• Тарих толқынында
  • 25 Қараша, 2022

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ АЙБЫНДЫ БАТЫР ҰЛЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау жерінде өткен Ұлттық құрылтайда қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелгенін айтты. 
«Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды.  Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз. Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер  дәл осында өткен.  Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады» деді Мемлекет басшысы. Иә, бүгінде Ұлытау жерінің өзіндік символына айналған Жошы хан мазары алыстан менмұндалап көз тартатыны белгілі. Қасиетті мазарға тәу етіп келушілер саны да толастаған емес. Осы орайда Жошы хан мазары туралы, оның тарихи қырлары жайында тоқталуды жөн көрдік. 

 

Қасиетті Ұлытаудағы көпке мәлім айтулы ескерткіштердің бірі – Жошы хан мазары. Жезқазғаннан 45 шақырым солтүстікке қарай Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан. Мазар күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Кірпіштің көлемі 26х26х5 см.

Мазардың күмбезді құрылыстар қатарына жататыны айтылып жүр. Бірден көзге түсетіні – салтанатты порталы. Оның алдыңғы жағы арка түрінде шығарылған да, екі жақ босағасы үстіндегі ауыр салмақты мызғымай көтеріп тұру үшін берік етіп тұрғызылған. Порталдың жақтаулары жай кірпіштен емес, өрнекті кірпіштермен безендірілген. Ол өрнектер бір қарағанда киіз үйдің басқұрына ұқсайды.

Мазарға күмбез орнату ежелден келе жатқан ерекшелік. Бұл тәсіл аталмыш ескерткіште көзтартарлық үйлесім тапқан. Қабырғаның іш жағынан өрілген белдеулердің үстінен екі қабатты ауқымды күмбез орын тепкен. Ішкі күмбез белдеулерге «жайғасса», сыртқы күмбез он алты қырлы барабанға орналасқан. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен, барабанның астыңғы жағындағы терезелерден түседі. Күмбездің өзі бедерлі әшекейлермен көмкерілген. Еденге де кірпіштер төселген.

Мазар республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Осы жерде тұрып жатқан адамдардың айтуына қарағанда, мазарға кіре беріс жерде таңба әрі ескерткіштің қай уақытта салынғандығын айғақтайтын тақта болған. Ол 1911 жылы Атбасар уезі басшылығының бұйрығымен Дала генерал-губернаторына көрсету үшін әкетілген.Осы жерде тұрып жатқан адамдардың -айтуына қарағанда, мазарға кіре беріс жерде таңба әрі ескерткіштің қай уақытта салынғандығын айғақтайтын тақта болған. Ол 1911 жылы Атбасар уезі басшылығының бұйрығымен Дала генерал-губернаторына көрсету үшін әкетілген.Ескерткіштің көркемдігі, әсемдігі Алаша хан мазарындай болмаса да Жошы хан мазарының өзіне тән ерекшелігі бар. Ол не десеңіз – айбаттылығы мен айбарлылығы. Қайратты, күші мол арыстан жатқандай елестер еді. Әйтеуір бір қаһар байқалады. Осындай көріністі көз алдыңа әкелетін шебердің шеберлігіне таңданбасқа шараң жоқ. Шебер бәрін ойластырған. Сол ойын іске асыра білген. Жошы, расында да, Дала арыстаны болатын. Ол байтақ жерге иелік етті. Аты әлемге жайылды. Шебердің мазар кейпін айбарлы, айбатты етіп бейнелеуі заңдылық. Ұлы далаға әлсіздер, ынжықтар емес, мықтылар, күштілер ғана қожалық жасай алады. Шежірешілердің айтуынша, Жошы ержүректігімен, жаугершілігімен көзге түсумен қатар, адамгершілігі, қайырымдылығы да төңірегін сүйсіндірген. Соғыстан, қырып-жоюдан гөрі бейбіт өмірді, мамыражай заманды қолайлы көрген. Аңшылықты – саятшылықты ұнатқан. Әншілікті, күйшілікті, ат ойындарын, мергендік пен палуандықты жаны сүйген.Бір жазбаларда айтылады, Жошы әкесінің іс-әрекеттерін қолдай қоймаған. Өйткені соғыстың кесірінен көп қалалар қираған, көп адам өлім құшқан. Осының бәрі Жошыны ойландырады. Адамдардың соғыссыз, қырғынсыз бейбіт аспан астында өмір сүруін қалаған.Жошының өліміне қатысты да түрлі аңыз-әңгімелер бар. Бір айта кетерлігі, сол әңгімелерде Жошының әкесінің аты Алаша хан деп көрсетіледі. Сәті келіп тұрғанда әлгі әңгімелердің бірқатарына тоқталып өтейік.Омбы қаласында 1888-1902 жылдары «Дала уаляты газеті» («Киргизская степная газета»)  шығып тұрған. Осы басылымның 1897 жылғы сандарында «Алаша хан һәм оның баласы Жошы хан турасынан қазақ арасында бар сөз» деген тақырыппен материал жарияланған. Яғни ел аузынан жазылып алынған әңгіме. Төменгі жағына кезінде Ақмола облыстық сотында тілмаш болып қызмет атқарған, кейіннен Алаш Орда үкіметінің белсенді мүшесі болған Отыншы Әлжанов қол қойған.Осы материалда Жошы ханға қатысты және оның өліміне байланысты да айтылады. Қанекей, назар салып көрелік: «Алаша ханның Жошы деген баласы бар екен. Өзі жасынан-ақ мінезі қаттылығын, ерлігін, қуатын, қисық мінездігін көрсете бастапты. Хан баласының мұндайлығына разы болып, ойлайды екен, балам менің орнымды басуға тұрарлық деп. Жошы ханды әкесі де һәм қазақ халқы да еркелетіп, күтіп өсіреді. Баланың не қыламын дегенін ешкім қақпай, қазір даяр қылып тұрды. Кішкентай ашуланса айналасындағылардың бәрі қорқып, дірілдеп тұрушы еді. Бәрі де Жошы ханның айтқанын қылып, оған жағуға жаһат қылатын еді. Жошы хан өскесін әкесі өзінің не қыламын деген ықтиярына жіберіпті. Өзі теңдес жастарды қасына жинап алып, ел жиып, ат шаптырып, балуан тұрғызып, мылтық атып ойын қылар еді. Тойға келген халықтар күні-түні ойын-күлкіге батар еді, балуандардың күресін көріп. Сонда Жошы ханға не күреске, не ат үстінде, не мергендікке ешкім шақ келмес еді. Алаша хан баласына қарап қуанады екен. Әрі сондай тойдан кейін қасына теңестіріп алып, Алаша хан аңға шығар еді. Сонда аңның қызығына түсіп кетіп, Бетпақдалада неше жұмадай жоғалып кетер еді. Осы кезде Бетпақдалада құлан, киік, Һәм өзге аңдар көп екен. Алаша хан баласының нөкерлеріне қатты бұйрық береді екен. «Жошы ханның жанында қасынан қалмай күтіп жүріңдер, жазым болмасын. Егерде бір жаманшылық болса, бәріңе де жаман болады. Кім балаң жазым болды деп айтса, соның аузына еріткен қорғасын құямын» депті.Жошы хан аңды көп алған сайын қызына берді. Бір күні аңды қуып жүріп, жолдастарынан озып кетеді. Алдындағы қуып келе жатқан құланы өзге бір үйір құланға қосылып кетті.

Жошы хан топ құланға садақ атып еді, олар қашпады, қайта өзіне ұмтылып, басып-жаншып, тістеп өлтіріп кетіпті. Жалғыз бір шынашағы сау қалыпты. Өзгесін аң жеп кетіпті. Жошы ханның жолдастары артынан келіп сүйегін жинаған екен, жалғыз шынашағынан басқасын таба алмапты. Бұл шынашақты жібек бұйымға орап алып нөкерлері елге келіп, ешқайсысы Алаша ханға айтуға батпапты. Сол уақытта Кетбұғы деген Алаша ханның жақсы көретін ақыны бар екен, қарт екен. Алаша хан бос уақытында оған өлең айтқызып, естіп отырады екен. Кетбұғы Жошы ханның өлгенін естіртпекші болады. Домбырасын алып, сұраусыз ханның үйіне кіріп келіп айтты:– Құдай Тағаланың рақметі жаусын саған һәм сенің қол астыңдағы барлық жанға, бұлардың тыныштығын тілеймін, – дейді.– Саған не керек? – деп Алаша хан сұрады. – Тақсыр хан, сенің қуанышың менің қуанышым, сенің қайғың – менің қайғым, – деді Кетбұғы.– Мен бүгін бір жаман түс көрдім, менің қайғым қатты, жүрегім жарылып бара жатыр. Сол себепті үйіңе рұқсатсыз кіріп келдім, жалғыз-ақ саған басқа түскен қайғымды айтуға. Басыма не қайғы түскенін айтпаймын, бұл турадан менің домбырам айтсын, – деді Кетбұғы. Домбыраның шегін күйге түзеп алып, Кетбұғы тарта бастады. Алаша хан құлағын салып тартылған мұңды естіп отырып айтты: не себептен сен мұндай зарлы күйлерді тартасың? – деп.– Басыма бір қайғылы күн туды, тақсыр хан, – деп домбырашы қысқа жауап берді де, тоқтамастан домбырасын шерте берді зарлы күйге салып. – Бұл не ғажап? – деп Алаша хан айтты: Япырым-ай, менің Жошы ханыма бірдеңе болып қалды ма, мұны аң жеп қойды ма?– Тақсыр хан, Жошының өлгенін жалғыз өзіңізден естідік, – деп үйдің сыртында халық шулап қоя береді.

Бұл хабар сондай жаман болды, хан Жошы баласының өлгенін естіп, талып қалды. Жиналған халық ханды су бүркіп, тұрғызып алды. Есін жиып алып, Алаша хан зарлап жылады. «Жошы! Жошы!.. Қайдасың, жалғызым» деп. Мұның екі көзінен бұлақтай болып жас ақты. Еш адам үйге кіріп, ханды уатуға бата алмады.Осындай жылаумен тамақ ішпей Алаша хан үш күн, үш түн жатты. Мұның халқы жиылып, ақылдасты, қалайша ханды уатып, көңіл айтып, жылағанын қойғызсақ екен деп. Ешбір адам Алаша ханның үйіне кіруге батпай, барша жиылған адамдар тыста қамалып тұрады.Алаша ханның бір ақылды қатыны бар еді, еріне ой түсіріп көңілін баспаққа ақыл қылды:– Хан, сен қайғырып жатырсың, халқың ғау-ғау көтеріп, бүлік шығарып жатыр, – деді. – Неге менің халқым бүлік шығарып жатыр, – дейді хан.– Сенің халқың екіұдай болып жатыр. Себебі бір бай өзінің тамырына бір уақытта ат басындай алтын берген екен, уақытында мұндай бірдеңе берер деп. Ол тамыры ештеңе бермеген соң, «өзім бергенімді бер» деп жатыр. Жуырда бұлар биге түсті. Жартысы: «қайырмауға тиіс» дейді.– Ау, олары қалай? Билікті әділ айтпаған. Сыйды ала білген кісі, бере де білуі керек емес пе? Алтын алғанды шақыр мұнда, – дейді хан.– Ұлы хан, кішкентай сабыр етіп, маған сөз бастауға рұқсат қылыңыз. Алла Тағала баланы саған өзі берді, өзі алды. Құдіреттің хүкіміне көну керек. Алла Тағала Жошы ханды саған сыйлап еді, сыйлаған Аллаға сен де сыйлай біл, қайғырып жылама, Құдайдың рақметі көп, таусылмайды, – деді. Бұл сөз көңіліне кіріп, Алаша хан қайғыруын қойды.Алаша ханның Домбауыл деген бек қуатты құлы бар еді. Өзінің қожайынына ақ көңілмен қызмет қылатындығын һәм ерлігін Жошы хан жақсы көреді екен. Жошы ханның өлгенін естіген соң ант ішіпті. «Құланның бірі қалғанша қырамын» деп. Домбауылдың екі жүйрік аты бар екен. Біреуі «Қабанқұлақ» деген, біреуі «Әңкей» деген. Сол аттарының бірін мініп, бірін жетектеп алып, Жошы ханды өлтірген құлан жатқан аралға қарай жөнеліпті. Құландар Домбауылды көрген соң-ақ Бетпақдаладан өте Шуға қарай қашқан екен. Домбауыл қуып жетіп, қыра беріпті. Соншадан бес-ақ құлан тірі қалып, үркіп, сол бесеуі де Шудан өтіп кетіпті. Ол бес құлан өткен жерді осы күні «Бес құлан» деп атайды екен. Бес құлан деген жерден бес шақырымдай арада таудың бауырында Қабанқұлақ деген аты зорығып өліп, ол араны «Қабанқұлақ» қойыпты. Онан әрмен бес шақырымдай барған соң, екінші аты Әңкей өлген екен. Ол араны «Әңкей» қойыпты. Осы күні сол араны Әңкей деп атайды».Осы тақылеттес әңгіме Мәшһүр-Жүсіпте де кездеседі. Шамалы ғана айырмашылығы болғанымен, екеуінің де мазмұны қарайлас. Оған аңыз-әңгімені оқып отырып өзіңіздің де көзіңіз жетеді.Жошының өліміне қатысты өзге де болжамдардың айтылатыны бар. «Мүмкін, әкесі Шыңғыстың жансыздары өлтірген болар» деген ой да көлденең тартылады. Бұл арада Жошы мен інісі Шағатайдың арасындағы қайшылық дәлел ретінде ұсынылады. Сірә, Шағатай тентек әрі қызғаншақтау болған секілді. Өйткені Жошының қайсарлығы, жаужүректігі, белсенділігі төңірекке жақсы мәлім-тін. Расында да бұл қасиеттер Жошының бойынан молынан ұшырасты. Ол әкесі иығына артқан қандай тапсырманы да жеріне жеткізе орындайтын. Бұған Шыңғыс та сүйсініп жүрді. Әкесінің ағасына шынайы ынта-ықыласы Шағатайға ұнай қоймады. Іштегі қызғаныш деген қызыл ит өн бойын аямай тырналайтын. Бір жағынан ертеңдері тақ мұрагері болып кете ме деп те күдіктенеді. Шағатайдың ағасын тұқыртқысы келетін басты сөзі : «меркіттің шатасы». Кезінде анасы Бөртені меркіттер шабуыл жасап, тұтқынға алып кеткені белгілі. Осы оқиғаны әңгімесінің тұздығы етіп алады да отырады. Жошыны меркіттен туғандай етіп көрсетеді. Ал шындығы осылай ма, басқа ма – бір Құдайға анық. -Рашид ад-Дин секілді атақтылардың жазуына қарағанда, Бөрте тұтқынға түскенге дейін-ақ жүкті болған. Жошымен текетіреске түскен Шағатай ол жөнінде әкесіне намысына тиер адам сенгісіз өсек-аяңды жеткізетіні анық. «Өлім әкесінен болды ма?» деген әңгіменің шығу себебі осыдан. «Бір шайқаста жараланып, соның салдарынан көз жұмған екен» деген қауесеттің де ұшы қылаң береді.

Дегенмен де тарих беттерінде құланға қатысты аңыздың жиі сөз болатынын ескерте кеткеніміз жөн. Бұл, сірә, тегін болмас. Жошы хан мазарының іші бірнеше рет қазылған. Солардың бірі жөнінде Әлкей Марғұлан былай деп жазады: «Көкжиектен 0,8 м тереңдікте артқы қабырғаға параллель орналасқан екі мола шұңқырлары бар сағана ашылды. Бірінші моланың қабырғасы және негізі оның ұзындығы 2,20 м, саз балшық сылағының үстінен алебастр сылағының қалың қабатымен жабылған. Моланың ішінен бір қолының сүйектері жоқ орта жастағы ер адамның жақсы сақталған қаңқасы табылды. Бұл факт Жошы ханның бір қолы болмаған деген аңызға сай келеді. Моланың солтүстік-батыс бөлігінде жоғары жақ бөлігі жоқ бас сүйек табылды. Ұзындығы 1,90 м екінші молада біріншіге параллель әйел жерленген. Жошы ханның әйелдерінің бірі. 1929 жылы Атбасардың тұрғындары «ханның қазынасын тауып алу мақсатында» екі моланы қазғандары белгілі. Осының нәтижесінде жерлеу мүкәммалы өзінің алғашқы кейпін жоғалтқан. Ал Жошы ханның әйелінің бас сүйегі оның моласына ауысып кеткен.Бірінші моланы тазарту кезінде жерлеу киімінің және терінің (қызыл сафьян) жыртысы табылды. Тас табыттың түбіне салынған мәйіттің жауырын сүйектерінің астында араб жазуы бар тақта жатты. Пішіні төрт бұрышты тақта жақсы күйдірілген және алебастр ерітіндісінің жұқа қабатымен жабылған. Оның бүйір жақтарының өлшемі 42,5х42,5, қалыңдығы -2,5 м. Дымқылдықтан тақта өте нәзік болып қалған. Ол кепкен соң біз оны абайлап көтердік, бірақ ол бірнеше бөлікке бөлініп қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жазуы бар тағы бір тақта 1929 жылы моланы ашу кезінде жергілікті тұрғындармен әкетілді».Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзендерінің қосылған жерінде, Алаша хан кесенесінен жеті шақырым оңтүстікке қарай және Жошы хан кесенесінен отыз шақырым солтүстік-бастысқа қарай қираған қалдықтар байқалады. Аңыз бойынша бұл Жошы ханның кіші әйелінің ордасы болған. Осы жерден алыс емес жерде күйдірілген кірпіштен тұрғызылған некропольдің және кесененің үйінділері бар. Некрополь Келінтам атауымен белгілі. Осында Жошы хан әйелдерінің бірінің қабірі бар көрінеді. Келінтам кесенесі 1800 жылдарға дейін сақталған. Ал қазір кесене орнына төбені ғана көре аламыз.Қалай десек те, Жошы қазаққа бөтен емес. Ол кейінгі әрі мағыналы өмірін бүгінгі қазақ жерінде өткізді. Әкесі төрт ұлына жер бөліп бергенде Жошыға тигені ұлан-ғайыр Дешті-қыпшақ аумағы еді. Оның әскерінің дені моңғолдардан емес, түркі тайпаларынан құралды. Ол осы даланы керемет жақсы көрді, адамдарына деген сүйіспеншілігі де ерекше болды. Ол өзін осы даланың кіндік қаны тамған перзентіндей сезінді. Әйгілі парсы тарихшысы Жужанидің «Табанат-и-Насири» атты еңбегінде мынандай сөз бар екен: «Жошының қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, ол Хорезмде моңғолдарға қандай да бір қыпшақ баласының маңдайынан шерткізбеді».Бәрімізге жақсы белгілі, ұлтымыздың ұлылары – Әйтеке, Төле билердің мазарлары өзбек жерінде орын тепкен. Даналар, сөз жоқ, өз жерінде, өз топырағында жатыр. Кешегі қазақ жұрты иеленген жерде мәңгілік тыныс табуда. Әйтпесе ақыл-есі дұрыс адам өзгенің қонысына барып, мола тұрғызбайды. Жошы хан да солай. Өзінің жері, өзінің елі болғасын, мазары да қыпшақ даласында бой көтерді. «Менің жерім, менің елім осы» деп жатыр ол. Осыдан кейін оны өгейсінуге, бізден бөлек адам деуге ешбір хақымыз жоқ. Жошы бізге, қазаққа несімен қымбат. Ол бүгінгі Қазақстан атты іргелі мемлекеттің о баста негізін қалаған, осы мемлекеттің бастауында тұрған ұлы тұлға. Ол мемлекеттің аты – Алтын Орда. Алтын Орда Жошының екінші ұлы Батудың басшылығы кезінде барынша нығайды. Бұл мемлекет Шығыс және Батыс Дешті-қыпшақ жерлерін, Ресейдің Еуропа жақ бөлігін, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелерін, Польша, Венгрия, Болгария, Кавказ аймақтары кіретін зор аумақты қамтыды. Мемлекетті басқару ісінде жаңаша өзгерістер орын алды. Салық жинау ісі басқаша ұйымдастырылды. Халық санағы жүргізілді. Қалалар, бекіністер салынды. Қарым-қатынас жолға қойылды. Әрине, одан бері де талай ғасыр өтті. Алтын Орданың өзі ыдырап, бөлшектеніп кетті. Сегіз ғасырға жуық мерзім ішінде Ұлы дала не көрмеді дейсіз. Қан қақсатқан сұрапылдың неше алуаны өтті. Бірақ кең даланы мекен еткен халық туған топырақты тастап ешқайда безіп кеткен емес. Сүрінсе де, жығылса да, азаптың нешесін бастан өткерсе де бабаларының қаны мен тері сіңген жерді қорғаумен болды. Елдіктің туын құлатпауға тырысты. Соның жарқын дәлелі – Алтын Орданың жалғасы, ізбасары Қазақ хандығы өмірге келді. Бұған ұйытқы болған – Керей мен Жәнібек. Олар кім еді? Сол өзіміз тілге тиек етіп отырған айбарлы, айбынды, қаһарман, кейбір тарихшылар жазатындай Шыңғыс ханның «арыстан ұлы» Жошының үрім-бұтақтары. Одан берірек келетін болсақ, Абылай, Кенесары, кешегі ұлт көсемі Әлихан. Бұлардың бәрі де қазақ үшін ең қымбат, қастерлі есімдер. Олар ұлтымыздың азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жанын салып күрескен, осы жолда өмірлерін қиған Алаш ардақтылары.Жошы хан – құрметтеуге, көкке көтеруге тұрарлық айтулы тұлға.

Бұл жөнінде еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда болған сапарында жақсы айтты. «Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын. Сондықтан біз Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алуымыз қажет. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанасына айналдыру – өте маңызды міндет» деді Қазақстан Президенті. Алтын Орданың 750 жылдығы мен Жошы ханның есімін ұлықтауға қатысты шаралар қолға алынды. Әсіресе Ұлытаудағы хан мазарын жөндеуге, мазар төңірегінде мәдени-тарихи кешен салуға мән беріліп жатқаны құптарлық. Мазарға баратын жол да назарға алынып жатқан секілді. Ең қажеттісі осы. Өйткені жолдың нашарлығынан көздеген жеріңізге жету өте қиын. Үкіметіміз де тиісті қаулысын қабылдады. Қаулыда ұлы ханға арналып Астанада, Қарағандыда, Жезқазғанда, Ұлытауда ескерткіштер ашу белгіленген. Біздіңше осы артық па дейміз. Ескерткіштерді қаптатып керегі не? Есесіне, Жошы хан арқылы халқымыздың -тарихына, өткен жолдарына қанығып, сол арқылы жас ұрпақ бойына ержүрек ата-бабаларымыздың ерлік істерін, рухын сіңіруге баса көңіл бөлгеніміз абзал болар. Ескерткіштің көкесі – Жошы хан мазары. Соның кетігі кетпей сақталуы, қызғыш құстай қорғалуы маңызды. ...Мазардың өзі де Жошының қасиетін әйгілеп тұрғандай. Жер бауырлап жатқан сұсты, қаһарлы арыстанға ұқсай ма, қалай... Әйтеуір бұл жерде жай адам жерленбеген. Дүлей күштің иесі екендігін паш етіп тұрғандай. Расында да, күш-қайраты бойында тасыған Жошы – Ұлы даланың арыстандай айбынды батыр ұлы болатын.

Абзал МАҚСАТ

1150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз