• Тарих толқынында
  • 25 Қараша, 2022

АШАРШЫЛЫҚ ЖЫЛДАРЫ БОСҚЫНҒА ҰШЫРАҒАН ҚАЗАҚТАР

1930 жылдары қолындағы азғантай малынан айырылып, мал түгілі жан қайғы болып, бас сауғалап тентіреген елдің көрген қиыншылықтарын айтып жеткізу мүмкін емес. Большевиктер тарапынан жасалған қысым салдарынан тентіреген халыққа қоныс аудара берудің өзі оңай болмаған еді. 1932-33 жылдары Ақтөбе облысы бойынша жергілікті халық аштықтан Қарақалпақстанға, Түркіменстанға, Өзбекстанға, Ресейдің Орынбор облысына және басқа да аймақтарға қоныс аударуға мәжбүр болған. Көбісі барған жерлерінен де қудаланып, амалсыздан Ауғанстанға, Тәжікстанға қарай кеткен. Қызылдар билігі елге қайта көшіру үшін босып кеткен қарапайым жандарға да түрлі қысым жасаған.  
 

Елге қайтып келе жатқанда аштықтан, жоқшылықтан әлсіреген адамдардың көбісі жолда қайтыс болған. Осындай деректер мұрағат құжаттарында жиі кездеседі. Мәселен, 1933 жылы 25 қазанда ОГПУ-дың Ақтөбе облыстық саяси құпия бөлімінің есебінде 1931-1933 жылдары Ақтөбе облысының аудандарынан қанша қожалықтың басқа жаққа қоныс аударғандығы жобамен көрсетілген. 1932 жылдың қаңтарынан бастап 1933 жылдың тамызына дейінгі аралықта Шалқар ауданынан Қарақалпақстанға және басқа аймақтарға 4697 қожалық көшіп кеткен. Сол кездегі ауданның № 18, 20, 21 және №25 ауылдарында ешқандай адам қалмағандығы айтылған. Аштықтан тірі қалып отырған халық еріксіз түрде босқынға айналған. Егістен өнім ала алмай, уақтылы азық-түлікпен көмек көрсетілмей отырғандықтан №1,2,7, 16,17 және №26 ауылдардың барлық адамы басқа жаққа еріксіз түрде қоныс аударған.

Ырғыз ауданында аштықтан, азық-түліктің жетіспеуі салдарынан 1931 жылдан бастап халық басқа жаққа қоныс аудара бастаған. Ауылдардың басым бөлігі әуелі Қарабұтақ ауданына қарай көшкен. 1931-32 жылдары 1000 қожалық тұрған ауданынан басқа жаққа қоныс аударған. Торғай ауданы бойынша 1931 жылдан бастап 1933 жылдың мамырына дейінгі аралықта 2400 қожалық басқа жаққа кеткен. Аштықтың салдарынан еріксіз босқынға айналып отырған ауыл тұрғындары тамақ іздеп түрлі жаққа бет алған. 1933 жылдың өзінде Торғай ауданының №2,5,6,8,14 және №15 ауылдарында жағдайдың қиындап, халықтың түрлі аймаққа кетіп жатқандығы жазылған: «Откочевники в пойсках хлеба направлялись в разные стороны. Население аулов №2,5,6,8,14 и 15 поражены откочеваными тенденциям и сейчас. Хлеб в этих аулах совершенно погиб и население питается разными суррогатами, в силу чего есть случаи опухания» [1. 19 п.].

1931 жылдан бастап 1933 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта (есептеу бойынша) Ойыл ауданында 9338 қожалықтан 5116 қожалық ғана қалған. Қалғанының адамдары аштықтың салдарынан өлген және басқа жаққа қоныс аударған. Батбаққара ауданы бойынша да осындай жағдай орын алған. 1932 жылдың қаңтары мен 1933 жылдың шілдесі аралығында аудандағы 9902 қожалықтың  4750-і, яғни тең жартысынан көбі басқа жаққа қоныс аударған. Темір ауданында 1932 жылдың көктемі мен қыркүйегі аралығында 875 қожалық басқа жаққа қоныс аударған. Осындай көрсеткіш 1933 жылы да қайталанып отырған[1. 20 п.]

Мұрағат деректерінен сол кездегі Ақтөбе облысы аудандарының ішінде Ырғыз, Батбаққара, Торғай, Шалқар, Ойыл және Темір аудандарында аштықтың қатты болғандығын, ашаршылықтың салдарынан ауылдардың басым көпшілігінің еріксіз босқынға айналғандығын көреміз. Осы аймақтардан аштық пен індеттің салдарынан еріксіз түрде қоныс аударған адамдардың көбісі жолда, барған жерлерде өлген. Көптеген бала ата-анасынан айырылып, қараусыз қалған. ОГПУ-дің сол кездегі құпия құжаттарында қараусыз балалардың ауыл адамдарының ішінде жүргендігі де айтылады. 

1933 жылы басқа мемлекетке және еліміздің басқа аймақтарына қоныс аударған адамдар ауылдарға қайта орала бастаған. 1933 жылдың тамыз және қазан айларында Қарақалпақстан мен Арал ауданының арасында уақытша ашылған ет, басқа да азық-түлік өнімдерін таситын теңіз жолымен 5879 адам елге оралған. Осы теңіз жолының үстінде (бір рейстің өзінде) 44 адам қайтыс болған. Бұдан бөлек сол жылдың 20 қазанында тіркелген деректе Арал теңізінің оңтүстік аралында 5000 мың адамның ас-сусыз, жылы киімсіз елге орала алмай жүргендігі жазылған: «Из Каракалпакии через Аральское море начиная с открытии навигации возврашенцы прибывают большими партиями. Вплоть до Августа прием последних организован не был и устройство их шло самотеком. Наплыв  откочевников усилился с Августа и по 15/Х – их  прибыло 5879 человек. Удовлетворение прибывающих продовольственной помощью в местах посадки и главным образом в пути поставлено из рук вон плохо в силу чего имеются случаи голодной смерти. Толко за один рейд в сентябре на почве голодовки в пути в морю 44 человек.

По состоянию на 20/Х – с.г. на южных островах Аральского моря: К-Узяке и Хаджелях скопилось подлежащих к переброске флотом в Казакстан свыше 5000 человек, которые не имея продовольствия будучи плохо одеты...»[1. 21-п.]. Өкінішке орай, еріксіз босқынға айналған адамдардың саны көрсетіле бермеген, яғни жүйемен жазылмаған (тек қана жалпы деректер арасында кездесіп қалады). Бір қожалықта қанша отбасының, бір отбасында қанша адамның болғандығы да белгісіз. Мұрағат деректерінен кездесіп қалатын адам санына қатысты кейбір құжаттарға қарай отырып,  халықтың сол кезде көп шығынға ұшырағандығын көреміз. 

1933 жылы ашаршылықтан өліп жатқан адамдардың көптігіне байланысты, Ақтөбе облысының барлық аудандарында қараусыз, жетім қалған балаларға арналған (кемі екеуден) қосымша балалар үйі ашылған. ОГПУ-дың жабық түрде берілген есептерінде аштық салдарынан қараусыз қалып жатқан аудандардағы балалар үйіне қатысты мынадай мәліметтер бар: «В связи с продзатруднениями с каждым днем растет и безпризерность. В Массовых размерах зарегистрированы факты подкидывания детей к РК РНКам и нашим районом.

Уильский р-н февраль мес. 1933 г. дал. Увеличение количества безпризорных – 200 ч. Всего охвачено на 10/ІІІ-33 г. детдомом 400 чел., а 80 человек еще не охвачены – очень частые случай подкидывания детей. К РИК у.д/дому и Райотделению. В городе Темире сильный наплыв беспризерных за февраль открыто внов два детдома. Всего  пока  в д/домах размешено 350 детей. Поступление детей продолжается. Аналогичное положение имеет место и по другим районам»[2. 7 п].

1934 жылдың 1-наурызында Ырғыз ауданының Ақтөбе обкомы БК(б)П хатшысына берген мәліметінде ауданда 2 балалар үйінің бар екендігі жазылған. Екеуі де аудан орталығында ашылған. Бірі мектеп-интернат болса (бұнда 300 бала болған), екіншісі аштықтан қараусыз қалған балаларға арналған балалар үйі. Балалар үйінде сол жылдың өзінде 470 бала болған. Бұдан бөлек аудан орталығындағы ауруханаға 60 бала түскен. 1934 жылы ауруханада жатқан 60 баланың 46-сы қайтыс болған. [3. 16 п]. Деректерге сүйенсек, 1933 жылдың қаңтарының өзінде Ырғыздағы балалар үйінде 100 бала қайтыс болған. Ал, 1934 жылы Қарабұтақтағы балалар үйінде 200-ге жуық бала болған. 1933-34 жылдары Ырғыздағы балалар үйінде жағдай қиындай түскен. Балаларға азық-түлік жетпеген, ауданда дәрігер болмаған. Тамақ жетіспей, адамдар қатты әлсірегендіктен індет түрлері өршіген. Осының салдарынан үлкен адамдармен қоса, көптеген бала қайтыс болған. Ел ішіндегі деректерге сүйенсек 1931-33 жылдардағы аштықтан Ырғыз ауданының орталығында (балалар үйінде) 1000-ға жуық бала қайтыс болған.

Сонымен қатар, 1933-34 жылдары Ырғыз, Қарабұтақ ауданына қайтып оралған адамдардың ішінде ата-анасынан айырылған 600-ге жуық баланың жүргені жазылған. Бұлардың көбісі Ырғыздағы және Қарабұтақтағы балалар үйіне қабылданған. Сол жылы Хобда ауданында балалар үйіне 150 бала қабылданған. Мұрағат құжаттарындағы кездесіп отырған деректер халық аузындағы деректермен сәйкес келеді: «Иргизский район: за последнее время наряду с прикочевкой возврашенцев из соседних районов: Челкарского, частично Темрского и др., наблюдается наплыв из Каракалпакий идущих на прежнние места жительства... Особенно плохо дело обстойт с детской безпризорностью, борьба с которой организована недостаточно. Всего учтено безпризорников около 600 человек часть которых размещена приметивных детдомах. В январе 1933 года только в больнице и детдомах умерло около 100 детей, причиной чего имелся недостаток продовольствия» [1. 23 п.].

Ашаршылықтың құрбаны болған адамдардың санын дәл есептеудің өзі қиындық туғызуда. Кім қайда кетті? Қай жерде қалды? Қанша адамның денесі жолда қалды? Санын нақты шығармасақ та жобасын анықтауымыз қажет. Қолымызға түсіп отырған мұрағат құжаттарына сүйенсек, халықтың тең жартысынан көбі кеңес билігінің түрлі қысымынан, ұлттың бетке ұстар адамдарын қуғындаудың, ашаршылық пен репрессияның салдарынан еріксіз босқынға айналған. Бұны большевиктердің өздері де мойындай бастаған.

1930-33 жылдардағы Ақтөбе облысының аудандарындағы мал санына қатысты деректерді келтірер болсақ, Арал ауданында 1932 жылы 13813 бас малдан 1933 жылы 9831 басқа азайған.

Шалқар ауданында 1930 жылы 260 969 бас мал болса, 1931 жылы 150610 бас мал, 1932 жылы 24828 бас мал, 1933 жылы 12492 бас мал қана қалған.

Торғай  ауданында 1931 жылы  59282  бас мал болса, 1932  жылы  7939   бас  мал, 1933 жылы  4163  бас  мал  қалған.

Батбаққара ауданында 1931 жылы 167983 бас мал болса, 1932 жылы 15960 бас мал, ал 1933 жылы 9314 бас мал қалған.

Ырғыз ауданында 1930 жылы  249554 бас мал болған. 1931 жылы 55683 бас мал, 1932 жылы 19728 бас мал, ал 1933 жылы 14580 бас мал қалған. Яғни үш-төрт есеге күрт азайғанын көреміз.

Табын ауданында 1931 жылы 61232 бас малдан, 1932  жылы 17699  бас, 1933  жылы 13119  бас мал  қалған.

Ойыл ауданы бойынша 1931 жылы 39932 мал болса, ал 1932 жылы 3876 бас қана мал қалған.

Темір ауданында 1930 жылы 95726 бас мал, 1931 жылы 45875 бас мал, 1932 жылы 16288 бас мал, 1933 жылы 17371 бас мал қалған[1. 18 п.]. Ет дайындау науқаны, байлардан, ауқатты адамдардан тартып алынған қалған мал басын серіктік, коператив, артел, колхоз құруда қысқа дайын болмай қырып алу, қыстың қатты болуы мал санының күрт азаюына әкелген. 1930 жылдан кейін мал халықтың емес колхоздың қолында болғандықтан есептеулі болған.

Кеңес билігі қазақ қоғамы үшін мал шаруашылығы ел экономикасының негізі, негізгі тірегі екендігін біле тұра байлардан бастап қарапайым адамдарға дейін шаруашылығын қыспаққа алды. Қазақтардың мал шаруашылығы табиғатпен, шаруашылықтың жай-күйімен байланысты екендігі ескерілген жоқ. Қайткенде де жоғарыдан келген тәртіп «ет пен астық дайындау бойынша жоспар орындалу керек!» деген ұран алға шықты. Осы ұранға кедергі болатын нәрселердің бәрі күшпен жойылды. Айналып келгенде бұндай саясат мал санының күрт төмендеп, халықтың күн көрісіне ауыр салмақ түсірді. Күн көрістің қатты қиындауы, азық түліктің жетіспеуі, үкімет тарапынан жаппай барлығына бірдей көмектің берілмеуі ашаршылыққа әкеліп соқтырған. 

Елде түк азық қалмағандықтан тұрғындар басқа жаққа кетуге мәжбүр болған. Олардың ел, ертеңгі ұрпақ үшін рухы мықты болғандығын көреміз. Тірі қалғаны әлі жеткенше елді сақтап қалуға ұмтылды. Себебі, күз айларында киімсіз, тамақсыз жаяулап жолға шығуының өзі ата-әжелеріміздің осы бір қолдан жасалып отырған қиянатпен, қиындықпен күресуінен туған болатын. Аман жеткені елге, туған ауылына келіп, елдің өмірін қайта жалғасырғандығын көреміз. Олардың рух, ерік-жігерінің арқасында тәуелсіздікке қайта қол жеткізудеміз. ОГПУ-дың хаттамаларында кездесетін қараусыз қалған балалар туралы деректерді оқығанда аштықтың кезіндегі қиындыққа қатысты айтқан қарияларымыздың сөздері есімізге түседі. Бала кезімізде әжеміз: «Талай ата-ана үйдегі балаларына беретін түк қалмаған соң, алдансын деп қалған тарыны сеуіп үйдің есігін сыртынан бекітіп кететін, ал өздері тамақ таба алмай аштан өлді» деп сол кездегі қиындықты есіне алатын еді. Шынымен де осындай адам айтып жеткізгісіз ауыр қиындық ата-бабаларымыздың басынан өткен.

Тәуелсіздік дегеніміз бұл алдыменен рухтың еркіндігі. Ұлт рухымен еркін бола алады. Ал, рух деп бұл өзіндік сананың қандай уақытта, қандай кезеңде болмасын кемелділікке ие болуы, ақыл-парасат, білім, тәрбие, ерік-жігер тағы да басқа асыл қасиеттердің жеке адам мен халықтың болмысында бірігуін айтамыз. Ашаршылықта халқымыздың еріксіз босқынға айналуы бұл еркін болудан емес, мәжбүрлі түрде өзінің, бала-шағасының өмірін сақтау арқылы ұлтының өмірін сақтап қалудан туған болатын. Ал, большевиктер адам өмірін, ұлт өмірін сақтап қалу үшін жанталасқан ата-баба ерлігін  тарихта бұрмалап көрсетуді мақсат етті. Халықтың аштықтың салдарынан еріксіз босқынға айналуын «откочевка», «откочевники» деп атады. Мұрағат деректерінде елге аман-есен оралғандар «возвращенцы» деп көрсетілген.

Басқа түскен қиыншылықпен күресе білудің өзі ерлік. Қиыншылықтарға қайсарлықпен күресудің себебі болашаққа деген үміттің күштілігінде жатыр. ОЛАРДЫҢ елдің жарқын болашағына деген үміті сөнген жоқ. Ата-баба рухынан алатын өнегемізді былайша түйіндейміз:  кез-келген адам ақыл-парасаты, мінезі, тәжірибесі арқылы ұлтының еркіндігін қорғауы тиіс. Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін кейінгі ұрпақ ешқашан естен шығармағаны жөн.

Үмбетқан  СӘРСЕМБИН,

 философия ғылымдарының канидаты, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Спец-записка о состоянии откочевочного движение в области // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.;2-т., 458-іс.-  1-26 пп. 

2. Спецсводки о состоянии обшественного питания и рабочего снабжения //  Ақтөбе ОММ.- 13-қ.; 21-т., 282-іс.- 4 – 11 пп.  

3. Докладние записки сведения об устройстве откочевников и продовольственной снабжении о положении в Аятском м/совхозе  // Ақтөбе ОММ.- 13-қ.;3-т., 353-іс. -11-20 пп.

1406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз