• Тарих толқынында
  • 17 Желтоқсан, 2022

ТАРИХ ПЕН ШЕЖІРЕ ТАМЫРЛАС

Қазақ ұлты рулардан құралатыны белгілі. Әр рудың өз қалыптасу тарихы бар. Шежіретанушылар осылардың барлығын байыпты зерттеп келеді. Бұл орайда біз тарихы терең қыпшақ руына қатысты тарихи деректерді қарастырып, біршама зерделеп көрдік. 

Қыпшақ – сонау VІІ ғасырда Ертіс өзенінің басы мен Алтай тауын мекендеген түрік қағандығының құрамындағы көне тайпалардың бірі еді. Олар тарих сахнасынан бірте-бірте бой көтере бастаған. «Селенгі өзені бойында Орхон жазуымен жазылған (759 жылы) Мойыншор құлпытасындағы: «Түрік қыпшақтар 50 жыл үстемдік етті» деген сөз осы жағдайды әйгілейді» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жылы тамыз, 230-бет).

VІІІ–ІХ ғасырларда қыпшақтар Қимақ қағандығының қол астына қарап, оның белді бір мүшесі болды. ХІ ғасырдың басынан бастап қыпшақ бірлестігі құрылып, түркі тілдес тайпалардың басын біріктіріп жалпы түркі тайпалардың аты ретінде дүниеге танылды. Басқа көптеген түркі тілдес ру-тайпалар қыпшақ бірлестігінің құрамына еніп, тарихта «92 баулы қыпшақ» деп аталғаны туралы қазақ шежірелерінде сыр шертеді. ХІІІ ғасырдың басына келгенде қыпшақ бірлестігі мейлінше  күшейіп, олар Ертіс өзенінен Дон өзеніне дейін, Орал тауынан Қаратеңізге дейінгі кеңбайтақ өңірді мекендеп иелік етті. Тарихи жазбалар мен шежірелік  деректерде «92 баулы қыпшақ» деп аталатын бірлестігінің 92 руын түгел таратып бере алатын жазба құжат жоқ, біз енді «92 баулы қыпшақ» туралы жазба деректерге назар салайық:

Бірінші дерек, «Махмұд Қашқаридың айтуынша, қыпшақтардың рулық-тайпалық одағына Имак, Сувар, Қаңлы, Қарабөрікті, Тоқсаба (мүмкін Тухыси), Жете, Бөрлі, т.б. рулар енген» («Қазақтың қысқаша тарихы», «Шыңжаң халық баспасы, 2009 жылы тамыз, 223-бет).

Екінші дерек,  Көрнекті ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ халқы құрамындағы көптеген ру-тайпалардың бірі,  негізгісі көбі Қыпшақ тайпасы – тоқсан баулы (тоқсан ру, тоқсан тараулы деген мағынада) қыпшақ.  Қыпшақтар тарихта ерте бастан бар. Әуелгі ғасырларда олар негізінен осы күнгі Қазақстан жерін мекендеген» («Асыл арналар», Ұлттар баспасы, 1990 жыл, 322-бет).

Үшінші дерек, Татар халқынан шыққан әйгілі тарихшы Құрбанғали Халиди «Тауарих Хамса» («Шығыстың бес тарихы») атты кітабында тоқсан екі баулының аттары мыналар: 1. Мың, 2.Жүз, 3.Қырық, 4.Оңажат, 5.Жалайыр, 6.Пырай, 7.Қоңырат, 8.Алшын, 9.Найман, 10. Арғын, 11.Қыпшақ, 12. Қалмақ, 13.Қырат, 14.Қырықтық, 15. Торғаут, 16.Бұрлан, 17.Шымыршық, 18. Қатаған, 19. Кажы, 20.Кенеқас, 21.Бұйрат, 22. Ойрат, 23.Қият, 24.Бағлан, 25.Қытай, 26.Қаңлы, 27.Өзше (Өзінше) білуші, 28.Қойшы,  29.Бұланшы, 30.Шабұт, 31.Жойұт, 32. Шылшауыт, 33.Байауыт, 34 Отаршы, 35. Арлат, 36. Керейт, 37. Оңғыт, 38. Маңғыт, 39. Таңғыт,  40. Оймауыт, 41. Қашат, 42. Меркіт, 43. Бұрқат, 44. Кият(екі рет қайталанған), 45. Қоралас, 46. Тұралас, 47. Қырарап, 48. Илашы, 49. Шұйырман, 50. Қышылақ, 51. Оғлан, 52.Түркімен, 53.Дүрмен, 54.Табұт, 55. Тама, 56. Мышед, 57. Кірдари, 58.Рамдан, 59. Керей, 60. Надай, 61. Қапсана, 62. Қырғыз, 63. Ойаршы, 64. Жойрат, 65. Үйсін, 66. Жорға, 67. Баташ, 68. Қойсүн, 69. Молдұз, 70 Төбел, 71. Татыр, 72. Тілеу, 73. Басқал, 74. Ниян, 75. Қазған, 76. Шерін, 77. Оннан, 78. Көрлат, 79. Шілкес, 80. Ойқорған, 81. Тарғын, 82. Жабұ, 83. Сұран, 84. Тұрғақ, 85. Мотян, 86. Қасқа, 87. Мажар, 88. Тұшлық, 89. Шоран, 90. Шөршіт, 91. Біһрайын, 92. Ұйғырат. Кейбіреулер жоғарыда  айтылған тайпаларды қыпшақ тайпалары деп, «Тоқсан екі баулы қыпшақ, алпыс екі баулы өзбек» деп атайды. «Бау» түркі халықтарының ескі тілінде тарау, бұтақ, жік деген мағынаны білдіреді» («Шалғын» журналы, 1984 жыл, №1, 32-34-бет), – деп жазған.

Төртінші дерек, Ғалым Мырзатай Жолдасбеков Орхон ескерткішін зерттеген мақаласында «Қазақ арасында халықтың құрамын білдіретін буын, бау, сан деген сөздер кездеседі. Мәселен, «Тоқсан баулы қыпшақ», «Он санды оймауыт, тоғыз санды торғауыт» дейді. Мұның өзі бір ғана қыпшақтың тоқсан тараудан, оймауыттың – он, торғауыттың – тоғыз тармақтан тұратындығын білдіреді» («Асыл арналар», Ұлттар баспасы, 1990 жылы маусым, 27-бет), – дегенді айтады.

Бесінші дерек, «Ибн Халдун мен Ән Новайри мынандай қыпшақ тайпаларын атайды. Олар: Тоқсаба, Иета (Жете), Буржоғлы, Бөрілі (Елбөрі), Дөрұт, Қарабароғлы (Қарабалы), Жұзан (Жерсақ), Қарабөркілі, Қотан (Кұнұн)» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жыл мамыр, 232-бет).

Алтыншы дерек, «1993 жылы Қазақ елінен басылып шыққан «Қазақ күнтізбесінде» Ж.Қуанов жазған 92 баулы қыпшақ төмендегідей: 1 Қыпшақ, 2. Оншат, 3. Үйсін, 4. Жалайыр, 5. Найман,. 6. Арғын, 7. Алшын, 8. Қоңырат, 9. Қаңлы, 10. Дулат, 11. Керей, 12. Сыбан, 13. Қырғыз, 14. Өзбек, 15. Қарақалпақ, 16. Түрікмен, 11.Башқұрт, 18.Авар, 19. Матай, 20. Алтай, 21. Тама, 22. Адай, 23. Кердары, 24. Керейт, 25. Табын, 26. Тарғын, 27. Меркіт, 28. Қият, 29. Қырқылық, 30. Қатаған, 31. Пырай, 32. Прат, 33. Борлан, 34. Шымыршық, 35. Қажы, 36. Бойрат, 37. Кенегес, 38. Ойрат, 39. Бағлан, 40.Қытай, 41.Қойшы, 42.Боланшы, 43.Шабот, 44.Тептер, 46.Баяуыт, 46.Отаршы, 47.Арлат, 48.Крайт, 49.Онғұт, 50. Маңғұт, 51. Таңғұт, 52. Оймауыт, 53. Меркіт, 54. Қашат, 55. Қорқат, 56. Қоралас, 57. Қырықпан, 58. Крарап, 59. Айлашы, 60. Шыборған, 61.Оғлан, 62. Тарықман, 63. Дорман, 64. Табұт, 65. Рамадан, 66. Рамазан, 67. Қапсана, 68. Ояршы, 69. Баташ, 70.Қойсын, 71. Ойғырат, 72. Молдоз, 73. Нобал, 74. Ноғай, 75. Шеркеш, 76. Қазған, 77. Шырын, 78. Қорлат, 79. Жабо,  80. Соран, 81.Торғат, 82. Мойтан, 83. Қасқа, 84. Мажыр, 85. Шөршіт, 86. Қошылық, 87. Шоран, 88. Жорға, 89. Ниян, 90 Бапирын, 91. Басқал (қалай екені белгісіз бір тайпаның аты кем жазылып қалған – автор).

Жетінші дерек, «Араб авторы  Шамсидин Диманфи өз шығармасында қыпшақтардың руын былай атайды: Бирқұуа, Тұрсаба, Исия, Барат, Аларыс, Бұзұхоғлы, Менгұоғлы, Имак, Тог, Башкырд, Команко, Бұзанқо, Бежана, Қарабоклі, Өз, Жұртан» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жы тамыз, 232-бет).

Өзбек халқы бұл атауды «92 баулы өзбек», «62 баулы қыпшақ» деп атайды. Қазақпен туыстығы бар өзбек бұл атауды қалай қабылдасын, әйтеуір қазақтар өз шежіресінде «92 баулы қыпшақ», «62 баулы өзбек» деп қабылдағаны өте анық. Сол замандарда қыпшақтар кей кездерде «Түркі» деген сөздің баламасы ретінде айтылғанын тарихи деректер дәлелдейді. ХІ ғасырдың басында үстемдік орынға көтерілген қыпшақ тайпалары ХІІІ ғасырдың басында барынша күшейіп, Қытай шекарасынан Дон өзеніне, Оралдан Қара теңізге дейінгі ұлан-байтақ өңірді иелеп түрік халықтарының басын қосып «Қыпшақ елі» атанған. Түрік халқының ру-тайпалары жалпы қыпшақ хандығына қараған. Сырт елдер қыпшақтар билік жүргізген бұл үлкен бірлестік халқын 92 баулы қыпшақ хандығы деп  атаған. Осылайша тарихта «Дешті Қыпшақ» даласы деп мойындалған қыпшақ хандығының көптігімен қуатын әйгілейтін «92 баулы қыпшақ» деген тіркес қалыптасты. Халқымыздың «92 баулы қыпшақ» деген атауы түркі тілдес тайпалардың жалпы аты ретінде қолданып жан санымен мал санының көптігі сырт елдер алдында айбыны мен айбаттылығын да әйгілеген.

Бүгінгі қазақ қыпшақтары Орта жүздегі алты арыс елдердің бірі. «Қазақ құрамына енген қыпшақтар шежіре бойынша негізінен Қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасынан (Ұзын, Бұлтың, Көлденең, Қарабалық, Торы) бөлінеді. Алайда бір шежірелерде  онымен қатар Мүйізді – Сарыабыздан Қытайқыпшақ, Құланқыпшақ, Сарықыпшақ та таралады» («Қазақ  шежіресі», құрастырған  Жарылқап Бейсенбайұлы, Алматы, 1994 жыл, 41-бет).

ІІ

Қыпшақтардың ерте кездегі әдеби тілі ерекше дамыған. Қазіргі қазақ тілі – келіп шығу төркіні жағынан Алтай тілдері жүйесіндегі түрік тілдері семьясының қыпшақ тілі тобына жатады. Қазақ тілі даму тарихына қарай ру тілі, тайпа тілі, халық тілі, ұлт тілі болып қалыптасады. Қыпшақ тілі – қазақ халқының қалыптасуына ерекше үлес қосқан ертедегі тайпалардың тілі.

Біз енді «Қыпшақ» деген  атаудың қалай қалыптасқаны туралы ізденіс жасап көрелік. Бұл үшін ертедегі тарихи жазбалар мен білікті ғалымдар жазған деректерге қарай атбасын бұралық.

1. Ғұлама тіл ғалымы  Махмұд Қашқари «Имак – түркі тайпаларының бірі. Біздің қарауымызша олар  қыпшақтар» («Түркі тілдер сөздігі», ұйғырша басылымы, 3-том, 37-бет), – дейді.

2. Олжас Сүлейменов «Қыпшақтар – қазақтың негізін құраған және қыпшақтар қазақтың екінші атауы, қазақ-қуман (Аққуман – ақ-қу-ман-аққаз – адам). Аударғанда «Қаз-ақ» болып шығады» («Аз и Я», Алматы, 1992 жыл, 108-бет), – деген.

3. «Араб – Парсы, Моңғол түркі тілдеріндегі деректерде «Қыпшақ», «Қифшақ», «Кыпчак» сияқты варианттарда айтылады» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң  халық баспасы, 2009 жылы тамыз, 229-бет).

4.«Қыпшақ атауы қытайдың байырғы жазбаларында б.з. б. 201 жылдан бастап кездеседі. Ерте заманда Хужие, Ужие болып аталса, орта ғасырда Шинша түрінде ұшырайды» (Мыркамал Жәлелханұлы «Қыпшақтар және қыпшақ тіліне қолданған жазулар», «Шыңжаң қоғамдық ғылыми» журналы, 1997 жыл, №4, 66-бет).

5.Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қазақ, қырғыз, һәм хандар шежіресі» атты кітабында: «Бұл қаңлыдан бөлініп, елсіз бос жерге кеткендікетен қыпшақ аталған. Мағынасы – бос, шөл, елсіз деген сөз. Шыңғыс  ханнан көп бұрын Еділ, Жайық маңына барып, бір патшалы  жұрт болып тұрғанда, Жошы хан алып қаратқан» («Түрік қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі», «Олжас» баспасы, 2006 жыл, 21-бет), – деген көзқарас айтады.

6.«Батыс Еуропа деректерінде «Куман», «Кубан» деп аталса, орыс деректерінде «Половцы» делінеді» («Қазақтың  қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жылы тамыз, 229-бет).

7.Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі» атты кітабында қыпшақ тайпасының аты қалай қойылғандығы жөнінде мынандай бір аңыз дерек баяндалған: «Ұлы патшалар алыс сапарға шыққанда әйелдерін алып жүретін әдеттері болатын. Осы әдетпен нөкерлерінің кейбіреулері де әйелдерін ала жүруші еді.  Оғыз ханның бір бегі де  әйелін алып барып еді. Өзі ұрыста өліп,  қатыны қашып құтылып, екі судың арасында тұрған ханның артынан жетті. Әйел жүкті еді. Толғағы келді. Күн суық еді, кірейін десе үй жоқ. Бір іші шіріген үлкен ағаштың қуысына босанды, ұл тапты. Мұны естіген хан: «Әкесі менің көз алдымда соғыста өлді, қамқоршысы жоқ» деп атын «Қыпшақ» қойып, өз қамқорлығына алды. Түркі тілінде іші қуыс ағашты «қыпшақ» дейді. Бұл бала ағаш ішінде туғандықтан атын Қыпшақ қоюы содан еді. Бұл баланы хан өз тәрбиесінде ұстады. Жігіт болған соң көп ел және нөкер беріп, Оғыз ханға жау болған орыс, олақ, мажар, башқыр елдеріне жіберді. Қыпшақ үш жүз жыл Дон мен Еділ атты екі үлкен өзеннің жағасында патшалық етті. Барша қыпшақ елі соның нәсілінен шықты. Оғыз хан заманынан Шыңғыс ханның заманына дейін Дон, Еділ,  Жайық аталатын бұл үш судың жағасында Қыпшақтан өзге ел жоқ еді. Сондықтан ол жер Дешті Қыпшақ (Қыпшақ даласы) деп атанды» («Түрік шежіресі», Іле халық баспасы, 2009 жыл, тамыз, 17-бет).

Жоғарыдағы тарихи деректер мен ғалымдардың баяндаған көзқарастарынан қыпшақ тайпасы ежелгі замандарда жасаған түрік текті ел екендігі, «қыпшақ» атауы түркі тіліндегі сөз деген ғылыми қортынды шығаруға болады. Тарихта ұйытқылы рөл ойнаған қыпшақ тайпасы қол астына сан жағынан мол, қуатты түркі тілдес тайпаларды өзіне қаратып, сол дәуірдегі сырт елдерге «92 баулы қыпшақ» деп танылғанын тарихи деректер дәлелдейді.

ҚЫПШАҚ ТІЛІ

Түркі халқына жататын қыпшақ тайпасының тілі, әдебиеті және мәдениеті ерекше дамыған. Қыпшақ тілінің алғашқы қайнар көзі Қорқыт атадан бастау алған. Академик Әлкей Марғұлан Қорқыт ата туралы зерделей ой жүгіртіп «Ол кісі туралы айтылатын қария сөзі Орта Азиядағы түркі тілдес елдердің көбінде бар, бірақ қазақ халқы ескі Оғыз–Қыпшақ тайпаларының тарихи қонысына мирас болған. Олардың түбегейлі ұрпағы болғандықтан, Қорқыт туралы айтылатын  тарихи жырлар, аңыздар, ән-күйлер қазақ пен түрікмендерде көбірек жалғасады» («Лениншіл жас», 1970 жыл, 20 қаңтар), – дейді.

«92 баулы қыпшақ» тайпаларынан қалыптасқан қыпшақ тілі сол замандағы көрші мемлекеттердің    үйренуге, білуге тиісті халықаралық тіл болып танылды. Қыпшақ елінен тіл ғылымын зерттейтін  ғалымдар мен әдебиет, тарих саласынан үлкен-үлкен оқымыстылар шықты. Олар пайдалану құны жоғары қыруар сөздіктер құрастырды. Оқымыстылардың өкілдік шығармаларынан «Қорқыт ата кітабы» (ІХ-ХІІ ғасырлар), «Әдебиетке кіріспе» (ХІІ ғасыр), «Түрікше-Арабша аударма сөздік» (1245 жылы жазылып аяқтаған), «Кодекс куманикус» («Қыпшақ тілі сөздігі», ХІV ғасыр) қатарлылар қыпшақ хандығы құраған  «92 баулы қыпшақ» аталған түркі тілдес халықтардың тілі еді.

Ежелгі қыпшақ тайпасына өкілдік ететін қазақ халқының мұраларының бірі – «Қобыланды» қиссасы. Бұл қиссаны кейде «Қарақыпшақ батыры Қобыланды» деп те атайды. «Қыпшақ» деген сөздің түбірі «Құба», оның соңына «оғлан» (ер жігіт деген мағынада) қосылған. Яғни «Қобыланды» болып біріккен, бұл сөз қыпшақ руының жігіті дегенді меңзейді» («Орта Қазақстанның  жер аттары», Алматы, «Ғылым баспасы», 1989 жыл, 42-бет).

Шежірелерде айтуынша Алтын орда ханы Әбілқайыр тұсында оның Дайырқожа деген әділ қазысы болыпты. Әділдігінің арқасында оны ел-жұрты Ақжол атапты. Қарақыпшақ Қобыланды да Әбілқайыр ханның ардақты адамдарының бірі екен. Бірақ Дайырқожа мен Қобыланды өш екен. Сол Дайырқожаны қарақыпшақ Қобыланды бір күні өлтіріп кетіпті. Дайырқожа жақтың басты адамдары Жәнібек пен  Керей сұлтандар Әбілқайыр ханнан Қобыланды батырдың басын сұрапты. Қалың қыпшақтың бұзылуынан алаңдаған Әбілқайыр хан үш кісінің құнын ал, – депті. Бұған Жәнібек пен Керей көнбепті.  Содан кейін Жәнібек, Керей сұлтандар Әбілқайырға өкпелеп бір сыпыра қазақ ру-тайпаларын бастап Алтын ордадан бөлінген екен. «Қобыланды» қиссасында Дайырқожаның әкесі Қодан Тайшы айтыпты деген мынандай жыр шумағы кездеседі:

Қарақыпшақ Қобыланды да

Нең бар еді, құлыным...

Сескеннен асып, тоқсанға таяғанда,

Тұрмастай боп үзілді ме жұлыным.

Қарақыпшақ Қобыландыда

Нең бар еді, құлыным...

Зерттеушілердің айтуына қарағанда «Қобыланды» қиссасының 26 түрі бар екен. Өйткені Қобыланды  батырдың аты «Орақ. Мамай», «Ерсайын», «Қазақ, ноғай бөлінгенде» атты тарихи жырларда да кездеседі. Мысалы:

Жылау, жылау, жылау күй,

Жылаған зарлы мынау күй,

Қазақ пен ноғай айрылды,

Қазақ сартқа қайрылды.

Ноғайлының ну елі

Күңіренді, қайғырды,

Қарақыпшақ Қобыланды,

Қара орнынан айрылды,

Ел қанаты қайрылды.

Зор күн туды, зор күндер,

Кетті күлкі мол күндер.

Жылау менен қоштасу,

Келер ме қайтар ол күндер.

Ал «Ер Сайын» атты батырлық жырында бір реткі ұрыста Сайын батырға оқ тиіп жаралы болып қарақыпшақ Қобыланды батырға:

Қарақыпшақ Қобыланды

Батыр ерге сәлем айт,

Мен кеткенде тумаған,

Оқу жасын қылмаған,

Киікбай мен Бөгенбай,

Айрылып  сонан қалмасын.

Өздерің адам болғанша,

Қарақыпшақ Қобыланды

Көзінен таса қылмасын, –

деп сәлем айтады. «Қобыланды» атты тарихи жырды халық қазірге дейін «Қыпшақ жыры» деп атап келген.

Ғалым, әдебиет зерттеуші Бейсенбай Кенжебаев: «Кодекс Куманикус» қыпшақ тілінің сөздігі –  ежелгі түрік-қазақ тілінің сөздігі. Қазақ халқы әдебиеттің  ХІ–ХІІІ ғасырларда жасалған құнды ескерткіші» («Асыл арналар»,  Ұлттар баспасы, 1990 жыл, 331-бет), – дейді. Бұл «Қыпшақ тілі сөздігі» қолжазбасының көлемі 164  бет, ондағы сөздер «92 баулы қыпшақ» аталған түрік тайпаларынан жинақталған, автор белгісіз, кітаптың алғашқы бетінде «1303 жыл» деген сөз жазылған. Сөздікке енгізілген «ата», «ұлы баба», «айна»,  «айран», «ақ», «ай», «аға», «аяз», «ат», «айып», «ай басы», «ақ қой», «азамат», «аяқ», «ашу», «ақша», «ақымақ», «атау», «ағыс» т.б. сөздер қазіргі  қолданып жүрген қазақ тілінің дәл өзі.

Ежелгі «92 баулы қыпшақ» тайпаларының тілі Алтын орданың әдеби тілі болды. Сол дәуірдегі  сырт елдер бұл тілді «Қыпшақ тілі» деп атады. «Алтын орда хандарының жарылқатар және көптеген әдеби шығармалар осы қыпшақ әдеби тілінде жазылды. Қыпшақ әдеби тілі қазіргі қазақ тілінің түп төркіні.  Яғни көне қазақ тілі болып табылады» («Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жылы тамыз, 241-242-бет).

Аумалы-төкпелі заманды бастан кешірген үйсін, ұлы иүз (ұлы жүз), қаңлы, алан, албан, дулат, онан кейінгі керей, найман, меркіт, қоңырат, жалайыр, қыпшақ, арғын қатарлы түркі тайпалары ХІІІ ғасырдың басында қыпшақ хандығы күшейген кезде оларды «92 баулы қыпшақ» деп  атады. Жоғарыдағы көптеген ру-тайпалардың тілдері өзара тоғысып «Қыпшақ тілі» болып қалыптасып мемлекет тілі болды. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін «92 баулы қыпшақ»  тайпалары қазақ халқының құрамын толықтап көне қазақ ұлтының тілін қалыптастырды. Бұл қазіргі қазақ тілінің негізін қалады. Қыпшақ тілі бізге «басы аман, бауыры бүтін» толық жеткен жоқ. Десе де көне заманнан бері сақталған қыпшақ тіліндегі  куәліктерден «92 баулы қыпшақ» тайпаларының әдебиеті мен мәдениетінің өз заманында ерекше өркендеп, гүлденгенін байқауға болады.

 

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі,

жазушы, этнограф

2590 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз