• Ел мұраты
  • 17 Желтоқсан, 2022

Тәуелсіздігімізге арқау болған Желтоқсан

Нұрлыбек ҚУАҢБАЕВ,

«Желтоқсан қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам қайраткері

Отыз бес жылдан аса уақыт өткенімен, 1986 жылдың Желтоқсаны мәңгі жадымызда қалатыны анық. Себебі сол күндері Мәскеудің шешіміне наразылық танытып алаңға шыққан қазақ жастары ұлтымыздың бойындағы намыс-жігердің қаншалықты биік екенін көрсетті. Мен 1986 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті физика факультетінің 1-ші курс студенті едім. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев қызметінен алынып, Колбинді қойыпты деген ақпаратты 16-шы желтоқсан күні кешқұрым радио арқылы естіп-білдік. Осы ақпарат тарағаннан кейін жатақханаларда, жастар арасында наразылыққа толы сөздер айтыла бастады.

17-ші желтоқсан күні күндізгі 11.00-лер шамасында курстастарым Құрманғазы Рахметов пен Мейіржан Есмағұлов үшеуміз алаңға келдік. Өрімдей жастар жиналған екен. «Қазаққа қазақ қана басшы!», «Колбин кетсін!» деген ұрандар әр-әр жерден айтылып тұрды.

Күндіз ешқандай тәртіпсіздіктер орын алмағанымен қақтығыстар кешке қарай басталды. Түнгі 01.00-ге дейін алаңда жүрдік. Алыстық, жұлыстық, солдаттармен текетірестік. Кеңестік биліктің шешіміне қарсы жастар ештеңеден аянып қалмады. «Не белбеу, не бел кетеді» деп, алға ұмтылды. Сол кезде қайран қалғаным, қазақтың қарагөз қыздарының ерлігі еді. «Ұрсаң, ұр!» деп, мұздай қаруланған солдаттардан қаймықпады. Рух атойлағанда, намысты жігер жанығанда көзсіз ерліктің шынайы үлгісі орын алды.

Қақтығыс кезінде жарақат алғандардың біразын алып кетті. Абақтылар көтерілісшілерге лық толған соң сыймағандарын қаланың сыртындағы тау бөктерлеріне, сай-салаға апарып, тастап жатты. 

Мен бірге барған курстастарымнан көз жазып қалған соң түн ортасында сыныптасым әрі досым Марат Абсаттаровтың жатақханасына келдім. Ертеңіне, яғни 18 желтоқсан күні Марат екеуміз Алматы көшелерінде шерушілермен бірге жүрдік. Осылай, дүрбелеңге толы минуттар мен сағаттар, күндер өтіп жатты.

Жалынды жастардың алаңға шыққан себебі – сол кездегі тіл, дін, ұлт, салт-дәстүр мәселесі болатын. Әсіресе, тіліміздің өз елінде, өз жерінде шетқақпай көріп ұмытыла бастауы жанға қатты батты. Шынын айтайық, ауылдан әсем Алматыға келгенімізде өзімізді Ресейдің бір қаласына келгендей сезінетінбіз. Өйткені, ол кезде қалада қаракөздеріміздің саны аз, орысы басым. Қазақша сөйлеудің өзі мұңға айналды. Себебі тілге қысымшылық жасалатын. Мысалы, қоғамдық көлікте екі қазақ бір-бірімен ана тілінде тіл қатысып тұрса, «говорите на нормальном языке» деп ескерту жасайтын. Бұдан өткен қорлық жоқ шығар. Қазақтың салт-дәстүрі ұмыт болып, әз-Наурыз тойы тойланбай, Құран оқу деген де ұмытылып бара жатты. Енді Мәскеуден орыс басшы келді, мүлде құритын болдық деп ойладық. Колбиннің келуі сыздап тұрған жараның бетін ашқандай, отқа май құйғандай желтоқсан көтерілісін бұрқ еткізді.

 17-ші желтоқсан күні алаңға Үкімет басшылары келіп, трибунаға шығып біздерге: «Тараңдар! Әйтпесе, күш қолданамыз!» деп жатты. Оларды көтерілісшілер тыңдаған жоқ. Қармен, гранит сынықтарымен атқылап мінберден түсіп қашуларына мәжбүрледі.

18-ші желтоқсан күні Фурманов-Сәтбаев көшелері қиылысы жағында тұрған наразы топқа сол кездегі Қазақстанның комсомол басшысы С.Абдрахманов пен Халық әртісі Р.Бағланова келіп басу айтты. Роза апайымыз: «Тараңдар, сендерді аямайды, ана батып бара жатқан күнмен бірге батасыңдар» деп жылады.Сол күні кешкі сағат 20.00-де солдаттар шабуылға шығып көтерілісшілдерді аямай ұрып-соқты. Кеңес Одағының 8 бірдей қаласынан келген күштік құрылымдар жастардың барлығын аяусыз жаншып таратты.Үш күнге созылған көтеріліс 20-шы желтоқсан күні басылды. Алматыда тыныштық орнағандай болды.  Бірақ бұл өлі тыныштық екен. Артынша Алматыда, тіпті Қазақстанда 1937-жылдың атмосферасы қалыптасты. Көтеріліске қатысқандарды қудалау басталды. 1937 жылы үйлерінен түнде әкеткен болса, желтоқсанға қатысқандарды  тергеуге тал түсте, күндіз-түн демей жұмыстан, оқудан әкетіп жатты.

Біз оқыған физика факультетінде 20-ға жуық студент оқудан шығарылды. Оқудан шығарылғандардың қатарында мен де болдым. Курсымыздың комсорогы Құрманғазы Рахметовты 7 жылға соттап жіберді. Комсомол қатарынан шығарылып, оқудан қуылғандардың әке-шешелерін де партия қатарынан шығарып, жұмыстан босатып жатқан жағдайлар болды.

Алматыдан ауылға қуылып келсем, жағдай мұнда да мәз емес екен. «Алматыда нашақорлар мен бұзақылар үкіметке қарсы шықты» деп жиналыстар өткізіп,  ауыл тұрғындарының бетін басқа жаққа бұрып қойыпты.  Менің аты-жөнім жазылған құпия хаттар аудандық КГБ-бөліміне, РОВД-ға, партия комитетіне, комсомол комитетіне  тіпті мен оқыған мектепке дейін жетіпті. Өзімізге тәлім берген ұстаздарым да теріс айналып кететін болды. Сонымен аяқ астынан  «халық жауы» боп шыға келдік.

Бірнеше жыл үкіметтің арнайы есебінде тұрып, кейіннен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың 12.12.1991 жылы шыққан №540-шы Жарлығына сәйкес, Алматы облысының прокуратурасының 20 қазан 1997 жылғы шешімімен саяси қуғын-сүргін көруші ретінде танылып, ресми түрде ақталдым.

Иә, Желтоқсан көтерілісі кеңестік кезеңдегі қазақ мемлекетінің саяси-қоғамдық өмірінде, ұлт тарихында аса үлкен орын алды. Басымыздан өткен жайды ұмыту мүмкін емес. Қаншама өрімдей жастар, ұл-қыздар жазықсыздан жазықсыз жапа шекті, қуғындалды, азапталды, сотталды... Кеңес өкіметінің аяусыз билігі тағдырларын талқан қылды. Оқуларын аяқтай алмай, өмірдегі мұрат-мақсаттарына жете алмай қалған жастарымыз қаншама. Осы жайттардың барлығын ойласаң кеудеңді, шыбын жаныңды қайғы-мұң кернейді... Желтоқсаншылар – өз замандарының, өз дәуірінің нағыз қаһармандары!

Мұны бүгінгі ұрпақ та, келесі буын да білуі керек. Зердеге құятын, санаға сіңіретін ерлік жолының бірі де, бірегейі – осы Желтоқсан! Сондықтан, тәуелсіз қазақ елінің билігі желтоқсанды көтеріліс деп танып, оның саяси-құқықтық мәртебесін беруі керек.

Сонда ғана әділеттілік орнап, Әділетті Қазақстан боламыз! Бұл тарих алдындағы ұлағатты іс болар еді.

 

1033 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз