• Ұлттану
  • 24 Қараша, 2022

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын...

Еліміздегі демографиялық саясат, отбасылық құндылықтардың дамуы – халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып жүйелеріне негізделетіні белгілі. Отбасылық тақырыпты арқау еткенімізде біз, әрине, келіндердің тәлім-тәрбиесі жайында айтпай кете алмаймыз. Бұл да отбасылық институтта ерекше маңызы бар мәселе.   
 

Жаратқанның бұйрығымен өмірге қыз болып келген жан бойжетіп, ақ босаға аттап, өзге шаңырақтың түтінін түтетеді. Ал қазақ халқы келіннің әр басқан қадамына сын көзбен қарап, баға беріп отыратын халық. Бірақ екінің қолынан «ұлттың келіні» атану келмейді. Ал бүгінгі күні тіптен ұлт емес, бір әулеттің ибалы келіні атана алмай жатқан қыздарымыз да жетерлік. Ендеше кешегі қазақ келінінің келбеті қандай еді? Бүгінгі келіндер неліктен ұлттық ерекшеліктерден ада болып барады?

Атам қазақ келінді ұрпақ жалғастырушысы ғана емес, оны әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы деп тани білген. Ертең келін болатын қызын қазақ қырық үйден, қала берді, есіктегі күңнен де тыйым салып отырған. Осының барлығы не үшін? Кімнің қамы үшін жасалған? Әрине, қызының ертеңі, ұлтының болашағы үшін емес пе?! Осы арқылы халқымыз «ұл тәрбиелей отырып жерді, қыз тәрбиелей отырып елді қорғаймыз» деп түсіндіреді. Сондықтан қазақ келінді тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеген жан ретінде жоғары бағалаған.

Келін боп босаға аттау қуаныш, әрі мәртебе. Әрине, жас келінге жүктелер міндет те аз емес. Өзге үйге келіп, қайын ата мен қайын ененің көңілдерін тауып, олардың «қас-қабағын бағу», сонымен қатар сол әулеттегі тума-туыстармен тіл табысу, тату-тәтті жарасымдылыққа ұйытқы болу, ерінің де алдында адал жар, ұрпақ тәрбиелейтін ардақты ана болу міндеттері де дәл осы келінге жүктелген. «Жақсы келін келі, жаман келін – келсап» деген қазақ мақалындағыдай жаман келін атанбауына ең алдымен отбасындағы тәрбие әсер етсе, екіншіден қайын ененің де тәлім-тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Ата-ене келінін болашақ немересін өмірге әкелуші ретінде де оның жағдайын жасап, денінің саулығын, қамсыз болуын қадағалаған. Себебі келіннің денінің саулығы болашақ ұрпағының аман-есен дүниеге келуіне әсер етеді. Соны жақсы білген данагөй бабаларымыз бен ақылшы аналарымыз құрсаққа бала біткен күннен бастап келіннің дұрыс тамақтануын, таза ауада көп тынығуын ескертіп отырған. Ал өмірге сәби келген соң да жаңа босанған келінді қалжалап, терлетіп, қырқына дейін ерекше баппен күткен. Бұл да болашақ ұрпақтың қамы екені сөзсіз. Осылайша ене мен келін арасындағы сыйластық дамып, берік қамалға айналып отырған.   Иә, келін ұлттың болашақ ұрпағын өмірге әкелетін жан болғандықтан оның өзі де ибалы да инабатты, тәрбиелі болуы бірінші кезекте болатын.        

Қазақ «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» деп босаға аттаған қыздың қайтып келуін қош көрмеген. Мұндай жағдай қыздың отбасына ғана емес, бір рулы елдің бетіне салық саналған. Сондықтан да қыз тәрбиелеген ата-ана қай кезде де «Қызға қырық үйден тыйым» жасап, оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Қыздың өз үйінде «қонақ» екенін айта отырып, сонымен қатар  ертең өзге үйдің түтінін түтетіп, өзге отбасының берекесіне айналатынын, яғни «келін» атанып, болашақ ұрпақ тәрбиелейтінін де санасына сіңіріп отырған. Әлбетте, көргенді ата-анадан тәлім алып, тәрбиелі отбасында өскен қыз ешқашан да оларды ел алдында жерге қаратпаған. Ақ босаға аттаған келін сол үйдің толыққанды мүшесіне айналып, сол шаңырақтың суығына да, ыстығына да қатар төзе білген. Ата-енені өз әке-шешесіндей қастерлеп, ерінің дегенін де екі етпеген де қазақтың келіндері. Тіпті өзінен үлкеннің де, кішінің де есімін атамай, «Еркежан», «Ерке қыз», «Мырза аға», «Мырза жігіт», «Тетелес» деп «ат тергеп», ерекше сыйластықтың үлгісін танытқан да қазақтың келіндері еді...

Апамның біраз жыл бұрын айтқан мына бір әңгімесіне әу баста мән беріп, көңіл аудара қоймаған едім. «Ол кезде жап-жас едім. Қиын күндер. Анамнан екі жасымда айырылған мені жеңгем баққан еді. Бойжеткен соң өзімнен қырық жас үлкен шалға ұзатылдым. Алғашында жүрексінген мені бәйбішем қолпаштап, қызындай күтетін. Тіпті атымды да атамай еркелетіп сөйлейтін. Сөйтсем менің сол үйдің босағасын аттауыма бәйбішенің де қатысы болған екен. Өзі құрсақ көтере алмаған соң Құдай қосқан қосағының артында ұрпақ қалғанын одан бетер қалаған да сол бәйбішенің өзі екен. «Күндес» деген аты болмаса, Алланың берген балаларын да өзі бауырына басып, аялы алақанына салды. Өзге деп өзегінен теппеді, қайта өзім деп өзеуреді. Мені тіпті «әлі жассың, қатарыңнан қалмай көңіл көтер» деп той-думанға да жіберіп тұратын. Кәрі енені де, жас баланы да өзі бағып, маған еш қиындық түсірмеп еді бәйбішем» деп «күндесін» еске алып, көзіне жас алып отырған апамның сөзі мені  бастапқы кезде ойланта қоймаған. Есейе келе сол әңгіменің мәнісін ұққандай болдым. Барған жеріне «тастай батып, судай сіңетін» қазақтың келіндері сол отбасының барлық ауыртпалығын қара нардай қайыспай көтере білген. Апамның айтып отыратын бәйбішесі де ерін қадірлегендіктен, оның атын атататын артында ұрпағының болғанын шынайы қалағандықтан да өзі бас болып күйеуіне екінші әйел алып берген. Оның баласын бауырына басып, аналық мейірім сыйлауы да бәйбішенің ақылдылығын, кемеңгерлігін танытқандай. Бұл келіннің сол отбасына бар жан-тәнімен берілгендігі, адалдығы, қысқаша айтсақ, бұрынғы қазақ келінінің бет-бейнесі, кескін-келбеті.

«Келін жақсы болса, үйіңе көп кісі келеді. Келін жаман болса, келген кісі кеткісі келеді», – деп Шал ақын айтқандай, бүгінгі қоғамда «кесір» келіндер жайлы қаңқу сөздер көбейіп кетті. «Жел болмаса, шөптің басы қимылдамасы» анық. Көпке топырақ шашпайық, десек те келіндер арасында үлкен кісінің алдын кеспеу, келген қонақты жылы шыраймен, ашық қабақпен қарсы алу, үлкендерді сыйлау, оларға дауыс көтермеу, ыдыс-аяқты орынсыз салдырлатпау, ата-енесі мен күйеуінің бауырларын сыйлап, оларға құрметпен қарау сынды асыл қасиеттер жоғалмауы керек. Бұған ескінің сарқыншағы деп қарау да әбестік. Заман басқа деген желеу ұлттық құндылықтарға қатысты айтар болсақ, жарамайды. «Өр қазақтың тұяғы, Күлдір, күлдір, күлдір де, Күлкіні басқа ілдірме, Алланың нұрын аңсасаң, Кірпиязыңды кірлетіп, Көрпеңе күнә сіңдірме. Хауа Ананың жалғасы, Болмысыңнан бүтін ең, Бес күндікке түтілмен, Абыройыңды үркітсең, Шошынбай ма ұрпағың, Омырауыңның сүтінен!» – деп бабаларымыз тегін айтпаған. Дәстүрді сыйламау түйсіктің рухани жұтаңдығынан, ұлттық тәрбиенің жоқтығынан десе де болады. Сондықтан кез келген қыз өсіріп отырған ата-ана оның болашақта өзге шаңыраққа келін болатынын, ана атанып, ұрпақ тәрбиелейтінін санасына сіңіріп отырғаны жөн.

Біраз уақыт бұрын бір туысым «балам үйленетін болды» деп қуанышын бізбен бөлісіп кетті. Белгіленген күн де жетіп, құданың алдына салт бойынша қоржын алып баратын болды. Қалыңмалға апарылатын қаржы мен қоржынға салынған қымбат дүниелерді көргенде жағасын ұстамаған жан болмады. Материалдық жағдайы орташа ғана отбасы бола тұра мынадай қымбат заттарды қалай алды деген сауал бар еді бәрінің жүзінде. Аңғарсақ, «болашақ келін» «болашақ енемен» бірге жүріп, әлгі заттарды өзі таңдап беріпті. Туысымыз жақсылығы үшін бәріне де келіскен. Бірақ әлгі қымбат киім-кешек те, алтын бұйымдар да, тіпті қалыңмалға берілетін ақшаның бір бөлігі де қарызға келген екен.  Босағаны аттамаған келіннің мына қылығы кімді болса да таңғалдырмай қоймады. Бүгін қарызға алынған дүниенің ертең қайтарымы болатынын ескерсек, жесір әйелге мұның оңайға түспесі анық. Қарсы болғанмен пайда жоқ, қош дедік. Бірақ бұл бастамасы ғана екенін әу баста ешкім де сезбеген еді.

Шынтуайтына келгенде дәл осы үрдіс бүгінде белең алып барады. Әрине кейде мұның пайдасы да тиіп жатар, десе де оның кемшін тұстары көп. Біріншіден, ене мен келін бір-бірінің кейбір таңдауымен келіспей жатса, әлі басталып үлгермеген туыстық қатынастың арасына (ене мен келін арасына) сызат түседі. Немесе келін өз дегенін орындату арқылы бірінші күннен бастап-ақ сол отбасына өз билігін жүргізе бастайды.

Жоғарыда аталған туысымыз Айгүл енді баласының тойын қарызданып, қауғаланып қаладағы қымбат мейрамханалардың біріне жасады. Бұл да келіннің қалауы екен. Сөйтіп «қымбат келін» босағаны аттады. Біршама уақыт өтті. Үйіне қонаққа бара қалсаң, келін орнында Айгүлдің өзі жүгіріп жүргені... Қабағы қарс жабылған келін үлкен деп ізет көрсетуді де білмейді. «Жас қой, әлі үйрене алмай жатыр» дейді мұндайда Айгүл де келінінің кемшілігін жуып-шайған болып. Ал біраз күннен кейін келініміз төркініне кетіп қалыпты. Бақсақ, мәселе мынада екен. Келін осы үйге түсіп жатқан қаржыны өзі басқармақ. Яғни оның қалауы бойынша енесінің, күйеуінің және өзінің жалақысы, Айгүлдің бірге тұратын қарт анасының зейнетақысы, бәрі-бәрі келіннің қолында болуы шарт екен. Әрине, бұған қарт кісі ренжіп, қарсылығын білдірген. Сол сылтаумен келініміз төркініне кетіп қалған. Қойшы әйтеуір, келіннің арманы орындалып, отбасының бюджеті сол «шүйкебастың» қолына өтті. Қазір бұл шаңырақ келініміздің «ашса алақанында, жұмса жұдырығында». Ал Айгүл болса келіннен көрген қорлығын айтып, жылайтын болды. Енесі де, тіпті қалжырап отырған қарт та отырса опақ, тұрса сопақ болып келінге жақпай-ақ қойды. Жуырда тағы бір өнер шығарыпты Айгүлдің келіні. Қарияны «Қарттар үйіне» апару жайын қозғапты. Анасын тастамайтынын айтқан Айгүлге келіні «балалы болғанда кемпірге қайтып қарамақпын? Бір өзі бір бөлмені иемденіп алған тағы» деп дүрсе қоя берген. «Анаммен бірге мені де апарып таста» деген Айгүлге де еш қиналмастан «Кетем десеңіз, ұстамаймын» деген.

Міне, мұндай жағдай бүгінде бір отбасының емес, мыңдаған отбасының басында болып жатқаны сөзсіз. Біреу қарт ата-енесін жалғыз тастап, күйеуіне билігін жүргізіп, ата-анасынан, туған-туыстарынан «бездіріп»,  бөлек алып кетсе, енді бірі жоғарыдағыдай билеп-төстеп алған. Қалай десек те әйтеуір бүгінде пенде арасындағы сыйластық, мейірім сынды қасиеттер жоғалып бара ма деп алаңдайсың. Бәзбір балалар ата-ананы балағаттайды, қызы анасына, ұлы әкесіне қарсы шығатын жайттар да кездесіп қалады. Иә, бүгінгі қазақ келіні қызметтегі билікке де, отбасындағы билікке де құмар болғаны ма? Әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймыз. Десек те, осындай фактілер кездескенде, бұған берілген тәрбие кінәлі ме деп те ойлайсың. Әлде бұл да жаһанданудың жалыны ма? Көпті көрген көреген аналарымыз ертеректе бойжетіп келе жатқан қыздың мойнына алқа тағып «Балам, мына алқаға абай бол. Қатты секіріп желкеңе шығып кетпесін, алқын-жұлқын жүргенде үзіліп қалмасын» деп оны әдеппен жүріп-тұруға тәрбиелеген екен. Осы бір ауыз сөз арқылы-ақ қыз баланың болашақ келін, ана болатынын ескертіп тұрғандай-ақ. Ендеше салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттығымызды ұлықтап, ата-баба аманатына адалдық танытып, қылықты қыз, намысты ұл тәрбиелесек қана ел болып еңсемізді көтереміз, қазақы қалпымызды сақтап қала аламыз.

   Анар ҚАБИ

256 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз