• Ел мұраты
  • 25 Қараша, 2022

ТІЛ САЯСАТЫ ПӘРМЕНДІ ЖҰМЫСТАРДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыруда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы атқарған жұмыстар өз пәрменділігімен ерекшеленгені сөзсіз. Осынау қоғамның бастауында тұрған Әбдуали Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы сынды қайраткерлердің жанкешті еңбегінің арқасында еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезден бері қарай қоғамдағы мемлекеттік тілдің еңсесін тіктеуге қатысты көптеген іс-шаралар атқарылғаны анық. Бүгінгі уақыт тұрғысынан қарағанда өткен шаққа баға беру қашанда оңай. Бірақ, қиын-қыстау кезеңдерде, елдегі экономикалық ахуал күрделі болған тұстарда қазақ тілінің толғаулы мәселелерін әрдайым назарда ұстап, бұқара халықпен бірге келешегінің нық болуына қадамдар жасай білген «Қазақ тілі» қоғамы жүрекке жылылық ұялатып, санамызға серпіліс әкелген еді. Жасыратын несі бар, аталған қоғамның соңғы жылдардағы қызметіне қатысты әртүрлі сындар айтылып қалып жүр. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан құрамыз деп жариялап, қадау-қадау реформаларды қолға алып жатқанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да өз жұмысын жаңаша құрып, ширай түседі деген сенімдеміз. 
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылған еді. Ал 1992 жылы Алматыда өткен II құрылтайға Н.Назарбаев арнайы қатысып, сөз сөйлеген болатын. Бұл құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебе иеленді. Қоғамды әр жылдарда басқарған академиктер, белгілі тілтанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбаевтардың ерен еңбегімен көзіқарақты жұрт таныс. Ерден Қажыбек басшылық еткен аздаған уақытта да қоғам мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетпеуді көздегені рас.

Мына бір жайтты тілге тиек етсек дейміз. 2021 жылы Түркістандағы «Farab» кітапханасында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өткені баршамыздың есімізде. Маңызды жиынға сол кездегі Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің сол шақтағы орынбасары Ералы Тоғжанов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, бүгінгі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары, өңірлерден 57 делегат қатысқан болатын.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңуі – мемлекеттіліктің нығаюы. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуға тиіс екенін мәлімдеген болатын. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деген еді Президент.

Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айтқан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның аясында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуаттады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тілдің жойылатынын дәлел ретінде келтіріп отыр. Осыған қарап, әлемдегі 7 мыңға жуық тілдің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтылып жүр.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституцияға сәйкес қазақ тіліне Мемлекеттік тіл мәртебесі берілгені белгілі. Алайда бүгінгі қоғамда кейбір азаматтардың Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма бола тұра, келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді негізге алып, «бізде екі мемлекеттік тіл бар» деген жаңсақ түсінікте жүргені де байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойды. Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылғандай: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі».

Салыстырар болсақ, 1991-1992 жылдары балабақшаның 25 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Қазіргі уақытта балдырғандардың 76 пайызы қазақ тіліндегі топтарда тәрбие мен білім алуда. Ал мектептерде қазақ тіліндегі оқушылардың үлесі бар болғаны 33,6 пайыз болса, бұл күнде ол 65,6 пайызға жетті және бұл динамика ілгерілеу жолында. Бір кездері Алматыда бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі, қазіргі астанада ана тілімізде білім беретін бір ғана мектеп болғанын ешкім ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Сол сияқты колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны едәуір көбейіп, қазір 65,3 пайызға жетті. Яғни білім берудің барлық салаларында қазақ тілі басымдыққа ие болды. Мемлекеттік органдар арасындағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 2008 жылы 50 пайыз болса, қазір қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлесі шамамен 94%-ды құрайды. Алдағы уақытта іс-қағаздарының мемлекеттік тілде дайындалуын қадағалауды күшейткен дұрыс.

Алқалы жиында Ұлттық жоба аясында 23 миллион тіл үйренушісі бар «Лингуалео» (LinguaLeo) білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курстарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасын құру жұмысы қолға алынып отыр. Бүгінде корпустағы сөз қолданыс саны 14 миллионға жетсе, 2025 жылы 40 миллионға жеткізу жоспарланып отырғаны хабарланды.

Тіл жанашырларының сол жолғы мәртебелі кездесуінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екені атап өтілді. Президент Әкімшілігі мен ел Үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетілетіні айтылды.

Бұл орайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу міндеті белгіленгені мәлім. Аталған міндетті орындау елімізде тіл реформасын жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Бізге қазақ тілін реформалау қажет, егер қаласаңыз, тілімізді жаңғырту керек» деген еді. Жаңа әліпбиге көшу, тіл реформасын жүзеге асыру – еліміздің ішкі саясаты саласындағы аса маңызды тың жоба. Үкімет осы бағыттағы ұйымдастырушылық жұмысты зор жауапкершілікпен атқаруға тиіс. Басқаша айтқанда, қазақ тілі өзінің табиғи, тұмса қалыбына қайта оралуы үшін осындай реформа жасауымыз керек. Президент мемлекеттік тілді оқып, үйренудің, қазақ тілін ғылым мен мәдениет тіліне айналдырудың аса маңызды екенін баса айтты. Бұл орайда тілді үйретуде білім саласының орны ерекше. Екіншіден, мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты түсінбеушіліктер, бұлар негізінен қызмет көрсету саласына, көрнекі ақпарат, жарнамаға қатысты өрістеп жүрген болса, қазақша мәтіні қате немесе тек бір тілде ғана орналастырылған көрнекі ақпарат, жарнама қоғам тарапынан үлкен сынға түсіп, мемлекеттік органдарға түсетін шағымдар да баршылық екен. Мәселен, тек 2019 жылдың өзінде 12 900 адам шағымданған. Шағымдарға жүргізілген талдау барысында жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық қателердің көп жіберілетіні анықталыпты. Алқалы басқосуда Мемлекеттік хатшы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына жаңа серпін беру мақсатында жеті міндетті тілге тиек етті.

– Біріншіден, қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттырудағы маңызды рөлін ескере келе, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордаға көшірілуі және өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электронды ресурстарын дамыту маңызды. Қоғамның маңызды қызметінде мемлекеттік тапсырысты игеруге мүмкіндігі болғаны жөн. Бұл мәселеге Үкімет және жергілікті атқару органдары көмектесуге міндетті.

Екіншіден, Қоғам еліміздегі саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ықпалды ұйымға айналуы керек. Сонымен бірге мәслихаттардың және қоғамдық кеңестердің жұмысына араласып, халық сайлаған мемлекеттік органның мүмкіндіктерін қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне бағыттағаны абзал.

Үшіншіден, Мемлекет басшысының қазақ тілін қолдау саясатын кеңінен насихаттап, латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Сонымен бірге «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тіл тақырыбынан бөлек ұлттық жаңғыру, рухани даму, ұлттық мүдде мен намыс мәселелері бойынша да жұмыс жүргізуі керек.

Төртіншіден, қазақ тілінің қолданылу мәселелері қоғамда үлкен өзектілікке ие және қызу талқылануда. Әртүрлі қоғамдық ұйымдар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдағы рөлін арттыруды белсенді талап етуде. Осы саладағы қоғамдық ұйымдар бытыраңқы, яғни олардың жүйелі, әрі бірыңғай ұстанымдары жоқ. Сондықтан аталған ұйымдарды «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төңірегіне біріктіру қажет. Бұл өз кезегінде аталған ұйымдармен тіл саласындағы заңнама мен мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша түрлі оқыту-ұйымдастырушылық іс-шаралар өткізуге және заң аясында жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.

Бесіншіден, тағы да нақтылап айтарымыз, нарық заманында қоғамның қалыпты жұмыс істеуі үшін қаржыландыру мәселесі шешілгені жөн. Бұл мемлекеттік тапсырыстар және гранттар негізінде жүзеге асырылады деп ойлаймын.

Алтыншыдан, шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ тілін меңгеруін қоғамдық деңгейде қолдау. Осы бағытта «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Отандастар» қорымен өзара іс-қимылын нығайтып, олардың бірлескен белсенді қызметін ұйымдастыру қажет.

Жетіншіден, біздің ойымызша, жаңа атап өткенімдей, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бас кеңсесі Астана қаласында болғаны жөн. Бұл Қоғамның елдің даму тынысын сезіне отырып жұмыс істеуіне ықпал етеді. Жеме-жемге келгенде мемлекеттік тілге қатысты биліктің де, Қоғамның да мүддесі бір.

Осындай, келелі міндеттер белгіленіп, алда күтіп тұрған ауқымды жұмыстарға байланысты межелер айқындалды. Иә, біз осы мақаламызда мұның барлығын жайдан жай тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Біле білсек, атағы жер жаратын халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы уақыт талабына сай жандана түскені абзал. Аталған қоғамды ұзақ жылдар бойы жемісті басқарған Өмірзақ Айтбайұлының еңбегін де еш ұмыта алмасымыз анық. Мемлекет және қоғам қайраткері, айбынды академик ағамыздың «Қазақ тілі» қоғамының жұмысын алға оздырудағы жанкештілігі көпшіліктің есінде болар. Таңқаласыз, Өмекеңнің кезінде айтқан келелі ойлары мен тұжырымдары әлі күнге дейін өзінің көкейкестілігін жойған емес. Мәселен, ол кісінің былай дегені есімізде: «Естеріңізде болса, Қоғамның 5-Құрылтайы мынадай шешімдер қабылдаған еді. Ол үлкен екі бөліктен тұратын. Біріншісі жалпы еліміздегі тілдік ахуалдан туындайтын келелі мәселелерге арналса, екінші топ Қоғамның ішкі құрылымдық мәселелерін қамтыған. Енді соларға ретімен тоқталайын. Бірінші, Қоғам Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы.  Бұл мәселені тереңірек қарастырғанда, Қоғамның қолданыстағы жарғысын жамап-жасқаудан гөрі, мүлдем жаңа Жарғы қабылдау қажеттілікке айналғанын аңғардық. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында қабылданған Жарғыны өзгертіп, толықтыру аздық ететін секілді. Сондықтан қазірше осы ескі Жарғы негізінде әрекет етіп, алдағы Құрылтайда көпшілікпен кеңесе отырып, жаңа Жарғы қабылдамақ болып шештік. Өйткені заман өзгерді, заңдар толықты. Бұрынғы ережемен жүре беру дамуды қамтамасыз ете алмақ емес. Мемлекетіміздің этнодемографиялық құрамы да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Сондай-ақ, құндылықтарды қайта бағалау процесі қарқын алды, руханият саласында жаңа парадигмалар қалыптасты. Тиісінше Қоғамның алда қабылданатын жаңа Жарғысы осы жағдаяттардың барлығын барынша толық ескергені жөн»  деді Өмірзақ Айтбайұлы. 

Академик ағамыз мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшыларына Тіл туралы заң талаптарының орындалуына жауапкершікті күшейту шараларын қолға алуды қоғамдық қадағалау жайын тілге тиек еткенде бұл мәселе Қоғам құрылған кезден бастап бір сәтке де тоқтамағанын, тұрақты жүргізіліп келе жатқанын жазған болатын. 

Соның бір мысалы – Қазақстан Үкіметі жанынан құрылған мемлекеттік тіл мәселесі жөніндегі кеңесте де аталған мәселелер тұрақты көтеріліп, тиісті шешімдердің қабылдануына ықпал етуде. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде де жұртшылықтың назарын аударудағы қызметі мәнді. Мұның барлығы да көпшіліктің көз алдында өтіп жатқан дүние.

Айта кетейік, Қоғамға Өмірзақ Айтбайұлы жетекшілік еткен тұста Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы Заңының 23-бабында көрсетілген мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі тиіс лауазымдық қызметтердің тізбесін жасау және оны бекіту мәселесін жеделдету Қазақстан Республикасы Үкіметінен сұралсын деген талап қабылданған еді. Өкінішке қарай, Тіл туралы заңның осы бабы әлі күнге орындалмай келеді. Мұны уақыт еншісіндегі мәселе деп түсінейік. Өйткені, бүгінгі таңда билік тарапынан мемлекеттік тілге байланысты нақты жұмыстар қолға алынуда.

Осы жерде тағы бір назар аудара кететін мәселе, қолданыстағы заңдардың орындалуын, заң нормаларының сақталуын, бұзылмауын ресми тұрғыдан қадағалау жайы талай мәрте сөз болды.  

Бұл жайында Өмекең Қоғам ресми құзырлы мекеме емес екенін алға тартып, бұл орайда ұйым тарапынан қоғамдық бақылау, қоғамдық пікір тудыру секілді істерге ең бірінші кезекті назар аударылатыны жеткізілді. «Ал еліміздегі заңдардың бұзылмауы мен сақталуына ресми тұрғыдан жауапты да уәкілетті мекеме – прокуратура органдары. Ендігі кезекте елімізде Бас прокуратурадан тартып, оның облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі құрылымдық бөлімшелеріне дейін тіл заңының сақталуын қадағалауын, тиісті шара қабылдауын Қоғам ретінде талап ететін боламыз» деп жазды академик.

Шынтуайтына келгенде, еліміздегі мемлекеттік тілдің қолданысы мен қарым-қатынасын реттейтін заңдық құжаттар баршылық екені рас. Қолданыстағы бұл құжаттардың өзі-ақ мемлекеттік тілдің өз дәрежесінде қолданылуын белгілі деңгейде тәп-тәуір қамтамасыз етуге жарамды. Мәселе соның талапқа сай орындалуында болып отыр. 

Қазақ тілін, мәдениеті мен әдебиетін өзге өңірлерге таратуды, насихаттауды жолға қою үшін шет елдерде Абай үйлерін ашу мәселесі де көптен бері қозғалып келеді.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тарапынан атқарылған кешенді жұмыстың бірі бұл – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу бастамасын әрдайым көтеруі. Алғаш Қоғамның президенті, академик Ә. Қайдар тоқсаныншы жылдардың басында әліпби ауыстыруды ғылыми негіздеп берген еді. Содан бергі кезеңде де бұл бастама Қоғам тарапының күн тәртібінен түспегені мәлім.  Бұл жұмыстар нәтижесіз болған жоқ. Мемлекетіміз осы келелі істі жүзеге асыруға пәрмен беріп, ең жоғары дәрежеде шешімдер қабылданғаны аян. Аталған істі жүзеге асыру бойынша арнайы комиссия да құрылды. Қазіргі таңда латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қалыптастыру ісімен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты қызу айналысуда. Қазақ тілінің төл дыбыстық ерекшеліктері мен заңдылықтарын ескере отырып түзілетін әліпби тілімізді ғана емес, санамызды да жаңғыртатын ерекше іс болар деп ойлаймыз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», – деді.

Иә, отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болу үшін балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажеттігі айқын.

Қазіргі кезде қазақтың саны 70 пайыздан асты. Оған түркі халықтарын қосыңыз. Қазақша үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдерінің де қатары артуда. Бірінші сыныпқа баратын балалардың  90 пайызға жуығы қазақ тілінде білім беретін мектептерді таңдап келе жатқаны да мерейімізді өсіретін жаңалық. Демек, халық қазақ тіліне басымдық беріп, белсенді тұтынуда. Болашағын қазақ тілімен тығыз байланыстыруда.

Өмірзақ Айтбайұлы қоғам қандай мәселеге басымдық беру керек дегенге  байланысты үш мәселені алға тартқаны мәлім. Біріншісі – рухани жаңғыру; Екіншісі – латын жазуына көшу; Үшіншісі – үш тілді білім беру жүйесін ендіру деп атап өткен академик ағамыз өз ойлары мен ұсыныстарын төменгідей сабақтаған еді:

– Аталған үш ауқымды шара да еліміздің келесі сапалық дамуын, өзгеріске ұшырауын қамтамасыз ететін іргелі істер. Мұндағы басты мәселе мұны қалай түсінеміз, қалай іске асырамыз, бұлар қазақ мүддесіне қаншалықты сай келеді дегенді анықтау болмақ. Бұл ретте басын ашып алар басты мәселе: шаралар – кезеңдік, ал тіл – мәңгілік. Жаңғыру – өтпелі, кезеңдік құбылыс, ал ұлт, мемлекет, тіл – жүйе құраушы, баянды, мәңгілік құбылыстар. Сондықтан мұндағы негізгі өлшем – аталған ауқымды шаралардың елдігіміз бен тілімізді қаншалықты нығайтатыны болу керек. Жалпы көпшілікке қатысты жаңғырудың бір түріне аты-жөнімізді қазақ тілінің заңдылығына сай түзетуді жатқызуға болады. Бұл істі өзімізден бастайық. Тіпті болмаса, осы Тәуелсіз кезеңде өмірге келген ұрпағымызды құлдық таңбасындай болған «-ов, -ев»-тен арылтайық, ағайын.

Келесі мәселе – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Сөз жоқ, бұл – ерекше қажетті де өзекті іс. Арнайы саяси шешім қабылданды. Мерзімі белгіленіп, Үкіметке тиісті тапсырма берілді. Енді мұны еліміздің ұлттық мүддесіне сай сапалы іске асыру қалуда. Латынға неғұрлым тезірек көшсек, солғырлым жақсы. Өйткені мұнда тек жазу ғана өзгеріп қоймайды, сонымен қатар санамыз да елеулі өзгеріске ұшырайды.

Осы орайда мынадай мәселенің басы ашық болмай тұр. Латын әліпбиіне көшу қалай жүзеге асырылады? Оған кімдер көшеді? Кирилл жазуы мен латын жазуы қатар қолданыла бере ме? Аталған сұрақтар бойынша жауаптар  берілді. Оған сүйенсек, латын әліпбиіне ауысу тек қазақ тіліне ғана қатысты. Елдегі орыс тілділер, орысша білім алатындар, орыс тілінде іс қағазын жүргізетіндер сол бұрынғысынша кириллицамен жүре береді. Дұрыс-ақ. Әрине, біз үшін орыс тілі – шет тілі, көршілес Ресей Федерациясының мемлекеттік тілі. Шет тілін латын графикасына ауыстыруға біздің құқығымыз жоқ. Олай болса, қос тілде ресми іс қағаздарын жүргізіп жатқан ұйымдарымыз бұл мәселені қалай шешеді? Осы кезге дейін қос тілді білу тек қазақ тілділерге ғана міндетті болып келсе, енді қос әліпбиде жазу да қазақ тілділерге ғана міндетті бола ма? Артық уақыт жұмсағаны үшін, артық жұмыс істегені үшін қазақ тілділерге екі есе төлене ме? Міне, осы тектес жәйттердің де басын ашып алу керек.

Қалай болғанда да Қоғамның да жұмысы осы латынға көшуді насихаттау, қолдау, барынша атсалысу болмақ деп есептеймін.Ендігі өзекті мәселенің бірі – үш тілде білім беру жайы. Бұл бастама Елбасының «үш тұғырлы тіл» идеясынан бастау алады. Сөз жоқ, бұл бастаманы орнымен, ел мүддесі тұрғысынан іске асырса, мемлекетіміздің дамуы үшін оң әсері мол болмақ. Алайда оны түсінуде, іске асыруда ортақ түсінік жоқ секілді. Енді осының басын ашып алайық. Шет тілін үйрену деген бар және арнайы пәндерді шет тілінде оқу деген бар. Осыны Білім және ғылым министрі я жете білмей немесе қасақана ұғымдардың мәнін ауыстырып отыр. Шет тілін үйренуге келсек, оған ешкім де қарсы емес. Мемлекет айтпай-ақ, халық өзі балаларын қосымша ақылы тіл үйрету курстарына жаздырып, шет тілін үйретіп жатыр. Мәселе, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде, бірқатар гуманитарлық пәндерді орыс тілінде беруде болып тұр. Бұл деген қазақ тілін ғылым тілінен мүлдем алшақтату, отбасы, ошақ қасының тілі деңгейіне түсіру деген сөз. Тіпті Совет кезеңінің өзінде қазақ тіліне мұндай қиянат жасалған жоқ еді. Басқасын былай қойғанда, бұл азаматтың конституциялық құқығын бұзу, адам құқығын аяққа таптау емес пе?! Қазақстанда тұрып қазақ баласы өз ана тілінде – мемлекеттік тілде толықтай орта білім ала алмау деген не деген сұмдық? Білім министрлігінің бұл әрекетін қазаққа қарсы жасалған қастандық деп бағалаймыз. Бұл ел үшін орны бөлек мәселе – үштілділікке қатысты Президентіміз Қ.К.Тоқаев та өз пікірін білдірді. Президенттің ойынша, бала алдымен қазақ және орыс тілдерін меңгеріп алуы тиіс. Содан кейін ғана ағылшынша үйретсе болады. Тоқаевтың жеке ұстанымы осындай. Демек, оқушыға балабақшадан ағылшынша үйретуге білек сыбана кіріскен педагогтар енді аптығын басуы мүмкін. Осы орайда тағы бір мәселе басын ашуды қажет етеді. Үш тілді білім беру жүйесіне тек қазақ тілінде білім беретін мектептер көше ме әлде орыс тілді мектептер де көше ме? Жаңа білім реформасына сай мектептерді орыс, қазақ деп бөлмей, бірдей мектеп қалыптастырыла ма? Осы арасын нақтылау керек секілді. Қысқасы, осындай басы ашылмаған сұрақтар көп. 

Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз айқын: шет тілін тіл ретінде оқытуды қолдаймыз, ал пәнді шет тілінде беруге қарсымыз. Үш тілді білім беруді енгізу жүйесінің 90 пайыз қазақтың баласы қазақ тіліндегі мектепті таңдаған кезде ұсынылғаны таңдандырады. Енді Қоғам бұдан былайғы кезеңде тілдің жайымен қатар басқа да өзекті елдік талаптарды жиі көтеруге көшкені жөн болар деп топшылаймын. Жалпы тіл саясатында жүйесіздіктер бар секілді. Сондықтан алдағы уақытта жүйелі әрекеттерге көбірек бейіл берген жөн деп санаймын» – деп  жазды Ө.Айтбайұлы. 

Иә, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы тіл саясатын пәрменді етуде көптеген игі жұмыстар атқарды. Мұны біз осынау Қоғамның басшысы болған Өмірзақ Айтбайұлының терең толғамды ойлары мен мазмұнды тұжырымдарынан-ақ байқаймыз. Осы орайда айтар тілегіміз,  Өмірзақ Айтбайұлының қолға алған баянды жұмыстары аяқсыз қалмауы керек. Тіл мәртебесін биікке көтеруде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмыстары көпшіліктің көз алдында өзінің тиянақтылығымен, жүйелілігімен әрі нәтижелілігімен жүзеге аса беруі керек деген ой айтқымыз келеді. «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында жаңа басшы болып белгілі ұлт жанашыры Берік Әбдіғалиұлы сайланған еді. Өзіміз жақсы білетіндей, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Әрі қарай «Қазақ тілі» қоғамының тізгінін кім ұстап, кім алдағы міндеттерді атқаруға білек сыбана кіріседі, осы жағы әзірге түсініксіз болып тұр. Басқарып кете алатын азаматтар аз емес қой. Мәселе, тоқтап қалған жұмыстарға жан бітіретін іскер, ұлтжанды азаматтың келуінде.

Дәукен ЖҰМАТҰЛЫ

260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз