• Ұлттану
  • 25 Қараша, 2022

Аманхан Әлімұлының публицистикасы

Көрнекті ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, журналист, әдебиет сыншысы Аманхан Әлімұлының бүкіл шығармашылығы ұлтқа, мемлекетке қызмет етуге арналған десек артық айтқандық емес.  Әдебиетке адал, журналистік кәсібіне шын берілген, әділетсіздікке қасқайып қарсы тұрып, күресе білген қаламгер биыл 70 жасқа келер еді. «Заң газеті», «Заман-Қазақстан», «Түркістан» газеттерінде журналист, бөлім меңгерушісі болған, 2012-2021   жылдар аралығында «Ақиқат» журналында басшылық еткен Аманхан Әлімұлының артында әдеби мұрасымен қоса публицистикалық еңбектері қалды. Соның ішінде еліміз тәуелсіздік алған 1990-жылдары баспасөзде жарияланған өткір мақалаларының орны бөлек. Жуырда Аманхан Әлімұлының туғанына 70 жыл толуына орай Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында ақынның «Жырдария» атты кітабының таныстырылымы өткен болатын. Әдеби іс-шарада мерейтой иесінің публицистикасы жайында да сөз болды. Осы жиынға орай дайындалған, Аманхан Әлімұлының публицистік қызметі жайлы жазбамызды оқырман назарына ұсынамыз. 
«Біз айтуымыз керек. Ақынның, жазушының, журналистің міндеті – бейтарап қалмау» деп, өлеңге сыймаған ойын мақаласында айтып кеткен Аманхан Әлімұлы публицист және әдеби сыншы ретінде де танымал. Қазақ қоғамының  бүгінін саралап, болашағын түзеуге атсалысуға тырысқан қаламгердің 1990-2000 жылдардағы баспасөзде көтерген мәселелері – сол   уақыттағы қазақ қоғамының, тыныс-тіршілігінің айна-қатесіз көрінісі.

1930-жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль француздың атақты жазушысы Андре Моруаға: «Сіз көрнекті жазушысыз. Фашистік Германияның бой көтеріп келе жатқанын көріп отырсыз. Солар туралы, олардың танкілері мен самолеттері туралы жазыңыз. Солайша Еуропаға құлаққағыс етіңіз» деген екен. Сонда  Моруа: «Жоқ, мен жазушымын, көркемсөз иесімін. Ондай тірлікке араласа алмаймын» депті. Кейін фашистік Германия Еуропаны жаулап алған кезде Моруа өкініп, бармағын тістеген екен.

Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы ең өзекті тақырыптардың бәріне дерлік қалам тартқан Аманхан Әлімұлының   «Жас алаш», «Заман-Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарық көрген мақалаларында жиі айтылған  сөз – ұлт, ұлт мәселесі. 

Мәселен, қаламгер 1996 жылы 29 қарашада «Заман-Қазақстан» газетіне шыққан «Рухани террорға тосқауыл қоймай, ұлт болып қалыптасу мүмкін емес» атты мақаласында Парламенттен бастап төменге дейін жиі кездесетін нигилистерді сынап, жалпақшешейлік, бейпринципшілдік, жайбасар жайбарақаттық, бастаған істі аяғына дейін жеткізбеушілік мемлекеттің келешегіне зияндығын дәлелдейді. Сол кездегі жымысқы лоббистердің Конституциямызға қайшы келетін заң актілерін қабылдауға мұрындық болып отырғанына ашынады. «Ана тілімнің мәртебесіне қол сұғу – менің адамдық, азаматтық қадір-қасиетіме қол сұғу» деп, кейбір құжаттарға енгізілген өзгертулерге қарсы шығады.

Бәрімізге белгілі, 90-жылдары жан-жақтан түрлі діни сипаттағы миссионерлік ағымдар қаптаған болатын. Алматының көшелерінде неше түрлі қызыл-жасыл кітапты ұстап алып, халықты аздыратын жат ағымды  насихаттағандарға тыйым салынбауы көзіқарақты талай адамды ашындырды. Аманхан аға осыны айта келе,  «Қазақ ұлтына қарсы жасалып жатқан рухани экспансияға жол бермейік, әрбір қазақ зиялысы онымен күрес жүргізуі керек» деп тарихтан мысалдар келтіреді. 

Аманхан Әлімұлы ұлтымыздың мүддесін қызғыштай қорушы еді. Он мақала жазса соның тоғызы ұлт туралы болатын. «Ұлтжандылық» деген жасанды термин шыққан кезде: «Маған ұлтжандылық деген қатынжандылық болып естіледі. Құдай-ау, ұлтшылдық дегенде не тұр? Оны құбыжық көрсетіп жүргендер – космополиттер мен нигилистер емес пе?» – дей келе, «Национализм есть любовь к историческому облику и творческому акту своего народа во всем его своеобразии» деген орыс ойшылы Ильинің тұжырымына жүгінеді. Расымен де, әлдекімдердің бықсық күңкілінен қаймығып, ұлтшылдық деген қасиетті ұғымды жарымжан да жасық ұлтжанды деген сөзбен әлі де алмастырып айтып келеміз. Аманхан аға ұлт мүддесін жоғары қоя отырып, ұлтшылдық пен патриоттық өзгеге қиянат жасау арқылы іске аспау керектігін,  ұлттық эгоизммен шатастырмауды да ескертеді.

90-жылдардағы ақпараттық кеңістік қыз-қыз қайнап жатқанда рухани шабуыл жүріп жатқанын біліп, көріп отырған қаламгер: «Рухани террордың мақсаты: тілімізді сол жөргекке оралған күйінде тұншықтырып, келе-келе қолданыстан қалдыру, ұлтымызды діни нанымынан айнытып, жік-жікке бөлу,  өз егемендігіміздің қызығын өзімізге көрсетпеу, қазба байлықтарымыздың көзін сарқып тауысу»  деп мемлекет құраушы халықтың мүддесін алға тартқан. Аманхан ағамыздың сол кездегі сөздерінің тегін еместігін бүгінгі ахуалға қарап аңғарамыз. Расымен де баспасөзде дабыл қағып,   қауіп еткен соң көтерілген осы мәселелер дер кезінде ескеріліп, түзетілгенде бүгінгі проблемаларымыздың біразы шешімін тапқан болар ма еді. 

Әсіресе, ұлтымызды діни жағынан жікке бөлу жөнінде айтқан «Әлемдегі барлық секталарға құшағымызды айқара аша беретін болсақ, арты үлкен қасіретке апарып соқтырады» деген жорамалы негізсіз емес. Діни көзқарасы қазақы дүниетанымнан алшақтаған, бір қоғам  тұрмақ бір отбасындағы жандарды қырғиқабақ қылған бұл теріс үрдістің салдары шынымен қауіпті.    

Тағы бір мақаласында Аманхан Әлімұлы: «Қазіргі мектептердің қиын жағдайы болашақ ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруға үлкен зиянын тигізеді» десе, енді бірде оқулық мәселесін көтереді. «Қазақстандағы білім саласындағы басты кемшілік – мектеп, институттар мен универститеттерде кім көрінген, кез келген адам оқу құралын жазып немесе  сырттан әкелінген оқулықтарды пайдаланып жүр, олар ұлт болашағы мен мемлекет болашағы үшін қауіпті» деп жазады. Бұл кемшіліктер әлі де шешімін тапқан жоқ.

1990-жылдары Парламенттің төрі мен үкіметте, бүкіл қоғамда ең көп талқыланған, әлі де талқыланып келе жатқан өзекті тақырып – жерді сату мәселесі. Аманхан ағамыз бұл мәселеде де бейтарап қалмай, азаматтық пікірін ашық айтқан.  «Жас алаш» газетінде 1998 жылы жарияланған  «Жерді саудаға салу саяси мәселе. Оған он ойланып, тоғыз толғану керек» атты мақаласында Жерді сатуға таза экономикалық тұрғыдан қараудан келешекте опық жейтінімізді, Жерді жекешелендіру асығыс қадам екенін жазады.   «Жерді сату – сталиндік коллективизация кезіндегідей қазақтың қолынан жерді тартып алумен бірдей» дей келе, бұдан әлеуметтік теңсіздік өршитінін айтады. Расында да, жерді сауда-саттыққа салуға қарсы шыққан бұндай пікірлер дер кезінде ескерілмей, бүкіл жеріміздің латифундистер қолына өтіп кетіп, қолымызды мезгілінен кеш сермеп жатырмыз.  

Аманхан Әлімұлының өзі жақсы көретін бір сұхбаты мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовпен  Парламент Мәжілісінің депутаты болып тұрған тұсында жүргізген сұхбаты. «Заң газетінде» 1997 жылдың 1 қаңтарында жарық көрген «Ақиқатты айту – ардың ісі» деп аталған сұхбатта  қазіргі біз бастан кешіп жатқан проблемалардың түп-төркіні айдан анық  жазылған. Шет елден несие алу, мұнай мен газ, түсті металдарды игеру, ауыл мәселесінен бастап көші-қонға дейін қозғаған бұл сұхбатта ащы ақиқат айтылған.

Ал көрнекті жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджановпен «Шыңғысхан туралы жазуға шамам жетпеді» атты 2001 жылы 12 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан сұхбаты қадірменді абыз ағамен соңғы әңгіме екен.   Көңілге түйіп, тәлім аларлық тағылымы мол бұл сұхбатта қазір де өзекті әрі оқуға тұрарлық көп дүние айтылған.

1990-жылдары тәуелсіздігін жаңа алып, еңсесін тіктеп жатқан Қазақстанға түрлі ақпараттық майдандағы шабуылдар қызып, толас  таппағаны мәлім. Аманхан ағамыз соның бәрін қалт жібермей, қазақ баспасөзінде тойтарыс беріп отырады. Оған дәлел – «Комсомольская правда», «Караван» және басқа газеттердегі жымысқы пиғылды мақалаларға жауабы. Оның ішінде «жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» деп, өз ішімізден шыққан бейұлт зиялыларды қатты мінейді. «Ел тарихы кім көрінгеннің шылауында кетіп, кім көрінгеннің қолжаулығы бола бастады» деп өзгенің сойылын соғатын тарих оқулықтарын жазған кейбір тарихшыларды да сын тезіне алыпты. Енді бірде «Өздерін олигарх санайтындар мен  билік құрылымдары арасындағы мылтықсыз майданды көріп, біле отырып,  қайтып қалыпқа келуі өте қиын көзқарастар қайшылығы қалыптасып қалды-ау» деп күмәнданады. Бұл мақалалар сол кезде «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» газеттеріне жарияланған және «Өткірдің жүзі»  атты мақалалар жинағына енген.   

«Ұлттық сана-сезім қалыптастыратын басты құрал – телерадиоарналарды ұлттандырмай, ұлттық сөзді де, тілді де, іс-әрекетті де жөнге қоя алмаймыз». Өкінішке қарай, «Алатау» телеарнасы, «Шалқар» радиосы жабылып жатқан кезде айтқан Аманхан ағаның бұл сөзі арада жиырма жыл өтсе де өзекті. Шіркін, естір құлақ, көрер көз болса дейсің.

Ол кісі немқұрайдылықты үлкен қылмыс дейтін. Аманхан ағамыздың мақалаларында, сұхбаттарында айтқан дәйекті сөздерін келтіре кеткенді жөн көрдік.

«Қазір өзін ақын, жазушымын дейтін әрбір адам ең алдымен немқұрайдылықтан ада, тоғышарлыққа бой алдырмаған болуы тиіс».«Өнер туындылары ұлттық дәстүрге сүйенуі тиіс».

«Ұлттың кеудесіндегі  намыс атты қасиетті ұғым өлген тұстан жалтақтық,  жалпақшешейлік, өзгенің алдында  өзіңді-өзің кемсітушілік басталады. Өзгелермен тең тұрайық десек, атымызға затымыз сай қазақ болайық».

«Таза патриот, мемлекетшіл адам  Қазақстанды қазақсыз көз алдына елестете алмайды. Қазақстандағы диаспора өкілдері арасында да дәл осындай ұғым-түсінік қалыптасуы керек».

«Қазақтың нағыз ұлт ақынының артықшылығы орысшаға аударылмауында».

«Кеңшілікті, Жұматайды, Асқарды бір адам ғана жоқтамауы керек. Біз бүкіл ақын болып іздеуіміз керек».

«Ұлтты, қоғамды ұстап тұрған жақсы адамдар. Жақсы адамдар еткен еңбегін сатпайды, ешкімге айтпайды. Олардың шапағаты сонау қараңғы түкпірге де нұрын түсіріп тұр».

Иә, Аманхан ағамыз да өзі айтқан жақсы адамдардай талай адамға шапағатын төкті, бағыт-бағдар сілтеді. Өзі «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналына бас редактор болған тұста көптеген жас журналистерге тәлім-тәрбие берді. Университет оқытушыларын да автор ретінде тартып, көптеген тақырыптарды зерттеуге, жазуға баулыды, тапсырма беріп отырды. Бұл тапсырмалардың барлығы дерлік тек ұлт, мемлекет туралы болатын.

Публицистика – жауынгер жанр деген қанатты сөз бар.  Аманхан Әлімұлы ағамыздың бойында дәл осы қасиет –жауынгерлік рух бар еді. 2012 жылы «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына қызметке тағайындалған ол азаматтық ұстанымының беріктігін сан рет дәлелдеді. Басшылыққа келісімен ұлттық идея, тарихи сана, мәдени мұра, тіл мәртебесі, ел мен жер сынды өзекті тақырыптарға баса көңіл бөлді . Тосын да терең пікірлерімен танымал авторларды тартты. Белгілі қоғам қайраткерлері Амангелді Айталы, Әбдіжәлел Бәкір, Мырзагелді Кемел, Жақан Молдабековтің мақалалары журналдың мазмұнын жақсарта түсті. «Келелі кеңес» айдарымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, әр саладағы ең өзекті мәселелерді талқылауға озық ойлы сарапшыларды тартты. «Келелі кеңестің» бір ерекшелігі, мұнда көтерілген мәселе талқыланумен бірге оны шешудің жолдары ұсынылатын.  Неше түрлі өткір пікірлер, шынайы деректер айтылған бұл отырыстар қазір құнды мұрағатқа айналды. Аманхан ағамыздың идеясымен өткен «Келелі кеңес» отырыстарында көтерілген тақырыптар әлі де өзекті.

«Ақынның, жазушының, журналистің міндеті – бейтарап қалмау» деген сөзді жиі айтатын Аманхан аға немқұрайдылықты жек көрді. Мұндай мінезді сатқындық деп есептейтін.  Жалпақшешейлік,жайбарақаттық мемлекетке зиян деп,  ұлтымыздың мүддесін қызғыштай қорып өтті.

Көлеңкені көре отырып, жарықтың қайда екеніне бағыт сілтеуді парызым деп білген Аманхан Әлімұлы ағамыз өзіне жаратушы берген қаламгерлік, жазушылық миссиясын орындап кеткен  адам. Азаматтық сергектік танытып, өзі өмір сүрген қоғамдағы түрлі жайттарға қарата айтқан парасатты ойлары, тегеурінді пікірлері   қалың оқырманға ой  туғызды, әлеуметтік ой-пікір ағымына өзіндік ықпал етті, сананы сілкіледі.

Әйтсе де, Аманхан ағамыздың журналистикасы оның ақындық қырының көлеңкесінде қалып қойған жоқ. Ұлтын сүйген ақынның  өлеңдері де ұлттық бояуы қанық, тілі көркем, шынайы туындылар болды. жетпіс жылдық мерейтойына орай «Атамұра» баспасынан шыққан жаңа «Жырдария» жинағына енген таңдамалы өлеңдер соның дәлелі.

Аталмыш жиында белгілі журналист, сыншы әдебиет сыншысы Әмірхан Меңдеке қаламгер жайлы естелігін айта келе, Аманхан Әлімұлының мақалалар жинағын басып шығару жөнінде ұсыныс білдірді. Мемлекетіміздің тұғырлы, тәуелсіздігіміздің баянды болуына аянбай атсалысып, қаламының күшімен халыққа қызмет еткен Аманхан ағамыздың публицистік еңбегі жарыққа шығуға әбден лайық деп санаймыз.

Дина ИМАМБАЙ

159 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз