• Ұлттану
  • 25 Қараша, 2022

РУХАНИ КОД – ҰЛТТЫҢ ІШКІ ЖАН ДҮНИЕСІ

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымының докторы, профессор

Рухани өмір – нәзік, нарықтың ырығына бейімделе бермейтін, теңгемен өлшенбейтін  құбылыс. Нарықтың басым үстемдігі рухани құндылықтарға сан қиянат әкелуі де мүмкін.  Бүгінгі Қазақстандағы эстраданың кейбір озбыр көріністері төлтума мәдениет дамуына, имандылыққа тәрбиелеуге салқынын тигізуі – мәдениетті коммерциялаудың айқын көрінісі.Осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын  жаңғырып отыруы тиіс» деген ой алға тартылғаны мәлім. Мұндағы  шешуші мәні бар ұғым ол – рухани код. Код көп  мағыналы ұғым, оның  мазмұны өз объектісіне қарай алуантүрлі. Морзе әліппесінің кодын ұғыну, болмаса христиан дініндегілердің икондары сүреттерінің, белгілерінің, кескіндерінің кодын анықтау жолдары өз алдына ерекше құбылыс.

Ал ұлттық кодтың жөні бөлек. Мәдениеттануда оны генотип, немесе тұқымдық факторлар жиынтығы деп те айтады.  Атауы жоқ ұлт жоқ сияқты, ұлттық құндылықтарысыз, өз топырағына терең тамыр жібермеген ұлт болмайды.  Егер Франциядағы, болмаса Америкадағы қазақтың шөбересі қазақпын десе, демек оның  терең тамыры жайылған  қазақпен байланыстары, қастерлейтін, бағалайтын бұлды дүниелері бар.

Ұлт құндылықтарының астарындағы факторларды түсінуде және қабылдауға байланысты  философиялық және саяси  ойлар тарихына көз жіберсек, үш  ағымның айқын көрініс алғаны  назар аудартады.

Біріншісі – ұлт жасанды, уақытша  қауымдастық, өмірге келеді, кетеді,  жойылады, басқаларға сіңіседі дейтіндер. Бұл тұжырымды – конструктивизм дейді. Әртүрлі  детальдардан құрастыратын балалар ойыншығы – конструктор сияқты ұлт тамырсыз, шынайы емес, санадағы, қиялдағы құрастырылған қауымдастық.

Конструктивизм басында тегі орыс, американдық социолог П.Сорокин (1885-1968) тұр. Ол 1917 ж. «Революция және социология» атты еңбегінде «Ұлт» ұғымын талдауға аса зор мән береді.  «Ұлт деп кейбіреулер қан, тек, нәсіл бірлігін айтады. Шындығында таза неміс, ағылшын қаны деген қан жоқ. Қан тазалығы жылқы зауыттарында  кездеседі, «таза қан» айғырлар да ғана  бар. Ал адамдарды қан біріктіреді деу қате…» —  дейді ол. «Иванов пен Петров»  — бір ұлттан, оларды жақындататын қандарының химиялық құрамы емес». Бұл да сол соның  уәжі.

Кейбіреулер ұлттан ұлтты айыратын тіл дейді. Бір тілде сөйлейтіндер бір ұлтқа жатады делінеді. П.Сорокин оны да теріске шығарады:  «Егер тіл — ұлттың шешуші белгісі болса, венгер тілі мен неміс тілін бірдей білетіндерді кім  дейміз? Ағылшындар мен американдықтар да негізінен ағылшын тілінде сөйлейді, бірақ әртүрлі ұлттар», – дейді ол.

Дін де ұлттың  белгісі бола алмайды, себебі бір дінді көп ұлттар ұстанады. Ортақ экономикалық мүдде де ұлттың белгісі бола алмайды. Экономика саласында әртүрлі ұлттар өкілі еңбек ете береді.

«Мәдениет те ұлттың белгісі бола алмайды. Егер тіл, дін, экономика әртүрлі ұлтқа ортақ болса, онда мәдениеттен не қалды?» – деп абыржиды ол.

«Кейде ұлттық психология, мінез-құлық ортақ деген пікір айтылады. Шындығында адамдардың мінезі ұлтына қарай емес, кәсібіне қарай қалыптасады…» — деген автор.

Сонымен, ешқандай ұлт туралы теория  оны қанағаттандырмайды. Осылай ұлт әртүрлі элементтерге бөлініп ғайып болды. «Нация исчезла», — деп түйген автор.

П.Сорокин тіл, мәдениет, жер, су,  атамекен, бас иетін қасиетті  тарихи орындардың,  жалпы ұлт  табиғатының тереңдігін кейін мойындады. Оның қартайғанда бар арманы – тарихы отаны Ресейді, Мәскеуді, Санкт-Петербургті бір көру еді.  Бірақ В. Ленинге  қастандық жасау ниеті де болған ғалымның Кеңес еліне келуі мүмкін болмады.

Бүгін  конструктивизмді қолдаушылар, жаһандану заманында ұлттың рухани коды жойыла бастады, деушілер көбейді.  Ұлттық қасиеттер арзандап барады деген пікірді қуатты насихаттауда. Әсіресе,  ресейлік ғалымдар арасында  ұлттардың жаназасын шығарғысы келетіндер бар. Мысалы, қазақтарды орыс  әлемі ықпалынан шығарғысы келмейтіндер ұлттың жай ғана топ екендігін көрсету үшін қазақтарды мысалға алады.

Мемлекеттік тілден гөрі  орыс тілінде көп сөйлейтін, жазатын, ойлайтын, тіпті орыс тілді ұлтқа бет алған, үкіметі, парламенті, көптеген отбасылары мемлекеттік деп жариялаған тілді сыйлай  бермейтін халықты қазақ ұлты деуге болады ма екен дегендей сауал қояды. Латын әліпбиіне ресми жарлықпен, заңмен көшкенменен, кириллицаны  қазақтар пайдалана береді, латын әліпбиі  тасада қалады деушілер аз емес. Бұл Қазақстандағы қазақ тілінің  жағдайына байланысты айтылған пікірлер. Ұлттық қауымдастықты бұлдыр  сағым дейтіндер,   әсіресе,  бүгін әлемге өз билігін жүргізуші  ірі ұлттар өклдерінің арасында көбеюде. Жаһандану, сонымен, бүгін  қазақ сияқты ұлттар  үшін үлкен сын.

Екінші ағымды  әлеуметтік-саяси көзқарастар жүйесі деуге болар.Ұлт жөніндегі тұжырымдардың  ішінде психологиялық қағидалардың алатын орны ерекше.  Материалистік бағыттағы ғалымдар шаруашылық, ата-мекен, тіл, тарих,  мәдениет ортақ мінез-құлық қалыптастырады дейді. Екіншілері, идеалистер  ұлттың тарихи даму барысындағы қалыптасқан ұлттық психология, мінез-құлық мемлекет құруға, ұлттың тұтастығына, ортақ мәдениетіне, тіліне, әскеріне, тәртібіне, азаматтығына жетелейді, патриотизмге  бастайды, ұлттық құндылықтарға  артықшылық береді  дейді. Абзалы ұлттық психология материалдық және әлеуметтік-мәдени факторлардың өзара ықпалдастығының жемісі.

 XIX ғ. неміс ғалымы Отто Бауэр «Ұлт мәселесі және социал-демократия» атты еңбегінде: «Ұлт дегеніміз – ортақ тағдыр, генетикалық және мәдени мұра негізінде қалыптасқан мінездің ортақтығы», – дейді. Ұлттық ерекшеліктің, даралықтың сақталуы, О.Бауэрдің айтуынша, дүниені бірден-бір қайталанбас өзінше қабылдайтын ұлттық апперцепция (түйсік) механизміне байланысты. Мемлекеттегі болып жатқан саяси өзгерістерді де ол ұлттық мінездің  қасиеттерімен түсіндірген. Франция елінің Конституцияларының тез өзгеріп отыруы француздардың жаңалыққа құштарлығынан дейді.

Біздің заманымызға дейінгі III ғасырда өмір сүрген Қытай ойшылы Сюнь-цзы «Барлық жаңа туған сәбилердің үні бірдей. Бірақ өсе келе олар әртүрлі әдет-ғұрыпқа үйренеді» – деп, ұлттың жаратылысын әлеуметтік ортамен байланыстырған.

К.Маркстың  ұлттық әлеуметнама  саласындағы көзқарасы  назар аударарлық. Ол «Еврей мәселесі жөнінде» еңбегінде кең таралған «еврей мәселесі –діни мәселе» деген тезисті  теріске шығарып, еврейлікті капитализммен байланыстырады. Сауда мен қаржы қызметіне бейімді еврейлерге бәсекелестер көп.  Пайдакүнемдік, алыпсатарлық, саудагерлік еврейлерге ерекше назар аудартады.

Капиталистік экономика ақшаны құдайға айналдырады. Сондықтан, еврейлік тек еврейлер ғана емес, барлық халықтарға тән пайдакүнемдік психология туғызады. К. Маркс бұл мәселенің шешу жолын да  ұсынады. Ол жол – адамзатты қанаудың қандай да болсын түрінен, соның ішінде ұлттық езгіден азат ету, тауар-ақша қатынастарын реттеу. Еврейлік мәнді жеңу міндеті шындығында азаматтық қоғамның еврейлік рухын, шырқау шыңы ақша жүйесінің  адамгершілікке сыйымды еместігін жою екенін  К.Маркс дәлелдеуге тырысты.Мәдениеттану  тұрғысынан ұлт дегеніміз  мәдени қауымдастық, оны уағыздаушылар ұлттық тілдің алатын орнын баса айтады. Сөз жоқ, халықтың барлық рухани байлығы тілі арқылы көрінеді. Декабрист В.К.Кюхельбекер айтқандай, ұлтты рухани негіздегі қауымдастық деп қарастырсақ, біз тілді оның ділі деп айтар едік, сондықтан да тіл тарихпен байланысты болғанмен, тілдің тарихи мәні саяси өзгерістерден салмақтырақ. Осыдан  келіп, декабристер орыс балаларын шетел, әсіресе француз тәрбиешілерінің қолына беруге тыйым салынсын, орыс тілі, орыс халқының намысы шлагбаум, ордонанс-гауз, обер-гофмаршал сияқты сөздермен қорланбасын деп талап қойды.

Неміс оқымыстысы В.Гумбольдтың «ұлттың өзіне тән, іштей данышпан рухы бар, сол рухтың ерекшілігін сыртқа шығарып сақтап, ұрпақтан ұрпаққа беруші күш – тіл». А.С.Пушкин де ұлттың рухани кілтін, табиғи ортасын, климат, ауа райы, діні мен рухының айнасын оның поэзиясынан іздейді.

Ұлттың рухани жан дүниесі туралы сөз болғанда оған қуат беретін дінге көп мән беріледі. Дінінен айырылғандар ұлт құндылықтарынан да айырылып, басқа  ұлтқа сіңіседі. Ұлттық бостандығынан айырылған ұлттың демеушісі, қолдаушысы дін. Сондықтан ұлт азаттық қозғалыстар діни  сипат алады. Діннің арқасында ұлт өз ұлттық кодын сақтап қалады. Сондықтан қазақты мұсылман, еврейді иудаизм, полякты католик дінімен байланыстырады.

Ұлт табиғатын саяси тұрғыдан саралау оны мемлекеттің дамуымен байланыстырады. Гегель кезінде ұлт, ұлттық  мемлекет – абсолюттік идеяның бір көрінісі деген болатын. Н.А.Бердяев мемлекеттілік – ұлттық болмыстың қалыпты жағдайы, ал мемлекеттігінің жойылуы – ұлтты ділінен айыратын үлкен бақытсыздық, ауыр індет деді. Неміс зерттеушісі Р.Дарендорф ұлттың негізі – жалғыз ғана конституция мен хұқық деп атап  көрсетеді. Ұлттық пен  мемлекеттіліктің арақатынасы туралы  орыс ғалымы П.Б.Струве былай дейді: «Өз мемлекетіңді жек көруге болады, бірақ өз ұлтынды жек көру мүмкін емес».

Ұлттың басын біріктіруде мемлекеттің  дәнекерлік қызметі аса жоғары. Мысалы, тіліне, туыстығына, мінез-құлықтарына қарамастан, екі мемлекет құрғандықтан ағылшындар мен  американдықтар екі ұлт болып қалыптасты. Ұлтты саяси тұрғыдан түсіну беделді  халықаралық ұйымның –Біріккен Ұлттар Ұйымының – атынан да байқалады. Мемлекетке ұлттық фактор да күш-қуат береді. Кезінде екі мемлекетте өмір сүрген немістер, вьетнамдықтар бүгін бір  ұлт болып  қалыптасуда. Ортақ тарихи сана,  тіл, дәстүр мемлекеттікке бөлінуден жоғары. Тәуелсіздік тұсында бір миллионға жуық қазақ басқа мемлекеттерден тарихи  отандарына оралды. Бұл  үрдіс жалғасуда.

Үшінші бағыт – табиғи биологиялық көзқарастар жүйесі. Бүгінгі ұлттану ілімінде этностарды әлеуметтік-биологиялық  қауымдастық ретінде қарастыратын ой- жүйе қалыптасты. Бұл тұжырымға әрбір этностың антропологиялық белгілерімен ерекшелетіндігі негіз болды.

Отбасы ұлттың әлеуметтік биологиялық тұрақтылығын, төлтума бітімін, ұлттық тәрбие арқылы ұлттың құндылықтарын сақтап, оның басқа ұлтқа сіңіп кетуінің алдын алады. Сондықтан ғалымдар аралас  некелердің шегін анықтап, ол шектен аттау ұлтқа қауіп  төндіретіндігін ескертеді. Ол тек  жеті-он процент аралығында. Бұл шамадан шығу аз ұлттардың болашағын екі талай етіп, басқа ұлтқа сіңіп,  бара-бара ұлт ретінде жойылуына әкеледі. Сан жағынан ірі ұлттарға мұндай қауіп төнбейді.

Көптеген ойшылдар ұлт табиғатын оның климатымен байланыстырады. Мысалы, Ш. Монтескье былай дейді: «Климаттың билігі барлық биліктен күшті».

XVIII ғасырдан бастап ұлттың табиғатын оның территориясымен,  атамекенімен әсіресе жер бетінің көрінісі, өсімдіктер  және жануарлар дүниесімен  байланыстыратын көзқарастар жүйесі қалыптаса бастады. Осы тұжырымдамалардың ішінде ерекше назар аударарлығы Л.Н. Гумилевтің теориясы. Ұлттың пайда болуы (этногенез), Л.Н.Гумилевтің айтуынша, тарихи және ландшафтылық факторлардың үйлесімді дамуының жемісі. Этнос әлеуметтік кеңістіксіз өмір сүре алмайтыны сияқты, атмосфера, гидросфера, биосферасыз да өмір сүре алмайды. Этнострадың бір-бірінен айырмашылығы олардың қоршаған  табиғи – территориялық ортаға бейімделуіне байланысты. Ландшафтысынан айырылған әр этнос (жер  аударылғанда, көп ұлтты қалаға көшкенде, тағы басқа жағдайларда) басқа бір этносқа, жаңа  қауымдастыққа айнала бастайды  деп түйеді ол.

Қорыта айтқанда, ұлттың рухани коды күрделі, көпастарлы құбылыс. Біз бүгін рухани жаңаруды бір ғана фактормен байланыстыра алмаймыз.  Бүгінгі этнофилософиялық және  этноәлеуметтанымдық тұжырымдарға сүйеніп, ұлттық рухани  кодының  он  маңызды индикаторларын айтуға болады: Атамекен; Ұлттық тіл; Отбасы; Ұлттық мәдениет; Ұлттық білім; Ұлттық тәрбие; Ұлт тарихы; Дәстүрлі дін; Ұлттық дәстүр мен салттар; Кіші отаны (ауыл, аймақ, өскен орта). Сондықтан ұлттық код бір-бірімен үйлесімді, өзара ықпалдасқан көптеген ұлттық құндылықтардың жиынтығы. Маңызы жағынан ұлттық идеология деуге де болады.Руханилықты ұран тастап енгізе алмаймыз. Мемлекеттің ішкі саясаты ұлттың  рухани кодының күрделілігіне негізделгенде ғана тиімді болады. Әлеуметтік деңгейі тұрғысынан ұлттың білімі, мәдениеті, діндарлығы, кәсіби деңгейі, экономикалық табысы, тұрмыстық жағдайы, қоныстануы (ауыл, қала), тууы, өлім-жітімі, отбасы және оның беріктігі, аралас некелер, қылмыстылығы, бір сөзбен  айтқанда ұлттың әлеуметтік сапасы оның биік рухына негіз болады.Ұлттық құндылықтарды ұлт өкілдерінің    қабылдауы біркелкі емес. Рухани ұстанымына қарай жеке тұлғаларды моноэтностық,  тек өз ұлттық құндылықтарымен шектелетін, биэтностық,  өз бойына өз ұлттық құндылықтарымен қатар басқа да ұлттық құндылықтарды сіңірген, маргиналды, дүбәрә, этникалық тегінен ажырай бастаған тұлғалар деп саралауға болады. Әрбір этностың, әсіресе, мемлекет құраушы ұлттың өзін өзі сақтайтын қасиеттерінің  иесі   орта тап. Орта  тап – ұлттың өзегі, арқауы, берік мызғымас тірегі. Ұлттың қуанышын,  ішкі күйін сезінетін, сәтсіздігіне  қайғыратын, ұлттық мұқтажы  жанына бататын    оның орта тап   өкілдері: кіші және орта  кәспікерлер, педагогтар, ғалымдар, жазушылар, өнер адамдарды, орта шенді әскерилер. Орта тап қоғамды тұрақтандырушы, ұлт мәселесінде ауытқуларға жол бермей, байсалды ұстанымды таңдайды, экономикалық дамудың басты агенті, интеллектуалдар, ұлттық тілдің, мәдениеттің, жердің иесі, ұлт лидері. Орта тапттың көңіл-күйі,  мәдениеттілігі, табысы, тұрмысы ұлттың рухани барометрі.

Жағымсыздық ұстаным да ұлттық мүддеден ауытқу түрліше жағдайларға байланысты. Бірқатар ғалымдар өнеркәсіптің  қалдықтары сияқты ұлттық қауымдастықтың да шығындары, кәдеге жарай алмайтын жақтарының болатындарын айтады, кейде оны жеті пайызға дейін деп кесіп-пішіп жатады.  Олар аса байығандар мен аса кедейленген топтардан шығады.  Ұлттың руханилығы тарихи жағдайларға да байланысты. Кейде ұлтына жағымсыз баға беру, кемсіту отарланған ұлт өкілдеріне  тән. Қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт жалтақ, өзіне-өзі сенімсіз.

Ұлттың  ең басты қуаты – оның  ішкі бірлігі. Абай айтқандай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», өзара жанашырлық, ұлтқа қызмет ету, тұрақтылықты, қауіпсіздігін ойлау, иманына  берік болу, тәуелсіздікті қорғау, салық төлеу. Ұлттық намыс – ең басты капитал. 

Ұлттың басын қосатын, біріктіретін, бір мақсатқа ортақ іске жұмылдыратын, сабақтастыратын ұлттық   рухани код, символдар мен   идеялар. Олар тірілер мен тірілерді ғана емес, өлілер мен тірілерді де байланыстырып жатады. Әр кезде символдар тұрақты әсер беріп, ұлттық біртектілікті бұрмалауға ырық бермейді. Жетекші ұлттық  символдар  – озық көңіл күйдің де арқауы. Қазақ үшін олар  Керей мен Жәнібек заманымен бүгінгі күнді жалғастырады. Бұл бөлінбейтін, ажыратуға келмейтін символ.   Ұлттың биік мұраттары мен асқақ арманы оның рухани жан дүниесінен күш-қуат  алады...

Ендігі айтарымыз – қазақ болу мәселесіне қатысты болмақ. Н.Назарбаев жазғандай,  «Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алмаса, ол адаса бастайды». Ақылға сыйымсыз еліктеушілік, әсіресе, тіл, білім, дәстүр, өнер саласында қауіпті.Сәбилерді де кеңестік интернационализм идеологиясына бейімдеуге ұмтылған сол  кездегі  этнопсихологтар бірнеше республикада балаларға ұлттық астары бар сүреттерді ұсынып, ұнағандарын таңдаңдар деген. Орыс балалары Кремль, ақ  қайыңдарды, грузин балалары тауларды, қазақ балалары далада шауып келе жатқан атты ұнатқан. Экспериментті  жүргізушілер балалар атамекендеріне қарамастан Кремльді таңдар деген болжамдары  ойдан шықпаған. Ұлттық  рух нәзік, оның терең жұмбақ сырын ұлттың перзенті жас кезінен бойына сіңіреді.Ұлттық рухтың ұрығы сәби бойына  ұлттық табиғи және әлеуметтік  ортаның әсерімен өзінен-өзі себілетіні жөнінде ғалымдар біле бермеген.  Ұлттың идеяны   бойына сіңірген, қазақ күй құдіретін сезінетін музыка маманы, қазақ перзенті ғана  Құрманғазы оркестрінің дирижері бола алар. Дін де солай.Қасиетті Құранды аударғандар  басқа дін өкілдері оның түрлі сырын, сиқырлы символдары мен  таңбаларын, әуендері мен  ырғақты дыбыстық интонациясын бере  алмапты. Құрантанушы, ағылшын тілін жетік меңгерген араб ғалымы  ағылшын тіліне аударған  Құран  Кәрімді оқып, бұл басқа кітап деген екен.

Ұлттық  тектік сана – қасиетті генетикалық кодқа негізделген тұқым қуатын қандас бауырластық деген  пікір де орныққан. Орыс философы Бердяев оны «здоровый инстинкт   нации» десе, примордиализм теориясы  ұлттық қасиет табиғаттан, тіпті  құдайдан беріледі деп түйеді. Шындығында да ұлттық қасиеттер адам санасына ежелден тән. Туысқандық топтасу, туыстық  қарым - қатынастар адам дамуының бір маңызды ортасы. Адамдардың  өсіп түлеуі, сан жағынан ұлғаюмен бірге ұлттар құрылымы да   күрделене  түседі, қандас, сүйектік жақындықтар кең көлемдегі қауымдастықтарға ұласады, бауырластық, рулық, тайпалық топтасу ұлт деген кең арнаға ұласады. Ортақ тіл, дін, дәстүр мәдениет адамдарды бір-біріне бауыр етеді. Уақыт өте келе  өзін ұлтқа  жатқызу өзіне сүйеніш көретін ішкі жан дүниесіне айналады.Бірақ табиғи ұлттық тек тұлғаға өзінен өзі берілмейді. Бұлбұл әнші құс,  әншілік оған табиғаттан туа біткен. Ал адамның туа  біткен әншілік қабілетін жылдар бойы оқу біліммен тәрбиелеу дамыту керек. Адамның саналы пендеге айналуы, ұлттың өкілі болудың жолдары күрделі да қайшылықты. Англияда бір ғасырдан астам өмір сүріп  жатқан орыс  отбасының  бесінші буынының  өкілі былай дейді: «Тегімде бір тамшы ағылшынның қаны болмаса да, мен 100% ағылшынмын». Бірақ,   орыстық  тегі, ұлттық сана-сезімі шайылмаған.

Ұлттық сана-сезім этностық қауымдастықтың еңбір тұрақты, берік, мызғымас тірегі. Қытайда 50-жылдары халық санағы бойынша 700 ұсақ этностық топтар тіркеліпті, кейін ол деректерді қайта қарап, этностардың санын 30-ға дейін түсірген. Қазақстанда жүзден астам этностар бар деп айтқанымызбен, елімізде бір ұлт – қазақ ұлты,  дисапоралар бар, басқалары халық санағы жүргізілгенде  орыстанғандарына қарамастан өздерінің тегін атаған. Біздің  заманымыздан 800 жылдай бұрын Ассирия империясы болғаны белгілі, бүгін Мәскеуде бірнеше мың ассириялықтар тұрады, солардың 84 пайызы әлі де арғы ата - бабаларының тегін дәл көрсеткен. Дегенмен жеке адамның өзін бір ұлтқа жатқызу сол ұлттың  құндылықтары оның бойында бар дегенді білдірмейді.

Ресейде ұлтым қазақ, тілім орыс  дейтіндер көбейіп келеді. Татарстан мен Башқұртстанда, ұлтым татар, болмаса башқұрт, дінім  православ дейтіндер ол ұлттардың оннан бірін құрайды. 1917 жылға дейін Ресейде шоқынған 300 мың татарлар болған. Бүгін  олардың ұрпағын «крещенка» дейді, олар  дербес топ.

Сонымен, қазақ болудың амалы, жолдары қандай? Біріншіден, ата мекенде өмір сұру. Дегенмен, Қазақстан сияқты кеңбайтақ елдің аймақтарында қазақтардың қоныстауы бірдей емес. Аймақтық этнодемографиялық ерекшеліктер де әртүрлі ұлттық сана-сезім, қөңіл-күйге негіз болады. Айталық, Солтүстік Қазақстан аймағында тұратын қазақтар мен Оңтүстік Қазақстан қазақтарын салыстырғанда  ұлттық тұрғыдан, қазақ тілін менгеруі, өздерін сезінуі мен көңіл-күйлері, мәртебелері ерекше екені белгілі. Атамекенде өмір сүрген қазақ пен шетелдерде өмір сүрген қазақтардың ұлттық психологиясында ерекшіліктер көп. Сондықтан Қазақстанда тұрып қазақы тілдік орта қалыптаспаған елдімекендерде әртүрлі деңгейде ассимилляцияланған қазақтар бар. Сонымен бірге, шетелдерде тұрып ұлттық келбетін толық сақтаған қазақтар бар.Екіншіден, қазақ болу  қай тілде білім алуына байланысты. Қазақ мектебі мен орыс мектебінде оқитын балалардың ұлттық менталитетке қарай ерекшелетіні белгілі. Енді ағылшын тілін, егер ол тілді орыс тілі  арқылы үйретсе, ұлттық  азғындауға апара ма деген қауіп бар.

Замандасым, «менің немереме үш тіл үйретеміз деген мұғалімдер,  оны қай тілдің ана тілі екендігінен адастыратын түрлері бар, әйтеуір отбасында қазақ тілін сіңіруге  тырысып жатырмыз деп ренжиді.  «Өскенде қай тілді ана тілі деп таңдайтынын сұрасам, ата, қазақ тілін біліп  қазақ болғым келеді» – депті немересі. Ол отбасылық тәрбиенің  ықпалы болар. Дегенмен, қазақ болу бүгін оңай емес. Рухани тартыс отбасыларда да осылай  жүріп жатыр.Осыдан келіп, үшінші  жағдай, отбасы және   неке мәселесі  алға шығады: ол отбасында тілдік  қарым-қатынас. Ата-аналарының тегіне қарамастан орысша сөйлеу дағдыға айналған қазақ  отбасылар көп екені белгілі. Ал аралас некеден  туғандардың антропологиялық келбеті, тілі  мәдениеті, ұлттық ұстанымындары ерекше. Мынадай бір  заңдылықтарға әлеуметтанушы ғалымдар назар аударады. Егер Ресейде тұрып, анасы орыс, Өзбекстанда тұрып анасы өзбек болса,  қазақ  балаларына анасының тілі, мәдениеті үстем болады, кейде өсе келе әкесінің ұлтынан бас тартады, фамилиясын да өзгертетін жағдайлар бар. Қазақстандағы әкесі қазақ анасы  славян тегінің ұрпақтары, қазақ болып жазылғанмен, көбінің тілі мен жан дүниесі бәрібір анасына жақынырақ.Төртіншіден, қазақ болуға дәстүрлі дін қуат береді. Діннен  ажыраған  қазақтар ұлттық қасиеттерден де айырылады. Ортақ  дінінен айырылған  осетиндер мұсылман мен православ болып бөлінсе, түрік-месхетиндер –грузин, католик дініндегілер – француз, исламды қабылдағандар – түрік,  татар болып кетті. Бірақ әртүрлі дінге бөлінген  ұлттар ғасырлар бойы қанға сіңген ұлттық дәстүрден, дағдыдан түгел қол үзбейді. Ұлттық құндылықтардың құдірет күші осында. Мұсылман  осетиндер православ осетиндердің  «бізден айымаршылығы  ол   осетиндер доңыз етін жейді, өз діни  мерекелері мен діни жоралғыларын ұстанады, ал көне дәстүрлерді, әсіресе, ауыз әдебиетін  православ осетиндер ұмытпаған». Бірақ уақыт өте, ұрпақ  алмаса келе ұлттық символдар әлсіреп жойылады. Христиан, басқа да дінге ауған қазақтардың  жерлеу рәсімдерін орындауда дау туатын жағдайлар кездесіп  қалады. Жақын туыстары  марқұмның арғы тегі қазақ, мұсылман, сондықтан шариғат жолымен аттандырайық, мұсылмандар  зиратына қояйық десе, қабылдаған дінінің өкілдері оған келіспейді, өз рәсімдерін орындатады. Осылай  имандылық пен имансыздық арпаласуда.Бесіншіден, ұлттың тарихын, өткенін білген халық болашақта  тұлға да иесі болады, ал білмеген ел  балалар үйінде тәрбиеленген тегін білмейтін  жетім  баладай. Қазақ оларды мәңгүрттер десе, орыстар «Иваны,  не помнящие родства» деп  олардан жиіркенеді.  Тарих  қазақтын елін, жерін,  ел басына қауіп төнгенде бірлікті қастерлейтін мінезін танытады. Көп  нәрсені бабаларының шежіресінен біледі, осылай ел тарихымен отбасы тарихы үштасып жатады. Алтыншыдан, кіші отан, ауыл-аймақ жерлестік туыстық қарым- қатнастардың қазақ мінезіне әсері мол. Тұған елге тағзым, қолдап қол ұшын беру  перзенттік парыз, ерекше көңіл күй туғызады. Қазақ шет елге шықса қазақ, ал  Астанада, Алматыда кейде «олар астаналықтар» «ана жүздің  қазақтары» деп жатады. Ақтөбеде олар «әлімдер», «шалқарлықтар» десе, Атырау мен Ақтауда адай-таздар,  «доссорлықтар», «жаңаөзендіктер» деп жатады. Ол  мекенжайлар мен туысқандыққа байланысты айтылатын орынды  аңықтамалар. Сондықтанда қазақ жеті атаға дейін қыз алысуды қолдамайды. Торқалы  той мен топырақты өлімде ағайын туыстар  қол береді. Ал кейде рулық – рушылдыққа, жерлестік жершілдікке ұласып  жатады. «Мысалы, жершілдікті  алайық, – деп жазды Назарбаев, – әрине, тұған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен  дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзінің біртұтас ұлттың перзенті екеніңді  ұмытуға әсте болмайды». Аймақтық патриотизм сол аймақтың тарихи, экономикалық, табиғи, мәдени, территориялық, басқа да ерекшеліктеріне байланысты қалыптасады. Әрдайым басқа аймақтармен салыстыру орнын айқындау,  аймақты бәсекеге қабілетті  ету  ұмтылысы – азаматтық парыз.

Жетіншіден, қазақтың қазақ  болуына сыртқы әлем, басқа  ұлттармен қарым-қатынас  әсер етіп, біз «қазақтар» және «олар», «басқалар», бөтендер деген  психология қалыптасып, салыстыру, бәсекелестік ой туады. Сондықтан, ұлт ұлттың айнасы деген сөз де бар. Отарланған, қуғын-сүргін көрген қазақтар әлде де өздеріне сенімсіз баға беріп, басқаға  жалтақтап, өз тіліне, мәдениетіне сенімсіздік білдіреді, тым  басқаларға еліктегіш. «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да  ешқашан өмр бәйгесін ала алмайды» – деген Әлихан Бөкейхан.

Тарихи отанына, орыс тілінің үстемдігіне арқа сүйеген орыс диаспорасы, славян тектілер әліде байырғы  астамшылықтан  арылар емес.Әлемдік тәжірибеде сан  жағынан басым ұлттың тілі  қолданыста басым тіл болатыны  белгілі, оны  мамандар үстем тіл, басым тіл дейді. Қазақстандағы жағдай өзгеше, сан жағынан аз халықтың, орыс диаспорасының тілі басым, үстем болып отыр. Сегізіншіден, урбанизация үрдісі – ауыл қазақтары қалаға қоныс аударды. XX ғ. басында қазақтардың 3%-і  ғана  шағын  қалашықтарда тұрса, бүгін  қазақтардың 60%  жуығы қалада тұрады,  Қазақтар дәстүрлі  қоғамнан индустриалды,  тіпті постиндустриалды қоғамға аяқ  басты. Бірақ  индустриалды ұлтқа әлі айнала алмады. Қала қазақтана бастаса, ауыл  қазағының  да дәстүрлі келбеті өзгере бастады. Негізінен  орыс  тілді  ортада енді қазаққа қазақ  болу, қазақ ұлттың менін сақтау оңай болмайтұр.

Тоғызыншыдан, жаһандану үрдісі де ұлттарды бір стандартқа бейімдеп,  ұлт ішіне жік салуда, «Жаңа қазақтар» пайда болды, ұлттық мүддеден аластану  ірі көрініс алып отыр. Алыс-беріс, жақындасу барысында  ұлттық ерекшеліктердің бояуы  солғындап бара жатқан тұстары да бар және бұл бағыт  бүгінде күш алуда. «Космополиттік мемлекет», «Космополиттік ұлт», мен «Ғалам  адамы» деп   мақтанатындар қазақ арасында көбеюде.Қазақстан бүгінгі  күні тек екі ғана емес, үш тілдің: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің өзара әрекеттестік алаңына айналды. Іс жүзінде, қазақ тілі екі әлемдік тілмен бәйгеге түсті және бұл бәсекелестік  күресте ғасырлар қиыншылығын  көріп, әлі еңсесін көтере алмай келе жатқан қазақ тілінің аман қалуы қиын. Сонымен, бүгін қазақ болу  көптеген жағдайларға тәуелді. Кейбір жағдаяттар қазақтың рухани  күшін арттырса, кейбірі ұлт рухына сай келмей оны әлсіретеді. Ұлт  болмысына ұлттық пен ұлтсыздық, имандылық пен имансыздық, шынайы руханилық пен «рухани» алаяқтық үнемі екі жақты ықпал етуде. Сондай-ақ қазақтардың білімі, мәдениеті, діндарлығы, кәсіби деңгейі, экономикалық табысы, тұрмыстық жағдайы, қоныстануы (ауыл, қала) туып өсуі, өлім-жітімі, отбасы және оның беріктігі, аралас некелер, қылмыстылығы, бір сөзбен айтқан ұлттың әлеуметтік  сапасы оның келбетін анықтайды. Бүгінгі қазақтардың ішкі жан дүниесі күрделі де  қайшылықты. Парықсыздық, немқұрайдылық, «маған бәрі бір,  тамағым тоқ, көйлегім көк» болса дейтіндер; нарциссизм, мақтанғойлық,ұлт  әлсіздігін мақтанмен  толтыру шамадан тыс қазақты мақтау, тіпті  кейде басқа   халықтарға  қарсы қоюға,   оқшаулануға дейін бару; ұлтсыздық, оларды ақ сүт берген анасының омырауын тістейтіндер дейді, нигилистер бара-бара басқа тілге ауысады, тіпті сонысымен мақтанатындар бар. Бірақ  қазақтың келбетін құрайтын тек  бұлар емес. Бірқатар  ұлттанушы ғалымдардың негіздеуіне қарағанда, ұлтта  организм ерекше этно-әлеуметтік организм, басқалар сияқты оның пайдаға жарамсыз шығындары, жарай  алмайтын  қалдықтары болатынын айтады. Кейде тіпті  оны жеті пайызға дейін деп кесіп – пішіп жатады. Олар қазақтың арасында да бар. Қазақтың кемшін тұстарын білетіндер, оған  күйінетіндер. «Халқым  надан болған соң, қайда барып оңайын» дейді Абай. Сөйте тұра елін өрге  сүйреуге тырысатындар  «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,  Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» дейді Абай.

Неміс философы Ф.Ницшенің айтқаны бар: «Бәрінен де мықты байлап тастайтын көзге көрінбейтін жіптер» деп. Ол көрінбейтін алтын  жіптер – ұрпақтардың  рухани байланысы, сабақтастығы. XX ғ. басында ресейлік әлеуметтанушы П.Сорокин  «Әрбір қоғамның тағдыры оның адамдарының сапасына байланысты... Ақымақтар мен қабілетсіздерден тұратын қоғам еш уақытта  табысқа жетпейді. Олардың қолына керемет конституция, бағдарлама берсең де, тамаша қоғам жасай алмайды. Керісінше, жігерлі, білімді адамдардан тұратын қоғам жетістікке жеткізеді». Сондықтан қазір қоғамның адамдық  материалының сапасы  қандай болса, болашағы да сондай болады. Тәуелсіздік заманында рухы қазақ  интеллектуалды мамандар қалыптасуда.

1367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз