• Ел мұраты
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҒАСЫР-ӨТКЕЛ ПЕРЗЕНТІ

Тарих қойнауына үңілгенде, ең алдымен санаңды билеп, қаныңды қыздыратын бір ақиқат бар. Ол тұлабойыңа тумысыңнан біткен ғажап күш – жарық дүниеге «мендігіңді» сездіріп, жар сала ену. Тарихи тұлғалар жайлы ойлағанда оларды көп тобырдан ерекшелейтін, мұратты жолыңа сәулесін шашып, тәни де, рухани да демеп, жаңағы мағыналы өмірге жетелейтін осы күш, ең алдымен көзге түседі. Тереңдемей, өткен ғасырдың басындағы дүниежүзін дүбірлеткен саяси оқиғалардың қалың ортасында «қазақ» деген тұрмысы ауыр, саны аз ұлтының еңсесін түсірмей, ұлы даласын ұлықты ұрпағы бар дегізе сақтап қалған, байырғы ерлікті заман өзгерісіне сай, білім мен білік деңгейінде жалғастыра білген алаш зиялылары осындай, шын мәніндегі ғасыр өткел перзенттері еді.

***

Енді, аз шегініс жасайын. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде қазақ даласында осындай дүбір жарты шарды тағы бір дір еткізді. Ол – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, дәлірегі желтоқсан көтерілісі. Алаш көсемдерінің әр ұлттың өзін-өзі билеуі тиіс деген перзенттік ұстанымға адалдығы ерекше сүйсінтіп еді. Содан кейінгі жарты ғасырлық кезеңдегі өсу мен өркендеудің күрделі өткелдері осындай асыл текті перзенттерді тағы да өмір сахнасына шығарды. Бұл рух табиғатының уақыт өзгерсе де болмысы өзгермейтін нақты көрінісі болатын. Ал, қазақ даласын өзге ұлттың, және ең ауыры қоғамдық, идеологиялық тоталитаризмнің бұрауы босамай,  шынайы азаттық пен еркіндіктің тұсаулы ақиқаты асқына-асқына келе, қазақ даласын билеуге тағы да өзге ұлттың белгісіз, «шүрегей үйректей» бір өкілі аяқ астынан тағайындалғанда, болашағын ойлаған қазақ жастарының ашуы бұрқ етті.

КСРО-ның ең жоғары билігі қабылдаған тұңғыш ресми және сан мыңдаған қазақстандық патриоттардың өмірі мен тағдырын ызғардай қарыған барлық саяси, құқықтық шешімдер мен бағалардың, жаппай қуғын-сүргіндер мен қудалаулардың негізін қалаған ең басты құжаттан үзінді алдымда жатыр.  КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының 1986 жылғы 18 желтоқсанда, Мәскеу уақытымен 10.00 сағатта жедел өткізілген отырысында ең жоғары биліктің құдыретіне ұмытылмастай қылау түсті. Қылау түскені сол, «кеңестік қатер» деген тіркеспен әлемнің алпауыт елдерінің өзін сескендірген кеңестік саяси жүйе осы ашу алдында әлсіздігін көрсетті. Қазақ даласының жаңа билеушісі Г.Колбин таққа отырар отырмастан, Саяси Бюро алдында мұндай экономикалық та, әлеуметтік те, рухани да мүмкіндіктері орасан зор елді дербес басқаруға дайын еместігін, бұған қабілетті зиялы ортаның өздерінде де қалыптасқанын мойындауға шақ қалды. КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы, яғни Одақтағы екінші тұлға Н.Рыжковтың өзі Қазақстан Министрлер Кеңесі басшыларынан түсіп жатқан хабарларға қарағанда, ондағы ахуал өте күрделі,  сондықтан Г.Колбин республикадағы жағдайды түзей алмауы мүмкін деп, онда әскер кіргізу қажеттігін мәлімдеді. Империялық ресейден мұра болып қалған шовинистік психология жансірілігін байқатты, кеңес басшылары іс жүзінде кішілік құрсаудағы одақтас елдердің бірін еркіне жіберсе, «аға» биліктің топсасы босайтындай көріп, айбарына мінді. Бой көрсетудің мазмұны, бағыты, былайша айтқанда алдын-ала айқындалып, оған ұлтшылдық, бұзақылық, тонаушылық, бейбіт азаматтарды ұрып-соғу сияқты «қара таңбалар» тағылып, тап солай бағаланып та қойылған-ды. Саяси Бюро мұндай «терте бұзуды» күшпен басу туралы шешімді мақұлдады. Дереу әскери ұшақтар қажет болды. Н.Рыжковта ондай ұшақтар жоқ, кейін осы «қайраткерлігі» үшін қазақстандықтардан кешірім сұраған М.Горбачев Қорғаныс министрі Д.Устиновқа Одақтың қандай қалаларынан әскер алдыруға болатыны туралы мәселені шешу үшін қажетті мөлшерде әскери ұшақтар бөлу жайлы шұғыл тапсырма берді. Өткен ғасырдың басындағы «қызыл империя» тәжірибесін қайталаған қанды қасап осылай басталды.

Уақыт та, уақыт перзенттері де ширықты. Қазақ жастарының бойындағы шынайы азаттық оты басқа одақтас ел жастарының бойында да лап еткелі тұрған-ды. Лап етті. Әсіресе, Балтық бойы жағалауындағы елдердің, Кавказдың жас толқыны, бастауын бастағанмен, қатты қарсылыққа тап болған қазақ жастарының тағдырын қайталамады, әлем назарын аудара алатындай бұқаралық шерумен өз елдерінде шынайы демократияға жол ашты. Ақыры, «қызыл империяның», солай аталмаса да, мазмұны содан көп алшақтамайтын «кеңестік империя» құлады. Құп!!! Ал ...

Кезекті демократия бұлағының көзін ашқан қазақ жастарының тағдыры неліктен ұзаққа созылған «әрі тарт та, бері тарт» сөзбұйдаға ұшырады. Прометейдің алауын ұстап, алаңға шыққан кезекті жалынды жастардың күн нұрындай арманы неге ұзақ уақыт бойы өз деңгейінде бағаланбады?!

 Осы сұрақ тәуелсіздікке дейін де, тәуелсіздіктен кейін де еліміздің зиялы тобының назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Әсіресе, желтоқсан оқиғасының басы-қасында болып,  ең алғашқы күндерінен бастап ақиқаттың саяси да, заңдылық пен құқықтық та қырларын батылдықпен терең зерделеген, әділеттіліктің орнығуына жеке күш-жігерін арнаған азаматтардың тұлғалары ерекше айқындалды. Сондай азаматтардың бірі – республикалық Саяси ағарту үйінің  үлкен залында желтоқсан оқиғасының он жылдығына арналған ғылыми конференцияда ақын Мұқтар Шаханов есімін ерекше азаматтық пафоспен атаған Сабыр Қасымов. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында көп аталмаған тың есім. Заң ғылымының кандидаты, Сенат депутаты, өзін насихаттауға көп ұмтылмайтын Сабыр Қасымовпен сұхбаттасу алғашқыда маған да оңай болған жоқ. Желтоқсан оқиғасы журналист үшін таптырмайтын тақырып. Ол үшінші өтінішімнен кейін ғана сұхбаттасуға келісті.

***

Кім ол?! Осындай оқшау сұрақ көкейімде кептелді де тұрды.Шынында, кім ол?!

Қызмет бабында С.Қасымовты біршама жақсы білемін, жиі кездесетінбіз, сырласатынбыз. Қашан да ашық, жалтарып, жалтақтауды білмейтін азаматтың табиғи мінезі өзіне тартып тұратын. Мысалы, елімізде мемлекеттік құрылыс ойдағыдай жүргізілмейді, оның түйінді әдістері мен стандарттарын игере алмай келеміз, қажетсіз, қосалқы заңдар қабылдаймыз дегенді еш бұлталақсыз, табиғи турашылдықпен ашық айтатын. Әрине, ол кейбір шенеуніктерге ұнамады. Сондықтан, олар оны «билік оппозиционері» қатарына қосып, сынап-мінеп жататын.

Алайда, ол өз алдына бөлек әңгіме. Бүгін оның тек қоғамдық-саяси қызметімен астасқан өзгеше адами қырына тоқталмақпын. Атап айтқанда, сталиндік зұлмат кезінде жазықсыздан-жазықсыз қуғындалғандарды, оның ішінде еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен зиялыларымызды орынсыз тағылған қылмыстан толық ақтап алу үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген қайраткерлік болмысын аша түссем деймін.

Желтоқсан дауылы төнген сағаттарда ол Мәскеуден Алматыға ұшып келді. КОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар Академиясында оқитын, астанаға сол Академияның тапсырмасымен іссапарға келген болатын. Алайда, өмірде дереу ерекше шешім қабылдауға мәжбүр ететін сәттер де кездеседі. Тоталитарлық жүйенің кезекті өктемдігіне шыдамаған жастар бас көтеріпті. Өз билігі өзіне бұйырмай, өзгенің шылауында төменшіктеген өмірге іштей шерлене қатқан қарсылық, ақыры атылғанға ұқсайды. Мұндайда сырттай бақылау мүмкін бе?! Жоқ, ол әсіресе жас ұрпақтың қылаусыз арманы сынға түсіп, аға ұрпақтан өміршең ақыл-кеңес, рухани қолдау күткен сағаттарда жоқ, тағы да жоқ. С.Қасымов жата алмады.

Он төртінші желтоқсанда Мәскеуден ұшып келісімен, ертесіне өзі бұрын қызмет істеген Орталық Партия Комитетінде, әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі В.Ефимовтің қабылдауында болды. Академия профессоры Т.Шанба С.Қасымовты іссапар алдында өзіне шақырған-ды. Ол В.Ефимовтың осы Академияны және оның аспирантурасын бірге бітірген ескі танысы еді.  «Мен Сізге бір жауапты міндет жүктегелі отырмын, – деді  абхаздық ғалым. – Академияның жылдық жоспары бойынша белгіленген ғылыми-практикалық конференциялардың бірін Алматыдағы Жоғары партия мектебінде өткізсек деп едік. Ефимовқа хат дайындап қойдым. Өзімен телефон арқылы сөйлестім, келістік. Енді, осы жауапты міндетті әрі қарай ұйымдастыруға Сізді тартсақ дейміз. Жоспарын жасауға, тақырыбын нақтылауға, басқа да толып жатқан ұйымдық шараларды жүргізуге көмектессеңіз. Сіздің еліңіз ғой, қалай қарайсыз?». Әрине, Орталық Партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясы атынан жауапты іс тапсырылса, Академия тыңдаушысына одан бас тартуға бола ма? Келісті. Міне, осы тапсырма Сабыр Ахметжанұлын  саяси қылмыскер ретінде қуғындалудан сақтап қалды.

 Кейін желтоқсан көтерілісі жайлы көп жазылды. Жүрек ауыртар көріністерді көзімен көргендердің мұны іште сақтауы, іс жүзінде мүмкін емес еді. Әрине, қабылдаудағы эмоциялық күйзеліс, саяси тұрғыдан бағалау деңгейі әркелкі болар, бірақ ұлттық намысқа бей-жай қарай алмайтын әр жанның өзіндік позициясын жасырып қала алмағаны анық. Қызмет істейтін мекемесі сол қан-қасап оқиғалар өткен алаң жанында болған, кезінде көрермендер жоғары бағалаған «Қымызхана» хабарын жүргізуші белгілі журналист К.Нұржанұлы сол бір ауыр күндерді былай еске алады: «Сабыр Мәскеуден келді, он алтыншы желтоқсанда біздің үйде семьясымен қонақта болды. Екеуіміз көп әңгімелестік...

– Республика басшылығына басқа ұлт өкілін әкеліп қою қазақ халқын сыйламағандық, кемсітушілік, – деді Сабыр. – Бұндай басынушылықты Балтық бойы, Кавказ өңіріндегі республикаларға, тіпті Өзбекстанға да жасай алмайды... Жастардың ереуілге шығып, талап-тілегін айтуы дұрыс. Өйткені, азаматтық ар-ұждан аяққа басылып барады. Қазір партиялық әділ саясат дегеннің ұшқыны да жоқ. Оны  халық болып айтпаса, нағыз жүндейтін жуас түйе біз боламыз. Бұл шеруден зиялы қауым шет қалмаса ғой, «что-то надо предпринимать», деп Сабыр орнынан тұрып кетті. Сол күні үйге қонған жоқ.

Орталық радио «нашақорлар, бұзақылар Алматыда бүлік жасап жатыр» деп хабар таратумен болды. Қазақ радиосы да қалысқан жоқ. Хабардың растығына күдігімді айтқанда Сабыр: «Мен естідім. Енді қол қусырып отыруға болмайды. Көтерілістің саяси маңызын жеткізу үшін листовка, плакаттар керек. Әйтпесе, бұзақы атанып қала береді» деді. Бұл істің қауіпті боларын сезіп, листовкалар, плакаттар әзірлеуге кірістік. Орысша, қазақша мәтінін жаздық. Оны қағазға түрлі-түсті бояумен түсіруге Сабырдың әйелі Тұрсын да көмектесті.

«Әр халықты өз көсемі басқару керек!», «Қазақстанға бостандық керек», «Қазақстаннан қолыңды тарт!», «Колбин жоғалсын!», «Біз еліміздің еркіндігін аңсаймыз!» деген сияқты  ұран, үндеулердің әрқайсысын 3-4 данадан жазып шықтық. Сабыр дайынын алды да, кетіп қалды. Тұрсын екеуміз көбейте бердік. Көп кешікпей Сабыр да келді.

– Аға, жүр, орталыққа барып қайтайық, – деді.

Жүрек сескенгенмен, тәуекелге бел будық та Сәтбаев көшесі арқылы алаңға жақындап келдік. Келсек, онда жан түршігерлік айқай-шу, алыс-жұлыс, балағатты сөздер, арсылдап үрген иттердің дауысы жаңғырығып жатты. Прожекторлар жарқылдап, машина гүрілі тоқтаусыз естіледі. Алаңды қоршап алған қарулы күштердің қаныпезерлік қырғын салып жатқанын бірден сездік. Демонстрацияны таратуға емес, жазалауға шыққан өкімет басшыларынан қандай парасаттылық күтуге болады. Сабыр: «палач» деп жыламсырай күбірледі де машинасына бұрылды. Біз үйге жеткен соң сол түнді ұйқысыз өткізіп, тағы да Тұрсын үшеуміз листовкаға отырдық» («Астана ақшамы», 13.12.2003).

Алматының құқық қорғау органдарында, әділет пен әділетсіздіктің мылтықсыз майданында мол тәжірибе жинаған  заңгерге қала жақсы таныс. Он алтыншы желтоқсанда ол, қараңғылық түсе, Ұлы Отан соғысының ардагері ретінде әкесі Ахметжанға берілген  қызыл «Москивчпен» орталықтағы жұмысшылар мен студенттердің жеті-сегіз жатақханасын аралап, сондай-ақ кездескен жастардың бәріне ереуілге шақырған листовка таратты. Онда: «Ертең,  сағат онда Мәскеудің Қазақстанды басқаруға – бірінші хатшылыққа  қайсыбір Колбин деген мүлдем бейтаныс біреуді сайлауына қарсылық білдіру үшін халық Орталық Партия Комитетінің алдындағы алаңға жиналады. Намысымызды, қазақ халқының болашағы мен құқын қорғайық! Келіңіздер, өздеріңізбен бірге барлық достарыңыз бен туыстарыңызды шақырыңыздар!» деген біртекті мәтін жазылды.

Бұдан кейінгі күндердің қалай жаппай қудалауға ұласқаны белгілі. С.Қасымовқа да қауіп төнді. Оны В.Ефимов шақырды. Ол қуғын-сүргін мәселесімен айналысатын республикалық штабты басқаратын. «Сіз Рихорд Зорге көшесінде неғып жүрсіз?» деді қатал үнмен. Алдына бір топ фотосуретті лақтырып тастады. «Улица Рихорд Зорге, 12» деген жазу және соған жапсарлас түсірілген қызыл «Москвичтің» суреті көзіне оттай басылды. Тексерушілердің  құрығынан құтылу енді мүмкін еместей еді. Сол сәтте үкіметтік телефон – «Кремлёвка» шылдыр етті де, ақталу жолдары Сабырдың миында шырқ айналды. Ойын тез жинақтап: «Жұмысшылар мен студенттер жатақханаларында көп туыстарым тұрады. Мен оларды аралап, көшеге шықпауларын қадағаладым» деді байсалды үнмен.

Ефимов сабасына түсіп: «Олар Сізді жаппай бұзақылықты ұйымдастырушы еткісі келіп жүр ғой. Енді, түсінікті, конференцияны жуық маңда өткізе алмайтын шығармыз, мүмкін кейінірек өткізерміз. Достарға сәлем айтарсыз» деп қолын ұсынды.

***

Осыдан жиырма үш жыл бұрын еліміздің көрнекті тарихшысы, академик М.Қойгелдиев  «Азамат абыройы адалдықпен асқақтайды» атты мақаласында («Егемен Қазақстан», 13.10.1999)  Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1991 жылы қуғын-сүргін құрбандары мәселесіне қатысты құрған алғашқы комиссияның мүшесі және хатшысы ретінде Жоғарғы Кеңес Төрағасының кеңесшісі болып істейтін С.Қасымовтың (М.Қойгелдиев те осы комиссияның мүшесі болатын – С.Б.) турашыл, өр мінезіне жоғары баға бере келіп: «Комиссия қолға алған істің үлкен мемлекеттік, мәдени және идеологиялық маңызын жақсы түсінген ол мәселе мәнісін архив және басқа тиесілі мемлекеттік мекеме басшыларына жетік жеткізе алды. Соның нәтижесінде мемлекеттік архивтердегі біраз жабық құжаттардың құпиялары ашылып, зерттеу ісі айтарлықтай жанданды» деп жазды. Сол мақаласында М.Қойгелдиевтің С.Қасымовқа: «Сәке, осы Сіз саяси қуғын-сүргіндер мәселесіне неге сонша көп көңіл бөлесіз?» деген сұрақ қоюы да тегін емес. Әрине, тарихшы-академикке мәселенің маңызы және оған Сәкеңнің қалай жауап беретіні белгілі, ғалымды толғандырған басқа жай ғой деп ойлаймын. Бұл өзі, бүкіл бұқара халықты толғантумен келе жатқан сұрақ-ты, ал ұлт аралық қатынастарға қатысты өте нәзік, шетін тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған, осындай түйткіл мәселелермен отыз жыл бойы бетпе-бет келіп, әділет үшін қиындықтан қаймықпаған қайсар қайраткердің жауабы басқа жауаптардан әлдеқайда салмақты, зерттеуші үшін де, қоғам үшін де өте пайдалы жауап болатын. Билік басындағы кейбір зиялы әріптестерінің, жақын жолдас, туысқандарының: «Егер, бюрократиялық қарсылықтармен, кейбір  шенеуніктердің көрінеу жасаған қиянаттарымен күресуге арнап, жеңіліспен текке өткізген уақытыңызды билік құрылымдарындағы кәдімгі, қалыпты қызметке арнасаңыз өзіңізге де, дос-туыстарыңызға да, тіпті қоғамның өзіне де өте тиімді болар еді» деген ескертпесіне Сәкеңнің: «Біз демократиялық құндылықтарды әлі игере алмай келеміз, саяси элитамызға бұл алдырмайтын асу болып тұр» деп қынжылғанын, сірә ұмыта алмайтын шығармын. Астарында үлкен жүректі азаматтың  ыстық лебі анық байқалатын мұндай адами мінез, әрине, құрметтеуге әбден лайық.

ххх

Тарих толқыны тағы толқыған кезде, өткен ғасыр басында аға ұрпақ бастан кешірген зауалды күндер санада қайта оянды. Ежелгі Қызылжардың табиғаты талайдың көзқұртындай болған шұрайлы даласында екі бірдей ауыл Құртай есімімен аталатын. Құртай байлығымен де, әділ төрелігімен де ел ішінде ерекше құрметке бөленген жан-ды. Кеңестік билік байырғы тіршілікті асты-үстіне шығарған күндерде Құртай әулеті ең алдымен қуғынға ұшырады. Тың көтеру кезінде ұраншыл саясаттың кесірінен атауы халық санасынан күшпен аластатылған елді мекендер қатарында, жаңағы Құртай есімі  атажұртқа еш қатысы жоқ, мүлдем жат атаумен алмастырылған еді. Тәуелсіздік рухымен  қадірлі тұлғаларын іздеген кейінгі толқын, жоғарының нұсқауынсыз, перзенттік сезіммен екі қайтара халық жиынын өткізіп, кейбір шовинистік пиғылдағы топтармен табанды түрде айтыса жүріп, Құртай есімін де қалпына келтірді.

Құртайдан Мұқыш, Мұқыштан Қасым, Қасымнан Ахметжан болып жалғасатын әулеттің кеңестік «қызыл империядан» көрген зардабын адам баласының басына бермесін. Осы әулеттің бір тұяғы Т.Қасымованың «Егемен Қазақстан» газетінің 2020 жылғы 25 мамырдағы нөмірінде жарияланған «Бір әулеттің тағдыры» атты естелігі, тарихтан тағылым алам деуші бүгінгі ұрпақ өкілін тіпті де бей-жай қалдырмайтыны анық.

Әке тәрбиесімен ел ісіне ерте араласқан   Құртайдың Мұқышы да ортасының сыйлы азаматы болды. Азаттық туын көтерген алаштық үн Қызылжар даласында да булыға естіле бастаған күндерде, дәлірегі 1918 жылдың шілде айында М.Дулатов бастаған зиялы топ бұрынғы Әлти Көкенұлы атындағы ауылда жиналыс өткізді. Нұрлы өмірден үмітті халық жан-жақтан ағылды. Алаш идеясын қолдаған ауыл адамдары өздері қызу ақылдасып, жүректегі сөздерін айтуды көкірек көзі ашық Мұқышқа тапсырды. Міне, осы жиын С.Мұқановтың «Өмір мектебінде»  сол кездегі өмір шындығымен біршама анық суреттелген. Сондағы алаш баласының асыл арманын ұлағаттай айтқан сөзі үшін Мұқыш қудаланды. Тек Мұқыш емес, Мұқыштың Қасымы да, Қасымның өрімдей жас Ахметжаны да түрмеге қамалды. Әділет пен әділетсіздіктің айқасындай болып, мүлдем көмексіз, жападан-жалғыз қалып, үбірлі-шүбірлі тоғыз баласын күрке тауықтай болып қанатының астына жасырған, қызылшамен ауырып жатқан Баяны мен Ноянының жағдайын айтып түсіндірген ананың зары құлаққа кірмей, кәмпескеге ілінген байлардың әйелі, бала-шағалары арасында, жер аударылғанға дейін  уақытша ұсталатын, Байқала деп аталатын темір тордың ішіне тоғытылды.  Баяны мен Нояны сол темір тор ішінде жан тапсырды. Жоқтау да айта алмай, қос балапанын лагерьдің сыртына жерлеп, түрмедегі азаптан намысы қорланған ана шыдамады, ретін тауып қашып шықты.

Отбасылық тірегінен түгел айрылған ана өз төркінін іздеп, Омбы облысына жетуге тырысты. Түнейтін де жер таба алмай, шоқ тоғайдың көлеңкесін сағалап күн кешті. Аштық пен аурудан әбден әлсіреген бес жасар қызы ананың арқасында құндақтаулы күйінде көз жұмды. Жүрегі шерленіп, тағдырымен арпалыса қатайған ана он екі-он үш жасар Күлбәнін жолда біраз күн қамқоршы болған иман жүзді отбасыға: «Кейіннен әкесі келіп алып кетеді, ал егер әкете алмаса, өзімнің қызым деп санап, қолдарыңнан күйеуге ұзата беріңдер» деп қалдырып кетпегенде одан да айрылар ма еді?!  Жол азабында тоғыз баланың сегізі бірдей шетінеп, айдалада сегіз төмпешікке айналып, өмірден баз кешер шаққа жеткенде, Ахметжаны іздеп тауып, әупіріммен тірі қалды. Тоқсанға жете өмірден өткен, немересі Сабырды тәрбиелеген сол ана – бас ұстаз  Мағрипа еді. Көп сырласудан кейін түсінгенім, азаматтық позиция Сабырда бала кезінде қалыптасқан. Әділеттану сөз болғанда, ол қайта-қайта сол кәрі әжесіне орала береді.

Сабыр Түменде дүниеге келді. Орыс балалары арасында өсті, орыс балалары арасында орта білім алды. Ал, үйде қазақы тәрбиемен ауызданды. Кәрі әжесі Мағрипа, әлде әулеттің ауыр тағдыры әсер етті ме, орыс атаулыға айбармен қарады. Немерелерін қазақы мінезге тәрбиелеуден таймады. «Біз көрерімізді көрдік, сендер енді болашақтарыңды орыстардың арасынан емес, туған жерден іздеңдер» дегенді біртүрлі ыза-кекпен қайталайтын. Сабыр мектепте математика пәнінің үздігі ретінде көзге түсті. Физика мен математикадан оқушылар арасында өткен өңірлік олимпиядада бірінші, ал Түмен облысы бойынша екінші орынды иеленді.  Жаңасібірдің академиялық қалашығында дарындылардың физика-математика мектебі болатын, оқытушылары Сабырды сонда тартуға тырысты. Бірақ «адуын, тентек кемпірдің» ұрықсатын ала алмады. Тіпті, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Петр Семенович Новыхтың өзі Қасымовтар үйіне әлденеше рет келіп, дарынды баланың болашағына кедергі жасамауды сұрады. Соңғы рет барғанда Мағрипа әженің қолындағы кеспелтек таяқ дір-дір еткен соң ғана баруды тоқтатты.

Айтқандайын, Сабыр орта мектепті бітіре сала, Қазақстанға тартты. Жоғары білім алғысы келді. Бірақ, құжатты физика-математика пәні бойынша емес, заң пәні бойынша тапсырды. Алайда, сынақтан өте алмады. Алматыда жанашыр танысы жоқ, Түменге қайтуға намыс жібермеді. Дәулеттінің немересі, дәлірегі шөбересі тағдырдың ұйғаруымен қабырғасын бір жыл қара жұмыспен қайыстырды. Келесі жылы да жолы болмады, қайсар бала заң факультетінің кешкі бөліміне түсіп, күндіз шапқылаған қара тіршілікпен айналысты. Бір сәтті күні аудандық сотқа хат тасушылық, сосын сот орындаушысы қызметіне алынды. Оқуын бітіріп, аудандық прокуратураға тергеуші болып орналасты. Содан сатылай өсіп, республикалық Орталық Партия Комитетіне жауапты қызметке қабылданды. Ізденіп жүріп, КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына түсті.

Әділет күрескері мұндағы уақытын әлеуметтік теңсіздіктің жолын кесіп, адами рухани тепе-теңдікке қол жеткізу сырын ашуға арнады, сол үшін Академиядағы мол саяси әдебиеттер мен құпия құжаттарды тереңдей зерттеп, саяси да, азаматтық та білімін барынша көтеруге тырысты. Тума дарынына сай физика немесе математика саласын қуып кеткенде, мүмкін үлкен ғалым, ғылым қайраткері болып шығар ма еді?! Бірақ, азаматтық рух бойын үнсіз билеген жас жігіт руханият әлемінің әділет жолын қалады да, сол жолдан таймады. Ал, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы осы ұстанымын өмірлік мұратына айналдырды. Тіпті, кандидаттық диссертациясына «КСРО-дағы ұлттық қатынастардың саяси-құқықтық проблемалары» деген тақырыпты таңдады. «Ақиқатын ашу мүмкін бе?» деді көзі қарақты кейбір жанашыр жолдастары. Тоталитаризм мен авторитаризм негізінде алып империяға айнала бастаған қоғамда ұлттық қатынастардың қандай күйде екенін Сабырдың өзі де жақсы біледі. Қазақ даласындағы, өз әулетіндегі трагедиялық деректер оның жанын аз күйзелткен жоқ қой. Әлде, соның өзі оны ширатты ма екен?! Әйтеуір, ол ағысқа қарсы жүзді. Бірақ, өмір заңы өз дегенін істетті. Қоғамда әділеттен гөрі әділетсіздікке сүйенген күш, айтқандайын мықты болып шықты. Сегіз жүз қырық беттік еңбек, ең бастысы өркенді өмірге бастайтын, ұлттық қатынастардағы әділет пен әділетсіздікті нақты деректермен, терең зердемен талдаған рухани мұра айналымға қосылмады. С. Қасымов диссертациясын қорғай алмады, дәлірегі қорғатпады.

Академияны бітіріп, елге оралған Сабыр Ахметжанұлының бұрынғы жауапты қызметке қайтадан қабылдануы күмәнді еді. Желтоқсан оқиғасының жаңғырығы желдей есіп тұрған-ды. Дегенмен, билік басындағылар арасынан да оның белсенді өмірлік позициясын қолдайтын азаматтар табылды. Республиканың Орталық Партия Комитетінің сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібеков оны жылы қарсы алды. Сабырдың диссертациясын қабылдап, оны мұқият оқып та шықты. «Бұдан ұлтшылдықтың саяси қауіпті астарын іздейтіндей ештеңені көріп тұрғаным жоқ, қайта тарихи ақиқаттарды ашуға қызмет ете алатын құнды деректер мол. Сіз туралы бірінші хатшыға өз пікірімді білдіремін» деді Өзекең.

Бір-екі күннен кейін Г.Колбин С.Қасымовты қабылдады. Ө.Жәнібековтің ұсынысы болса керек, бірінші хатшы: «Жақында, Сіз көтерген мәселе бойынша, яғни ұлт аралық қатынастар мәселелерімен айналысатын арнаулы бөлім ашпақшымыз. Бөлімге сіз сияқты мамандар керек, әзірге Орталық Комитетте, басқа қызметте істей тұрыңыз, қызметке аламыз» деді. Айтқандайын, бөлім де ашылды, қызметке де орналасты. Ал, диссертацияның кейінгі тағдыры С.Қасымовтың тура жолда екенін айқын көрсетті. «1990 жылы одақтық республикалардың егеменді құқылары бұзылатындығы және жаңа одақтық келісім-шартқа қол қою қажеттігі туралы әңгімелер көтеріліп жатқанда КОКП ОК өзінің Академиясынан осы бағыттағы зерттеулерді сұрайды. Жөпелдемеде ондай зерттеулер жоқ болып шығады, сонда Академия басшылығы осыдан екі жыл бұрын шу туғызған қазақ зерттеушісін еске алады. Содан, С.Қасымовты Мәскеуге дереу шақыртып алып, кандидаттық диссертациясын қорғауына өздері жол ашып береді» деп жазды кейін естелігінде Қазақстан Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі ғалым, профессор Б.Аяған.

Өмір қалыпты жүріп жатқанмен, Сабыр Ахметжанұлын елдегі желтоқсан оқиғасына қатысты саяси ахуал мазалаумен болды. Әрине, тиісті ұйымдар тиісті шешімдер қабылдап та жатты, алайда оның нәтижесі көпшілікті қанағаттандыра алмады. Тіпті, кейбір билік басындағы әріптестері жауапкершіліктен көрінеу жалтарып, әртүрлі құйтырқы әрекеттер жасаған кезде, бұған қалай шыдауға болады. Әрине, ол әркімнің өзінің рухани ұстанымына байланысты. Ал, С.Қасымов желтоқсан трагедиясының тарихи тағылымының бұлай елеусіз қалуына төзбеді. Балтық бойындағы, Қавказдағы бауырлар өз мүдделерін мүдделей білгенде, мұның бастауында болған қазақ жастарының халықаралық деңгейдегі өнегелі қимылы неге өз бағасын алмайды. Венгрияның белгілі жазушылары Я.Кили, А.Рыжек, Г.Демский, Г.Конрад сияқты қырық бір азаматы, Чехословакияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Х.Хачек, «Рейтер» агенттігі, Польшаның «Еркіндік пен Бейбітшілік Одағы» сияқты әлемнің игі жүректі қайраткерлері мен ұйымдары әділеттің орнығуын талап етіп, тікелей М.Горбачевтің өзіне хат жөнелтіп жатқанда мұндай адамзаттық қозғалыстың өз ішімізде қауқарсыз күй кешуі, әрине, тиісті азаматтарды төтен шешімге бас тігуге амалсыз итермеледі. С.Қасымов «желтоқсан оқиғасына халықаралық мәртебе беруді талап еткен» құжат дайындады. КСРО Жоғарғы Кеңесі депутаттарының бірінші съезі жүріп жатқан-ды. Жаңағыдай құжат дайындау сирек кездесетін тәуекел және қай жерде, кімнің аузымен айтылуы керек, ол өз алдына үлкен саяси мәні бар әрекет. Сабыр Ахметжанұлы қонақ үйдегі депутаттарды аралап, тәуекелшіл депутаттарды іздеді. Белгілі мәдениет қайраткері Әзірбайжан Мәмбетов пен айтулы ақын Мұқтар Шаханов қана ұсынысты түсіністікпен қабылдады. Сөйтіп, М.Шахановтың съезд мінбесінен айтылған сөзі ашық аспанның астында жай отындай жарқ етті. 

Алайда,  бұқара  арасында айтарлықтай сілкініс болғанмен, желтоқсан трагедиясының ақиқаты бәрібір ашылмады. Белгілі қоғам қайраткері, ақиық ақын О.Сүлейменов Қазақстан Жазушылар одағында арнайы топ құрып, мәселені зерделеуге кірісті. Кейін бұл мәселемен республиканың халық қалаулысы М. Шаханов басқарған комиссия айналысты.

Осыдан тура он жыл бұрын «Казахстанская правда» газетінде (2011 жылғы 15 шілде – С.Б.) Г.Теренсай «Повесть о настоящем патриоте» деген мақаласында былай деп жазды: «Нурсултан Абишевич стоял в середине своего кабинета и, видимо, о чем-то размышлял, вспоминает Сабыр-аға. – Был в синоватом рубашке, без костюма. Он говорил со мной на казахском языке, очень просто, как  с давно знакомым человеком, очень доверительно и по-деловому. После традиционных расспросов перешел к сути.

– Депутат Шаханов прислал письмо, чтобы мы направили тебя в Комиссию по декабрьским событиям. Он говорит, что ты согласен. Ты же понимаешь, это не просто сделать, потому что работа комиссии противоречит решениям не только нашего ЦК, но и Политбро ЦК КПСС … Ты же не против решений партии? И сделал паузу.

Я понял это как предложение  согласиться с этой позицией, но, попросив разрешения высказать свою позицию, подробно изложил заготовленные аргументы, особенно мою готовность и нелегальную вовлеченность в работу комиссии … Я был готов к такой постановке вопроса, посколько мне до этого об этом говорили мои коллеги. Поэтому уверенно заявил:

– Я сейчас готов написать заявление об увольнении из ЦК. Но я должен и обзан помочь комиссии по расследованию этих событий, поскольку объективно готов к этой работе.

Мне показалось, что Нурсултан Назарбаев был одновременно удивлен и обрадован. Но никак не разочарован. Он несколько минут ходил по кабинету, подошел к своему столу и нажал на кнопку, ответил голос заведующего отделом Абиша Кекилбаева, которому он сказал:

– Сабыр у меня сидит, настаивает, чтобы мы разрешили … Может, дадим согласие? Скажем, что мы включили его в комиссию, чтобы не было там одностороннего подхода. Москве скажем, что сами направили …».

« … я должен и обзан помочь комиссии по расследованию этих событий, поскольку объективно готов к этой работе …». Иә, дәл солай. Бұл ұлт тағдырына қатысты аса жауапты іске патриоттық сезіммен тәуекел ету ғана емес, оның әр жағында білімі мен қайратының молдығына өзіндік берік сенімі жатқан-ды. Мұның астарынан М.Қойгелдиевтің: «Сәке, осы Сіз саяси қуғын-сүргіндер мәселесіне неге сонша көп көңіл бөлесіз?» деген сұрағына тура жауапты естігендей боламын.

Осындайда, аталарымыздың «Арқалағаны алтын болса да, түйенің тамағы тікен» дегені еске түседі. Ұлт бақыты үшін саналы түрде батпандай жүк көтерген зиялы шоғырдың көрінеу бармақтай бақтан қағылып жүретіні, өкінішке орай, жиі кездеседі. Конституциялық Сотта да солай болды. Конституциялық Соттың судьясы С.Қасымовқа, және оның тікелей бастамасымен құрылған желтоқсан оқиғасының ісін қарауға дайындайтын судьялар тобын басқару жүктелді. Атқарылған жұмыстың ауқымдылығы сонша, сан-салалы ізденістер нәтижесінде жиналып, сарапталған құжаттар көлемі 12 томға жетті.  Алайда, мемлекеттік машинаның көлеңкелі рөліндегі тамырланған топ проблеманы ашық көтеріп, әділ шешуге мүмкіндік бермеді. Олардың: «Қасымов кіші Нюрнберг процесін дайындап жатыр» дегені төмендегі шағын топтан жоғарыдағы әлеуетті ортаға дейін жетті. Конституциялық Сот таратылып, Конституциялық Кеңес құрылды. Желтоқсан көтерілісіне баға беру, ақтаңдақтарды ашу жұмысы тоқтатылды.

***

Азаматтық позициясы айқын, ақындық айбыны тас жаратындай Мұқтар Шахановтың желтоқсан ақиқатын ашуға қосқан үлесі зор. Бірақ, сол зор еңбектің астарында, көпшіліктің көзіне түсе бермейтін, поэзия мен өнердегі ішкі, төменгі құдыретті ағыс сияқты, бірақ нар жүгіндей жүк арқалаған алып күштің қосарлана жүретінін біреу білсе, біреу біле бермейді. Жоғарыда аталған «қаһарлы құжатта», КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросы хаттамасының тоғызыншы тармағында көрсетілгендей, Алматы оқиғасына қатысты бүкіл жағдайды бақылауда ұстау міндеті жүктелген КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.Разумовскийден, Кеңес Одағы Ішкі істер министрі А.Власовтан, басқа да одақтық және республикалық жоғары биліктегі шенді шенеуніктерден принципті жауап алу үшін қандай білім мен зерденің қажет болатыны кім-кімге де түсінікті. Осындай аса жауапты ондаған, жүздеген тергеу істеріне белгілі заңгер Георгий Владимирович Кимді қатыстырып, істердің әділ шешілуін түбіне дейін қадағалаған, еңбегі көбіне құпия сақталатын С.Қасымовтың қандай тәуекел, қандай табандылықпен іс тындырғанын толық жеткізу, тіпті де оңай емес. Айталық, Одақтағы ең бірінші билік иесі, Орталық Партия Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачёв Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының (Конституциялық Кеңес ол кезде Конституциялық Сот болатын – С.Б.) судьялары С.Қасымов пен Г.Кимді алғашқыда қабылдауға келіскендей болғанмен,  кездесетін нақты күнді белгілеу үшін көмекшісі, кейінгі Орталық Партия Комитетінің хатшысы В.Медведевке телефон соққанда, ол «Қандай сұрақ қойылады?» деп сұрады, «Желтоқсан оқиғаларына қатысты». Сол-ақ екен, Бас хатшы кездесуден бас тартты. Сондай-ақ, Мәскеуге жайлы қызметке ауыстырылған Г.Колбин: «Тыныш өмір сүруіме мүмкіндік беріңіздер. Сіздерді тыңдағым да келмейді. Қазір тәуелсіз мемлекетсіздер, нені қалайсыздар, солай істей беріңіздер» деп кездесуге мүлдем келіспей қойды. Сондай-ақ, жоғары биліктегілердің бәрі бірдей әділ, толық жауап берді деудің өзі де қиын. Солардың ішінен Одақтың бұрынғы Ішкі істер министрі А.Власовтың жауабы туралығымен назар аударды. «Арнаулы қызмет қазақтардың бұлай көтерілетінін болжай алмады, жауапкершіліктен қашып, кінәні басқа бағытқа бұрып жібергісі келді. Сөйтіп, республиканың бұрынғы бірінші басшысы Дінмұхамед Ахметұлын жақтаушыларды кінәлі етіп шығаруға тырысты. Оның айналасындағылар, атап айтқанда Орталық Комитеттің жауапты қызметкерлері А.Статенин, Д.Бекежанов, тағы басқалары текке қуғындалып, жауапқа тартылды» деді ол.

ххх

Тек желтоқсан оқиғасына ғана қатысты ма ...Тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған қандастарымыз тарихи отанына оралуды аңсаған, Отанымыз да оларды бауырына тартуға құштар сол бір күндерде, саяси да, экономикалық та кедергілер шаш етектен кезеңде Сәкең табиғи перзенттік болмысымен сырттағы қандастарымызға «саяси қуғындалған, мәжбүрлеп босқынға ұшыраған» деген мәртебе берудің заңи нормаларын әзірлеуге қатысты. Депутаттарды ұйымдастырып, Қытайдан тарихи отанына келіп, оқуға түсе алмай қалған бір мыңдай жасөспірім үшін Алматы қыздар институты жанынан бір жылдық дайындық курсының ашылуына ұйтқы болды. Ұлтымыздың біртуар ұлы Смағұл Сәдуақасовтың рухын ұлықтауға, дәлірегі оның Мәскеу түбіндегі сүйегін Отанына әкеліп, туған топыраққа жамбасын тигізуге қосқан үлесі де өз алдына бір төбе. Белгілі смағұлтанушы, Гумилев атындағы Еуразия университетінің проректоры Д.Қамзабекұлы мен аталған тұлғаның ұрпақтары Мәскеуге арнайы барып, салауатты істі жүзеге асыру шараларын белгілі бейімбеттанушы, филология ғылымының докторы, сол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшілік кеңесшісі болып істеген Серікқали Бәйменше өзінің «Дәнекер» атты еңбегінде мөлдіретіп жазды. С.Қасымов ұлтымыздың ұлы мұратына тек өз қайратын ғана арнап қойған жоқ, тәуелсіз жас мемлекеттің демократиялық тынысын кең ашуына үлес қоса алатын зиялы жерлестерін сырттан да тартуға мұрындық болып еді-ау! Ұлттық қоғамдық ойымыз кемелденсе жат сарыннан сарсынды болған даламызды әртүрлі қияли елестер кезбес еді. Шет елдіктердің қилы-қилы «идеялары», «эксперименттері», гайдарлық, явлинскийлік, бэнгтік, чубайстік мектептердің жетістіктері тықпаланбас еді. С.Қасымов Свердловскіде жауапты қызметте жүрген Нағашыбай Шәйкеновті принципті, білімді заңгер ретінде жақсы білетін. Неге республикаға шақырмасқа? Ол Жоғарғы Кеңестің төрағасы Е. Асанбаевтың кеңесшісі кезі, Төраға орынбасары З.Федотоваға осы ойын айтты. З.Федотова шұғыл Президент көмекшісіне хабарласып, келесі күні  Мемлекет басшысының қабылдауында болды, мәселе ойдағыдай шешілді. Президент Нағашыбайды Ресейден шақыртып, өзіне заң кеңесшісі етіп орналастырды. Н.Шәйкеновтың кейін елімізде сот реформасын жүргізуге елеулі үлес қосқаны белгілі.

«Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат». Сәкеңмен кездескен сайын, өте қарапайым, ашық сырласуға мейлінше пейілді, сондықтан да өзіне тартып тұратын осы азаматтан ылғи да рухтанып қайтамын. Өйткені, оның бойынан адам жанының ішкі тіндерін рухани ләззат қайнарына малдырып, сергілтіп-серпілтетін табиғи тартылыс лебі есіп тұрады. Ол – әділетке ғашық, білімге – құштар, еңбекке – құл. Мүмкін, бұл тіркестен әсірелеу рухы белең алғандай көрінетін шығар, бірақ жақсыны жақсы деуге сараңданып тұратын сарытап мінезден зардап шеккеніміз аз емес, сондықтан әр затты өз атымен атаудан қашқақтаудың еш жөні жоқ. Бұл тек менің ғана емес, С.Қасымовты білетін, оның іс әрекетін принципті түрде таразылай алатын кез келген зиялы жанның бағасы. Ат жалын тартып мінгеннен, пайғамбар жасынан асып, жетпістің желегіне ілінгенге дейін Сәкең ата-баба дәстүрімен адами рухтану үрдісінен қалай айнымаса, қазір де сол табиғи мінезбен өнегелі ісін одан әрі жалғастырып келеді.

Академик Д.Қамзабекұлы айтқандай, кейбіреулер сияқты, еңбегім сіңді ғой, жетпіс жылдық мерейтойымды өткізбейсіңдер ме деп билік басындағыларды мазаламады. Еліне қызмет ету әр азаматтың қарызы мен парызы. Осыны ұлық тұтқан Сәкең атажұртқа барып, ата-баба рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Ол әке тәрбиесімен санасына сіңген тағылым жемісі болатын. Ешқашан ұмытпайды! Со-о-нау жылдары, Сабыр әлі он екіге де толған жоқ-ты, әкесі Ахметжан екі жүк машинасына әртүрлі керек-жарақтарын, сойылатын малдарын қоса тиеп, бүкіл бала-шағасын саналы өмірінің көпшілігі өткен Сібір өңірінен Қызылжардағы атажұртына ертіп әкелді. Бұл ағайындардан алыста жүріп, ұзақ жылғы сағынышты басу үшін жәй барып-келу сапары емес-ті. Сондағы әке тәрбиесі – көненің көзіндей үлкендерге сәлем бергізіп, батасын алу, ата-баба қорымына барып, құран оқыттырып, тағзым еткізу, туған жердің тарихын жақсы білетін аға буынның ұлағатты сөздерін өрімдей ұрпақтарының санасына сіңдіру үшін арнайы кездесулер ұйымдастыру, атажұрттың рухы қанаттандыратындай басқа да толып жатқан шараларға қатыстыру Сабырдың әкеге деген перзенттік құрмет сезімін бойына мәңгілікке қалыптастырып еді-ау! Кейін, ел ағасы жасына жеткенде, сол атажұртында өткен тағылымдық тарихи оқиғаларды жас ұрпақтың бойында қайта жаңғырту үшін, арнайы ғылыми-практикалық конференциялар өткізуге ұйтқы болу себебі де осы тәрбиенің жаңғырығы еді. 

***

 Шамасы, ұлттану ғылымына білім-білігін сарқа пайдаланудан, ұлтаралық, қоғамдық қатынастарды терең зерделеуден туындаған қасиет те оны науқаншылдық ауруымен ауырмайтын тұлға ретінде әбден қалыптастырса керек, С.Қасымов қуғын-сүргін құрбандары ақиқатын түпкілікті ашудың кезекті толқынына тағы да бастамашы болды. Ол осы мәселеге қатысты  «Қаһарман» атты қор құрып,  бұқаралық қозғалыстың нәзік те шетін саласына дем берушілер тобын басқарды. Қор саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесімен айналысатын мемлекеттік комиссия құру туралы Мемлекет басшысының атына үндеу жолдады. Президент тапсырмасы бойынша Білім және Ғылым министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының бұйрығымен мәселені кәсіби түрде зерттейтін, құрамында жиырма бес  тарихшы, саясатшы және заңгер бар арнаулы топ құрылды. Топ жұмысы барысында, өкінішке орай, қоғамда мұндай прогрессивті бастаманы қолдамайтын, ескі сарыннан әлі де босай алмай жүрген министрлік пен ведомство басшыларының әлі де бар екені байқалды. Дегенмен, ұлтжандылықты білім, білігімен ұштастыра білгендердің көмегімен үрдіс діттеген жеріне жетті. Президент Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия жұмысы қаңтар оқиғаларынан кейінгі жаңа Қазақстанның күрделі де жауапты реформалары аясында жүргізілгелі отыр. Демек, бұрынғы жартыкеш шешімдерден сабақ алудың тың кезеңі келді.

***

Жартыкеш шешімдер... тың кезең?! С.Қасымов мәселенің бұлай қойылуын былай негіздейді. Жалпы, Одақта жаппай саяси қуғын-сүргіннің бас идеологы, ұйымдастырушысы И.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі «хрущевтік жылымық» Л.Брежнев билігі кезінде «жылы жабылды». Қайта құру жылдарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудың «горбачевтік-яковлевтік» кезеңінде ақтаңдақтар ашыла бастағандай болды. «Қилы кезеңде КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Александр Николаевич Яковлевтің елеулі кедергілерге қарамастан, ақиқатты ашуға барынша күш салғанын ашық айтқан жөн, – дейді Сабыр Ахметжанұлы. –  Л.Брежнев кезінде тоқтап қалған ақтау үрдісі Александр Николаевичтің бастамасымен қайта жанданды. Ресей Президенті Б.Ельциннің Жарлығымен Ресейдің саяси құрбандары – дін қайраткерлері, әскери тұтқындар, сондай-ақ басқа санаттағы құрбандар ақталды. А.Н.Яковлев Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қылмысын принципті түрде ашуға батыл бет бұрған, Қазақстанда желтоқсан оқиғасынан кейінгі жастар мен зиялы топ өкілдерін қудалауды тоқтатуға күш салған санаулы қайраткерлердің бірі болды.    Алайда, ақтаудың бірінші кезеңі де, екінші кезеңі де елдегі бүкіл билік Коммунистік партияның қолында тұрған  кезде өтті, қылмысқа белшесінен батқан партия «өз қолын өзі кесе алмады», ақтау үрдісі жартыкеш ұйымдастырылды, көзбояушылықпен кімді ақтағысы келсе соны ғана ақтады». 

«Тәуелсіздіктен кейін көптеген саяси және экономикалық реформалар аясында 1993 жылғы 14 сәуірде «Жаппай саяси құрбандарды ақтау туралы» Заң қабылданды, – дейді Сабыр Ахметжанұлы. – Аталған Заңға Ресейдің салалық заңдары негізге алынғандықтан, еліміздің ұлттық ерекшелігі толық ескерілмеді, саяси құрбандардың ең басым бөлігі назардан тыс қалды. 1928-1932 жылдардағы ашаршылықтың, Сталиннің тікелей тапсырмасымен және Голощекиннің «ерекше белсенділігімен» жүзеге асырылған «Кіші қазан» трагедиясының саяси астарын ашуда қазақ халқының ұлттық ерекшелігі саналы түрде жан-жақты бағаланбады. Бұдан бұрын, еліміздің Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен 1991 жылғы 14 қарашада құрылған,  Қазақ Автономиялық Республикасы Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің бұрынғы бай шаруашылықтарды тәркілеу, ірі және жартылай феодалды шаруашылықтарды тәркілеуде орын алған ісқимылдардың қылмыстық жауапкершілігі туралы бұрынғы үш қаулысын зерттейтін және бағалайтын бастапқы комиссия өзінің алғашқы тұжырымын ұсынды. Комиссияны халық депутаты, академик М.Қозыбаев басқарды, С.Қасымов комиссия хатшысы және мүшесі болып сайланды. Комиссия аталған қаулының үшеуін де халық мүддесіне қайшы,  жаппай  саяси қудалауға ұшыратқан құжаттар деп  бағалады. Алайда, мәселе Жоғарғы Кеңестің  отырысына ұсынылған да, талқыланған да жоқ, тек оның Төралқасының қаулы қабылдауымен ғана шектелді. Комиссия мүшесі ретінде, аталған қаулылардың әп дегеннен халыққа қарсы бағытталғанын, сондықтан олардың күшін жою қажеттігі туралы ұсынысым қолдау таппады. Ақтау мәселесіне қатысты арнаулы заң әзірленіп жатыр, бұл нормалар сол заңға енгізіледі деді. Бірақ, ол да аяқсыз қалды. Егер, саяси-қуғын сүргіннің ең басты құныкері – жаңағы үш қаулының күші жойылғанда, сол күндердің өзінде жазықыз жапа шеккендерді ақтап алуға болатын еді. Екінші комиссия Сенат депутаты ретінде менің бастамаммен 1997 жылғы 7 желтоқсанда, яғни астана Ақмола қаласына көшердің дәл алдында Сенат қаулысымен құрылды. Комиссияны басқару маған жүктелді. Нақты, кең ауқымды жоспар жасалды. Бірақ, Парламенттің кезекті сайланымында оның құрамына кірмедім де, комиссия жұмысы қайтадан тұйыққа тірелді».

***

2022 жыл еліміздің тарихында тағы бір елеулі оқиғалармен басталғаны белгілі. Саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар қоғамымызды жаңартып, қоғам мен халық арасындағы табиғи, өркениетті байланыстарды орнықтырып, нығайтуға бағытталуда. Демек, өткен кезеңдердегі «дерттерден» айықтырып, жарқын да салауатты өмір  салтына бастайтын жаңа рухани сілкініс күні келді. Президенттің тікелей бақылауымен қолға алынған осындай кең  ауқымды, жауапты істерге білімі мен тәжірибесі мол, азаматтық позициясы айқын С.Қасымов сияқты азаматтардың тартылуы өте орынды. Қазір ол Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен құрылған «Саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» мүшесі, оның Жобалық кеңсесі мен әдістемелік кіші комиссиясын басқарады.

 «Әділдік жоғалған кезде адамдар өмірін мәнді ететін ештеңе қалмайды». Бұл философ-идеалист И.Канттың айтқаны. Осы ұлағатты сөз маған Сәкең сияқты ғасыр өткелдер перзенттеріне арналып айтылған сияқты көрінеді. Ғасырлар өткелдерінде өмірдің мән-мағынасын солар арқылы сезінетіндіктен және мұндай рухани құндылықтың адам бойында мәңгілік сақталуы солардың ұдайы да тұрақты асыл қызметтеріне байланысты болғандықтан, ұлты оларды әрқашан құрмет тұтады, іздейді. Ұлт пен ұлттың барша мүшесінің әділетсіз айыптардың құрбаны болып кетпей, ақиқатты аршып алуға зор үлес қосып жүрген Сабыр Ахметжанұлы Қасымовқа жүрек толқуы мен ыстық ықыласымызды арнауымыздың себебі сондықтан. Күнәдан арылмаған қоғамның көктей қоюы қиын, біз әділетті қоғамды құрамыз дейтін ұрпаққа қалай сүйсінбессің!

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

1034 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз