• Ел мұраты
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ ЖӘНЕ ИСЛАМ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Ислам діні қазақ даласына таралғаннан бастап, ғасырлар бойы халықтың өміршең рухани-адамгершілік құндылықтарымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен кірігіп, дін мен дәстүр бірлігін құрады. Яғни, қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болады.

Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзhабы мен имам Матуриди сенім мектебінен сусындаған. Ислам философиясын, құндылықтары мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда қазақ жерінде мекен еткен ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұниден бастап, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшhүр Жүсіп, Науан хазірет, Сәдуақас Ғылманиге дейінгі ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының үлесі зор. Солардың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ халқы исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады.

Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын пәрменді күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы ең маңызды фактор. Жалпы алғанда, әрбір халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды.

Дін мен мәдениеттің арақатынасы жөнінде қыруар пікірлер айтылуда. Соңғы кездері дін экспансия алаңына айналған елімізде «дініміз өзгерсе өзгерсін, ал мәдениетіміз өзгермесін» дейтіндей орашолақ пікірлер де айтылуда. Осы мәселеге байланысты ғылыми қорытынды жасау үшін алдымен қоғам өмірінің ең маңызды ұстыны саналатын дін мен мәдениеттің арақатынасын анықтайық. Бүгінгі мәдениеттану, антропология және социология саласының теоретиктері дінді мәдениеттің ең маңызды құрамдас бөлігі деп санайды. Дінсіз қоғам болмайтындықтан, дінсіз мәдениет те болмайды. Дін әлеуметтік құбылыс, қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір идеологиялар мен саяси ағымдар діннің осы рөлін пайдаланғысы келеді. Бүгінгі күні дүние жүзінде орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық оқиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін айту жаңсақтық болмас. Әсілі, дін – осы салаларға бағыт-бағдар беретін күштің бірі, тіпті ең бастысы. Қоғамдық құрылымның Ислам діні және Қазақстан мәдениеті анатомиясында діннің алатын орны ерекше. Қоғамдарды басқа қоғамдардан ажырататын ең негізгі қасиеттің бірі осы діннің өзі болып табылады. Заманауи әлеуметтану ғылымдары қатарынан социология, психология, антропология, мәдениеттану, философия, саясаттану, өнертану дінді зерттеумен шұғылданады. Бұлар әлеуметтік феномен, қоғамдық оқиға және қоғамға пішін беретін құдірет ретінде қарайды. Тіпті, халық арасында кең таралған хұрафи сенімдер мен ырым-секемдердің қаншалықты әсерлі екені баршаға белгілі. Діннің мәдениетті қалыптастырушы басты күш екеніне дау жоқ. Әсіресе, бүгінгі өтпелі кезеңде азаматтардың өзін-өзі танып білуі, ортақ ұлттық мұраны қалыптастыруы және XXI ғасырдағы халқымыздың өсіп өркендеуінің басты құралы – дініміз. Әлеуметтану ғылымдары ішінде ең көп дау-дамай туғызғандардың бірі мәдениеттану болып табылады. Мәдениет дегенде кейбіреулердің есіне тек Пикассо, Моцарт, Чайковский түседі. Ал, мәдениет ұғымы, шынында, өте кең ауқымды қамтиды. Әр қоғамның қоғамдық қасиеттерінің материалдық және рухани тамырлары бар. Мәдениет дегеніміз осы дүнияуи және рухани қатынастардың ғасырлар бойы етене араласуы нәтижесінде қалыптасатын нәрсе. Сондықтан, Ислам діні және Қазақстан мәдениеті заман өзгеріп, мәдениеттің кейбір тұстары өзгеріске ұшырағанымен қоғам өзінің мәдениетін сақтап қалуға тырысады. Ислам дінінің көшпелі және руларға бөлінген араб қоғамында пайда болғаны белгілі. Қазақ халқының тарихына қарайтын болсақ, ірілі-ұсақты рулар мен тайпалардың басын қосқан күш осы Ислам діні болған. Ислам діні қауымдастығына қосылмаған түркі тайпалары болса, мүлдем басқа мәдениет тобына қосылып, мүлдем басқа қоғамдарға айналған. Бұған мысал ретінде бұлғарларды, мажарларды, чуваштарды т.т. айтуға болады. Америкада зорлықпен шоқындырылған қараларды, африкадағы халықтарды, Оңтүстік Америкадағы қызылтерілерді осы санатқа жатқызуға болады. Демек, әр халықтың мәдени ортасын анықтайтын басты фактор дін екені анық. Біздің мұсылман халқымызға тән басты қасиеттеріміз, меймандостық, ағайынмен тату болу, арағайыншылдық, қайырымдылық Ислам дінінің мұсылман үмметіне уағыздаған қасиеттері.

Діннің мәдениеттің құрамдас бөлігі екені туралы тәжірибелік дәлелдер: 1. Діннің жеке тұлға және қоғам өмірінде нақты функциялары бар; 2.Дін әр адамға сол адам бағынышты болуға міндетті құдіреттің алдында жеке басының сенімділігі сезімін береді; 3.Дін адамға өзінің төңірегіндегі әлемді түсіну тұрғысынан өзіндік жүйе ұсынады; 4.Дін қоғам қатынастарының қалыптасуында басты міндет атқарады.

Мәдениеттің күштілігі соншалық, мәдениеттер арасындағы қақтығыста жеңіске жеткен мәдениеттің өзі жеңіліске ұшыраған мәдениеттің белгілі бір элементтерін сіңіріп алуға мәжбүр болады. Мұның нәтижесінде аралас мәдениеттер пайда болады. Ислам діні мәдениеттердің арасындағы парықтарды қабылдаған дін. Нәсілдер мен тілдердің, тіпті діндердің әртүрлілігін Ислам діні таниды. Құранда адамдардың тайпаларға, түстерге бөлінгендігі, әркімнің діні өзіне екені туралы айтылған және Құран мұны Жаратушының шешімі ретінде көрсеткен. Қоғамдар арасындағы парықтар адамдардың бірін-бірі танып білуі және қарым-қатынас орнату жағынан жағымды рөл атқаруы да мүмкін. Бұл біздің қолымыздағы нәрсе. Сондықтан, Ислам дініндегі толеранттылықты шынайы толеранттылық деп қабылдаған жөн. Тарихқа қарағанымызда сан жағынан аз мұсылмандардың үлкен мемлекеттерді басқарғанын көреміз. Яғни, мұсылмандар басқа дін өкілдерін де қорғаумен шұғылданған. Мұсылмандар негізінен бір мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне хош көрушілікпен қараған. Адамзаттың тарихында дінсіз мәдениет болмаған.

Алғашқы қоғамдық құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда боған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан. Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани, фәлсафи негіздерді қамтитын Ислам діні осы дінге қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа салған. Дін – адамдардың іс-әрекеттеріне бірінші дәрежеде ықпал жасайтын құдірет. Солай бола тұрғанмен, дін мәдениеттің негізгі салаларымен шұғылданады да, егжей-тегжейге араласпайды. Мәселен, дін адамдардың киіну мәселесінде негізгі қағидаларды белгілейді, бірақ дәл қандай киім үлгісін киюді ұсынбайды. Ислам діні адамдардың халал тағам жеуін сұрайды, бірақ тамақты дайындау және қабылдау салтына араласпайды. Мәселен, Қытайдағы мұсылмандар қасықпен, араб елдеріндегі мұсылмандар қолымен тамақ іше алады. Жалпы алғанда, әрбір халықтың мәдениеті, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрі сол халықтың рухани дамуының негізін қалайды. Ата-бабаларымыздан қалған «Үш қасиетті: дініңді, діліңді, тіліңді сақта!», – деген қанатты сөз бар. Ұлт негізін құрайтын осы үш қасиет болып табылатындықтан, оның тұтастығына қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресу ел азаматтарының тарих алдындағы парызы болмақ.

 

ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ДІНИ АХУАЛ ЖӘНЕ ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҚАҒИДАЛАРЫ

Елімізде тіркелген діни бірлестіктер ішкі саяси тұрақтылыққа, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға орасан үлес қосуда. Бұл бәрінен бұрын Қазақстанның ең ірі діни конфессиялары – мұсылмандардың діни басқармасы мен Орыс православие шіркеуіне қатысты. Олар жалпыадамзаттық құндылықтар мен гуманистік мұраттардың ақиқаттығын насихаттай отырып, оңды рухани-адамгершілік міндеттерді орындауда.

Бүгінде елімізде діни ахуал тұрақты деп бағаланады. Бұл, біріншіден, бізде барлық дәстүрлі діндердің өмір сүруі мен дамуына қолайлы жағдай жасалғандығымен түсіндіріледі. Жүзден астам ұлт пен 18 конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, олардың 70 пайыздан астамы сүнниттік мұсылмандар. Екіншіден, мемлекет тарапынан көптеген ағарту жұмыстары жүргізілуде, оған қомақты қаражат бөлініп, тұтас бағдарламалар мен жобалар әзірленіп, қабылданды, еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді, көптеген ресми рухани-ағартушылық сайттар ашылды, мақсатты халықтың діни сауаттылығын арттыруда және жалпы тұрақты діни ахуалды қалыптастыруда.

Қазірде еліміздегі діни ахуал әрбір саналы азаматты алаңдатады. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен әртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, әлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады. Соңғы жылдары Қазақстанда адамдардың рухани білімге деген қызығушылығының айтарлықтай артып келе жатқанын және бұл үрдісті қоғамымыздың одан әрі дамуына және конфессияаралық келісімнің сақталуына бағыттаған орынды. Еліміздің мұсылмандары дәстүрлі исламның ханафи мәзһабын ұстанады, бірақ, өкінішке қарай, исламның дәстүрлі емес бағытын ұстанып, теріс жолды таңдайтын жастарымыз да бар. Осындай жігіттермен шындап жұмыс істеп, адасуының себебін түсіндіріп, дұрыс жолға салу керек. Тәуелсіздік жылдарында біз мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастардың оңтайлы моделін қалыптастыра алдық және бұл бүкіл көпұлтты Қазақстан халқының да, ел басшылығының да зор еңбегі екенін мойындау керек.

Қазақстан – зайырлы мемлекет және діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі Қазақстан Республикасының ар-ождан және дін бостандығы принциптері, азаматтардың тең құқығы бар демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құруға бейілділігін растайтынын, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктегі азаматтардың тең құқықтарын, мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпау принципін және халықаралық қоғамдастық қабылдаған басқа да негізгі нормаларды білдіреді.

«Халықаралық қоғамдастықта зайырлылық ұғымына қатысты түрлі түсінік бар. Бұл өз кезегінде мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынастың ортақ сипатын танытатын нақты үлгінің жоқтығын білдірсе керек. Десек те, кейбір елдерде «зайырлылық діни мемлекеттің қарама-қарсы пішімі» деген мазмұндағы ұғым қалыптасқан. Осы орайда «зайырлы» атауын түсінуде, зайырлы елдің болмысын сөз еткенде біртекті пікірдің орнықпағаны аңғарылады. Негізінде зайырлы мемлекеттер дінді мемлекеттен бөлу идеясын ұстанатыны белгілі. Бұл мәселеге қатысты сөз қозғағанда зайырлылық қағидаты бойынша діни догманы мемлекет заңдарынан алыстату көзделетініне, бірақ дінді қоғамнан бөліп тастау қарастырылмайтынына, оның діни бостандықты айқындайтынына мән берілуі тиіс. Дегенмен кейбіреулер зайырлылықты атеизм бағыты деп түсінеді. Шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салса, зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын беретінін ескерген абзал.

Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құралдардың бірегейі. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады.

Қазіргі таңда мемлекет пен дін арасындағы үйлесімді байланыс, орнықты қарым-қатынас қоғамымызда татулық пен тыныштықтың сақталуына, рухани және мәдени тұрғыда дамуымызға, радикализмнен қорғануымызға өзіндік оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл өз кезегінде мемлекетіміздің халық талабы негізінде азаматтардың ар-ождан бостандығын қорғай отырып, Конституциямызға сәйкес зайырлылық қағидаттарының оңтайлы үлгісін ұсына білгенін ұқтырады.

Б.АБДРАХМАН,

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

 зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы

Р.НАРБЕК,

орталық маманы

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз