін, жаңа идеологеммалардың мазмұны мен бағытын, саяси жүйесінің модернизациялануын, партиомадағы өзгерістерді, қоғамдық өмірдегі жаңартуларды  түсіндіруге және ашып көрсетуге барынша ыждағаттылық танытқан.

 Авторлар әлемде үздіксіз жүріп жатқан геостратегиялық императивтердің  мәнін, жаһандану процесінің жағымды әрі жағымсыз жақтарын ескеріп, Қазақстан Республикасының  халықаралық аренадағы  саяси салмағын анықтауға күш салған. Осы тұрғыдан алғанда,  С.Ш.Мұсатаев пен   Е.Т.Іңкәрбаевтың «Саясаттану» оқу құралында берілген пайдалы материалдарды оқу арқылы, студенттер еліміздегі саяси процесстерді жеңіл  түсінуге мүмкіндіктер алады деп сенеміз.

Жомарт СИМТИКОВ,

Абай атындағы ҚазҰПУ

Саясаттану және әлеуметтік-

философиялық пәндер

кафедрасының профессоры,

                                         саяси ғылым докторы

184 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз