• Ел мұраты
  • 17 Желтоқсан, 2022

Жасыл экономика – дамудың жаңа сапасы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобалар әзірленгені белгілі. Еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған  бұл құжаттарда 11 міндет қарастырылып, соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалды. Соның бірі – «Жасыл Қазақстан». «Жасыл Қазақстан» жобасы төрт негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар атмосфералық ауаның ластануын азайтуды, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, тұйық циклдегі экономиканы дамытуды және республика аумағындағы су нысандарының экожүйелерін сақтауды көздейді. Осы тұрғыда балама электр жүйелерін қолданысқа енгізу мәселесі өте өзекті және болашағы зор.

Жаңғыртылатын энергия көздері – қазақстандық өнімдердің  бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы. «Жасыл экономика» тек күн немесе жел электр станцияларынан алынатын қуат қана емес. Жасыл экономика – бұл дамудың жаңа сапасы, яғни, экологиялық көрсеткіштердің жақсаруы, суды дұрыс пайдалану, ауа тазалығы, т.б.  «Жасыл экономика» түсінігі ғылыми айналымға соңғы 20 жылда еніп, берік орнықты. Ағылшын тілінде жасыл экономиканың «Green economics», «Ecological economics» атты екі балама атауы бар, сондықтан да кейде жасыл экономика «экология экономикасы» деп те аталады. Бұл тек табиғатты қорғау ғана емес, мемлекеттің табиғи ресурстарын үнемдеуді, экологиялық мәдениетті көтеруді, халықтың денсаулығын жақсартуды да білдіреді. Ең бастысы, жасыл экономика ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегіне айналуы тиіс. 

Жасыл экономиканы дамыту ең алдымен заңнамадан бастау алатыны белгілі. Жаңартылатын энергия көздерін дамытуды мемлекеттік қолдау жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында 2009 жылдан бастап бекітілген. Бұл жүйе үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылдың 30 мамырындағы №577 Жарлығымен «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдама  қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес, «Жасыл экономикаға» көшудің негізгі міндеттері: 

1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін арттыру;

2) қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңасын салу;

3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру;

4) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін арттыру.

Қазақстанның «Жасыл экономикаға»  өту тұжырымдамасында осы мақсаттар елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңартылатын энергия түрлерінің үлесін 2020 жылы 3%-ға, 2030 жылы 15%-ға дейін және 2050 жылы 50%-ға дейін жеткізу көзделген. Қазіргі уақытта Республикада жиынтық қуаты 2010 МВт 134 ЖЭК нысаны бар.  2021 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіруі шамамен 4.2 млрд кВтс болған  (ҚР Энергетика министрлігінің деректері).

Қазақстан, сондай-ақ, Париж климаттық келісімі шеңберінде алған міндеттемелері бойынша  парниктік газдар қалдықтарын 15%-ға дейін азайту жоспарын орындауы тиіс. Осыған орай, елімізде жыл сайын жаңа жасыл нысандар іске қосылып жатыр. Оның ішінде жел және күн, гидроэнергетика жобалары бар.

Жасыл энергия көздерін қолдану жағынан әзірше дамыған елдер алда келеді. Қазіргі әлемде әрбір елдің даму көрсеткіші жасанды  интеллект, экологиялық материалдар, жаппай цифрландыру, жасыл экономиканы дамыту іспетті трендтермен өлшенеді. Бұл бағыттардың дамуы жақсы өмір сүрудің стандартына, азаматтардың өмір сапасының белгісіне айналды. Соның ішінде балама энергетика мәселесі өзектіленіп отыр. Мәселен, Германияда энергия тұтынудың жалпы көлемінің 32%-ын жаңғыртылатын энергия алады. Қазақстанда соңғы жылдары «жасыл қуат» көздерін арттыру ісі белсенді бола түсті. Мәселен, қазіргі уақытта елімізде жаңғыртылатын энергия алынатын 100-ге жуық нысан жұмыс істейді. Соның бірі – жуырда Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында іске қосылған жел электр станциясы. 

2022 жылдың тамыз айында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында Шелек жел электр станциясы (ЖЭС) іске қосылды, станцияның қуаты жылына 50 МВт. Жаңа нысан осы өңірдегі электр қуаты жетіспеушілігін төмендетуге жәрдемдеседі. ЖЭС жұмысын 25 мұнара атқарады. Жобаны  қазақстандық «Самұрық-Энерго» АҚ-на қарасты «Жерұйық-Энерго» компаниясы  Қытайдың  «Power China» корпорациясымен бірлесіп жүзеге асырған. ЖЭС-на арналған құрал-жабдық та қытайлық «GoldWind» компаниясының өнімдері. Қытай елінде жасыл энергия құрылысын салу ісі қарыштап дамығаны белгілі. Бұл елде жасыл энергия көздеріне сұраныс та, қызығушылық та жоғары. Қытай мамандары өз тәжірибесін көрші елдерде де табысты іске асырып келеді. Алматы облысының Кеген ауданындағы Мойнақ ГЭС-ы да қытайлық технологиялар бойынша салынған, бұл станция 2012 жылы пайдалануға берілді.  

ҚР Энергетика министрлігінің энергия өндіруші ұйымдарының тізбесіне енгізілген Шелек ЖЭС-і жобасының жұмысы 2019 жылы басталған, алайда коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтатылды. 2021 жылы өндірістік жоспар бойынша конструкциялар тұрғызу жұмыстары қайта жанданды. Жаңа жоба аса ауқымды болмағанмен, Алматы облысында «жасыл» энергияны дамытуға елеулі үлес қоспақ.

Жасыл нысан үшін Шелек ауылының аумағы таңдалуы тегін емес. Бұл аймақтағы жергілікті халық «Шелектің желі» деп атайтын желдің жылдамдығы секундына 8,1 метрге жетеді. Мұндай көрсеткіш жел электр станциясын салуға әбден жеткілікті дейді мамандар. «Самұрық-Энерго» АҚ «Жобалар портфелін басқару» кеңсесінің жетекшісі Аңсар Айдаровтың деректері бойынша, жел электр энергиясы нысанына инвестиция тарту үшін көрсеткіш 5 м/секундтан жоғары болуы керек. Жергілікті аумақтың әлеуеті зерттелгеннен кейін мамандар нысанның мүмкіндігін барынша пайдаланатын жоба моделін жасаған. Жоба құны 37,4 млрд теңгені құрайды. Мұнара  қалақтарының ұзындығы 64 метр, бұл әзірге республикамыздағы жел қондырғыларының барлығынан да жоғары.  

Мамандар Шелек дәлізінде күн және су электр станцияларын салуға болатынын айтады. Әлемде энергия өндіру үшін бірнеше технологияны қатар – күн, жел, су қуаты нысандарын салу ісі сәтті сынақтан өткен. Сондықтан да Алматы облысының табиғи мүмкіндіктерін пайдалану кеңінен қарастырылып жатыр. Мәселен, алдағы уақытта Шелек өзенінде қуаты 350 МВт су электр станциясының құрылысы салынбақ.

Мамандардың айтуынша, Шелек ЖЭС құрылысын іске қосу парниктік газдар қалдықтарын 206 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жылына 89 тонна шартты отынның орнын алмастырады. ЖЭС-тың іске қосылған бөлігі – жобаның бірінші кезеңі. Келешекте тапсырыс беруші «Самұрық-Энерго» осы учаскедегі жел қондырғыларының қуатын 300  мегаватқа дейін арттырмақшы. Шелек өңірінде мыңдаған жылдар бойы соғып тұрған жел әлі де талай жыл соға беретіні анық.

 Шелек жел электр станциясындағы қондырғылардың ара қашықтығы 500 метр, бұл олардың бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін жасалған. Ал биіктігі – 90 метр. Яғни бір қондырғының қалағын айналдырған жел келесісіне жеткенше қайтадан күш алады. Шелек ЖЭС-інде іске қосылған жел қондырғылары автоматты түрде жұмыс істейді, барлық процеске адамның араласуы қажет емес. 

Әлбетте, облыстағы энергия қуатына сұранысты бір ғана ЖЭС-пен орындау мүмкін емес. Әзірге өңірдегі энергия тапшылығы 2000 мегаватқа жетіп отыр. Жел энергиясы ресурстарының әлеуеті жоғары өңірде ЖЭС  нысандарын салу қоршаған ортаға тигізетін әсерін неғұрлым азайта отырып, электр энергиясына деген тапшылықты ішінара шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы Қазақстан экономикасының соңғы жылдардағы даму қарқынына сәйкес, электр энергиясын тұтыну көлемі жылдан-жылға артып келеді. Электр энергиясына сұраныс өспесе, кемімейтіні анық. Мамандардың айтуынша, дүние жүзінің бірде-бір елінде жасыл энергия нысандары көмірмен, газбен немесе атоммен жұмыс істейтін дәстүрлі электр станцияларын толық алмастыра алмай отыр. Әйтсе де, технологиялар қарыштап дамып жатқан қазіргі заманда халықтың өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін, қоршаған ортаға төнетін қатерді азайтып, оны сақтауға ықпал ететін  «жасыл жобалар» да өрістей бермек.

Дина ИМАМБАЙ

 

1200 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз