• Ұлттану
  • 17 Желтоқсан, 2022

АДАМ ЖӘНЕ ОНЫҢ КЕМЕЛДІККЕ ЖЕТУІ

Жеке бір халықты немесе белгілі бір аймақты ғана емес, күллі адам баласын тағы, қараңғы қоғамдық күйден рухани және ғылыми тұрғыда дамыған адамзаттық өркениетке жетуіне үлкен ықпал еткен ислам діні тарихтың талқысына түсіп, әлдекімдердің қол жаулығына айналып отыр. Саяси мүдделерін мақсат еткен топтар исламның шынайы болымысын өзгертуге тырысып, оның таза, адалдық пен мейірімділікке, сабырлыққа толы құндылығына қатыгездік, дөрекілік, терісезулік пен  надандық қамытын кидіруге жанталасып жатыр. Соңғы кездердегі дүниежүзіндегі қалыптасып отырған геосаяси жағдайлар, мұсылман елдері саналатын мемлекеттердегі бітпес қырқыс пен қантөгіс, тарихи-мәдени орындарды аяусыз қирату, атамекенін тастап беті ауған жаққа үдере көшу, жазықсыз адамдарды малша бауыздау, т.б жәйіттері осыған дәлел болардай. 
 

Жаратса, ықылас қойып ақылға кім,

Жалғанда тұтар соны жақын жаным.

Қ.А.Яссауи

Жұрт назарында көптен бері мұсылман елдері неліктен артта қалды?-деген сұрақ көлемінде пікір қалыптасқаны және оған біршама озық ойлы жауаптардың айтылғанын білеміз. Ендігі басты мәселе мұсылманбыз деп жүрген адамдардың топ пен жікке бөлінуінің барынша асқынып бара жатуының себебі мен салдары болмақ. Қасиетті Құранның еш әрпі өзгерместен, қиямет күніне дейін жететінін Құдіреті күшті Алла тағаланың өзі айтқан  емес пе? Олай болса, сөз басын Құран мен сүннеттен бастайтын жалпы мұсылман қауымы неліктен осы қасиетті «жіптен» көз жазып қалды? Неліктен жік-жікке бөлініп тартысады, бір-бірін кінәлап, бір-бірін жоюға талпынады? Бір Иллахи кітап пен бір пайғамбардан келген хадистер бәріне ортақ болса, онда оларға бір тұтастыққа жетуге не жетпей жатыр? Әрине оған ислам дініне енген халықтардың салт-дәстүрінің әр түрлілігінен,  сыртқы жаулардың түрлі шабуылынан, ислам өркениеті мен экономикасының тоқырауынан, сондай-ақ сенім мен амалдағы мазһабтардың болуынан, т.б. себептерден  жауап іздеуге болады. Меніңше бұның барлығы да сыртқы себептер, ішкі себеп – әр адамның дүниетанымында жатыр. Саннан сапа туады деген философиялық қағиданы ескергенде ұзақ әрі тұрақты түрде жасалған сыртқы себептің әсерінен ішкі таным-түсініктің өзгеріске түсері анық. Осыдан барып пайғамбарымызға 23 жыл бойы түрлі саяси және әлеуметтік-экономикалық сондай-ақ тылсым дүние жағдайында түскен Құран аяттарын әр кім өз заманындағы  жағдаймен байланыстырып түсінуге тырысты. Әрине бұл дұрыс емес. Өйткені уақыт басқа, қоғамдық қатынас өзгеше.  Оған көп емес, бір ғана мысал келтірейікші, қасиетті Құрандағы Айша анамызға жабылған жалаға байланысты, Жаланың таралуына себепкер адамдар, сондай адал әйелдерді зинада айыптап, сосын төрт куә алып келмегендер,  оларға сексен дүре соғыңдар және куәлігін ешқашан қабыл етпеңдар./Нұр сүресі 4-аят деген аят бар. Енді осы аят бойынша бүгінгі таңда осындай қылмыс жасаған адамға сексен мәрте дүре соғуға бола ма? Қазіргі қоғамда жазықсыз  адамға жала жабуды айыптауда заңда белгіленген тәртіп және жаза бар. Бірақ, дүре соғу жоқ. Олай болса, уақыт өткен соң Құран аяттарының күші біртіндеп жойылып,  заман талабына сай келмей қалғаны ма? Меніңше мүлде бұлай емес. Құранның айтпағы осы тектес істердің қылмыс болып саналатыны және оған сөз жоқ шара қолдану керек екендігін ескерту. Алайда, әр заманда, әр елде сол уақытқа сай шара түрін қолдану жөн. Егер дәл біздің жағдайымызда осы тектес қылмысқа заң бойынша сөгіс жариялау, моральдық шығын өндіру, әлде неше айлық есеп көрсеткіш көлемінде айыппұл салуы және басқа да осы заманға лайық шара қолдану мүмкін. Біздің заманымыздағы шара түрін сол дәуірде қолдану бұйырылса, онда адамдар түсінер ме еді? Мүлде түсінбес еді. Сондықтан да сол заманға тән болған құбылыстарды заманымызға көшіріп келудің қажеті жоқ. Біз исламның сыртқы формасына емес, қасиеті мен ішкі мән-маңызына баса көңіл бөлуіміз керек. Сонда ғана әр уақытқа лайық игілікті іс жасаған, салихалы адамдардан болар едік.

Исламның ішкі мән-мағынасы дегенде оның түпкілікті мақсаты мен мүддесін қарастыруымыз тиіс. Исламның басты мақсаты бір Алланың барлығы мен бірлігіне ниет етіп, басқа құдайлардың жоқтығына және Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік беру. Осы ниетке сай Аллаға құлшылық ету.  Құлшылық ету дегенге намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қажылық жасау сияқты ұлы құлшылықтардан басқа, күнделікті өмірде істеп жүрген барлық ізгі істеріміз бен адал еңбектеріміздің барлығы да қамтылады. Демек құлшылық дегеніміз – ізгі өмір сүрмек-дүр.

Қазақ даласында өмір сүрген даналардың қайсысына да үңілсек ізгілікті басты мұрат еткен. Басқа емес, көп насихаттала бермейтін Қожа Ахмет Яссауи ілімінде ізгі өмір сүрудің құбыласы ретінде шындық пен әділдік үшін ғұмыр кешу дәріптеледі. Ғұламаның тағылымында шындық пен әділдік болғанда ғана халыққа шынайы қызмет ету болатындығы баса айтылады. Ал, халыққа немесе туған еліне қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу немесе  нәпсіні тыю болмақ. Мұндағы адамның «топырақ» сипаты өзін халқына арнау арқылы кемелдікке жету деп түсіндіріледі.  Ұлы ойшыл не үшін «топырақ» сипатын айтты? Өйткені, топырақ – жер бетінің құнарлылыққа ие бос, борпылдақ қабаты. Егер оның құрамында құнарлы заттар, элементтер болмағанда одан ештеңе өніп, өспес еді. Демек, адам бойында құнарлы немесе адами қасиет болмаса, өзге адамдарға берер ештеңеңнің болмағаны.

Ізгі өмір сүру дегеніміз тек қана Қ.А.Яссауи секілді кемел тұлғалардың ғана қолынан келетін, басқалар істей алмайтын дүние емес. Барлық адам ниет етсе істей алатын қасиет. Себебі, ізгілік – қарапайымдық пен адалдықта мекендеген. Ол үшін алдымен Алланың бұйырған құлшылық түрлерін орындаңыз, ата-анаңызды ардақтап, туыс-туғанмен жақсы байланыста болыңыз, қызметтестер мен көршілермен шығысымды болыңыз, жетімдер мен жесірлерге, жарлы-жақыбайларға қолыңыздан келгенінше көмек етіңіз, жарыңыз бен балаларыңыздың алдындағы міндетіңізді орындаңыз, кісі ақысын жемеңіз. Міне  осыларды орындау қиын ба? Түкте қиындығы жоқ. Бастысы жүрек «ыстық» болса жетеді.

Жүректі «ыстық» етудің басы Аллаға иман келтіруден басталады. Алланың бірлігі мен барлығын сезінген адам, оның «бар» екенін түсінеді, «бар» екенін түйсінген жан Оның бірлігін біледі. Алланың бірлігін түйсінуде «Ғалам Алланың ішінде, ал Алланың құдіреті мен қасиеті әрбір атомдардың ішінде»-деп танудың маңызы зор. Неге бұлай? Себебі, күллі дүниенің басты қасиеті осы «бірлік те, бүтіндікте» жатыр. Ғаламдағы кез келген зат бірлік арқылы толық бүтіндікке жеткенде ғана айналасына әсер ететіндей кемел қасиетке ие болады, ал толық емес, әлі де даму үстіндегі заттан нәтиже күтуге болмайды. Ал осы бірлік пен бүтіндік кездейсоқ пайда болған нәрсе емес, оның қалыптасуы мен дамуында белгілі заңдылықтар бар. Бұл заңдылықтарды, әуелде жасалған және өз міндетін мүлтіксіз атқарап келе жатқан «Илахи заң» деп түсіну дұрыс. Бұл «Илахи заң» осынау шетсіз-шексіз ғаламның өзара іс-әрекетін үйлестіруші тәртіп және жүйе құраушы қуат болып табылады.

Менің пайымдауымша, бұл «Илахи» заңның бес түрлі қасиеті бар. Олар: Әділдік, тұрақтылық, жалпыға ортақтық және мәңгілік  пен ғылымилық. Енді осы қасиеттерді ашып түсіндірейік:

Әділдік дегеніміз осы қасиеттердің ішіндегі басшысы  және негізгі қасиеті. Сондай-ақ ол Алланың түпкілікті сипатының бірі. Хәкім Абай айтқандай имани гүлдің бірі. Егер Иллахи заңның әділдік сипаты болмаса, онда Алланың өзінің де түпкілікті сипатының мәні өзгерер еді. Әділдік күллі жаратылыс әлемінің бір тәртіппен қозғалыс жасауына және баянды дамуына негіз болып отырған күш.

Тұрақтылық дегеніміз – Иллахи тәртіптің бір қалыпты және өзгерместен жұмыс жүргізуінің кепілі. Егер тұрақтылық болмай, әртүрлі нәпсілік құмарлықтармен күн санап немесе жыл, тіпті, ғасыр санап өзгеріп отыратын болса, онда, Алланың құдіретімен басқа да сипаттарына қарсы келер еді.

Жалпыға ортақтық – Бұл заң барлық жаратылыс иелеріне бірдей, бәріне ортақ және  тең. Ол мейлі адам болсын, мал болсын, тіпті өсімдіктер мен жануарлар болсын, барлық жанды және жансыз заттарға ортақ күшке ие. Оның алдында әр бір жаратылыс дүниесі өзіне берген нығмет және мүмкіндік көлемінде жауапты болады.

Мәңгілік – ол  жаратушының ұлы сипаттарының бірі. Егер ол жасаған тәртіп пен заңдылық уақытша болса қайтер еді, онда, ол заңның өзгермелігі мен ауытқушылығы басым болып, әділдік сипатынан айырылар еді. Жаратушы өзі мәңгілік болғандықтан оның заңының да мәңгілік болуы да тәбиғи.

Ғылымилық – осы заңдылықтардың барлығы да өте жоғары дәлдік пен шынайылықтан және қисындылықтан тұрады. Барлығының негізінде ғажайып ғылыми құндылықтар жасырынған. Ғылымның түпкі иесі Жаратушының жалғыз  өзі. Адам баласы, соның ішінде ғалымдар Алланың қалауымен дүниенің бізге тылсым сырларын ашады. Ал, ол ұлы сырды жасап, оны дүниенің қызылды, жасылды бедерінде сақтап, жасырып отырушы да құдіреті күшті Алланың өзі. Сондықтан біз адам баласы кез-келген табысқа жеткенде немесе жаңалық ашқанымызда оны өзіміз жасағандай дандайсуымыз өзі бір күпірлік. Біз тек, ниетіміз бен еңбегімізге қарай Алланың бұйырған құпиясын ашуға мүмкіндік алдық, бар болғаны сол. Бейне әйгілі Платон айтқандай: Біз ештеңені ойлап таппаймыз, тек, санамыздағы жазылып қойылған жазуларды ғана оқимыз.

Міне осы бес түрлі қасиетке ие заңдылық үстіне ғаламдық тәртіп пен жүйе және   қозғалыс орнатылған. Осы қасиетті жинақтай келе «Илахи» заңдылықты  ҮЙЛЕСІМДІЛІК ЗАҢЫ деп атауға болады деп ойлаймын. Себебі, ой салып, ақыл жұмсаған жанға күллі тіршілік жүйесінде сақталып тұрған үйлесімділіктің «гармонияның» барлығын көру қиын емес. Ғарышықа қарасақ,  жер шары, жер-ай жүйесі, одан күн жүйесі одан ары галактика, құс жолы болып кете береді. Бәрі де белгілі заңдылықты негіз етіп өз айналыс орбитасынан ауытқымай қозғалуда. Егер тәртіп пен үйлесімділік болмаған да ше? Онда бір-бірімен қақтығысып дүние әп-сәтте быт-шыты шығар еді. Жер бетіне келсек, тәбиғат дүниесіне көз салайықшы, бір-бірін шарт еткен, бір-бірін толықтаған және бір-біріне байланысты дүниелерді біз өсімдіктер, жануарлар және басқа да бей тіршілік әлемінен де көреміз. Ал адамзат қоғамына келейік, онда да сондай, адамдар бір-біріне тәуелді, бір-біріне серік және бір-бірі толықтап жасап отырған жоқ па? Олардың да қоғамда белгілеген өздерінің тәртіптері мен заңдары бар, ондай заңдарды біз экономикада, жол қозғалысында, білім беру де, қорытып айтқанда  барлық шаруашылық саласында кеңінен  қолданамыз. Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға байланысты «интеграция» деген ұғым бар, ол да осы үйлесімділіктің бір көрінісі. Ал енді адамдардың жеке басына келейікші, олардың да жалпы даму барысында ортақтық пен жүйелілік бар. Өмірге келген нәрестенің өсуі, адам болуы да сондай тәртіппен рет-ретімен дамып отырған. Адамның ішкі организмдері де өзіне берілген тәртіп негізінде адамға бағынбастан, өзінің жұмысын атқарып келді. Біз жеген тамағымыз бен ішкен суымыз қалай таралып, қайтіп сіңіріліп жатқанын  білмейміз. Оны істеп жатқан органдар бар, олар  бізге денсаулағымыздың жағдайы арқылы ескертпе жасауы мүмкін, бірақ, есеп бермейді, тек өз заңы мен жұмысын жүргізе береді. Қорыта айтқанда, күллі тіршілік өзіне бекітілген заңдылық негізінде жұмыс жасайды. Оның заңдылығына дұрыс келмеген жағдайда, не табиғаттан, не адамзаттан не болмаса шаруашылықтан, тіпті денсаулықтан мәселелер туындап, біз қашан сол заңдылыққа бейімделгенше ол дағдарыстан құтылмасымыз анық.

Жаратушы Иеміз ғаламның заңдылықтарын  терең ой, шексіз білім хикметіне сүйене отырып,  шынайы махаббатпен жасағанда оның орындалу механизмін де сондай деңгейде орналастырған. Олай болса, осы заңды орындаушы  күш не? Меніңше ол күш – үздіксіз қозғалыс, өлшеусіз әрекет. Күллі тіршілік атаулы барлығы да қозғалыста, тіпті, жылжымастай көрінетін таулардың өзі де жылдап «өсіп» отырады. Қасиетті Құранда: «Сендер тауларды қозғалмайды дейсіңдер ме? Олар да бұлттардай көшуде» деген аят бар. Біз тыныш отырғанымызбен жүрегіміз соғып, қанымыз айналып жатыр. Демек, тіршіліктің  анасы – қозғалыс. Қозғалыс тек тіршіліктің ғана анасы емес, ол барша даму мен өркендеудің анасы. Жер де, күн де, құс жолы да қозғалыста. Су да, ауа да  айналыста,  ешкім де тыныш, өлі күйде емес.

Бұл қозғалыс та бостан босқа туылған жоқ қой, оны тудырып, жасап тұрған құдірет кім? Мен ойлаймын, ол құдірет – махаббат. Себебі Алла тағала әлемнің ардақтысы адамзатты және табиғатты да аса ұлы махаббатпен жаратқаны анық. Абай атамыз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, – демей ме. Алла тағала тек адам затты ғана махаббатпен жаратып қойған жоқ, күллі тіршілікті де махаббатпен жаратқан. Егер махаббатпен жаратпағанда, онда заңдылық та, әдемілік те, бір-біріне деген әсер де болмас еді. Жалпы заңдылық пен тәртіптердің барлығы да адамзатты бақытқа жеткізу үшін жасалмайды ма?

Махаббат деуіміздің тағы бір себебі, оның басты қасиеті тартылыс, бір-бірін тартудың нәтижесінде бір бүтіндік қалыптасады, заттар ұлғаяды, күшейеді, өседі, дамиды. Тұтас ғаламның жаратылысынан алып қарағанда, жер шарының пайда болуында да осындай тартылыстың салдарының әсері болған деген гипотеза  әлі де басым ұстанымда тұр.

Ал қозғалыстың жүрер бағыты болса, ол – мәңгілікті бетке алу, әлмисаққа, түпиесіне қайту болмақ. Мәңгілікке беттеу үшін ең тиімді қозғалыс формасы қайсы болуы керек деп ойлайсыз? Менің түсінігімше, ең тиімді қозғалыс пішіні ол – домалақ немесе шар. Себебі, доп формалы зат кез-келген бағытқа, кез-келген бетімен әрекет жасай алады. Әрі қолайлы, әрі жаттық. Сондықтан жер шары да домалақ, оның орбитасы да сол пішінге сай тұйық күйдегі айналыс шеңберін жасайды. Жердің шар тәрізді екендігін логикаға сүйенген Аристотель ескі заманда-ақ болжаған. Ол: Жаратушы адам баласын ардақты етіп жаратқан, олай болса, адамды ең әдемі формадағы тұраққа орналастырады, демек жер – шар тәрізді дене деген. Сондықтан логикалық әрі философиялық тұрғыдан қарағанда шар тәрізді формадан қолайлы әрі  әдемі ешқандай геометриялық пішін жоқ дерлік

Қорыта айтқанда, ислам дегеніміз осы айтылған үйлесімділік заңын білу,  құрмет ету, бойұсынып, амал етуге негізінде ғұмыр кешудің өлшемдері және осы өлшемдер негізінде   екі дүниеде бірдей бақытқа жетудің сара жолы мен тәртібінің жиынтығы. Екінші сөзбен айтқанда Ислам – Алланың бірлігі мен барлығына иман ету болмақ. Ал кімде-кім осы өлшемдерге сай ғұмыр кешсе,  онда оның аты Адам, себебі, Адам ең алғаш жаратылған, бүгінгі адамзаттың түп атасы. Ол осы заңдылықтарды бірінші болып білген және осы заңдылықтарға сай өмір сүрген. Адам алғашқы пайғамбар әрі тұңғыш мұсылман. Сондықтан адамдық пен мұсылмандық бір ұғым.  Осы заңдылықты терең түсінген ғұлама ұстаз Қ.А.Яссауидің хикметтерінің мәні мен философиясының өзегі – адам және оның кемелдікке жетуі болған. Ол өзі ісіне адал болған және сол арқылы кемелдікке жеткен тұлға. Ол: «Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май» дейді. Осылайша білімді басты орынға қояды. Ал білімсіз адамдар Жаратушыны тануда жаңылысады.  Олар Алла тағаланы жер-жүзін және адамдарды жаратып, солардың  сыртынан тек бақылап тұратын, аяусыз жазалайтын  қатыгез күшке  теңестіреді. Алланың мейірі мен рахымын, әділдігі мен кешірімін айтудың орнына көбінде ашуын, қарғысын айтуды ұнатады,  сол арқылы адам мен Алла арасындағы шексіз махаббат пен сүйіспеншілікті қорқытып-үркітуден туған үрей мен үмітсіздікке ойыстырады. Сол себепті олар табиғаттың, қоғамның және адамдар арасындағы байланыстар мен басты құндылықтарға құрмет етпейді. Ата-ана, жұбайлар және ұрпақ мәселесіне байланысты жауапкершілік пен құқықтарды сақтамайды. Жаратылыстың тылсым заңдылықтары мен шынайы құлшылық құндылықтарын түсінбегендіктен олар исламның мәніне емес сыртқы формасына бейім келеді. Себебі, сыртқы бейнені өзгерту, бейімдеу оңай, ал ішкі жан-дүниені жақсарту ол қиын, өйткені оған мол білім мен ізгі ниет керек.

Дүние – нәпсі, соны іздеген соры қалың,

Иттей болдым, сүйек тастар жолыма кім? – деп Қожа Ахмет бабамыз жырлағандай, жаратылыстың мәніне үңіліп, заңын біліп, Жаратушыны тануға талпынайық. Болмаса,  дүние іздеген иттей болып, сүйекке таласып өтерміз...

Қастер САРҚЫТҚАН,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

 профессоры

1280 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз